Атропина сульфат (Раствор для инъекций)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Атропин сульфаты
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Инъекцияға арналған 1мг/мл, 1мл ерітінді
Құрамы
1 мл ерітіндінің құрамында
белсенді зат – 1,0 мг атропин сульфаты бар,
қосымша заттар: 0,1 М хлорсутек қышқылы, инъекцияға арналған су.
Сипаттамасы
Мөлдір түссіз сұйықтық
Фармакотерапиялық тобы
Ішектің функционалдық бұзылыстарын емдеуге арналған препараттар. Белладонна және оның туындылары. Белладонна алкалоидтары, үштік аминдер. Атропин.
АТХ коды А03В А01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Көктамыр ішіне енгізген кезде ең жоғары әсері 2-4 минуттан соң білінеді. Қан плазмасы ақуыздарымен 18% байланысады. Бауырда метаболизденеді. Гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтеді, іздік мөлшерлерде емшек сүтінен табылады. Бүйрекпен дозаның 50%-ы өзгермеген күйде шығарылады.
Фармакодинамикасы
Холинолитикалық дәрі. Белладонна алкалоиды тегіс бұлшықеттердің, жүрек бұлшықетінің, синоатриальді және атриовентрикулярлы түйіндердің, эндокринді бездердің және орталық жүйке жүйесінің м-холинорецепторларын бөгейді.
Дозаға тәуелді антихолинергиялық әсерлер көрсетеді:
- аз дозаларда – сілекей және бронх бездерінің сөлінісін, тер бөлінуін, көз аккомодациясын тежейді, қарашықтарды кеңейтеді, көзішілік қысымды және жүректің жиырылу жиілігін жоғарылатады;
- үлкен дозаларда – асқазан-ішек жолының (өт шығару жолдарын және өт қабын қоса), несеп шығару жолдарының және бронхтардың тегіс бұлшықеттерінің жиырылу қабілетін төмендетеді, асқазан сөлінісін бәсеңдетеді, орталық жүйке жүйесін қоздырады.
Орталық антихолинергиялық әсерінің арқасында, Паркинсон ауруында треморды жоюға қабілетті. Уытты дозаларда қозу, ажитация, елестеулер, коматозды жағдайды туындатады. Атропин кезбе жүйке тонусын азайтады, бұл артериялық қысым болымсыз өзгергенде жүректің жиырылу жиілігінің жоғарылауына және Гис шоғыры өткізгіштігінің артуына әкеп соқтырады. Емдік дозаларда шеткергі тамырларға елеулі ықпалын тигізбейді, артық дозаланғанда вазодилатация байқалады. Холиномиметикалық және антихолинэстеразалық заттармен уланғанда тиімді у қайтарғы болып саналады.
Қолданылуы
- асқазанның және 12 елі ішектің ойық жаралы ауруында, ішек түйілулерінде, жедел панкреатитте, асқазан-ішек жолына рентгенологиялық зерттеу жүргізу үшін (ағзалардың тонусын және қозғалыс белсенділігін азайту)
- пилороспазм
- өт-тас ауруы, холецистит
- бронх демікпесі
- кезбе жүйке тонусының көтерілуі салдарынан болатын брадикардия
- сілекей, асқазан, бронх, кейде тер бездері сөлінісінің азаюы.
Препарат наркоз және операция жасар алдында және хирургиялық операция кезінде бронх және ларинг түйілулерін болдырмайтын, бездер сөлінісін, рефлекторлы реакцияларды және кезбе жүйке қозуынан болатын жағымсыз әсерлерді азайтатын дәрі ретінде де қолданылады. Ол өз алдына, Атропин сульфаты – холиномиметикалық қосылымдармен және антихолинэстеразалық (соның ішінде фосфорорганикалық) заттармен уланулар кезіндегі спецификалық у қайтарғы.
Қолдану тәсілі және дозалары
Атропин сульфаты тері астына, бұлшықет ішіне, көктамыр ішіне енгізіліп, ішке қабылданады. Холиномиметиктермен және антихолинэстеразалық заттармен уланғанда атропинді холинэстераза реактиваторларымен бірге пайдалану есебінен осы уыттануларды у қайтарғымен емдеу сызбаларын жетекшілікке алып, Атропин сульфатының 0,1% ерітіндісін көктамыр ішіне енгізеді.
Препарат ересектерге тамақтануға дейін немесе одан кейін 1 сағат өткенде ішу үшін 0,1% ерітіндіні 4-13 тамшыдан күніне 1-2 рет қабылдауға тағайындалады. 0,5-1 мл 0,1% ерітіндіден тері астына, бұлшықет ішіне және көктамыр ішіне енгізіледі.
Ересектер үшін ішуге арналған және теріастылық жоғары дозалары: бір реттік – 0,001 г, тәуліктік – 0,003 г. Балалар алғашқы 3 айлығында атропинге ерекше сезімтал. Атропин балаларға 1 кг дене салмағына есептелген мынадай бір реттік дозаларда тағайындалады: жаңа туған нәрестелер және емшек еметін сәбилер – 0,018 мг (0,018 мл 0,1% ерітінді); 1-ден 5 жасқа дейінгілер – 0,016 мг (0,016 мл 0,1% ерітінді); 6-дан 10 жасқа дейінгілер – 0,014 мг (0,014 мл 0,1% ерітінді); 11-ден 14 жасқа дейінгілер – 0,012 мг (0,012 мл 0,1% ерітінді). Емдеу курсының ұзақтығын дәрігер белгілейді.
Жағымсыз әсерлері
Жиі
- ауыздың, мұрынның және/немесе терінің құрғауы
- тердің аз бөлінуі
- мидриаз, аккомодацияның салдануы
- тахикардия
- ішек және несеп шығару жолдарының атониясы, іш қату
- бас ауыру, бас айналу, психикалық және қозғалыстық қозу, есте сақтау қабілетінің төмендеуі (егде жастағы емделушілерде)
Сирек
- аллергиялық реакциялар
- ортостатикалық гипотензия
- көз қысымының көтерілуі
- несеп шығарудың қиындауы, несеп іркілісі
- ұйқышылдық
- жүрек айну, құсу
- жанаспалы сезінудің нашарлауы
- елестеулер
Қолдануға болмайтын жағдайлар
-
аса жоғары сезімталдық
-
жабық бұрышты глаукома (көзішілік қысымның көтерілуіне әкелетін мидриаздық әсер жедел ұстаманы туғызуы мүмкін)
-
тахиаритмиялар
-
ауыр сипатты іркілісті жүрек жеткіліксіздігі
-
ишемиялық жүрек ауруы
-
митральді стеноз
-
рефлюкс-эзофагит
-
диафрагмалық өңеш тесігінің жарығы
-
асқазан қақпасының стенозы (моторика мен тонус төмендеп, асқазан ішіндегісінің өтпеуіне және іркілуіне әкелуі мүмкін)
-
бауыр жеткіліксіздігі
-
бүйрек жеткіліксіздігі
-
ішек атониясы
-
ішектің обструкциялық аурулары
-
салданған илеус
-
уытты мегаколон
-
спецификалық емес ойық жаралы колит
-
ксеростомия (ұзақ уақыт қолдану сілекей бөлінісінің әріқарай төмендеуін тудырады)
-
миастения (ацетилхолин әсерін тежеу салдарынан жағдай нашарлауы мүмкін)
-
несеп іркілісі немесе оған бейімділік немесе несеп шығару жолдарының тарылуымен қатар жүретін аурулар (соның ішінде қуық мойынының қуық асты безі гипертрофиясы салдарынан тарылуы)
-
Даун ауруы
-
балалардың церебральді салдануы (антихолинергиялық дәріге реакция күшейеді)
-
жүктілік және лактация кезеңі.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Атропин сульфатын моноаминоксидаза тежегіштерімен қолданғанда жүрек аритмиялары пайда болады, хинидинмен, новокаинамидпен холинолитикалық әсер жиынтығы байқалады. Інжугүл препараттарымен, танинмен бірге ішке қабылдағанда әсерлердің өзара әлсіреуіне әкелетін физикалық-химиялық өзара әрекеттесуі байқалады.
Айрықша нұсқаулар
Тегіс бұлшықеттер түйілуінен болатын ауыруларда препарат көбіне анальгетиктермен (промедол, морфин, анальгин және т.б.) енгізіледі. Айқын гипертермиясы, ашық бұрышты глаукомасы, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, артериялық гипертензиясы, созылмалы өкпе ауруы, жедел қан жоғалтуы, гипертиреозы бар жасы ұлғайған емделушілерге препарат ерекше сақтықпен тағайындалады.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Емделу кезеңінде автокөлік жүргізгенде және жоғары зейін шоғырландыруды және психомоторлық реакциялар жеделдігін талап ететін қауіптілігі зор қызмет түрлерімен шұғылданғанда сақтық шарасын қадағалау қажет.
Артық дозалануы
Артық дозалану жағдайларында – барынша айқын жағымсыз әсері.
Емі: белгілеріне қарай.
Шығарылу түрі және қаптамасы
1 мл препараттан шыны ампулаларға құйылады.
10 ампуладан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен және скарификатормен немесе керамикалық кескіш дискімен бірге картон пәшкеге cалынады.
Ампулада сындыру сақинасы немесе сындыру нүктесі болса, скарификатор немесе керамикалық кескіш диск пәшкеге салынбайды.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде, 15°С-ден 25°С-ге дейінгі температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
5 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«ДЗМҰО» тәжірибе зауыты» ЖШҚ.
Украина, Харьков қ-сы, Воробьев к-і, 8.
Тіркеу куәлігінің иесі
«ДЗМҰО» тәжірибе зауыты» ЖШҚ.
Украина, Харьков қ-сы, Воробьев к-і, 8.
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы
Мекенжайы: «ДЗМҰО» тәжірибе зауыты» ЖШҚ
Украина, Харьков қ-сы, Воробьев к-і, 8.
Телефон: 752-30-17
Факс: 752-30-17
Электронды пошта: phoenix@gncls.com
Қазақстан Республикасы аумағындағы сенімді өкілі
Мекенжайы: «КФК Медсервис Плюс» ЖШС
050004, Қазақстан Республикасы, Алматы қ.,
Мәметова к-сі, 54
Телефон/факс: (727) 279 98 21
Электронды пошта: pharmanadzor@medservice.kz
Аударған:
Серғазы Г.М.
26.07.2013.