Венокор
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Венокор
(VENOCOR)
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Инъекцияға арналған ерітінді.
Құрамы
1 мл ерітіндінің құрамында:
белсенді зат: этилметилгидроксипиридин сукцинаты 50 мг;
қосымша заттар: натрий метабисульфиті (Е 223), инъекцияға арналған су.
Сипаттамасы
Түссіз немесе аздап сарғыш мөлдір сұйықтық
Фармакотерапиялық тобы
Жүйке жүйесі. Жүйке жүйесі ауруларын емдеуге арналған препараттар. Жүйке жүйесі ауруларын емдеуге арналған басқа да препараттар.
АТХ коды N07XX.
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы.
Бұлшықет ішіне енгізгенде препарат қан плазмасында енгізуден кейін 4 сағат ішінде анықталады. Ең жоғарғы концентрацияға жету уақыты 0,45-0,5 сағатты құрайды. 400-500 мг дозаларындағы ең жоғарғы концентрациясы – 3,5-4,0 мкг/мл. Венокор қан жүру арнасынан ағзалар мен тіндерге жылдам өтеді және жылдам организмнен шығады. Препарат организмнен несеппен, негізінен глюкуроноконданған түрде және аздаған мөлшерлерде – өзгеріссіз күйде шығарылады.
Фармакодинамикасы
Венокор бос радикалды үдерістердің тежегіші, мембранопротектор болып табылады, антигипоксиялық, стресс протекторлық, ноотропты, құрысуға қарсы және анксиолитикалық әсер етеді. Препарат түрлі зақымдаушы факторлардың әсеріне, оттегіне тәуелді патологиялық жағдайларға (шок, гипоксия және ишемия, ми қанайналымының бұзылуы, алкогольден және психозға қарсы дәрілерден (нейролептиктерден) уыттану) организмнің резистенттілігін арттырады.
Венокор ми метаболизмін және мидың қанмен қамтамасыз етілуін жақсартады, микроциркуляцияны және қанның реологиялық қасиеттерін жақсартады, тромбоциттер агрегациясын азайтады. Гемолиз кезінде қан жасушаларының (эритроциттер мен тромбоциттер) жарғақшалық құрылымын тұрақтандырады. Гиполипидемиялық әсер береді, жалпы холестерин және тығыздығы төмен липопротеидтер (ТТЛП) мөлшерін төмендетеді. Жедел панкреатит кезінде ферментативтік токсемияны және эндогендік уыттануды төмендетеді.
Препараттың әсер ету механизмі оның антиоксидантты және мембранопротекторлық әсеріне негізделген. Ол липидтердің пероксидтік тотығуын тежейді, супероксиддисмутаза белсенділігін жоғарылатады, липид-ақуыз арақатынасын жоғарылатады, жарғақшаның тұтқырлығын азайтады, оның аққыштығын ұлғайтады. Жарғақшамен байланысқан ферменттердің (кальцийге тәуелді фосфодиэстераза, аденилатциклаза, ацетилхолинэстераза) рецепторлық кешендердің (бензодиазепиндік, гамма-аминомай қышқылы (ГАМҚ), ацетилхолиндік) белсенділігін модульдейді, бұл олардың лигандтармен байланысу қабілетін күшейтеді, биожарғақшалардың құрылымдық-функционалдық ұйымдасуының сақталуына, нейромедиаторлар тасымалына және синапстық берілістің жақсаруына ықпал етеді. Венокор мидағы дофамин мөлшерін арттырады. Аэробты гликолиздің компенсаторлық белсенуінің күшеюін және аденозинтрифосфат (АТФ) және креатинфосфат мөлшерінің жоғарылауымен гипоксия жағдайында Кребс циклында тотығу үдерістерінің бәсеңдеу деңгейінің төмендеуін туындатады, митохондрияның энергия синтездейтін функцияларын белсендіреді, жасушалық жарғақшаларды тұрақтандырады.
Венокор ишемияланған миокардтағы метаболизмдік үдерістерді қалпына келтіреді, некроз аймағын азайтады, электрлік белсенділікті және миокардтың жиырылуын қалпына келтіреді және жақсартады, сондай-ақ ишемия аймағында коронарлық қан ағысын ұлғайтады, жедел коронарлық жеткіліксіздік кезінде реперфузиялық синдром салдарларын азайтады. Нитропрепараттардың жүрек қыспасына қарсы белсенділігін жоғарылатады. Венокор созылмалы ишемия және гипоксияға әкеп соқтыратын үдемелі нейропатия кезінде торқабықтың ганглиозды жасушаларының және көру жүйкесі талшықтарының сақталуына ықпал етеді. Торқабықтың және көру жүйкесінің функционалдық белсенділігін жақсартады, көру өткірлігін арттырады.
Қолданылуы
- ми қанайналымының жедел бұзылуларында;
- бассүйек-ми жарақатында, бассүйек-ми жарақаттарының салдарларында;
- дисциркуляторлық энцефалопатияда;
- нейроциркуляторлық дистонияда;
- атеросклероздық генездегі жеңіл когнитивтік бұзылуларда;
- невроздық және неврозға ұқсас жағдайлардағы үрейлі бұзылыстарда;
кешенді ем құрамында
- жедел миокард инфарктісінде (алғашқы тәуліктерден бастап);
- түрлі сатылардағы бастапқы ашық бұрышты глаукомада;
- неврозға ұқсас және вегетативті-қантамырлық бұзылыстары басым алкоголизм кезіндегі абстинентті синдромды басу үшін;
- психозға қарсы дәрілерден жедел уыттануда;
- құрсақ қуысындағы жедел іріңді-қабыну үдерістерінде (жедел некроздық панкреатитте, перитонитте)
Қолдану тәсілі және дозалары
Венокор бұлшықет ішіне немесе вена ішіне (сорғалатып, тамшылатып) тағайындалады. Дозалары жекелей таңдалады. Инфузиялық енгізу тәсілінде препаратты натрий хлоридінің физиологиялық ерітіндісінде (200 мл) сұйылту керек. Ересектерді емдеуді тәулігіне 1-3 рет 50-100 мг дозасынан бастап, емдік әсер алынғанға дейін дозаны біртіндеп арттыра түседі. Венокорды сорғалатып 5-7 минут бойы баяу, тамшылатып – 1 минутына 40-60 тамшы жылдамдықпен енгізеді. Ең жоғарғы тәуліктік доза 800 мг аспауы тиіс.
Ми қанайналымының жедел бұзылулары кезінде Венокор ересектерге кешенді емде алғашқы 2-4 күні тәулігіне 1 рет 200-300 мг вена ішіне тамшылатып, сосын тәулігіне 3 рет 100 мг бұлшықет ішіне тағайындайды. Емдеу мерзімі 10-14 тәулікті құрайды.
Бассүйек-ми жарақаты және бассүйек-ми жарақаттарының салдарлары кезінде Венокор тәулігіне 2-4 рет 200-500 мг вена ішіне тамшылатып енгізу жолымен 10-15 күн ішінде қолданылады.
Декомпенсация фазасындағы дисциркуляторлық энцефалопатия кезінде Венокорды 14 күн бойы тәулігіне 2-3 рет 100 мг дозада вена ішіне сорғалатып немесе тамшылатып қолдану керек. Сосын препарат 2 апта бойы тәулігіне 100 мг бұлшықет ішіне енгізіледі.
Дисциркуляторлық энцефалопатияның курстық профилактикасы үшін препарат 10-14 күн бойы тәулігіне 2 рет 100 мг бұлшықет ішіне енгізіледі.
Жеңіл когнитивтік бұзылу кезінде егде жастағы науқастарда және үрей жағдайларында препарат 14-30 күн бойы тәулігіне 100-300 мг дозада бұлшықет ішіне қолданылады.
Жедел миокард инфарктісі кезінде Венокор нитраттар, бета-адреноблокаторлар, ангиотензинөзгертуші фермент (АӨФ) тежегіштері, тромболитиктер, антикогулянтты және антиагрегантты дәрілер, сондай-ақ көрсетілім бойынша симптоматикалық дәрілер кіретін миокард инфарктын дәстүрлі емі аясында 14 тәулік бойы вена ішіне немесе бұлшықет ішіне енгізіледі. Алғашқы 5 тәулікте, ең жоғарғы әсерге қол жеткізу үшін Венокорды вена ішіне енгізген жөн, келесі 9 тәулікте Венокорды бұлшықет ішіне енгізуге болады. Венокорды вена ішіне енгізуді тамшылық инфузия жолымен, баяу (жағымсыз әсерлерге жол бермеу үшін), 0,9 % натрий хлориді ерітіндісімен немесе 5 % декстроза (глюкоза) ерітіндісімен 100-150 мл көлемде 30-90 мин ішінде жүргізеді. Қажет болса, Венокорды кемінде 5 минут ішінде баяу сорғалатып енгізуге болады.
Венокорды енгізуді (вена ішіне немесе бұлшықет ішіне) 8 сағат сайын тәулігіне 3 рет жүзеге асырады. Тәуліктік емдік доза күніне дене салмағының 1 килограмына 6-9 мг құрайды, бір реттік доза – дене салмағының 2-3 мг/кг. Ең жоғарғы тәуліктік доза 800 мг, бір реттік доза – 250 мг аспауы тиіс.
Әр түрлі сатыдағы ашық бұрышты глаукома кезінде Венокор кешенді ем құрамында 14 күн бойы тәулігіне 1-3 рет 100-300 мг бұлшықет ішіне қолданылады.
Абстинентті алкогольдік синдром кезінде Венокор тәулігіне 2-3 рет бұлшықет ішіне 100-200 мг дозада немесе 5-7 күн бойы тәулігіне 1-2 рет тамшылатып вена ішіне енгізіледі.
Психозға қарсы дәрілерден жедел уыттану кезінде препарат 7-14 күн бойы тәулігіне 50-300 мг дозада вена ішіне енгізіледі.
Құрсақ қуысындағы жедел іріңді-қабыну үдерістері (жедел некроздық панкреатит, перитонит) кезінде препарат алғашқы тәуліктерде операция алдындағы, сондай-ақ операциядан кейінгі кезеңде тағайындалады. Дозалар аурудың түрі мен ауырлығына, үдерістің таралымдылығына, клиникалық ағымына байланысты. Препаратты тоқтату тек тұрақты оң клиникалық-зертханалық әсерден кейін біртіндеп орындалуы тиіс. Жедел ісінумен жүретін (интерстициальді) панкреатит кезінде Венокор вена ішіне тамшылатып (натрий хлоридінің изотониялық ерітіндісімен) және бұлшықет ішіне тәулігіне 3 рет 100 мг тағайындалады. Орташа ауырлық дәрежесінде: ересектерге – вена ішіне тамшылатып (натрий хлоридінің изотониялық ерітіндісімен) тәулігіне 3 рет 200 мг. Ауыр ағымында: екі реттік енгізу кезінде алғашқы тәуліктерде 800 мг пульс-дозалау; әрі қарай – тәуліктік дозаны біртіндеп төмендетумен тәулігіне 2 рет 300 мг. Аса ауыр ағымында: панкреатогенді шоктың белгісін тұрақты басқанға дейін тәулігіне бастапқы дозада 800 мг, жағдай тұрақтанғаннан кейін – тәуліктік дозаны біртіндеп төмендетумен вена ішіне тамшылатып (натрий хлоридінің изотониялық ерітіндісімен) тәулігіне 2 рет 300-400 мг.
Балалар. Препаратты балаларға қолданудың қауіпсіздігіне қатысты қатаң бақыланатын клиникалық зерттеулер жүргізілген жоқ, сондықтан Венокор пациенттердің бұл санатында қолданылмайды.
Жағымсыз әсерлері
Сирек (≥ 1/10000 - < 1/1000 дейін)
- жүрек айнуы
- ауыздың шырышты қабығының құрғауы
- аллергиялық реакциялар
- ұйқышылдық
- ұйықтап кету үдерісінің бұзылуы
- үрейлену сезімі
- эмоционалдық реактивтілік
- дистальді гипергидроз
- бас ауыруы
- қимыл-қозғалыс үйлесімінің бұзылуы
- артериялық қысымның жоғарылауы
- артериялық қысымның төмендеуі.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- бауыр немесе бүйректің жедел жеткіліксіздігі
- препаратқа жоғары сезімталдық
- 18 жасқа дейінгі балалар
- жүктілік, бала емізу кезеңі
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Венокор бензодиазепиндік анксиолитиктердің, құрысуға қарсы дәрілердің (карбамазепиннің), паркинсон ауруына қарсы дәрілердің (леводопаның) әсерін күшейтеді. Этил спиртінің уытты әсерін азайтады.
Айрықша нұсқаулар
Жекелеген жағдайларда, әсіресе бейім пациенттерде, сульфиттерге жоғары сезімталдық кезінде бронх демікпесі бар пациенттерде аса жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары дамуы мүмкін.
Жүктілік немесе бала емізу кезінде қолданылуы
Препаратты жүктілік және бала емізу кезінде қолданудың қауіпсіздігіне қатысты қатаң бақыланатын клиникалық зерттеулер жүргізілген жоқ, сондықтан Венокор бұл кезеңде қолданылмайды.
Үйлесімсіздігі
Препаратты басқа дәрілік заттармен араластырмау керек. Медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілген еріткіштерді ғана пайдалану керек.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Емделу кезеңінде автокөлікті басқару немесе механизмдермен жұмыс істеу кезінде, реакция жылдамдығына және зейін қою қабілетіне ықпал етуі мүмкін жағымсыз әсерлердің ықтималдығын ескере отырып, сақтық таныту қажет.
Артық дозалануы
Артық дозалануы кезінде ұйқышылдық болуы мүмкін.
Емі – уытсыздандырғыш ем.
Сақтау шарттары
25 ○С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Шығарылу түрі және қаптамасы
2 мл препараттан сындыру сақинасы немесе сындыру нүктесі бар немесе оларсыз, түтікшетәрізді түссіз, мөлдір шыныдан жасалған ампулаларға құйылады.
Ампулаларға өздігінен желімденетін заттаңбалар, немесе заттаңбалық немесе жазу қағазынан жасалған заттаңбалар жабыстырылады.
5 ампуладан ПЭТФ/ПВХ үлбірден жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады.
Пішінді ұяшықты 2 қаптама медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған қорапшаға салынады.
Дәріханадан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
“Лекхим-Харьков” жеке акционерлік қоғамы
Украина, 61115, Харьков обл., Харьков қ., Северин Потоцкий к-сі, 36 үй
Тіркеу куәлігінің ұстаушысы
“Лекхим-Харьков” жеке акционерлік қоғамы
Украина, 61115, Харьков обл., Харьков қ., Северин Потоцкий к-сі, 36 үй
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефоны, факсы, электронды поштасы):
«L-Фарма» ЖШС
050061, Алматы қ-сы,
Тастақ-1 ы/а, 3 үй.
Тел/факс (727) 374-88-75, (727) 374-88-72