Бромгексин Гриндекс (сироп)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Бромгексин Гриндекс
Халықаралық патенттелмеген атауы
Бромгексин
Дәрілік түрі
4 мг/5 мл 100 мл шәрбат
Құрамы
100 мл шәрбаттың құрамында
белсенді зат - 80 мг бромгексин гидрохлориді,
қосымша заттар: метилпарагидроксибензоат, кристалданбайтын сорбитол ерітіндісі (100 % сорбитке шаққанда), этанол 96%, левоментол, анис майы, жалбыз майы, фенхел майы, тазартылған су.
Сипаттамасы
Өзіне тән иісі бар түссіз немесе сәл боялған мөлдір сұйықтық.
Фармакотерапиялық тобы
Салқын тию симптомдарын және жөтелді қайтаруға арналған препараттар. Қақырық түсіретін препараттар. Муколитиктер.
AТХ коды R05CB02
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Ішке қабылдаған кезде бромгексин 30 минуттың ішінде толық дерлік (99 %) сіңеді, алайда бауыр арқылы «алғаш өткенде» қарқынды метаболизмге ұшырайды. Сондықтан оның биожетімділігі төмен, орта есеппен 20 %. Дені сау емделушілерде плазмадағы Cmax 1 сағаттан кейін анықталады. Қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы жоғары және 80-90% құрайды. Бромгексин гематоэнцефалиялық және плацентарлы бөгеттер арқылы өтеді. Бауырда диметилдену және тотығу арқылы метаболизмге ұшырайды. Препараттың негізгі белсенді метаболиті амброксол болып табылады. Жартылай шығарылу кезеңі – 15 сағат. Бүйректер арқылы шығарылады. Жиналып қалуы мүмкін.
Бромгексин несеппен бірге, негізінен, метаболиттер түрінде бөлініп шығады. Өзгермеген күйінде несеппен бірге препараттың тек аздаған мөлшері ғана бөлініп шығады.
Фармакодинамикасы
Бромгексин муколитикалық (секретолитикалық) және қақырық бөліп шығаратын әсер береді.
Препарат қақырықты сұйылтады, оның көлемін ұлғайтады және қақырықты шығаруға мүмкіндік береді. Препараттың муколитикалық әсері мукопротеиндерді және мукополисахарид талшықтарын деполимеризациялау және сұйылту қабілеті арқылы жүзеге асады.
Дәрі-дәрмектің жөтелге қарсы әсері әлсіз болады, үлкен дозаларда құстырады.
Қолданылуы
- қатты қою қақырықтың пайда болуымен қатарласа жүретін, өкпенің жедел және созылмалы ауруларында
- пневмонияда, трахеобронхитте, обструктивті бронхитте
- бронх демікпесінде
- муковисцидозда, туберкулезде
- бронхоэктаздарда, өкпе эмфиземасында, пневмокониозда
Қолдану тәсілі және дозалары
Бромгексинді ішке ас қабылдауға қарамай-ақ тәулігіне 3 рет қабылдайды.
Емдеу үдерісінде сұйықтықтың жеткілікті мөлшерін қолдану керек, ол бромгексиннің секретолитикалық әсерін демейді.
5 мл шәрбаттың (1 шай қасық) құрамында 4 мг бромгексин гидрохлориді бар. Ересектерге тәулігіне 3 рет 2-4 шай қасықтан (8-16 мг) тағайындайды. Қажет болған кезде доза ересектерде тәулігіне 4 рет 16 мг-ға дейін арттырылуы мүмкін, яғни ең жоғары бір реттік доза 16 мг; ең жоғары тәуліктік доза 64 мг құрайды.
Емдік әсері 4-6 күн емдегеннен кейін білінуі мүмкін.
Емдеу курсының ұзақтығын емдеуші дәрігер белгілейді.
Емделуші, егер оның жағдайы Бромгексин Гриндекс шәрбатымен 6 күн емдегенде жақсармаса, дәрігерге қаралғаны жөн.
Жағымсыз әсерлері
- жүректің айнуы, құсу, диспепсиялық құбылыстар
- дене температурасының жоғарылауы, терлеу
- бас ауыру, бай айналу
- анафилактикалық реакциялар, анафилактикалық шокты қоса алғанда
- ойық жара ауруының асқынуы
- аллергиялық реакциялар (тері бөртпесі, беттің ісінуі, ринит және басқа)
- қан сарысуында трансаминаза деңгейінің жоғарылауы
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препарат компоненттеріне, соның ішінде сорбитке жоғары сезімталдық
- асқазанның ойық жара ауруы
- жүктілік және лактация кезеңі
- балалар және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Бромгексинді бронх-өкпе ауруларын емдегенде қолданылатын басқа да препараттармен бір мезгілде тағайындауға болады.
Бромгексинді жөтелге қарсы басқа да препараттармен, соның ішінде құрамында кодеин бар препараттармен бірге тағайындамайды, өйткені жөтелу рефлексінің басылуы қақырықтың бөлініп шығуын қиындатады.
Бромгексин антибиотиктердің (эритромициннің, цефалексиннің, окситетрациклиннің) өкпе тіндеріне өтуіне мүмкіндік береді.
Шәрбаттың құрамына кіретін спирт басқа дәрілік заттардың әсерін өзгертуі мүмкін.
Бромгексинді қабынуға қарсы стероидты емес кейбір дәрілермен (мысалы, салицилаттармен, фенилбутазонмен немесе бутадионмен) біріктіріп қолданған кезде асқазанның шырышын тітіркендіруі мүмкін.
Бромгексин сілтілік ерітінділермен үйлеспейді.
Айрықша нұсқаулар
Бромгексинді әлсіз науқастарға, сондай-ақ бронхтары механикалық тарылған (бронх секретінің қақырықпен бөлінуі қиындаған) емделушілерге абайлап қолданған жөн.
Шәрбат құрамында 12,5 көл. % спирт бар. Мұны бауыр және бүйрек қызметі бұзылған, эпилепсияға шалдыққан науқастарға және маскүнем емделушілерге қолданғанда ескеру керек.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Шәрбаттың құрамында этил спирті бар, мұны көлік жүргізушілері және қауіпті механизмдердің операторлары ескеруі қажет.
Артық дозалануы
Симптомдары: жағымсыз әсерлердің күшеюі.
Емі: симптоматикалық.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Бұрандалы мойны бар және пластмасса қалпақпен бұрап жабылатын, қоңыр шыны құтыға препарат 100 мл-ден құйылған.
1 құты медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.
Сақтау шарттары
25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
5 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханадан босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші
«Гриндекс» АҚ. Крустпилс к-сі, 53, Рига, LV-1057, Латвия
Тіркеу куәлігінің иесі
«Гриндекс» АҚ, Латвия
Тұтынушылардан өнім сапасы жөнінде шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Гриндекс» АҚ өкілдігі
Алматы қ-сы, Достық д-лы, 63-65/13 Шевченко к-сі қиылысы
т./ф. 291-88-77, 291-13-84
эл. поштасы: grindeks.asia.kz@mail.ru