Дексаметазон (раствор для инъекций, 4 мг/мл, К.О. Ромфарм Компани С.Р.Л.)

МНН: Дексаметазон
Производитель: К.О. Ромфарм Компани С.Р.Л.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Dexamethasone
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020631
Информация о регистрации в РК: 11.06.2019 - бессрочно
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)

Инструкция

Саудалық атауы

Дексаметазон

Халықаралық патенттелмеген атауы

Дексаметазон

Дәрілік түрі

Инъекцияға арналған ерітінді, 4 мг/мл, 1 мл

 

Құрамы

1 мл препараттың құрамында

белсенді зат - 4.37 мг (4.00 мг) натрий дексаметазонының фосфаты (дексаметазон фосфатқа баламалы),

қосымша заттар: креатинин, натрий цитраты, динатрий эдетатының дигидраты, натрий гидроксидінің 1 М ерітіндісі, инъекцияға арналған су.

Сипаттамасы

Мөлдір түссіз немесе әлсіз қоңыр түсті ерітінді

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелік пайдалануға арналған кортикостероидтар. Глюкокортикостероидтар. Дексаметазон.

АТХ коды H02AB02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Дексаметазон фосфаты ұзақ әсер ететін глюкокортикостероидтарға жатады. Бұлшықет ішіне енгізгеннен кейін инъекция жасаған жерден тез сіңеді және қан ағысымен тіндерге таралады. Қан плазмасы ақуыздарымен препараттың 80%-ға жуығы байланысады. Гематоэнцефалдық және басқа да гистогематикалық бөгеттер арқылы жақсы өтеді. Дексаметазонның ликвордағы ең жоғары концентрациясы көктамыр ішіне енгізгеннен кейін 4 сағаттан соң байқалады және қан плазмасындағы концентрацияның 15-20%-ын құрайды. Көктамыр ішіне енгізгеннен кейін өзіне тән арнайы әсері 2 сағаттан соң білінеді және 6-24 сағатқа созылады. Дексаметазон бауырда кортизоннан едәуір баяуырақ метаболизденеді. Қан плазмасынан жартылай шығарылу кезеңі (Т1\2) – 3-4,5 сағатқа жуық. Енгізілген дексаметазонның 80%-ға жуығы бүйректер арқылы 24 сағат бойы глюкуронид түрінде элиминацияланады.

Фармакодинамикасы

Синтетикалық глюкокортикоидтық препарат. Қабынуға қарсы, аллергияға қарсы және десенсибилизациялайтын айқын әсер береді, иммунодепрессивтік белсенділігі бар. Организмде натрий мен суды аздап кідіртеді. Осы әсерлері қабыну медиаторларының эозинофилдермен босап шығуының тежелуімен; липокортиндердің түзілуінің индукциялануымен және гиалурон қышқылын жасап шығаратын жуан жасушалар санының азаюымен; қылтамырлар өткізгіштігінің азаюымен; циклооксигеназа (көбіне ЦОГ-2) белсенділігінің және простагландиндер синтезінің тежелуімен; жасуша жарғақшаларының (әсіресе лизосоманың) тұрақтануымен байланысты. Иммунодепрессивтік әсері цитокиндердің (интерлейкин-I, II, гамма-интерферон) лимфоциттерден және макрофагтардан босап шығуының тежелуімен жүзеге асады. Зат алмасуға негізгі ықпалы ақуыздардың катаболизмімен, бауырда глюконеогенездің жоғарылауымен және глюкозаның шеткергі тіндермен утилизациясының төмендеуімен байланысты. Препарат D витаминінің белсенділігін басады, бұл кальцийдің сіңуін төмендетеді және оның организмнен шығарылуын арттырады. Дексаметазон адренокортикотроптық гормонның синтезі мен секрециясын және екінші қайтара эндогендік глюкокортикоидтардың синтезін басады. Препараттың әсер етуінің ерекшелігі гипофиздің қызметін едәуір тежеуі және минералокортикоидтық белсенділігінің толық жоқтығы болып табылады.

Қолданылуы

- шығу тегі әр түрлі шокта (анафилактикалық, жарақаттан кейінгі, операциядан кейінгі, кардиогендік, гемотрансфузиялық және басқа)

- мидың ісінуінде (ми ісіктерінде, бассүйек-ми жарақатында, нейрохирургиялық операцияларда, миға қан құйылғанда, менингиттерде, энцефалиттерде, сәулемен зақымданғанда)

- демікпе статусында

- ауыр аллергиялық реакциялар (Квинке ісінуі, бронхтың түйілуі, дерматоз, дәрілік препараттарға жедел анафилактикалық реакция, сарысу құю, пирогенді реакциялар)

- жедел гемолитикалық анемияда

- тромбоцитопенияда

- агранулоцитозда

- жедел лимфобластты лейкемияда

- ауыр жұқпалы ауруларда (антибиотиктермен біріктіріп)

- бүйрекүсті безі қыртысының жедел жеткіліксіздігінде

- буын ауруларында (иық-жауырын периартриті, эпикондилит, бурсит, тендовагинит, остеохондроз, этиологиясы алуан түрлі артриттер, остеоартроз)

- ревматоидтық ауруларда

- коллагеноздарда

Дексаметазон, инъекцияға арналған 4 мг/мл ерітіндісі, парентеральді енгізудің өмірлік қажеттілігі бар болып табылатын жедел және шұғыл жағдайларда пайдаланылады. Препарат өмірлік маңызды көрсеткіштер бойынша қысқа мерзімді қолдануға арналған.

Қолдану тәсілі және дозалары

Дозалау режимі әр адамға жекелей және көрсетілімдеріне, аурудың ауырлығына және емделушінің емге реакциясына байланысты. Препаратты бұлшықет ішіне, көктамыр ішіне баяу сорғалатып немесе тамшылатып енгізеді, сондай-ақ периартикулярлы немесе буын ішіне де енгізілуі мүмкін. К/і тамшылатып инфузиялау үшін ерітінді дайындау мақсатында натрий хлоридінің изотониялық ерітіндісін, 5% глюкоза ерітіндісін немесе Рингер ерітіндісін пайдаланған жөн.

Ересектерге көктамыр ішіне, бұлшықет ішіне тәулігіне 3-4 рет 4 мг-нан 20 мг-ға дейін енгізеді. Ең жоғары тәуліктік доза 80 мг құрайды.

Өмір үшін қауіпті жедел жағдайларда жоғары дозалары қажет болуы мүмкін. Әртүрлі аурулардың жедел кезеңінде және емнің басында препаратты жоғары дозаларда қолданады. Парентеральді түрде қолдану ұзақтығы 3-4 тәулікті құрайды, содан кейін препараттың пероральді түрімен демеуші емге ауысады. Әсеріне қол жеткен кезде бірнеше күн бойы дозаны демеуші дозаға жеткенше (аурудың ауырлығына байланысты тәулігіне орта есеппен 3-6 мг) немесе ем тоқтатылғанға дейін емделушіні үздіксіз бақылай отырып төмендетеді. Глюкокортикоидтардың үлкен дозаларын көктамыр ішіне тез енгізу жүрек-қантамырлық коллапсты тудыруы мүмкін: инъекцияны баяу, бірнеше минут бойы жүргізеді.

Ми ісінуі (ересектерге): бастапқы 8-16 мг дозасы көктамыр ішіне, келесіде көктамыр ішіне немесе бұлшықет ішіне, қанағаттанарлық нәтижеге жеткенге дейін әр 6 сағат сайын 5 мг. Миға жасалған хирургиялық операциялар кезінде бұл дозалары операциядан кейін тағы бірнеше күн қажет болуы мүмкін. Содан кейін дозасы біртіндеп азайтылуы тиіс. Үздіксіз емдеу ми ісігімен байланысты бассүйекішілік қысымның жоғарылауына қарсы әсер етуі мүмкін.

Балаларға бұлшықет ішіне тағайындайды. Препараттың дозасы әдетте тәулігіне 0.2 мг/кг-ден 0.4 мг/кг дейінді құрайды. Емдеу қысқа мерзім ішінде ең төмен дозаға жеткізілуі тиіс.

Буын ішіне енгізген кезде дозасы қабыну дәрежесіне, зақымданған жердің өлшеміне және орналасуына байланысты. Препарат 3-5 күнде бір рет (синовиальді қалта үшін) және 2-3 аптада бір рет (буын үшін) енгізіледі.

Үлкен буындар

1.6 мг-ден 3.0 мг дейін

Ұсақ буындар

0.6 мг-ден 0.8 мг дейін

Синовиальді қалта

1.6 мг-ден 3.0 мг дейін

Сіңір қынабы

0.3 мг-ден 0.8 мг дейін

Белгілі бір буынға 3–4 реттен асырмай және бір мезгілде 2 буыннан асырмай енгізу керек. Дексаметазонды өте жиі енгізу буын шеміршегін зақымдауы мүмкін. Буынішілік инъекциялары қатаң түрде стерильді жағдайларда жүргізілуі тиіс.

Жағымсыз әсерлері

Әдетте Дексаметазонның жағымдылығы жақсы. Оның минералокортикоидты белсенділігі төмен: оның су-электролиттік алмасуға ықпалы үлкен емес. Әдеттегідей, Дексаметазонның төмен және орташа дозалары организмде натрий мен суды кідіртпейді, калийдің экскрециясын арттырмайды.

Бір рет енгізгенде

- жүректің айнуы, құсу

- аритмиялар, брадикардия, жүрек тоқтап қалғанға дейін

- артериялық гипотензия, коллапс (әсіресе препараттың үлкен дозаларын тез енгізген кезде)

- глюкозаға төзімділіктің төмендеуі

- иммунитеттің төмендеуі

Емдеу ұзаққа созылғанда

- стероидты қант диабеті немесе латентті қант диабетінің манифестациясы, бүйрекүсті безі қызметінің тежелуі, Иценко-Кушинг синдромы, балаларда жыныстық дамудың кідіруі, жыныс гормондары қызметінің бұзылуы (етеккір оралымының бұзылуы, аменорея, гирсутизм, импотенция)

- панкреатит, асқазан мен он екі елі ішектің стероидты ойық жарасы, эрозивті эзофагит, асқазан-ішектік қан кетулер және асқазан-ішек жолы қабырғаларының тесілуі, тәбеттің ұлғаюы немесе кемуі, ас қорытудың бұзылуы, метеоризм, ықылық, сирек жағдайларда – бауыр трансаминазалары және сілтілік фосфатаза белсенділігінің жоғарылауы, гепатомегалия

- миокард дистрофиясы, жүрек қызметі жеткіліксіздігінің пайда болуы немесе айқындылығының күшеюі, электрокардиограммада гипокалиемияға тән өзгерулер, артериялық қысымның жоғарылауы, гиперкоагуляция, тромбоздар. Жедел және баяу өрбитін миокард инфарктісі бар науқастарда – некроз ошағының жайылуы, тыртық тіндердің түзілуінің баяулауы, бұл жүрек бұлшықеттерінің үзілуіне әкеп соғуы мүмкін

- делирий, бағыттан адасу, елестеулер, маниакальді-депрессиялық психоз, депрессия, паранойя, бассүйекішілік қысымның жоғарылап, көру жүйкесі дискісінің ісінуі (мидың жалған ісігі — көбіне балаларда, әдетте дозаны тым тез азайтқаннан кейін, симптомдары — бас ауыру, көру жітілігінің нашарлауы немесе көзге заттардың қосарланып көрінуі), эпилепсияның өршуі, психикалық тәуелділік, мазасыздық, ұйқының бұзылуы, бас айналу, бас ауыру, құрысулар, амнезия, когнитивті бұзылулар

- көзішілік қысымның жоғарылауы, глаукома, көру жүйкесі дискісінің ісінуі, артқы субкапсулярлы катаракта, мөлдір қабықтың немесе ақ қабықтың жұқаруы, көздің бактериялық, зеңдік немесе вирустық ауруларының өршуі, экзофтальм, көздің кенеттен көрмей қалуы (парентеральді түрде енгізгенде көз қантамырларында препараттың кристалдары жиналып қалуы мүмкін)

- кальцийдің шығарылуының жоғарылауы, гипокальциемия, дене салмағының артуы, теріс азотты теңгерім, қатты тершеңдік

- сұйықтықтың және натрийдің іркілуі (шеткергі ісінулер), гипернатриемия, гипокалиемиялық алкалоз

- балаларда өсудің және сүйектену үдерісінің баяулауы (өсудің эпифизарлы аймағының мезгілінен ерте жабылуы), остеопороз (өте сирек – сүйектердің патологиялық сынулары, иық және ортан жілік сүйектері басының асептикалық некрозы), бұлшықет сіңірлерінің үзілуі, проксимальді миопатия, бұлшықет салмағының төмендеуі (атрофия). Буындағы ауырудың күшеюі, буынның ісінуі, буынның ауырмай бұзылуы, Шарко артропатиясы (буын ішіне енгізгенде)

- жаралардың жазылуының баяулауы, петихиялар, экхимоздар, терінің жұқаруы, гипер- немесе гипопигментация, стероидты безеулер, стриялар, пиодермияның және кандидоздардың пайда болуына бейімділік

- асқын сезімталдық, анафилактикалық шокты қоса есептегенде, жергілікті аллергиялық реакциялар – тері бөртпесі, қышыну. Кортикостероид-фосфаттардың үлкен дозаларымен шат аймағына көктамырішілік инъекция жасағаннан кейін өткінші күйдіру немесе шаншу

парентеральді түрде енгізгенде жергілікті: енгізген жердегі күйдіру, ұю, ауыру, шаншу, енгізілген жердегі жұқпалар, сирек – айналасындағы тіндердің некрозы, инъекция жасаған жерде тыртықтардың пайда болуы; б/і енгізген кезде тері және теріасты шелінің атрофиясы (әсіресе, дельта тәрізді бұлшықетке енгізу аса қауіпті)

- жұқпалардың пайда болуы немесе өршуі (иммунодепрессанттар мен вакцинацияның бірге қолданылуы жағдай жасайды), лейкоцитоз, лейкоцитурия, бетке қан тебу, тоқтату синдромы, тромбтың түзілу және жұқпа қаупі.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- дексаметазонға немесе препараттың қосымша компоненттеріне жоғары сезімталдық

- жүйелі жұқпа, егер арнайы бактерияға қарсы ем қолданылмаса

- периартикулярлық немесе буынішілік енгізу үшін: алда өткен артропластика, патологияялық қанағыштық (эндогендік немесе антикоагулянттарды қолданудан туындаған), буынішілік сүйек сынығы, буындағы қабыну жұқпалы (сепсистік) үдерісі және периартикулярлық жұқпалар (соның ішінде сыртартқыдағы), сондай-ақ жалпы жұқпалы ауру, бактериемия, жүйелі зең жұқпасы, буын айналасының айқын остеопорозы, буында қабыну белгілерінің болмауы ("құрғақ" буын, мысалы остеоартроз кезінде синовитсіз), сүйектің айқын деструкциясы және буын деформациясы (буын саңылауының күрт тарылуы, анкилоз), артрит салдары ретіндегі буын тұрақсыздығы, буынды қалыптастырушы сүйектер эпифизінің асептикалық некрозы, инъекция орнындағы жұқпалар (мысалы, соз, туберкулез салдарынан болған сепсистік артрит).

Балаларда өсу кезеңінде глюкокортикостероидтар тек абсолюттік көрсетілімдер бойынша және дәрігердің айрықша бақылауымен қолданылуы тиіс.

Сақтықпен

Жүйелік кортикостероидтарды төмендегі аурулары мен жағдайлары бар емделушілерге пайдалану туралы мәселені қарастырғанда ерекше көңіл бөлу керек, сонымен қатар емделушінің жағдайын жиі бақылау қажет:

- артериялық гипертензия, жүректің іркілісті жеткіліксіздігі

- Кушинг синдромы

- жедел психоз немесе ауыр аффективті бұзылыстар жағдайлары (әсіресе алдыңғы стероидтық психоздар)

- бүйрек жеткіліксіздігі

- асқазан мен он екі елі ішектің ойық жарасы

- бауыр жеткіліксіздігі

- белсенді және жасырын туберкулез, өйткені глюкокортикоидтар реактивация тудыруы мүмкін

- остеопороз

- қант диабеті (немесе тұқым қуалайтын диабет ауырлығы)

- жүйелі микоздар

- буындардың жұқпалы зақымданулары

- III-IV дәрежелі семіздік

- глаукома (немесе тұқым қуалайтын глаукома ауырлығы)

- алдыңғы кортикостероидпен индукцияланған миопатия

- эпилепсия

- бас сақинасы

- паразитарлық инвазиялар, атап айтқанда, амебиаз

- иммунитет тапшылығы жағдайлары

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Дексаметазон басқа к/і енгізілетін препараттармен фармацевтикалық үйлесімсіз болуы мүмкін – оны басқа препараттардан бөлек енгізу керек (к/і болюсті түрде, немесе екінші ерітінді ретінде басқа тамшылатқыш арқылы). Дексаметазон ерітіндісін гепаринмен араластырғанда шөгінді түзіледі.

Дексаметазонды мыналармен бір мезгілде тағайындағанда:

- бауырдың микросомальді ферменттерінің индукторларымен (барбитураттар, карбамазепин, примидон, рифабутин, рифампицин, фенитоин, фенилбутазон, теофиллин, эфедрин) – организмнен шығарылуының жоғарылауы салдарынан дексаметазонның әсерлері бәсеңдеуі мүмкін

- диуретиктермен (әсіресе тиазидтік және карбоангидраза тежегіштерімен) және В амфотерицинмен – калийдің организмнен шығарылуының күшеюі және жүрек қызметі жеткіліксіздігінің пайда болу қаупі артуы мүмкін

- құрамында натрий бар препараттармен – ісінулердің пайда болуына және артериялық қысымның жоғарылауына әкеледі

- жүрек гликозидтерімен олардың жағымдылығы нашарлайды және қарыншалық экстраситолияның пайда болу ықтималдылығы жоғарылайды (туындаған гипокалиемияға байланысты)

- тікелей емес антикоагулянттармен – олардың әсерін бәсеңдетеді (сирек – күшейтеді) (дозаны түзету қажет)

- антикоагулянттармен және тромболитиктермен – АІЖ-да ойық жаралардан қан кетудің пайда болу қаупі артады

- этанолмен және ҚҚСП – АІЖ-да эрозиялы-ойық жаралы зақымданулардың пайда болу және қан кетудің даму қаупі күшейеді (артриттерді емдегенде ҚҚСП біріктіргенде, емдік әсерлерінің бірігуіне байланысты глюкокортикостероидтар дозасы төмендетілуі мүмкін). Индометацин, дексаметазонды альбуминдермен байланысынан ығыстырып, оның жағымсыз әсерлерінің пайда болу қаупін арттырады

- парацетамолмен – гепатоуыттылықтың пайда болу қаупі артады (бауыр ферменттерінің индукциясы және парацетамолдың уытты метаболитінің түзілуі)

- ацетилсалицил қышқылымен оның шығарылуын жылдамдатады және қандағы концентрациясын төмендетеді. Кортикостероидтарды қабылдаған кезде салицилаттардың бүйректік клиренсі артады, сондықтан кортикостероидтарды тоқтату организмнің салицилаттармен уыттануына әкеп соғуы мүмкін

- инсулинмен және пероральді гипогликемиялық препараттармен, гипотензивтік дәрілермен – олардың тиімділігі азаяды

- D витаминімен – ішекте Са2+ сіңуіне оның ықпалы төмендейді

- соматотропты гормонмен – соңғысының тиімділігін төмендетеді

- М-холиноблокаторлармен (антигистаминдік препараттарды және үшциклдік антидепрессанттарды қоса есептегенде) және нитраттармен – көзішілік қысымның жоғарылауына мүмкіндік береді

- изониазидпен және мексилетинмен – олардың метаболизмін арттырады (әсіресе "баяу" ацетилаторларда), бұл олардың плазмалық концентрацияларының төмендеуіне әкеледі.

Карбоангидраза тежегіштері және "ілмектік" диуретиктер остеопороздың пайда болу қаупін арттыруы мүмкін.

АКТГ дексаметазонның әсерін күшейтеді.

Эргокальциферол және паратгормон дексаметазонның әсерінен остеопатияның пайда болуына кедергі жасайды.

Циклоспорин мен кетоконазол, дексаметазонның метаболизмін баяулата отырып, бірқатар жағдайларда оның уыттылығын арттыра алады, балаларда құрысудың пайда болу қаупін арттырады.

Андрогендерді және стероидты анаболикалық препараттарды дексаметазонмен бір мезгілде тағайындау шеткергі ісінулердің, гирсутизмнің пайда болуына, безеулердің түзілуіне мүмкіндік береді.

Эстрогендер және құрамында эстрогені бар пероральді контрацептивтер дексаметазонның клиренсін төмендетеді, бұл оның әсер ету айқындылығының күшеюімен қатар жүруі мүмкін.

Митотан және бүйрекүсті безі қыртысы қызметінің басқа да тежегіштері дексаметазон дозасын арттыру қажеттілігіне себепші болады.

Вирустарға қарсы тірі вакциналармен бір мезгілде қолданғанда және иммунизацияның басқа да түрлерінің аясында вирустардың белсенділену және жұқпалардың пайда болу қаупін арттырады.

Антипсихотикалық дәрілер (нейролептиктер) және азатиоприн дексаметазонды тағайындаған кезде катарактаның пайда болу қаупін арттырады.

Антитиреоидтық препараттармен бір мезгілде қолданғанда дексаметазонның клиренсі төмендейді, ал тиреоидтық гормондармен бірге – жоғарылайды.

Глюкокортикоидтардың (эфедрин және аминоглютетимид) метаболизмдік клиренсін арттыратын препараттармен бір мезгілде қолданғанда дексаметазонның әсерлері азаюы немесе тежелуі мүмкін; карбамазепинмен бірге – дексаметазонның әсері азаюы мүмкін; иматинибпен бірге – оның метаболизмінің индукциясы және оның организмнен шығарылуының жоғарылауы салдарынан қан плазмасында иматинибтің концентрациясы азаюы мүмкін.

Антипсихотикалық дәрілермен, букарбанмен, азатиопринмен бір мезгілде қолданғанда катарактаның даму қаупі туындайды.

Метотрексатпен бір мезгілде қолданғанда — гепатоуыттылығы күшеюі мүмкін; празиквантелмен бірге — празиквантелдің қандағы концентрациясы азаюы мүмкін.

Иммунодепрессанттар және цитостатиктер дексаметазонның әсерін күшейтеді.

Айрықша нұсқаулар

Постмаркетингтік зерттеулерден, дексаметазонның бір өзін немесе басқа химиотерапиялық дәрілермен біріктіріп пайдаланғаннан кейін гемобластоздары бар емделушілерде ісік лизисі синдромы дамыған аса сирек жағдайлар туралы хабарланған. Ісік лизисі синдромының даму қаупі жоғары емделушілер қатаң бақылауда болуы тиіс және сәйкесінше сақтық шаралары қолданылуы тиіс.

Емделушілерге және/немесе қамқорға алушыларға психика тарапынан ауыр жағымсыз әсерлердің пайда болуы мүмкін екендігі ескертілуі тиіс. Симптомдар әдетте емдеуді бастағаннан кейін бірнеше күн ішінде немесе апта ішінде білінеді. Осындай жағымсыз әсерлердің пайда болу қаупі, доза деңгейі реакциялардың басталуын, ауырлығын немесе ұзақтығын алдын ала болжауға мүмкіндік бермесе де, жоғары дозаларды қолданғанда/жүйелі түрде әсер еткенде өте жоғары болады. Көптеген реакциялар, кейде арнайы ем қажет болса да, дозаны азайтқаннан кейін немесе препаратты тоқтатқаннан кейін жоғалады. Емделушілер және/немесе қамқорға алушылар, егер психологиялық симптомдардан, әсіресе депрессиядан, өзіне-өзі қол жұмсау ойынан мазасызданатын болса, мұндай реакциялар жиі тіркелмесе де, дәрігерге қаралуы тиіс. Сыртартқысында депрессиялық, маниакальді-депрессиялық психозды, бұған дейінгі стероидты психозды қамтитын ауыр аффективті бұзылулары бар науқастарда жүйелік кортикостероидтарды қолдану мәселесі ерекше көңіл бөлуді қажет етеді – емді өмірлік көрсетілімдері бойынша ғана жүргізеді.

Глюкокортикоидтарды парентеральді түрде тағайындағанда көмейдің ісінуі, есекжем, бронхтың түйілуі сияқты ауыр анафилактикалық реакциялар, көбіне сыртартқысында аллергиясы бар емделушілерде, байқалуы мүмкін. Анафилактикалық реакциялар туындаса, мынадай шараларды жүргізу қажет: 0,1-0,5 мл адреналинді (дене салмағына байланысты 1: 1000: 0,1 - 0,5 мг адреналин ерітіндісі) шұғыл түрде баяу көктамырішілік енгізу, аминофиллинді көктамыр ішіне енгізу және егер қажет болса – жасанды тыныс алу.

Жағымсыз әсерлер тиімді өте төмен дозаларды қысқа мерзімге тағайындағанда және тәуліктік дозаны таңертең бір рет енгізу арқылы азайтылуы мүмкін. Аурудың белсенділігіне қарай дозаны жиі титрлеу қажет.

Бассүйек-ми жарақаттары немесе инсульті бар науқастарға глюкокортикоидтарды тағайындамаған жөн, өйткені бұл пайда бермейді және тіпті зиянды болуы мүмкін.

Қант диабетінде, туберкулезде, бактериялық және амебалық дизентерияда, артериялық гипертензияларда, тромбоэмболияларда, жүрек және бүйрек қызметінің жеткіліксіздігінде, өзіне тән емес ойық жаралы колитте, дивертикулитте, жуықта түзілген ішек анастомазында, негізгі ауруды талапқа сай емдегенде Дексаметазонды өте абайлап қолдану қажет.

Препаратты күрт тоқтатқанда, әсіресе жоғары дозаларда қолданған жағдайда, глюкокортикостероидтарды тоқтату синдромдары: анорексия, жүректің айнуы, тежелушілік, денеге жайылған бұлшықет-қаңқа ауыруы, жалпы әлсіздік пайда болады. Ұзақ уақыт емдеуден кейін дозаны өте тез төмендету бүйрекүсті безі қызметінің жедел жеткіліксіздігіне, артериялық гипотензияға, өлімге әкеп соғуы мүмкін. Препаратты тоқтатқаннан кейін бірнеше ай бойы бүйрекүсті безі қыртысы қызметінің салыстырмалы жеткіліксіздігі сақталуы мүмкін. Егер осы кезеңде күйзеліс жағдайы пайда болса, уақытша глюкокортикоидтар, ал қажет болғанда минералокортикоидтар тағайындайды.

Препаратты қолдануды бастар алдында асқазан-ішек жолында ойық жаралы патологияның бар-жоқтығына тексеру жүргізген дұрыс. Осы патологияның пайда болуына бейім емделушілерге алдын алу мақсатында антацидтік дәрілерді тағайындау қажет.

Препаратпен емделу кезінде емделуші құрамында калий, ақуыздар, витаминдер мол, май, көмірсу және натрий мөлшері төмен емдәмді сақтауы тиіс. Қабыну реакциясының және иммундық функцияның дексаметазонмен бәсеңдетілуі нәтижесінде жұқпаны қабылдағыштық арта түседі.

Емделушіде интеркурентті жұқпалар, сепсистік жағдай бар болғанда Дексаметазонмен емдеуді бактерияларға қарсы еммен біріктіру қажет.

Желшешек иммуносупрессиясы бар науқастарда өліммен аяқталуға әкеп соғуы мүмкін. Желшешекті бастан өткермеген емделушілер желшешекпен ауыратын, немесе белдемелі герпесі бар науқастармен тығыз қарым-қатынаста болмағаны жөн, ал қарым-қатынаста болған жағдайда шұғыл медициналық жәрдем алуы керек.

Қызылша: емделушілер қызылшамен ауырған науқастармен қарым-қатынаста болмағаны және сақ болғаны жөн және, егер қарым-қатынаста болған болса, дереу медициналық жәрдем алу үшін дәрігерге жүгінуі тиіс.

Тірі вакциналарды иммундық реакциясы әлсіреген адамдарға тағайындамаған жөн. Басқа вакциналарға иммундық жауабы азаюы мүмкін.

Егер Дексаметазонмен емдеу белсенді иммунизациядан (вакцинациядан) 8 апта бұрын немесе одан кейін 2 апта ішінде жүзеге асырылса, иммунизация әсері төмендеуі немесе жоғалуы мүмкін (антидененің түзілуі басылады).

Педиатрияда пайдаланылуы

Балаларда өсу кезеңінде глюкокортикостероидтар өмірлік көрсетілімдері бойынша және дәрігердің мұқият бақылауымен қолданылуы тиіс. Ұзақ емдеу кезінде өсу дәне даму динамикасын мұқият бақылау қажет. 14 жасқа дейінгі балаларды препаратпен ұзақ уақыт емдегенде өсу үдерісінің бұзылуына жол бермеу үшін емдеу кезінде әрбір 3 күн сайын 4 күндік үзіліс жасаған дұрыс.

Шала туған нәрестелер: қолда бар деректер өкпелерінің созылмалы аурулары бар шала туған балаларда күніне екі рет 0.25 мг/кг бастапқы дозада ерте (<96 сағат) емдегеннен кейін жүйке жүйесі тарапынан ұзаққа созылатын жағымсыз әсерлердің пайда болғанын айғақтайды.

Жуықта жүргізілген зерттеулер дексаметазонды шала туған балаларға пайдалану мен балалардың церебральді салдануының пайда болуы арасында байланыс бар деп болжап отыр. Осыған байланысты, «қаупі/пайдасына» баға беруді ескеріп, препаратты әр адамда жекелей тағайындауға әрекет жасау қажет.

Егде жастағы адамдарға пайдаланылуы

Жүйелік кортикостероидтардың жалпы жағымсыз әсерлері егде жастағы өте ауыр зардаптармен, әсіресе остеопорозбен, гипертониямен, гипокалиемиямен, қант диабетімен, жұқпаларға сезімталдығымен және терінің жұқаруымен байланысты болуы мүмкін.

Жүктілік және лактация

Жүктілік кезінде (әсіресе I триместрде) және емшек емізу кезеңінде препаратты, егер күтілетін емдік әсері ұрық пен нәресте үшін қаупінен басым болған жағдайда ғана, тағайындайды. Жүктілік кезеңінде ұзақ емдегенде ұрықтың өсу үдерісінің бұзылуы мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Жүктіліктің соңғы айларында қолданған жағдайда ұрықта бүйрекүсті безі қабығы атрофиясының пайда болу қаупі бар болады, бұл жаңа туған нәрестеде бұдан әрі орын басу емін жүргізуді қажет етуі мүмкін.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Автокөлік жүргізгенде немесе басқа да механизмдермен жұмыс жасағанда Дексаметазон бас айналуын және бас ауыруын туғызуы мүмкін болғандықтан, автомобильді жүргізуді және басқа қауіпті механизмдерді басқарудан бас тарта тұру ұсынылады.

Артық дозалануы

Симптомдары: жағымсыз әсерлері өршуі мүмкін.

Емі: симптоматикалық ем. Арнайы у қайтарғысы жоқ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Инъекцияға арналған ерітінді, 4 мг/мл.

1 мл препараттан сындыратын сақинасы бар, І класты гидролитикалық қоңыр шыныдан жасалған ампулаларда.

Ампулаға заттаңба жапсырылады.

Полиэтиленнен жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 5 ампуладан салынған.

1, 2 немесе 5 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоп қаптамаға салынады.

Сақтау шарттары

Жарықтан қорғалған жерде, 250С-ден аспайтын температурада. Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханадан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Ромфарм Компани С.Р.Л., Румыния

Отопень, Ероилор к-сі1А.

тел. +40 21 208 9743, +40 21 208 97 42, факс: +40 21 266 49 38

Тіркеу куәлігінің иесі

Ромфарм Компани С.Р.Л., Румыния

Отопень, Ероилор к-сі 1А.

тел. +40 21 208 9743, +40 21 208 97 42, факс: +40 21 266 49 38

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«Ромфарм Компани» ҚР өкілдігі, Алматы қ., 050013, Бұқар жырау бульвары, 33 үй , «Жеңіс» БО, 607 кеңсе

тел./факс 8 ( 727) 247-07-85

 

Прикрепленные файлы

607782621477976700_ru.doc 102.5 кб
584318341477977834_kz.doc 138 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники