Аугментин® (875 мг/125 мг, таблетки)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Аугментин®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Қабықпен қапталған 500 мг/125 мг және 875 мг/125 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді заттар: 500 мг немесе 875 мг амоксициллин (амоксициллин тригидраты түрінде);
125 мг клавулан қышқылы (калий клавуланаты түрінде),
қосымша заттар: магний стеараты, А типті натрий крахмалы гликоляты, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, микрокристалды целлюлоза,
қабықтың құрамы: титанның қостотығы (Е 171), гипромеллоза (5 cps), гипромеллоза (15 cps), макрогол 4000, макрогол 6000, силикон майы (диметикон 500).
Сипаттамасы
500 мг/125 мг таблеткалар
Сопақша пішінді, бір жағында «А С» өрнегі мен сызығы бар және екінші жағы тегіс, ақтан ақшыл түске дейінгі қабықпен қапталған таблеткалар.
875 мг/125 мг таблеткалар
Сопақша пішінді, таблетканың бір жағында сызығы және екі жағында да «А С» өрнегі бар, ақтан ақшыл түске дейінгі қабықпен қапталған таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Бактерияға қарсы жүйелі пайдалануға арналған препараттар.
Бета-лактамаза тежегіштерімен біріктірілген пенициллиндер. Клавулан қышқылы + амоксициллин.
АТХ коды J01CR02
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Сіңуі
Амоксициллин мен клавуланат рН физиологиялық мәніндегі сулы ерітінділерде жақсы ериді, ішу арқылы қабылдағаннан кейін асқазан-ішек жолынан тез әрі толық сіңеді. Амоксициллин мен клавулан қышқылының сіңуі препаратты тамақтанудың басында қабылдаған жағдайда ұтымды. Препаратты ішке қабылдағаннан кейін биожетімділігі 70 % құрайды. Препараттың екі компоненттерінің де бейіндері ұқсас және плазмадағы жоғары шекті концентрациясына (Тmax) шамамен 1 сағаттан соң жетеді. Қан сарысуындағы амоксициллин мен клавулан қышқылының концентрациясы амоксициллин мен клавулан қышқылын бірге, әрі әр компонентті бөлек қолданған жағдайда да бірдей.
Таралуы
Амоксициллин мен клавулан қышқылының плазма ақуыздарымен байлансуы орташа: клавулан қышқылы үшін 25 % және амоксициллин үшін 18 %. Айқын таралу көлемі амоксициллин үшін 0,3-0,4 л/кг жуықты және клавулан үшін 0.2 л/кг жуықты құрайды.
К/і енгізгеннен кейін амоксициллин мен клавулан қышқылы емдік концентрацияларына әр түрлі ағзалар мен тіндерде, интерстициальді сұйықтықта (өкпеде, іш қуысы ағзаларында, өт қабында, май, сүйек және бұлшықет тіндерінде, плевралық, синовиальді және перитонеальді сұйықтықтарда, теріде, өтте, несепте, іріңді бөліністе, қақырықта) жетеді. Амоксициллин мен клавулан қышқылы іс жүзінде жұлын сұйықтығына өтпейді.
Амоксициллин, пенициллиндердің көпшілігі сияқты, емшек сүтімен бөлініп шығады. Клавулан қышқылының іздік мөлшерлері емшек сүтінен де табылған. Сенсибилизация қаупін қоспағанда, амоксициллин мен клавулан қышқылы емшек сүтімен қоректенетін сәбилердің денсаулығына теріс ықпалын тигізбейді. Амоксициллин мен клавулан қышқылы плацентарлық бөгет арқылы өтеді.
Метаболизмі
Амоксициллин қабылданған дозасының 10-25% мөлшеріне баламалы белсенді емес пенициллин қышқылы түрінде ішінара несеппен бөлініп шығады. Клавулан қышқылы организмде қарқынды метаболизмге ұшырайды және несеппен және нәжіспен, сондай-ақ деммен шығарылған ауа арқылы көмірқышқыл газы түрінде бөлінеді.
Элиминациясы
Амоксициллин, негізінен, бүйрекпен, ал клавулан қышқылы әрі бүйректік, әрі бүйректен тыс механизмдер арқылы шығарылады. 250 мг/125 мг немесе 500 мг/125 мг бір таблетканы ішке бір рет қабылдағаннан кейін алғашқы 6 сағат ішінде шамамен 60-70% амоксициллин мен 40-65% клавулан қышқылы өзгеріссіз күйде несеппен шығарылады.
Түрлі зерттеулер, несеппен шығарылуы 24 сағат ішінде амоксициллин үшін 50-85% және клавулан қышқылы үшін 27-60% құрайтынын растады. Клавулан қышқылына қатысты барынша көп мөлшері қабылдағаннан кейін бастапқы 2 сағат ішінде шығарылады.
Пробенецидті қатарлас қолдану амоксициллиннің бүйректік экскрециясын баяулатады, бірақ клавулан қышқылының бүйрекпен шығарылуын баяулатпайды.
Фармакодинамикасы
Аугментин® – бұл бета-лактамазаға төзімді, кең ауқымды бактерицидті әсер ететін, құрамында амоксициллин мен клавулан қышқылы бар біріктірілген антибиотик.
Амоксициллин – бұл көптеген грамоң және грамтеріс микроорганизмдерге қатысты белсенді, кең ауқымды әсері бар жартылай синтетикалық антибиотик (бета-лактамды).
Амоксициллиннің бактерицидті әсер ету механизмі бактериялардың жасушалық қабырғасы пептидогликандарының биосинтезін тежеуіне негізделеді, бұл жасушалардың лизисі мен қырылуына алып келеді.
Амоксициллин төзімді бактериялар өндіретін бета-лактамазаның ыдыратуына сезімтал, және сондықтан да тек бір ғана амоксициллиннің белсенділік ауқымына осы ферменттерді өндіретін микроорганизмдер кірмейді.
Клавулан қышқылы – бұл химиялық құрылымы жағынан пенициллиндерге жақын бета-лактамат, ол пенициллиндер мен цефалоспориндерге төзімділік танытатын микроорганизмдер бета-лактамазалары энзимдерінің белсенділігін жоятын қабілет иеленген, сол арқылы амоксициллин белсенділігінің жойылуын болдырмайды. Бета-лактамазаларды көптеген грамоң және грамтеріс бактериялар өндіреді. Клавулан қышқылы бактериялардың амоксициллинге сезімталдығын қалпына келтіріп, ферменттер әсерін бөгейді. Атап айтқанда, ол дәрілік төзімділігі солармен жиі байланысты болатын, бірақ 1 типті хромосомалық бета-лактамазаларға қатысты тиімділігі аз плазмидтік бета-лактамазаларға қатысты жоғары белсенділікке ие болады.
Аугментин® құрамында клавулан қышқылының болуы амоксициллинді бета-лактамазалардың ыдырататын әсерінен қорғайды және оның бактерияға қарсы белсенділік ауқымын кеңейтеді, оған әдетте басқа пенициллиндер мен цефалоспориндерге төзімді микроорганизмдер қосылады. Клавулан қышқылы монопрепарат түрінде клиникалық тұрғыдан бактерияға қарсы елеулі әсер етпейді.
Төзімділігінің даму механизмі
Аугментин® препаратына төзімділіктің 2 даму механизмі бар
- B, C, D кластарын қоса, клавулан қышқылының әсеріне сезімтал емес бактериялық бета-лактамазалар белсенділігінің жойылуы
- пенициллин-байланыстырушы ақуыз деформациясы, бұл антибиотиктің микроорганизмге қатысты аффинділігінің азаюына алып келеді
Бактериялар қабырғасының өткізгіш еместігі, сондай-ақ помпа механизмдері, әсіресе, грамтеріс микроорганизмдерде төзімділіктің дамуын туындатады немесе оған ықпал етеді.
Аугментин® мына микроорганизмдерге бактерицидті әсер көрсетеді:
Грамоң аэробтар: Bacillius anthracis,Enterococcus faecalis, Gardnerella vaginalis, Listeria monocytogenes, Nocardia asteroides, Staphylococcus aureus (метициллинге сезімтал), коагулаза-теріс стафилококктар (метициллинге сезімтал), Streptococcus agalactiae, Streptococcus pneumoniae1, Streptococcus pyogenes және басқа бета-гемолитикалық стрептококктар, Streptococcus viridans тобы,
Грамтеріс аэробтар: Actinobacillus actinomycetemcomitans, Capnocytophaga spp., Eikenella corrodens, Haemophilus influenzae, Moraxella catarrhalis, Neisseria gonorrhoeae, Pasteurella multocida
анаэробты микроорганизмдер: Bacteroides fragilis, Fusobacterium nucleatum, Prevotella spр.
Жүре пайда болған төзімділігі болуы мүмкін микроорганизмдер
Грамоң аэробтар: Enterococcus faecium*
Грамтеріс аэробтар: Escherichia coli, Klebsiella oxytoca, Klebsiella pneumoniae, Proteus mirabilis, Proteus vulgaris
Табиғи төзімділігі бар микроорганизмдер:
грамтеріс аэробтар: Acinetobacter species, Citrobacter freundii, Enterobacter species, Legionella pneumophila, Morganella morganii, Providencia species, Pseudomonas species, Serratia species, Stenotrophomonas maltophilia;
басқа да: Chlamydia trachomatis, Chlamydophila pneumoniae, Chlamydophila psittaci, Coxiella burnetti, Mycoplasma pneumoniae.
1 Пенициллиндерге төзімді Streptococcus pneumoniae штамдарын қоспағанда
* Жүре пайда болған төзімділігі болмаған кездегі табиғи сезімталдығы
Қолданылуы
- бактериялық жедел синуситте (диагнозы расталған жағдайда)
- ортаңғы құлақтың жедел қабынуында (жедел отитте)
- созылмалы бронхиттің өршуінде (диагнозы расталған жағдайда)
- ауруханадан тыс пневмонияда
- несеп-жыныс жолының инфекцияларында (цистит, пиелонефрит)
- тері мен жұмсақ тіндердің инфекцияларында (атап айтқанда, целлюлит, жәндіктердің шағуы, жақсүйек-бет аумағының жедел абсцесстері және флегмоналары)
- сүйектер мен буындардың инфекцияларында (атап айтқанда, остеомиелит)
Бактерияға қарсы дәрілерді тиісінше қолдану жөніндегі ресми ұсынымдарды назарға алу керек.
Қолдану тәсілі және дозалары
Аугментинге® сезімталдық географиялық орналасу орны мен уақытқа қарай құбылуы мүмкін. Препаратты тағайындар алдында нақты пациентте, әсіресе, ауыр инфекциялар жағдайында, мүмкіндігінше, жергілікті деректермен сәйкес штамдар сезімталдығын бағалап, үлгілерді жинау және талдау арқылы сезімталдықты анықтау қажет.
Аугментин® препаратын амоксициллинге сезімтал микроорганизмдер туғызған инфекцияларды, әрі бета-лактамазаларды өндіретін амоксициллинге және клавуланатқа сезімтал штамдар туғызған аралас инфекцияларды емдеу үшін қолдануға болады.
Дозалау режимі жас шамасына, дене салмағына, бүйрек функциясына, инфекциялық агенттерге, сондай-ақ инфекцияның ауырлық дәрежесіне қарай, әркімге жеке белгіленеді.
Асқазан-ішек жолына әлеуетті әсер ету қаупін төмендету үшін Аугментинді® оның барынша сіңірілуі үшін ас іше бастағанда тамақпен бірге қабылдау ұсынылады. Ем жүргізу уақыты пациенттің жүргізілген емге жауап беруіне байланысты. Кейбір патологиялар (атап айтқанда, остеомиелит) курстың ұзаққа созылуын талап етеді. Емдеуді науқастың жай-күйінің қайта бағалануынсыз 14 күннен артық жалғастыруға болмайды. Қажет болса, сатылы ем жүргізуге болады (препаратты бастапқыда көктамыр ішіне енгізіп, артынан ішу арқылы қабылдауға көшу).
Ересектер мен 12 жастан асқан немесе дене салмағы 40 кг-ден көп балалар
Инфекцияның жеңіл және орташа ауыр ағымы (стандартты доза) |
тәулігіне 2-3 рет 500 мг/125 мг 1 таблетка немесе тәулігіне 2 рет 875 мг/125 мг 1 таблетка |
Ауыр инфекциялар (отит, синусит, төменгі тыныс жолдарының инфекциялары, несеп-жыныс жолының инфекциялары) |
тәулігіне 3 рет 500 мг/125 мг 1-2 таблетка немесе тәулігіне 2 немесе 3 рет 875 мг/125 мг 1 таблетка |
500 мг/125 мг дозадағы таблеткаларды қолданатын ересектер мен 12 жастан асқан балалар үшін ең жоғары тәуліктік доза 1500 мг амоксициллин/375 мг клавулан қышқылын құрайды. 875 мг/125 мг дозадағы таблеткалар үшін ең жоғары тәуліктік дозасы 1750 мг амоксициллин/250 мг клавулан қышқылына (күніне 2 рет қабылдағанда) немесе 2625 мг амоксициллин/375 мг клавулан қышқылына (күніне 3 рет қабылдағанда) тең.
12 жастан кіші немесе дене салмағы 40 кг-ден аз балалар
Бұл дәрілік түр 12 жастан кіші балаларға немесе дене салмағы 40 кг-ден аз балаларға арналмаған. Мұндай балаларға Аугментин® ішке қабылдауға арналған суспензия түрінде тағайындалады.
Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттер
Дозаларын түзету амоксициллиннің ұсынылатын ең жоғары дозасы мен креатинин клиренсі мәніне негізделген.
Ересектер
Креатинин клиренсі |
Аугментин® препаратын дозалау режимі |
>30 мл/мин |
Дозасын түзету қажет емес |
10-30 мл/мин |
тәулігіне 2 рет 500 мг/125 мг 1 таблетка |
< 10 мл/мин |
тәулігіне 1 рет 500 мг/125 мг 1 таблетка |
875 мг/125 мг дозадағы таблеткалар креатинин клиренсі >30 мл/мин пациенттерде ғана қолданылу керек. Гемодиализдегі пациенттер
Дозаларын түзету амоксициллиннің ұсынылатын ең жоғары дозасына негізделген.
Ересектер: әр 24 сағат сайын 500 мг/125 мг 1 таблетка. Қосымша, диализ сеансы кезінде 1 дозасы және тағы бір дозасы диализ сеансы соңында тағайындалады (амоксициллин мен клавулан қышқылының сарысудағы концентрацияларының төмендеуінің орнын толтыру үшін).
875 мг/125 мг дозадағы таблеткаларды креатинин клиренсі >30 мл/мин пациенттерде ғана қолдану керек.
Бауыр функциясы бұзылған пациенттер
Емдеуді сақтықпен жүргізеді; бауыр функциясына ұдайы мониторинг жасалады.
Егде жастағы пациенттер
Аугментин® дозасын азайту керек емес; дозалары ересектердегідей. Бүйрек функциясының бұзылулары бар егде жастағы пациенттерде дозасын жоғарыда көрсетілуі бойынша бүйрек функциясы бұзылған ересектердегідей түзету керек.
Жағымсыз әсерлері
Клиникалық зерттеулер мен маркетингтен кейінгі кезеңде байқалған жағымсыз әсерлері төменде берілген және анатомиялық-физиологиялық жіктемесі мен кездесу жиілігіне байланысты атап келтірілген.
Кездесу жиілігі төмендегіше белгіленеді: өте жиі (≥1/10), жиі (≥1/100 және <1/10), жиі емес (≥1/1 000 және <1/100), сирек (≥1/10 000 және <1/1 000), өте сирек (<1/10 000, жекелеген жағдайларды қоса), белгісіз (жиілігін қолда бар мәліметтердің негізінде бағалау мүмкін емес).
Жиі
- тері және шырышты қабықтардың кандидозы
- жүрек айнуы, құсу, диарея
Жүрек айнуы препараттың жоғары дозаларын қолданған кезде жиі кездеседі. Біліну дәрежесін төмендету үшін суспензияны ас ішудің басында қабылдау ұсынылады.
Жиі емес
- бас айналуы, бас ауыруы
- диспепсия
- бауырдың АЛТ/АСТ ферменттері деңгейінің орташа жоғарылауы
- тері бөртпесі, қышыну, есекжем
Сирек
- қайтымды лейкопения (нейтропенияны қоса)
- тромбоцитопения
- мультиформалы эритема
Өте сирек
- антибиотикпен астасқан колит (жалғанжарғақшалы және геморрагиялық түрін қоса)
- қара түкті тіл (тілдің жіп тәрізді бүртіктерінің созылмалы гиперплазиясы)
- тіс эмалі түсінің беткейлік қайтымды өзгерісі (щеткамен тазалаған кезде оңай кетеді). Ауыз қуысы гигиенасының сақталуы тіс эмалі түсінің өзгеруін болдырмауға көмектеседі.
Белгісіз
- сезімтал емес организмдердің жылдам көбеюі
- қайтымды агранулоцитоз
- гемолитикалық анемия
- қан кету уақытының және протромбин уақыты индексінің артуы
- ангионевроздық ісіну, анафилаксия
- сарысу құю ауруына ұқсас синдром
- аллергиялық васкулит
- белсенділіктің қайтымды жоғарылауы
- құрысулар
- гепатит, холестаздық сарғаю
- Стивенс-Джонсон синдромы
- уытты эпидермальді некролиз
- эксфолиативті буллёздік дерматит, жедел жайылған экзантематозды пустулёз. Аталған симптомдар дамыған жағдайда препарат тоқтатылуы тиіс
- интерстициальді нефрит, кристаллурия
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- пенициллиндерге немесе препараттың кез келген компонентіне белгілі аса жоғары сезімталдық
- басқа бета-лактамды антибиотиктерге (цефалоспориндерге, карбапенемдерге, монобактамдарға) белгілі аса жоғары сезімталдық
- амоксициллин/клавулан қышқылы біріктірілімін қабылдау аясында дамыған сарғаю немесе бауыр функциясының бұзылуы
- 12 жастан кіші балалар немесе дене салмағы 40 кг-ден аз балалар
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Аугментин® препаратын пробеницидпен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды. Пробеницид амоксициллиннің өзекшелік сөлінісін төмендетеді, сондықтан да Аугментин® мен пробеницидті бір мезгілде қолдану қандағы амоксициллин деңгейінің оқшау жоғарылауына алып келеді.
Аллопуринол мен Аугментин® препаратын бір мезгілде қолдану аллергиялық реакциялардың туындау қаупін арттыруы мүмкін. Қазіргі уақытта Аугментин® мен аллопуринолды бір мезгілде қолдану жөнінде деректер жоқ.
Аугментин® ішек флорасына әсер етеді және эстрогендердің кері сіңуінің азаюына және біріктірілген оральді контрацептивтер тиімділігінің төмендеуіне алып келеді.
Аугментин® мен антикоагулянттарды бір мезгілде қолданғанда (аценокумарол мен варфарин) протромбин уақытының ұзару жағдайлары анықталды, қажет болса, Аугментин® дозасын түзете отырып, тиісінше мониторинг жасаған жөн.
Пенициллиндер метотрексаттың шығарылуын азайтуы мүмкін, бұл оның уыттылығының әлеуетті жоғарылау қаупін төндіреді.
Микофенолат мофетилді қабылдап жүрген пациенттерде Аугментин® препаратымен бірге қолданғанда бастапқы дозасын тағайындаған кездегі микофенол қышқылының белсенді метаболитінің концентрациясы шамамен 50%-ға төмендейді. Бастапқы дозасының концентрациясы деңгейінің өзгеруі микофенол қышқылының жиынтық экспозициясы өзгерістеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Алайда микофенолат мофетилді Аугментинмен бір мезгілде немесе антибиотикті қабылдағаннан кейін бірден қабылдайтын пациенттерге клиникалық қадағалау ұсынылады.
Айрықша нұсқаулар
Аугментин® препаратымен емдеуді бастар алдында пенициллиндерге, цефалоспориндерге немесе басқа бета-лактамды антибиотиктерге аса жоғары сезімталдықтың алдыңғы реакцияларына қатысты толық сыртартқы жинақтау қажет.
Осының алдында пенициллиндерге аса жоғары сезімталдығы жиі анықталған пациенттерде пенициллиндерге аса жоғары сезімталдықтың күрделі, ал кейде өлімге ұшырататын реакциялары (анафилактикалық шок) сипатталған. Аллергиялық реакция туындаған жағдайда Аугментин® препаратымен емдеуді тоқтатып, баламалы емді бастау қажет. Аса жоғары сезімталдықтың күрделі реакциялары дамыған кезде пациентке дереу адреналин енгізу керек. Оксигенотерапия, стероидтарды көктамыр ішіне енгізу және, интубацияны қоса, тыныс жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз ету қажет болады.
Аугментин® препаратын инфекциялық мононуклеоздан күдіктенгенде тағайындауға болмайды, өйткені осындай ауруы бар пациенттерде амоксициллин тері бөртпесін тудыруы мүмкін, бұл ауру диагностикасын қиындатады.
Аугментин® препаратымен ұзақ уақыт емделу оған сезімтал емес микроорганизмдердің шамадан тыс көбеюімен қатар жүреді.
Антибиотиктерді қолдану аясында ауырлығы жеңілден ауыр дәрежеге дейін ауытқып тұратын, пациенттердің өміріне қауіп төндіретін жалған жарғақшалы колит дамыған жағдайлар анықталды. Осылайша, антибиотиктер қабылдаған кезде немесе емдеу курсы аяқталғаннан кейін диареясы бар пациенттерде осы патологияның дамуы мүмкін екенін ескеру қажет. Ұзаққа созылатын немесе елеулі диарея дамыған жағдайда, іш аумағында түйілу болғанда, Аугментин® препаратымен емдеу дереу тоқтатылуы тиіс және пациенттер ары қарай тексеруге жолдануы тиіс.
Жалпы алғанда, Аугментин® жақсы көтерімді және барлық пенициллиндерге тән төмен уыттылыққа ие. Аугментин® препаратымен ұзақ уақыт емделгенде бүйрек, бауыр, қан түзу ағзаларының функциясын мезгіл-мезгіл бағалап отыру ұсынылады.
Аугментин® препаратын қабылдап жүрген пациенттерде аракідік протромбин уақытының ұзаруы байқалады, сондықтан Аугментин® мен антикоагулянттарды бір мезгілде қолданғанда, қажет жағдайда, антикоагулянт дозасын азайту мүмкіндігімен тиісінше мониторинг жасау қажет.
Аугментин® бауыр функциясы бұзылған пациенттерде сақтықпен қолданылуы керек. Бауырдың зақымдану белгілері мен симптомдары әдетте емдеу басталғаннан кейін бірден немесе емделу кезінде білінеді, бірақ кейбір жағдайларда емді тоқтатқаннан кейін бірнеше апта бойы көрініс бермеуі мүмкін. Әдетте, олар қайтымды. Бауырдың бұзылулары өте күрделі болуы мүмкін, және сирек жағдайларда өліммен аяқталғаны туралы хабарланған. Үнемі дерлік олар негізгі күрделі ауруы бар немесе бауырға әлеуетті әсер ететіні белгілі препараттарды бір мезгілде қабылдаған пациенттерде тіркелді.
Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде препарат дозасы аурудың ауырлығына сай түзетілуі тиіс.
Препаратты бүйрек функциясы төмендеген пациенттерге тағайындағанда немесе жоғары дозаларын пайдаланғанда құрысулар дамуы мүмкін. Диурезі төмендеген пациенттерде сирек жағдайларда кристаллурия туындауы мүмкін. Амоксициллиннің жоғары дозаларын енгізу кезінде амоксициллин кристалдарының түзілу ықтималдығын азайту үшін, жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішу және талапқа сай диурезді сақтау ұсынылады. Катетері бар пациенттерде олардың жай-күйін тұрақты түрде бағалап отыру қажет.
Аллопуринол мен амоксициллинді бірге қолдану терінің аллергиялық реакцияларының даму ықтималдығын арттырады.
Амоксициллинмен емделу кезінде несептегі глюкоза мөлшерін анықтау үшін глюкозаны ферментті тотықтыру әдістерін пайдалану қажет, өйткені ферментті емес әдістер жалған оң нәтижелердің алынуына әкелуі мүмкін.
Аугментин® құрамында клавулан қышқылының болуы IgG мен альбуминдердің эритроциттер жарғақшасымен спецификалық емес байланысуына себеп болады, бұл жалған оң Кумбс реакциясына алып келеді.
Жүктілік және лактация кезеңі
Аугментин® препаратын дәрігердің пікірі бойынша қажет деп табылған жағдайларды қоспағанда, жүктілік кезінде қолдану ұсынылмайды.
Аугментин® препаратын бала емізу кезінде тағайындауға болады. Ана сүтіне енетін препараттың іздік мөлшерлерімен байланысты сенсибилизацияның даму қаупін қоспағанда, емшек еміп жүрген балалардағы қолайсыз әсерлері анықталмаған.
Әйелдерде ұрық қабының мерзімінен бұрын жыртылуы мен мерзімінен бұрын босанулар кезінде амоксициллин мен клавуланат біріктірілімімен профилактикалық емдеу жаңа туған нәрестелерде некроздаушы энтероколиттің даму қаупінің артуымен астасты.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Деректер жоқ; дегенмен, жағымсыз реакциялардың (бас айналуы, құрысулар) дамуы мүмкіндігіне байланысты, сақтық таныту қажет.
Артық дозалануы
Симптомдары: асқазан-ішек бұзылыстары және су-электролиттік теңгерімнің бұзылулары болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда бүйрек жеткіліксіздігінің дамуына алып келетін амоксициллин кристаллуриясы сипатталған.
Препаратты бүйрек функциясы төмендеген пациенттерге тағайындағанда немесе жоғары дозаларын пайдаланғанда құрысулар дамуы мүмкін. Әсіресе, жоғары дозаларын көктамыр ішіне енгізу арқылы тағайындағаннан кейін, қуық катетерлерінде амоксициллин шөгуі мүмкін.
Емі: симптоматикалық ем жүргізу, су-электролит теңгерімін түзету. Аугментин® қаннан гемодиализдің көмегімен шығарылады.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Қабықпен қапталған 500 мг/125 мг және 875 мг/125 мг таблеткалар.
7 таблеткадан поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салады.
1 пішінді қаптамадан алюминий фольгадан жасалған пакетке салынады.
2 пакеттен медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салады.
Сақтау шарттары
25 ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
СмитКляйн Бичем Лимитед, Ұлыбритания
(Clarendon Road, Worthing, West Sussex, BN 14 8QH, United Kingdom).
Тіркеу куәлігінің иесі
СмитКляйн Бичем Лимитед, Ұлыбритания
(980 Great West Road, Brentford, Middlesex, TW89GS, United Kingdom).
Аугментин ГлаксоСмитКляйн компаниялар тобының тіркелген сауда белгісі болып табылады
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
Қазақстандағы ГлаксоСмит Кляйн Экспорт Лтд өкілдігі,
050059, Алматы қ., Фурманов к-сі, 273
Телефон нөмірі: +7 727 258 28 92, +7 727 259 09 96
Факс нөмірі: +7 727 258 28 90
Электронды поштасы: kaz.med@gsk.com
Медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтың жаңартылған нұсқасын www.dari.kz сайтынан қараңыз