Бензилпенициллин (1000000 ЕД) (Биосинтез ОАО)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Бензилпенициллин
Халықаралық патенттелмеген атауы
Бензилпенициллин
Дәрілік түрі
Көктамыр ішіне және бұлшықет ішіне енгізу үшін ерітінді дайындауға арналған 1000000 ӘБ ұнтақ
Құрамы
Бір құтының ішінде
белсенді зат – 0,6 г (1000000 ӘБ) натрий бензилпенициллині (белсенді затқа шаққанда)
Сипаттамасы
Өзіне тән әлсіз иісі бар ақ немесе ақ дерлік ұсақ кристалды ұнтақ.
Фармакотерапиялық тобы
Бактерияларға қарсы бета-лактамдық препараттар – пенициллиндер. Пенициллиназа сезімтал пенициллиндер. Бензилпенициллин
АТХ коды J01СЕ01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Бұлшықет ішіне енгізгенде қан плазмасында ең жоғары концентрацияға 20-30 минуттан соң жетеді. Препараттың жартылай шығарылу кезеңі 30-60 минутты, бүйрек қызметінің жеткіліксіздігінде 4-10 сағатты және одан астамды құрайды. Плазма ақуыздарымен байланысуы – 60%.
Ағзаларға, тіндерге және биологиялық сұйықтықтарға, ликвордан басқасы, көз тіндеріне және қуық асты безіне өтеді. Менингеальді қабықтар қабынғанда гематоэнцефалдық бөгет арқылы өткізгіштігі артады. Плацента арқылы өтеді және емшек сүтіне енеді. Бүйректер арқылы өзгермеген күйінде шығарылады.
Фармакодинамикасы
Биосинтетикалық («табиғи») пенициллиндер тобының бактерцидтік антибиотигі. Микроорганизмдердің жасушалық қабырғаларының синтезін тежейді.
Грамоң қоздырғыштарға: Staphylococcus spp. (пенициллиназа түзбейтін), Streptococcus spp. (соның ішінде Streptococcus pneumoniae), Corynebacterium diphtheriae, Bacillus anthracis, Actinomyces spp.; грамтеріс миркоорганизмдерге: Neisseria gonorrhoeae, Neisseria meningitidis, сондай-ақ Treponema spp.қатысты белсенді. Көптеген грамтеріс бактерияларға, риккетсияларға, вирустарға, қарапайымдыларға қатысты белсенді емес. Пенициллиназа түзетін микроорганизм штаммдары препараттың әсеріне төзімді. Қышқыл ортада бұзылады.
Қолданылуы
Сезімтал қоздырғыштардан болған бактериялық жұқпаларда:
-
крупозды және ошақты пневмонияда, плевра эмпиемасында, бронхитте
-
сепсисте, септикалық эндокардите (жедел және жеделге жуық), перитонитте
-
менингитте
-
остеомиелитте
-
несепжыныс жүйесінің жұқпаларында (пиелонефрит, пиелит, цистит, уретрит, соз, бленнорея, мерез, цервицит)
-
өт шығару жолдарының жұқпаларында (холангит, холецистит)
-
жара жұқпасында
-
тері мен жұмсақ тін жұқпаларында: тілмеде, импетигода, екінші қайтара жұққан дерматоздарда
-
дифтерияда
-
скарлатинада
-
сібір жарасында
-
актиномикозда
-
ЛОР ағзалар жұқпаларында
-
көз бұршағының жұқпаларында
Қолдану тәсілі және дозалары
Препарат бұлшықет ішіне, көктамыр ішіне, тері астына, эндолюмбальді және интратрахеальді түрде енгізуге арналған.
Ауру барысы орташа-ауыр болғанда (тыныс жолдарының төменгі бөлімдерінің, несеп- және өт шығару жолдарының жұқпалары, жұмсақ тіндер және басқа да жұқпалар) – тәулігіне 4-6 млн ӘБ, 4 енгізуге
Жұқпалар барысы ауыр болғанда (сепсис, септикалық эндокардит, менингит және басқалар) – тәулігіне 10-20 млн ӘБ; газды гангренада – 40-60 млн ӘБ-ге дейін.
1 жасқа дейінгі балалар үшін тәуліктік дозасы – 50000-100000 ӘБ/кг, 1 жастан асқан балалар үшін – 50000 ӘБ/кг; қажет болғанда – 200000-300000 ӘБ/кг, өмірлік көрсетілімдері бойынша – 500000 ӘБ/кг дейін арттыру. Енгізу саны – тәулігіне 4-6 рет, көктамыр ішіне – тәулігіне 1-2 рет бұлшықетішілік инъекциялармен бірге.
Ми мен жұлын және ми қабықтарының іріңді ауруларында эндолюмбальді түрде енгізеді.
Ауруға және оның өту барысының ауырлығына байланысты: ересектерге – 5-10 мың ӘБ, балаларға – 2-5 мың ӘБ тәулігіне 1 рет, 2-3 күн бойы көктамыр ішіне, содан кейін бұлшықет ішіне тағайындайды.
Көктамыр ішіне сорғалатып енгізу үшін бір реттік дозаны (1-2 млн. ӘБ) инъекцияға арналған 5-10 мл стерильді суда немесе 0,9% натрий хлоридінің ерітіндісінде ерітеді және баяу, 3-5 минут бойы енгізеді.
Көктамыр ішіне тамшылатып енгізу үшін 2-5 млн. ӘБ-ні 100-200 мл 0,9% натрий хлоридінің ерітіндісінде немесе 5-10% декстроза ерітіндісінде ерітеді және минутына 60-80 тамшы жылдамдықпен енгізеді.
Балаларға тамшылатып енгізгенде еріткіш ретінде 5-10% декстроза ерітіндісі пайдаланылады (дозасына және жасына қарай 100-300 мл).
Бұлшықет ішіне енгізуге арналған препарат ерітіндісін дәл енгізер алдында, құтының ішіндегіге инъекцияға арналған 1-3 мл суды немесе 0,9% натрий хлориді ерітіндісін немесе 0,5% новокаин ерітіндісін қосып, дайындайды.
Ерітінділерді дайындап болу бойына, оған басқа дәрілік заттарды қоспай, бірден пайдаланады.
Тері астына препаратты 1 мл 0,25-0,5 % новокаин ерітіндісіндегі 100-200 мың ӘБ концентрациядағы инфильтраттарды шаншып енгізу үшін қолданады.
Эндолюмбальді түрде қолдану үшін препарат ерітіндісін дайындау: препаратты инъекцияға арналған стерильді суда немесе 0,9% натрий хлориді ерітіндісінде, 1 мың ӘБ/мл есебінен, сұйылтады. Инъекция алдында (бассүйекішілік қысымға байланысты) 5-10 мл жұлын-ми сұйықтығын алады және оны антибиотик ерітіндісіне тең арақатынаста қосады.
Баяу (1 мл/мин), әдетте тәулігіне 1 рет 2-3 күн бойы енгізеді, содан кейін көктамырішілік және бұлшықетішілік инъекияларға көшеді.
Өкпедегі іріңдеу үдерістерінде препарат ерітіндісін интратрахеальді түрде енгізеді (аңқаны, көмекейді және кеңірдектің мұқият анестезиясынан кейін). Әдетте 100 мың ӘБ-ні 10 мл 0,9 % натрий хлориді ерітіндісінде қолданады.
Көз ауруларында (жедел конъюнктивит, мөлдір қабықтың ойық жарасы, гонобленнорея және басқалар) құрамында 1 мл 0,9 % натрий хлориді ерітіндісіндегі немесе дистилденген судағы 20-100 мың ӘБ бар көз тамшыларын тағайындайды. Күніне 6-8 рет 1-2 тамшыдан енгізеді.
Құлақ тамшылары немесе мұрын тамшылары үшін құрамында 10-100 мың ӘБ/мл бар ерітінділерді қолданады.
Препаратпен емдеу ұзақтығы аурудың түріне және барысының ауырлығына байланысты – 7-10 күннен 2 айға және одан астам уақытқа дейін (мысалы, сепсисте, септикалық эндокардитте).
Жағымсыз әсерлері
- аритмиялар, жүректің тоқтап қалуы, жүрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігі (өйткені үлкен дозаларды енгізген кезде гипернатриемия пайда болуы мүмкін)
- жүректің айнуы, құсу, стоматит, глоссит, бауыр қызметінің бұзылуы
- бүйрек қызметінің бұзылуы
- анемия, лейкопения, тромбоцитопения
- рефлекторлы қозғыштықтың бұзылуы, менингеальді симптомдар, құрысулар, кома
- аллергиялық реакциялар: гипертермия, есекжем, тері бөртпесі, қызба, қалтырау, терлеудің күшеюі, шырышты қабықтарда бөртпе, артралгия, эозинофилия, ангионевротикалық ісіну, интерстициальді нефрит, бронхтың түйілуі, Квинке ісінуі
Сирек
- анафилактикалық шок
- препаратқа төзімді микрофлорадан (ашытқы тәрізді саңырауқұлақтар, грамтеріс микроорганизмдер) туындаған асқынжұқпа
- жергілікті реакциялар: бұлшықет ішіне енгізген жердің аурушаңдығы және қатаюы.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препаратқа (соның ішінде басқа да β-лактамдық антибиотиктерге) жоғары сезімталдық
- есекжем
- бронх демікпесі
- эпилепсияда эндолюмбальді түрде енгізу
Сақтықпен
- бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Бактерицидтік антибиотиктер (соның ішінде цефалоспориндер, ванкомицин, рифампицин, аминогликозидтер) синергизмдік; бактериостатикалық (соның ішінде макролидтер, хлорамфеникол, линкозамидтер, тетрациклиндер) антагонистік әсер береді.
Әсері тікелей емес антикоагулянттардың тиімділігін арттырады (ішек микрофлорасын баса отырып, протромбинді индексті төмендетеді); ішу арқылы қабылданатын контрацептивтердің, метаболизм үдерісінде парааминобензой қышқылын түзетін дәрілік заттардың этинилэстрадиолдың тиімділігін төмендетеді, «лақылдап» қан кетудің пайда болу қаупі.
Диуретиктер, аллопуринол, өзекшелік секреция блокаторлары, фенилбутазон, қабынуға қарсы стероидты емес препараттар, өзекшелік секрецияны төмендете отырып, Бензилпенициллиннің концентрациясын арттырады.
Аллопуринол, біріктіріп қолданылғанда, аллергиялық реакциялардың (тері бөртпесі) пайда болу қаупін арттырады.
Айрықша нұсқаулар
Барлық енгізу жолдарына арналған препарат ерітінділерін ех tempore дайындайды.
Егер препаратты қолданғаннан кейін 2-3 күннен соң (ең көбі 5 күн) әсері байқалмаса, басқа антибиотиктерге немесе біріктіріп емдеуге көшкен жөн. Әлсіз науқастарды, жаңа туған нәрестелерді, егде жастағы адамдарды ұзақ уақыт емдегенде препаратқа төзімді микрофлорадан (ашытқы тәрізді саңырауқұлақтар, грамтеріс микроорганизмдер) болған асқынжұқпа пайда болуы мүмкін.
Препаратты жеткіліксіз дозада қолдану немесе емдеуді тым ерте тоқтату қоздырғыштардың төзімді штаммдарының пайда болуына әкеп соғатындығын ескеру қажет. Төзімділік пайда болған жағдайда емдеуді басқа антииотиктермен жалғастырған жөн.
Жүктілік және лактация кезеңі
Жүктілік кезінде, егер ана үшін болжамды пайдасы ұрық үшін қауіптен басым болса, қолданылуы мүмкін.
Лактация кезеңінде қолдану қажет болғанда емшек емізуді тоқтату мәселесін шешкен жөн (емшек сүтіне төмен концентрацияларда өтеді).
Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Ықпал етпейді
Артық дозалануы
Симптомдары: құрысулар, сананың нашарлауы.
Емдеу: препаратты тоқтату, симптоматикалық ем (гемодиализ, перитонеальді диализді қоса есептегенде, су-электролиттік теңгерімге ерекше көңіл бөлген жөн).
Шығарылу түрі және қаптамасы
Көктамыр ішіне және бұлшықет ішіне енгізу үшін ерітінді дайындауға арналған 1000000 ӘБ ұнтақ
Резеңке тығынмен тығыз тұмшаланған, алюминий қалпақшамен қаусырылған немесе біріктірілген алюминий қалпақшамен қаусырылған, сыйымдылығы 10 мл, шыны құтыларда белсенді зат 1000000 ӘБ-ден.
Ішінде препараты бар 50 құты қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен тең мөлшерде топтама қаптамаға – картон бөліктері бар қорапқа бірге салынған.
Сақтау шарттары
Құрғақ жерде, 20°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханадан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Биосинтез» ААҚ, Ресей Федерациясы
440033, Пенза қ-сы, Дружба к-сі, 4, тел/факс (8412) 57-72-49
e-mail: certificate@biosintez.com
Тіркеу куәлігі иесінің атауы және елі
«Биосинтез» ААҚ, Ресей Федерациясы
Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Биосинтез» ААҚ, Ресей Федерациясы
440033, Пенза қ-сы, Дружба к-сі, 4, тел/факс (8412) 57-72-49
e-mail: certificate@biosintez.com