ГЕФИТИН

МНН: Гефитиниб
Производитель: Компания "НОБЕЛ АЛМАТИНСКАЯ ФАРМАЦЕВТИЧЕСКАЯ ФАБРИКА"
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Gefitinib
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№022133
Период регистрации: 30.03.2016 - 30.03.2021
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 5 349.96 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Гефитин

Халықаралық патенттелмеген атауы

Гефитиниб

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 250 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат – 250 мг микрондалған гефитиниб,

қосымша заттар: лактоза моногидраты, микрокристалды целлюлоза РН 102, поливинилпироллидон K 30 (ПВП K 30), натрий кроскармеллозасы, натрий лаурилсульфаты, магний стеараты,

үлбірлі қабықтың құрамы:

Kollicoat IR қызыл: колликоат IR, коллидон VA 64, титанның қостотығы (Е 171), коалин, натрий лаурилсульфаты, темірдің қызыл тотығы (Е 172),

Kollicoat IR сары: колликоат IR, коллидон VA 64, титанның қостотығы (Е 171), коалин, натрий лаурилсульфаты, темірдің сары тотығы (Е 172),

Kollicoat IR ақ ІІ: колликоат IR, коллидон VA 64, титанның қостотығы (Е 171), коалин, натрий лаурилсульфаты.

Сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, екі жақ беті дөңес, қызыл-қоңыр түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Ісікке қарсы препараттар. Ісікке қарсы басқа да препараттар. Протеинкиназа тежегіштері. Гефитиниб.

АТХ коды L01ХЕ02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ішке қабылдағаннан кейін сіңуі біршама баяу жүреді және қан плазмасында препарат Cmax мәніне 3–7 сағат ішінде жетеді. Тепе-тең концентрацияға 7-10 доза қабылдағаннан кейін жетеді. Препаратты үнемі күніне 1 рет тағайындау бір реттік қабылдаумен салыстырғанда концентрациясының 2-8 есе артуына әкеледі. Пациенттерде абсолюттік биожетімділігінің орташа көрсеткіштері 59% құрайды. Тамақ ішу препараттың биожетімділігіне ықпалын тигізбейді. Асқазан сөлінің рН-ы 5-тен жоғарыда сақталған дені сау еріктілерге жүргізілген зерттеулерде гефитинибтің экспозициясы, бәрінен бұрын, асқазандағы гефитинибтің ерігіштігінің бәсеңдеуімен байланысты, 47%-ға азайды (Асқазан сөлінің рН көрсеткіші 5-тен жоғары болғанда гефитинибтің биожетімділігі 47%-ға төмендейді).

Тепе-тең концентрацияға жеткен кезде гефитинибтің таралу көлемі 1400 л құрайды, ол препараттың тіндерге экстенсивті түрде таралғанын айғақтайды. Плазма ақуыздарымен (сарысулық альбуминмен және альфа 1-гликопротеинмен) байланысы шамамен 90% құрайды.

Гефитиниб Р450 цитохромы жүйесінің CYP3A4 және CYP2D6 изоферменттері арқылы тотығу метаболизміне ұшырайды.

Іn vitro зерттеулер CYP2D6 ферментін гефитинибтің аздап тежейтінін көрсетті. Гефитинибті метопрололмен (CYP2D6 үшін субстрат) бірге тағайындау метопролол концентрациясының аздап жоғарылауына (35%-ға) әкелді, бұл клиникалық тұрғыдан маңызды болып табылмайды.

Гефитинибтің метаболизмі үш жолмен жүреді: N-пропилморфолин тобының метаболизмі, метоксильді топтың хиназолинді бөлікке деметилденуі және галогенделген фенильді топты тотықтыратын дефосфорлану.

Қан плазмасында анықталатын негізгі метаболит – О-десметилгефитинибтің фармакологиялық белсенділігі өсудің эпидермальді факторымен стимуляцияланған жасушалық өсуге қатысты гефитинибпен салыстырғанда 14 есе аз болады, бұл гефитинибтің клиникалық белсенділігіне оның елеулі ықпалын екіталай етеді.

Препарат негізінен нәжіспен экскрецияланады, енгізілген дозаның 4%-нан азырақ гефитиниб және оның метаболиттері бүйрек арқылы шығарылады.

Гефитинибтің жалпы плазмалық клиренсі - шамамен 500мл/мин. Жартылай шығарылу кезеңі орта есеппен 41 сағатты құрайды.

Гефитин препаратының 250 мг дозасын күн сайын қабылдау аясында тепе-тең концентрацияға жету уақыты, жалпы плазмалық клиренсі және тепе-тең концентрация бауыр функциясы қалыпты және бүйрек функциясының орташа жеткіліксіздігі бар пациенттер тобында ұқсас болды. Бауырдағы метастаздар салдарынан бауыр функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар 4 пациенттегі деректер осы пациенттердегі тепе-тең концентрация бауыр функциясы қалыпты пациенттердегі осындаймен ұқсас болады деп болжам жасауға мүмкіндік береді.

Препараттың тепе-тең концентрациясы деңгейінің төмендігі мен пациенттің жасы, дене салмағы, жынысы, этникалық тобы немесе креатинин клиренсі арасында байланыс байқалған жоқ.

Цирроз немесе гепатит салдарынан бауыр функциясы бұзылған пациенттерде Гефитин препаратының әсер ету ерекшеліктері зерттелген жоқ.

Фармакодинамикасы

Гефитиниб өсудің эпидермальді факторы рецепторлары (ӨЭФР) тирозинкиназасының селективті тежегіші болып табылады, олардың экспрессиясы көптеген ірі ісіктерде байқалады, ісіктің өсуін, метастаздануды және ангиогенезді тоқтатады, сондай-ақ ісік жасушаларының жойылуын жылдамдатады.

Адамның ісік жасушаларының әртүрлі желілерінің өсуін тежейді және химиотерапиялық препараттардың, сәулелік және гормональді терапияның ісікке қарсы белсенділігін арттырады.

Клиникалық деректер гефитинибтің ісікке қарсы объективті әсері бар екендігін, өкпенің жергілікті таралған немесе метастаздық ұсақ жасушалы емес обыры бар пациенттерде аурудың өршуіне дейінгі уақытын статистикалық тұрғыдан анық арттыратынын айғақтайды.

Бұрын темекі тартпаған, гистологиялық тұрғыдан айғақталған аденокарциномасы бар пациенттер, сондай-ақ әйел жынысты немесе азиаттық этникаға жататын пациенттер гефитинибпен емделген кезде үлкен артықшылықтарға ие болады. Бұл клиникалық сипаттамалар сондай-ақ оң ісіктердің өсуінің эпидермальді факторы рецепторы мутациясының өте жоғары жиілігімен де байланысты.

INTEREST ІІІ фазасын зерттеу гефитинибтің, доцетакселмен салыстырғанда, бұрын емделген, кең таралған өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры (ӨҰЖЕО) бар пациенттерде жалпы өміршеңдіктің ұқсастығын, жағымдылық бейінінің өте қолайлылығын және өмір сүру сапасының өте жақсы болуын қамтамасыз ететіндігін көрсетті.

Қолданылуы

- құрамында платина туындылары бар химиотерапия режиміне рефрактерлі өкпенің жергілікті таралған немесе метастаздық ұсақ жасушалы емес обырында

- тирозинкиназа өсуінің эпидермальді факторы рецепторларының мутациясын белсендірумен өкпенің жергілікті таралған немесе метастаздық ұсақ жасушалы емес обырында

- бұрын химиотерапия қабылдаған немесе химиотерапия қолайлы болып табылмаған пациенттердегі өкпенің жергілікті таралған немесе метастаздық ұсақ жасушалы емес обырында

Қолдану тәсілі және дозалары

Гефитинмен емдеу онколог дәрігердің бақылауымен жүргізілуі тиіс.

Тамақ ішуге қарамай-ақ ішке тәулігіне 1 рет 250 мг-ден.

Пациент кезекті дозаны қабылдауды өткізіп алған жағдайда өткізіп алған дозаны, егер келесі дозаны қабылдау уақытына дейін кем дегенде 12 сағат қалса ғана, қабылдағаны жөн. Өткізіп алған дозаның орнын толтыру үшін препараттың екі еселенген дозасын қабылдауға болмайды.

Егер пациент таблетканы тұтастай іше алмайтын болса, онда оны ішуге жарайтын (газдалмаған) судың 100 мл-де ерітуге болады.

Басқа сұйықтықтарды пайдалануға болмайды!

Дұрыс еріту үшін таблетканы суға салып және оны езбей, толық ерігенше (шамамен 15 минут) араластыру керек, алынған суспензияны бірден ішу қажет. Тағы да жарты стакан су құйып, стаканның қабырғаларын шайып, алынған суспензияны ішу керек. Гефитин препаратының ерітіндісін сондай-ақ назогастральді зонд арқылы немесе гастростомиялық түтік арқылы да тағайындауға болады.

Дозалау жөнінде айрықша нұсқаулар

Гефитин препаратының дозасын пациенттердің жасына, дене салмағына, этникалық тобына және жынысына, бүйрек функциясына байланысты, сондай-ақ бауырдың метастаздық зақымдануы себеп болған бауыр функциясының орташа және ауыр жеткіліксіздігінде түзету қажет емес.

Дозаны түзету: Гефитинмен емдеу аясында диареяның басылуы нашар болатын немесе тері жабындары тарапынан жағымсыз реакциялары бар пациенттерді емдеуде қысқа мерзімдік (14 күнге дейін) үзіліс жасалып, кейіннен тәулігіне 250 мг доза Гефитин препаратымен емдеу қайта жаңғыртылуы мүмкін. Егер үзілістен кейін препараттың жақпаушылығы сақталса, емдеуді тоқтату және балама нұсқаларды таңдау қажет.

Креатинин клиренсі минутына > 20 мл болатын бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде препараттың дозасын түзету қажет емес. Креатинин клиренсі минутына ≤ 20 мл болатын пациенттерде деректер шектеулі, сондықтан осы науқастарға оны сақтықпен тағайындайды.

Бауыр трансаминазасы белсенділігі жоғарылағанда препаратты сақтықпен тағайындаған жөн.

Жағымсыз әсерлері

Әдетте жағымсыз реакциялар препаратты қолданудың алғашқы айы ішінде көрініс береді және, әдеттегідей, қайтымды. 20%-дан көбірек жағдайларда байқалатын өте кең таралған жағымсыз әсерлер диарея, тері және безеу бөртпесі, қышыну, терінің құрғауы болып табылады. Пациенттердің шамамен 8%-да жағымсыз реакциялар күрделі (уыттылықтың жалпы критерийлері бойынша ауырлығы 3-4 дәрежелі). Алайда жағымсыз реакциялардың салдарынан ем пациенттердің тек 3%-да ғана тоқтатылды.

Өте жиі

- диарея, жүректің айнуы, құсу, анорексия

- стоматит

- АЛТ белсенділігінің жоғарылауы

- бөртпе (пустулезді), қышыну, терінің құрғауы, эритема аясындағы тері жарықтарын қоса

- астения (айқындылығы көбіне әлсіз дәрежеде болатын)

Жиі

- мұрыннан қан кетуді қоса, геморрагиялар, гематурия

- дегидратация (диарея, жүректің айнуы, құсу, анорексия салдары ретінде)

- ауыз ішінің құрғауы

- АСТ белсенділігінің жоғарылауы, жалпы билирубин деңгейінің жоғарылауы

- конъюнктивит, блефарит

- ксерофтальмия

- интерстициальді пневмония (өліммен аяқталуға дейін ұласатын 3-4 дәрежелі уыттылық,)

- қанда креатинин деңгейінің симптомсыз жоғарылауы

- протеинурия

- цистит

- тырнақтардың өзгеруі

- алопеция

- пирексия

Жиі емес

- гипокоагуляция және/немесе варфаринді қабылдау аясында қан кету жиілігінің жоғарылауы

- панкреатит

- асқазан-ішектің тесілулері

- гепатит

- кератит

- мөлдір қабықтың қайтымды эрозиясы

- кірпіктердің өсуінің бұзылуы

- аллергиялық реакциялар, ангионевроздық ісінуді, есекжемді қоса

Сирек

- терінің буллезді өзгерулері, уытты эпидермальді некролизді қоса, Стивенс-Джонсон синдромы және мультиформалы экссудативті эритема

- тері васкулиті

- геморрагиялық цистит

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- гефитинибке немесе препараттың басқа да компоненттеріне жоғары сезімталдық

- жүктілік және лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар және жасөспірімдер (пациенттердің осы тобындағы қауіпсіздігі және тиімділігі бағаланбаған)

Сақтықпен: өкпенің идиопатиялық фиброзында, интерстициальді пневмонияда, пневмокониозда, сәулемен емдегеннен кейінгі пневмонияда, дәрілік пневмонияда (Гефитин препаратымен емдеу аясында осы аурулардан өлімнің жоғары деңгейі байқалды); «бауыр» трансаминазалары белсенділігінің және билирубин деңгейінің әлсіз және орташа жоғарылауында.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

CYP3A4 тежегіштері гефитинибтің клиренсін төмендетуі мүмкін. Гефитинибті және итраконазолды, кетоконазолды (CYP3A4 изоферментінің тежегіштері) бір мезгілде тағайындау гефитинибтің AUC мәнінің 80%-ға артуына әкелді.

Гефитинибті және рифампицинді, кларитромицинді (CYP3A4 изоферментінің күшті индукторлары) бірге тағайындау гефитинибте «қисық астындағы ауданның» (AUC) орташа мәндерінің 83%-ға азаюына әкеп соқты.

Гефитинибті және асқазан іші рН (≥5) едәуір және ұзақ жоғарылауына мүмкіндік беретін препараттарды (ранитидин) бір мезгілде тағайындау дені сау еріктілерде гефитинибтің AUC мәнінің 47%-ға азаюына әкелді, сөйтіп, гефитинибтің тиімділігін төмендетті. Гефитинибті антацидтермен бір мезгілде қабылдау да осындай әсерге ие болуы мүмкін.

Варфаринді және гефитинибті бір мезгілде тағайындаған кезде кейбір пациенттерде ХҚҚ жоғарылау және/немесе қан кету жағдайлары жөнінде мәлімделді.

Гефитинибті және винорельбинді бірге қолданғанда винорельбиннің нейтропениялық әсері күшеюі мүмкін.

CYP3A4 изоферментінің белсенділігін индукциялайтын дәрілік заттар метаболизмді арттыруы және қан плазмасында гефитинибтің концентрациясын төмендетуі мүмкін. Осылайша, гефитинибті фенитоин, карбамазепин, барбитураттар, шайқурай тұндырмалары сияқты препараттармен, CYP3A4 изоферментінің индукторларымен бір мезгілде тағайындау гефитинибтің тиімділігін төмендетуі мүмкін.

Іn vitro зерттеулер гефитинибтің CYP2D6-ны шектеулі түрде тежейтіндігін көрсетті. Клиникалық сынақтарда гефитинибті метопрололмен (CYP2D6 субстраты) бірге енгізу метопролол әсерінің 35%-ға артуына әкелді.

Бір мезгілде варфарин қабылдап жүрген кейбір пациенттерде ХҚК-нің (халықаралық қалыптасқан коэффициент) және/немесе қан кету көріністерінің ұлғайғаны тіркелді.

Айрықша нұсқаулар

Гефитин препаратын өкпенің жайылған немесе метастаздық ұсақ жасушалы емес обырының бірінші желі емі ретінде қолдану жөнінде шешім қабылданған кезде, барлық науқастардың ісік тіндерінің РЭФР мутациясын бағалау ұсынылады. Пациенттердің мутациялық статусын анықтау үшін жалған теріс те, сонымен қатар жалған оң да нәтижелерін барынша азайту үшін жақсы тексерілген және сенімді әдістерді таңдап алу маңызды. Емдеудің бірінші желісінде РЭФР мутациясы жоқ науқастарда химиотерапияның орнына Гефитиннің қолданылуы мүмкін емес. 

Гефитиниб қабылдап жүрген пациенттерде кейде өкпенің интерстициальді зақымдануының кейбір жағдайларда өліммен аяқталғаны байқалды. Ентігу, жөтел, қызба сияқты симптомдар ұлғайған кезде препаратты қолдану тоқтатылуы және дереу тексеру жүргізілуі тиіс. Егер пациентте интерстициальді өкпе ауруларының бар екендігі айғақталса, Гефитин препаратын қолдануды тоқтатады және пациентке тиісті ем тағайындалады.

Өкпенің интерстициальді зақымдануларының даму қаупін арттыратын факторлар: темекі тарту, жалпы жағдайдың ауыр болуы (PS>2), компьютерлік томография деректері бойынша қалыпты өкпе тіні <50%, ауру ұзақтығы (ӨҰЖЕО) <6 ай, сыртартқыда интерстициальді пневмонияның болуы, егде жас (>55 жас), қатар жүретін жүрек-қантамыр аурулары.

Гефитинибті қабылдау аясында «бауыр» трансаминазалары белсенділігінің және билирубин деңгейінің симптомсыз жоғарылауы байқалды, сирек жағдайларда гепатит дамыды. Жекелеген жағдайларда өліммен аяқталған бауыр функциясы жеткіліксіздігінің дамуы жөнінде бірлі-жарым мәлімдемелер бар. Осыған байланысты, бауыр функциясын мезгіл-мезгіл бағалап отыру ұсынылады. Трансаминазалар белсенділігінің және билирубин деңгейінің айқын жоғарылауында препаратты қабылдау тоқтатылуы тиіс.

Гефитиниб қабылдап жүрген пациенттерде асқазан-ішектің тесілуі дамыған бірлі-жарым жағдайлар жөнінде мәлімделді. Көптеген жағдайларда бұл белгілі басқа қауіп факторларымен, соның ішінде жасымен (жас үлкен болған сайын қауіп те жоғары), қатар жүргізілетін еммен, мысалы, сыртартқысында айтылғандай, стероидтарды немесе ҚҚСЕП қабылдаумен, ойық жарамен, темекі тартумен немесе тесілген жерде ішекке метастаздалуымен байланысты. Алайда аталған құбылыстар мен гефитинибті қабылдау арасында себеп-салдарлық байланыстар анықталған жоқ.

Гефитин препаратына жүргізілген клиникалық зерттеулерде жүрек-қантамырлық асқынулар байқалды. Гефитин қабылдаумен байланысы анықталған жоқ.

Варфарин қабылдап жүрген пациенттерде протромбин уақытын үнемі бақылап отыру қажет.

Ұзаққа созылған диарея, жүректің айнуы немесе анорексия пайда болған кезде пациент дереу дәрігерге қаралуы қажет.

Жедел кератит екендігін көрсететін симптомдар: көздің қабыну белгілері, көзден жас ағу, жарықтан қорқу, көрудің нашарлауы, көздің қызаруы, көздің ауыруы пайда болған кезде пациент офтальмолог дәрігерге қаралуы тиіс. Егер ойық жаралы кератит диагнозы анықталса, онда Гефитин препаратымен емдеу тоқтатыла тұруы тиіс. Егер кератит симптомдары Гефитин қабылдауды қайта жаңғыртқаннан кейін қайталанатын болса, онда препарат қабылдауды тоқтату керек.

Ми діңінің глиомасы немесе операциямен түбегейлі алынбаған супратенториальді орналасқан глиомасы бар балаларда Гефитин препаратын алғашқы желі емі ретінде сәулемен емдеумен біріктіріп қолданғанда миға қан құйылудың 4 жағдайы (біреуі өліммен аяқталған) жөнінде мәлімделді. Миға қан құйылудың тағы бір жағдайы эпендимомасы бар сәбиде Гефитинмен монотерапия кезінде байқалды. Өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры бар ересек пациенттерде осындай құбылыстар бірде-бір жағдайда тіркелген жоқ.

Лактоза жақпаушылығы, лактаза тапшылығы немесе мальабсорбция синдромы сияқты сирек тұқым қуалайтын аурулары бар пациенттерге Гефитин препаратын, оның құрамында лактоза бар болғандықтан, қолдануға болмайды.

Жүктілік және лактация.

Гефитинибті жүкті әйелдерге пайдалану жөнінде деректер жоқ. Жануарларға жасалған зрттеулер репродуктивтік уыттылықты көрсетті.

Бала тудыра алатын жастағы еркектер мен әйелдер Гефитин препаратымен емделу кезінде және емнен кейін ең кемінде 3 ай бойы контрацепцияның сенімді әдістерін пайдаланғаны жөн.

Бала емізу кезінде Гефитинді қолдануға болмайды. Адамда гефитинибтің емшек сүтіне бөлініп шығатыны-шықпайтыны белгісіз, бірақ егеуқұйрықтың емшек сүтінен гефитиниб пен оның метаболиттерінің жиналғаны байқалды, сондықтан Гефитинді қабылдау кезінде бала емізу тоқтатылуы тиіс.

Көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері

Гефитин препаратымен емделу кезінде астения, жүректің айнуы және құсу сияқты жағымсыз әсерлер дамуы мүмкін болғандықтан, автомобильді жүргізгенде және зейінді жұмылдыруды және психомоторлы реакциялардың шапшаңдығын қажет ететін қауіпті қызмет түрлерімен айналысқанда сақтық таныту қажет.

Артық дозалануы

Ықтимал симптомдары: кейбір жағымсыз реакциялар, негізінен, диарея және тері бөртпесі жиілігінің және ауырлығының артуы.

Емі: өзіне тән арнайы у қайтарғысы жоқ; артық дозаланған жағдайда емдеу симптоматикалық болуы тиіс. Жалпы демеуші ем, науқастарды бақылау және тіршілік үшін маңызды ағзалар мен жүйелердің функциясын бақылау ұсынылады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Алюминий форматурадан және баспалы алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 10 таблеткадан салынған.

Пішінді ұяшықты 3 қаптамадан медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге өндіруші фирманың голограммасы бар картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ

Қазақстан Республикасы

Алматы қ-сы, Шевченко к-сі, 162 Е

Тіркеу куәлігінің иесі

«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ

Қазақстан Республикасы

Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөнінде шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ

Қазақстан Республикасы, Алматы қ-сы, Шевченко к-сі 162 Е.

Телефон нөмірі: (+7 727) 399-50-50

Факс нөмірі: (+7 727) 399-60-60

Электронды поштасы: nobel@nobel.kz

Дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы:

«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ

Қазақстан Республикасы, Алматы қ-сы, Шевченко к-сі 162 Е.

Телефон нөмірі: (+7 727) 399-50-50

Факс нөмірі: (+7 727) 399-60-60

Электронды поштасы: nobel@nobel.kz

Прикрепленные файлы

190317131477976274_ru.doc 87 кб
675768611477977483_kz.doc 115.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники