Даилла®

МНН: Дроспиренон, Этинилэстрадиол
Производитель: Гедеон Рихтер ОАО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Дроспиренон и эстроген
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№018423
Информация о регистрации в РК: 14.08.2017 - 14.08.2022

Инструкция

Саудалық атауы

Даилла®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 3 мг/0,02 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді заттар: 100% 3 мг кристалды дроспиренон және

100% 0,02 мг микронизирленген этинилэстрадиол.

Қосымша заттар: лактоза моногидраты, жүгері крахмалы, прежелатинделген крахмал, макрогол мен поливинил спиртінің сополимері, магний стеараты,

үлбірлі қабықтың құрамы: опадрай II ақ 85G18490: поливинил спирті, титанның қостотығы (E171), макрогол 3350, тальк, лецитин (соялық).

Сипаттамасы

Дөңгелек, екі беті дөңес, бір жағында «G73» деген өрнегі бар, екінші жағы өрнексіз, ақ немесе ақ дерлік түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Ішу арқылы қабылданатын гормональді контрацептивтер.

Прогестагендер және эстрогендер (бекітілген қосылымдар).

АТЖ коды G03AA12

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Дроспиренон

Сіңуі

Ішу арқылы қабылдағанда дроспиренон жылдам және толық дерлік сіңіріледі. Ішке бір дүркін қабылдағаннан кейін сарысудағы дроспиренонның 37 нг/мл-ге тең ең жоғары концентрациясы бір дүркін қолданудан соң 1-2 сағат өткенде жетеді. Биожетімділігі 76-85% аралығында ауытқиды. Ас ішу дроспиренонның биожетімділігіне әсер етпейді.

Таралуы

Ішу арқылы қабылдағаннан кейін сарысудағы дроспиренон деңгейлері 31 сағаттық түпкілікті жартылай шығарылу кезеңімен азаяды. Дроспиренонның сарысулық альбуминмен байланысы байқалады, бірақ препарат жыныс гормондарын байланыстарын глобулинмен (ЖГБГ), немесе кортикостероидтарды байланыстыратын глобулинмен (КСГ) байланыспайды. Тек сары судағы белсенді заттың жалпы концентрацияларының 3-5%-ы бос стероид түрін иеленген. Этинилэстрадиолмен индукцияланған ЖГБГ жоғарылауы дроспиренонның сарысудағы ақуыздармен байланысуына әсер етпейді. Дроспиренонның орташа болжамды таралу көлемі 3,7±1,2 л/кг құрайды.

Биоөзгерісі

Ішу арқылы қабылдағаннан кейін дроспиренон экстенсивті метаболизденеді. Метаболиттердің көпшілігі плазмада дроспиренонның қышқылды түрлері, ашық лактондық сақинасы бар туындылар және Р450 жүйесінің қатысымен түзілетін 4,5-дигидро-дроспиренон-3-сульфаты ретінде ұсынылған. Дроспиренон Р450 3А4 цитохромының аз қатысуымен метаболизденеді.

Шығарылуы

Сарысудағы дроспиренонның метаболикалық клиренсі 1,5±0,2 мл/мин/кг құрайды. Дроспиренон өзгеріссіз күйде тек іздік мөлшерлерде шығарылады. Дроспиренон метаболиттері шамамен 1,2:1,4 арақатынасында нәжіспен және несеппен шығарылады. Метаболиттердің несеппен және нәжіспен шығаратын жартылай шығарылу кезеңі шамамен 40 сағат құрайды.

Тепе-тең концентрациясы

Емдеудің бір циклы кезінде сарысуындағы дроспиренон ең жоғары тепе-тең концентрациясына (шамамен 60 нг/мл) 7-14 сағат өткен соң жетеді. Дроспиренон деңгейінің 2-3 дүркін ұлғаюы байқалады. Дроспиренонның сарысулық концентрацияларының әріқарай жоғарылауы қабылдаудың 1-6 циклынан соң байқалып, одан кейін концентрацияның артуы байқалмайды.

Этинилэстрадиол (20 мкг)

Сіңуі

Этинилэстрадиол жылдам және толық сіңеді. 80-100 пг/мл-ге жуық ең жоғары плазмалық деңгейге 1-2 сағат өткенде жетеді. Жүйе алдындағы конъюгациядан және жүйе алдындағы метаболизмнен кейін аш ішек пен бауырдағы нақтылы биожетімділігі 60% құрайды. Тамақты қатарлас қабылдау этинилэстрадиол биожетімділігі тексерілген адамдардың шамамен 25%-ында төмендеген, бұл кезде басқа адамдарда осыған ұқсас өзгерістер анықталған жоқ.

Таралуы

Сарысудағы этинилэстрадиол деңгейлері екі фазаға төмендейді, түпкілікті фармакокинетикалық фазасы 24 сағатқа жуық жартылай шығарылу кезеңімен сипатталады. Этинилэстрадиол альбуминмен 98.5%-ға жуық байланысады, әрі сарысудағы ЖГБГ және КСГ концентрацияларының жоғарылауын индукциялайды. Болжамды таралу көлемі шамамен 5 л/кг құрайды.

Метаболизмі

Этинилэстрадиол аш ішек шырышында және бауырда жүйе алдындағы конъюгациялануға ұшырайды. Этинилэстрадиол хош иісті гидроксилдену жолымен алғашқылы метаболизденеді, бұл орайда әрі бос метаболиттер түрінде, әрі глюкурон және күкірт қышқылдары бар конъюгаттар түрінде болатын түрлі гидроксилденген және метилденген метаболиттер түзіледі.

Этинилэстрадиол толығымен метаболизденеді. Этинилэстрадиол метаболикалық клиренсінің жылдамдығы 5 мл/мин/кг құрайды.

Шығарылуы

Этинилэстрадиол өзгермеген күйде мүлде шығарылмайды. Этинилэстрадиол метаболиттері 4:6 арақатынасында несеппен және өтпен шығарылады. Метаболиттердің жартылай шығарылу кезеңі шамамен 1 күн құрайды. Элиминациялық жартылай шығарылу кезеңі 20 сағат құрайды.

Тепе-тең концентрациясы

Тепе-тең концентрациясына емдеу циклының екінші жартысы кезінде жетеді, бұл орайда этинилэстридиолдың сарысулық деңгейі шамамен 2.0-2.3 дүркінділігімен жинақталады.

Тұрғын халықтың жекелеген санаттары

Бүйрек қызметіне әсері

Бүйрек жеткіліксіздігінің әлсіз дәрежесі бар әйелдерде сарысудағы дроспиренонның тепе-тең деңгейі (креатинин клиренсі CLcr = 50-80 мл/минут) бүйрек қызметі қалыпты әйелдердегі осындаймен салыстырмалы болды (CLcr > 80 мл/минут). Сарысудағы дроспиренон деңгейі орта дәрежелі бүйрек жеткіліксіздігі бар әйелдерде, бүйрек қызметі қалыпты әйелдердегісімен салыстырғанда, орташа алғанда, 37%-ға жоғары болды t (CLcr = 30-50 мл/минут). Дроспиренон емін әлсіз де, орта да дәрежелі бүйрек жеткіліксіздігі бар әйелдер жақсы көтерді.

Дроспиренонмен емдеу сарысудағы калий концентрациясына клиникалық елеулі әсерін тигізген жоқ.

Бауыр қызметіне әсері

Орташа бауыр жеткіліксіздігі (Чайлд-Пью жүйесі бойынша В класы) бар әйелдерде плазмадағы орташа концентрация қисығы бауыр қызметі қалыпты әйелдердегісімен сәйкес келді. Сіңірілу және таралу фазасында байқалған Cmax мәндері бірдей болды. Таралу фазасы аяқталған кезде дроспиренон концентрациясының төмендеуі бауыр жеткіліксіздігі орташа еріктілерде, бауыр қызметі қалыпты адамдармен салыстырғанда, шамамен 1,8 есе жоғары болды.

Бір дозалық зерттеулерде бауыр жеткіліксіздігі орташа еріктілердегі жалпы клиренс (CL/f), бауыр қызметі қалыпты адамдармен салыстырғанда, шамамен 50%-ға төмен болды.

Бауыр жеткіліксіздігі орташа еріктілерде білінген дроспиренон клиренсінің кемуі сарысудағы калий концентрациясына қатысты қандай да бір елеулі айырмашылықтарға апармайды.

Тіпті диабетте және спиронолактонмен бір мезгілде емдегенде (емделушіде гиперкалиемияға түрткі болуы мүмкін екі фактор) сарысуда калий концентрациясының қалып шегінен жоғары артуы білінген жоқ.

Дроспиренон/этинилэстрадиол біріктірілімін бауыр жеткіліксіздігі орташа (Чайлд-Пью В класы) емделушілер жақсы көтере алады деп тұжырымдауға болады.

Этникалық топтар

Жапон әйелдерінде және европеоидтық нәсілдегі әйелдерде дроспиренон немесе этинилэстрадиол фармакокинетикасының клиникалық релеванттық айырмашылықтары анықталған жоқ.

Фармакодинамикасы

Перл индексі: 0,31 (жоғарғы 97,5 %, сенімді аралық: 0,91) .

Даилла® препаратының контрацепциялық әсері түрлі факторлардың өзара әрекеттесуіне негізделеді, олардың ең маңыздылары овуляцияның тежелуі және эндометрийдің өзгеруі болып саналады.

Даилла® препараты этинилэстрадиол мен прогестин – дроспиренон құрамасындағы ішуге арналған біріктірілген контрацептив (БІК) болып табылады. Емдік дозада дроспиренон андрогенге қарсы және әлсіз минералокортикоидқа қарсы әсер иеленген. Эстрогендік, глюкокортикоидтық және глюкокортикоидқа қарсы белсенділігі жоқ. Осылайша, дроспиренон табиғи прогестерон гормонына жақын фармакологиялық бейінге ие болады.

Клиникалық зерттеулерде Даилла® препаратының минералокортикоидқа қарсы қасиеттерінің әлсіз минералокортикоидқа қарсы әсерге әкелетіні анықталды.

Жоғары дозаланған БІК (50 мкг этинилэстрадиол) қабылдағанда эндометриальді және овариальді обыр қатері азаяды.

Қолданылуы

- ішуге арналған контрацепцияда

Қолдану тәсілі және дозалары

Таблеткаларды қаптамасында көрсетілген бірізділікпен, қажет болса, аздаған сұйық мөлшерімен іше отырып, күн сайын шамамен белгілі бір уақытта қабылдау қажет. 21 күн қатарынан күніне бір таблеткадан қабылдау керек. Әр келесі қаптама таблеткалар қабылдаудағы 7-күндік аралықтан кейін басталуға тиіс, әдетте бұл кезде етеккір тәріздес қан кету болады. Ол, әдетте, соңғы таблетканы қабылдағаннан кейін 2-3 күннен соң басталып, келесі қаптаманың басталу сәтіне қарай аяқталмауы да мүмкін.

Егер бұрын гормональді контрацептивтер пайдаланылмаса (соңғы айда)

Даилланы® қабылдау әйелдің табиғи етеккір оралымының алғашқы күні басталады (яғни, етеккірлік қан кетудің бірінші күні).

Басқа БІК, қынаптық сақина немесе трансдермалық бұласырмен алмастырған жағдайда

Әйел үшін Даилланы® қабылдауды алдыңғы БІК соңғы белсенді таблеткасын қабылдағаннан кейін келесі күні бастаған ұтымды; мұндай жағдайларда Даилланы® қабылдау таблеткаларды қабылдаудағы әдеттегі үзілістен немесе алдыңғы БІК белсенді емес таблеткаларын қабылдағаннан кейінгі келесі күннен кешірек басталмауға тиіс. Қынаптық сақинаны немесе трансдермалық бұласырды алмастырған кезде Даилланы® қабылдауды алдыңғы дәріні алып тастаған күні бастаған дұрыс; мұндай жағдайларда Даилланы® қабылдау алмастыру шарасы белгіленген күннен кешікпей басталуға тиіс.

Тек прогестиндерді (мини-пили, инъекциялық түрлер, имплантаттар) немесе прогестиндерді босатып шығаратын жатырішілік жүйені (intrauterine system, IUS) қолдану тәсілімен алмастырған жағдайда

Әйел мини-пилиден кез келген күні көше алады (имплантаттан немесе IUS – ол алынған күні, инъекциялық түрінен - келесі инъекция жасалуға тиіс күннен). Дегенмен мұндай жағдайлардың бәрінде таблеткалар қабылданатын алғашқы 7 күн бойы контрацепциялық бөгеу әдісін қосымша пайдаланған дұрыс.

Жүктілікті бірінші триместрде үзгеннен кейін

Әйелдің қабылдауды дереу бастауына болады. Осы шарт сақталса, контрацепцияның қосымша шаралары қажет емес.

Босанудан немесе жүктілікті екінші триместрде үзгеннен кейін

Әйелдің Даилланы® қабылдауды босанудан немесе екінші триместрде жүктілікті үзуден соң 21-28 күні бастағаны дұрыс. Егер қабылдау кешірек басталса, таблеткалар қабылданатын алғашқы 7 күн бойы контрацепциялық бөгеу әдісін қосымша пайдалану қажет. Препаратты қабылдау басталғанша жыныстық қатынас орын алған жағдайда жүктіліктің бар-жоғы анықталуға тиіс немесе алғашқы етеккір келуін күту керек.

Өткізіп алған таблеткаларды қабылдау

Егер таблеткалар қабылдаудағы кешігу 12 сағаттан аз болса, контрацепциялық қорғану төмендемейді. Әйел, мүмкіндігінше, тезірек таблетканы қабылдауы қажет, келесі таблеткалар әдеттегі уақытта қабылданады.

Егер таблеткалар қабылдаудағы кешігу 12 сағаттан көп болса, контрацепциялық қорғану төмендеуі мүмкін. Өткізіп алған таблеткаларды реттегенде келесі екі қарапайым ереже жетекшілікке алыну керек:

  • Таблеткалар қабылдауды 7 күннен артық қысқартуға болмайды;

  • Гипоталамды-гипофизарлы-аналық бездер осінің талапқа сай бәсеңдеуіне жету үшін таблеткаларды 7 күн үздіксіз қабылдау қажет.

    Күнделікті тәжірибеде, тиісінше, мынадай кеңестер беруге болады:

    1 апта

    Соңғы өткізіп алған таблетканы, тіпті бұл екі таблетканың бір мезгілде қабылдануына тура келсе де, мүмкіндігінше, тезірек қабылдау қажет. Келесі таблетка әдеттегі уақытта қабылданады. Келесі 7 күн ішінде контрацепциялық бөгеу әдісі қосымша пайдаланылуға тиіс. Егер жыныстық қатынас таблетканы өткізу алдындағы 7 күн ішінде орын алған болса, жүкті болу ықтималдығын ескеру керек. Қанша көп таблетканы өткізіп алса, әрі бұл өткізіп алу препаратты қабылдаудағы 7 күндік үзіліске неғұрлым жақын болған сайын, жүкті болу қатері соғұрлым жоғары.

    2 апта

    Соңғы өткізіп алған таблетканы, тіпті бұл екі таблетканың бір мезгілде қабылдануына тура келсе де, мүмкіндігінше, тезірек қабылдау қажет. Келесі таблетка әдеттегі уақытта қабылданады. Егер әйел алдыңғы 7 күн ішінде таблеткаларды дұрыс қабылдаса, контрацепцияның қосымша дәрілерін пайдалану қажет емес. Дегенмен, егер ол 1 таблеткадан көбірек өткізіп алса, келесі 7 күнде қосымша сақтану шараларын пайдалану қажет.

    3 апта

    Таблеткалар қабылдаудағы алдағы 7 күндік үзіліске орай, контрацепциялық әсердің төмендеу ықтималдығы едәуір. Алайда, таблеткалар қабылдау кестесін реттей отырып, контрацепциялық қорғанудың төмендеуіне жол бермеуге болады.

    Егер келесі екі кеңестің кез келгені қадағаланса, егер таблетканы өткізіп алмас бұрынғы алдыңғы 7 күн ішінде әйел барлық таблеткаларды дұрыс қабылдаса, контрацепцияның қосымша тәсілдері керек болмайды. Егер бұлай болмаса, ол екі тәсілдің біріншісіне сүйенуге, сондай-ақ келесі 7 күн ішінде қосымша сақтану шараларын пайдалануға тиіс.

    1. Соңғы өткізіп алған таблетканы, тіпті бұл екі таблетканың бір мезгілде қабылдануына тура келсе де, мүмкіндігінше, тезірек қабылдау қажет. Келесі таблетка әдеттегі уақытта қабылданады. Жаңа қаптамадан таблеткалар қабылдау ағымдағы қаптама біткен бойда, яғни екі қаптаманы қабылдау арасындағы үзіліссіз басталуға тиіс. «Тоқтату» қан кетуінің екінші қаптаманың аяғына дейін болмауы бәрінен ықтималды, бірақ таблеткаларды қабылдаған күндері жағынды қанды бөліністер немесе жатырлық құйылған қан кету байқалуы мүмкін.

    2. Әйелге осы қаптамадан таблеткалар қабылдауды тоқтатуды ұсынуға болады. Сосын ол таблеткалар қабылдауды ұмытқан күндерін қоса, 7 күнге таблеткалар қабылдауды тоқтатып, артынша жаңа қаптаманы бастауы қажет.

    Таблеткалар қабылдауды өткізіп алған және препаратты қабылдаудан бос алғашқы аралықта «тоқтату» қан кетуі болмаған жағдайда, жүктіліктің бар-жоғын тексеру қажет.

    Асқазан-ішек жолының бұзылыстары жағдайындағы кеңестер

    Асқазан-ішек жолы тарапынан болатын ауыр реакциялар жағдайында (құсу немесе диарея сияқты) сіңу толық болмауы мүмкін, контрацепцияның қосымша шараларын да қолдану керек.

    Таблеткаларды қабылдағаннан кейін 3-4 сағат шегінде құсу болған жағдайда, мүмкіндігінше, тезірек жаңа алмастырушы таблетканы қабылдау керек. Жаңа таблетканы, мүмкіндігінше, қабылдаудың әдеттегі уақытынан кейін 12 сағат ішінде қабылдау қажет. Егер12 сағаттан артық уақыт өтсе, мүмкіндігінше, «Өткізіп алынған таблеткаларды қабылдау» бөлімінде көрсетілген препаратты қабылдау ережелерін қадағалаған дұрыс. Егер емделуші әйел препаратты қабылдаудың қалыпты тәртібін өзгерткісі келмесе, ол басқа қаптамадан қосымша таблетка (немесе бірнеше таблетка) қабылдауға тиіс.

    «Тоқтату» қан кетуін қалай кейінге шегеруге болады

    Етеккірдің басталу күнін кейінге шегеру үшін Даилланы® жаңа қаптамадан қабылдаудағы үзіліссіз қабылдауды жалғастыру қажет. Екінші қаптамадағы таблеткалар біткенше кейінге шегере беруге болады.

    Цикл ұзаққа созылғанда қынаптан жағынды қанды бөліністер немесе жатырлық құйылған қан кетулер байқалуы мүмкін. Жаңа пәшкеден Даилланы® қабылдауды әдеттегі 7-күндік үзілістен соң жаңғыртқан жөн. Етеккірдің басталу күнін әдеттегі кесте аптасының басқа күніне ауыстыру үшін таблеткалар қабылдаудағы таяу үзілісті қанша қажет болса, сонша күнге қысқартуға болады. Аралық қанша қысқа болса, «тоқтату» қан кетуінің болмау қаупі сонша жоғары, ал екінші қаптаманы қабылдау кезінде жағынды қанды бөліністер және құйылған қан кетулер байқалатын болады (етеккірдің басталуын кейінге шегеру жағдайындағыдай).

Жағымсыз әсерлері

Жиі (>1/100-ден <1/10-ға дейін)

- бас ауыру

- эмоцияның құбылмалылығы

- дисменорея, метроррагия

- кеуденің ауыруы

- дене салмағының артуы

Жиі емес (>1/1 000-нан <1/100-ге дейін)

- бас сақинасы

- жүрек айну, құсу, гастроэнтерит, фарингит, тәбеттің артуы, диарея,

іш қатулар

- тахикардия, экстрасистолия

-депрессия, жүйкенің тозуы, ұйқының бұзылуы, парестезия

- алопеция, бөртпе, тері қышымасы, терінің құрғауы, себорея, ангионевротикалық ісіну

- гипертензия

- астения, тершеңдік, шөлдеу

- салмақтың азаюы

- цистит, вагинит, қынаптың құрғауы, жамбастың ауыруы, етеккір оралымының бұзылуы, аменорея, меноррагия, аналық без кистасы

- фиброзды-кистозды мастопатия, галакторея

- кандидоз, ұшық қызбасы

- өкпе эмболиясы, мойын бөлігіндегі ауыру, аяқ-қолдардың ауыруы, бұлшықет түйілулері, көктамырлардың варикозды кеңеюі

- салмақтың азаюы

- ағзадағы сұйықтық іркілісі

- либидоның төмендеуі

БІК қабылдайтын әйелдердегі ұнамсыз құбылыстар:

- көктамырлық тромбоэмболиялық бұзылулар

- артериялық тромбоэмоболиялық бұзылулар

- бауыр ісіктері;

- біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді қабылдаумен байланысы дәлелденбеген келесі ахуалдардың дамуы немесе нашарлауы: Крон ауруы, ойық жаралы колит, бас сақинасы, эндометриоз, жатыр миомасы, порфирия, жүйелі қызыл жегі, жүктілер ұшығы, Сиденгам хореясы, гемолитикалық уремиялық синдром, холестатикалық сарғаю

- хлоазма

- бауыр қызметінің жедел немесе созылмалы бұзылулары

Ішуге арналған контрацептивтер (ІК) қабылдайтын әйелдер арасында сүт безі обырының диагностикаланған жағдайларының жиілігі біршама жоғары. Сүт безінің обыры 40 жасқа дейінгі әйелдерде тіптен сирек кездесетіндіктен, жиіліктің осылай жоғарылауы сүт безі обырының жалпы қаупімен салыстырмалы түрде онша емес болып саналады. Оның БІК қабылдаған кездегі себептері белгісіз.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- белсенді затқа немесе қосымша заттардың кез келгеніне жоғары сезімталдықта

- қазіргі уақыттағы немесе сыртарқыдағы көктамырлық тромбозда (терең көктамырлар тромбозы, өкпе артериясының эмболиясы)

- қазіргі уақыттағы немесе сыртарқыдағы артериялық тромбоз (мысалы, миокард инфарктісі) немесе тромбоздың алдындағы жай-күйлерде (мысалы, транзиторлы ишемиялық шабуылдар, стенокардия)

- қазіргі уақыттағы немесе сыртарқыдағы цереброваскулярлық бұзылуларда

- артериялық тромбоздың ауыр немесе көптеген қауіп факторлары болғанда: (тамырлық асқынулары бар ауыр диабет, ауыр гипертензия, ауыр дислипопротеинемия)

- жүктілік және лактация кезеңінде

- белсенділендірілген С (БСТ) ақуызына төзімділікті, антитромбин-III тапшылығын, С протеинінің тапшылығын, S протеинінің тапшылығын, гипергомоцистеинемия және фосфолипидке қарсы антиденелерді (кардиолипин антиденелері, жегілік антикоагулянт) қамтитын көктамырлық немесе артериялық тромбозға тұқым қуалаған немесе жүре иеленген бейімділікте

- қазіргі уақыттағы немесе сыртарқыдағы панкреатит, егер онымен ауыр гипертриглицеридемия қатарласса

- қазіргі уақытта немесе сыртарқыда бауыр ауруларының ауыр түрлері болғанда (бауыр тестілері қалпына келетін кезге дейін)

- ауыр бүйрек жеткіліксіздігі немесе жедел бүйрек жеткіліксіздігінде

- қазіргі уақытта немесе сыртарқыда бауыр ісіктері (қатерсіз немесе қатерлі) болғанда

- белгілі немесе болжамды гормонға тәуелді қатерлі ауруларда (жыныс мүшелерінің немесе сүт бездерінің)

- шығу тегі анық емес қынаптық қан кетуде

- жергілікті неврологиялық белгілері бар бас сақинасында

- галактозаны көтере алмау, лактаза жеткіліксіздігі немесе глюкоза мен галактоза мальабсорбциясы синдромында

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Даилла® препаратына басқа дәрілік препараттардың әсері.

БІК және басқа дәрілік өнімдердің өзара әрекеттесулері тоқтату қан кетулеріне немесе контрацепциялық қорғанудың төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл гидантоинге, барбитураттарға, примидонға, карбамазепинге және рифампицинге; окскарбазепинге, топираматқа, фелбаматқа және гризеофульвинге қатысты тұжырымдалды. Осы өзара әрекеттесу механизмі бауыр ферменттерінің осы заттармен индукциялануына негізделген. Ең жоғары ферментативтік индукция, әдетте, 2-3 апта ішінде көрініс бермейді, бірақ сосын, кем дегенде, дәрілік емді тоқтатудан соң 4 апта бойы сақталады.

Ампициллиндер мен тетрациклиндер сияқты антибиотиктерді қабылдағанда контрацепциялық қорғанудың төмендегені жөнінде хабарланды. Бұл әсердің механизмі анық емес.

Дәрілік препараттардың жоғарыда аталған кластарының кез келгенін немесе жекелеген белсенді заттарды қысқа курспен (бір аптаға дейін) алатын әйелдер БІК-ке қосымша контрацепциялық бөгеу әдісін уақытша, яғни препаратты қатарлас қабылдаған кезде және оларды тоқтатқаннан кейінгі 7 күн ішінде пайдалануға тиіс. Рифампицинді қабылдаған кезде және оны тоқтатқаннан кейінгі 28 күн ішінде БІК-ке қосымша контрацепциялық бөгеу әдісін пайдалануға болады. Егер препаратты қатарлас қабылдау БІК қаптамасын қабылдаудың аяғында басталса, келесі БІК қаптамасы қабылдаудағы әдеттегі үзіліссіз басталуға тиіс.

Бауыр ферменттеріне әсер ететін препараттарды ұзақ уақыт алатын әйелдерде контрацепцияның басқа әдістерін қолдану мүмкіндігін қарастыру қажет.

Адам плазмасында дроспиренонның негізгі метаболиттері P450 цитохромы жүйесінің қатысынсыз жайылады. Бұл ферменттік жүйе тежегіштерінің дроспиренон метаболизміне әсер ету ықтималдығы аз.

Ішуге арналған контрацептивтер басқа белгілі бір әсер етуші заттар метаболизміне ықпал ете алады. Плазма мен тіндегі (мысалы, циклоспорин) концентрациялар, тиісінше, жоғарылауы немесе төмендеуі (мысалы, ламотриджин) мүмкін.

Индикатор-субстраттар ретінде омепразол, симвастатин және мидазолам қабылдайтын ерікті әйелдерде 3 мг дозадағы дроспиренонның басқа белсенді заттар метаболизміне ықпал ету ықтималдығы аз.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделуші әйелдерде дроспиренон мен АӨФ тежегіштерін немесе ҚҚСП-ын қатарлас қолданғанда сарысулық калий деңгейіне елеулі әсер көріністелмейді. Дегенмен, тежегіштерді альдостерон антагонистерімен немесе калий сақтағыш диуретиктермен қатарлас қолдану зерттелмеген. Мұндай жағдайда алғашқы емдеу циклында сарысулық калий деңгейін тестілейді.

Зертханалық зерттеулер

Жыныс стероидтарын қабылдау бауыр, қалқанша без, бүйрек үсті бездері мен бүйрек қызметінің биохимиялық көрсеткіштерін, сондай-ақ кортикостероид-байланыстырушы глобулин және липид/липопротеин фракциялары сияқты плазманың тасымалдаушы ақуыздарының деңгейлерін, көмірсу алмасу көрсеткіштерін, коагуляция және фибринолизді қамтитын белгілі бір зертханалық тестілердің нәтижелеріне әсер етуі мүмкін. Өзгерістер, әдетте, зертханалық қалыптар шегінде қалады. Өзінің минералокортикоидқа қарсы белсенділігіне орай, дроспиренон қан плазмасында ренин мен альдостерон белсенділігін жоғарылатады.

Айрықша нұсқаулар

Сақтану шаралары

Егер төменде аталған қауіпті жай-күйлер/факторлардың қандай да бірі қазіргі уақытта білінсе, онда әр әйелдегі емдеудің зор қатері мен күтілімді пайдасын тиянақты таразылап, әйелмен ол препаратты қабылдай бастауды шешкенге дейін талқыланады. Осы қауіпті жай-күйлер немесе факторлардың кез келгені нашарлаған, күшейген немесе алғаш көрініс берген жағдайда, әйел БІК-ті тоқтату қажеттілігі жөнінде шешім қабылдай алатын өз дәрігерімен кеңесуге тиіс.

Қан айналу жүйесінің бұзылулары

Бірқатар эпидемиологиялық зерттеулер эстрогендер мөлшері төмен (< 50 мкг этинилэстрадиол) біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді (Даилла® препаратын қоса) қабылдаған кезде көктамырлық тромбоэмболияның даму жиілігінің аздап артуын анықтады, ол жылына 10000 әйелге 0,5-3-тен келуімен салыстырғанда, жылына 10000 әйелге 4-ке дейін құрайды, бірақ бұл қауіп проэстроген деңгейіне қарай ауытқиды. Бұл ІК пайдаланбайтын әйелдердегі 5-10 жағдаймен салыстырмалы.

Көктамырлық тромбоэмболия (КТЭ) барлық біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді пайдаланған кезде дамуы мүмкін. Дегенмен, біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді қабылдағанда дамитын КТЭ жиілігі, жүктілікпен байланысты жиілікке (10 000 жүкті әйелге 6) қарағанда аз. КТЭ 1-2% жағдайларда өліммен аяқталуға апарады.

Эпидемиологиялық зерттеулер БІК қабылдауды артериялық тромбоэмболияның жоғары қатерімен де (миокард инфарктісі, транзиторлы ишемиялық шабуылдар) байланыстырады.

Біріктірілген контрацептивтерді ішу арқылы қабылдайтын әйелдерде басқа қан тамырларының, мысалы бауыр, мезентериялық, бүйрек артериялары мен көктамырлардың, торқабықтың орталық көктамырының және оның тармақтары тромбозының тым сирек жағдайлары сипатталған.

Көктамырлық немесе артериялық тромбоз/тромбоэмболиялық құбылыстар немесе цереброваскулярлық бұзылулар мыналарды қамтиды:

- аяқтағы әдеттен тыс біржақты ауыру және/немесе ісіну

- сол қолға иррадиацияланатын немесе онсыз кеуденің кенеттен қатты ауыруы

- кенеттен ентігу

- күрт жөтел шабуылы

- кез келген әдеттен тыс, күшті, ұзақ бас ауыруы

- көруден кенет ішінара немесе толық айырылу;

- диплопия

- түсініксіз сөйлеу немесе афазия

- вертиго

- құрысу ұстамасы бар және/немесе онсыз естен тану

- дененің бір жағынан немесе бір бөлігінде кенет пайда болған әлсіздік немесе сезімталдықтан тіптен айқын айырылу

- қозғалыс бұзылулары

- іштеспе.

БІК қабылдайтын әйелдерде көктамырлық тромбоэмболиялық асқынулар қаупі жоғарылайтын жағдайлар:

- жас ұлғаюымен

- отбасылық сыртартқының болуы (жақын туыстардың немесе ата-ананың салыстырмалы жас кездерінде көктамырлық немесе артериялық тромбоэмболиялардың болуы). Егер туа біткен бейімділіктің болуы жорамалданса, әйел кез келген БІК қабылдауды бастамас бұрын маманның кеңесіне жүгінуге тиіс.

- ұзақ иммобилизация, күрделі хирургиялық араласу, аяққа жасалатын кез келген операция немесе кең ауқымды жарақат. Бұл жағдайларда біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді пайдалануды тоқтатқан дұрыс (жоспарланған операция жағдайында, кем дегенде, оған дейін төрт апта бұрын) және иммобилизация аяқталғаннан кейін екі апта ішінде қабылдауды жаңғыртпаған жөн. Егер таблеткаларды қабылдау бұрынырақ қысқартылған болса, антитромботикалық емдеу қажеттілігін қарастыруға болады

- семіру (дене салмағының индексі 30 кг/м2 артық)

БІК қабылдайтын әйелдерде тромбоздың немесе цереброваскулярлық бұзылулар асқынуларының қаупі жоғарылайтын жағдайлар:

- жас ұлғаюымен

- шылым шегушілерде (темекілер санының көбеюімен немесе жас ұлғаюымен, әсіресе 35 жастан асқан әйелдерде, қатер әріқарай арта түседі)

- дислипопротеинемия

- артериялық гипертензия

- бас сақинасы

- семіру (дене салмағы индексі 30 кг/м2 артық)

- отбасылық сыртартқының болуы (яғни, жақын туыстардың немесе ата-ананың салыстырмалы жас кездерінде көктамырлық немесе артериялық тромбоэмболияның болуы). Егер туа біткен бейімділіктің болуы жорамалданса, әйел кез келген БІК қабылдауды бастамас бұрын маманның кеңесіне жүгінуге тисі.

- жүрек клапандарының аурулары;

- жүрекшелер фибрилляциясы;

Көктамырлық немесе артериялық аурудың бір немесе көптеген қауіп факторларының болуы да қарсы көрсетілім болып табылады. Антикоагулянттық емді қолдану мүмкіндігін қарастыруға болады. Тромбоздың болжамды белгілері дамыған жағдайда БІК қабылдайтын әйелдердің дәрігермен хабарласуға тиіс екені қатаң ескертіледі. Жорамалданған тромбоз жағдайында БІК қабылдауды тоқтату керек. Антикоагулянттық ем (кумариндер) тератогендігі салдарынан талапқа сай баламалы ем қабылдауды бастауға болады.

Босанудан кейінгі кезеңде тромбоэмболияның жоғары қатерін ескеру керек.

Ұнамсыз қан тамырлық құбылыстармен байланысты басқа аурулар қант диабетін, жүйелі қызыл жегіні, гемолитикалық уремиялық синдромды, ішектің созылмалы қабыну ауруларын (Крон ауруы немесе айрықша белгісі жоқ ойық жаралы колит) және орақ тәріздес-жасушалы анемияны қамтиды.

Біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді пайдаланған кезде бас сақинасының жиілігі мен ауырлығының артуы (цереброваскулярлық бұзылуларға жол ашуы мүмкін) осы препараттарды қабылдауды дереу тоқтатуға негіз бола алады.

Ісіктер

Біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді ұзақ уақыт қолданғанда жатыр мойыны обырының жоғары даму қаупі жөнінде кейбір эпидемиологиялық зерттеулерде хабарланды. Оның біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді қабылдаумен байланысы дәлелденбеген. Бұл нәтижелердің қандай дәрежеде жыныстық әрекет ерекшеліктері және адам папилломасының вирусы (HPV) түріндегі басқа факторлар болып саналатынына қатысты қарама-қайшылық сақталады.

54 эпидемиологиялық зерттеулердің мета-талдауы зерттеу тұсында біріктірілген контрацептивтерді ішу арқылы пайдаланған әйелдерде диагностикаланған сүт безі обырының салыстырмалы біршама жоғары даму қаупі (RR=1,24) болатынын көріністеді. Оның біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді қабылдаумен байланысы дәлелденбеген. Байқалған қауіптің жоғарылауы контрацептивтерді ішу арқылы біріктіріп қолданатын әйелдерде сүт безі обырын ертерек диагностикалаудың нәтижесі болуы мүмкін. Контрацептивтерді ішу арқылы біріктіріп қолданған әйелдерде сүт бездерінің обырлы ісіктері, ондай препараттарды ешқашан қолданбаған әйелдерден гөрі, клиникалық тұрғыда аз айқындалды.

Біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді қолдану аясындағы сирек жағдайларда бауырдың қатерсіз ісіктерінің дамуы, ал тіптен сирек жағдайларда – бауырдың қатерлі ісіктерінің дамуы байқалды. Жекелеген жағдайларда бұл ісіктер өмірге қатер төндіретін құрсақішілік қан кетулерге әкеледі. БІК қабылдайтын әйелдерде дифференциялық диагноз жүргізгенде іш аймағында қатты ауырулар, бауырдың ұлғаюы немесе құрсақішілік қан кету нышаны пайда болған жағдайда,бауыр ісігінің даму ықтималдығын ескерген дұрыс.

Басқа жай-күйлер

Даилла® препаратының прогестинді құрамдас бөлігі калий сақтағыш қасиеттері бар альдостеронның антагонисі болып табылады. Көпшілік жағдайларда калий деңгейінің жоғарылауы жорамалданбайды. Бірақ клиникалық зерттеулерде бауыр қызметі жеңіл немесе орташа дәрежеде бұзылған кейбір емделуші әйелдерде калий сақтағыш препараттарды қатарлас қабылдау дроспиренонды қабылдаған кезде калийдің сарысулық деңгейлерін болымсыз жоғарылатты. Сондықтан емдеуге дейін калийдің сарысулық деңгейі жоғары қалып шегінде болған және калий сақтағыш препараттарды қосымша пайдаланған бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде емдеудің алғашқы циклы барысында калийдің сарысулық деңгейін тексеру ұсынылады.

Гипертриглицеридемиясы немесе осы аурудың отбасылық сыртартқысы бар әйелдерде біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді қабылдаған кезде панкреатиттің жоғары даму қаупін жоққа шығаруға болмайды.

Біріктірілген контрацептивтерді ішу арқылы қабылдаған әйелдерде артериялық қысымның аздап көтерілуі хабарланғанмен, клиникалық мәні бар жоғарылаулар сирек байқалды. Сирек жағдайларда ғана БІК-ті дереу тоқтатуға болады. Егер БІК қабылдау кезінде бұрыннан бар артериялық гипертензияда үнемі немесе едәуір көтерілген артериялық қысым гипотензиялық емдеуге талапқа сай жауап бермесе, БІК қабылдауды тоқтатуға болады.

Келесі ахуалдар, мәлім болғандай, жүктілік кезінде де, біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді қабылдаған кезде де дамиды немесе нашарлайды, бірақ олардың біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді қабылдаумен байланысы дәлелденбеген: холестазбен байланысты сарғаю және/немесе қышыну, өт қабында тастардың түзілуі, порфирия, жүйелі қызыл жегі, гемолитикалық уремиялық синдром, Сиденгам хореясы, жүктілер ұшығы, отосклерозбен байланысты естімей қалу. Квинке ісінуіне бейімділігі бар әйелдерде экзогенді эстрогендер ангионевротикалық ісіну белгілерін индукциялауы немесе күшейтуі мүмкін.

Бауыр қызметінің жедел немесе созылмалы бұзылуларында бауыр қызметінің көрсеткіштері қалпына оралатын кезге дейін БІК-ті тоқтату қажет болуы мүмкін. Жүктілік немесе жыныс гормондарын алдыңғы қабылдау кезінде алғаш дамыған холестазбен байланысты қайталанған холестатикалық сарғаю және/немесе қышыну БІК қабылдауды тоқтатуды талап етеді.

Біріктіріп ішуге арналған контрацептивтердің инсулинге төзімділікке және глюкозаға төзімділікке ықпал етуі мүмкін болса да, біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді (< 0.05 мг этинилэстрадиол мөлшері бар) пайдаланатын қант диабеті бар науқастарда емдік тәртіпті өзгерту қажет емес. Сонда да, қант диабеті бар әйелдер, әсіресе БІК қабылдаудың ерте сатысында мұқият қадағалануға тиіс.

Біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді қолдану аясында Крон ауруы мен айрықша белгісі жоқ ойық жаралы колит жағдайлары да сипатталған, алайда препараттарды қабылдаумен байланысы дәлелденбеген.

БІК қабылдау кезінде эндогенді депрессияның, эпилепсияның, Крон ауруы мен ойық жаралы колиттің нашарлауы жөнінде хабарланды.

Сирек жағдайларда, әсіресе, жүкті кезінде терісі пигменттелетін әйелдерде хлоазманың дамуы мүмкін. Біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді қабылдау кезінде хлоазмаға бейімділігі бар әйелдер күн астында ұзақ аялдаудан және ультракүлгінді сәулеленуден аулақ болуға тиіс.

Медициналық тексерулер/кеңес берулер

Даилла® препаратын қолдануды бастау немесе жаңғырту алдында әйелге мұқият жалпы медициналық тексеруден өтіп (сыртартқыны қоса), жүктіліктің бар-жоғын анықтауға кеңес беріледі. Артериялық қысым өлшеніп, дене-бойын қарап тексеруді жүргізген жөн. Дәрігер БІК қабылдауға қарсы көрсетілімдер мен сақтандыруларды жетекшілікке алуға тиіс. Әйелге оның аңдатпа-бетті ұқыпты оқып шығып, алған кеңесін қадағалау туралы нұсқау беріледі. Тексерулер жиілігі мен мәні белгілі бір тәжірибелі басшылыққа негізделіп, әр әйелдің ерекшелігіне қарай икемделуге тиіс.

Әйелге БІК-тің АИВ жұқпасынан (ЖИТС) және жыныс жолымен берілетін басқа аурулардан сақтамайтынын ескерту керек.

Тиімділігінің төмендеуі

Таблеткалар қабылдауды өткізіп алғанда, асқазан-ішектік бұзылыстарда немесе препараттарды қатарлас қабылдағанда БІК тиімділігі төмендеуі мүмкін.

Циклды бақылаудың төмендеуі

Барлық біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді қабылдау аясында, әсіресе алғаш пайдаланған айлар ішінде жүйесіз қан кетулер (жағынды қанды бөліністер немесе тоқтату қан кетуі) болуы мүмкін. Сондықтан кез келген жүйесіз қан кетуді бағалау шамамен үш циклдан тұратын дағдылану кезеңінен кейін маңызды болады.

Егер жүйесіз қан кетулер алдыңғы жүйелі циклдардан кейін қайталанса немесе дамыса, гормональді емес себептері қарастырылып, қатерлі жаңа түзілімдердің немесе жүктіліктің бар-жоғын анықтау үшін талапқа сай диагностикалық шаралар жүргізілуге тиіс. Олар жатырды қырнауды қамтуы мүмкін.

Кейбір әйелдерде тоқтатудан болатын қан кету таблеткалар қабылдаудағы үзіліс кезінде дамымауы мүмкін. Егер біріктірілген контрацептивтер ішу арқылы нұсқауларға сәйкес қабылданса, әйелдің жүкті болу ықтималдығы аз. Сонда да, егер бұған дейін біріктірілген контрацептивтер ішу арқылы жүйесіз қабылданса немесе тоқтату қан кету екі рет қатарынан болмаса, біріктіріп ішуге арналған контрацептивтерді қабылдауды жалғастырғанша жүктіліктің бар-жоғы анықталуға тиіс.

Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді

басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Препараттың автокөлік жүргізу қабілетіне және жарақаттану қаупі жоғары механизмдермен жұмыс істеуге әсерін зерттейтін зерттеулер жүргізілген жоқ.

Артық дозаланғанда

Белгілері: жүрек айну, құсу, жас қыз балаларда аздаған қынаптық қан кету.

Емі: белгісіне қарай.

Шығарылу түрі және қаптамасы

21 таблеткадан ПВХ/ПЭ/ПВДХ үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.

1 немесе 3 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салады.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында, жарықтан қорғалған жерде, 15 0С-ден 25 0С-ге дейінгі температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Гедеон Рихтер» ААҚ

1103 Будапешт, Дёмрёи к-сі, 19-21, Венгрия

Тіркеу куәлігінің иесі

«Гедеон Рихтер» ААҚ, Венгрия

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

ҚР-дағы «Гедеон Рихтер» ААҚ өкілдігі

E-mail: info@richter.kz

Телефон: 8-(7272)-58-26-22, 8-(7272)-58-26-23

 

 

Прикрепленные файлы

311038161477977158_ru.doc 113 кб
492655691477978318_kz.doc 171 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники