Ифиципро

МНН: Ципрофлоксацин
Производитель: Юник Фармасьютикал Лабораториз (отделение фирмы "Дж.Б.Кемикалс энд Фармасьютикалс Лтд.")
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Ciprofloxacin
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№015830
Период регистрации: 29.07.2016 - 29.07.2021
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)

Инструкция

Саудалық атауы

Ифиципро

Халықаралық патенттелмеген атауы

Ципрофлоксацин

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 250, 500 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - ципрофлоксацин гидрохлориді ………297,0 (594,0) мг, ол 250 (500) мг ципрофлоксацинге баламалы

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, крахмал, крахмал (20% паста үшін), магний стеараты, тальк, кремнийдің коллоидты қостотығы, натрий карбоксиметилкрахмалы

қабықтың құрамы: ақ опадрай бояғышы 33 G28707 (гипромеллоза 6сР, титанның қостотығы, лактоза моногидраты, макрогол 3000, триацетин)

Сипаттамасы

Екі беті дөңес, дөңгелек, ақтан сарғыш-ақшыл түске дейінгі үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар (250 мг доза үшін).

Бір жақ бетінде сызығы бар, ақтан сарғыш-ақшыл түске дейінгі, үлбірлі қабықпен қапталған, капсула түріндегі таблеткалар (500 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі пайдалануға арналған бактерияларға қарсы препараттар. Микробқа қарсы препараттар – хинолон туындылары. Фторхинолондар. Ципрофлоксацин. АТХ коды J01MA02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ішке қабылдағаннан кейін ципрофлоксацин асқазан-ішек жолдарынан тез сіңеді. Қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясы 1-2 сағаттан кейін пайда болады. Препараттың биожетімділігі 70-80 % жуықты құрайды. Ципрофлоксацин қан плазмасының ақуыздарымен 20-30 % байланысады. Таралу көлемі 2-3 л/кг құрайды.

Ағзалар мен тіндерге жеңіл өтеді, гематоэнцефалдық бөгет, плацента арқылы өтеді, ана сүтімен бөлінеді. Ципрофлоксациннің концентрациясы қақырықта, сілекейде, сүйектерде, перитониальді сұйықтықта, өтте, қуық асты безінің секретінде және кіші жамбас ағзаларында қан сарысуындағы тиісті деңгейінен едәуір жоғары болуы мүмкін.

Бауырда биотрансформацияланады. Биотрансформацияға 15-30 % ұшырайды. Қанда ципрофлоксациннің аздаған концентрациядағы төрт метаболиті анықталуы мүмкін: диэтилципрофлоксацин (Ml), сульфоципрофлоксацин (М2), оксоципрофлоксацин (МЗ), формилципрофлоксацин (М4), бұлардың үшеуі (М1-МЗ) in vitro налидикс қышқылының бактерияларға қарсы белсенділігімен салыстырарлық бактерияларға қарсы белсенділік танытады. Аз мөлшерде болатын М4 метаболитінің in vitro бактерияларға қарсы белсенділігі көбіне норфлоксацин белсенділігіне сәйкес келеді.

Жартылай шығарылу кезеңі Т 1/2 4-7 сағатты құрайды, бүйрек функциясы бұзылғанда 12 сағатқа дейін артуы мүмкін. Қабылданған дозаның 50-70 %-ы негізінен бүйрекпен өзгермеген түрде 24 сағат бойы шығарылады және шамамен 15 %-ы – метаболиттер түрінде, қалғаны асқазан-ішек жолдары арқылы шығарылады. Бүйректік клиренсі - 3-5 мл/мин/кг; жалпы клиренс 8-10 мл/мин/кг құрайды. СБЖ ( креатинин клиренсі (КК) 20 мл/мин астам) препараттың бүйрек арқылы шығарылатын пайызы төмендейді, бірақ организмдегі жиналуы препараттың метаболизмінің орын басып артуы және асқазан-ішек жолдарынан шығарылуы салдарынан жүрмейді.

Фармакодинамикасы

Ифиципро фторхинолондар тобының әсері кең ауқымдағы бактерияларға қарсы синтетикалық препараты. Ципрофлоксациннің бактерицидтік әсері II типті бактериялық топоизомеразаларды (топоизомераза II (ДНҚ-гираза) және топоизомераза IV) тежеуі арқылы жүзеге асады, ол бактериялық ДНҚ репликациясы, транскрипциясы, репарациясы және рекомбинациясы үшін қажет.

Төмендегі сезімтал микроорганизмдер штамдарына қатысты in vitro ципрофлоксацин белсенділігі көрсетілген:

Аэробтық грамоң микроорганизмдер: Bacillus anthracis, Staphylococcus aureus (метициллин-сезімтал), Staphylococcus saprophyticus, Streptococcus spp.

Аэробты грамтеріс микроорганизмдер: Aeromonas spp., Moraxella catarrhalis, Brucella spp., Neisseria meningitidis, Citrobacter koseri, Pasteurella spp., Francisella tularensi, Salmonella spp., Haemophilus ducreyi, Shigella spp., Haemophilius influenzae, Vibrio spp., Legionella spp., Yersinia pestis.

Анаэробты микроорганизмдер: Mobiluncus spp.

Басқа да микрооганизмдер: Chlamydia trachomatis, Chlamydia pneumoniae, Mycoplasma hominis, Mycoplasma pneumoniae.

Келесі микроорганизмдер үшін ципрофлоксацинге сезімталдықтың ауытқымалы дәрежесі көрсетілген: Acinetobacter baumann, Burkholderia cepacia, Campylobacter spp., Citrobacter freundii, Enterococcus faecalis, Enterobacter aerogenes, Enterobacter cloacae, Escherichia coli, Klebsiella pneumoniae, Klebsiella oxytoca, Morganella morganii, Neisseria gonorrhoeae, Proteus mirabilis, Proteus vulgaris, Providencia spp., Pseudomonas aeruginosa, Pseudomonas fluorescens, Serratia marcescens, Streptococcus pneumoniae, Peptostreptococcus spp., Propionibacterium acnes.

Ципрофлоксацинге табиғи резистенттілігі бар деп Staphylococcus aureus (метициллин-резистентті), Stenotrophomonas maltophilia, Actinomyces spp., Enteroccus faecium, Listeria monocytogenes, Mycoplasma genitalium, Ureaplasma urealitycum, анаэробты микроорганизмдер (Mobiluncus spp., Peptostreptococus spp., Propionibacterium acnes қоспағанда) саналады.

Ифиципро налидикс қышқылына резистентті микроорганизмдерге қарсы (невиграмон, неграм) тиімді; аминогликозидке, пенициллинге, сульфаниламидке, тетрациклинге және цефалоспоринге тұрақты организмдерден туындаған инфекцияны емдеу үшін қолданылуы мүмкін.

Резистенттілік өте баяу дамиды, өйткені бір жағынан ципрофлоксацин әсерінен кейін іс жүзінде персистирленетін микроорганизмдер қалмайды, ал екінші жағынан - бактериялық жасушаларда оның белсенділігін жоятын ферменттер болмайды.

Қолданылуы

Ципрофлоксацинге сезімтал микроорганизмдерден туындаған инфекцияларда:

- төменгі тыныс алу жолдарының инфекциялары;

- ЛОР-органдарының инфекциялары (жедел синусит, ортаңғы отит);

- бүйрек және/немесе несеп шығару жолдарының инфекциялары;

- аднексит, созды, простатитті қоса, жыныс органдарының инфекциялары;

- ауыр жүйелі инфекциялар (метронидазолмен біріктірілімдегі);

-іш қуысының инфекциялары (асқазан-ішек жолдарының, өт шығару жолдарының бактериялық инфекциялары, перитонит);

- тері және жұмсақ тіндердің инфекциялары;

- сүйектер мен буындардың инфекциялары;

  • иммунитеті төмендеген пациенттердегі инфекцияларды емдеу (мысалы, иммунодепрессанттар қабылдайтын немесе нейтропениясы бар пациенттердегі) немесе профилактикасы

Қолдану тәсілі және дозалары

Таблеткаларды ас қабылдауға байланыссыз, шайнамай, сұйықтықтың аздаған мөлшерімен іше отырып, ішке қабылдау керек. Егер препаратты ашқарынға қабылдаса, белсенді субстанция жылдам сіңеді. Бұл жағдайда таблеткаларды сүт өнімдерімен немесе кальциймен байытылған (мысалы, сүт, йогурт, құрамында кальций көп шырындар) сусындармен ішуге болмайды. Әдеттегі тамақ құрамындағы кальций Ифиципро сіңуіне әсер етпейді.

Егер жай-күйінің ауырлығынан немесе басқа да себептермен пациенттің таблетка қабылдау мүмкіндігі болмаса, оған ципрофлоксациннің инфузиялық ерітіндісімен парентеральді емін жүргізу, ал жай-күйі жақсарғаннан кейін препараттың таблетка түрін қабылдауға көшуі ұсынылады.

Басқа тағайындау болмағанда келесі дозалау режимін сақтау ұсынылады:

Тыныс алу жолдарының инфекциялары: 500 мг –ден 750 мг дейін тәулігіне екі рет. Емдеу курсы - 7-14 күн.

Жедел синусит: 250-500 мг тәулігіне екі рет, емдеу курсы 7-14 күн.

Несеп шығару жолдарының инфекциялары: 250-500 мг тәулігіне екі рет. Асқынған инфекцияларда 750 мг тәулігіне екі рет. Емдеу курсы 7-14 күн.

Созылмалы бактериялық простатит: 500 мг тәулігіне екі рет, емдеу курсы 28 күн.

Жедел гонококкты уретрит және цервицит: 500 мг бір рет ішке және ципрофлоксацин көктамыр ішіне 100 мг дозада.

Инфекциялық диарея (оның ішінде Shigella dysenteriae туындаған, 1 типті): 500 мг тәулігіне екі рет, емдеу курсы 5 – 7 күн.

Іш сүзегі: 500 мг тәулігіне екі рет, емдеу курсы 7-10 күн.

Басқа да инфекцияларда (сүйек және буындардың және тері және жұмсақ тіндердің, асқазан-ішек жолдарының инфекциялары) – 250-500 мг тәулігіне 2 рет. Жедел инфекцияларда емдеу курсы 7-ден 14 күнге дейін, остеомиелитте және сальмонеллоз тасымалдаушысы болғанда 4-6 аптаға дейін.

Ең жоғары бір реттік доза 750 мг, ең жоғары тәуліктік доза -1500 мг.

Бүйрек функциясы бұзылуы бар пациенттер үшін ұсынылатын бастапқы және демеуші доза:

креатинин клиренсі > 60 – әдеттегі доза тағайындалады,

креатинин клиренсі 30-60 - ең жоғары ұсынылатын доза 500 мг әрбір 12 сағатта,

креатинин клиренсі < 30 – ең жоғары ұсынылатын доза 500 мг әрбір 24 сағатта,

гемодиализдегі пациенттер үшін – 500 мг әрбір 24 сағатта (гемодиализ сеансынан кейін), перитонеальді диализдегі пациенттер үшін – 500 мг әрбір 24 сағатта

Бауыр функциясы бұзылуы бар пациенттерде доза түзету талап етілмейді.

Егде жастағы пациенттерге ауру ауырлығына және креатинин клиренсі көрсеткіштеріне қарай препараттың төмендеу дозасын тағайындау керек.

Емнің ұзақтығы аурудың ауырлығына, клиникалық және бактериологиялық бақылауға байланысты. Емді қызба немесе басқа да клиникалық симптомдар жойылғаннан кейін 3 күннен кем емес жүйелі түрде жалғастыру маңызды.

Жағымсыз әсерлері

Жиі:

- жүрек айнуы, диарея

- инъекция орнындағы реакциялар

Жиі емес:

- бас ауыруы, бас айналуы, ұйқы бұзылуы, дәм сезу бұзылуы

- лейкопения, эозинофилия

- құсу, іш ауыруы, тәбеттің болмауы, диспепсия

-трансаминазалар белсенділігінің өтпелі жоғарылауы, гипербилирубинемия, сілтілік фосфатаза деңгейінің жоғарылауы

-тері бөртпесі, қышыну, есекжем

-жалпы дімкәстік, астения, қызба

- бүйрек функциясы бұзылуы

- артралгия

Сирек:

- қорқыныш сезімі, абыржу, тершеңдіктің күшеюі, бассүйекішілік қысымның жоғарылауы, көру және естудің бұзылуы, сезімталдықтың бұзылуы, тремор, құрысулар, ұйқы бұзылуы, вертиго, қозу, депрессия (суицидтік әрекеттер/ойлар, суицидтің жүзеге асуы), елестеулер (бұл реакциялар препаратты дереу тоқтатуды талап етеді)

- жүрек ырғағының бұзылуы, вазодилатация, артериялық қысымның төмендеуі, бетке қан «тебу» сезіну

- нейтропения, тромбоцитопения, тромбоцитоз, анемия, лейкоцитоз

- дисгликемия, көбіне гипергликемия

- фотосенсибилизация

- аллергиялық реакциялар, Квинке ісінуі

- тыныс алу бұзылуы (бронх түйілуін қоса)

- миалгия, артрит, буындардың ісінуі

- дизурия, полиурия, гематурия, кристаллурия, несептің іркілуі, бүйрек жеткіліксіздігі, интерстициальді нефрит, уретральді қан кету

- бауыр функциясы бұзылуы, гепатит (инфекциялық емес), сарғаю

- кандидоз

- жалғанжарғақшалы колит

Өте сирек:

- бас сақинасы, қозғалыс үйлесімінің бұзылуы, иіс сезу бұзылуы,

түсті айырудың бұзылуы

- гемолиздік анемия, агранулоцитоз, панцитопения

- геморрагиялық күлдіреуіктер, петехиялар, түйінді эритема, Стивенс-Джонсон синдромы, Лайелл синдромы

- анафилактикалық шок

- васкулит

- бұлшықет әлсіздігі, тендовагинит, сіңірдің үзілуі, миастения симптомдарының өршуі

- церебральді артериялар тромбозы, диспноэ, мұрыннан қан кету

- панкреатит

- бауыр жасушасының некрозы

Аса сирек

- өкпе артериясының эмболиясы

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • ципрофлоксацинге немесе фторхинолондардың басқа да туындыларына жоғары сезімталдық

  • тизанидинмен бір мезгілде қабылдау

  • жүктілік және лактация кезеңі

  • балаларға және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Ифиципро және теофиллинді бір мезгілде қолдану қан плазмасындағы теофиллин концентрациясының жоғарылауына және соның салдары ретінде теофиллиннің жартылай шығарылу кезеңінің артуына және теофиллинге байланысты уыттылық әсердің даму қаупі артуына алып келуі мүмкін.

Гепатоциттер микросомаларындағы тотығу үдерісінің белсенділігі төмендеуі салдарынан Ифиципро ксантиндердің (мысалы, кофеин) концентрациясын арттырады және жартылай шығарылу кезеңінің ұзақтығын ұзартады.

Ифиципро және циклоспоринді бір мезгілде қабылдау соңғысының нефроуыттылық әсерін күшейтеді, бұл қан плазмасындағы креатинин деңгейінің жоғарылауына әкеледі. Осыған байланысты қандағы креатинин концентрациясына жиілігі аптасына 2 реттен кем болмайтын бақылау керек.

Ифиципро және қабынуға қарсы стероидты емес дәрілерді (ацетилсалицил қышқылын қоспай) бір мезгілде қабылдау ципрофлоксациннің орталық жүйке жүйесіне жағымсыз әсерін күшейтеді, құрысу даму қаупі артады.

Пробенецид (немесе өзекшелік секрецияны бөгейтін кез келген басқа препарат) Ифиципро препаратының бүйрекпен шығарылу жылдамдығын баяулатады, бұл қан плазмасындағы ципрофлоксацин концентрациясының артуына алып келеді.

Метоклопрамид Ифиципро сіңуін жылдамдатады, бұл қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясына жету уақытының азаюына алып келеді.

Антацидтерді, сондай-ақ құрамында алюминий иондары, мырыш, темір немесе магний бар препараттарды бір мезгілде қабылдау Ифиципро сіңуінің азаюын туындатуы мүмкін, сондықтан бұл препараттарды тағайындаудың аралығы 4 сағаттан кем болмауы тиіс.

Ифиципро пероральді антикоагулянттардың әсерін (варфарин және оның туындылары) күшейтеді. Көрсетілген препараттармен бір уақытта қабылдаған жағдайда препараттарды қанның ұю жүйесі көрсеткіштерін ұдайы бақылау керек.

Жеке-дара жағдайларда ципрофлоксацинді құрамында глибенкламид бар дәрілік заттармен бір мезгілде қолдану ауыр гипогликемия дамуын туындатуы мүмкін.

H2-рецепторларының антагонистері Ифиципроның биожетімділігіне елеулі әсер етпейді.

Ифиципро препаратын метронидазолмен бір мезгілде қолдану қан плазмасындағы екі препараттың да концентрациясының ешбір өзгерістерін көрсетпеді.

Ифиципро препаратын басқа микробқа қарсы препараттармен (бета-лактамды антибиотиктер, аминогликозидтер, клиндамицин) бір мезгілде қолдану әдетте синергиялық әсер береді. Препарат Pseudomonas туындаған инфекцияларда азлоциллинмен және цефтазидиммен біріктірілімде; стрептококкты инфекцияларда мезлоциллинмен, азлоциллинмен және басқа бета-лактамды антибиотиктермен; стафилококкты инфекцияларда изоксазолпенициллиндермен және ванкомицинмен; анаэробты инфекцияларда метронидазолмен және клиндамицинмен табысты қолданылуы мүмкін.

Ифиципро препаратын және құрамында тизанидин бар препараттарды бір мезгілде қолдану қан сарысуындағы тизанидин концентрациясының артуын туындатады; ең жоғары концентрациясының Cmax артуы 7 есе (4-тен 21 есеге дейін) және AUC көрсеткішінің 10 есе (6-дан 24 есеге дейін) артуын туындатады, бұл АҚ және ұйқышылдықтың айқын төмендеу қаупін жоғарылатады.

Ифиципро препаратын және фенитоинді бір мезгілде қолдану қан плазмасындағы фенитоин құрамының өзгерісін (жоғарылауын немесе төмендеуін) туындатады. Фенитоиннің құрысуға қарсы әсерін оның концентрациясы төмендеуі салдарынан әлсіретуден аулақ болу үшін, ал сондай-ақ жағымсыз құбылыстарды тойтару үшін Ифиципро препаратын қабылдауды тоқтатқандағы фенитоиннің артық дозалануына байланысты, екі препаратты бір мезгілде қабылдаудың барлық кезеңі бойына және біріктірілген ем аяқталғаннан кейін аз-кем уақыт қан плазмасындағы фенитоин құрамын анықтауды қоса, екі препаратты да қабылдайтын пациенттерде фенитоинмен емге бақылау жүргізу ұсынылады.

Метотрексатты және Ифиципро препаратын бір мезгілде қолдану метотрексаттың бүйрек-өзекшелік тасымалын баяулатуы мүмкін, бұл қан плазмасындағы соңғысының концентрациясы артуымен бірге жүруі мүмкін. Осыған байланысты метотрексаттың жағымсыз әсерлері дамуының ықтималдығы артуы мүмкін. Метотрексатпен және Ифиципромен бір мезгілде ем қабылдаушы пациенттерге мұқият бақылау жасалуы тиіс.

Құрамында омепразол бар дәрілік заттармен бір мезгілде қолдану Ифиципроның Cmax және AUC (концентрация-уақыт арақатынасының қисығы астындағы аудан) елеулі төмендеуіне алып келеді.

Ифиципро, басқа да фторхинолондар сияқты, QT аралығын ұзартатын препараттар (мысалы, IA ​​және III класының аритмияға қарсы препараттары, үшциклдық антидепрессанттар, макролидтер, нейролептиктер) қабылдайтын пациенттерде сақтықпен қолдану керек.

Клиникалық зерттеулер жүргізу барысында дулоксетинді және CYP450 1А2 (флувоксамин сияқты) изоферментінің қуатты тежегіштерін бір мезгілде қолданудың дулоксетиннің AUC және Сmах  ұлғаюына әкелуі мүмкіндігін көрсетті. Ципрофлоксацинмен болжамды өзара әрекеттесулерінің клиникалық деректері жоқтығына қарамастан, Ифиципро және дулоксетинді бір мезгілде қолданғанда осыған ұқсас өзара әрекеттесулер ықтималдығын болжамдауға болады.

Ропиниролды және CYP450 1А2 изоферментінің орташа тежегіші ципрофлоксацинді бір мезгілде қолдану ропиниролдың Сmах және AUC тиісінше 60 және 84 % артуына алып келді. Ропиниролдың жағымсыз әсерлерін оны Ифиципромен бірге қолдану уақытында және біріктірілген ем аяқталғаннан кейін қысқа мерзім ішінде бақылау керек.

Дені сау еріктілердегі зерттеулерде құрамында лидокаин және CYP450 1А2 изоферментінің орташа тежегіші – ципрофлоксацин бар препараттарды бір мезгілде қолдану оны көктамырішілік енгізгенде лидокаин клиренсінің 22 % төмендеуіне әкелетіні анықталды. Лидокаинннің жақсы көтерімділігіне қарамастан, бірге қолдану уақытында жағымсыз әсерлері күшеюі салдарынан Ифиципромен өзара әрекеттесулері бақылануы мүмкін.

Клозапинді және құрамында ципрофлоксацин бар препараттарды 7 күн бойы 250 мг дозада бір мезгілде қолданғанда клозапиннің және N-десметилклозапиннің сарысулық концентрациясының тиісінше 29 % және 31 % артқаны бақыланған. Пациенттің жай-күйін бақылау керек және қажет болғанда клозапиннің дозалау режимін оны Ифиципромен бірге қолдану уақытында және біріктірілген ем аяқталғаннан кейін қысқа мерзім ішінде түзету жүргізу керек.

Дені сау еріктілерде ципрофлоксацинді 500 мг дозада және силденафилді 50 мг дозада бір мезгілде қолданғанда силденафилдің Сmах және AUC 2 есе ұлғайғаны анықталды. Осыған байланысты берілген біріктірілімді пайда/қауіп арақатынасын бағалағаннан кейін ғана қолдануға болады.

Айрықша нұсқаулар

Сыртартқысында құрысу ұстамалары бар пациенттерге, ми тамырларының аурулары, ми қан айналымының бұзылуы, орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануы бар науқастарға Ифиципро тағайындағанда сақ болу керек. Препаратты бұл жағдайларда тек өмірлік көрсеткіштер бойынша тағайындау керек.

Тіпті бір реттік дозаны қабылдағаннан кейін, сирек жағдайларда өмірге қауіпті болатын (анафилаксиялық шокты және анафилактоидты реакцияларды қоса) аллергиялық реакциялар дамуы мүмкін. Бұл жағдайларда препаратты тоқтатады және қажетті емді жүргізеді.

Ифиципро препаратын қоздырғышқа қатысты тиімділігі жеткіліксіздігінен стрептококктық инфекцияларды емдеу үшін ұсынылмайды.

Орталық жүйке жүйесі тарапынан бұзылуы бар пациенттер

Ифиципро, басқа да фторхинолондар сияқты, құрысуларға түрткі болуы және құрысу шегі дайындығын төмендетуі мүмкін. Эпилепсиясы бар және ОЖЖ ауруларын өткерген пациенттерге (мысалы, құрысу шегі дайындығының төмендеуі, сыртартқыдағы құрысу ұстамалары, ми қан айналымының бұзылуы, мидың органикалық зақымдануы немесе инсульт) ОЖЖ тарапынан жағымсыз реакциялар даму қаупіне байланысты, Ифиципро препараты тек күтілетін клиникалық әсері препараттың болжамды жағымсыз әсерінің даму қаупінен басым болғанда ғана қолданылуы керек.

Құрысулар туындағанда препарат қолдануды тоқтату керек. Психикалық реакциялар фторхинолондарды бірінші рет қолданудан кейін де туындауы мүмкін. Сирек жағдайларда депрессия немесе психоздық реакциялар суицидтік ойларға және суицидтік әрекеттерге дейін, оның ішінде аяқталғаны бар, үдеуі мүмкін. Егер пациентте осы реакциялардың біреуі дамыса, препарат қабылдауды дереу тоқтату және бұл туралы дәрігерге хабарлау керек.

Ифиципроны қоса, фторхинолондар қабылдайтын пациенттерде сенсорлық немесе сенсомоторлық полинейропатия, гипестезия, дизестезия немесе әлсіздік жағдайлары анықталды.

Ауыру, күйдіру, шаншу, жансыздану, әлсіздік сияқты симптомдар туындағанда препарат қолдануды жалғастырмас бұрын дәрігерді хабардар ету керек.

Миастения

Ифиципро препаратымен емдеу аясында ауыр миастения барысы нашарлауы мүмкін.

Бауыр функциясы бұзылуы бар пациенттер

Бауыр функциясы бұзылуы бар пациенттерде қан плазмасындағы ципрфлоксацин концентрациясына бақылау жүргізу керек. Фторхинолондарды қолданғанда гепатит және өмірге қауіпті бауыр жеткіліксіздігі жағдайлары тіркелген. Пациенттерге анорексия, сарғаю, несептің күңгірттенуі, тері қышынуы сияқты симптомдар пайда болған жағдайда Ифиципро қабылдауды тоқтату туралы нұсқаулар беру керек.

Жалған жарғақшалы колит

Ифиципро емдеу уақытында және емнен кейін ауыр және ұзақ диарея туындағанда препаратты дереу тоқтатуды және тиісті емді тағайындауды талап ететін жалғанжарғақшалы колит диагнозы бар-жоғын анықтау керек.

Колоноскопиялық және/немесе гистологиялық расталған жалғанжарғақшалы колитте ванкомицинді және метронидазолды пероральді тағайындау көрсетілген. Бұл клиникалық жағдайда ішек жиырылуын бәсеңдететін препараттар қарсы көрсетілімде.

QT аралығының ұзаруы бойынша келесі:

- QT аралығының ұзару синдромы

- түзетілмеген электролиттік теңгерімсіздік (мысалы, гипокалиемия, гипомагниемия)

- жүрек патологиясы (мысалы, миокард инфарктісі, брадикардия, жүрек жеткіліксіздігі)

- QT аралығын ұзартатын препараттарды бір мезгілде қолдану (мысалы, IA және III класс антиаритмиялық дәрілері және үшциклдық антидепрессанттар, макролидтер, антипсихоздық дәрілер) сияқты белгілі қауіп факторлары бар пациенттерге Ифиципро препаратын қоса, фторхинолон препараттарын тағайындағанда сақтықпен әрекет ету керек.

Фторхинолондар қолданғанда терінің фотосенсибилизациясы мүмкіндігінен ультракүлгін сәулелердің әсерінен абайлау керек.

Курстық емде кейбір зертханалық көрсеткіштердің өзгеруі мүмкін: несепте шөгінді пайда болуы; мочевинаның, креатининнің, билирубиннің, қан сарысуындағы бауыр трансаминазаларының уақытша концентрациясы артуы; кейбір жағдайларда – гипергликемия, кристаллурия немесе гематурия; протромбин көрсеткіштерінің өзгеруі.

Несеп концентрациясы жоғарылауының профилактикасы үшін пациенттердің сұйықтықты жеткілікті қабылдауын қамтамасыз ету керек және Ифиципро препаратымен ем уақытында кристаллурия дамуынан аулақ болу үшін несептің қышқыл реакциясын демеп тұру керек.

Бүйрек функциясы бұзылуы бар науқастарда қан плазмасындағы ципрофлоксацин концентрациясын бақылау керек.

Сіңірлердің ауыруы пайда болғанда немесе тендовагиниттің алғашқы белгілерінде емді тоқтату, сіңірлерді иммобилизациялау жүргізіп және ортопедтен кеңес алу керек.

Ципрофлоксациннің Mycobacterium tuberculosis (in-vitro) қарсы әсері Ифиципро қабылдайтын пациенттердегі сынамада бактериологиялық зерттеуде жалған-теріс нәтиже беруі мүмкін.

Автокөлік жүргізу және механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Ифиципро қабылдау пациенттің автокөлік басқару қабілетін бұзуы мүмкіндігіне байланысты оны қабылдау кезеңінде зейін қоюды және психомоторлық реакциялардың жылдамдығын талап ететін жұмыстарды орындаудан аулақ болу керек.

Артық дозалануы

Симптомдары: жүрек айнуы, құсу, сананың шатасуы, психикалық қозу

Емі: арнайы у қайтарғысы жоқ. Науқастың жағдайын мұқият бақылау керек, сұйықтықтың жеткілікті мөлшерімен және шұғыл көмектің басқа шараларын қамтамасыз ету керек. Гемодиализдің немесе перитонеальді диализдің көмегімен препараттың аздаған мөлшері (10% кем) шығарылуы мүмкін.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Үлбірлі қабықпен қапталған 250 және 500 мг таблеткалар.

Поливинилхлоридті үлбірден және баспалы алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан.

10 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

Құрғақ жерде, 300С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші/қаптаушы

«Юник Фармасьютикал Лабораториз» («Дж. Б. Кемикалс энд Фармасьютикалс Лтд.» фирмасының бөлімшесі)

Ворли, Мумбай 400 030, Үндістан

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

«Юник Фармасьютикал Лабораториз»

(«Дж. Б. Кемикалс энд Фармасьютикалс Лтд.» фирмасының бөлімшесі)

Ворли, Мумбай 400 030, Үндістан

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан препарат сапасы туралы шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын ұйым

«КАЗДИНФАРМА» ЖШС

050050, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Лобачевский к-сі, 78

тел./факс: 727 233 65 50, электронды поштасы: kazdinfarma@gmail.com

 

 

   
 

 

   

 

 

Прикрепленные файлы

508921911477976191_ru.doc 109 кб
001787741477977438_kz.doc 112 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники