Зилт®

МНН: Клопидогрел
Производитель: КРКА-Фарма, д.о.о.
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№014750
Информация о регистрации в РК: 20.10.2014 - 20.10.2019

Инструкция

Саудалық атауы

Зилт ®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Клопидогрел

Дәрілік түрі

Қабықпен қапталған 75 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 97,875 мг клопидогрел гидросульфаты (75 мг клопидогрелге баламалы)

қосымша заттар: сусыз лактоза, микрокристалды целлюлоза,

желатинденген крахмал, макрогол 6000, гидрогенизирленген майсана майы

үлбірлі қабық: гипромеллоза, титанның қостотығы (Е171), тальк, темірдің қызыл тотығы (Е172), пропиленгликоль

Сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, екі жақ беті сәл дөңес, қызғылт түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар

Фармакотерапиялық тобы

Антикоагулянттар. Тромбоциттер агрегациясының тежегіштері, гепаринді қоспағанда. Клопидогрел

АТХ коды В01АС04

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі

Клопидогрел күніне 75 мг дозада бір рет және қайталап ішу арқылы қабылдағаннан кейін тез сіңеді. Өзгермеген клопидогрелдің орташа ең жоғары плазмалық концентрациялары (75 мг дозада бір рет ішу арқылы қабылдағаннан кейін шамамен 2,2-2,5 нг/мл) қабылдағаннан кейін шамамен 45 минуттан соң білінді. Несеппен бөлінетін клопидогрел метаболитін алып қарағанда, сіңуі 50%-дан аз емес.

Таралуы

Клопидогрел және оның қан ағымында болатын негізгі (белсенді емес) метаболиті адам плазмасы протеиндерімен кері байланыс түзеді (тиісінше, 98% және 94%). Байланысуы концентрациялардың кең ауқымында қанықпаған күйде болады.

Метаболизмі

Клопидогрел бауырда қарқынды метаболизмге ұшырайды. Клопидогрел екі негізгі жолмен метаболизденеді: біреуі эстеразалар арқылы белсенді емес карбон қышқылы түзілетін гидролизге әкеледі (қан ағымында болатын 85% метаболит), екіншісі әртүрлі Р450 цитохромдарымен жүзеге асады. Алдымен клопидогрел аралық метаболит 2-оксо-клопидогрелге дейін метаболизденеді. Аралық метаболит 2-оксо-клопидогрелдің кейінгі метаболизмі белсенді метаболит - клопидогрелдің тиолды туындысының түзілуіне әкеледі. Осы метаболизм жолы CYP3А4, CYP2С19, CYP1А2 және CYP2В6 арқылы жүреді. Белсенді тиол метаболиті тромбоциттер рецепторларымен тез және қайтымсыз байланысып, сол арқылы тромбоциттер агрегациясын бәсеңдетеді.

Белсенді метаболит Cmax клопидогрелдің бір реттік 300 мг жүктеме дозасынан соң да, 4 күн бойы 75 мг демеуші дозасын қабылдағаннан кейін де 2 есе ұлғаяды. Cmax қабылдағаннан кейін шамамен 30-60 минуттан соң байқалады.

Шығарылуы

Клопидогрел қабылданғаннан кейін, шамамен 50% несеппен және шамамен 46% нәжіспен енгізілген соң 120 сағат ішінде бөлініп шығады. Бір реттік ішуге арналған 75 мг дозасынан соң клопидогрелдің жартылай шығарылу кезеңі шамамен 6 сағатқа созылады. Қан айналымындағы негізгі (белсенді емес) метаболиттің жартылай шығарылу кезеңі бір рет және қайталап қабылдағаннан кейін 8 сағат құрайды.

Фармакогенетикасы

CYP2С19 белсенді метаболиттің де, аралық 2-оксо-клопидогрел метаболитінің де түзілуіне қатысады. Клопидогрел белсенді метаболитінің фармакокинетикасы мен антитромбоциттік әсерлері CYP2С19 генотипіне қарай өзгереді.

Аллель CYP2С19*1 функционалдық метаболизмге толық сәйкес келеді, ал CYP2С19*2 және CYP2С19*3 аллельдері функционалдық емес болып табылады. CYP2С19*2 және CYP2С19* 3 аллельдері еуропалық (85%) және азиаттықтарда (99%) баяу метаболизаторлар аллельдерінің көп бөлігінің функциясын төмендетеді. Метаболизм болмауымен немесе төмендеуімен астасқан басқа аллельдер азырақ кездеседі және оларға CYP2С19*4, *5, *6, *7 және *8 жатады. Нәтижесі CYP2С19 орташа және баяу метаболизмі болып табылатын CYP2С19 аллельдерінің басым болуы нәсілдік/этникалық ерекшелікке қарай әртүрлі болды.

Баяу метаболизатор статусындағы емделушіде, жоғарыда сипатталғандай, функциясынан айрылған екі аллель болады. CYP2С19 баяу метаболизаторы генотиптерінің жиілігі шамамен 2% еуропалықтарға, 4% африкандық нәсілге және 14% қытай тегіне сәйкес келеді. Емделушінің CYP2С19 генотипін анықтауға арналған тестілер бар.

Ультра жедел, жылдам және орташа метаболизаторлар арасындағы белсенді метаболит экспозициясында және орта есепті тромбоциттер агрегациясының бәсеңдеуінде (ТАБ) елеулі айырмашылықтар байқалмаған. Баяу метаболизаторларда белсенді метаболитпен экспозиция, жылдам метаболизаторлармен салыстырғанда, 63-71% төмен болды. 600 мг/75 мг дозалық режимін қолданғанда антитромбоциттік жауап реакциясы баяу метаболизаторларда төмен болды, осы тұста жылдам метаболизаторлардың 39% (24 сағат) және 58% (5 күн) және орташа метаболизаторлардың 37% (24 сағат) және 60% (5 күн) ТАБ құрауымен салыстырғанда, орташа ТАБ (5 мкМ АДФ) 24% (24 сағат) және 37 % (5 күн) құрады. Баяу метаболизаторлар 600 мг/150 мг режимінде болғанда, белсенді метаболитпен экспозиция 300 мг/75 мг режиміндегіден көбірек болды. Бұдан басқа, ТАБ 32% (24 сағат) және 61% (5 күн) құрап, бұл 300 мг/75 мг режимінде жүрген баяу метаболизаторлардағыдан көбірек, бірақ 300 мг/75 мг режиміндегі CYP2С19 метаболизаторларының басқа топтарына ұқсас болды. Осы қауымдағы науқастарға сәйкес келетін дозалық режимі анықталмаған.

Белсенді метаболитпен экспозиция орташа метаболизаторларда 28% және баяу метаболизаторларда 72% төмендеген, осы тұста тромбоциттер агрегациясының бәсеңдеуі (5 мкМ АДФ), жылдам метаболизаторлармен салыстырғанда, тиісінше, 5,9% және 21,4% ТАБ айырмашылығымен төмендеген.

Ерекше қауымдар

Клопидогрел белсенді метаболитінің фармакокинетикасы осы ерекше қауымдарда (бауыр және бүйрек функциясы бұзылған) белгісіз.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Клопидогрелдің күніне 75 мг қайталама дозаларынан кейін ауыр бүйрек ауруына шалдыққан емделушілерде (креатинин клиренсі 5-тен 15 мл/мин дейін) АДФ (аденозиндифосфат) туғызған тромбоциттер агрегациясының бәсеңдеуі дені сау тұлғалардағыдан әлсіз (25%) болды, дегенмен қан кету уақытының ұзаруы күніне 75 мг клопидогрел алған дені сау тұлғаларда байқалуына ұқсас болды. Бұдан басқа, барлық науқастарда клиникалық көтерімділігі жақсы болды.

Бауыр функциясының бұзылуы

Клопидогрелдің 10 күн бойы күніне 75 мг қайталама дозаларынан кейін бауыр функциясының бұзылуы ауыр емделушілерде АДФ туғызған тромбоциттер агрегациясының бәсеңдеуі дені сау тұлғаларда байқалуына ұқсас болды. Екі топта да қан кету уақытының орташа ұзаруы тағы да ұқсас болды.

Фармакодинамикасы

Клопидогрел - әсер етуші заттың ізашары, оның белсенді метаболиттерінің бірі тромбоциттер агрегациясының тежегіші болып табылады. Клопидогрел CYP2С19 энзимдері арқылы метаболизмге ұшырайды, нәтижесінде тромбоциттер агрегациясын бәсеңдететін белсенді метаболит түзіледі. Клопидогрел белсенді метаболиті аденозиндифосфаттың (АДФ) оның Р2Y12 антитромбоциттік рецепторымен байланысуын және кейіннен АДФ арқылы болатын GP IIb/IIIa гликопротеин кешенінің белсенділенуін селективті тежеп, сол арқылы тромбоциттер агрегациясын бөгейді. Қайтымсыз байланысуы салдарынан әсерге ұшыраған тромбоциттер өз тіршілігінің бүкіл қалған мерзімі бойына (шамамен 7-10 күн) зақымданады, ал тромбоциттердің қалыпты функциясының қалпына келуі тромбоциттік циклға сәйкес жылдамдықпен жүзеге асады. АДФ-тан ерекшеленетін агонистер туындататын тромбоциттер агрегациясы да босап шыққан АДФ әсер етуімен жүзеге асатын тромбоциттердің белсенділенуінің күшеюін бөгеу арқылы бәсеңдейді.

Белсенді метаболит CYP2С19 энзимдері арқылы түзілетіндіктен, олардың кейбіреулері полиморфты немесе басқа дәрілік қосылыстармен бәсеңдейді, бірақ тромбоциттердің бәсеңдеу дәрежесі науқастардың бәрінде бірдей жеткілікті болмайды.

Күніне 75 мг қайталама дозалары бірінші күннен-ақ АДФ туындатқан тромбоциттер агрегациясының едәуір бәсеңдеуіне әкелді. Тежегіш әсері үдемелі күшейіп, 3-7 күннен соң тепе-тең жағдайға жетті. Тепе-тең жағдай сатысында күніне 75 мг дозада байқалған тежелісінің орташа деңгейі 40%-дан 60% дейін құрады. Тромбоциттер агрегациясы және қан кету уақыты, әдетте, емді тоқтатқаннан кейін 5 күннен соң бастапқы деңгейіне оралды.

Қолданылуы

Атеротромбоздық оқиғалардың алдын алу

- миокард инфарктісінен (бірнеше күннен 35 күнге дейін), ишемиялық инсульттен зардап шегетін (7 күннен 6 айдан аз уақытқа дейін) ересек науқастар немесе шеткергі артериялар ауруы диагностикаланған науқастарда

- жедел коронарлық жеткіліксіздік синдромынан зардап шегетін ересек науқастарда:

- ST сегментінің көтерілуінсіз жедел коронарлық жеткіліксіздік синдромында (тұрақсыз стенокардия немесе Q тісінсіз миокард инфарктісі), соның ішінде коронарлық тамырларға жасалған тері арқылы араласу барысында коронарлық стент орнатылатын науқастарға ацетилсалицил қышқылымен (АСҚ) біріктіріп

- ST сегментінің көтерілуімен жедел миокард инфарктісінде

дәрі-дәрмектік ем алып жүрген тромболитикалық ем жүргізуге жарамды науқастарда АСҚ-мен біріктіріп

Жыпылықтағыш аритмия кезінде атеротромбоздық және тромбоэмболиялық оқиғалардың алдын алу

- қантамыр ауруы қаупінің ең болмаса бір факторы бар жыпылықтағыш аритмиясы бар ересек науқастарда, К витамині антагонистерін (КВА) көтере алмаушылығы бар және қан кету қаупі жоғары емес науқастарда, ми инсультін қоса, атеротромбоздық және тромбоэмболиялық оқиғаларды болдырмау үшін АСҚ-мен біріктіріп

Қолдану тәсілі және дозалары

Ішке қабылдауға арналған. Ас ішуге байланыссыз қабылдауға болады.

Ересектер мен егде жастағы науқастар

Клопидогрелді тәулігіне 1 рет 75 мг қабылдау керек.

Жедел коронарлық жеткіліксіздік синдромынан зардап шегетін науқастарда:

- ST сегментінің көтерілуінсіз жедел коронарлық жеткіліксіздік синдромы (тұрақсыз стенокардия немесе Q тісінсіз миокард инфарктісі): клопидогрелмен емдеу бір реттік 300 мг жүктеме дозадан басталып, артынан тәулігіне бір рет 75 мг дозада (тәулігіне 75-325 мг дозадағы ацетилсалицил қышқылымен) жалғастырылуы тиіс. АСҚ аса жоғары дозалары қан кету қаупімен ілеспелі екендіктен, АСҚ дозасын 100 мг-ден асырмау ұсынылады. Емдеудің ұтымды ұзақтығы іс жүзінде белгіленбеген. Клиникалық зерттеулер деректері препаратты 12 айға дейін қолдануға негіз болады, ең жоғары оң әсері 3 ай емделген соң байқалады;

- ST сегментінің көтерілуімен жедел миокард инфарктісі: клопидогрелді АСҚ және басқа да тромболитикалық дәрілермен біріктіріп немесе оларсыз 300 мг жүктеме дозасынан бастап, бір реттік 75 мг тең тәуліктік дозада қабылдау керек. 75 жастан асқан науқастарда клопидогрелмен емдеуді жүктеме дозасыз бастаған дұрыс. Біріктірілген емді симптомдар білінгеннен кейін мүмкіндігінше ертерек бастап, кем дегенде, 4 апта бойы жалғастырған жөн. Аталған ауру тұсында АСҚ-мен біріктіріп клопидогрелмен 4 апта емдеуден кейінгі оң әсері зерттелмеген («Фармакодинамикаcын» қараңыз).

Жыпылықтағыш аритмиясы бар науқастарға клопидогрел бір реттік 75 мг тең тәуліктік дозада тағайындалу керек. АСҚ (тәулігіне 75-325 мг) қабылдауды бастап, оны клопидогрелмен біріктіріп қолдануды жалғастырған жөн («Фармакодинамикаcын» қараңыз).

Егер дозаны өткізіп алса:

- дәрі қабылдау әдетте жоспарланған уақыттан 12 сағаттан аз өтсе: науқастарға дозаны дереу қабылдау керек, одан кейін келесі дозаны дәрі қабылдау әдетте жоспарланған уақытта қабылдаған жөн

- 12 сағаттан көп өтсе: науқастарға келесі дозаны дәрі қабылдау әдетте жоспарланған уақытта қабылдау керек, бірақ қосарлы дозаны қабылдауға болмайды.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Бүйрек функциясы бұзылған науқастарды емдеу тәжірибесі шектеулі («Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

Жағымсыз әсерлері

Қан кету клиникалық зерттеулер кезінде де, ең алдымен емдеудің алғашқы айында тіркелетін постмаркетингтік кезеңде де тіркелген ең жиі реакция болып табылады.

Клиникалық зерттеулерде де білінген немесе өздігінен келіп түскен хабарламаларда да мәлімделген жағымсыз реакциялар төменде тізбеленген.

Жиі (≥1/100, 1/10)

- гематома және жарақаттық соғылу

- мұрыннан қан кету

- асқазан-ішектен қан кету, диарея, іштің ауыруы, диспепсия

- пункция орнынан қан кету

Жиі емес (≥1/1000,<1/100)

- тромбоцитопения, лейкопения, эозинофилия

- бассүйекішілік қан құйылу (бірнеше жағдайларда өліммен аяқталуы хабарланған), бас ауыру, парестезия, бас айналу

- көзге қан құйылу (конъюнктивалық, окулярлық, ретинальді)

- асқазан мен он екі елі ішектің ойық жарасы, гастрит, құсу, жүрек айну, іш қату, метеоризм

- бөртпе, қышыну, теріге қан құйылу (пурпура)

- гематурия

- қан кету уақытының ұзаруы, нейтрофильдер санының төмендеуі, тромбоциттер санының азаюы

Сирек (≥1/10000, <1/1000)

- нейтропения, соның ішінде ауыр

- вертиго (вестибулярлы бас айналу)

- ретроперитонеальді қан кету

Өте сирек (<1/10000)

- тромбоздық тромбоцитопениялық пурпура (ТТП), апластикалық анемия, панцитопения, агранулоцитоз, ауыр тромбоцитопения, гранулоцитопения,

анемия

- сарысу құю ауруы, анафилактоидтық реакциялар

- елестеулер, сананың шатасуы

- дәм сезудің бұзылуы

- ауыр қан кету, операциялық жарадан қан кету, васкулит, гипотензия

- респираторлық жолдан қан кету (қан түкіру, өкпеден қан кету), бронх түйілу, интерстициальді пневмонит

- өліммен аяқталатын асқазан-ішектік және ретроперитонеальді қан кету, панкреатит, колит (соның ішінде ойық жаралық және лимфоцитарлық), стоматит

- жедел бауыр жеткіліксіздігі, гепатит, бауыр функциясын талдаудың патологиялық көрсеткіштері

- буллёзді дерматит (уытты эпидермалық некролиз, Стивенс-Джонсон синдромы, көп түрлі эритема), ангиоэдема, эритематозды бөртпе, есекжем, экзема және жалпақ теміреткі

- қаңқа-бұлшықеттік қан кету (гемартроз, артрит, артралгия, миалгия)

- гломерулонефрит, қандағы креатинин деңгейінің көтерілуі

- қызба

Белгісіз (қолда бар деректер негізінде бағаланбайды)

- жүре пайда болған гемофилия

- эозинофильді пневмония

- тиенопиридиндерге аса жоғары сезімталдықтың айқаспалы дәрілік реакциясы ысалы, тиклопидин, прасугрел)

- дәрілермен индукцияланған аса жоғары сезімталдық синдромы,

эозинофилия мен жүйелі симптомдар болатын дәрілік бөртпе (DRESS)

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- әсер етуші затқа немесе қосымша заттардың кез келгеніне жоғары сезімталдық

- бауыр функциясының ауыр бұзылуы

- пептидтік ойық жарадан қан кету сияқты жедел қан кету немесе бассүйекішілік қан құйылу

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Ішуге арналған антикоагулянттар: клопидогрелді ішуге арналған антикоагулянттармен бір мезгілде қолдану ұсынылмаған, өйткені осы біріктірілім қан кетуді күшейтуі мүмкін («Айрықша нұсқауларын» қараңыз). Тәулігіне 75 мг клопидогрел қабылдаудың варфаринмен ұзақ уақыт ем қабылдаған науқастарда S-варфарин фармакокинетикасын және халықаралық қалыптасқан қатынасты (ХҚҚ) өзгертпегеніне қарамастан, екі препараттың да гемостазына көрсететін әсерлерінің салдарынан, бір мезгілде клопидогрел мен варфарин қолдану қан кету қаупін арттырады.

Гликопротеин IIb/IIIа тежегіштері: клопидогрел IIb/IIIа гликопротеин тежегіштерін бір мезгілде алатын науқастар жағдайында сақтықпен қолдану керек («Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

Ацетилсалицил қышқылы (АСҚ): АСҚ клопидогрелден болатын АДФ индукциялаған тромбоциттер агрегациясының бәсеңдеуін өзгертпейді, алайда клопидогрел коллагенмен индукцияланған тромбоциттер агрегациясына АСҚ әсерін күшейтеді. Дегенмен де, тәулік бойына күніне екі рет бір мезгілде 500 мг АСҚ қабылдау клопидогрел қабылдаудан болатын қан кету уақытының елеулі ұзаруын туындатпаған. Клопидогрел мен ацетилсалицил қышқылы арасында қан кету қаупінің жоғарылауына апаратын фармакодинамикалық өзара әрекеттесу болуы мүмкін. Сондықтан, осы препараттарды бір мезгілде қолдануды абайлап атқарған жөн («Айрықша нұсқауларын» қараңыз). Оның үстіне, клопидогрел мен АСҚ бір жылға дейін бірге тағайындалған («Фармакодинамикасын» қараңыз).

Гепарин: клопидогрел гепарин дозасын өзгертуді қажет етпеген және гепариннің қанның ұюына тигізетін әсеріне ықпал етпеген. Гепаринді бір мезгілде қолдану клопидогрел туғызған тромбоциттер әсерін бәсеңдетуге ықпал еткен жоқ. Клопидогрел мен гепарин арасында қан кету қаупінің жоғарылауына апаратын фармакодинамикалық өзара әрекеттесу болуы мүмкін. Сондықтан, осы препараттарды бір мезгілде қолдану сақтықпен атқарылуы тиіс («Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

Тромболитикалық дәрілер: клопидогрелді фибринспецификалық және фибринді емес спецификалық тромболитикалық дәрілермен және гепариндермен бірге қолдану қауіпсіздігі жедел миокард инфарктісімен науқастарда зерттелген. Клиникалық мәнді қан кетулер жиілігі АСҚ-мен бірге тромболитикалық дәрілер және гепарин қолдану кезінде байқалуына ұқсас болды («Жағымсыз әсерлерін» қараңыз).

Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер (ҚҚСП): клопидогрел мен напроксенді бірге қолдану асқазан-ішек жолынан жасырын қан жоғалуын арттырды. Алайда, басқа ҚҚСП-мен өзара әрекеттесу бойынша клиникалық зерттеулердің жеткілікті болмауы салдарынан, қазіргі уақытта асқазан-ішектен қан кету қаупінің жоғарылауы барлық ҚҚСП үшін тән екені анық емес. Сондықтан бір мезгілде ҚҚСП (соның ішінде ЦОГ-2 тежегіштері) мен клопидогрел қолдану сақтануды талап етеді («Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

Бір мезгілде жүргізілетін басқа ем: клопидогрел ішінара CYP2С19 көмегімен өзінің белсенді метаболитіне дейін метаболизденетіндіктен, осы энзим белсенділігін бәсеңдететін дәрілік заттарды қолданудың клопидогрел белсенді метаболитінің дәрілік концентрацияларының төмендеуіне әкелуі күтіледі. Осы өзара әрекеттесудің клиникалық мәні түсініксіз. Сақтандыру шарасы ретінде CYP2С19 бәсеңдететін дәрілік заттарды бір мезгілде қолданудан бас тарту керек.

Р450 2С19 цитохромы (CYP2С19)

Фармакогенетикасы: CYP2С19 баяу метаболизаторлары болып табылатын науқастар жағдайында ұсынылған дозалардағы клопидогрелде белсенділігі аз метаболиттер түзіледі, әрі ол тромбоциттер функциясына аз әсер көрсетеді. Науқастардағы CYP2С19 генотипін анықтауға арналған тестілер бар.

CYP2С19 бәсеңдететін дәрілік препараттарға омепразол мен эзомепразол, флувоксамин, флуоксетин, моклобемид, вориконазол, флуконазол, тиклопидин, ципрофлоксацин, циметидин, карбамазепин, окскарбазепин және хлорамфеникол жатады.

Протон помпасының тежегіштері (ППТ):

Омепразол не клопидогрелмен бір мезгілде қабылданған, не екі дәрілік препаратты қабылдау арасындағы 12-сағаттық аралықты сақтаумен қабылданған тәулігіне бір рет 80 мг дозада белсенді метаболит экспозициясын 45% (жүктеме доза) және 40% (демеуші доза) төмендетті. Төмендеуі 39% (жүктеме доза) және 21% (демеуші доза) мәндерімен байланысты болып, тромбоциттер агрегациясы бәсеңдеуінің төмендеуіне ұласты. Клопидогрелмен бір мезгілде қабылданған эзомепразолдың белсенді метаболит экспозициясының төмендеуіне әкелуі де күтіледі.

Маңызды кардиоваскулярлық оқиғаларда көрініс беретін осы фармакокинетикалық (ФК)/фармакодинамикалық (ФД) өзара әрекеттесудің клиникалық мәні туралы қарама-қайшы деректер әрі бақыланатын, әрі клиникалық зерттеулерде ұсынылды. Алдын ала сақтану шарасы ретінде клопидогрелмен бір мезгілде омепразол немесе эзомепразол қолдануға болмайды («Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

Метаболит экспозициясының аз білінетін төмендеулері пантопразол мен лансопразол жағдайында байқалды.

Белсенді метаболиттің плазмалық концентрациялары күніне бір рет 80 мг дозада пантопразолмен емделу кезінде 20% (жүктеме доза) және 14% (демеуші доза) төмендеген. Бұл тромбоциттер агрегациясының орташа тежелісінің, тиісінше, 15% және 11% төмендеуімен қатар жүрген. Бұл нәтижелер клопидогрелді пантопразолмен бірге қолдануға болатынын білдіреді.

Н2-рецепторлар блокаторлары сияқты асқазандағы қышқылдылықты төмендететін өзге дәрілік заттар (CYP2С19 тежегіші болып табылатын циметидинді қоспағанда) мен антацидтердің клопидогрел антитромбоциттік белсенділігіне ықпал ету дәлелдері жоқ.

Басқа да дәрілік препараттар:

Клопидогрел атенололмен немесе нифедипинмен немесе осы заттардың екеуімен де бірге қолданылғанда клиникалық тұрғыда маңызды фармакодинамикалық өзара әрекеттесулері байқалмаған. Бір мезгілде фенобарбитал немесе эстроген қолдану клопидогрел фармакодинамикалық белсенділігіне елеулі ықпалын тигізбеген.

Бір мезгілде клопидогрел қолдану кезінде дигоксин мен теофиллин фармакокинетикасы өзгермеген.

Антацидті дәрілер клопидогрелдің сіңірілу дәрежесін өзгертпеген.

CYP2С9 арқылы метаболизденетін фенитоин мен толбутамидті клопидогрелмен бір мезгілде қауіпсіз қолдануға болады.

Айрықша нұсқаулар

Қан кетулер және гематологиялық бұзылулар

Емделу кезіндегі қан кету қатері мен гематологиялық жағымсыз реакцияларға орай, қан кетуді көрсететін клиникалық симптомдар білінгенде бірден жалпы қан талдауын жасаған және/немесе басқа да тиісті талдаулар өткізген жөн («Жағымсыз әсерлерін» қараңыз). Басқа да антитромбоциттік дәрілер сияқты, клопидогрелді жарақаттанумен, хирургиялық немесе басқа да патологиялық жай-күйлермен байланысты қан кетудің күшею қаупіне ұшырауы мүмкін науқастар жағдайында, сондай-ақ АСҚ, гепаринмен, IIb/IIIа гликопротеин тежегіштерімен немесе ЦОГ-2 тежегіштері қамтылатын қабынуға қарсы стероидты емес дәрілермен (ҚҚСП) емделіп жүрген науқастар жағдайында абайлап қолдану керек. Жасырын қан кетуді қоса, қан кетудің кез келген белгілері болған науқастарды, әсіресе, емдеудің алғашқы апталарында және/немесе жүрекке жасалатын инвазиялық емшаралардан немесе хирургиялық араласудан соң мұқият бақылауға алу қажет. Ішуге арналған антикоагулянттармен бір мезгілде клопидогрел қолдану ұсынылмайды, өйткені бұл қан кетуді күшейтуі мүмкін («Дәрілермен өзара әрекеттесуін» қараңыз).

Егер науқас элективті хирургиялық араласу алдында тұрса, әрі антитромбоциттік әсер уақытша қалаусыз болса, клопидогрел қабылдауды операцияға дейін 7 күн бұрын тоқтату керек. Кез келген жоспарланған операция мен кез келген жаңа дәрілік препаратты қабылдар алдында науқастар терапевттер мен стоматологтарды өздерінің клопидогрел қабылдап жүргені жөнінде ескертуі тиіс.

Клопидогрел қан кету уақытын ұзартады, сондықтан қан кетуге бейімдейтін (әсіресе, асқазан-ішектік және көзішілік) патологиялық өзгерістері бар науқастарда сақтықпен қолданылуы тиіс.

Науқастарды Зилт (өзін немесе АСҚ-мен біріктіріп) қабылдау кезінде қан кетуді тоқтатуға көп уақыт қажет болатынынан және, егер оларда көзделмеген қан кету (орналасуы немесе ұзақтығы бойынша) пайда болса, өз емдеуші дәрігеріне мәлімдеуі керектігінен хабардар еткен жөн.

Тромбоздық тромбоцитопениялық пурпура (ТТП)

Өте сирек, Зилт қолданудан кейін, ал кейде ұзаққа созылмаған экспозициядан соң тромбоздық тромбоцитопениялық пурпура (ТТП) жағдайлары болды. Ол неврологиялық өзгерістер, бүйрек дисфункциясы немесе қызба қатар жүретін тромбоцитопениямен және микроангиопатиялық гемолитикалық анемиямен сипатталады. ТТП, плазмаферезді қоса, шұғыл емдеуді талап ететін өмірге қатерлі ахуал болып табылады.

Жүре пайда болған гемофилия

Клопидогрел қолданудан кейін жүре пайда болған гемофилия жағдайы жөнінде хабарлама болды. Қан кетумен немесе оларсыз оқшауланған ішінара белсендірілген тромбопластин уақытының (іБТУ) ұзаруы расталған жағдайда жүре пайда болған гемофилияны қарастыру қажет. Жүре пайда болған гемофилия диагнозы расталған емделушілерде клопидогрел қабылдауды тоқтату керек, емделушілерге тиісті емдеу және мамандардың бақылауы қажет.

Жедел ишемиялық инсульт

Деректер болмауына орай, жедел ишемиялық инсульттен кейінгі алғашқы 7 күнде Зилт® ұсынуға болмайды.

Айқаспалы аллергиялық аса жоғары сезімталдық.

Емделушілер сыртартқысында басқа тиенопиридиндерге (мысалы, тиклопидин, прасугрелге) аса жоғары сезімталдықтың болуы жөнінде тексерілуі тиіс, егер ол бар болса, оларды емделу кезінде клопидогрелге жоғары сезімталдық белгілері тұрғысынан мұқият бақылау керек.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Бүйрек функциясы бұзылған науқастарды Зилтпен емдеу тәжірибесі шектеулі. Сондықтан, ондай науқастар жағдайында Зилт® абайлап қолданылу керек.

Бауыр функциясының бұзылуы

Бауыр функциясының бұзылу ауырлығы орташа дәрежедегі геморрагиялық диатезге бейім науқастардың препаратты қолдану тәжірибесі шектеулі. Осыған орай, бұл қауымда Зилт® сақтықпен қолданылуы тиіс.

Қосымша заттар

Зилт құрамында лактоза бар. Галактоза көтере алмаушылықтың сирек тұқым қуалайтын бұзылулары, Лапп лактаза тапшылығы және глюкоза мен галактоза мальабсорбциясы синдромы бар емделушілерге бұл препаратты қабылдауға болмайды.

Бұл дәрілік препарат құрамында асқазан бұзылысы мен диарея туындататын гидрогенизирленген майсана майы бар.

Педиатрияда қолдану

18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерде Зилт® қолдану қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Жүктілік және лактация кезеңі

Жүктілік кезіндегі клопидогрел әсері туралы клиникалық деректердің болмауына орай, алдын ала сақтану шарасы ретінде жүкті кезде клопидогрел қолданбаған дұрыс.

Адамның емшек сүтіне клопидогрелдің өтуі белгісіз. Клиникаға дейінгі зерттеулер клопидогрелдің ана сүтіне өтетінін көрсетті. Алдын ала сақтану шарасы ретінде, Зилтпен емделу кезінде бала емізуді жалғастыруға болмайды.

Фертильділік

Клиникаға дейінгі зерттеулерде клопидогрелдің фертильділікке әсер ететіні дәлелденбеген.

Дәрілік заттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Жиі емес бас айналу құбылыстарына немесе өте сирек жағымсыз әсерлерге орай, автокөлікті немесе жұмыс механизмдерін басқару кезінде сақтықпен қолдану керек.

Артық дозалануы

Симптомдары: клопидогрел қабылдағаннан кейінгі артық дозалану қан кету уақытының ұзаруына және қан кетудің әріқарай асқынуына әкелуі мүмкін.

Емі: қан кету жағдайында тиісінше емдеу қажет болуы мүмкін. Клопидогрелдің фармакологиялық белсенділігінің у қайтарғысы табылмаған. Егер қан кетудің ұзарған уақытын тез түзету қажет болса, тромбоциттер трансфузиясымен клопидогрел әсерлерін басуға болады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

7 таблеткадан ламинацияланған полиамид/ алюминий/поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салады.

2 немесе 4 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамада, 30 ºС-ден аспайтын температурада, ылғалдан қорғалған жерде сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

 

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

­

Өндіруші

КРКА-ФАРМА, д.o.o., Хорватия, Радничка цеста 48, 10000 Загреб, Хорватия

Қаптаушы

КРКА-ФАРМА, д.o.o., Хорватия, Радничка цеста 48, 10000 Загреб, Хорватия

Тіркеу куәлігінің иесі

КРКА д.д. Ново место, Словения

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйым мекенжайы

«КРКА Қазақстан» ЖШС, ҚР, 050059, Алматы қ., Әл Фараби д-лы 19,

1 б корпус, 2 қабат, 207 кеңсе

тел. 8 (727) 311-08-09, факс 8 (727) 311-08-12

info.kz@krka.biz

 

Прикрепленные файлы

833499951477976700_ru.doc 125 кб
633208531477977864_kz.doc 137.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники