Гленцет Адванс

МНН: Левоцетиризин, Монтелукаст
Производитель: Гленмарк Фармасьютикалз Лтд
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Антигистаминных препаратов комбинация
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020466
Информация о регистрации в РК: 17.05.2019 - 17.05.2024

Инструкция

Саудалық атауы

Гленцет Адванс

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді заттар: монтелукаст натрий

(монтелукастқа баламалы) - 10,0 мг,

левоцетиризин дигидрохлорид - 5,0 мг;

қосымша заттар: лактоза моногидраты, микрокристалды целлюлоза, екінегізді сусыз кальций фосфаты, натрий кроскармеллозасы, гидроксипропилцеллюлоза, магний стеараты;

үлбірлі қабық: опадрай сары 13B52204: темірдің (III) сары тотығы (Е172), темірдің (III) қызыл тотығы (Е172), титанның қостотығы (Е171).

Сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, екі беті дөңес, сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі әсер ететін антигистаминдік препараттар. Антигистаминдік препараттардың біріктірілімі.

АTХ коды R06АК

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Фармакокинетикалық сипаттамаларын анықтау мақсатында біріктірілген препаратты жекелей фармакокинетикалық зерттеу жүргізілген жоқ.

Сіңуі

Монтелукаст ішке қабылдағаннан кейін жылдам және толығымен сіңеді. Плазмадағы концентрациясының орташа ең жоғарғысына (Сmaх) ересектерде ашқарынға қабылдағаннан кейін 3 сағаттан соң жетеді. Ішке қабылданғандағы орташа биожетімділігі 64% құрайды. Ас ішу биожетімділігі мен плазмадағы ең жоғарғы концентрациясына (Сmaх) әсер етпейді.

Левоцетиризин ішке қабылдағаннан кейін жылдам және толығымен сіңеді. Ересектерде препаратты левоцетиризиннің 5 мг емдік дозасында бір рет қабылдағаннан кейін Сmaх 0,9 сағаттан соң жетеді және 270 нг/мл, 5 мг дозада қайталап қабылдағаннан кейін – 308 нг/мл құрайды. Концентрациясының тепе-теңдік деңгейіне 2 тәуліктен соң жетеді.

Ас ішу сіңірілуінің толыққандылығына әсер етпейді, әйтсе де оның жылдамдығы азаяды.

Таралуы

Монтелукаст қан плазмасы ақуыздарымен 99%-дан астамға байланысады. Монтелукасттың таралу көлемі орташа алғанда 8-11 л құрайды.

Левоцетиризин қан плазмасы ақуыздарымен 90%-ға байланысады. Левоцетиризиннің таралу көлемі 0,4 л/кг құрайды. Биожетімділігі 100% құрайды.

Метаболизмі

Монтелукаст бауырда белсенді метаболизденеді. Емдік дозаларын пайдаланғанда монтелукаст метаболиттерінің плазмадағы концентрациясы ересектердегі тепе-теңдік жағдайында анықталмайды.

Монтелукасттың метаболизм үдерісіне Р450CYP цитохромының изоферменттері (3А4 және 2С9) тартылады деп шамаланады, сонымен қатар емдік концентрацияларында монтелукаст Р450CYP: 3А4, 2С9, 1А2, 2А6, 2С19 және 2D6 цитохромының изоферменттерін тежемейді.

Левоцетиризин азғантай, 14%-дан аз мөлшерлерінде, организмде N- және O-дезалкилдену жолымен (бауырда цитохомдар жүйесінің көмегімен метаболизденетін басқа Н1-гистраминдік рецепторлар антагонистеріне қарағанда) фармакологиялық белсенді емес метаболитін түзе отырып метаболизденеді. Метаболизмі деңгейінің төмендігіне және метаболизмдік потенциалының жоқтығына байланысты левоцетиризиннің басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуінің ықтималдығы аз болады.

Шығарылуы

Монтелукасттың плазмалық клиренсі дені сау ересектерде орташа алғанда 45 мл/минутты құрайды. Монтелукастты ішу арқылы қабылдағаннан кейін, оның мөлшерінің 86%-ы 5 күн ішінде нәжіспен және 0,2%-дан кемі – несеппен шығарылады, бұл монтелукаст пен оның метаболиттерінің өтпен шығарылатынын растайды. Монтелукасттың дені сау жас ересектердегі жартылай шығарылу кезеңі (Т1/2) 2,7-ден 5,5 сағатқа дейінді құрайды. Фармакокинетикасы ішке қабылдағанда 50 мг-ден асатын дозаларын ішке қабылдағанда дозаға тәуелді сипатын сақтап қалады. Монтелукастты таңертеңгі және кешкі уақыттарда қабылдағанда фармакокинетикасында айырмашылықтар байқалмайды. Монтелукаст мөлшері 10 мг болатын таблеткаларды тәулігіне 1 рет қабылдағанда белсенді затының плазмадағы орташа (14%-ға жуық) жинақталуы байқалады.

Монтелукастты тәулігіне 1 рет 10 мг дозада қабылдағандағы фармакокинетикалық профилі мен биожетімділігі егде жастағылар мен жас емделушілерде ұқсас. Ауырлығы жеңіл және орташа дәрежелі бауыр жеткіліксіздігі және бауыр циррозының клиникалық көріністері бар емделушілерде монтелукаст метаболизмінің баяулағаны білінген, препаратты 10 мг дозада бір рет қабылдағаннан кейін «концентрация-уақыт» (AUC) фармакокинетикалық қисығы бойынша ауданының шамамен 41%-ға артуымен қатар жүреді. Бұл емделушілердегі монтелукасттың шығарылуы дені сау субъектілермен салыстырғанда біраз ұлғаяды (жартылай шығарылуының орташа кезеңі – 7,4 сағат). Ауырлығы жеңіл және орташа дәрежелі бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілер үшін монтелукасттың дозасын өзгерту қажет емес. Бауырдың ауыр жеткіліксіздігі бар емделушілердегі (Чайлд-Пью шкаласы бойынша 9 балдан артық) монтелукаст фармакокинетикасының сипаты туралы мәліметтер жоқ.

Левоцетиризиннің жартылай шығарылу кезеңі (Т1/2) ересектерде 7,9±1,9 сағатты құрайды. Жалпы клиренсі 0,63 мл/мин/кг құрайды. Препараттың қабылданған дозасының 85,4%-ға жуығы бүйрекпен өзгеріссіз күйде шумақтық сүзіліс өзекшелік секреция жолымен, 12,9%-ға жуығы – ішек арқылы шығарылады. Бүйрек жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі (КК)‹40 мл/мин) бар емделушілерде препараттың клиренсі азаяды, ал Т1/2 ұзарады (сонымен, гемодиализдегі науқастарда жалпы клиренсі 80%-ға төмендейді), бұл дозалау режимін сәйкесінше өзгертуді қажет етеді. Левоцетиризиннің 10%-дан азы стандартты 4 сағаттық гемодиализ емшарасы барысында шығып кетеді.

Емделушілердің ерекше топтарындағы фармакокинетикасы

Бүйрек жеткіліксіздігі:

Монтелукаст: Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге зерттеулер жүргізілмеген. Монтелукаст пен оның метаболиттері өт жолдары арқылы шығарылады, бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге арналған дозасын түзету қажет емес.

Левоцетиризин: Левоцетиризиннің ықтимал клиренсі креатинин клиренсімен өзара байланысты. Сондықтан бүйректің орташа және ауыр жеткіліксіздігі бар емделушілердегі креатинин клиренсіне негізделген левоцетиризинді дозалау аралықтарын түзету ұсынылады. Бүйрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысындағы емделушілерде жалпы клиренсі дені сау адамдармен салыстырғанда шамамен 80%-ға азаяды. Левоцетиризиннің, стандартты 4 сағаттық гемодиализ емшарасы кезінде шығарылған мөлшері <10% құраған.

Бауыр жеткіліксіздігі:

Монтелукаст: Бауырдың жеңіл және орташа жеткіліксіздігі кезінде дозасын түзету қажет емес. Монтелукасттың бауырдың ауыр жеткіліксіздігі (Child-Pugh балы > 9) бар емделушілердегі фармакокинетикасы туралы мәліметтер жоқ.

Левоцетиризин: Левоцетиризин бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде зерттелмеген. Бүйректік емес клиренсі, белгілі болғандай, дені сау ересек емделушілердегі ішке қабылдағаннан кейінгі жалпы клиренсінің 28%-ға жуығын құрайды. Левоцетиризин негізінен өзгеріссіз күйде бүйрекпен шығарылатындықтан, бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде клиренсінің айтарлықтай төмендеу ықтималдығы аз.

Фармакодинамикасы

Гленцет Адванс - құрамында 10 мг дозада монтелукаст және 5 мг дозада левоцетиризин дигидрохлориді бар біріктірілген препарат.

Монтелукаст бронх демікпесінің және аллергиялық риниттің патофизиологиялық даму механизмдерімен астасқан цистеинилдік лейкотриендердің (ЛТC4, ЛТД4 және ЛТE4) — созылмалы персистирленетін анағұрлым күшті қабыну медиаторларының CysLT1-рецепторларын селективті тежейді. Бронхиолалар мен қантамырлардың тегіс бұлшықеттерінің, ісінудің, эозинофилдер мен макрофагтар миграциясының айқындығын азайтады; шырыш бөлінісін азайтады және мукоцилиарлық тасымалын жақсартады. Монтелукаст ішке қабылдағаннан кейігі 2 сағат ішінде бронходилатация туғызады және синергизм білдіре отырып, ß2-адреномиметиктердің әсерін күшейтуі мүмкін.

Левоцетиризин – цетиризиннің R-энантиомері, ол гистаминнің бәсекелес антагонистерінің тобына жатады және H1-гистаминдік рецепторларды бөгейді. Цетиризиннің солға бұрылатын изомері - левоцетиризин шеткергі Н1-рецепторлардың жоғары селективті антагонисі. H1-гистаминдік рецепторларға ұқсастық цетиризинге қарағанда левоцетиризинде 2 есе жоғары.

Левоцетиризин гистаминге тәуелді аллергиялық реакцияларға әсер етеді, сондай-ақ эозинофилдердің миграциясын азайтады, қантамырлардың өткізгіштігін азайтады, қабыну медиаторлары мен цитокиндердің босап шығуын (VCAM-1 және т.б.) тежейді.

Осылайша, левоцетиризин аллергиялық реакциялардың дамуын болдырмайды және ағымын жеңілдетеді, экссудацияға қарсы, қышынуға қарсы әсері бар, іс жүзінде антихолинэргиялық және антисеротониндік әсер бермейді. Емдік дозаларда іс жүзінде тыныштандыратын әсер бермейді.

Қолданылуы

- маусымдық аллергиялық ринитте

Қолдану тәсілі және дозалары

Ішке, күніне 1 рет, кешкілік 1 таблеткадан. Таблеткаларды шайнамай тұтастай, ас ішу кезінде немесе одан кейін қабылдау керек.

Емдеу курсы – 14 күн.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге: Бүйректің орташа жеткіліксіздігі бар (креатинин клиренсі >79 мл/мин) емделушілер үшін дозасын түзету қажет емес. Бүйректің орташа және ауыр жеткіліксіздігі бар (креатинин клиренсі <79 мл / мин -> 10 мл/мин) емделушілер үшін, препаратты сақтықпен және қатаң медициналық қадағалаумен пайдалану керек.

Бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерге: Бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілер үшін дозасын түзету қажет емес.

Жағымсыз әсерлері

● Өте жиі (≥1/10)

● Жиі (≥1/100, <1/10)

● Жиі емес (≥1/1,000, <1/100)

● Сирек (≥1/10,000, <1/1,000)

● Өте сирек (<1/10,000), жекелеген жағдайларды қоса

Монтелукаст

Өте жиі ( ≥1/10):

- жоғарғы тыныс жолдарының жұқпалары

Жиі (≥1/100, <1/10):

- диарея, жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы

- бөртпе

- қан плазмасындағы бауыр трансаминазалары (АЛТ, АСТ) деңгейінің артуы

- қызба, бас ауыруы

Жиі емес (≥1/1000, <1/100):

- ұйқының бұзылыстары (түнгі шым-шытырық түстер, ұйқысыздық, сомнамбулизм), ашушаңдық, қозу (озбыр мінез-құлықты немесе өшігуді қоса), депрессия, бас айналуы, ұйқышылдық, парестезия/гипестезия, эпилепсия ұстамасы

- эпистаксис

- ауыздың құрғауы, диспепсия

- анафилаксия түріндегі аллергиялық реакциялар, есекжем, қышыну

- гематомалар

- астения, шаршау, дімкәстану, ісіну

- артралгия, миалгия, бұлшықет құрысулары

Сирек (≥1/10,000, <1/1,000)

- жүрек соғуының жиілеуі

- Квинке ісінуі

- қанағыштыққа бейімділік, мұрыннан қан кету

- тремор

Өте сирек (≥1/10,000, ‹1/1000):

- бауыр паренхимасының эозинофильді инфильтрациясы

- гепатит (холестаздық және гепатоцеллюлярлық түрлерін қоса)

- түйінді эритема

- елестеулер, суицидке бейімділік

- Чарг-Стросс сидромы

Левоцетиризин

Өте жиі ( ≥1/10):

- ұйқышылдық

Жиі (≥1/100, <1/10):

- ауыздың құрғауы

- бас ауыруы, қажығыштық

Жиі емес (≥1/1000, <1/100):

- астения

- іштің ауыруы

Өте сирек (≥1/10,000, ‹1/1000):

- аса жоғары сезімталдық, соның ішінде анафилаксия

- озбырлық, қозу

- құрысулар

- көрудің бұзылуы

- жүрек қағысының жиілеуі

- ентігу, диспноэ

- жүрек айнуы, тәбеттің артуы, құсу

- гепатит

- Квинке ісінуі, қышыну, бөртпе, есекжем

- миалгия

- салмақтың артуы

- дизурия, несептің іркілуі

Постмаркетингтік бақылаулар кезінде төмендегі жағымсыз реакциялардың өте сирек жағдайлары тіркелген:

- бауырдың функционалдық сынамаларының өзгеруі

- диарея.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- препараттың белсенді затына, пиперазиннің басқа туындыларына немесе басқа қосымша заттарына жоғары сезімталдық

- креатинин клиренсі 10 мл/мин аз бүйректің ауыр жеткіліксіздігі

- галактозаны көтере алмаушылық, Лапп лактаза тапшылығы, глюкоза және галактоза мальабсорбциясы синдромы

- 18 жасқа дейінгі балаларға

- жүктілік және лактация кезеңі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Монтелукаст ұсынылған дозада теофиллин, преднизон, преднизолон, біріктірілген оральді контрацептивтер (норэтиндрон 1 мг/этинилэстрадиол 35 мкг), терфенадин, дигоксин және варфарин сияқты препараттардың фармакокинетикалық бейіні клиникалық маңызды әсер бермейді. Монтелукастты дәрілік заттармен бірге (тиреоидтық гормондар, ҚҚСП, бензодиазепиндер, деконгестанттар) қатарлас препарат ретінде қолдану клиникалық маңызды дәрілік өзара әрекеттесудің дамуына алып келмейді.

Монтелукастты Р450 цитохромы жүйесін индукциялауға қабілетті препараттармен бір мезгілде қолдану:

Фенобарбиталмен емдеу аясында монтелукастты 10 мг дозада бір рет қабылдағанда монтелукасттың AUC 40 %-ға төмендейді. Монтелукастпен емдеу аясында фенитоин, фенобарбитал, рифампицин сияқты Р450 цитохромы жүйесін индукциялауға қабілетті дәрілік заттарды қабылдап жүрген емделушілерді клиникалық қадағалаудың талапқа сай екендігі білінген.

Монтелукастты Р450 цитохромы жүйесін тежейтін қабілеті бар препараттармен бір мезгілде қолдану:

Монтелукаст in vitro мәліметтер бойынша CYP2С8 цитохромы жүйесі изоферментінің қуатты тежегіші болып табылады. Алайда монтелукаст пен росиглитазон препараттарын (негізінен CYP2C8 изоферментінің қатысуымен метаболизденетін дәрілік заттардың өкілі) бір мезгілде қолданғандағы зерттеудің қолда бар мәліметтерінен росиглитазонның фармакокинетикалық профилінің өзгергенін анықтамаған, бұл монтелукасттың CYP2C8 изоферментін in vivo тежейтінін растауға мүмкіндік бермеді. Осылайша, монтелукаст осы изоферменттің қатысуымен метаболизденетін (паклитаксел, росиглитазон және репаглинид сияқты) дәрілік заттардың фармакокинетикалық бейіне әсер етпейді деп шамалауға болады.

Левоцетиризиннің басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуіне зерттеулер жүргізілген жоқ. Цетиризин рацематының псевдоэфедринмен, циметидинмен, кетоконазолмен, эритромицинмен, азитромицинмен, глипизидпен және диазепаммен өзара дәрілік әрекеттесуін зерттеуде клиникалық маңызды жағымсыз өзара әрекеттесулер анықталмаған.

Теофиллинмен (400 мг/тәул) бір мезгілде тағайындағанда цетиризиннің жалпы клиренсі 16%-ға төмендейді (теофиллиннің кинетикасы өзгермейді). Левоцетиризинді алкогольмен немесе ОЖЖ бәсеңдететін дәрілік препараттармен бір мезгілде қолданылған жағдайлардың бірқатарында, цетиризин рацематы алкогольдің әсерін күшейтпейтіні расталмаса да, олардың ОЖЖ-ға әсері күшеюі мүмкін.

Ритонавир цетиризиннің плазмадағы құрамын шамамен 42%-ға арттырады, бұл жартылай шығарылу кезеңінің артуымен (53%) және цетиризин клиренсінің (29%) төмендеуімен қатар жүрген. Цетиризинді бір мезгілде пайдаланғанда Ритонавирдің фармакокинетикасы өзгермеген.

Айрықша нұсқаулар

Бүйректің созылмалы жеткіліксіздігі кезінде (дозалау режимін түзету қажет) және егде жастағыларда (шумақтық сүзілісі төмендеуі мүмкін) сақтықпен қабылдау керек. Алкогольмен бір мезгілде қолданғанда сақ болу қажет.

Монтелукаст

Емделушілерге құрамында монтелукаст пен левоцетиризин бар бұл біріктірілген препаратты демікпенің жедел ұстамаларын емдеу үшін пайдалану ұсынылмайды және өзімен бірге үнемі осындай жағдайларға арналған шұғыл ем үшін қолайлы препараттарды алып жүру керек. Ұстама кезінде емделушілер дереу дәрігерге қаралуы тиіс. Монтелукастты ингаляциялық немесе оральді кортикостероидқа күрт ауыстыру ұсынылмайды.

Оральді кортикостероидтарды қолдану мөлшерін азайтуға және монтелукастты бір мезгілде қабылдауға болатынын көрсететін мәліметтер жоқ.

Монтелукастпен емдеу аспириндік демікпесі бар емделушілер үшін аспиринді және басқа қабынуға қарсы стероидты емес дәрілерді қабылдаудан бас тарту қажеттілігін тоқтатпайды.

Психоневрологиялық асқынулар монтелукастты қабылдаған ересектерде, жасөспірімдерде және балаларда байқалған. Монтелукасттың пайдаланылуын тіркеуден кейінгі қадағалау хабарламаларына мыналар кіреді: қозу, озбыр мінез-құлық немесе өшігу, мазасыздық, ахуалдың күйреуі, бағдар бұзылуы, ұйқының бұзылуы, елестеулер, ұйқысыздық, ашушаңдық, шыдамсыздық, лунатизм, суицидтік ойлар және мінез-құлық (суицидтерді қоса) және діріл. Монтелукаст туралы ақпараттар кіретін кейбір тіркеуден кейінді бақылаулардың кейбір мәліметтердің клиникалық деректері фармакологиялық әсеріне сәйкес келеді. Емделушілер мен препаратты жазып беретін медицина қызметкерлері психоневрологиялық асқынуларға дайын болуы тиіс. Емделушілерге, аталған өзгерістер пайда болған жағдайда, бұл препаратты жазып берген медицина қызметкеріне хабарлау қажеттігі туралы нұсқау берілуі тиіс. Препаратты жазып беретін медицина қызметкерлері, мұндай белгілер туындаған жағдайда монтелукастпен емдеуді жалғастыру үшін, қаупі мен пайдасына мұқият баға беруі тиіс.

Сирек жағдайларда, монтелукастты қабылдап жүрген емделушілерде жүйелі эозинофилия, кейде Чарг-Стросс синдромын көрсететін васкулиттің клиникалық белгілері, көбінесе жүйелі кортикостероидтық еммен емделетін жағдайлар болуы мүмкін. Бұл жағдайлар, әдетте, оральді кортикостероидтық емді азайтумен немесе тоқтатумен астасқан, бірақ үнемі емес. Лейкотриендер рецепторлары антагонистерінің Чарг-Стросс синдромының әсерімен байланысты болуы мүмкіндігі жоққа шығарылмауы да, анықталмауы да мүмкін. Дәрігерлер өз емделушілерінде болуы мүмкін эозинофилияға, васкулиттік бөртпеге, өкпе симптомдарының нашарлауына, кардиологиялық асқынуларға және/немесе нейропатияға дайын болуы тиіс. Аталған симптомдар дамыған емделушілер қайтадан тексерілуі және олардың емдеу сызбасына қайта баға берілуі тиіс.

Левоцетиризин

Клиникалық сынақтар барысында, левоцетиризинмен ем қабылдаған кейбір емделушілерде, ұйқышылдық, шаршау және әлсіздіктің туындағаны байқалған. Емделушілерге левоцетиризинді қабылдағаннан кейін машина жабдықтарын басқару немесе көлік құралын жүргізу сияқты ақыл-ой анықтығы мен қимыл-қозғалыс үйлесімін қажет ететін жұмыстарды орындауға атсалысудың қауіптілігі туралы ескертілуі тиіс. Цетиризин рацематы алкогольдің әсерін күшейтпейтіні расталса да, сезімтал емделушілерде левоцетиризин мен алкогольді немесе басқа ОЖЖ-депрессанттарын бір мезгілде қолдану орталық жүйке жүйесіне әсер етуі мүмкін.

Монтелукаст пен левоцетиризин біріктірілген препараттың құрамында белсенді емес компоненті ретінде лактоза бар, сондықтан сирек тұқым қуалайтын галактозаны көтере алмаушылық мәселелері, Лапп лактаза тапшылығы немесе глюкоза және галактоза мальабсорбциясы синдромы бар емделушілерге бұл дәріні қолдану ұсынылмайды.

Жүктілік және лактация кезеңі

Құрамында монтелукаст пен левоцетиризин бар біріктірілген препараттың жүктілік және лактация кезеңінде қолданылуына зерттеулер жүргізілген жоқ.

Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Препаратты қабылдау автокөлік немесе қозғалмалы механизмдерді басқару қабілетіне әсер ететінін көрсететін мәліметтер жоқ. Алайда, кейбір емделушілер левоцетиризинмен емдеу кезінде ұйқышылдықты, шаршауды және әлсіздікті бастан өткеруі мүмкін. Препаратты қабылдау кезінде жоғары зейін шоғырландыру мен психомоторлық реакциялардың жылдамдығын қажет ететін қауіптілігі зор қызмет түрлерімен шұғылданудан бас тартқан дұрыс.

Артық дозалануы

Симптомдары: ұйқышылдық, іштің ауыруы, бас ауыруы, құсу, психомоторлық аса жоғары белсенділік.

Емі: асқазанды шаю немесе жасанды жолмен құстыру керек. Белсендірілген көмірді тағайындау, белгілеріне қарай және демеуші ем жүргізу ұсынылады. Арнайы у қайтарғысы жоқ.

Монтелукаст пен левоцетиризиннің перитонеальді диализ немесе гемодиализ арқылы шығарылу мүмкіндігі туралы мәліметтер жоқ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Үлбірлі қабықпен және силикагель пакетпен қапталған 14 немесе 28 таблеткадан бұралатын қақпағы бар, үлбірмен тарттырылған полиэтиленнен жасалған банкіге салынады. 1 банкіден медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салады.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде 15°С-ден 30°С-ге дейінгі температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші ұйымның атауы мен елі

Гленмарк Фармасьютикалз Лтд, Үндістан

Тіркеу куәлігі иесінің атауы мен елі

Гленмарк Фармасьютикалз Лтд, Үндістан

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

Гленмарк Фармасьютикалз ЛТД ҚР өкілдігі, 050005, Алматы қ.,

Әл-Фараби даңғылы,7, «Нұрлы Тау» бизнес орталығы, 4 А блогы, 7 кеңсе.

тел: + 7(727) 311 04 41.

 

Прикрепленные файлы

514832521477976800_ru.doc 93.5 кб
226160611477977975_kz.doc 118.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники