Витамин Е (400 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Е витамині
Халықаралық патенттелмеген атауы
Токоферол
Дәрілік түрі
200 мг және 400 мг капсулалар
Құрамы
Бір капсуланың құрамындабелсенді зат - 200 мг және 400 мг альфа-токоферилацетат қосымша зат – күнбағыс майы,
қабықтың құрамы: глицерин, натрий бензоаты Е-211, тазартылған су, желатин.
Сипаттамасы
Сопақша пішінді, ашық-сары түсті жігі бар, жұмсақ желатинді капсулалар.
Капсуланың ішіндегісі – ашық-сары түсті майлы сұйықтық. Ашқылтым иісі болмауы тиіс.
Фармакотерапиялық тобы
Витаминдер. Е витамині.
АТЖ коды А11НА03
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Енгізілген дозаның шамамен 50%-ы АІЖ-нан сіңеді, қанда 4 сағаттан кейін ең жоғары деңгейде болады. Сіңуі үшін өт қышқылдары, майлар болуы, ұйқы безі қалыпты қызмет атқаруы қажет. Сіңу үдерісінде Е витаминінің жасушаішілік тасымалдаушысы болып табылатын липопротеидтермен кешен түзеді. Негізінен лимфаға, содан кейін жалпы қан ағысына түседі, онда негізінен альфа1 және бета-липопротеидтермен, ішінара сарысулық альбуминмен байланысады. Ақуыздардың алмасуы бұзылған жағдайда тасымалдануы қиындайды. Барлық ағзаларға және тіндерге, әсіресе май тіндеріне жиналады. Бауырда хинонды құрылымы бар туындыларға дейін метаболизмге ұшырайды (олардың кейбіреулерінің витаминдік белсенділдігі бар). Өтпен бірге (90%-дан астамы) және несеппен бірге (6%-ға жуығы) өзгермеген күйінде және метаболиттер түрінде шығарылады.
Плацентаға жеткіліксіз мөлшерде өтеді: ұрық қанына ана қанындағы концентрациясының 20 – 30 %-ы өтеді. Емшек сүтіне өтеді.
Фармакодинамикасы
Е витамині антиоксидантты дәрі болып табылады, жасушалардың пролиферациясы үдерісіне, тіндік метаболизмге қатысады, эритроциттердің гемолизіне жол бермейді, қылтамырлардың өткізгіштігі мен сынғыштығының артуына кедергі жасайды.
Препарат атеросклероздың, жүрек бұлшықетінде және қаңқа бұлшықетінде дегенеративті-дистрофиялық өзгерулердің пайда болуына кедергі жасайды, миокардтың қоректенуін және жиырылғыштық қабілетін жақсартады, миокардтың оттегіні қажет етуін азайтады. Бос радикалды реакцияларды тежейді, жасушалық және субжасушалық мембраналарды зақымдайтын пероксидтердің түзілуіне жол бермейді. Гемді және құрамында гемі бар ферменттердің – гемоглобиннің, миоглобиннің, цитохромдардың, каталазаның, пероксидазаның синтезін стимуляциялайды.
Нуклеин қышқылдарының және простагландиндердің метаболизміне, жасушалық тыныс айналымына, арахидон қышқылының синтезіне қатысады.
Тіндік тыныс алуды жақсартады, ақуыздардың (коллагеннің, қаңқа және тегіс бұлшықеттердің ферменттік, құрылымдық және жиырылғыштық ақуыздарының) синтезін стимуляциялайды, А витаминін тотығудан қорғайды, холестерин синтезін тежейді, қан плазмасында липидтердің деңгейінің қалыпқа келуіне мүмкіндік береді. Қанықпаған май қышқылдарының және селеннің (электронды тасымалдайтын микросомальді жүйенің компоненті) тотығуын тежейді.
Фагоцитозды белсенді етеді және эритроциттердің қалыпты төзімділігін сақтау үшін қолданылады. Үлкен дозаларда тромбоциттердің бірігуіне жол бермейді. Адамның ұрпақ өрбіту жүйесіне айқын жағымды әсерін тигізеді.
Қолданылуы
- Е гиповитаминозының алдын алуға және емдеуге
- етеккір оралымы бұзылғанда, буындар және омыртқаның байланыстырушы аппараты дегенеративті және пролиферативті түрде өзгергенде, бұлшықет дистрофиясында
- амиотрофиялық бүйір склерозында (гормондармен кешенді емде)
- ауруды бастан кешкеннен кейінгі реконвалесценция жағдайында
- тамақтану толыққанды емес және теңдестірілмеген жағдайда
- дене жүктемесі жоғарылағанда.
Қолдану тәсілі және дозалары
200 мг капсулалар: ересектерге және 12 жастан асқан балаларға тәулігіне 1 – 2 капсуладан.
400 мг капсулалар: ересектерге тәулігіне 1 капсуладан.
Емдеу ұзақтығын дәрігер белгілейді.
Жағымсыз әсерлері
Жиі
- гастралгия, жүректің айнуы, іш қату, диарея
- бас ауыру, қажу, әлсіздік
Ықтимал
- аллергиялық реакциялар
Сирек
- креатинурия, креатинкиназа белсенділігінің жоғарылауы, қан сарысуында холестерин деңгейінің жоғарылауы, тромбофлебиттер, өкпе тромбоэмболиясы, тромбоз
Қолдануға бомлайтын жағдайлар
-
препарат компоненттеріне аса жоғары сезімталдық
-
жедел миокард инфарктісі, кардиосклероз
-
12 жасқа дейінгі балалар
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Қанында липидтердің асқын тотығу өнімдерінің мөлшері жоғарылаған, эпилепсияға шалдыққан науқастарда құрысуға қарсы дәрілердің әсерін арттырады.
Қабынуға қарсы стероидты және стероидты емес дәрілердің, антиоксиданттардың әсерін күшейтеді. Жүрек гликозидтерінің, сондай-ақ А және D витаминдерінің тиімділігін арттырады және уыттылығын азайтады. Е витаминін жоғары дозаларда тағайындау организмде А витаминінің тапшылығын тудыруы мүмкін.
Е витаминін тәулігіне 400 мг-нан астам дозада антикоагулянттармен (кумарин және индандион туындыларымен) бір мезгілде қолдану гипопротромбинемияның және қан кетудің пайда болу қаупін арттырады.
Колестирамин, колестипол, минералды майлар альфа-токоферилацетаттың сіңуін төмендетеді.
Темірдің жоғары дозалары организмде тотығу үдерістерін күшейтеді, ол Е витаминіне қажеттілікті арттырады.
Альфа-токоферилацетатты циклоспоринмен бір мезгілде қолданған кезде соңғысының сіңуі артады.
Айрықша нұсқаулар
Дозалау режимін қатаң сақтау қажет.
Басқа поливитаминді препараттармен ұзақ уақыт бірге тағайындауға болмайды, өйткені майда еритін Е витаминінің артық дозалануы пайда болуы мүмкін.
Селеннің және құрамында күкірті бар амин қышқылдарының мөлшері жоғары болатын диета Е витаминінің қажеттілігін төмендетеді.
Туа біткен буллезді эпидермолизде аллопециямен зақымданған жерде ақ шаштар өсе бастауы мүмкін.
Препаратты ұзақ уақыт қолданғанда және/немесе емдеу курсын қайта тағайындаған кезде қанның ұю көрсеткіштерін, сондай-ақ қандағы холестерин деңгейін мезгіл-мезгіл бақылап отыру керек.
Жүктілік және лактация
Е витаминін жүктілік және емшек емізу кезеңінде тек дәрігердің тағайындауымен ғана қолданады.
Дәрілік заттың көлікті немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Көлікті және қауіптілігі зор механизмдерді басқарған кезде сақ болған жөн.
Артық дозаланғанда
Симптомдары: ұзақ кезең бойы тәулігіне 400 - 800 мг дозада қабылдаған кезде – көздің жіті көрмеуі, бас айналу, бас ауыру, жүректің айнуы, әдеттен тыс шаршау, диарея, гастралгия, астения; ұзақ уақыт бойы тәулігіне 800 мг-нан астам дозада қабылдағанда – К гиповитаминозы бар науқастарда қан кету қаупінің артуы, тиреоидты гормондар метаболизмінің бұзылуы, жыныстық қызметтің бұзылуы, тромбофлебит, тромбоэмболия, некротикалық колит, сепсис, гепатомегалия, гипербилирубинемия, бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі, көздің тор қабығына қан құйылу, геморрагиялық инсульт, асцит, гемолиз.
Емдеу: препаратты тоқтату; бауырда Е витаминінің метаболизмін жылдамдататын глюкокортикоидтарды тағайындайды; геморрагия қаупін азайту үшін Викасол тағайындайды.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Баспалы лакталған алюминий фольгадан және поливинилхлоридті үлбірден жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 капсуладан.
Пішінді ұяшықты 3 немесе 6 қаптама медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.
Сақтау шарттары
Жарықтан және ылғалдан қорғалған жерде, 15°С-ден 25ºС-ге дейінгі температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды
Дәріханадан босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші - ұйымның атауы мен елі
«Минскинтеркапс» УК, Беларусь Республикасы,
220075, Минск қ-сы, а/ж 112, Инженерная к-сі, үй 26
Тел./факс (+ 37517) 344-18-66
Тіркеу куәлігінің иесінің атауы мен елі
«Минскинтеркапс» УК, Беларусь Республикасы
Қаптаушы – ұйымның атауы мен елі
«Минскинтеркапс» УК, Беларусь Республикасы
Тұтынушылардан өнім сапасы жөнінде шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Рахметова» ЖК, ҚР
тел.: +7 777324-23-37
e-mail: al.rakhmetova@yandex.kz