Джардинс® (10 мг)

МНН: Эмпаглифлозин
Производитель: Берингер Ингельхайм Фарма ГмбХ и Ко. КГ
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Эмпаглифлозин
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№121764
Период регистрации: 05.11.2015 - 05.11.2020
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Предельная цена закупа в РК: 469 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

ДЖАРДИНС®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Эмпаглифлозин

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 10 мг, 25 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 10 мг немесе 25 мг эмпаглифлозин,

қосымша заттар: лактоза моногидраты, микрокристалды целлюлоза, гидроксипропилцеллюлоза, натрий кроскармеллозасы, сусыз кремнийдің коллоидты қостотығы, магний стеараты;

Опадрай® сары 02В38190 қабығының құрамы: гипромеллоза 2910, титанның қостотығы (Е171), тальк, макрогол 400, темірдің сары тотығы (Е172).

Сипаттамасы

Таблетканың бір жағында «S10» бедері және екінші жағында компания логотипі бар, екі беті дөңес, шеттері қиғашталған, бозғылт-сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған дөңгелек таблеткалар (10 мг доза үшін).

Таблетканың бір жағында «S25» бедері және екінші жағында компания логотипі бар, екі беті дөңес, бозғылт-сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған сопақша таблеткалар (25 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Қант диабетін емдеуге арналған препараттар. Ішуге арналған қант төмендететін препараттар. Басқа да қант төмендететін препараттар. Эмпаглифлозин.

АТХ коды А10ВХ12

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі: ішке қабылдаудан кейін эмпаглифлозин тез сіңеді, қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясына (Сmax) 1,5 сағаттан соң жетеді. Плазмадағы препарат концентрациясының төмендеуі жылдам таралу фазасы және салыстырмалы түрде баяу терминалдық фазасымен екі фазалы сипатта болады. «Концентрация-уақыт» қисығы астындағы AUC ауданы және плазмадағы орташа Cmax концентрациясы динамикалық тепе-теңдік сатысында тәулігіне бір рет 10 мг дозада эмпаглифлозин қабылдағанда 1870 нмоль/сағ. және 259 нмоль/л және 25 мг дозада эмпаглифлозин қабылдағанда 4740 нмоль/сағ. және 687 нмоль/л құрайды.

Эмпаглифлозин жүйелі әсерінің ұлғаюы дозаның артуына пропорционал жүреді. Эмпаглифлозин бір рет қабылданғанда және динамикалық тепе-теңдік сатысында фармакокинетикалық параметрлері ұқсас, ол уақытқа қарай дозаға байланысты фармакокинетикасын айғақтайды. Дені сау еріктілерде және 2 типті қант диабеті (2 ҚД) бар пациенттерде эмпаглифлозин фармакокинетикасы жақсы зерттелген және ұқсас.

Майлы және калориясы жоғары тамақ ішуден соң 25 мг дозаланған эмпаглифлозин қолдану препарат әсерін болымсыз төмендетеді; препаратты аш қарынға енгізумен салыстырғанда, AUC мәні шамамен 16%, Cmax шамамен 37% азаяды.

Ас ішу эмпаглифлозин фармакокинетикасына клиникалық мәнді әсер етпейді.

Таралуы: тепе-тең жағдайда қан плазмасындағы таралу көлемі 73,8 л құрайды. Дені сау еріктілерде таңбаланған эмпаглифлозиннің [14C] эритроциттермен байланысуы шамамен 37%, ал плазма ақуыздарымен – 86,2%.

Метаболизмі: эмпаглифлозин метаболизмінің негізгі жолы – UGT2B7, UGT1A3, UGT1A8 және UGT1A9 уридин-5’-дифосфо-глюкуронозилтрансферазалардың қатысуымен глюкурондану. Адам плазмасында эмпаглифлозиннің негізгі метаболиттері анықталмаған, эмпаглифлозиннің ең көп таралған метаболиттері – үш глюкуронды конъюгат (2-О, 3-О және 6-О глюкуронид). Әр метаболиттің жүйелі әсері препаратпен байланысқан заттардың жалпы әсерінен, эмпаглифлозиннің жалпы ықпалынан 10% аз.

Шығарылуы: жартылай шығарылу кезеңі 12,4 сағатқа жуық, клиренсі 10,6 л/сағат. Ішу арқылы эмпаглифлозин қабылдау кезінде пациенттер арасындағы ауытқушылық пен қалдықтық клиренс ауытқымалылығы, тиісінше, 39,1% және 35,8% құрайды. Күніне бір рет эмпаглифлозин қабылдағанда қан плазмасындағы тұрақты концентрациясына бесінші дозаны қабылдағаннан кейін жетеді. Динамикалық тепе-теңдік сатысында, жартылай шығарылу кезеңіне сәйкес, жинақталуы 22% дейін (плазмадағы AUC бойынша) құрайды. Эмпаглифлозин шығарылуы 96% жуық: нәжіспен - 41 % және несеппен - 54 % құрайды. Таңбаланған препараттың үлкен бөлігі өзгеріссіз күйде нәжіспен шығарылады. Таңбаланған препараттың шамамен жартысы өзгеріссіз күйде бүйрекпен шығарылады.

Пациенттердің ерекше топтарындағы фармакокинетикасы

Бүйрек функциясының бұзылуы. Ауырлығы жеңіл, орташа және ауыр дәрежеде бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде (ШСЖ <30-<90 мл/мин/1,73 м2) және созылмалы бүйрек ауруының (СБА) терминалдық сатысындағы пациенттерде эмпаглифлозин AUC мәндері, бүйрек функциясы қалыпты пациенттермен салыстырғанда, тиісінше, 18%, 20%, 66% және 48% артады. Ауырлығы орташа дәрежеде бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде және СБА терминалдық сатысындағы пациенттерде плазмадағы эмпаглифлозиннің ең жоғары концентрациясы бүйрек функциясы қалыпты пациенттердегі сәйкесті мәндерге ұқсас. Ауырлығы жеңіл және орташа дәрежедегі пациенттерде плазмадағы эмпаглифлозиннің ең жоғары концентрациясы бүйрек функциясы қалыпты пациенттердегіден шамамен 20% құрайды. Фармакокинетикалық талдау деректері эмпаглифлозин клиренсі шумақтық сүзіліс жылдамдығының (ШСЖ) төмендеу шамасына қарай азаятынын, оның препарат әсерінің күшеюіне әкелетінін көрсетеді.

Бауыр функциясының бұзылуы. Бауыр функциясының бұзылуы жеңіл, орташа және ауыр (Чайлд-Пью жіктемесіне сай) пациенттерде, бүйрек функциясы қалыпты пациенттермен салыстырғанда, эмпаглифлозин AUC мәндері шамамен 23%, 47% және 75%, ал Cmax мәндері 4%, 23% және 48% артады.

Дене салмағы индексі (ДСИ). Фармакокинетикалық талдауға сай, дене салмағы индексі эмпаглифлозиннің фармакокинетикалық қасиеттеріне клиникалық мәнді әсер етпейді.

Жыныс, егде жас эмпаглифлозин фармакокинетикасына клиникалық мәнді ықпалын тигізбейді.

Нәсіл. Дене салмағы индексі 25 кг/м2 басқа нәсіл өкілдерімен салыстырғанда, дене салмағы индексі 25 кг/м2 азиялық нәсіл өкілдерінде AUC мәні 13,5% жоғары.

Фармакодинамикасы

Эмпаглифлозин – 2 типті глюкозаның (SGLT2) натрийге тәуелді тасымалдаушысының (IC50 1,3 нмоль) қайтымды, белсенділігі жоғары, іріктелген және бәсекелі тежегіші. Эмпаглифлозин шеткергі тіндерде глюкозаның басқа да маңызды тасымалдаушыларын тежейді, ішекте глюкозаның сіңірілуіне жауап беретін негізгі тасымалдағышы – SGLT1-ге қарағанда, SGLT2-ге қатысты 5000 есе селективті.

Басқа тіндерде оның белсенділігі болмаған немесе аз дәрежеде көрініс берген уақытта бүйректегі SGLT2 белсенділігі жоғары. SGLT2 – глюкозаның шумақтық фильтраттан кері қан ағымына сіңірілуіне жауап беретін негізгі тасымалдағыш. 2 типті ҚД және гликемиясы бар пациенттерде глюкозаның жоғары мөлшері сүзіледі және кері сіңіріледі.

Эмпаглифлозин 2 типті ҚД бар пациенттерде бүйректегі глюкозаның қайта сіңірілуін төмендету арқылы гликемиялық бақылауды жақсартады. Глюкуретикалық механизм арқылы бүйрекпен бөлінетін глюкоза мөлшері ШСЖ мен қандағы глюкоза концентрациясына байланысты. 2 типті ҚД және гликемиясы бар пациенттерде SGLT2 тежелісі глюкозаның бүйрекпен жоғары шығарылуына алып келеді.

Клиникалық зерттеулерде 2 типті ҚД бар пациенттерде эмпаглифлозиннің алғашқы дозасын қолданудан кейін бірден глюкозаның бүйрекпен шығарылуының артатыны және 24 сағаттан аса сақталатыны анықталды. Глюкозаның бүйрекпен шығарылуының артуы, орта есеппен, күніне 78 г жуық құрап, 4-апталық емделу кезеңінің соңына дейін сақталды. 2 типті ҚД бар пациенттерде глюкозаның бүйрекпен шығарылу деңгейінің жоғарылауы қан плазмасындағы глюкоза концентрациясының дереу төмендеуіне алып келеді.

Эмпаглифлозин аш қарында да, постпрандиальді де қан плазмасындағы глюкоза концентрациясын азайтады. Эмпаглифлозиннің әсер ету механизмі ұйқы безі бета-жасушаларының функционалдық жағдайына және инсулин метаболизміне байланысты, әрі гипогликемияның төмен даму қаупіне ықпал етеді. Эмпаглифлозиннің, HOMA-β индексін (B-гомеостазды бағалау үлгісі) қоса, бета-жасушалар функциясының суррогатты маркерлеріне оң ықпал етуі білінеді. Бұдан басқа, глюкозаның бүйрекпен шығарылуы калория жоғалтуға әкеледі, бұл май тіні көлемінің азаюымен және дене салмағының төмендеуімен қатар жүреді. Эмпаглифлозин қолдану кезінде байқалатын глюкозурия артериялық қысымның ұзақ уақыт және орташа төмендеуіне ықпал етуі мүмкін диурездің аздап артуымен қатар жүреді.

Клиникалық тиімділігі және қауіпсіздігі

Эмпаглифлозин:

  • монотерапия;

  • метформинмен біріктірілген ем, соның ішінде бұрын аталған препараттарды қабылдамаған пациенттер тобында;

  • метформинмен және сульфонилмочевина туындыларымен біріктірілген емге толықтыру;

  • метформинмен/немесе онсыз пиоглитазонмен біріктірілген ем;

  • бұрын аталған препараттарды қабылдамаған пациенттерде линаглиптинмен біріктірілген ем;

  • линаглиптинмен және метформинмен біріктірілген ем;

  • глимепиридпен салыстырғанда, метформинмен біріктірілген ем;

  • дипептидилпептидаза-4 (ДПП-4) тежегішімен, метформинмен және басқа гипогликемиялық ішуге арналған дәрілік препаратпен немесе онсыз метформинмен біріктірілген ем;

  • инсулиннің бірнеше реттік тәуліктік дозаларымен біріктірілген ем;

  • метформинмен және/немесе сульфонилмочевина туындыларымен немесе онсыз базальді инсулинмен біріктірілген емге толықтыру;

  • бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер тобында диабетке қарсы емге толықтыру

түрінде қолданылған көптеген клиникалық зерттеулерде HbA1с гликозилденген гемоглобиннің статистикалық мәнді төмендеуі, аш қарында плазмадағы глюкоза концентрациясының азаюы, дене салмағының, систолалық және диастолалық артериялық қысымның төмендеуі дәлелденген.

ІІ және ІІІ фазалардың клиникалық зерттеулер деректерінің негізіндегі проспективті метаталдау барысында эмпаглифлозиннің жүрек-қантамыр жүйесіне теріс әсер ету қаупін арттырмайтыны анықталған.

10 мг дозада эмпаглифлозин мен плацебо қабылдаған пациенттер топтарымен салыстырғанда, 25 мг дозаланған эмпаглифлозин қолдану мақсатты HbA1с деңгейіне жеткен пациенттер санының көбеюіне әкелді.

Метформинге немесе сульфонилмочевина туындыларымен біріктірілген метформинге толықтыру ретінде эмпаглифлозин қолданылатын емдеу ас ішуден кейін 2 сағаттан соң глюкоза деңгейінің клиникалық мәнді жақсаруына әкелді.

Гликозилденген гемоглобиннің бастапқы деңгейі HbA1с >10 % жоғары пациенттерде 25 мг дозаланған эмпаглифлозинмен ашық емдеу HbA1с деңгейінің елеулі дәрежеде төмендеуіне әкелді.

Қолданылуы

2 типті қант диабетінде қандағы глюкоза деңгейінің бақылануын жақсару үшін:

  • талапқа сай емес гликемиялық бақылануы және метформин көтере алмаушылығы бар пациенттерде емдәммен емдеу мен дене жаттығуларының тиімділігі жеткіліксіз кездегі монотерапия

  • емдәммен және дене жаттығуларымен бірге қолданылатын ем қажетті гликемиялық бақылауды қамтамасыз етпегенде, инсулинді қоса, басқа гипогликемиялық дәрілермен біріктірілген ем ретінде

Қолдану тәсілі және дозалары

Монотерапия немесе біріктірілген ем

Монотерапияда немесе басқа гипогликемиялық дәрілік препараттармен, соның ішінде инсулинмен біріктірілген емде ұсынылатын бастапқы доза күніне 1 рет 10 мг эмпаглифлозин (10 мг доза 1 таблетка) құрайды.

10 мг дозадағы эмпаглифлозинді жақсы көтере алатын және ШСЖ > 60 мл/мин/1,73 м2 пациенттер үшін, егер қатаңдау гликемиялық бақылау қажет болған жағдайда, дозаны 25 мг дейін (күніне 1 рет 25 мг доза 1 таблетка) арттыруға болады.

Ең жоғары тәуліктік доза 25 мг құрайды.

Эмпаглифлозинді сульфонилмочевина туындыларымен немесе инсулинмен біріктіріп қолданғанда гипогликемия қаупін төмендету үшін сульфонилмочевина туындысының немесе инсулиннің дозасын азайтуға болады.

Пациенттердің ерекше топтары

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер. Бүйрек функциясының ШСЖ ≥ 60 мл/мин/1,73 м2 бұзылуында немесе ≥ 60 мл/мин креатинин клиренсінде дозаны түзету қажет емес.

ШСЖ 60 мл/мин/1,73 м2 аз немесе креатинин клиренсі 60 мл/мин төмен пациенттерге эмпаглифлозин қабылдауды бастауға болмайды.

ШСЖ 60 мл/мин/1,73 м2 тұрақты түрде төмен немесе креатинин клиренсі 60 мл/мин төмен болатын эмпаглифлозинді жақсы көтере алатын пациенттер үшін эмпаглифлозин дозасы түзетілуі немесе күніне бір рет 10 мг деңгейінде сақталуы тиіс.

ШСЖ 45 мл/мин/1,73 м2 аз тұрақты мәні бар бүйрек функциясы бұзылған пациенттер немесе егер креатинин клиренсі 45 мл/мин тұрақты түрде төмен болса, препарат қабылдауды тоқтату керек.

СБА терминалдық сатысындағы пациенттерге немесе диализде жүрген пациенттерге тиімсіздігіне байланысты эмпаглифлозин қабылдауға болмайды.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер. Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерге дозаны түзету қажет емес. Бауыр функциясының ауыр бұзылуында эмпаглифлозин әсері күшейеді. Бауыр функциясының бұзылуы ауыр пациенттерде эмпаглифлозин қолдану тәжірибесі шектеулі, сондықтан да аталған топта ұсынылмайды.

Егде жастағы пациенттер. Пациенттердің осы тобында дозаны түзету қажет емес. Препарат 75 жастағы және одан асқан пациенттерде қабылданғанда сусыздану қаупінің жоғары екенін ескеру керек. Қолдану тәжірибесінің шектеулі екені себепті, 85 жастағы және одан асқан пациенттерде эмпаглифлозинмен емдеуді бастау ұсынылмайды.

Қолдану тәсілі. Таблетканы, ас ішуге байланыссыз, сумен ішіп күніне бір рет қабылдау керек.

Дозаны өткізіп алғанда, пациент бұл жөнінде еске түсірген бойда препаратты қабылдау керек. Препараттың екі есе дозасын бір күнде қабылдауға болмайды.

Жағымсыз әсерлері

Аталған дәрілік препарат препараттың қауіпсіздігі туралы жаңа ақпаратты анықтау мақсатындағы қосымша мониторинг жасау нысаны болып табылады. Медицина мамандарының кез келген болжанатын жағымсыз реакциялар туралы хабарлауын өтінеміз.

Клиникалық зерттеулерде эмпаглифлозин немесе плацебо алған пациенттерде жағымсыз құбылыстардың жалпы жиілігі ұқсас болды. Эмпаглифлозинді сульфонилмочевина туындыларымен немесе инсулинмен біріктіріп қолдану кезінде ең көп жиі білінген жағымсыз реакция гипогликемия болды.

Клиникалық зерттеулер барысында эмпаглифлозин алған пациенттерде байқалған жағымсыз құбылыстар келесі жіктеудің пайдаланылуымен төмендегі кестеде берілген: өте жиі ≥ 1/10, жиі ≥1/100-ден <1/10 дейін, жиі емес ≥1/1000-нан <1/100 дейін, сирек ≥1/10000-нан <1/1000 дейін, өте сирек <1/10000; жиілігі белгісіз жағымсыз реакциялар да ерекшеленеді (қолда бар деректер негізінде бағалау мүмкін емес).

Инфекциялық және паразиттік аурулар

Жиі:

қынаптық кандидоз, вульвовагинит, баланит және басқа да генитальді инфекциялар, несеп шығару жолдарының инфекциялары

Метаболизм және тамақтану тарапынан бұзылулар

Өте жиі:

гипогликемия (сульфонилмочевина туындыларымен және/немесе инсулинмен бірге қолданғанда)

Тері жабындары тарапынан бұзылулар

Жиі:

қышыну (жайылған)

Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан бұзылулар

Өте жиі:

айналымдағы қан көлемінің азаюы

Бүйрек және несеп шығару жолдары тарапынан бұзылулар

Жиі:

жиі несеп шығару

Өте жиі:

дизурия

Жекелеген жағымсыз реакциялар сипаттамасы.

Гипогликемия

Гипогликемияның даму жиілігі қатарлас қолданылған гипогликемиялық емге байланысты.

Гипогликемияның жеңіл дәрежесі

Жеңіл гипогликемияның даму жиілігі монотерапия түрінде эмпаглифлозин немесе плацебо қабылдаған пациенттерде, сондай-ақ эмпаглифлозин метформинмен, сондай-ақ пиоглитазонмен (метформинмен немесе онсыз) біріктірілген жағдайда ұқсас болды. Жағдайлар жиілігінің жоғарылауы препарат метформинмен және сульфонилмочевина туындысымен біріктірілгенде, сондай-ақ препарат инсулинмен (метформинмен немесе онсыз және сульфонилмочевина туындыларымен немесе оларсыз) біріктірілгенде инсулин дозасын түзету мүмкін болмаған алғашқы 18 апта ішінде білінді.

Гипогликемияның ауыр дәрежесі (қосымша ем талап етілетін гипогликемия). Ауыр дәрежелі гипогликемия жағдайлары жиілігінің жоғарылауы метформин қабылдауға және сульфонилмочевина туындыларына толықтыру ретінде, сондай-ақ метформинмен немесе онсыз пиоглитазон қабылдауға толықтыру ретінде, плацебомен салыстырғанда, монотерапия ретіндегі эмпаглифлозин қабылдау кезінде байқалмаған. Жағдайлар жиілігінің жоғарылауы препарат инсулинмен (метформинмен немесе онсыз және сульфонилмочевина туындыларымен немесе оларсыз) біріктірілгенде білінген.

Генитальді инфекциялар. Қынаптық кандидоз, вульвовагинит, баланит және басқа да генитальді инфекциялар сияқты, жағымсыз құбылыстардың даму жиілігі эмпаглифлозин қолданған жағдайда плацебо қолдану кезіндегіден жоғары болды. Бұл инфекциялар эмпаглифлозинмен ем алған әйелдерде, плацебомен салыстырғанда, жиірек білінді. Ерлер арасындағы инфекциялар жағдайларының жиілігінде айырмашылық аз білінген. Генитальді инфекциялар айқындылығы әлсіз немесе орташа болды.

Жиі несеп шығару. Жиі несеп шығару жиілігі (поллакиурия, полиурия, никтурия сияқты симптомдар бағаланды) эмпаглифлозин қолданылған жағдайда плацебо қолдану жағдайынан жоғары болды. Пациенттердің екі тобында да никтурияның даму жиілігі салыстырмалы болды. Осы жағымсыз әсерлер айқындылығы әлсіз немесе орташа болды.

Несеп шығару жолдарының инфекциясы. Несеп шығару жолдары инфекцияларының жалпы даму жиілігі 25 мг эмпаглифлозин мен плацебо қолданылған жағдайда ұқсас болып, ал 10 мг эмпаглифлозин қолдану жағдайында жоғары болды. Сондай-ақ, сыртартқысында несеп шығару жолдарының созылмалы және қайталамалы инфекциялары бар пациенттерде, плацебо қолдану жағдайындағы сияқты, эмпаглифлозин қабылдау аясында несеп шығару жолдарының инфекциялары жиірек білінді. Эмпаглифлозин және плацебо қабылдаған пациенттерде несеп шығару жолдары инфекцияларының қарқындылығы (әлсіз, орташа және ауыр) ұқсас болды. Несеп шығару жолдарының инфекциялары әйелдерде жиірек білінді, ерлердегі инфекция жағдайларының жиілігінде айырмашылық білінбеген.

Айналымдағы сұйықтық көлемінің азаюы. Систолалық артериялық қысымның төмендеуімен, дегидратациямен, гипотензиямен, гиповолемиямен, ортостатикалық артериялық гипотензиямен және естен танумен көрініс беретін гиповолемияның даму жиілігі эмпаглифлозин мен плацебо қолданылған жағдайда ұқсас болды. Эмпаглифлозинмен емделу кезінде айналымдағы сұйықтық көлемінің азаю жағдайларының жиілігі, плацебо тобымен салыстырғанда, 75 жастағы және одан асқан пациенттерде жоғарылаған.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • препараттың белсенді затына, қосымша компоненттерінің кез келгеніне жоғары сезімталдық

  • I типті қант диабеті

  • диабеттік кетоацидоз

  • шумақтық сүзіліс жылдамдығы < 45 мл/ мин/1,73 м2

  • диализ

  • сирек тұқым қуалайтын аурулар (лактоза тапшылығы, лактозаны көтере алмаушылық, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы)

  • жүктілік және бала емізу кезеңі

  • 85-тен асқан жас

  • 18 жасқа дейінгі балаларға

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Фармакодинамикалық өзара әрекеттесулер

Диуретиктер. Эмпаглифлозин тиазидті және ілмекті диуретиктердің диуретикалық әсерін күшейте алады, сондай-ақ сусыздану және гипотензия қаупін арттыруы мүмкін.

Инсулин және инсулин секрециясы стимуляторлары. Инсулин және сульфонилмочевина туындылары сияқты инсулин секрециясының стимуляторлары гипогликемия қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан инсулин немесе инсулин секрециясы стимуляторларының дозасын азайту, оларды эмпаглифлозинмен біріктіріп қолданғанда, гипогликемия қаупінің азаюына әкелуі мүмкін.

Фармакокинетикалық өзара әрекеттесулері

Басқа дәрілік препараттардың эмпаглифлозинге әсер етуі

Іn vitro жағдайларындағы зерттеулер деректері эмпаглифлозиннің негізгі метаболизм жолы UGT1A3, UGT1A8, UGT1A9 және UGT2B7 уридин-5-дифосфат глюкуронилтрансфераза арқылы глюкуронданумен жүзеге асады деп қорытуға мүмкіндік береді. Эмпаглифлозин – адамдағы OAT3, OATP1B1 және OATP1B3 қармау тасымалдағыштарының субстраты, бірақ OAT1 және OCT2 емес. Эмпаглифлозин – Р-гликопротеиннің (Р-gp) және сүт безі обырына төзімділік ақуызының (BCRP) субстраты.

Эмпаглифлозинді УДФ-ферменттер мен OAT3 тежегіші – пробенецидпен бірге қолдану Cmax 26% артуына және AUC 53% ұлғаюына алып келеді. Бұл өзгерістер клиникалық мәнді болып саналмайды.

УДФ индукциясының эмпаглифлозинге әсері зерттелмеген. Тиімділігінің төмендеу қаупінің зор екеніне байланысты, УДФ-ферменттердің белгілі индукторларымен бірге қабылдамау керек.

OAT3 және OATP1B1/1B3 тасымалдағыштарының in vitro тежегішімен –

гемфиброзилмен дәрілік өзара әрекеттесуін зерттеу бірге қабылдаудан кейін эмпаглифлозин Cmax 15% артуын, ал AUC 59% ұлғаюын көрсетті. Бұл өзгерістер клиникалық мәнді болып саналмайды.

Препаратты рифампицинмен біріктіріп қабылдаумен OATP1B1/1B3 тасымалдағыштарын тежеу эмпаглифлозин Cmax көрсеткішінің 75% артуын және AUC көрсеткішінің 35% ұлғаюын көрсеткен. Бұл өзгерістер клиникалық мәнді болып саналмайды.

Р-gp тежегіші – верапамилді біріктіріп немесе онсыз қабылдағанда эмпаглифлозиннің бірдей әсер ететіні білінген, бұл Р-gp тежелісінің эмпаглифлозинге клиникалық мәнді ықпалын тигізбейтінін айғақтайды.

Дені сау еріктілерге жүргізілген дәрілік өзара әрекеттесу зерттеулері препаратты метформин, глимепирид, пиоглитазон, ситаглиптин, линаглиптин, варфарин, верапамил, рамиприл, симвастатин, торасемид және гидрохлоротиазидпен біріктіріп қабылдаудың эмпаглифлозин фармакокинетикасына ықпал етпейтінін көрсетті.

Эмпаглифлозиннің басқа дәрілік препараттарға әсері. Іn vitro зерттеулерінің негізінде эмпаглифлозин CYP450 изоформаларын тежемейді, белсенділігін жоймайды және индукцияламайды деген қорытынды жасалды. Эмпаглифлозин UGT1A1 тежемейді. Осы себепті, эмпаглифлозин мен онымен бірге қабылданатын осы ферменттердің субстраттары арасында CYP450 немесе UGT1A1 негізгі изоформаларының қатысуымен дәрілік өзара әрекеттесу ықтималдығы аз болып саналады. Эмпаглифлозиннің UGT2B7 тежеу қабілеті зерттелмеген.

Эмпаглифлозин емдік дозаларында Р-gp тежемейді. Іn vitro зерттеулерін негізге алғанда, эмпаглифлозиннің Р-gp субстраттары болып табылатын препараттармен өзара әрекеттесу ықтималдығы аз. Дигоксин, Р-gp субстраты мен эмпаглифлозинді біріктіріп қабылдау дигоксин AUC 6% және Cmax 14% ұлғаюына алып келді. Бұл өзгерістер клиникалық мәнді болып саналмайды.

Эмпаглифлозин плазмадағы клиникалық мәнді концентрацияларында адамдағы OAT3, OATP1B1 және OATP1B3 сияқты қармау тасымалдағыштарын in vitro тежемейді. Осы себепті осындай қармау тасымалдағыштары субстраттарымен дәрілік өзара әрекеттесу ықтималдығы аз деп саналады.

Эмпаглифлозин метформин, глимепирид, пиоглитазон, ситаглиптин, линаглиптин, симвастатин, варфарин, рамипирил, дигоксин, диуретиктер және ішуге арналған контрацептивтер фармакокинетикасына клиникалық мәнді әсер етпейді.

Айрықша нұсқаулар

І типті қант диабетіне шалдыққан пациенттерге және диабеттік кетоацидозды емдегенде ДЖАРДИНС қабылдауға болмайды.

Диабеттік кетоацидоз

Сирек жағдайларда, эмпаглифлозинді қоса, SGLT 2 тежегіштерімен ем қабылдаған пациенттерде диабеттік кетоацидоз (ДКА) дамуы мүмкін. Бірқатар жағдайларда ДКА көрінісі типтік емес, тек қандағы глюкозаның орташа жоғарылау мәндерімен, 14 ммоль/л (250 мг/дл) төмен болды.

Жүрек айну, құсу, анорексия, іштің ауыруы, полидипсия, тыныс тарылуы, сананың шатасуы, әдеттен тыс қажу немесе ұйқышылдық сияқты спецификалық емес симптомдар дамыған жағдайда ДКА туындау қаупі болуы мүмкін. Аталған симптомдар пайда болғанда ДЖАРДИНС препаратымен емдеуді толық немесе уақытша тоқтатуды қарастыру керек. ДЖАРДИНС препаратын көмірсулар мөлшері өте төмен емдәмде жүрген пациенттерді (кетонды денелер өндірісінің жоғарылауы мүмкін), сусыздану қаупі жоғары пациенттерді және сыртартқысында кетоацидоз жағдайлары бар, бета-жасушалар функциясының қоры төмен пациенттерді қоса, SGLT 2 тежегіштерін қабылдау кезінде ДКА туындайтын жоғары қауіп тобына кіретін пациенттерде сақтықпен қолдану керек.

Инсулин қажет пациенттерде инсулин дозасын төмендеткенде сақ болу керек («Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімін қараңыз).

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде препаратты қолдану («Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімін қараңыз).

Бүйрек функциясын бақылау. Препараттың әсер ету механизміне орай, эмпаглифлозин тиімділігі бүйрек функциясына байланысты. Сондықтан бүйрек функциясын бағалау ұсынылады:

- эмпаглифлозинмен емдеуді бастар алдында және емделу кезінде мезгіл-мезгіл, жылына бір реттен сирек емес;

- бүйрек функциясына теріс әсер етуі мүмкін кез келген қатарлас дәрілік препаратпен емдеуді бастар алдында.

Бауыр функциясының бұзылуы. Эмпаглифлозиннің клиникалық зерттеулері барысында бауыр функциясы бұзылған жағдайлар болды. Эмпаглифлозин қабылдау мен бауыр функциясының бұзылуы арасындағы себеп-салдарлы байланыс анықталмаған.

Егде жастағы пациенттер. Эмпаглифлозиннің несеппен глюкозаның бөлінуіне әсер етуі осмостық диурезбен байланысты, бұл организмнің сумен қанығу деңгейіне ықпал етуі мүмкін («Қолдану тәсілі және дозалары» және «Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімдерін қараңыз).

Сусыздану қаупі жоғары пациенттерде препаратты қолдану. SGLT 2 тежегіштерінің әсер ету механизмі негізінде емдік глюкозуриямен қатар жүргізілген осмостық диурез артериялық қысымның орташа төмендеуіне әкелуі мүмкін. Осы себепті жүрек-қантамыр ауруларына шалдыққан пациенттерді, сыртартқысында гипотензия жағдайлары бар гипотензиялық ем алатын пациенттерді немесе 75 жастағы және одан асқан пациенттерді емдегенде ерекше сақтық таныту керек.

Организмнің сұйықтық жоғалтуына түрткі болатын жағдайлар туындағанда (мысалы, асқазан-ішек жолының бұзылысы) эмпаглифлозин қабылдайтын пациенттер үшін сусыздану дәрежесін (яғни, физикалық тексеру деректері, артериялық қысымды өлшеу, зертханалық зерттеулер, гематокритті қоса) және электролиттер деңгейін ұқыпты қадағалау ұсынылады. Организмдегі су теңгерімі қалыпқа келтірілгенше эмпаглифлозинмен емдеуді уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастыру керек.

Несеп шығару жолдарының инфекциялары. Несеп шығару жолдарының инфекциясы асқынған (пиелонефрит немесе уросепсис) пациенттер үшін эмпаглифлозинмен емдеуді уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастыру керек.

Жүрек жеткіліксіздігі. Нью-Йорк кардиологиялық қауымдастығының (NYHA) жіктемесі бойынша, I-II класс пациенттерінде препаратты қолдану тәжірибесі шектеулі, NYHA жіктемесі бойынша III-IV класс пациенттері арасында эмпаглифлозиннің клиникалық зерттеулер деректері жоқ.

Несепті зертханалық зерттеулер. Препараттың әсер ету механизміне байланысты, ДЖАРДИНС қабылдайтын пациенттерде несептегі глюкозаны анықтау нәтижелері оң болуы мүмкін.

Лактоза. ДЖАРДИНС препаратының құрамында лактоза бар. Галактоза көтере алмаушылықпен, лактоза жеткіліксіздігімен немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясымен байланысты сирек тұқым қуалайтын бұзылулары бар пациенттер аталған дәрілік препаратты қабылдамауы тиіс.

Фертильділік, жүктілік және бала емізу кезеңі

ДЖАРДИНС препаратының адамның ұрпақ өрбіту функциясына әсер етуіне зерттеулер жүргізілмеген. Клиникаға дейінгі зерттеулер препараттың ұрпақ өрбіту функциясына тікелей немесе жанама зиянды әсерінің жоқ екенін көрсеткен.

Жүкті әйелдерде эмпаглифлозин қолдану жөнінде деректер жоқ. Дегенмен де, клиникаға дейінгі зерттеулерде постнатальді дамумен байланысты жағымсыз құбылыстар анықталған. Жүктілік кезінде алдын ала сақтану шарасы ретінде ДЖАРДИНС препаратын қабылдау ұсынылмайды.

Эмпаглифлозиннің емшек сүтіне бөлінуі туралы қандай да бір деректер жоқ. Алайда клиникаға дейінгі зерттеулердің қолда бар токсикологиялық деректері эмпаглифлозиннің сүтке бөліну дерегін растады. Бала емізу кезінде ДЖАРДИНС препаратын қабылдау ұсынылмайды.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Пациенттерге көлік құралдары мен механизмдерді басқару кезінде сақтық шарасын қадағалау қажеттілігі ескертілген болуы тиіс, өйткені ДЖАРДИНС препаратын (әсіресе, сульфонилмочевина туындыларымен және/немесе инсулинмен біріктіріп) қолдану кезінде гипогликемия дамуы мүмкін.

Артық дозалануы

Симптомдары: 2 типті ҚД бар пациенттерде эмпаглифлозиннің 800 мг дейінгі (ең жоғары тәуліктік дозасынан 32 есе асып кететін) бір реттік дозасын және 100 мг дейінгі (ең жоғары тәуліктік дозасынан  4 есе асып кететін) бірнеше реттік дозаларын қабылдағанда уыттану анықталмаған. Эмпаглифлозин глюкозаның несеппен бөлінуін арттырады, бұл несеп көлемінің ұлғаюына алып келеді. Несеп көлемінің байқалатын ұлғаюы доза шамасына байланысты емес және клиникалық мәні жоқ. 800 мг-ден асып кететін дозасын қолдану тәжірибесі жоқ.

Емі: артық дозаланған жағдайда асқазан-ішек жолынан сіңірілмеген препаратты шығару, клиникалық бақылау және симптоматикалық емдеу ұсынылады. Эмпаглифлозиннің гемодиализ арқылы шығарылуы зерттелмеген.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаларда 10 таблеткадан.

Медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге пішінді 3 қаптамадан картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

25оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Дәрігер рецептісі бойынша

Өндіруші

Берингер Ингельхайм Фарма ГмбХ және Ко.КГ, Германия

Тіркеу куәлігінің иесі

Берингер Ингельхайм Интернешнл ГмбХ, Германия

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«Берингер Ингельхайм Фарма Гес мбХ» ҚР өкілдігі

Алматы қ., 050008, Абай д-лы 52,

«Innova Tower» бизнес орталығы, 7ші қабат

тел: +7 (727) 250 00 77;

факс: +7 (727) 244 51 77

e-mail: PV_local_Kazakhstan@boehringer-ingelheim.com

 

Прикрепленные файлы

314080511477976363_ru.doc 165 кб
718837481477977569_kz.doc 204.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники