Кефаксон
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Кефаксон
Халықаралық патенттелмеген атауы
Цефтриаксон
Дәрілік түрі
Бұлшықет ішіне енгізу үшін ерітінді дайындауға арналған 1.0 г ұнтақ еріткішпен (1% 3.5 мл лидокаин гидрохлоридінің инъекцияға арналған ерітіндісі) жиынтықта
Құрамы
Бір құтының ішінде
белсенді зат –1000.0 мг цефтриаксон (1192.8 мг цефтриаксон натрий тұзы түрінде)
Бір ампула еріткіштің құрамы
белсенді зат – 35.0 мг лидокаин гидрохлориді,
қосымша зат - инъекцияға арналған су
Сипаттамасы
Ақ дерлік түстен сарғыштау түске дейінгі, аздап гигроскопиялы кристалл ұнтақ.
Фармакотерапиялық тобы
Жүйелі қолдануға арналған инфекцияға қарсы препараттар. Бактерияға қарсы бета-лактамды басқа да препаратта. Үшінші буын цефалоспориндері. Цефтриаксон
АТХ коды J01DD04
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
1 г препаратты бұлшықет ішіне бір рет енгізгеннен кейін плазмадағы ең жоғарғы концентрациясы 81 мг/л жуықты құрайды және оған енгізгеннен кейін 2-3 сағат шамасында жетеді. Вена ішіне және бұлшықет ішіне енгізілгеннен кейінгі «плазмадағы концентрациясы – уақыт» қисығы астындағы аудандары бірдей. Бұл, цефтриаксонның бұлшықет ішіне енгізгеннен кейінгі биожетімділігі 100 % құрайтынын білдіреді.
Цефтриаксонның таралу көлемі 7-12 л құрайды.
1-2 г дозада енгізгеннен кейін цефтриаксон организмнің тіндері мен сұйықтықтарына жақсы өтеді. 24 сағаттан астам уақыт ішінде оның концентрациялары инфекциялар қоздырғыштарының көпшілігі үшін 60-тан астам тіндер мен сұйықтықтардағы (соның ішінде, өкпедегі, жүректегі, өт жолдарындағы, бауырдағы, бадамша бездердегі, ортаңғы құлақтағы және мұрынның шырышты қабығындағы, сүйектердегі, сондай-ақ, жұлын-ми, плевра және синовиальді сұйықтықтардағы және қуықасты безі секретіндегі) ең төменгі бәсеңдеткіш концентрациясынан едәуір жоғары болады.
Вена ішіне қолданғаннан кейін цефтриаксон жұлын-ми сұйықтығына жылдам өтіп, ондағы сезімтал микроорганизмдерге қатысты бактерицидті концентрациялары 24 сағат бойы сақталады. Цефтриаксон альбуминмен қайтымды байланысады, және концентрациясы артқан сайын, байланысу дәрежесі азая түседі, мысалы, плазмадағы концентрациясы 100 мг/л аз болған кездегі 95 %-дан 300 мг/л концентрациясы кезінде 85 %-ға дейін төмендейді. Альбуминнің тін сұйықтығындағы концентрациясының аздығы арқасында, ондағы бос цефтриаксонның үлесі плазмадағыға қарағанда жоғарырақ.
Цефтриаксон балаларда, соның ішінде, жаңа туған нәрестелерде мидың қабынған қабықтары арқылы өтеді. Вена ішіне дене салмағына 50-100 мг/кг дозаларда (сәйкесінше, жаңа туған нәрестелер мен балаларға) енгізгеннен кейін 24 сағаттан соң цефтриаксонның жұлын-ми сұйықтығындағы концентрациялары 1.4 мг/л асады. Жұлын-ми сұйықтығындағы ең жоғарғы концентрациясына вена ішіне енгізгеннен кейін шамамен 4 сағаттан соң жетеді және орташа алғанда, 18 мг/л құрайды. Бактериялық менингит кезінде цефтриаксонның жұлын-ми сұйықтығындағы орташа концентрациясы плазмадағы концентрациясының 17 %-ын, асептикалық менингит кезінде – 4 %-ын құрайды. Менингиті бар ересек пациенттерде дене салмағына 50 мг/кг дозасын енгізгеннен кейін 2-24 сағаттан соң, цефтриаксонның жұлын-ми сұйықтығындағы концентрациялары менингиттің ең көп таралған қоздырғыштары үшін ең төменгі бәсеңдеткіш концентрацияларынан бірнеше есе асып түседі.
Цефтриаксон плацентарлық бөгет арқылы өтеді және азғантай концентрацияларда емшек сүтіне түседі.
Цефтриаксон жүйелі метаболизмге ұшырамайды, ішек микрофлорасының әсерінен белсенді емес метаболиттеріне айналады.
Цефтриаксонның плазмадағы жалпы клиренсі 10-22 мл/минутты құрайды. Бүйректік клиренсі 5-12 мл/минутқа тең. Цефтриаксонның 50-60 %-ы өзгеріссіз күйінде несепен, ал 40-50 %-ы - өзгеріссіз күйінде өтпен шығарылады. Цефтриаксонның жартылай шығарылу кезеңі ересектерде 8 сағатқа жуықты құрайды.
Пациенттердің айрықша топтарындағы фармакокинетикасы
Бүйрек немесе бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттер
Цефтриаксонның фармакокинетикасы болар-болмас өзгереді, тек жартылай шығарылу кезеңінің аздап ұзарғаны байқалады. Егер тек бүйрек функциясы бұзылған болса, өтпен шығарылуы жоғарылайды, егер тек бауыр функциясы бұзылған болса, бүйрек арқылы шығарылуы жоғарылайды.
75 жастан асқан пациенттер
75 жастан асқан адамдарда цефтриаксонның жартылай шығарылу кезеңі, жастау ересектерге қарағанда орташа алғанда, екі немесе үш есе жоғары.
Балалар
Жаңа туған балаларда дозасының 70 %-ына жуығы бүйрек арқылы шығарылады. Емшектегі балаларда өмірінің алғашқы 8 күнінде, ересектердегіге қарағанда, орташа алғанда, екі немесе үш есе жоғары.
Фармакодинамикасы
Цефтриаксонның бактерицидтік белсенділігіне жасуша жарғақшалары синтезінің бәсеңдеуі түрткі болады. In vitro цефтриаксонның грамтеріс және грамоң микроорганизмдерге қатысты әсер ету ауқымы кең. Грамоң және грамтеріс бактериялардан өніп шығатын β-лактамазалардың көпшілігіне (пенициллиназаларға да, цефалоспориназаларға да) төзімділігі жоғары.
Цефтриаксон әдетте, келесі микроорганизмдерге қатысты белсенді:
Грамоң аэробтар:
Staphylococcus aureus (метициллинсезімтал), Staphylococci coagulase-negative, Streptococcus pyogenes (ß-гемолиздік, A тобы), Streptococcus agalactiae (ß-гемолиздік, B тобы), ß-гемолиздік стрептококтар (А тобы да, В тобы да емес), Streptococcus viridans, Streptococcus pneumoniae.
Ескертпе. Метициллинтөзімді Staphylococcus spp. цефалоспориндерге, соның ішінде цефтриаксонға резистентті. Әдетте, Enterococcus faecalis, Enterococcus faecium пен Listeria monocytogenes те төзімді.
Грамтеріс аэробтар:
Acinetobacter lwoffi, Acinetobacter anitratus (негізінен, A. baumanii)*, Aeromonas hydrophila, Alcaligenes faecalis, Alcaligenes odorans, алкалигентәрізді бактериялар, Borrelia burgdorferi, Capnocytophaga spp., Citrobacter diversus (C. amalonaticus қоса), Citrobacter freundii*, Escherichia coli Enterobacter aerogenes*, Enterobacter cloacae*, Enterobacter spp. (басқа да)*, Haemophilus ducreyi, Haemophilus influenzae, Haemophilus parainfluenzae, Hafnia alvei, Klebsiella oxytoca, Klebsiella pneumoniae**, Moraxella catarrhalis (бұрынғы Branhamella catarrhalis), Moraxella osloensis, Moraxella spp. (басқа да), Morganella morganii, Neisseria gonorrhoea, Neisseria meningitidis, Pasteurella multocida, Plesiomonas shigelloides, Proteus mirabilis, Proteus penneri*, Proteus vulgaris*, Pseudomonas fluorescens*, Pseudomonas spp. (басқа да)*, Providentia rettgeri*, Providentia spp. (басқа да), Salmonella typhi, Salmonella spp. (сүзектік емес), Serratia marcescens*, Serratia spp. (басқа да)*, Shigella spp., Vibrio spp., Yersinia enterocolitica, Yersinia spp. (басқа да).
* Аталған түрдердің кейбір изоляттары цефтриаксонға, негізінен, хромосомалармен кодталатын лактамазалардың түзілуі салдарынан төзімді.
** Аталған түрлердің кейбір изоляттары плазмид түрткі болған лактамазалардың тұтас бір қатарының түзілуі салдарынан төзімді.
Ескертпе. Жоғарыда көрсетілген микроорганизмдердің көптеген, штамдары аминопенициллиндер мен уреидопенициллиндер, бірінші және екінші буын цефалоспориндері және аминогликозидтер сияқты басқа антибиотиктерге полирезистентті, цефтриаксонға сезімтал.
Treponema pallidum цефтриаксонға in vitro және жануарларға жүргізілген эксперименттерде сезімтал. Клиникалық сынақтар, цефтриаксонның бастапқы және салдарлы мерезге қатысты тиімділігінің жақсы екендігін көрсетеді. Аздаған шектеулілері қоспағанда, P. aeruginosa клиникалық изоляттары цефтриаксонға төзімді.
Анаэробтар:
Bacteroides spp. (өтке сезімтал)*, Clostridium spp. (C. difficile басқа), Fusobacterium nucleatum, Fusobacterium spp. (басқа да), Gaffkia anaerobica (бұрынғы Peptococcus), Peptostreptococcus spp.
* Аталған түрлердің кейбір изоляттары β-лактамазалардың түзілетіндігіне байланысты, цефтриаксонға төзімді.
Ескертпе. β-лактамаза түзетін Bacteroides spp. (атап айтқанда, B. fragilis) штамдарының көпшілігі төзімді. Clostridium difficile де төзімді.
Қолданылуы
Цефтриаксонға сезімтал қоздырғыштардан туындаған инфекциялар:
бактериялық менингитте
ауруханадан тыс пневмонияда
ауруханалық пневмонияда
жедел ортаңғы отитте
құрсақ қуысы ағзаларының инфекцияларында (перитонитте, өт шығару жолдарының және асқазан-ішек жолының инфекцияларында)
бүйрек және несеп шығару жолдарының асқынған инфекцияларында (пиелонефритті қоса)
сүйектер мен буындардың инфекцияларында
жұмсақ тіндер мен терінің асқынған инфекцияларында
созды қоса, гениталий инфекцияларында
мерезде
бактериялық эндокардитте
ересек пациенттердегі өкпенің созылмалы обструкциялық ауруларының қайталануларында
ересек пациенттердегі және 15 күннен асқан жаңа туған нәрестелерді қоса, балалардағы диссеминацияланған Лайм ауруында (аурудың бастапқы және кейінгі сатыларында)
операция алдында инфекциялық асқынулардың профилактикасы үшін
нейтропениясы бар пациенттерде бактериялық инфекцияның болуына күдіктенгенде
cепсисте
Болжамды қоздырғыштарының қатары цефтриаксонның әсер ету ауқымына кірмейтін жағдайларда, Цефтриаксонды бактерияға қарсы басқа препараттармен біріктіріп тағайындау кажет.
Қолдану тәсілі және дозалары
Препараттың дозасы инфекциялық үдерістің ауырлығына, қоздырғыштың сезімталдығына, орналасуы мен типіне, пациенттің бауыр және бүйрек функциясының жай-күйіне тәуелді.
Төменде келтірілген кестелерде көрсетілімдеріне байланысты ұсынылатын жалпы дозалары келтірілген. Жекелеген жағдайларда, ағымы ауыр болған кезде, ұсынылатын анағұрлым жоғары дозаларын тағайындау қажеттілігін қарастыру керек.
Ересектер және 12 жастан асқан балалар (дене салмағы ≥ 50 кг)
Препараттың дозасы* |
Енгізу жиілігі ** |
Көрсетілімдері |
1-2 г |
тәулігіне 1 рет |
Ауруханадан тыс пневмония |
Өкпенің созылмалы обструкциялық ауруларының қайталанулары |
||
Құрсақ қуысы ағзаларының инфекциялары |
||
Бүйрек және несеп шығару жодарының асқынған инфекциялары (пиелонефритті қоса) |
||
2 г |
тәулігіне 1 рет |
Ауруханалық пневмония |
Жұмсақ тіндер мен терінің асқынған инфекциялары |
||
Сүйектер мен буындардың инфекцияларында |
||
2-4 г |
тәулігіне 1 рет |
Нейтропениясы бар пациенттерде қызба кезінде бактериялық инфекцияның болуына күдіктенгенде |
Бактериялық эндокардит |
||
Бактериялық менингит |
* бактериемия расталған жағдайда, ұсынылатын жоғарырақ дозаларын тағайындау қажеттілігін қарастыру керек
** тәулігіне 2 г асатын дозалары тағайындалған жағдайда, препаратты қабылдау жиілігін 2-ге бөлуге болады (әр 12 сағат сайын)
Ересектер мен 12 жастан асқан балаларда (дене салмағы ≥ 50 кг) дозалануының арнайы режимдері:
Жедел ортаңғы отит
Препаратты бұлшықет ішіне 1-2 г дозада бір рет енгізуге болады.
Шектеулі мәліметтер, ауыр инфекция жағдайларында немесе алдыңғы ем сәтсіз болған жағдайда, Кефаксон 3 күн бойы күн сайын 1-2 г дозада бұлшықет ішіне тағайындалған жағдайда тиімді болуы мүмкін екендігін көрсетеді.
Операция алдында инфекциялық асқынулардың профилактикасы үшін
2 г дозада бір рет енгізу ұсынылады.
Соз
Ұсынылатын дозасы – бір рет 500 мг.
Мерез
Ұсынылатын дозасы 10-14 күн бойы тәулігіне 500 мг-ден 1 г дейін, нейромерезде – тәулігіне 2 г дейін құрайды. Нейромерезді қоса, мерез кезіндегі дозалары жөніндегі ұсынымдар шектеулі мәліметтерге негізделген, сондықтан, препаратты тағайындаған кезде жергілікті емдеу стандарттарын басшылыққа алу ұсынылады.
Балалар
Жаңа туған нәрестелер, өмірінің 15 күндігінен бастап сәбилер мен 12 жасқа дейінгі балалар (дене салмағы ˂50 кг)
Дене салмағы 50 кг және одан асатын балаларға ересектерге арналған дозаларын тағайындайды.
Препараттың дозасы* |
Енгізу жиілігі ** |
Көрсетілімдері |
50-80 мг/кг |
тәулігіне 1 рет |
Құрсақ қуысы ағзаларының инфекциялары |
Бүйрек және несеп шығару жолдарының асқынған инфекциялары (пиелонефритті қоса) |
||
Ауруханадан тыс пневмония |
||
Ауруханалық пневмония |
||
50-100 мг/кг (тәуліктік жоғарғы дозасы - 4 г) |
тәулігіне 1 рет |
Жұмсақ тіндер мен терінің асқынған инфекциялары |
Сүйектер мен буындардың инфекциялары |
||
Нейтропениясы бар пациенттердегі қызба кезінде бактериялық инфекцияның болуына күдіктенгенде |
||
80-100 мг/кг (тәуліктік жоғарғы дозасы - 4 г) |
тәулігіне 1 рет |
Бактериялық менингит |
100 мг/кг (тәуліктік жоғарғы дозасы - 4 г) |
тәулігіне 1 рет |
Бактериялық эндокардит |
* бактериемия расталған жағдайда, ұсынылатын жоғарырақ дозаларын тағайындау қажеттілігін қарастыру керек
** тәулігіне 2 г асатын дозалары тағайындалған жағдайда, препаратты қабылдау жиілігін 2-ге бөлуге болады (әр 12 сағат сайын)
Жаңа туған нәрестелерде, өмірінің 15 күндігінен бастап сәбилерде және 12 жасқа дейінгі (дене салмағы ˂50 кг) балалардағы дозалануының арнайы режимдері:
Жедел ортаңғы отит
Препаратты 50 мг/кг дозада бұлшықет ішіне бір рет енгізу ұсынылады.
Шектеулі мәліметтер, ауыр инфекция жағдайларында немесе алдыңғы ем сәтсіз болған жағдайда, Кефаксон 3 күн бойы күн сайын 50 мг/кг дозада бұлшықет ішіне тағайындалған жағдайда тиімді болуы мүмкін екендігін көрсетеді.
Операция алдында инфекциялық асқынулардың профилактикасы үшін
50-80 мг/кг дозада бір рет енгізу ұсынылады.
Мерез
Ұсынылатын дозасы 10-14 күн бойы тәулігіне 75-100 мг/кг (тәулктік жоғары дозасы - 4 г) құрайды. Нейромерезді қоса, мерез кезіндегі дозалары жөніндегі ұсынымдар шектеулі мәліметтерге негізделген, сондықтан, препаратты тағайындаған кезде жергілікті емдеу стандарттарын басшылыққа алу ұсынылады.
Лайм ауруы
14-21 күн бойы тәулігіне бір рет 50-80 мг/кг. Емдеу курсының ұзақтығы ауытқып тұруы мүмкін. Жергілікті емдеу стандарттарын басшылыққа алу ұсынылады.
Жаңа туған нәрестелер (өмірінің 0-14 күндерінде)
Кефаксонды, қоса есептегенде 41 апта мерзімге (гестациялық және хронологиялық жасының қосындысы) дейінгі шала туылған балаларға қолдануға болмайды.
Препараттың дозасы* |
Енгізу жиілігі |
Показания |
20-50 мг/кг |
тәулігіне 1 рет |
Құрсақ қуысы ағзаларының инфекциялары |
Жұмсақ тіндер мен терінің асқынған инфекциялары |
||
Бүйрек және несеп шығару жолдарының асқынған инфекциялары (пиелонефритті қоса) |
||
Ауруханадан тыс пневмония |
||
Ауруханалық пневмония |
||
Сүйектер мен буындардың инфекциялары |
||
Нейтропениясы бар пациенттердегі қызба кезінде бактериялық инфекцияның болуына күдіктенгенде |
||
50 мг/кг |
тәулігіне 1 рет |
Бактериялық менингит |
Бактериялық эндокардит |
* бактериемия расталған жағдайда, ұсынылатын анағұрлым жоғарырақ дозаларын тағайындау қажеттілігін қарастыру керек. Ең жоғарғы тәуліктік дозасын 50 мг/кг асырмау керек.
Жаңа туған (өмірінің 0-14 күніндегі) нәрестелердегі дозалануының арнайы режимдері:
Жедел ортаңғы отит
Препаратты 50 мг/кг дозада бұлшықет ішіне бір рет енгізу ұсынылады. Операция алдында инфекциялық асқынулардың профилактикасы үшін
20-50 мг/кг дозада бір рет енгізу ұсынылады.
Мерез
Ұсынылатын дозасы 10-14 күн бойы тәулігіне 50 мг/кг басталады. Нейромерезді қоса, мерез кезіндегі дозалары жөніндегі ұсынымдар шектеулі мәліметтерге негізделген, сондықтан, препаратты тағайындаған кезде жергілікті емдеу стандарттарын басшылыққа алу ұсынылады.
Емдеу ұзақтығы
Емдеу ұзақтығы инфекциялық аурудың ағымына тәуелді. Барлық антибиотиктермен емдеу кезіндегі жағдайлар сияқты, Кефаксон препаратын енгізуді, температура қалыпқа түскеннен және қоздырғыш эрадикациясы расталғаннан кейін кемінде тағы 48-72 сағат бойы жалғастыру керек.
Егде және кәрілік жастағы пациенттер
Бауыр мен бүйрек функциясының бұзылулары болмаған жағдайда – әдеттегі, ересектерге арналған дозалары, жас шамасына қарай түзетусіз.
Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерде бүйрек функциясының бұзылулары болмаған жағдайда, дозасын азайту қажет емес. Препараттың бауыр функциясының ауыр бұзылулары кезінде қолданылуы туралы мәліметтер жоқ.
Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде бауыр функциясының бұзылулары болмаған жағдайда, дозасын азайту қажет емес. Тек креатинин клиренсі 10 мл/минуттан аз болатын бүйрек жеткілісіздігі жағдайларында ғана, Кефаксон препаратының тәуліктік дозасы 2 г аспауы тиіс.
Диализ жүргізілетін пациенттерге диализден кейін препаратты қосымша енгізу қажет емес. Алайда, дозасын түзетуге қатысты цефтриаксонның сарысудағы концентрациясын бақылап отыру керек, өйткені, мұндай пациенттерде шығарылу жылдамдығы төмендеуі мүмкін. Цефтриаксон перитонеальді диализ немесе гемодиализ кезінде шығарылмайды.
Бүйрек пен бауырдың ауыр жеткіліксіздігі бірлескен жағдайда, цефтриаксонның плазмадағы концентрациясын жүйелі түрде анықтап отыру және қажет болған жағдайда, оның дозасын түзету керек.
Назар аударыңыз! Препаратты дайындағаннан кейін бірден пайдалану қажет.
Дайындалған ерітінділер өзінің физикалық және химиялық тұрақтылығын бөлме температурасында 6 сағат бойы (немесе 2-8 ºC температурада 24 сағат бойы) сақтайды. Концентрациясы мен сақталу ұзақтығына байланысты, ерітінділердің түсі бозғылт-сарыдан янтарь түстеске дейін ауытқып отыруы мүмкін. Ерітіндінің түсі препараттың тиімділігіне немесе көтерімділігіне әсер етпейді.
Бұлшықетішілік инъекциясы үшін 1000 мг Кефаксонды 2 мл, ал 1 г 3.5 мл 1% лидокаин ерітіндісінде ерітеді және жеткілікті дәрежеде үлкен бұлшықетке (бөксеге) терең енгізеді. Бір бұлшықетке 1 г асырмай енгізу ұсынылады.
Құрамында лидокаин бар ерітіндіні вена ішіне енгізуге болмайды.
Лидокаинді халықаралық патенттелмеген атауы «Цефтриаксон» деп аталатын препараттар үшін 15 жасқа дейінгі балаларға еріткіш ретінде пайдалануға тыйым салынады.
Лидокаинді 15 жастан асқан адамдарға еріткіш ретінде пайдаланған жағдайда, лидокаинге теріішілік аллергия сынамасын жасау ұсынылады.
Бұлшықет ішіне енгізуді ірі бұлшықеттерге жүргізу керек, бір бұлшықетке 1 г асырмай енгізу керек. Вена ішіне енгізуге мүмкіндік болмаған немесе пациент үшін бұлшықетішілік енгізу жолы қолайлы болып табылған жағдайларда, цефтриаксон ерітіндісін бұлшықет ішіне енгізу керек. 2 г асатын дозалары үшін вена ішіне енгізу тәсілін пайдалану керек.
Еріткіш ретінде лидокаин пайдаланылса, цефтриаксонның алынған ерітіндісін вена ішіне енгізуге болмайды. Еріткіш ретінде лидокаин пайдаланылған жағдайда, ерітіндіні енгізер алдында пациентте лидокаинді қолдануға қарсы көрсетілімдердің бар-жоқтығын анықтау (лидокаинді қолдану жөніндегі нұсқаулықты қараңыз), сондай-ақ, анамнезіндегі лидокаинге аллергиялық реакцияларды ескеру керек.
Кефаксон препаратының ерітінділерін үйлесімсіз болуы мүмкіндігіне байланысты, құрамында микробқа қарсы басқа препараттар бар ерітінділермен немесе басқа еріткіштермен араластыруға немесе қосуға болмайды.
Операция алдында инфекциялық асқынулардың профилактикасы кезінде препаратты операциялық араласымға дейін 30-90 минут бұрын енгізеді.
Жағымсыз әсерлері
Препаратқа анағұрлым жиі білінетін жағымсыз реакциялар: эозинофилия, лейкопения, тромбоцитопения, диарея, тері бөртпесі және бауыр ферменттері белсенділігінің жоғарылауы болып табылады.
Жағымсыз реакциялардың жиілігін сипаттау үшін, бұл бөлімде келесі жіктеме пайдаланылады: өте жиі (≥ 1/10), жиі (≥ 1/100 - <1/10), жиі емес (≥ 1/1000 - < 1/100), сирек (≥ 1/10000 - <1/1000), жиілігі белгісіз (қолда бар мәліметтердің негізінде анықтау мүмкін емес).
Ағзалар жүйелерінің класы |
Жиі |
Жиі емес |
Сирек |
Жиілігі белгісіз а |
Инфекциялық және паразиттік аурулар |
Жыныс мүшелерінің микоздары |
Жалғанжарғақшалы колит б |
Суперинфекция б |
|
Қан және лимфа жүйесі тарапынан бұзылулар |
Эозинофилия, лейкопения, тромбоцитопения |
Гранулоцитопения, анемия, коагулопатия |
Гемолиздік анемия б, агранулоцитоз |
|
Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар |
Анафилаксиялық шок, анафилаксия реакциялары, аса жоғары сезімталдық реакциялары б |
|||
Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар |
Бас ауыруы, бас айналуы |
Құрысулар |
||
Есту мен тепе-теңдік ағзалары тарапынан бұзылулар |
Вертиго |
|||
Тыныс алу жүйесі, кеуде қуысы ағзалары және көкірекорта тарапынан бұзылулар |
Бронх түйілуі |
|||
Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар |
Диарея б, нәжістің сұйылуы |
Жүрек айнуы, құсу |
Панкреатит б, стоматит, глоссит |
|
Гепатобилиарлық жүйе тарапынан бұзылулар |
Бауыр ферменттері белсенділігінің жоғарылауы |
Өт қалтасында цефтриаксонның кальций тұздары преципитаттарының түзілуіб, гипербилирубинемия |
||
Тері мен теріасты тіндері тарапынан бұзылулар |
Бөртпе |
Прурит |
Есекжем |
Стивенс-Джонсон синдромы б, уытты эпидермалық некролиз б, мультиформалы эритема, жедел жайылған экзантемалық пустулез |
Бүйрек және несеп щығару жолдары тарапынан бұзылулар |
Гематурия, глюкозурия |
Олигурия, несеп шығару жолдарында цефтриаксон преципитаттарының түзілулері |
||
Жалпы бұзылыстар және енгізген жердегі бұзылулар |
Инъекция орнының ауыруы, дене температурасының жоғарылауы |
Ісіну, қалтырау |
||
Зертханалық зерттеулер |
Креатинин деңгейінің жоғарылауы |
Кумбс сынамасының жалған оң нәтижесі б, галактоземияға жасалған сынаманың жалған оң нәтижесі б, несептегі глюкозаны анықтау кезіндегі жалған оң нәтижеб |
а маркетингтен кейінгі есептердің негізінде. Жағымсыз құбылыстардың дамығаны туралы пациенттер өз еріктерімен хабарлаған. Байқалған жағымсыз құбылыстардың жиіліктерін анықтау мүмкін емес, өйткені пациенттер популяциясының нақты көлемін анықтау мүмкін болмаған.
б құбылыстың егжей-тегжейлі сипаттамасын «Айрықша нұсқаулар» бөлімінен қараңыз.
Инфекциялар және инвазиялар
Кефаксон препаратымен емдеу кезінде Clostridium difficile туғызған диарея дамыған жағдайлар тіркелген. Клиникалық көрсетілімдерге сәйкес, сұйықтықтар мен электролиттер енгізілетін сәйкесінше ем тағайындалуы тиіс.
Цефтриаксонның кальций тұзы преципитаттарының түзілуі
Венаішілік Кефаксонды және құрамында кальций бар ерітінділерді қабылдаған жаңа туған нәрестелерге (өмірінің ˂ 28 күніндегі) жүргізілген аутопсия нәтижелері бойынша, өкпе мен бүйректе преципитаттары түзілуінің сирек, ауыр, жекелеген жағдайларда өлімге соқтырған көріністері сипатталды. Преципитаттарының түзілуі қаупінің жоғарылығына қанайналым көлемінің төмендігі және цефтриаксонның жартылай шығарылу кезеңінің ересек пациенттермен сарыстырғанда, ұзағырақ жүретіндігі түрткі болады.
Көбінесе 3 жастан асқан балаларда, бүйректе преципитаттарының түзілгені туралы жоғары дозаларын (мысалы, тәулігіне ≥ 80 мг/кг) немесе 10 г асатын дозаларын тағайындаған кезде, сондай-ақ, қауіп факторлары (сұйықтықтарды енгізуге қарсы көрсетілімдердің болуы, төсек тартып жату режимі) болған жағдайда хабарланған. Преципитаттарының түзілуі қаупі сусыздану және төсек тартып жату режимі кезінде жоғарылайды. Бүйректе преципитаттардың түзілуі симптомсыз жүруі немесе клиникалық тұрғыдан көрініс беруі мүмкін, несепағарлардың обструкциясына және бүйректің постренальді жедел жеткіліксіздігіне әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл жағымсыз құбылыс қайтымды сипатқа ие және препаратпен емдеуді тоқтатқаннан кейін жоғалып кетеді.
Өт қалтасында цефтриаксонның кальций тұздары преципитаттарының түзілуі көбінесе, ұсынылған стандартты дозаларынан жоғары дозаларын қабылдаған пациенттерде байқалған. Өт қалтасында преципитаттарының түзілуі симптомсыз жүруі немесе клиникалық тұрғыдан көрініс беруі (ауырулар, сирек: жүрек айнуы, құсу) мүмкін. Симптоматикалық ем жүргізу ұсынылады. Өт қалтасында преципитаттарының түзілуі қайтымды болып табылады және емдеуді тоқтатқаннан кейін жоғалып кетеді.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
цефтриаксонға, цефалоспориндерге немесе препараттың қосымша заттарының біреуіне жоғары сезімталдық
анамнездегі бактерияға қарсы бета-лактамдық препараттарға (пенициллиндерге, монобактамдар мен карбапенемдерге) аса жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары (мысалы, анафилаксиялық реакциялар)
қоса есептегенде 41 апта (гестациялық және хронологиялық жасының қосындысы) мерзімге дейінгі шала туылған балалар
мерзімі жетіп туылған нәрестелер (≤ 28 күндік):
жаңа туған нәрестелердегі гипербилирубинемия, сарғаю немесе ацидоз, гипоальбуминемия (in vitro зерттеулер, мұндай пациенттерде цефтриаксон билирубинді сарысу альбуминімен байланыстан ығыстырып шығарып, билирубиндік энцефалопатияның дамуы қаупін арттыруы мүмкін екендігін көрсеткен).
цефтриаксонның кальций тұздарының преципитаттары түзілуі қаупіне байланысты, құрамында кальций бар ерітінділерді жаңа туған нәрестелерге вена ішіне енгізу. Құрамында кальций бар ерітінділер тағайындалған немесе ұзаққа созылатын, құрамында кальций бар инфузияларды қоса, құрамында кальций бар ерітінділермен венаішілік емдеу жоспарланған жаңа туған нәрестелер (≤ 28 күндік), мысалы, при парентеральді қоректендіру кезінде
еріткішке – лидокаинге жоғары сезімталдық. Лидокаинді пайдаланып, цефтриаксонның бұлшықетішілік инъекциясын жүргізер алдында, лидокаинді қолдануға қарсы көрсетілімдердің бар-жоқтығын анықтап алу қажет. Лидокаинді қолдануға қарсы көрсетілімдер лидокаинді медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта атап келтірілген. Құрамында лидокаин бар цефтриаксон ерітінділерін вена ішіне енгізуге болмайды.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Кефаксон препаратымен емдеу аясында K дәруменінің антагонистерін қолданғанда қан кету қаупі жоғарылайды. Қанның ұю параметрлерін тұрақты түрде бақылап отыру және қажет болған жағдайда, Кефаксон препаратымен емдеу барысында да, емдеу аяқталғаннан кейін де антикоагулянттың дозасын түзету керек. Аминогликозидтерді цефалоспориндермен қолданғанда, олардың нефроуыттылығының жоғарылауы ықтималдығы туралы қарама-қайшы мәліметтер бар, сондықтан, бүйрек функциясына және қандағы аминогликозидтер концентрациясына мониторинг жүргізу қажет.
In vitro хлорамфеникол мен цефтриаксон арасында антагонизм анықталған. Аталған антагонизмнің клиникалық маңызы белгісіз.
Цефтриаксон мен құрамында кальций бар пероральді препараттардың өзара әрекеттесуі немесе бұлшықет ішіне енгізуге арналған цефтриаксон мен құрамында кальций бар препараттардың (венаішілік немесе пероральді қолдануға арналған) өзара әрекеттесуі туралы хабарламалар түскен жоқ.
Цефтриаксонмен емдеу кезінде Кумбс сынамасының жалған оң нәтижелері байқалуы мүмкін.
Цефтриаксонмен емдеу кезінде, бактерияға қарсы басқа препараттармен емдеудегі сияқты, галактоземияға жүргізілген сынаманың жалған оң нәтижелері болуы мүмкін.
Сонымен қатар, цефтриаксонмен емдеу кезінде несептегі глюкозаны анықтау кезінде де жалған оң нәтижелер болуы мүмкін. Осы себепті глюкозурияны тек ферменттік әдіспен анықтау ұсынылады.
Цефтриаксонның жоғары дозалары мен «ілмектік» диуретиктерді (мысалы, фуросемидті) бір мезгілде қолданғанда, бүйрек функциясының бұзылулары байқалмаған.
Пробенецид цефтриаксонның шығарылуына әсер етпейді.
Цефтриаксон фармацевтикалық тұрғыдан амсакринмен, ванкомицинмен, флуконазолмен және аминогликозидтермен үйлесімсіз.
Құрамында цефтриаксон бар ерітінділерді парентеральді қоректендіруге арналған ертінділерді қоса, құрамында кальций бар ерітінділермен (Рингер ерітіндісі немесе Хартман ерітіндісі), араластыруға немесе бір мезгілде енгізуге болмайды.
Айрықша нұсқаулар
Аса жоғары сезімталдық реакциялары
Басқа бета-лактамдық антибиотиктерді қолданғандағы сияқты, аса жоғары сезімталдықтың ауыр, соның ішінде өлімге соқтырған реакциялары тіркелген. Аса жоғары сезімталдықтың ауыр реакциясы дамыған жағдайда, Кефаксон препаратымен емдеуді дереу тоқтату және сәйкесінше шұғыл емдеу шараларын жүргізу қажет. Кефаксон препаратымен емдеуді бастар алдында пациентте цефтриаксонға, цефалоспориндерге аса жоғары сезімталдық реакциясының немесе басқа бета-лактамдық антибиотиктерге (пенициллиндерге, монобактамдар мен карбапенемдерге) аса жоғары сезімталдықтың ауыр реакциясының байқалған-байқалмағандығын анықтап алу қажет. Цефтриаксонды анамнезінде басқа бета-лактамдық антибиотиктерге (пенициллиндерге, монобактамдар мен карбапенемдерге) аса жоғары сезімталдықтың ауыр емес реакциялары бар пациенттерде қолданғанда сақтық таныту қажет.
Терінің аса жоғары сезімталдық реакциялары (Стивенс-Джонсон синдромы немесе Лайелл синдромы/уытты эпидермалық некролиз) дамыған жағдайлар туралы хабарланған. Мұндай реакциялардың даму жиілігі белгісіз.
Құрамында кальций бар препараттармен өзара әрекеттесуі
Жаңа туған нәрестелердің өкпесі мен бүйрегінде цефтриаксон-кальций преципитаттарының жинақталуы нәтижесінде өлімге соқтырған реакциялар жағдайлары сипатталды.
Жаңа туған нәрестелерден басқа, пациенттердің барлық топтары үшін, физиологиялық ерітінділерді құюлар арасында инфузиялық жүйелер мұқият жуып-шайылған жағдайда, Кефаксон препараты мен құрамында кальций бар ерітінділерді бірінен соң бірін енгізуге болады.
Құрамында кальций бар, парентеральді қоректендіуге арналған ерітінділерді тағайындау қажет болған жағдайда, преципитаттардың түзілуін болдырмау мақсатында, баламалы антибиотикті тағайындау мүмкіндігін қарастыру керек. Парентеральді қоректендірілетін пациенттерге цефтриаксонды енгізу қажет болған жағдайда, Кефаксон препараты мен құрамында кальций бар, парентеральді қоректендіруге арналған ерітінділер венаға енгізудің түрлі жолдарын пайдалана отырып, бір мезгілде енгізіледі. Бұдан өзге, цефтриаксон инфузиясы кезінде құрамында кальций бар, парентеральді қоректендіруге арналған ерітінділерді енгізуді тоқтата тұруға болады.
Балаларда қолданылуы
Кефаксон препаратының жаңа туған нәрестелердегі, емшектегі балалар мен кішкентай балалардағы қауіпсіздігі мен тиімділігі «Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімінде сипатталған дозалары үшін анықталды. Зерттеулер, басқа цефалоспориндер сияқты, цефтриаксон билирубинді сарысу альбуминімен байланыстан ығыстырып шығаруы мүмкін екендігін көрсетті. Кефаксон препаратын жаңа туған, әсіресе шала туылған, билирубиндік энцефалопатияның даму қаупі бар нәрестелерде қолдануға болмайды.
Гемолиздік анемия
Басқа цефалоспориндерді қолданғандағы сияқты, Кефаксон препаратымен емдеу кезінде аутоиммундық гемолиздік анемия дамуы мүмкін. Ересектер мен балаларда ауыр, соның ішінде, өлімге соқтырған гемолиздік анемия жағдайлары тіркелген. Цефтриаксонмен емделіп жүрген пациентте анемия дамыған жағдайда, цефалоспоринмен астасқан анемия диагнозын жоққа шығаруға болмайды және себебі анықталғанша емдеуді тоқтату қажет.
Ұзақ уақыт емдеу
Ұзақ уақыт емдеу кезінде шеткері қан көрінісін, бауыр мен бүйректің функционалдық жай-күйінің көрсеткіштерін жүйелі түрде бақылап отыру қажет.
Колит / Суперинфекциялар
Бактерияға қарсы басқа препараттардың көпшілігін қолданған кездегі сияқты, цефтриаксонмен емдеу кезінде Clostridium difficile (C. difficile) туғызған, ауырлығы әр түрлі: жеңіл диареядан өлімге соқтыратын колитке дейінгі диарея дамыған жағдайлар тіркелген.
Бактерияға қарсы препараттармен емдеу тоқ ішектің қалыпты микрофлорасын бәсеңдетеді және C. Difficile көбеюіне түрткі болады. Өз кезегінде, C. difficile C. Difficile-ден туындайтын диарея патогенезінің факторлары болып табылатын А және B токсиндерін түзеді. Токсиндерді шамадан тыс өндіретін С. difficile штамдары, олардың микробқа қарсы емге төзімді болуы мүмкіндігі салдарынан, асқынулар мен өлім қаупі жоғары инфекциялардың қоздырғыштары болып табылады, ал емі колэктомияны қажет етуі мүмкін. Антибиотикпен емдеуден кейінгі диареясы бар пациенттердің барлығында C. Difficile туғызған диарея дамуы мүмкіндігін есте ұстау қажет. Егжей-тегжейлі анамнезін жинақтау қажет, өйткені, антибиотиктермен емдеуден кейін 2 айдан астам уақыт өткен соң C. difficile туғызған диарея туындаған жағдайлар байқалған.
C. Difficile туғызған диареяға күдіктенген немесе расталған жағдайда, ағымдағы, С.difficile-ге бағытталмаған антибиотикпен емді тоқтату қажет болуы мүмкін. Клиникалық көрсетілімдеріне сәйкес, сұйықтықтар мен электролиттерді, ақуыздарды енгізумен сәйкесінше ем, С. difficile қатысты антибиотикпен емдеу, хирургиялық ем тағайындалуы тиіс. Ішек перистальтикасын тежейтін дәрілік заттарды қолдануға болмайды.
Бактерияға қарсы басқа препараттармен емдеу кезіндегі сияқты, суперинфекциялар дамуы мүмкін.
Бүйрек пен бауырдың ауыр жеткіліксіздігі
Бүйрек пен бауырдың ауыр жеткіліксіздігі жағдайында, препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігіне мұқият мониторинг жүргізу ұсынылады.
Серологиялық зерттеулер
Цефтриаксонмен емдеу кезінде Кумбс сынамасының, галактоземияға жүргізілген сынаманың, несептегі глюкозаны анықтаудың жалған оң нәтижелері байқалуы мүмкін (глюкозурияны тек ферменттік әдіспен анықтау ұсынылады).
Натрий мөлшері
1 г Кефаксон препаратының құрамында 3.6 ммоль натрий бар. Мұны натрий мөлшері бақыланатын диета ұстап жүрген пациенттер ескеруі керек.
Цефтриаксонның әсер ету ауқымы
Цефтриаксонның әсер ету ауқымы шектеулі және патогендік агент идентификацияланған жағдайларда болмаса, бактериялардың кейбір типтеріне қатысты Кефаксон препаратымен монотерапия тиімсіз болуы мүмкін. Цефтриаксонға резистентті штаммдар қатысқан полимикробтық инфекция кезінде Кефаксонды басқа антибиотиктермен бір мезгілде тағайындау керек.
Басқа цефалоспориндерді қолданғандағы сияқты, тіпті, пациентте анамнезінде аллергиялық реакциялар болмаған жағдайларда да, анафилаксиялық, соның ішінде өлімге соқтырған реакциялар, тіркелген.
Басқа цефалоспориндерді қолданғандағы сияқты, Кефаксон препаратымен емдеу кезінде де аутоиммундық гемолиздік анемия дамуы мүмкін. Ересектер мен балаларда ауыр, соның ішінде өлімге соқтырған гемолиздік анемия жағдайлары тіркелген.
Цефтриаксонмен емделіп жүрген пациентте анемия дамыған жағдайда, цефалоспоринмен астасқан анемия диагнозын жоққа шығаруға болмайды және себебі анықталғанша емдеуді тоқтата тұру қажет.
Лидокаин
Құрамында лидокаин бар цефтриаксон ерітінділерін тек бұлшықеи ішіне енгізу керек. Лидокаинді қолдануға болмайтын жағдайлар лидокаинді медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта келтірілген. Лидокаин ерітіндісін вена ішіне енгізуге болмайды.
Өт қалтасында цефтриаксонның кальций тұздары преципитаттарының түзілуі
Цефтриаксонды әдетте, ұсынылған, стандартты дозаларынан асатын дозаларда (тәулігіне 1 г және одан көп) қолданғаннан кейін, өт қалтасын ультрадыбыстық тексеру кезінде цефтриаксонның кальций тұздарының преципитаттары анықталған, олардың түзілу ықтималдығы балалар жасындағы пациенттерде анағұрлым аз. Преципитаттар қандай-да бір симптоматиканы сирек береді және Кефаксон препаратымен емдеу аяқталғаннан немесе тоқтатылғаннан кейін жоғалып кетеді. Егер аталған құбылыстар клиникалық симптоматикасымен қатар жүрсе, дағдылы хирургиялық емес ем ұсынылады, ал препаратты тоқтату туралы шешім қабылдау емдеуші дәрігердің қалауына қалдырылады және пайдасы мен қаупінің жекелей анықталуына негізделуі тиіс.
Панкреатит
Цефтриаксонды қабылдаған пациенттерде, өт жолдарының обструкциясы салдарынан дамуы мүмкін панкреатиттің сирек жағдайлары сипатталған. Аталған пациенттердің көпшілігінде бұған дейін өт жолдарындағы іркілістің қауіп факторлары, мысалы, бұрын жүргізілген ем, ауыр аурулар және толығымен парентеральді тамақтану болған. Сонымен қатар, өт жолдарында цефтриаксонның әсерінен түзілген преципитаттардың панкреатит дамуындағы шешуші рөлін жоққа шығаруға болмайды.
Бүйректе цефтриаксонның кальций тұздары преципитаттарының түзілуі
Бүйректе қайтымды сипатқа ие және препаратпен емдеуді тоқтатқаннан кейін жоғалып кететін преципитаттар түзілген жағдайлар туралы хабарланған. Клиникалық симптомдар пайда болған жағдайда, ультрадыбыстық тексеру жүргізу ұсынылады. Препаратты бүйректе түзілімдері немесе анамнезінде гиперкальциуриясы бар пациенттерге тағайындау пайдасы мен қаупін бағалауды талап етеді.
Жүктілік және лактация кезеңі
Цефтриаксон плацентарлық бөгет арқылы өтеді. Жүктілік кезінде қолданудың қауіпсіздігі анықталмаған. Жүкті әйелдерге препаратты тек, қатаң көрсетілімдері бойынша, анасы үшін күтілетін пайдасы шарана үшін ықтимал қаупінен асып түсетін жағдайда ғана тағайындау керек.
Цефтриаксон емшек сүтіне өтеді. Цефтриаксонды анасы емдік дозаларында қолданған жағдайда, оның емшектегі балаға ықпал ету ықтималдығы аз, дегенмен, балада диареяның, шырышты қабықтардың зеңдік инфекцияларының және аса жоғары сезімталдық реакцияларының даму қаупін жоққа шығаруға болмайды. Емшекпен қоректендірудің бала үшін артықшылықтарын және емдеудің анасы үшін пайдасын ескере отырып, бала емізуді тоқтату немесе цефтриаксонмен емдеуді тоқтату/бас тарта тұру қажет.
Көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Цефтриаксонды қабылдағанда бас айналуының және көлік құралдары мен механизмдерді басқару қабілетіне әсер етуі мүмкін басқа жағымсыз реакциялардың туындауы мүмкіндігіне байланысты сақтық таныту қажет.
Артық дозалануы
Симптомдары: жүрек айнуы, құсу, диарея.
Емі: артық дозаланған жағдайда, гемодиализ бен перитонеальді диализ препараттың концентрациясын төмендетпейді. Арнайы антидоты жоқ. Емі симптоматикалық.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Препарат түссіз шыныдан жасалған, резеңке тығынмен тығындалған, алюминий қалпақшамен және флип-офф қалпақшасымен қаусырылған құтыға салынған.
Түссіз шыныдан жасалған ампулаға 3.5 мл еріткіштен құйылған.
Препараты бар бір құты мен еріткіш құйылған бір ампула медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған қорапшаға салынады.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25 0С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Препараттың дайындалған ерітіндісін бөлме температурасында (25 °C-ден аспайтын) 6 сағат бойы және тоңазытқышта 24 сағат бойы сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші және қаптаушы
Лабораторио Фармацеутико СТ С.р.л.
Виа Данте Алигиери 71-18038, Сан-Ремо, Италия
Тіркеу куәлігінің ұстаушысы
Фармакэр С.р.л.
Виа Маргера 29, 20149, Милан (МИ), Италия
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта):
«Кефар Кеңес Фарма» ЖШС
050016, Алматы қ., Пушкин к-сі, 13 үй, Қазақстан Республикасы Тел./факс: +7 (727) 2710880, e-mail: alla_dj@mail.ru.