Карбамазепин (200 мг, Валента Фармацевтика ОАО)

МНН: Карбамазепин
Производитель: Валента Фарм АО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Carbamazepine
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№013247
Информация о регистрации в РК: 05.09.2019 - 05.09.2024
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 7.46 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Карбамазепин

Халықаралық патенттелмеген атауы

Карбамазепин

Дәрілік түрі

200 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 200 мг карбамазепин

қосымша заттар: картоп крахмалы, микрокристалды целлюлоза, повидон К25, кросповидон А типі, магний стеараты.

Сипаттамасы

Ақ немесе сарғыш реңді ақ түсті, ойығы мен сызығы бар жалпақ цилиндр пішінді таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Эпилепсияға қарсы препараттар. Карбоксамид туындылары. Карбамазепин

АТХ коды N03АF01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңірілуі – баяу, бірақ толық (тамақтану сіңу жылдамдығы мен дәрежесіне елеулі ықпал етпейді). Таблетканы бір рет қабылдағаннан кейін қан плазмасындағы ең жоғары концентрацияға (Cmax) 12 сағаттан соң жетеді. Плазмадағы тепе-тең концентрациясының (Css) басталу уақытына күнделікті қолданған кезде 1-2 аптадан соң жетеді (жету жылдамдығы метаболизмінің жекелей ерекшеліктеріне: бауырдың ферменттік жүйелерінің аутоиндукциясына, бір мезгілде қолданылатын өзге дәрілік заттардың гетероиндукциясына байланысты, сондай-ақ науқастың жағдайына, препарат дозасына және емдеу ұзақтығына байланысты). Емдік ауқымдағы Css мәндерінің айтарлықтай жекешеаралық айырмашылықтары байқалады: науқастардың көпшілігінде бұл мәндер 4-тен 12 мкг/мл (17-50 мкмоль/л) дейін ауытқиды. Карбамазепин-10,11-эпоксид (фармакологиялық тұрғыдан белсенді метаболит) концентрациясы карбамазепин концентрациясының 30%-ға жуығын құрайды. Қан плазмасы ақуыздарымен байланысы балаларда – 55-59%, ересектерде – 70-80%. Болжамды таралу көлемі – 0.8-1.9 л/кг. Жұлын сұйықтығында және сілекейде ақуыздармен байланыспаған препарат мөлшеріне пропорционал концентрациялар түзіледі (20-30%). Плацентарлық бөгет арқылы өтеді. Емшек сүтіндегі концентрациясы плазмадағы осындайдың 25-60%-ын құрайды. Көбінесе негізгі метаболиттері: белсенді - карбамазепин-10,11-эпоксидтің және глюкурон қышқылымен белсенді емес конъюгаттың түзілуімен эпоксидтік жол арқылы бауырда метаболизденеді. Карбамазепиннің карбамазепин-10,11-эпоксидке метаболизмін қамтамасыз ететін негізгі изофермент CYP3A4 цитохромы болып табылады. Осы метаболизмдік реакциялар нәтижесінде сондай-ақ белсенділігі аз метаболит – 9-гидрокси-метил-10-карбамоилакридан да түзіледі. Өзіндік метаболизмін индукциялауы мүмкін. Бауырдағы CYP3A4, CYP3A5 және CYP3A7 изоферменттерінің индукторы болып табылады. Бір реттік пероральді дозасын қабылдағаннан кейінгі жартылай шығарылу кезеңі (T1/2) – 25-65 сағат (орта есеппен 36 сағатқа жуық), емдеу ұзақтығына байланысты қайта қабылдағаннан кейін – 12-24 сағат (бауырдың монооксигеназалық жүйесінің аутоиндукциясы нәтижесінде). Құрысуға қарсы басқа да дәрілік заттарды (монооксигеназалық жүйе индукторлары - фенитоин, фенобарбитал) қосымша қабылдайтын пациенттерде T1/2 – орта есеппен 9-10 сағат. 400 мг карбамазепинді бір реттік ішке қабылдаудан кейін қабылданған дозаның 72%-ы несеппен бірге және 28%-ы нәжіспен бірге шығарылады. Қабылданған дозаның 2%-ға жуығы өзгермеген карбамазепин түрінде, 1%-ға жуығы 10,11-эпоксидтік метаболит түрінде несеппен бірге шығарылады. Балаларда карбамазепиннің жылдамырақ шығарылуы нәтижесінде, ересектермен салыстырғанда, 1 кг дене салмағына шаққанда препараттың едәуір жоғары дозаларын қолдану қажет болады. Егде жастағы пациенттерде (жас ересек адамдармен салыстырғанда) карбамазепин фармакокинетикасының өзгеруін айғақтайтын деректер жоқ. Бүйрек немесе бауыр функцияларының бұзылулары бар пациенттерде карбамазепиннің фармакокинетикасы жөнінде деректер әзірге жоқ.

Фармакодинамикасы

Эпилепсияға қарсы, сондай-ақ нормотимиялық, антиманиакальді, диурезге қарсы (қантсыз диабеті бар науқастарда) және ауыруды басатын әсер беретін (невралгиясы бар науқастарда) дәрі (дибензазепин туындысы).

Әсер ету механизмі потенциал тәуелді Na+-өзектерінің бөгелісімен байланысты болады, бұл нейрондар жарғақшасының тұрақтануына, нейрондардың сериялық разрядтарының пайда болу тежелісіне және импульстердің синапстық өткізгіштігінің төмендеуіне әкеледі. Деполяризацияланған нейрондарда Na+-тәуелді әсер ету потенциалдарының қайта түзілуіне жол бермейді. Глутаматтың қоздырушы нейромедиаторлық амин қышқылының босап шығуын азайтады, құрысу шегінің төмендеуін арттырады және осылайша эпилепсиялық ұстаманың даму қаупін азайтады. K+ үшін өткізгіштікті арттырады, потенциалтәуелді Ca2+-өзектерін түрлендіреді, сондай-ақ препараттың құрысуға қарсы әсеріне түрткі болуы мүмкін. Адамның эпилепсиялық тұрғыда өзгеруін түзетеді және соңында науқастардың тіл табысуға бейімділігін арттырады, олардың әлеуметтік оңалуына ықпал етеді. Негізгі емдік дәрілік зат ретінде және құрысуға қарсы өзге дәрілік заттармен біріктіріп тағайындалуы мүмкін. Салдарлы жайылумен қатар жүретін немесе қатар жүрмейтін фокальді (парциальді) эпилепсиялық ұстамалар (қарапайым және кешенді) кезінде, жайылған тоника-клоникалық эпилепсиялық ұстамалар кезінде, сондай-ақ аталған типтердегі біріктірілімдерде тиімді (әдетте petit mal – кіші ұстамалар, абсанстар мен миоклониялық ұстамалар кезінде тиімсіз). Эпилепсиясы бар пациенттерде (әсіресе, балалар мен жасөспірімдерде) үрейлену және депрессия симптомдарына оң ықпал етуі, сондай-ақ ащушаңдық пен озбырлықтың төмендеуі байқалды. Когнитивтік функцияға әсері мен психомоторлық көрсеткіштері дозаға тәуелді және мейлінше ауытқымалы. Құрысуға қарсы әсер ете бастауы бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін ауытқиды (кейде метаболизм аутоиндукциясының нәтижесінде 1 айға дейін). Үш тармақты жүйкенің эссенциялық және салдарлы невралгиясы кезінде көпшілік жағдайларда ауыру ұстамаларының пайда болуына жол бермейді. Жарақаттанудан соң болатын парестезиялар және герпестен кейінгі невралгиялар, жұлынның семуі кезінде нейрогенді ауыруды жеңілдету үшін тиімді. Үш тармақты жүйке невралгиясында ауырулардың әлсіреуі 8-72 сағаттан соң білінеді. Алкогольдік абстиненция синдромында құрысуға дайындық шегін (әдетте осы жай-күй кезінде төмендейтін) жоғарылатады және синдромның клиникалық көріністерінің (қатты қозу, тремор, жүріс-тұрыстың бұзылуы) айқындылығын азайтады.

Қантсыз диабетпен ауыратын науқастарда су теңгерімін жылдам компенсациялайды, диурезді және шөлдеу сезімін төмендетеді. Психозға қарсы әсері (антиманиакальді) 7-10 күннен соң дамиды, допамин мен норадреналин метаболизмінің бәсеңдеуінен болуы мүмкін.

Қолданылуы

Эпилепсияда (монотерапия немесе кешенді ем құрамында):

- салдарлы жайылатын немесе онсыз күрделі және қарапайым парциальді ұстамаларында (есінен танатын немесе есінен танбайтын);

- жайылған тонико-клоникалық ұстамаларда;

- эпилепсия ұстамаларының аралас түрлерінде.

Жедел маниакальді жағдайларда және клиникалық көріністердің өршуінің алдын алу немесе айқындылығын төмендету мақсатында биполярлық аффектілі бұзылыстарды демеуші емдеуде.

Алкогольдік абстиненция синдромын кешенді емдеуде.

Үш тармақты жүйке невралгиясында (идиопатиялық, жайылған склерозда), тіл-жұтқыншақ жүйкесінің идиопатиялық невралгиясында.

Қолдану тәсілі және дозалары

Препаратты ішке тамақтануға қарамай-ақ аздаған су мөлшерімен ішіп қабылдаған жөн.

Басқа препараттармен дәрілік өзара әрекеттесуін және эпилепсияға қарсы препараттардың фармакокинетикасының ерекшеліктерін ескере отырып, егде жастағы пациенттерге карбамазепин дозасын абайлап таңдаған жөн.

Эпилепсия: мүмкіндігінше, карбамазепинді монотерапия түрінде тағайындаған жөн. Емдеуді аздаған тәуліктік дозадан бастайды, оны оңтайлы әсерге қол жеткізгенше біртіндеп арттырады. Қан плазмасындағы карбамазепиннің ұсынылатын емдік концентрациясы 4-12 мкг/мл (17-50 мкмоль/л) құрайды. Карбамазепиннің эпилепсияға қарсы жүргізіліп жатқан емге қосылуын біртіндеп жүргізген жөн, қажет болған кезде қабылданатын препараттардың дозаларына тиісінше түзету енгізіледі.

Егер пациент препараттың кезекті дозасын дер кезінде қабылдауды ұмытып қалса, өткізіп алған дозаны еске түсіру бойына қабылдаған жөн, мұндайда препараттың дозасын екі еселеп қабылдауға болмайды.

Ересектер үшін бастапқы дозасы тәулігіне 1 немесе 2 рет 100-200 мг-ден құрайды. Содан кейін дозаны оңтайлы емдік әсерге қол жеткізгенше баяу арттырады; әдетте оған тәулігіне 2-3 рет 400 мг дозада қол жеткізіледі. Кейбір науқастарда тәуліктік дозаны 1600 мг-ге немесе 2000 мг-ге дейін арттыру қажет болуы мүмкін.

Үш тармақты немесе тіл-жұтқыншақ жүйкелерінің невралгиясы: бастапқы доза тәулігіне 200-400 мг құрайды, дозаны ауыруы басылғанша тәулігіне 200 мг-ге дейін біртіндеп арттырады (әдетте тәулігіне 3-4 рет 200 мг-дық дозаға дейін). Ең жоғары тәуліктік дозасы – 1200 мг. Клиникалық жақсаруға қол жеткізгеннен кейін дозаны төмендетеді (емдеуді 2 қабылдауға бөлінген, тәулігіне 400 мг құрайтын өте төмен демеуші дозаның жәрдемімен жалғастыруға болады). Егде жастағы науқастарды және сезімталдығы жоғары науқастарды емдегенде бастапқы доза – тәулігіне 2 рет 100 мг.

Алкогольдік абстиненция синдромы: орташа дозасы – тәулігіне 3 рет 200 мг-ден; ауыр жағдайларда алғашқы бірнеше күн ішінде дозаны тәулігіне 3 рет 400 мг-ге дейін арттыруға болады. Емнің бас кезінде алкогольдік абстиненцияның ауыр көріністерінде емге седативтік және ұйықтататын әсер беретін препараттармен (мысалы, клометиазолмен, хлордиазепоксидпен) біріктіріп тағайындау ұсынылады. Жедел фазасын қайтарғаннан кейін, препаратпен емдеу монотерапия түрінде жалғастырылуы мүмкін.

Жедел маниакальді жағдайлар және биполярлы аффектілі бұзылыстарда демеуші ем жүргізу: тәуліктік дозасы - 400-1600 мг. Орташа тәуліктік дозасы – 400-600 мг (2-3 қабылданатын). Жедел маниакальді жағдайда дозаны барынша тез арттырған жөн. Биполярлық аффектілі бұзылыстарға демеуші ем жүргізгенде қолайлы жағымдылығын қамтамасыз ету мақсатында доза аз болуы тиіс, тәуліктік доза біртіндеп арттыралады.

Емдеу курсының ұзақтығы көрсетілімдеріне, емдеудің тиімділігіне, пациенттің емге реакциясына байланысты.

Препарат қабылдауды тоқтату

Препарат қабылдауды күрт тоқтату эпилепсиялық ұстамаларға түрткі болуы мүмкін, сондықтан карбамазепинді 6 ай және одан астам уақыт бойы біртіндеп тоқтату қажет. Егер эпилепсиясы бар пациентте препаратты тоқтату қажет болса, эпилепсияға қарсы басқа дәріге ауысу осындай жағдайларда қолданылатын препаратпен жүзеге асырылуы тиіс.

Балаларда қолданылуы

Карбамазепинді балаларда қолдану үшін негізгі көрсетілім – эпилепсия. Препараттың осы дәрілік түрін 4 жастан асқан балаларда ересектердегі эпилепсия түрін емдеудегідей қолданған жөн. Емдеу тәулігіне 100 мг дозадан басталуы мүмкін; дозаны біртіндеп, аптасына 100 мг-ден асырмай арттырады.

4 жастағы және одан кіші балаларға карбамазепинді басқа дәрілік түрлерде (шырын) қабылдау ұсынылады, 4 жастағы және одан кіші балалар үшін бастапқы доза тәулігіне 20-60 мг құрайды, біртіндеп күнара тәулігіне 20-60 мг-ге арттырылады.

Демеуші дозалар: балалар үшін тәулігіне дене салмағының әр кг шаққанда 10-20 мг есебінен белгілейді (бірнеше қабылдауға).

Сәбидің жасы

Тәуліктік дозасы

4-5 жас

Тәулігіне 200-400 мг

6-10 жас

Тәулігіне 400-600 мг

11-15 жас

Тәулігіне 600-1000 мг

> 15 жас

800-1200 мг (ересектердегідей) для взрослых)

Ең жоғары дозалар: < 6 жастағы балалар үшін тәулігіне 35 мг/кг, 6-15 жаста – тәулігіне 1000 мг, > 15 жаста – тәулігіне 1200 мг құрайды.

Балаларда препаратты басқа көрсетілімдеріне қатысты қолданылатын жеткілікті сенімді ақпарат жоқ болғандықтан, препаратты дозалау режимін сәбидің жасы мен салмағына сәйкес, кестеде көрсетілген дозадан асырмай таңдау ұсынылады.

Жағымсыз әсерлері

Өте жиі (≥1/10)

- бас айналу, атаксия, ұйқысыздық

- аллергиялық дерматит, есекжем, олар едәуір айқын болуы мүмкін

- лейкопения

- жүректің айнуы, құсу

- шаршау

- гамма-глутамилтрансфераза белсенділігінің жоғарылауы (бауырдағы осы ферменттің индукциясы салдарынан), бұның әдетте клиникалық маңызы жоқ

Жиі (≥1/100 - <1/10)

- бас ауыру, диплопия

- тромбоцитопения, эозинофилия

- ауыз ішінің құрғауы

- ісінулер, сұйықтықтың іркілісі, дене салмағының артуы, гипонатриемия және антидиуретикалық гормонның әсеріне ұқсас әсердің салдарынан қан осмолярлығының төмендеуі, бұл сирек жағдайларда летаргиямен, құсумен, бас ауырумен, бағдардан адасумен және неврологиялық бұзылулармен қатар жүретін сулы уыттануға (сұйылту гипонатриемиясы) әкеп соғады

- аккомодацияның бұзылуы (соның ішінде анық көрмеу)

- қандағы сілтілік фосфатаза белсенділігінің жоғарылауы

Жиі емес (≥1/1000 - <1/100)

- аномальді еріксіз қимыл-қозғалыстар (мысалы, тремор, «тынымсыз» тремор /asterixis/, бұлшықет дистониясы, тиктер), нистагм

- эксфолиативтік дерматит

- диарея, іш қату

- трансаминаза белсенділігінің жоғарылауы

Сирек (>1/10000 - <1/1000)

- елестеулер (көру немесе есту), депрессия, мазасыздық, агрессия, ажитация, бағдардан адасу

- дискинезия, көз қимылының бұзылулары, сөйлеудің бұзылулары (мысалы, дизартрия), хореоатетоз, шеткергі невропатия, парестезиялар, парез

- жүйелі қызыл жегі, қышыну

- лейкоцитоз, лимфаденопатия

- іштің ауыруы

- холестатикалық, паренхиматоздық (гепатоцеллюлярлық) немесе аралас типті гепатит, бауырішілік өт жолдарының саны азаятын деструкциясы, сарғаю

- қызбамен, тері бөртпелерімен, васкулитпен, лимфаденопатиямен, лимфомаға ұқсас белгілерімен, артралгиямен, лейкопениямен, эозинофилиямен, гепатоспленомегалиямен және бауыр функциясының өзгерген көрсеткіштерімен бірге баяу типті полиағзалық аса жоғары сезімталдық және бауырішілік өт жолдарының саны азаюымен деструкциясы (аталған көріністер әртүрлі біріктірілімдерде кездеседі). Басқа ағзалар да (мысалы, өкпе, бүйрек, ұйқы безі, миокард, тоқ ішек) қамтылуы мүмкін

- жүрекішілік өткізгіштіктің бұзылулары

- артериялық қысымның жоғарылауы немесе төмендеуі

- фолий қышқылының тапшылығы, тәбеттің төмендеуі

- бұлшықет әлсіздігі

Өте сирек ( <1/10000)

- психоздың күшеюі

- қатерлі нейролептикалық синдром, миоклонуспен және шеткергі эозинофилиямен асептикалық менингит, дисгевзия

- Стивенс-Джонсон синдромы (Азияның кейбір елдерінде «сирек» ретінде жіктелген), уытты эпидермальді некролиз, фотосенсибилизация реакциялары, көп пішінді эритема, түйінді эритема, тері пигментациясының бұзылулары, пурпура, акне, тершеңдік, алопеция, гирсутизм

- агранулоцитоз, апластикалық анемия, панцитопения, анемия, шынайы эритроцитарлық аплазия, мегалобласттық анемия, ретикулоцитоз, гемолитикалық анемия

- глоссит, стоматит, панкреатит

- бауырдың гранулематоздық зақымдануы, бауыр функциясының жеткіліксіздігі

- анафилаксиялық реакция, ангионевроздық ісіну, гипогаммаглобулинемия

- брадикардия, аритмиялар, естен танулармен AV блокада, жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруының өршуі

- коллапс, тромбофлебит, тромбоэмболиялар (мысалы, өкпе артериясының тромбоэмболиясы)

- галакторея, гинекомастия

- жедел порфирия (жедел интерметтирлеуші порфирия және аралас порфирия), жедел емес порфирия (кешеуілдеген тері порфириясы)

- тубулоинтерстициальді нефрит, бүйрек функциясының жеткіліксіздігі, бүйрек функциясының бұзылуы (мысалы, альбуминурия, гематурия, олигурия, мочевинаның жоғарылауы/азотемия), несептің жиі бөлініп шығуы, несеп іркілісі, жыныс функциясының бұзылысы/эректильді дисфункция, сперматогенездің бұзылулары (сперматозоидтар мөлшерінің және олардың қозғалғыштығының азаюы)

- көз бұршағының бұлыңғырлануы, конъюнктивит

- есту бұзылыстары, соның ішінде құлақтың шыңылдауы, гиперакузия, гипоакузия, дыбыс күшін қабылдаудың өзгерулері

- сүйек метаболизмінің бұзылуы (қан плазмасында кальций және 25-гидроксихолекальциферол мөлшерінің остеомаляцияға/остеопорозға әкеп соғатын төмендеуі), артралгиялар, миалгия және бұлшықеттің түйілулері

- қызбамен, ентігумен, пневмонитпен немесе пневмониямен сипатталатын аса жоғары сезімталдық реакциялары

- көзішілік қысымның жоғарылауы, тығыздығы жоғары липопротеидтер холестеринін қоса, холестериннің және триглицеридтер концентрацияларының жоғарылауы, қалқанша без функциялары көрсеткіштерінің өзгерулері – тироксин (бос және байланысқан фракциялар) және трийодтиронин концентрацияларының төмендеуі және тиреотроптық гормон концентрацияларының жоғарылауы, бұл әдетте клиникалық көріністермен қатар жүрмейді, қан сарысуында пролактин концентрацияларының жоғарылауы

Жиілігі белгісіз (постмаркетингтік бақылау деректері бойынша жағымсыз құбылыстар)

- 6 типті қарапайым герпес вирусының реактивациясы

- сүйек кемігі функциясының жеткіліксіздігі

- седация, жадының бұзылуы

- колит

- эозинофилиямен және жүйелік көріністермен дәрілік бөртпе

- жедел жайылған экзентематоздық пустулез, лихеноидтық кератоз, онихомадезис

- сынулар

- сүйек тіні тығыздығының төмендеуі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- препараттың кез келген компонентіне немесе химиялық тұрғыдан ұқсас дәрілік препараттарға (үшциклдік антидепрессанттар) аса жоғары сезімталдық

- анамнезде сүйек кемігінде қан түзілуінің бәсеңдеуі

- бауыр порфириясы

- атриовентрикулярлық блокада

- моно-аминоксидаза (МАО) тежегіштерін бір мезгілде қабылдау және оларды тоқтатқаннан кейін екі апта ішінде

- 4 жасқа дейінгі балалар

- бала емізу кезеңі

Сақтықпен:

Лейкоциттер немесе тромбоциттер саны төмен болғанда; абсансты қоса, эпилепсия ұстамаларының аралас түрлерінде; егде жаста; жүрек, бауыр немесе бүйрек функцияларының жеткіліксіздігінде; көзішілік қысым жоғарылағанда; сұйылту гипонатриемиясында, гипотиреозда; қуықасты безінің гиперплазиясында сақтықпен қолданған жөн.

Дәрілермен өзара әрекететсуі

Р4503А4 (CYP3A4) цитохромының изоферменті карбамазепин-10,11-эпоксидтің (белсенді метаболиттің) түзілуін қамтамасыз ететін негізгі фермент болып табылады. Карбамазепинді CYP3A4 изоферментінің тежегіштерімен бір мезгілде қолдану оның плазмадағы концентрациясының жоғарылауына әкеп соғуы мүмкін, ол өз кезегінде, жағымсыз реакцияларды туындатуы мүмкін. CYP3A4 изоферментінің индукторларын бірге қолдану карбамазепин метаболизмінің жылдамдауына және, осылайша, оның плазмадағы концентрациясының төмендеуіне және, демек, емдік әсері айқындылығының ықтимал азаюына әкелуі мүмкін. Бір мезгілде қабылданатын CYP3A4 изоферментін тоқтату карбамазепин биотрансформациясының жылдамдығын төмендетуі және, осының салдары ретінде, қан плазмасында оның концентрациясының жоғарылауына әкелуі мүмкін.

Карбамазепин CYP3A4 изоферментінің және алғашқы және екінші фазаның ферменттік бауырлық жүйесінің күшті индукторы болып табылады және CYP3A4 изоферментімен метаболизденетін препараттармен бір мезгілде қолданғанда олардың метаболизмінің индукциясын туындатуы және плазмадағы концентрацияларын төмендетуі мүмкін.

Карбамазепин-10,11-эпоксидтің карбамазепин-10,11-трансдиолға айналуы эпоксидгидролазаның микросомальді ферментінің жәрдемімен жүретін болғандықтан, препаратты эпоксидгидролаза тежегіштерімен бірге қолдану қан плазмасында карбамазепин-10,11-эпоксид концентрациясының жоғарылауына әкеп соғуы мүмкін.

Қан плазмасында карбамазепин концентрациясын арттыруы мүмкін препараттар: ауыруды басатын және қабынуға қарсы стероидтық емес дәрілік заттар: декстропропоксифен, ибупрофен; ісікке қарсы дәрілер (андрогендер): даназол; макролидтік антибиотиктер: эритромицин, тролеандомицин, джозамицин, кларитромицин; антидепрессанттар: дезипрамин, флуоксетин, флувоксамин, нефазодон, пароксетин, тразодон, вилоксазин болуы мүмкін; эпилепсияға қарсы дәрілер: стирипентол, вигабатрин; зеңге қарсы дәрілер: азол туындылары (мысалы, итраконазол, кетоконазол, флуконазол, вориконазол); H1-гистаминдік рецепторларының блокаторлары: лоратадин, терфенадин; психозға қарсы дәрілер (нейролептиктер): оланзапин; туберкулезге қарсы дәрілер: изониазид; вирусқа қарсы дәрілер:

АИТВ-инфекцияларды емдеуге арналған АИТВ протеаза тежегіштері (мысалы, ритонавир); глаукомаға қарсы дәрілер (карбоангидраза тежегіштері): ацетазоламид; гипотензивтік дәрілер («баяу» кальций өзектерінің блокаторлары): верапамил, дилтиазем; ойық жараға қарсы дәрілер (протонды сорғы тежегіштері, Н2-гистаминдік рецепторлар блокаторлары): омепразол, циметидин; миорелаксанттар: оксибутинин, дантролен; антиагреганттық дәрілер: тиклопидин; басқа дәрілік заттар және тағамды қоспалар: грейпфрут шырыны, никотинамид (ересектерде тек жоғары дозаларда).

Қан плазмасында карбамазепин деңгейінің жоғарылауы жағымсыз реакциялардың пайда болуына (мысалы, бас айналуға, ұйқышылдыққа, атаксияға, диплопияға) әкелуі мүмкін болғандықтан, мұндай жағдайларда препарат дозасын түзету және/немесе қан плазмасындағы карбамазепиннің концентрациясын жүйелі анықтаған жөн.

Қан плазмасында карбамазепин-10,11-эпоксидтің концентрациясын арттыруы мүмкін препараттар: локсапин, кветиапин, примидон, прогабид, вальпрой қышқылы, валноктамид және вальпромид.

Қан плазмасында карбамазепин-10,11-эпоксид деңгейінің жоғарылауы жағымсыз реакциялардың пайда болуына (мысалы, бас айналуға, ұйқышылдыққа, атаксияға, диплопияға) әкелуі мүмкін болғандықтан, мұндай жағдайларда препарат дозасын түзету және/немесе қан плазмасындағы карбамазепин-10,11-эпоксидтің концентрациясын жүйелі анықтаған жөн.

Қан плазмасында карбамазепин концентрациясын төмендетуі мүмкін препараттар: эпилепсияға қарсы препараттар: фелбамат, мезуксимид, окскарбазепин, фенобарбитал, фенсуксимид, фенитоин және фосфенитоин, примидон және, сондай-ақ клоназепам болуы мүмкін; ісікке қарсы дәрілер: цисплатин немесе доксорубицин; туберкулезге қарсы дәрілер: рифампицин; бронхты кеңейтетін дәрілер: теофиллин, аминофиллин; безеу бөртпелерді емдеуге арналған дәрі (ретиноидтар): изотретиноин; басқа да дәрілік заттар және тағамдық қоспалар: құрамында шілтерлі шайқурай бар өсімдік препараттары.

Жоғарыда көрсетілген препараттармен бр мезгілде қолданғанда карбамазепин дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Қатар жүретін ем ретінде қолданылатын препараттардың плазмадағы концентрациясына карбамазепиннің ықпалы. Карбамазепинмен бірге қолданғанда плазмадағы концентрациялар төмендеуі, кейбір препараттардың әсері азаюы немесе тіпті толық тоқтауы мүмкін. Карбамазепинмен бір мезгілде қолданғанда келесі препараттардың дозаларын түзету қажет болуы мүмкін: ауыруды басатын және қабынуға қарсы стероидтық емес дәрілер: бупренорфин, метадон, парацетамол, феназон, трамадол; тетрациклин тобының антибиотиктері: доксициклин; пероральді антикоагулянттар: варфарин, фенпрокумон, дикумарол және аценокумарол; антидепрессанттар: бупропион, циталопрам, миансерин, нефазодон, сертралин, тразодон, үшциклдік антидепрессанттар (имипрамин, амитриптилин, нортриптилин, кломипрамин); эпилепсияға қарсы дәрілер: клобазам, клоназепам, этосуксимид, фелбамат, ламотриджин, окскарбазепин, примидон, тиагабин, топирамат, вальпрой қышқылы, зонисамид; зеңге қарсы дәрілер: итраконазол; гельминттерге қарсы дәрілер: празиквантел; ісікке қарсы дәрілер: иматиниб; психозға қарсы дәрілер (нейролептиктер): клозапин, галоперидол, бромперидол, оланзапин, кветиапин, рисперидон, зипрасидон; вирусқа қарсы дәрілер: АИТВ-инфекцияларын емдеу үшін қолданылатын АИТВ протеаза тежегіштері (индинавир, ритонавир, саквинавир); анксиолитикалық дәрілер: алпразолам, мидазом; бронхты кеңейтетін дәрілер: теофиллин; контрацептивтік дәрілер: пероральді контрацептивтік дәрілер (контрацепцияның баламалы әдістерін таңдау қажет); гипотензивтік дәрілер (дигидропиридиндер тобының «баяу» кальций өзектерінің блокаторлары): фелодипин; жүрек гликозидтері: дигоксин; глюкокортикостероидтар: преднизолон, дексаметазон; иммунодепрессивтік дәрілер: циклоспорин, эверолимус; қалқанша без ауруларын емделуге арналған дәрілер: левотироксин; басқа да дәрілік заттар және тағамдық қоспалар: құрамында эстрогендер және/немесе прогестерон бар препараттар.

Әйелдерде пероральді контрацептивтерді бір мезгілде қолданған жағдайларда етеккірлер арасындағы кезеңде қан кетулер пайда болуы мүмкін. Препарат микросомальді әсерлердің индукциялануы салдарынан пероральді контрацептивтік препараттардың емдік әсерлерін төмендетуі мүмкін.

Карбамазепинді қабылдау аясында плазмада фенитоин концентрациясы жоғарылауы да, сонымен қатар төмендеуі де, ал мефенитоин концентрациясы жоғарылауы (сирек жағдайларда) мүмкін екендігі жөнінде мәлімдемелер бар.

Фенитоинмен уыттануға және карбамазепиннің субтерапиялық концентрацияларының пайда болуына жол бермеу үшін фенитоиннің ұсынылған плазмалық концентрациясы емдеуге карбамазепинді қосқанға дейін 13 мкг/мл-ден аспауы тиіс.

Көңіл бөлу керек біріктірілімдер. Карбамазепинмен бір мезгілде қолданған жағдайда изониазидпен туындаған гепатоуыттылық күшеюі мүмкін.

Леветирацетаммен бір мезгілде қолданған жағдайда карбамазепиннің уыттылық әсері күшеюі мүмкін.

Карбамазепинді және литийді немесе метоклопрамидті, сондай-ақ карбамазепинді және нейролептикалық дәрілерді (галоперидолды, тиоридазинді) біріктіріп қолдану жағымсыз неврологиялық реакциялар жиілігінің жоғарылауына әкеп соғуы мүмкін (соңғы біріктірілім жағдайында – тіпті қан плазмасында белсенді заттардың емдік концентрацияларында).

Карбамазепин парацетамолмен бір мезгілде қолданылғанда оның бауырға уытты әсер ету қаупін арттырады және емдік тиімділігін төмендетеді (парацетамолдың метаболизмі жылдамдайды).

Карбамазепинді фенотиазин туындыларымен, пимозидпен, тиоксантен туындыларымен, молиндонмен, галоперидолмен, мапротилинмен, клозапинмен және үшциклдік антидепрессанттармен бір мезгілде қолдану орталық жүйке жүйесінің бәсеңдеткіш әсерінің күшеюіне және карбамазепиннің құрысуға қарсы әсерінің әлсіреуіне әкеледі.

МАО тежегіштері гиперпиретикалық криздердің, гипертониялық криздердің, құрысулардың, өліммен аяқталудың даму қаупін арттырады (карбамазепинді тағайындар алдында моноаминоксидаза тежегіштері ең кемінде 2 апта ішінде, егер клиникалық жағдай мүмкіндік берсе, тіпті үлкен мерзімге тоқтатылуы тиіс).

Диуретиктермен (гидрохлоротиазид, фуросемид) бір мезгілде қолдану клиникалық көріністермен қатар жүретін гипонатриемияға әкеп соғуы мүмкін.

Карбамазепин деполяризацияланбайтын миорелаксанттардың (мысалы, панкуроний бромиді) әсеріне қарама-қайшылық танытуы мүмкін. Осындай біріктірілімді қолданған кезде миорелаксанттардың дозасын арттыру қажеттілігі туындауы мүмкін, олардың әсер етуі өте тез тоқтайтын болғандықтан, мұндайда пациентті мұқият бақылау қажет.

Этанолдың жағымдылығын төмендетеді.

Әсері тікелей емес антикоагулянттардың, гормональді контрацептивтік дәрілік заттардың, фолий қышқылының, празиквантелдің метаболизмін жылдамдатады, қалқанша без гормондарының элиминациясын күшейтуі мүмкін.

Жалпы анестезияға арналған дәрілік заттардың (энфлуранның, галотанның, фторотанның) метаболизмін жылдамдатып, гепатоуыттық әсерлер қаупін арттырады; метоксифлуранның нефроуыттылық метаболиттерінің түзілуін күшейтеді.

Серологиялық реакциялармен өзара әрекеттесуі

Карбамазепин перфеназиннің концентрациясын жоғары тиімділіктегі сұйықтық хроматографиясы әдісімен анықтауда жалғаноң нәтижеге әкеп соғуы мүмкін.

Карбамазепин және карбамазепин 10,11-эпоксиді үшциклдік антидепрессант концентрациясын поляризациялық флюоресценттік иммуноталдау әдісімен анықтауда жалғаноң нәтижеге әкелуі мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Абсанс пен миоклоникалық ұстамаларды қоса, эпилепсиялық ұстамалардың аралас түрлері бар пациенттер

Препарат абсанстарда (petit mal) және миоклоникалық ұстамаларда тиімді емес. Эпилепсиялық ұстамалардың аралас түрлері бар пациенттерде препарат сақтықпен қолданылуы және тек үнемі медициналық бақылау жүзеге асырылған жағдайда ғана (ұстамалардың күшеюі мүмкін болғандықтан) қолданылуы тиіс. Ұстамалар күшейген жағдайда препаратты қолдануды тоқтатқан жөн.

Тромбоциттер және лейкоциттер санының төмендеуі

Препаратты әртүрлі жиілікпен қолдану кезінде тромбоциттер және лейкоциттер санының өткінші немесе тұрақты төмендеуі байқалады. Алайда көптеген жағдайларда бұл құбылыстар өткінші және әдетте апластикалық анемияның немесе агранулоцитоздың басталуының ізашары болып табылмайды. Емдеуді бастар алдында, сондай-ақ емдеу үдерісінде мезгіл-мезгіл, тромбоциттер санын және, мүмкін ретикулоциттерді де, сондай-ақ қан сарысуында темір концентрациясын есептеуді қоса, қанға клиникалық талдау жүргізген жөн.

Гематологиялық бұзылуларға тән болуы мүмкін уыттылықтың ерте белгілері, сондай-ақ тері жабындары және бауыр тарапынан болатын симптомдар жөнінде ақпаратты пациенттерге жеткізу қажет.

Пациентті қызба, тамақтың ауыруы, бөртпе, ауыз қуысындағы ойық жара, қанталаулардың себепсіз пайда болуы, теңбіл жолақтар немесе пурпуралар түріндегі геморрагиялар сияқты жағымсыз реакциялар пайда болған жағдайда дәрігерге дереу қаралу керектігінен хабардар етеді.

Емдеу кезінде лейкоциттер немесе тромбоциттер санының азайғаны (немесе олардың азаюға беталысы) білінген жағдайларда пациенттің жағдайын және қанның толық клиникалық талдау көрсеткіштерін мұқият қадағалаған жөн. Егер сүйек кемігінің едәуір бәсеңдеу белгілері байқалса, препаратты қолдану тоқтатылуы тиіс.

Дерматологиялық реакциялар

Карбамазепинді қолданған кезде, Стивенс-Джонсон синдромын және уытты эпидермальді некролизді (Лайелл синдромын) қоса, ауыр дерматологиялық реакциялар көбіне еуропалық тұрғындары бар елдерде карбамазепинді алғаш қабылдаған 10000 адамда шамамен 1-6 жағдай дамыған. Препаратты, егер Стивенс-Джонсон синдромының немесе Лайелл синдромының дамуын шамамен айғақтайтын белгілер мен симптомдар байқалса, дереу тоқтатқан жөн.

Ауыр тері реакциялары (бірқатар жағдайларда пациенттің өміріне қауіп төндіретін) дамыған жағдайда, пациент ауруханаға жатқызылуы тиіс. Көптеген жағдайларда Стивенс-Джонсон синдромы және Лайелл синдромы препаратпен емдеудің алғашқы айларында дамыды.

Жапон ұлтының пациенттерінде және Солтүстік Еуропа тұрғындарында жүргізілген ретроспективтік зерттеу деректері адамның лейкоцитарлық антигені (HLA) генінің HLA-А*3101 аллелі бар адамдарда терінің ауыр зақымданулары (Стивенс-Джонсон синдромы, Лайелл синдромы, эозинофилиясы және жүйелік көріністері бар дәрілік бөртпе, жедел жайылған экзантематозды пустулез және дақты-түйінді бөртпе) мен карбамазепинді қолдану арасында байланыстың бар екендігін көрсетті.

Әртүрлі этникалық топтарда адамның лейкоцитарлық антигені (HLA) генінің HLA-А*3101 аллелінің жиілігінде айырмашылықтар болуы мүмкін. Аллель жиілігі Еуропа, Австралия, Азия, Африка және Солтүстік Америка тұрғындарының 5%-дан азын құрайды, жоққа шығарылуы 5%-дан 12%-ды құрайды. Оңтүстік Американың (Аргентина және Бразилия) кейбір этникалық топтарында, Солтүстік Американың түпкілікті тұрғындарында (Навахо және Сиокс тайпалары, Мексикада – Санора Сери), Оңтүстік Үндістанда (Тамил Наду) 15%-дан астам жиілік, және осы өңірлердегі түпкілікті басқа тұрғындар арасында 10-15% жиілік байқалды.

Карбамазепинді HLA-А*3101 аллелі болуы мүмкін адамдарға (мысалы, ұлты жапондық пациенттерге, еуропалықтарға, Американың түпкілікті тұрғындарына, латынамерикалықтарға, Үндістанның оңтүстігіндегі халықтарға және арабтарға) тағайындағанда осы аллель бойынша генотиптеу жүргізу ұсынылады. Препаратты осы аллель бар адамдарға, егер емдеудің пайдасы ықтимал қаупінен басым болған жағдайда ғана, тағайындаған жөн.

Карбамазепинді қабылдап жүрген пациенттерге осы аллель бойынша генотиптеу жүргізу ұсынылмайды, өйткені ауыр тері реакциялары көптеген жағдайларда препаратты қолданудың алғашқы айларында (HLA-А*3101 болуына тәуелсіз) байқалды.

Қытай ұлтының пациенттерінде препаратты қолдануды ретроспективтік талдау деректері бойынша Стивенс-Джонсон синдромының және Лайелл синдромының даму жиілігі мен пациенттің геномында адамның лейкоцитарлық антигені (HLA) генінің аллелі HLA-В*1502 болуының арасында өзара байланыс бар.

Көбіне HLA-В*1502 аллелінің таралуы байқалатын Азиаттық өңір елдеріндегі (Таиланд, Малайзия, Филиппин) пациенттерге карбамазепинді қолданғанда (градациясы «өте сиректен» (<1/10000) «сирекке» (>1/10000 - <1/1000) дейін), Стивенс-Джонсон синдромы мен Лайелл синдромын қоса, ауыр дерматологиялық реакциялардың даму жиілігінің жоғарылауы байқалды. HLA-B*1502 аллелінің таралу жиілігі: Филиппиндерде, Таиландта, Гонконгте және Малайзияда - 15%-дан астам, Тайванда - 10%, Солтүстік Қытайда - 4%, Оңтүстік Азияда (Үндістанды қоса) - 2-4%, Жапонияда және Кореяда - 1%-дан аз. Осы алллельдің таралуы европалық, негроидтық және америкалық (латынамерикандықтар және үндістер) нәсілді адамдарда мардымсыз.

Карбамазепинді HLA-B*1502 аллелінің ықтимал тасымалдаушыларына (мысалы, қытай ұлтының адамдарына) тағайындағанда осы аллель бойынша генотиптеу жүргізу ұсынылады. Осы аллельді тасымалдаушыларға препаратты, егер емдеудің пайдасы ықтимал қаупінен басым болған жағдайда ғана, тағайындау керек. Еуропалық, негроидтық және американдық нәсілді адамдарда карбамазепинді тағайындар алдында HLA-B*1502 аллелі бойынша генотиптеу жүргізу міндетті емес.

Карбамазепинмен ем қабылдап жүрген пациенттерге осы аллель бойынша генотиптеу жүргізу ұсынылмайды, өйткені ауыр тері реакциялары көп жағдайларда препаратты қолданудың алғашқы айларында байқалды (HLA-B*1502 аллельдің болуына қарамастан).

HLA-B*1502 аллелі бар пациенттердің табылуы және мұндай пациенттерге карбамазепиннің тағайындалмауы карбамазин-индукциялаған Стивенс-Джонсон синдромы немесе Лайелл синдромы жағдайларын төмендеткені көрсетілді.

Алайда генотиптеу нәтижелері пациенттің жағдайын бақылау дәрежесіне дәрігердің ауыр тері реакцияларға қатысты қырағылығына ықпалын тигізбеуі тиіс. Осы аллель теріс болатын пациенттерде терінің ауыр зақымдануларының дамуы мүмкін. Сондай-ақ көп жағдайларда HLA-B*1502 және HLA-А*3101 аллельдері оң пациенттерде карбамазепинді қолданғанда ауыр тері синдромдарының дамуы байқалған жоқ.

Құрысуға қарсы дәрілік заттар, пациенттердің комплаенттілігі, басқа препараттармен бір мезгілде емдеу, қатар жүретін аурулар немесе дерматологиялық реакциялардың бақылану деңгейі сияқты басқа да факторлардың ауыр тері реакцияларының дамуына ықпалы анықталған жоқ.

Әлсіз білінетін тері реакциялары, мысалы, оқшауланған макулярлық немесе макулопапулездк экзантема, көптеген жағдайларда транзиторлық немесе ауыр емес болып табылады, әдетте емдеуді жалғастырғанда немесе препарат дозасын төмендеткеннен кейін бірнеше күн немесе апта ішінде қайтады. Дегенмен, ауыр тері реакцияларының ерте көріністері мен әлсіз білінетін өткінші тері бөртпелері арасын дифференциальді диагностикалау қиын болғандықтан, кез келген тері реакциясы дамыған кезде пациент дәрігердің бақылауында болуы тиіс (пациенттің жағдайы нашарлаған жағдайларда препаратты дер кезінде тоқтату мақсатында).

Геномында HLA-А*3101 аллелінің болуы мен азырақ ауыр тері реакцияларының (антиконвульсанттарға аса жоғары сезімталдық реакциялары немесе ауыр емес макулездік экзантема сияқты) дамуы арасында өзара байланыс бар, HLA-B*1502 аллелі үшін мұндай өзара байланысы анықталған жоқ.

Аса жоғары сезімталдық реакциялары

Препаратқа аса жоғары сезімталдық дамыған кезде пациенттерде терінің, бауырдың, қан айналым мен лимфа жүйелерінің немесе басқа да ағзалардың жекелей, сонымен қатар олардың бірігіп зақымданулары байқалуы мүмкін, мұны жүйелік реакция ретінде қарастырған жөн.

Препаратқа аса жоғары сезімталдық көріністері және симптомдары дамыған жағдайда оны дереу тоқтатқан жөн.

Карбамазепинге белгілі сезімталдығы бар пациенттерді окскарбазепинге 25-30% жағдайда жоғары сезімталдық реакциялары дамуы мүмкін екендігінен хабардар еткен жөн.

Жоғары сезімталдықтың айқаспалы реакциясы сондай-ақ карбамазепин мен фенитоин арасында да кездеседі.

Гипонатриемия

Гипонатриемияның дамуы карбамазепинді қолданумен астасқан. Қан сарысуында натрий мөлшерінің төмен болуымен байланысты бүйрек зақымданулары бар пациенттерде, немесе натрий мөлшерін төмендететін дәрілік заттармен (мысалы, диуретиктер, диурезге қарсы гормон секрециясына ықпал ететін дәрілік заттар) бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерде карбамазепинмен емдеуді бастағанға дейін натрийдің сарысуылқ мөлшері анықталуы тиіс. Осыдан кейін натрий мөлшерін шамамен екі аптадан соң, ал содан кейін емнің алғашқы үш айында ай сайын, немесе клиникалық қажеттілігіне қарай, анықтаған жөн. Бұл қауіп факторлары егде жастағы пациенттерде аса жиі кездеседі. Егер гипонатриемия байқалса, суды шектеу клиникалық көрсетілімдері бар болған кезде жағдайды анықтау үшін маңызды критерий болып табылады.

Гипотиреоз

Карбамазепин қалқанша без гормондарының концентрацияларын ферменттерді индукциялау жолымен төмендетуі мүмкін, ол гипотиреозы бар пациенттерде орнын басу емі үшін қолданылатын препараттардың дозасын арттыруды қажет етеді. Пациенттердің осы категорияларында орын басу емінің дозаларын таңдау үшін қалқанша без функциясына мониторинг қажет.

Бауыр функциясының бұзылулары

Препаратты тағайындар алдында және емдеу үдерісінде, әсіресе сыртартқысында бауыр аурулары жөнінде мәліметтер бар пациенттерде, сондай-ақ егде жастағы пациенттерде бауыр функциясын зерттеу қажет. Бұрыннан бар бауыр функциясының бұзылулары күшейген жағдайда немесе бауырдың белсенді ауруы пайда болғанда препарат қабылдауды дереу тоқтатқан жөн.

Бүйрек функциясының бұзылулары

Препаратпен емдеуді бастар алдында және емдеу үдерісінде мезгіл-мезгіл несептің жалпы талдауын және қандағы мочевина деңгейлерін тексеру ұсынылады.

М-холинобөгейтін белсенділік

Препараттың әлсіз антихолинергиялық белсенділігі бар. Сондықтан препаратты көзішілік қысымы жоғарылаған және несеп іркілісі бар пациенттерде қолданған жағдайда осы көрсеткіштерді ұдайы тексеру қажет.

Психикалық бұзылулар

Жасырын өтетін психоздардың белсенділенуі мүмкін екендігіне, ал егде жастағы пациенттерде – бағдардан адасудың немесе психомоторлық қозудың дамуы мүмкін екендігіне көңіл бөлген жөн.

Суицидтік мінез-құлық немесе ниеттер

Эпилепсияға қарсы препараттармен, соның ішінде карбамазепинмен емдеу суицидтік әрекеттің/ суицидтік ниеттің пайда болуымен қатар жүруі мүмкін. Пациенттерге (қызмет көрсетуші қызметкерге) суицидтік әрекеттің/ суицидтік ниеттің пайда болуын бақылау және симптомдар пайда болған жағдайда дереу медициналық жәрдемге жүгіну қажеттілігі жөнінде алдын ала ескерту керек.

Эндокриндік бұзылыстар

Еркекте фертильділіктің бұзылулары және/немесе сперматогенездің бұзылулары жөнінде жеке мәлімдемелер бар. Алайда осы бұзылулардың карбамазепинді қабылдаумен себептік өзара байланысуы қазіргі таңға дейін дәлелденген жоқ.

Препарат құрамында эстрогендер және/немесе прогестерон бар дәрілік заттардың тиімділігін төмендетуі мүмкін, сондықтан бала көтере алатын жастағы әйелдер препаратпен емделу кезеңінде жүктіліктен сақтанудың баламалы әдістерін қолданғандары жөн.

Қан плазмасында карбамазепиннің концентрацияларын анықтау

Препарат дозасы, қан плазмасындағы карбамазепин концентрациясы, оның клиникалық тиімділігі немесе жағымдылығы арасында өзара байланыс өте мардымсыз болса да, карбамазепиннің концентрациясын жүйелі анықтау келесі жағдайларда: ұстамалар жиілігі күрт жоғарылағанда, пациенттің препаратты тиісінше қабылдап жүрген-жүрмегенін тексеру үшін; жүктілік кезінде; балаларды немесе жасөспірімдерді емдегенде; препараттың сіңуінің бұзылуынан күдіктенгенде; егер пациент бірнеше дәрілік заттарды қабылдаған жағдайда уытты реакциялардың дамуына күдіктенгенде мақсатқа сай болуы мүмкін.

Эпилепсияға қарсы басқа дәрілік заттардан карбамазепинге ауысу

Пациентті карбамазепинге ауыстырған кезде эпилепсияға қарсы бұрын тағайындалған дәрілік заттардың дозасын, оны толық тоқтатқанша, біртіндеп төмендету керек.

Алкогольмен біріктіріп қабылдау

Емдеу кезінде алкоголь қабылдаудан бас тарту қажет, өйткені карбамазепин алкогольдің орталық жүйке жүйесін бәсеңдету әсерін күшейтеді.

Жүктілік кезінде және лактация кезеңінде қолданылуы

Карбамазепин және оның белсенді метаболиті плацента арқылы тез өтеді. Ұрықтың бауырындағы және бүйрегіндегі карбамазепин концентрациясы жоғары болады. Жүктілік басталған кезде (жүктілік кезеңінде карбамазепинді тағайындау жөніндегі мәселені шешкенде) емдеуден күтілетін артықшылықты және оның болуы мүмкін асқынуларын, әсіресе жүктіліктің алғашқы 3 айында, мұқият салыстыру қажет. Эпилепсиясы бар жүкті әйелдерде емдеу аса сақтықпен жүзеге асырылуы тиіс. Эпилепсиясы бар аналардан туған балалардың, даму кемістіктерін қоса, жатыр ішінде дамудың бұзылуларына бейім болатыны белгілі. Карбамазепин, эпилепсияға қарсы басқа да дәрілік заттар сияқты, осы бұзылулардың пайда болу қаупін арттыруға қабілетті. Туа біткен аурулар және, омыртқа доғашығының бітпеуін (spina bifida) қоса, даму кемістіктері және басқа да туа біткен ауытқу жағдайлары: бассүйек-бет құрылымының, жүрек-қантамыр және басқа да ағзалар жүйелерінің ақаулары, гипоспадия жөнінде жекелеген мәлімдемелер бар.

Клиникалық тиімділігі жеткілікті болғанда бала көтере алатын жастағы әйелдерге препаратты монотерапия ретінде тағайындаған жөн, өйткені эпилепсияқа қарсы біріктірілген емді қолданғанда ұрықтың туа біткен ақауларының даму жиілігі, препараттарды монотерапия ретінде тағайындаған кездегіге қарағанда, жоғары болды. Біріктірілген ем құрамына кіретін препараттарға байланысты туа біткен ақаулардың даму қаупі, әсіресе емге вальпроатты қосқан кезде жоғарылауы мүмкін. Препаратты тиімді ең төмен дозада тағайындаған жөн. Қан плазмасында белсенді заттың концентрациясын жүйелі түрде бақылау және электроэнцефалография жүргізу ұсынылады. Құрысуға қарсы тиімді бақылау болған жағдайда жүкті әйел қан плазмасында карбамазепиннің ең төмен концентрациясын (емдік ауқымы 4 - 12 мкг/мл) сақтағаны жөн, өйткені туа біткен кемістіктер дамуының дозаға байланысты болуы мүмкін екендігі жөнінде мәлімдемелер бар (мысалы, тәулігіне 400 мг-ден аз дозаны қолданған кезде даму кемістіктерінің пайда болу жиілігі, жоғарырақ дозаларды қолданған кездегіге қарағанда, төмен болды).

Пациент әйелдерге даму кемістіктерінің пайда болу қаупінің ұлғаюы мүмкін екендігі жөнінде және осыған байланысты антенатальді диагностика жүргізудің қажеттілігі жөнінде хабардар етілуі тиіс.

Карбамазепин пероральді контрацептивтік препараттардың емдік әсерін төмендетуі мүмкін (контрацепцияның баламалы әдістерін таңдау қажет).

Жүктілік кезінде эпилепсияға қарсы тиімді емді тоқтатпаған жөн, өйткені аурудың үдеуі анасына және ұрыққа теріс ықпалын тигізуі мүмкін.

Эпилепсияға қарсы дәрілік заттар жүктілік кезінде жиі байқалатын фолий қышқылының тапшылығын күшейтеді, бұл балаларда туа біткен кемістіктер жиілігінің артуына мүмкіндік беруі мүмкін (жүктілікке дейін және жүктілік кезінде фолий қышқылын қосымша қабылдау ұсынылады). Әйелдерде жүктіліктің соңғы апталарында, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге жоғары қанағыштықтың алдын алу мақсатында K1 витаминін тағайындау ұсынылады. Карбамазепинді құрысуға қарсы басқа препараттармен бірге қабылдаған жаңа туған нәрестелерде эпилепсия ұстамаларының және/немесе тыныстың тарылуының, құсудың, диареяның және/немесе гипотрофияның бірнеше жағдайлары сипатталған (бұл реакциялар жаңа туған нәрестелерде «тоқтату синдромының» көріністері болуы мүмкін).

Карбамазепин емшек сүтіне өтеді, онда карбамазепиннің концентрациясы қан плазмасындағы концентрацияның 25-60%-ын құрайды. Сондықтан емді жалғастырған жағдайда бала емізудің артықшылықтарын және ықтимал жағымсыз зардаптарын салыстырған жөн. Карбамазепинді қабылдау аясында бала емізуді жалғастырғанда жағымсыз реакциялардың (мысалы, айқын ұйқышылдық, аллергиялық тері реакциялары) дамуы мүмкін екендігін ескеріп, нәрестеге бақылау белгілеген жөн. Карбамазепинді антенатальді түрде немесе емшек сүтімен бірге қабылдаған балаларда холестаздық гепатит жағдайлары сипатталған, осыған байланысты гепато-билиарлық жүйе тарапынан жағымсыз әсерлерді диагностикалау мақсатында мұндай балаларға бақылау жүргізген жөн.

Дозаға байланысты жағымсыз реакциялар әдетте бірнеше күн ішінде өздігінен де, сонымен қатар препарат дозасын уақытша төмендеткен кезде де қайтады.

ОЖЖ тарапынан жағымсыз реакциялардың дамуы препараттың салыстырмалы артық дозалануы немесе қан плазмасында белсенді зат концентрациясының едәуір ауытқулары салдарынан болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда қан плазмасындағы белсенді заттың концентрациясын мониторингілеу ұсынылады.

Көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері

Емделу кезеңінде автокөлік жүргізгенде және зейінді жұмылдыруды және психомоторлы реакциялардың шапшаңдығын қажет ететін қауіпті қызмет түрлерімен шұғылданғанда сақ болу қажет (реакция жылдамдығы әсіресе емнің бас кезінде немесе дозаны таңдау кезеңінде бас айналудың, ұйқышылдықтың, көрудің нашарлауының пайда болуы салдарынан бұзылуы мүмкін). Пациенттерге автокөлікті басқарғанда және механизмдермен жұмыс жасағанда болуы мүмкін қауіп жөнінде алдын ала ескертілуі тиіс.

Артық дозалануы

Артық дозалануы әдетте ОЖЖ, жүрек-қантамыр және тыныс жүйесі тарапынан болатын симптомдармен, сондай-ақ «Жағымсыз әсерлері» бөлімінде көрсетілген құбылыстармен көрініс береді.

Артық дозаланған кезде келесі симптомдар мен шағымдар болуы мүмкін:

Орталық жүйке жүйесі: ОЖЖ функциясының бәсеңдеуі; сананың бұзылуы, бағдардан адасу, ұйқышылдық, ажитация, елестеулер, кома; көрудің тұмандануы, міңгірлеп сөйлеу, дизартрия, нистагм, атаксия, дискинезия, гиперрефлексия (бастапқыда), гипорефлексия (кештеу); құрысулар, психомоторлы бұзылыстар, миоклонус, гипотермия, мидриаз.

Тыныс алу жүйесі: тыныстың тарылуы, өкпенің ісінуі.

Жүрек-қантамыр жүйесі: тахикардия, артериялық қысымның жоғарылауы немесе төмендеуі, QRS кешенінің кеңеюімен өткізгіштіктің бұзылулары; жүректің тоқтап қалуы және жүректің тоқтауынан болатын естен танулар.

Ас қорыту жүйесі: құсу, тамақтың асқазаннан шығарылуының іркілуі, тоқ ішек моторикасының төмендеуі.

Несепті шығару жүйесі: несептің іркілісі, олигурия немесе анурия; сұйықтықтың іркілісі; антидиуретикалық гормонның әсеріне ұқсас карбамазепин әсерінен сулы уыттану (сұйылу гипонатриемиясы).

Қаңқа-бұлшықет жүйесі: карбамазепинді қолданумен байланысты рабдомиолиз жөнінде мәлімдемелер бар.

Зертханалық көрсеткіштер тарапынан өзгерулер: гипонатриемия, метаболизмдік ацидоз болуы мүмкін, гипергликемия болуы мүмкін, креатинфосфокиназаның бұлшықеттік фракциясы белсенділігінің жоғарылауы.

Емі:

Арнайы у қайтарғысы жоқ. Бастапқы емі пациенттің клиникалық жағдайына негізделуі тиіс; ауруханаға жатқызу көрсетілген. Осы затпен уланғанын дәлелдеу және артық дозалану дәрежесіне баға беру үшін плазмадағы карбамазепин концентрациясын анықтау жүргізіледі.

Асқазанның ішіндегісі шығарылады, асқазанды шаяды, белсендірілген көмірді қолданады. Асқазанның ішіндегіні кеш шығару сіңуінің кейінге қалдырылуына және жазылу кезеңінде уыттану симптомдарының қайтадан пайда болуына әкеп соғуы мүмкін. Қарқынды емдеу бөлімінде симптоматикалық демеуші ем, жүрек функциясына мониторинг жасау, су-электролиттік теңгерімнің бұзылуларын мұқият түзету қолданылады.

Көмір сорбенттерінде гемосорбция жүргізу ұсынылады. Гемодиализ карбамазепин артық дозаланғанда емдеудің тиімді әдісі болып табылады. Артық дозалану басталғаннан кейін 2-ші және 3-ші күні оның симптомдары қайтадан күшеюі мүмкін, бұл карбамазепиннің баяу сіңуімен жүзеге асады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

200 мг таблеткалар

Поливинилхлоридті үлбірден және баспалы лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан.

Пішінді ұяшықты 5 каптамадан медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

Жарықтан қорғалған жерде, 25С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Валента Фармацевтика» ашық акционерлік қоғамы Ресей Федерациясы

141101, Щелково қ., Мәскеу обл., Фабричный к-сі, 2

Тіркеу куәлігінің иесі

«Валента Фармацевтика» ашық акционерлік қоғамы Ресей Федерациясы

141101, Щелково қ., Мәскеу обл., Фабричный к-сі, 2

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы

«Валента Азия» ЖШС

Қазақстан Республикасы, 050009, Алматы қ., Абай д-лы, Радостовец к-нің қиылысы, 151/115, «Алатау» бизнес орталғы, № 1102 кеңсе

Телефон/факс 8 (727) 334-15-51

Электронды поштасы: asia@valentapharm.com

Прикрепленные файлы

410312781477976775_ru.doc 153.5 кб
297692011477977934_kz.doc 234 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники