Доксорубицин
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Доксорубицин "Эбеве"
Халықаралық патенттелмеген атауы
Доксорубицин
Дәрілік түрі
Инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған концентрат, 10 мг/5 мл, 50 мг/25мл
Құрамы
1 мл ерітіндінің құрамында
белсенід зат - 2 мг доксорубицин гидрохлориді
қосымша заттар: натрий хлориді, 10% хлорлы сутек қышқылы, инъекцияға арналған су.
Сипаттамасы
Қызыл түсті мөлдір ерітінді.
Фармакотерапиялық тобы
Ісікке қарсы препараттар. Ісікке қарсы антибиотиктер. Антрациклиндер. Доксорубицин.
АТХ коды L01DB01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Доксорубицинді көктамыр ішіне енгізгеннен кейін шығарылуы 30 сағатқа жуық ақырғы жартылай шығарылуымен оның плазмадан үш фазалы шығарылуымен сипатталады. Таралу көлемі шамамен 25 л/кг құрайды. Плазма ақуыздарымен байланысуы 70%-ға жуықты құрайды. Барынша жоғары концентрациялары өкпеде, бауырда, көкбауырда, бүйректе, жүректе, аш ішекте және сүйек кемігінде байқалған. Доксорубицин гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтпейді.
Доксорубицин белсенділігі төмен болып табылатын 13-дигидрогеназа доксорубицинолдың негізгі метаболитін түзу арқылы тез метаболизденеді. Бес күн бойы шамамен 5% несепте болады, 40-50%-ы 7 күннен кейін өтпен шығарылады. Бауыр функциясының төмендеуі препараттың барынша баяу шығарылуына әкеледі.
Фармакодинамикасы
Streptomyces peucetius var. сaesius өсіріндісінен бөлініп шыққан антрациклинді қатардың ісіктерге қарсы антибиотигі. Ол даунорубициннен жартылай синтетикалық әдіспен өндіріледі. Доксорубицин тіндерді қатты тітіркендіреді.
Доксорубициннің биологиялық белсенділігі ДНҚ-мен өзара әрекеттесуіне негізделген, бұл ферменттік жүйенің тежелуіне әкеледі, бұл ДНҚ репликациясы мен ДНҚ транскрипциясы үшін шешуші рөл атқарады. Жасушалық циклдің бөгелуі S-фаза және митоз бойы ең жоғарыға жетеді, алайда тежелуі жасушалық циклдің басқа фазаларында да байқалған.
Қолданылуы
- сүт безі обырында
- остеосаркоманы неоадъювантті және адъювантті емдеуде
- ересектердегі жұмсақ тіндердің үдемелі саркомасында
- ұсақ жасушалы өкпе обырында (ҰЖӨО)
- Ходжкин лимфомасында
- соңғы сатыдағы ходжкиндік емес қатерлі лимфомаларда
- жедел лимфалық лейкемияның индукциялық және консолидациялайтын емінде
- жедел миелобласттық лейкозда
- үдемелі көптеген миеломада
- үдемелі немесе қайталанатын папиллярлық эндометрия обырында
- үдемелі немесе қайталанатын папиллярлық / фолликулалық қалқанша без
карциномасында
- қалқанша бездің анапластикалық карциномасында
- үдемелі немесе метастаздалатын қуық обырын жүйелі емдеуде
- трансуретральді резекциядан кейін қуықтың беткейлік ісіктерінің қайталануын интравезикулярлық алдын алуда
- аналық бездің қайталанатын обырында
- Вильмс ісігінде (жоғарғы қатерлі типтердің II сатысы, барлық үдемелі сатылар[III-IV])
- үдемелі нейробластомаларда
- Юинг саркомасында
Доксорубицин басқа цитостатиктермен химиотерапияның дозалау режимімен бірге жиі пайдаланылады.
Қолдану тәсілі және дозалары
Тек көктамыр ішіне және интравезикулярлық қолдануға арналған.
Инемен тесер алдында ампуланы бөлме температурасына дейін жылыту керек.
Доксорубицинді цитостатиктерді қолданумен емдеуде тәжірибесі бар тек білікті дәрігердің бақылауымен енгізу керек. Бұдан бөлек, емделуші емдеу кезінде қатаң және тұрақты бақылауда болуы тиіс.
Кардиомиопатия себебінен өлімге әкелу қаупінің жоғары болуына байланысты препаратты әр енгізер алдында әрбір емделуші үшін жекелей қауіп пен пайдасын ескеру керек.
Емді бастар алдында АСТ, АЛТ, сілтілік фосфотаза және билирубин сияқты стандартты тестілер көмегімен бауыр функциясын тексеру ұсынылады. Сондай-ақ, бүйрек функциясын да тексеру қажет.
Емделушінің жүрек өткізгіштігін анықтау үшін ультрадыбыстың немесе жүрек сцинтиграфиясының көмегімен сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясының (СҚЛФ) талдауын орындау керек. Мұндай тексеруді емді бастағанға дейін және шамамен 100 мг / м ² әрбір жинақталған дозадан кейін жүргізу керек.
Доксорубицинді көктамыр ішіне (IV) абайлап енгізу керек. Дәрілік затты көктамырішілік еркін ағымды натрий хлоридінің ерітіндісімен немесе 5% глюкоза ерітіндісімен 3-5 минут бойы енгізу ұсынылады. Бұл әдіс күрделі теріастылық флегмона, күлдіреуіктер мен тін некрозы түзілуін туғызуы мүмкін көктамыр маңы экстравазациясы мен тромбоздың даму қаупін төмендетеді. Доксорубицинді бір реттік доза ретінде бірнеше минут ішінде, қысқа инфузия ретінде бір сағат ішінде немесе үздіксіз инфузия ретінде 24 сағат ішінде енгізуге болады. Тіпті, аспирациядан кейін де ретроградты қан ағымы болатыны белгілі болса да анық болатын экстравазация қаупі салдарынан тікелей көктамыр ішіне құю ұсынылмайды.
Доксорубицинді бұлшықет ішіне, тері астына, оральді немесе интратекальді енгізуге БОЛМАЙДЫ.
Көктамыр ішіне енгізу
Доза әдетте дене беткейінің ауданына байланысты (мг/м²). Доксорубицинді енгізуге арналған дозалау сызбасы көрсетілімдерге (қатты ісіктер немесе жедел лейкоз), белгілі бір емдеу сызбаларымен (монотерапия ретінде немесе басқа да цитостатиктермен біріктірілімде немесе құрамына химиотерапия, хирургия, сәулемен емдеу және гормональді емдеу кіретін көп бейінді емдеу құрамында) қолдануға байланысты құбылуы мүмкін.
Монотерапия
Ұсынылатын доза 21 күн аралықпен енгізілетін 2-3 кейінгі күндерге көктамыр ішіне немесе жеке дозалар түрінде дене беткейінің ауданына 60-75 мг/м² құрайды. Дозалау сызбасы мен дозаны хаттама бойынша бейімдеуге болады.
Біріктіріп емдеу
Егер доксорубицин гидрохлориді басқа да цитостатикпен бірге енгізілетін болса, дозаны әр 3-4 апта сайын 30-60 мг/м² азайту қажет.
Ең жоғарғы жиынтық доза
Ең жоғарғы жиынтық доза дене беткейінің ауданына 450-550 мг/м² аспауы тиіс. Даунорубицин сияқты қатар жүретін препараттарды қолдануды қоса.
Бұрын көкірек ортасы және/немесе жүрекке сәулемен ем қабылдаған қатар жүретін жүрек-қантамыр аурулары бар емделушілерде, алкилдеуші препараттармен ем қабылдаған емделушілерде және операциялық қауіп дәрежесі жоғары емделушілерде (мысалы, 5 жылдан астам уақыт артериялық гипертониясы бар емделушілер, коронарлық жүрек ауруы бар, жүрек ақауы немесе миокардиальді жүрек ауруы бар емделушілер немесе 70 жастан асқан емделушілер) ең жоғарғы жиынтық доза 400 мг/м² аспауы тиіс, сонымен қатар, ондай емделушілердің жүрек-қантамыр жүйесі қызметін бақылап отыру қажет.
Емделушілердің арнайы тобы
Иммунитеті әлсіз емделушілер
Иммунитеті әлсіз емделушілерде доза азайтылуы тиіс. Балама доза дене беткейінің ауданына аптасына 15-20 мг/м² құрайды.
Бауыр функциясының бұзылуы бар емделушілер
Бауыр функциясы төмен болған жағдайда доза төмендегі кестеге сәйкес төмендетілуі тиіс:
Сарысулық билирубин |
Ұсынылатын доза |
20–50 ммоль/л |
қалыпты дозаның ½ |
> 50–85 ммоль/л |
қалыпты дозаның ¼ |
Доксорубицинді бауырдың ауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерге қолдануға болмайды.
Бүйрек функциясының бұзылуы бар емделушілер
Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге (ШСЖ (Шумақтық сүзіліс жылдамдығы) 10 мл/мин төмен) жоспарланған дозаның 75%-ын енгізу керек.
Жүрек функциясының бұзылу қаупі бар емделушілер
Кардиоуыттылық қаупі жоғары емделушілерде инъекция орнына бір мәртелік дозадан бастап емдеу қолданылады, 24 сағаттық үздіксіз инфузия ұсынылады. Бұл тәсіл емдік әсерін төмендетпестен кардиоуыттылық жиілігін төмендетеді. Мұндай науқастарда әрбір емдеу курсы алдында лықсу фракциясын өлшеу қажет.
Сүйек кемігінің шектеулі қоры бар емделушілер
Миелосупрессивтік дәрілермен емдеуді бастан өткерген емделушілерде доза төмендетілуі мүмкін. Сүйек кемігінің қоры жеткіліксіз болуы мүмкін.
Семіздігі бар емделушілер
Семіздігі бар емделушілерде бастапқы дозаны төмендету немесе қабылдау аралықтарын ұлғайту ұсынылады.
Егде жастағы емделушілер (65 жастан асқан)
Егде жастағы емделушілерде доза төмендетілуі тиіс.
Балалар
Доксорубицинмен туындаған балаларда кардиоуыттылықтың елеулі қаупін ескере отырып, емделушінің жасына байланысты белгілі бір ең жоғарғы жиынтық дозаны сақтау керек. Балаларда (12 жастан кіші) ең жоғарғы жиынтық доза 300 мг/м² құрайды, ал жасөспірімдерде (12 жас және одан жоғары) ең жоғарғы жиынтық доза 450 мг/м2 құрайды. Кішкентай балаларда ең жоғарғы жиынтық доза әлі анықталған жоқ, алайда, қолданылатын доза едәуір төмен болуы тиіс.
Балаларда доза азайтылуы тиіс, себебі әсіресе кеш басталуымен кардиоуыттылықтың барынша жоғары қаупін төндіреді. Емді бастағаннан кейін 10-нан 14 күнге дейін нейтрофилдер деңгейін ең көп төмендеткен соң миелоуыттылықты күтуге болады.
Қуық ішіне енгізу
Қуықтың беткейлік ісіктерін емдеу үшін және трансуретральді резекциядан (ТУР) кейін қайталанудың алдын алу үшін доксорубицинді қуыққа енгізуге болады. Қуықтың беткейлік ісіктерін қуықішілік емдеу үшін ұсынылатын доза инсталляцияға натрий хлориді ерітіндісінің 25-50 мл-мен 30-50 мг құрайды. Оңтайлы концентрация шамамен 1 мг/мл құрайды. Ерітінді 1-2 сағат бойы қуықта қалуы тиіс. Осы уақыт ішінде емделуші әр 15 минут сайын 90°-қа (бір қырынан екінші қырына) аударылуы тиіс. Препараттың несеппен шамадан тыс сұйылтылуын болдырмау үшін емделушілерге инсталляция алдында 12 сағат бойы сұйықтық ішпей тұра тұру керектігін ескертіп қою керек, бұл несептің өндірілуін шамамен 50 мл/сағ дейін азайтады. Емнің мақсатына – емдеу немесе алдын алуға байланысты исталляцияны 1 аптадан бастап 1 айға дейін енгізу аралығымен жүргізуге болады.
Утилизация және басқа қолдану бойынша ерекше сақтандыру шаралары
Доксорубицинді 0,1 мг/мл-ден 1,0 мг/мл-ге дейінгі ауқымда 9 мг/мл (0,9%) инфузияға арналған натрий хлориді ерітіндісімен немесе 50 мг/мл (5%) инфузияға арналған глюкоза ерітіндісімен көктамырішілік ерітінді түрінде сұйылтуға болады.
Тек бір рет пайдалануға арналған. Қалдығын жою керек.
Цитостатиктерге арналған жою және қолдану ережелерін сақтаңыз.
Осы препараттың уытты қасиетіне байланысты төмендегі сақтандыру шараларын орындау керек:
Қызметкер осындай препараттарды қолдануға қатысты оқытылуы тиіс. Қызметкерлердің ішіндегі жүкті әйелдер аталған препаратпен жанасудан аулақ болуы тиіс.
Доксорубицинмен жұмыс істейтін қызметкерлер қорғаныс киімдерін: көзілдірік, арнайы киім, бір реттік қолғаптар және бетперделер киіп жүрулері қажет.
Тазалау үшін пайдаланылатын барлық заттарды, соның ішінде қолғаптарды қауіп дәрежесі жоғары қалдықтар ретінде жою керек және жоғары температурада (700 °C) өртелуі тиіс.
Терімен немесе көзбен кездейсоқ жанасып кеткен жағдайда көп мөлшердегі сумен немесе сабындап не болмаса натрий бикарбонаты ерітіндісімен тез шаю қажет. Дәрігерге қаралу керек.
Төгілген доксорубицинді сұйылтылған натрий гипохлориді (1% хлорит бар) ерітіндісімен өңдеу керек, оны мүмкіндігінше өзара әрекеттесу үшін түнге қарай қалдыру керек және сумен шаю қажет.
Тазалау үшін пайдаланылатын барлық заттар жоғарыда көрсетілгендей жойылуы тиіс.
Инфузия үшін ұсынылатын ерітінділер: көктамыр ішіне құюға арналған 0,9% салмақ/көлем натрий хлориді ерітіндісі, көктамыр ішіне құюға арналған 5% салмақ/көлем глюкоза ерітіндісі немесе көктамыр ішіне инфузиялауға арналған натрий хлориді мен глюкоза.
Түрлі дозалау сызбалары болғандықтан, цитостатикалық емдеуде жұмыс тәжірибесі бар дәрігердің нұсқауымен ғана қолдану керек.
Жағымсыз әсерлері
Доксорубицинмен емдеу жағымсыз әсерлерді жиі туындатады, олардың кейбірі жеткілікті түрде күрделі болып табылады, ол емделушіні мұқият бақылауды қажет етеді. Жағымсыз әсерлердің жиілігі мен типі енгізу жылдамдығына және дозаға байланысты. Сүйек кемігінің жұмысын басу жедел дозолимиттейтін жағымсыз әсер болып табылады, бірақ ол негізінен уақытша.
Доксоробуцинмен туындаған клиникалық салдарлар: сүйек кемігінің ауыр уыттылығы/гематологиялық уыттылыққа қызба, жұқпалар, сепсис/ септицемия, сепсистік шок, қан кету, тіндік гипоксия немесе өлім кіреді. Жүрек айнуы, құсу және алопеция барлық дерлік науқастарда байқалады.
Интравезикулярлық енгізу төмендегі жағымсыз әсерлерді туғызуы мүмкін: гематурия, қуық пен уретраның тітіркенуі, странгурия және поллакиурия. Бұл реакциялар әдетте орташа ауырлық дәрежесіндегілер және қысқа мерзімдік болып табылады.
Доксорубицинді интравезикулярлық енгізу кейде геморрагиялық цистит туғызады. Бұл қуық сыйымдылығының азаюына әкелуі мүмкін.
Экстравазация ауыр флегмонаны, везикуляцияны, тромбофлебитті, лимфангит және жергілікті тіндер некрозын туғызуы мүмкін, бұл оперативтік араласуды, соның ішінде тері трансплантациясын қажет етуі мүмкін.
Жағымсыз әсерлері төменде ағзалар жүйесінің класы және абсолюттік жиілік бойынша келтірілген (барлық бекітілген фактілер). Жиілігі былай анықталады:
Өте жиі ( 1/10), жиі ( 1/100 <1/10 дейін), жиі емес ( 1/1000 <1/100 дейін), сирек ( 1/10,000 <1/1000 дейін), өте сирек (<1/10,000), белгісіз: қолда бар деректер бойынша анықтау мүмкін емес.
Өте жиі ( 1/10)
-
лейкопенияны, нейтропенияны, фебрильді нейтропенияны, панцитопенияны, тромбоцитопенияны, анемияны қоса миелосуппрессия. *
-
кардиоуыттылық **
-
тромбофлебит
-
асқазан-ішек бұзылулары ***, диарея, жүрек айнуы және құсу, шырышты қабықтың қабынуы, стоматит, эзофагит.
-
шаштың түсуі (дозаға байланысты және көп жағдайда қайтымды құбылыс болып табылады), қызару, жарыққа сезімталдық
-
несептің қызыл түске боялуы
-
ысыну
Жиі ( 1/100 <1/10 дейін)
-
өмірге қауіпті іркілісті (дилятативтік) кардиомиопатия (550 мг / м ² жинақталған дозадан кейін), синустік тахикардия, қарыншалық тахикардия, тахиаритмия, қарыншаүсті және қарыншалық экстрасистолия, брадикардия, аритмия. Сол жақ қарынша лықсыту фракциясының симптомсыз төмендеуі.
-
қан құйылу, флебит
-
анорексия
-
сәулеленген бөлікте аса жоғары сезімталдықтың жергілікті реакциясы (сыртартқылық радиациялық феномен), қышыну.
-
дизурия, интравезикулярлық енгізгеннен кейінгі химиялық цистит (дизурия салдарымен, мысалы, везикулярлық тітіркену, уретраның тітіркенуі, дизурия, странгурия, поллакиурия,гематурия, везикулярлық түйілулер, геморрагиялық цистит).
Жиі емес ( 1/1000 <1/100 дейін)
-
сепсис, септицемия
- жедел лимфоцитарлық лейкоз, жедел миелобласттық лейкоз
-
асқазан-ішектен қан кету, іштің ауыруы, ауқымды қан құйылумен және ауыр жұқпалармен бірге тоқ ішек некрозы
-
сусыздану
Сирек ( 1/10,000 <1/1000 дейін)
- тыныс алуға әсер ететін қабақ пен тілдің ангионевроздық ісінуі
- есекжем, экзантема, тері мен тырнақтың гиперпигментациясы, онихолизис, экстравазация (ауыр флегмонаны туғызуы мүмкін, күлдіреуіктердің түзілуі, тромбофлебит, лимфангит және жергілікті тіндер некрозы).
- қалтырау, бас айналуы, енгізген бөліктегі реакция (көктамыр кірісі бойынша жергілікті эритематозды реакциялар, ауыру, флебит, флебофиброз)
Өте сирек (<1/10,000)
-
гиперурикемия
-
ЭКГ спецификалық емес өзгеруі (ST толқындарының өзгеруі , төмен вольтті тісше, QT толқынының ұзын аралығы). Өмірге қауіпті аритмия, сол жақ қарыншаның жедел жеткіліксіздігі, перикардит, перикардит-миокардит фатальді синдромының бірлі-жарым жағдайлары. Атриовентрикулярлық блокада және Гис шумағы тармағының блокадасы.
-
тромбоэмболиялар
-
асқазан эрозиясы/ шырышты қабықтың (ауыздың, жұтқыншақтың, өңештің, асқазан-ішек жолының) ойық жарасы, ойық жаралануы, ауыз қуысының шырышты қабығының гиперпигментациясы.
-
акральді эритема, күлдіреуіктердің түзілуі, алақан-табан эритродизестезиясы.
- жедел бүйрек жеткіліксіздігі (жекелеген жағдайлар), гиперурикемия,
несеп қышқылы түзілуінің жоғарылауымен байланысты нефропатия,
жедел лимфоцитарлық немесе миелоцитарлық лейкоздың дамуы.
Белгісіз: қолда бар деректер бойынша анықтау мүмкін емес
-
анафилаксия
-
конъюнктивит / кератит, жас ағудың күшеюі
-
шок
-
бронх түйілуі
-
гепатоуыттылық (кейде циррозға көшетін), бауыр ферменттері белсенділігінің транзиторлы жоғарылауы.
-
актиниялық кератоз
-
артралгия, жалпы бұлшықет әлсіздігі
-
аменорея, ысыну, олигоспермия, азооспермия
-
бұрын емделген, доксорубицинді енгізгеннен кейін қайта пайда болуы мүмкін радиациялық зақымданулар (тері, өкпе, өңеш, асқазанның, жүректің шырышты қабығы)
* Миелосупрессия өте күрделі болуы мүмкін дозолимиттейтін жағымсыз әсерлердің бірі болып табылады. Ол негізінен лейкоциттер санының төмендеуімен білінеді. Лейкопения 21 күн сайын 60 мг/м² препарат қабылдайтын, сүйек кемігінің тиісті қоры бар 75% дерлік емделушіде байқалған. Сондай-ақ, тромбоцитопения, нейтропения және анемия жағдайлары тіркелген, бірақ олар осынша жиі болмаған. Сүйек кемігі қызметінің басылуына байланысты сол дәрежеде асқын жұқпалар (өте жиі) және қан кету байқалды. Миелосуппрессия әдетте доксорубицинді енгізгеннен кейін 10-нан 14 күнге дейінгі шекке жетеді және көптеген жағдайларда 21 мен 28 күн арасында қысқарады. Егер тромбоцитопения немесе анемия туындаса, онда олар әдетте сол уақыт кезеңінде жүреді, бірақ әдетте онша күрделі емес.
** Доксорубицин кардиуытты болып табылады. Кардиологиялық жағымсыз әсерлер қаупі медиастинальді аумақты сәулемен емдеу кезінде және одан кейін, әлеуетті кардиоуытты дәрілермен (мысалы, антрациклиндер, циклофосфамид) алдын ала емдегеннен кейін және егде жастағы емделушілерде (60 жастан бастап және одан жоғары) артады.
Доксорубициннің кардиоуытты әсерлерінің екі түрі болуы мүмкін:
Жедел түрі
Жедел жағымсыз әсерлері әдетте емді бастағаннан кейін дозаға байланыссыз 24-тен 48 сағатқа дейін туындайды және төмендегі симптомдармен сипатталады: уақытша аритмия (жиі), әсіресе синустық тахикардия (жиі) және қарыншаүсті және қарыншалық экстрасистолалармен. Олар (өте сирек) ЭКГ спецификалық емес өзгеруімен (ST толқындарының өзгеруі, төмен вольтті тісше, QT толқынының ұзын аралығы) сипатталады.
Бұл өзгерістер әдетте қайтымды және олардың пайда болуы доксорубицинді көп рет пайдалану үшін қарсы көрсетілім болып табылмайды. Дегенмен, доксорубицинді қабылдаған кезде немесе қабылдағаннан кейін бірнеше сағаттан соң өмірге қауіпті аритмия туындауы мүмкін. Жекелеген жағдайларда сол жақ қарыншаның жүрек жеткіліксіздігі, перикардит немесе перикардит-миокардиттің фатальді синдромы жағдайлары тіркелген.
Баяу біліну түрі
Жағымсыз әсерлері әдетте қайтымсыз және жиі өмірге қауіпті болып табылатын жиынтық дозаға тәуелді органның уыттануының баяу білінуі түрінде туындайды. Жағымсыз әсерлері ем аяқталғаннан кейін бірнеше ай бойы сол жақ қарынша жеткіліксіздігі белгілерімен іркілісті кардиомиопатия ретінде жиі білінеді. Алғаш рет кардиоуыттылық ем аяқталғаннан кейін бірнеше жылдан кейін білінуі мүмкін. Оның жиілігі жалпы жиынтық дозамен артып отырады.
*** Доксорубицин жоғары эметогенді қабілеттілікке ие. 80% -ға жуық емделушіде емнің бірінші күні және кейінірек қатты жүрек айнуы және құсу білінеді.
Доксорубицинді қуық ішіне енгізгеннен кейін мұрынның шырышты қабығының ісінуі, тахипноэ және ентігуді қоса жүйелі реакциялардың бірлі-жарым жағдайлары тіркелген.
Доксорубицинді метотрексатпен және циклофосфамидтермен жүйелі біріктірілген химиотерапиясын зерттеген кезде өлімге әкелетін асқынулары бар радиациялық пневмонит байқалған. Егер ентігу пайда болса, оны антрациклинмен туындаған жүрек-бұлшықет бұзылуларына жататын белгі ретінде қарастыру керек.
Бұдан бөлек, бірлі-жарым миастения жағдайы тіркелген.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
Доксорубицинге, басқа антрациклиндерге немесе антрацендиондарға немесе препараттың басқа да компоненттеріне аса жоғары сезімталдық
Көктамыр ішіне енгізуге қарсы көрсетілімдер:
-
айқын көрінетін жазылмайтын миелосупрессия және/немесе алдыңғы цитоуытты емдеуден және/немесе сәулеленумен туындаған жедел стоматит (қан құйылудың жоғары қаупі бар емделушілерді қоса)
-
ІV класты жүрек жеткіліксіздігі
-
жедел жүйелі жұқпа
-
бауыр функциясының ауыр бұзылулары
-
жүректің гемодинамикалық, шектеулі функциясына жағымсыз әсер ететін ауыр аритмия, жедел миокард инфаркті, бастан өткерген миокард инфаркті, жүректің жедел қабыну аурулары
-
алдында ең жоғарғы жиынтық дозамен антрациклинмен емдеу
-
геморрагиялық диатез
-
ауыз қуысының шырышты қабығының қабынуы
-
жүктілік және лактация кезеңі
Интравезикулярлық енгізген кезде қолдануға болмайтын жағдайлар:
- қуыққа өтіп кеткен пролиферациялайтын ісіктер (T1 және одан жоғары)
- несеп жолдарының жұқпасы
- қуықтың қабынуы
- катетеризация жағдайлары
- гематурия
-
жүктілік және лактация кезеңі
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Доксорубицин кардиоуытты препараттарға жатады, оның әсері басқа антрациклиндермен немесе басқа да әлеуетті кардиоуытты препараттармен (мысалы, 5-Фторурацил, циклофосфамид немесе паклитаксел) немесе жүрек функциясына әсер ететін дәрілік препараттармен (мысалы, кальций өзекшелерінің бөгегіштері) алдыңғы немесе қатар жүретін емнен кейін күшейеді. Егер доксорубицин жоғарыда аталған препараттармен бірге пайдаланылса, жүрек функциясын мұқият бақылау керек.
Трастузумабты антрациклиндермен (мысалы, доксорубицин) біріктіріп пайдалану кардиоуыттылықтың жоғары қаупімен байланысты.
Егер бұл мүмкін болса, дәрігерлер трастузумабпен емдеуді тоқтатқаннан кейін 24 аптаға дейінгі мерзімде антрациклиндер негізінде ем қолдануды болдырмаулары тиіс. Егер антрациклиндер қолданылса, емделушінің жүрек функциясы мұқият бақылануы тиіс. Антрациклиндер мен трастузумабты бір уақытта қолдану жүрек функциясын тұрақты бақылау арқылы қатаң қадағаланатын клиникалық зерттеулермен шектелуі тиіс. Бұрын антрациклиндер қабылдаған емделушілер үшін трастузумабпен емдеген кезде кардиоуыттылық қаупі бар. Дегенмен, бұл қауіп трастузумаб пен антрациклиндерді бір уақытта қолданғандағыға қарағанда төмен.
Сүйек кемігінің функциясына әсер ететін препараттармен (мысалы, цитостатик, сульфаниламид, хлорамфеникол, фенитоин, амидопирин туындылары, антиретровирустык препараттар) алдында емдеу күрделі гематопоэздік бұзылыстарға әкелуі мүмкін. Қажет болғанда доксорубицин дозасы өзгертілуі тиіс. Басқа цитостатиктермен (мысалы, цитарабин, цисплатин, циклофосфамид) біріктіргенде доксорубицинмен емдеу кезінде уытты әсерлері күшейеді.
Доксорубицинді амфотерицин B-мен біріктіруге болмайды, себебі бұл айқын нейроуыттылыққа әкелуі мүмкін.
Доксорубицин мен ритонавирді бірге енгізгенде сарысудағы доксорубицин деңгейі жоғарылайтыны белгілі болды.
Басқа да гепатоуытты препараттармен (мысалы, 6-меркаптопурин) бірге қолданғанда доксорубициннің гепатоуыттылығы күшейеді.
Барбитураттар доксорубициннің жедел плазмалық клиренсін туғызуы мүмкін.
Несеп қышқылының (мысалы, сульфонамид және кейбір диуретиктер) шығарылуын төмендететін дәрілік заттарды бір уақытта қолдану гиперурикемияға әкелуі мүмкін.
Доксорубицин гидрохлоридін циклоспоринмен бірге қолданғанда дозаны түзету қажет болуы мүмкін. Циклоспоринді бірге қолданғанда доксорубицин клиренсі шамамен 50% төмендейді. Доксорубициннің несептегі орташа концентрациясы 55%-ға артады, ал доксорубицинолдың несептегі орташа концентрациясы 350%-ға артады. Осы біріктірілім үшін дозаны 40%-ға төмендету ұсынылады. Ұқсастығы бойынша верапамилмен, CYP3A4 циклоспорин тежегіштерімен және Р-гликопротеинмен өзара әрекеттеседі, соның нәтижесінде жағымсыз әсерлер өседі.
Р450 цитохромы тежегіштері (мысалы, циметидин) де плазмалық клиренсін төмендетеді және циклоспорин үшін ұсынылған ұқсас механизмдер арқылы доксорубициннің несептегі орташа концентрациясын арттыруы мүмкін; сондықтан Р-450 цитохромы тежегіштері жағымсыз әсерлерін күшейтуі мүмкін. Және керісінше, Р-450 цитохромы индукторлары (мысалы, фенобарбитал және рифампицин) доксорубициннің плазмалық деңгейін арттырады және сондықтан оның тиімділігін төмендетуі мүмкін.
Доксорубицин күшті радиосезімтал зат ("радиосенсибилизатор") болып табылады және өмірге қауіпті анамнестикалық радиациялық феномен туғызуы мүмкін. Әрбір алдыңғы, қатар жүретін немесе кейінгі сәулемен емдеу доксорубициннің кардиоуыттылығын немесе гепатоуыттылығын арттыруы мүмкін. Сондай-ақ, бұл кардиоуытты немесе гепатоуытты дәрілік заттармен қатар емдеуге жатады. Егер доксорубицинмен емдегеннен кейін циклофосфамидпен емдеу керек болса, бұл тек кардиоуыттылықты арттырып қана қоймай, геморрагиялық циститті де өршітуі мүмкін.
Егер паклитакселді доксорубицинге дейін енгізсе, бұл доксорубициннің және/немесе оның метаболиттерінің плазмадағы концентрациясының жоғарылауына әкелуі мүмкін. Егер антрациклинді паклитакселдің алдын енгізсе, бұл әсердің бұдан да ұстамдырақ болатынын көрсететін деректер бар.
Доксорубицинмен емдеу қан сарысуында несеп қышқылының жоғарылауына әкелуі мүмкін. Осылайша, несеп қышқылының көрсеткіштерін төмендететін дәрілер дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Досксоробуцин препаратты пероральді енгізгенде дигоксиннің биожетімділігін де төмендетуі мүмкін.
Эпилепсияға қарсы дәрілердің (мысалы, карбамазепин, фенитионин, вальпроат) сіңірілуі доксоробуцин гидрохлоридімен бірге қолданғанда төмендейді.
Доксорубицин гидрохлоридімен емдеген кезде жуықта полиомиелитке қарсы вакцина қабылдаған адамдармен байланыстағы емделушілерге белсенді вакцинамен вакцинациялаудан бас тарту керек.
Доксорубицин гепаринмен және 5-фторурацилмен байланысады. Осылайша, преципитация және екі дәрінің де тиімділігі жоғалуы мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
Жалпы мәліметтер
Доксорубицинді цитостатиктерді қолдану арқылы емдеуде тәжірибесі бар тек білікті дәрігердің бақылауымен енгізу керек. Бұдан бөлек емделуші емдеу кезінде қатаң және тұрақты бақылауда болуы тиіс.
Әсіресе, егде жастағы емделушілерде, жүрек ауруын бастан өткерген емделушілерде немесе сүйек кемігінің қызметі басылған және бұрын антрациклиндермен немесе көкірек ортасына сәулемен ем қабылдаған емделушілерде клиникалық асқынулар болу мүмкіндігіне байланысты мұқият бақылау жүргізу керек.
Доксорубицинмен емді бастар алдында немесе емдеу кезінде төмендегі бақылаулар жүргізу ұсынылады (бұл зерттеулердің жиілігі емделушінің жай-күйіне, дозаға және қатар жүретін емге байланысты):
-
Өкпе және кеуде рентгені және ЭКГ
-
Жүрек функциясын ұдайы бақылау (сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясы, мысалы, ЭКГ, УДЗ және радионуклидтік ангиография),
-
Шырышты қабықтың өзгеруіне қатысты ауыз қуысы мен тамақты күнделікті тексеру,
-
Қанды зерттеу: гематокрит, қан тромбоциттері, лейкоциттердің дифференциальді саны, сарысулық глутамат-пируваттық трансаминаза (СГПТ), сарысулық глютаминді оксалоацетинді трансаминаза (СГОТ), лактатдегидрогеназа (ЛДГ), билирубин, несеп қышқылы.
В немесе С гепатитін бастан өткерген емделушілерде (қажет болғанда антиденелерге тест жүргізу көмегімен растау) емдеу кезінде бауыр функциясының көрсеткіштерін бақылап отыру керек, себебі аурудың реактивациясы болуы мүмкін.
Доксорубицинді бұлшықет ішіне, тері астына, оральді немесе интратекальді енгізуге БОЛМАЙДЫ.
Препаратты енгізгеннен кейін несептің қызыл түске боялуы мүмкін екенін емделушіге ескертіп қою керек.
Жүрек айнуы, құсу және шырышты қабықтың қабынуы көбінесе өте ауыр түрде өтеді, оларды тиісті түрде емдеу қажет.
Кардиоуыттылығы
Егер ең жоғарғы жиынтық доза асырылған болса (ересектерде дене беткейінің ауданына 550 мг/м², кеуде қуысының алдыңғы сәулемен емдеу жағдайында немесе қатар жүретін емдеу кезінде дене беткейінің ауданына 400 мг/м²) кардиомиопатия туғызған антрациклиндер деңгейі қауіп факторынсыз өседі. Жекелеген жағдайларда кардиоуыттылық әлдеқайда төмен дозада байқалған. Дене беткейінің ауданына 550 мг/м² жинақталған дозадан кейін емделушілерде жүрек жеткіліксіздігі дамуының шамамен 5% қаупі болады.
Шағын, жалпы доза қабылдаған және қосымша сәулемен емдеуді қабылдаған балаларда қолданған жағдайда препараттың жиынтық дозасын ескеру керек. Жас кезде емдеу және күшті әсер ететін қатар жүретін ем кейіннен өмір бойы қарыншалық дисфункциямен бірге кардиоуыттылық дамуының ерекше жоғары қаупіне, жүрек жеткіліксіздігіне және/немесе өмірге қауіпті болып табылатын аритмияға әкеледі. Ұл балалармен салыстырғанда қыздар доксорубицинмен емдегеннен кейін кеш басталған кардиоуыттылыққа аса бейім.
2 жасқа дейінгі балаларға және бұрын кардиологиялық ем (жүректің ишемиялық ауруы, жүрек жеткіліксіздігі) қабылдаған емделушілерге немесе гипертермиялық емдеуден өткен емделушілерге ерекше назар аударылады.
Доксорубицинмен химиялық емдеу алдында, емдеу кезінде және емдеуден кейін ЭКГ, эхокардиография және радионуклидті ангиографияның көмегімен жүрек функциясын бақылап отыру керек.
Миелосупрессия
Миелосупрессия болған жағдайда доксорубицинді енгізуге болмайды. Дозаны төмендету немесе қолдануды тоқтату қажет.
Ауыр жұқпаларды және/немесе қан кету жағдайларын тез және тиімді емдеу қажет. Бұрыннан бар жұқпаларды доксорубицинмен емді бастағанға дейін емдеу қажет.
Асқазан-ішек бұзылыстары
Құсуға қарсы профилактика ұсынылады.
Ескертпе: Доксорубицинді қабыну, ойық жара немесе диарея жағдайында қолдануға болмайды.
Жалпы қан талдауын бақылау
Әрбір емдеу циклі алдында лейкоциттердің, эритроциттердің және тромбоциттердің жалпы және дифференциальді саны анықталуы тиіс. Доксорубицин гидрохлориді сүйек кемігінің басылуын туғызады, бұл бірінші кезекте лейкоциттерге әсер етеді, сондықтан ұзақ гематологиялық бақылау қажет, себебі ауыр миелосуппрессия асқын жұқпаға және қан кетуге әкелуі мүмкін. Жеке-дара ісікті емдеу үшін ұсынылған дозада ауыр лейкопения туындауы мүмкін. Доксорубицин гидрохлоридінің толық дозалық химиотерапиясында 1000/мм3 немесе одан аз лейкоциттер күтіледі. Лейкопения емдегеннен кейін 10-14 күннен кейін барынша айқын болып барады, ал лейкоциттер әдетте 21-күні қалыпты мәндерге оралады. Егер көп ядролық гранулоциттер мөлшері 2000/мм3 аз болса, Сіз емді тоқтату немесе жалғастыруға қатысты шешім қабылдай аласыз. Жағдайларға байланысты бұл мән жедел лейкоздарды емдеу кезінде азайтылуы мүмкін. Бұдан бөлек, екіншілік лейкоз қаупі салдарынан онколитикалық дәрілермен емдегеннен кейін ұдайы гематологиялық бақылау қажет. Егер ол ерте сатысында диагностикаланған болса және химиотерапия жоспарына сәйкес ем жүргізілген болса, жедел лейкоздың ремиссиясына қол жеткізуге болады.
Жүрек функциясын бақылау
Жинақталған дозаға байланысты антрациклиндер туғызған кардиомиопатия даму қаупі бар. Осылайша, жиынтық доза 450-550 мг/м2 аспауы тиіс. Бұл мәндерден асатын дозаларда жүрек жеткіліксіздігінің даму қаупі артады. Доксорубицин кардиоуыттылық туғызады, ол әдетте емдеу кезінде немесе ем аяқталғаннан кейін екі ай ішінде туындайды, алайда емдегеннен кейін бірнеше айдан соң бірнеше жылға дейін туындайтын асқынулар басталуының іркілісі тіркелген. Сондықтан жүрек функциясы емді бастағанға дейін анықталуы тиіс және бүкіл ем бойы бақылауда болуы тиіс. Әр емдеу циклі басталғанға дейін және кейін электрокардиограмма жүргізу ұсынылады. Т тісшесінің төмен немесе теріс болуы, ST сегментінің төмен болуы сияқты ЭКГ-дегі өзгерістер немесе аритмия әдетте жедел өтпелі (қайтымды) уытты әсерлердің белгілері болып табылады және доксорубицинмен емді тоқтатуға себеп емес. Дегенмен, QRS тісшелері амплитудаларының төмендеуі және систолалық аралықтың артуы антрациклин туғызған кардиоуыттылықты растау болып саналады.
Кардиомиопатияны болжаудың ең үздік белгісі УДЗ немесе жүрек сцинтиграфиясы көмегімен анықталатын сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясының төмендеуі болып табылады. Сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясын зерттеуді емді бастағанға дейін жүргізу және шамамен 100 мг/м² әр жинақталған дозадан кейін және жүрек жеткіліксіздігінің клиникалық белгілері кезінде қайталап жүргізу керек. Сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясының қалыпты бастапқы мәні бар емделушілерде әдетте ≥ 10% абсолюттік азаюы немесе 50%-дан төмендеуі жүрек функциясы бұзылуының белгілері болып саналады. Мұндай жағдайларда доксорубицинмен емді жаслғастыру мұқият саралануы тиіс. Бұрын перикард немесе көкірек ортасына сәулемен ем қабылдаған емделушілерде, бұрын басқа антракциклиндер және/немесе антрацендиондар қабылдаған емделушілерде, 70 жастан асқан немесе 15 жастан кіші емделушілерде немесе жүрек ауруын бастан өткерген емделушілерде кардиоуыттылық қаупі артады. Бір емделушіге енгізілетін доксорубициннің жалпы дозасы кезінде басқа да әлеуетті кардиоуытты дәрілермен, мысалы, циклофосфамидтің көктамырішілік үлкен дозаларымен, көкірек ортасын сәулемен емдеу немесе данорубицин сияқты қатар жүретін антракциклиндік компоненттермен емдеген кезде барлық алдыңғы немесе қатар жүретін емді ескеру керек.
Доксорубицинді енгізгеннен кейін бірнеше сағат ішінде ауыр аритмия туындау жағдайлары тіркелген.
20 жасқа дейін доксорубицинмен емдеуден өткен әйелдерде, тіпті, оларда жүрек-қантамыр жағымсыз әсерлерінің ешқандай белгілері болмаса да, жүрек симптомдары жүктілік кезінде білінуі мүмкін. Іркілісті жүрек жеткіліксіздігі және өкпенің ісінуі жағдайлары тіркелген. Бұрын доксорубицинмен ем қабылдаған және қазіргі уақытта жүкті әйелдер жағымсыз жүрек-қантамыр әсерлеріне тексеруден өтуі тиіс.
Бауыр функциясын бақылау
Доксорубицин негізінен гепатобилиарлық жүйе арқылы шығарылады. Осылайша, препараттың шығарылу үдерісі егер бауыр функциясы бұзылған немесе өт секрециясы тежелетін жағдайда кейінгі жалпы уыттанумен ұзақ болуы мүмкін. Емді бастағанға дейін және емдеу кезінде АСТ, АЛТ, сілтілік фосфотаза және билирубин сияқты стандартты тестілердің көмегімен бауыр функциясын бақылау керек, себебі дозаны түзету қажет болуы мүмкін. Бауыр функциясының ауыр бұзылулары бар емделушілерде енгізер алдында доксорубицинмен емдеудің қауіп пен пайда арақатынасына баға беру керек. Медиастинальді аумаққа сәулемен ем қабылдаған емделушілерде ауыр, кейде өлімге әкелетін гепатоуыттылық жағдайлары тіркелген.
Екіншілік лейкоз
Доксорубицинді қоса антракциклиндер қабылдаған емделушілерде (кейде) лейкоз алдындағы фазамен немесе онсыз екіншлікі миелобластты лейкоз жағдайлары тіркелген. Егер препарат ДНҚ өзгертетін цитостатиктермен (мысалы, алкилдеуші заттар, платина туындылары) бірге қолданылса немесе сәулемен емдеуде немесе егер емделуші цитостатиктермен алдыңғы қарқынды емдеуден өтсе немесе егер антракциклиндер дозасы арттырылса, екіншілік лейкоз жиі туындайды.
Бұл жағдайлардың 1-ден 3 жылға дейінгі қысқа жасырын кезеңі болуы мүмкін.
Сарысудағы несеп қышқылын бақылау
Емдеу кезінде сарысудағы несеп қышқылының деңгейі өсуі мүмкін. Гиперурикемия жағдайында антигиперурикемиялық ем жүргізу керек.
Қандағы несеп қышқылының деңгейін бақылап отыру керек. Күнделікті, ең кемінде 3 л/м2 сұйықтық қабылдау қажет. Қажет болған жағдайда ксантиноксидаза тежегіштерін (аллопуринол) енгізуге болады.
Бүйрек функциясының ауыр бұзылулары бар емделушілерде дозаны түзету қажет болуы мүмкін.
Интравезикулярлық енгізу
Доксорубицинді интравезикулярлық енгізу химиялық цистит (мысалы, дизурия, жиі несеп шығару, странгурия, никтурия, гематурия, қуық жақтауының некрозы) симптомдарын туғызуы мүмкін.
Катетерлер жағдайында (яғни кең таралған қуықішілік ісіктер туғызған уретра обструкциясы жағдайында) аса сақ болу қажет.
Қуыққа өскен ісіктер кезінде (Т1 жоғары) интравезикулярлық енгізуге болмайды.
Қуық жақтауына өтіп кеткен пролиферацияланатын ісіктері бар науқастарда, несеп шығару жолдарының жұқпаларында және қуықтың қабыну ауруларында интравезикулярлық енгізу жүргізуге болмайды.
Сәулемен емдеу
Бұрын сәулемен ем қабылдаған, қазіргі уақытта сәулемен ем қабылдап жүрген немесе сәулемен ем қабылдауды жоспарлап жүрген емделушілерге жедел түрде ерекше назар аудару керек. Доксорубицинді қолданған кезде бұл емделушілерде бұрын сәулемен емделген аумақта (анамнестикалық радиациялық феномен) жергілікті қабыну реакцияларының ерекше қаупі болады. Осыған байланысты ауыр, кейде өлімге әкелетін гепатоуыттылық жағдайлары тіркелген. Көкірек ортасын алдында сәулемен емдеу доксорубициннің кардиоуыттылығын арттырады. Әсіресе осы жағдайда 400 мг/м2 жинақтаушы доза арттырылмауы тиіс.
Ісікке қарсы препараттармен үйлестіру
Доксорубицин гидрохлориді басқа ісікке қарсы дәрілердің уыттылығын күшейтуі мүмкін. Доксорубицин жүрек бұлшықетіне, шырышты қабықтарға, теріге және бауырға радиациялық уыттылықты күшейтеді.
Канцерогенділік, мутагенділік және репродуктивтік функцияға әсері
Сынауықтағы сынамалар және табиғи сынамалар доксорубициннің генуытты және мутагенді қасиеттері бар екенін көрсетті.
Әйелдерде доксорубицин бүкіл емдеу кезеңі бойы бедеулік туғызуы мүмкін. Доксорубицин аменорея туғызуы мүмкін. Овуляция мен етеккір ем аяқталғаннан кейін пайда болуы мүмкін, алайда мерзімінен бұрын менопауза туындауы мүмкін.
Доксорубицин мутагенді болып табылады және адамның шәуһеті хромосомаларының зақымдануына әкелуі мүмкін. Олигоспермия немесе азооспермия тұрақты болуы мүмкін. Дегенмен, шәуһеттің тиімділігі қалыпты жағдайға оралған жағдайлар да тіркелген. Бұл ем аяқталғаннан кейін бірнеше жылдан кейін болуы мүмкін. Доксорубицинмен емделген кезде ерлер сенімді контрацептивтік дәрілер қолдану керек. Доксорубицинмен емдеуден өткен ерлерге емнен кейін 6 ай бойы ұрықтандыру ұсынылмайды және доксорубицинмен емдеуге байланысты қайтымсыз белсіздік болу мүмкіндігі себепті криоконсервацияға немесе шәуһетті криоконсервациялауға қатысты кеңес алулары тиіс. Әйелдерге емдеуден кейін 6 ай бойы жүкті болуға болмайды.
Қан құйылу
Инъекция орнының күйдіруі немесе ауырсынуы елеусіз экстравазацияны білдіруі мүмкін. Экстравазация ауыр және үдемелі тін некрозын туғызады. Экстравазацияға күдіктенген немесе туындаған жағдайда инфузияны жедел тоқтату керек, содан соң басқа көктамырға инфузияны жаңғырту керек. Инъекция орнын 24 сағат бойы салқындату реакцияны жеңілдетуі мүмкін. Емделуші бірнеше апта бойы бақылауда болуы тиіс. Хирургиялық араласу қажет болуы мүмкін.
Вакциналар
Вакцинация ұсынылмайды. Доксорубицин гидрохлоридімен емдеу кезінде емделушілер полиомиелитке қарсы вакцина қабылдаған адамдармен байланыстан аулақ болулары қажет.
Басқалар
Семіздігі бар емделушілерде (негізгі салмақтан > 130%) доксорубициннің жүйелі клиренсі төмендейді.
Доксорубициннің кейбір компоненттері туралы маңызды ақпарат:
Бұл дәрінің құрамында дене беткейі ауданының м2 –не шамамен 133,8 мг натрий бар. Егер емделуші натрийдің азайтылған рационын қабылдаса, мұны назарға алу қажет.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Автокөлік және көлік құралдарын басқару қабілетіне әсер етуіне қатысты зерттеулер жүргізілген жоқ. Дегенмен, көлік құралын басқару алдында емделушілер жүрек айнуы және құсу сияқты жағымсыз әсерлердің жиі көріністері туралы білуі тиіс.
Артық дозалануы
Доксорубицин үшін арнайы у қайтарғы жоқ.
24 сағат ішінде жедел уыттану, мысалы, кеуденің ауыруымен бірге жүрек жеткіліксіздігі, стенокардия және миокард инфарктісі білінуі мүмкін. Мұндай жағдайларда кардиологқа қаралу қажет. Артық дозаланудың басқа белгілері күрделі болып табылады – бұл әдетте ем басталғаннан кейін 10-нан 14 күнге дейін болатын миелосуппрессия және шырышты қабықтың ауыр қабынуы. Айқын миелосуппрессия кезінде емді ауруханада қабылдау керек. Жағдайға байланысты емге түгесілген заттардың орнын толтыру және антибиотикпен емдеу кіруі мүмкін. Науқасты стерильді палатаға көшіру қажет болуы мүмкін. Егер уыттану белгілері айқындала бастаса, доксорубициннің енгізілуін жедел тоқтату керек. Созылмалы уыттану белгілері ретінде атап айтқанда жоғарыда аталған кардиоуыттылық белгілері болып табылады. Жүрек жеткіліксіздігі туындаған кезде кардиологқа қаралыңыз.
Доксорубицинмен уыттану кезінде гемодиализбен емдеу тиімсіз, себебі доксорубициннің таралу көлемі өте үлкен және дозаның тек 5%-ы бүйрек арқылы шығарылады.
Экстравазация
Көктамыр маңына құйылып кетуі жергілікті некрозды және тромбофлебитті туғызады. Инъекция орнының күйдіруі көктамыр маңына құйылғанын білдіреді.
Экстравазация туындаған кезде инфузияны немесе инъекцияны жедел тоқтату керек. Инені қысқа уақыт аралығында инъекция орнында қалдыру керек, содан соң қысқа аспирациялаудан кейін инені алып тастау керек.
Экстравазация жағдайында экстравазациядан кейін 6 сағаттан соң Дексразоксанды көктамыр ішіне құю керек. Дозалау және қосымша ақпарат алу үшін Дексразоксанның қысқаша сипаттамасын қараңыз. Дексразоксанды қолдануға болмайтын жағдайда 99% диметилсульфоксидті (ДМСО) зақымдалған аумақ ауданынан (беткей ауданының 10 см2 4 тамшы) екі есе артық аумаққа жергілікті қолдану ұсынылады және мұны кемінде 14 күн бойы күніне 3 рет қайталау керек. Қажет болғанда жараны өңдеу керек. Антагонисттік механизмге байланысты тері бөлігі ДМСО қолданғаннан кейін ауыруды азайту үшін салқындатылуы тиіс (тамырлардың кеңеюіне қарсы вазоконстрикциялар).
ДМСО-ны антрациклин туғызған экстравазацияны емдеу үшін дексразоксан алған емделушілерге қолдануға болмайды.
Басқа шаралардың әдебиетте дау туғызатын сипаттамалары бар және белгілі бір мәндері жоқ.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Тефлон қақпақпен жабылған және алюминий қалпақшамен қаусырылған резеңке тығынмен тығындалған қоңыр шыны құтыларға 5 мл немесе 25 мл препараттан салынған.
1 құтыдан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
Түпнұсқалық қаптамасында, жарықтан қорғалған жерде, 2С-ден 8С-ге дейінгі температурада (тоңазытқышта) сақтау керек.
Дәрілік затты тоңазытқышта сақтау гельдің түзілуіне әкелуі мүмкін. Бұл ретте гель бақыланатын бөлме температурасында 24 сағат сақтағаннан кейін сәл тұтқыр қалыптан сұйық ерітіндіге айналады.
Сақтау мерзімі
2 жыл
Инфузияға арналған сұйылтылған ерітінді
1,0 мг/мл концентрациялары: сақтау шарттары орындалған кезде - 28 күн.
0,1 мг/мл концентрациялары: сақтау шарттары орындалған кезде - 4 күн.
Құтыдан алынған инфузияға арналған ерітінді
Препаратты бірден пайдалану ұсынылады. Егер препарат бірден пайдаланылмаса, сақтау мерзімі сұйылту тексерілген асептикалық жағдайларда жүзеге асырылған жағдайды қоспағанда сақтау шарттарын орындағанда 24 сағаттан аспайды.
Дәрілік затты қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханадан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші /қаптаушы/Тіркеу куәлігі иесі:
Эбеве Фарма Гес.м.б.Х. Нфг. КГ, Австрия
Mondseestrasse 11 А-4866 Unterach, Austria
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөнінде шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
Қазақстан Республикасындағы «Сандоз Фармасьютикалс д.д.» АҚ өкілдігі
Қазақстан Республикасы, 050051, Алматы қ., Луганский к-сі, 96, «Керуен» бизнес орталығы, 3-қабат.
Тел +7 (727) 2581048 Факс: +7 (727) 2581047, kzsdz.drugsafety@sandoz.com