Асталин (аэрозоль для ингаляций)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Асталин
Халықаралық патенттелмеген атауы
Сальбутамол
Дәрілік түрі
Ингаляцияға арналған дозаланған аэрозоль, 100 мкг/доза
Құрамы
Бір дозаның құрамында
белсенді зат - 100 мкг сальбутамолға баламалы сальбутамол сульфаты
қосымша зат - тетрафторэтан.
Сипаттамасы
Өнім аты, серия нөмірі, контейнер нөмірі жазулы пластмасса негізіндегі клапанмен жабдықталған алюминий контейнер. Көзбен тексеріп қарауда жаншылу немесе ағу секілді физикалық зақымданулары болмауы тиіс. Контейнердің ішінде ақ түсті гомогенді суспензия бар.
Фармакотерапиялық тобы
Тыныс алу жолдарының обструктивті ауруларын емдеуге арналған препараттар. Ингаляциялық симпатомиметиктер. Іріктелген бета2- адреномиметиктер. Сальбутамол.
АТХ коды R03АC02
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Ингаляциялық енгізуден кейін дозаның 10%-дан 20%-ға дейінгісі тыныс жолдарына түседі. Қалған бөлігі құрылғыда қалады немесе ауызжұтқыншаққа шөгеді, содан кейін жұтылады. Тыныс жолдарында қалатын дозаның бөлігі өкпе тіндеріне сіңеді, өкпеде өзі метаболизмге ұшырамай, қан ағысына түседі. Қан плазмасында ең жоғары концентрациясы – 30 нг/мл. Жүйелік қан ағысына түскен кезде ол бауырда метаболизденеді. Асқазан-ішек жолына түсетін дозаның бөлігі сіңеді және бауыр арқылы алғаш өту кезінде қарқынды метаболизмге ұшырап, фенольді сульфатқа айналады. Сальбутамолдың плазма ақуыздарымен байланысу дәрежесі 10% құрайды. Плаценталық бөгет арқылы өтеді. Жартылай шығарылу кезеңі – 3,7-5 сағат. Ішке немесе ингаляциялық түрде енгізілген сальбутамол дозасының көп бөлігі 72 сағат ішінде шығарылады. Көбіне несеппен бірге 60-90%-ы өзгермеген күйінде немесе 60% фенольді сульфат түрінде және өтпен бірге 4%-ы шығарылады.
Фармакодинамикасы
Асталин - β2-адренорецепторларға (соның ішінде, бронхтарда, миометрийде, қан тамырларда орналасқан) көбірек әсері бар бета-адреномиметик. Бронх түйілуінің алдын алады және басады, тыныс жолдарындағы кедергіні төмендетеді, өкпенің тіршілік сыйымдылығын ұлғайтады. Жуан жасушалардан гистаминнің, баяу жауап беретін субстанциялардың және нейтрофильдер хемотаксисі факторларының бөлінуін болдырмайды.
Бұл топтың басқа препараттарымен салыстырғанда миокардқа оң хроно- және инотроптық әсерінің айқындығы азырақ. Коронарлық артериялардың кеңеюін туғызады, артериялық қысымды іс жүзінде түсірмейді. Асталиннің әсер ету мерзімі қысқа (4-тен 6 сағатқа дейін) және жылдам әсер етеді (қолданған сәттен соң 5 минут ішінде).
Қолданылуы
- тыныс жолдарының қайтымды обструкциясымен қатар жүретін өкпенің созылмалы обструкциялық ауруында (ӨСОА) тұншығу ұстамаларын басуда және бронх түйілуінің алдын алуда
- дене жүктемелеріне тәуелді демікпесі бар емделушілердегі дене жаттығуларының алдында болатын тұншығу ұстамаларының алдын алуда
Қолдану тәсілі және дозасы
Асталин аэрозолі тек ингаляция үшін қолданылады. Басым емделушілерде сальбутамолдың әсер ету ұзақтығы 4-6 сағат. Ішке дем алумен ингалятордан дәріні босатуды үйлестіре алмайтын тұлғалар аэрозольдағы Асталинді спейсер немесе ингаляциялық камера түріндегі құрылғы көмегімен қолдана алады.
Жедел тұншығу ұстамаларын басу және бронх түйілуін алдын алу
Ересектер: 100 мкг-дан 200 мкг дейін Асталин (1-2 ингаляция) бір рет.
4 жастан бастап балаларға: 100 мкг бір рет. Қажет болған жағдайда дозаны 200 мкг (2 ингаляция) дейін ұлғайтуға болады.
Тұншығу ұстамаларының алдын алу
Ересектер: дене жүктемесінің алдында 10-15 мин бұрын екі ингаляция қабылдау қажет (2 рет 100 мкг Асталин).
4 жастан бастап балаларға: дене жүктемесінің алдында 100 мкг қабылдау керек. Қажет болған жағдайда дозаны 200 мкг дейін ұлғайтуға болады.
Ұзақ уақыттық демеуші ем
Ересектер және 4 жастан бастап балаларға 100-200 мкг препаратты тәулігіне 4 рет. Емдеу ұзақтығын емдеуші дәрігер анықтайды.
Асталиннің тәуліктік дозасы 800 мкг (8 ингаляция) аспауы тиіс.
Ингаляторды пайдалану бойынша нұсқаулық
Егер ингалятор суық болса, препараттың әсері төмендеуі мүмкін. Баллон суып қалған жағдайда, оны пластик корпусынан шығарып алып, бірнеше минут бойы қолмен жылыту керек. Баллонды бос болғанның өзінде бөлшектеуге, тесуге және отқа тастауға болмайды.
Ингалятордың дұрыс жұмыс істеуін тексеру
Мүштектен қақпақты абайлап шешіп, ингаляторды қатты сілку және препараттың екі дозасын ауаға бүрку керек. Егер ингалятор бірнеше күн бойы пайдаланылмаған болса, жақсылап сілкіп және оның дұрыс жұмыс істейтініне көз жеткізу үшін препараттың бір дозасын ауаға бүрку керек.
Ингаляторды қолдану
1. Ингалятор мүштегінен қорғаныш қалпақшасын алып тастайды. Мүштектің таза, құрғақ екендігін тексеріңіз.
2. Ингаляторды қатты сілкіңіз.
3. Бас бармақты мүштектен төмен негізге қойып, ингаляторды бас бармақ және сұқ саусақтардың арасына тігінен орналастырады.
4. Терең дем шығару (бар мүмкіндігінше) керек. Сосын мүштекті тістердің арасына салып (оны тістемей), ерінмен тығыз ұстап тұрады.
5. Ауыз арқылы терең дем алу керек. Терең дем алуды жалғастыра отырып, ингалятордың үстіңгі жағынан басу керек.
6. Демді кідіртіп, ингаляторды ауыздан шығарып, ингалятордың үстіңгі жағынан сұқ саусақты алады. Демді мүмкіндігінше, ұзақ ұстауды жалғастыру керек.
7. Егер ингаляцияны жалғастыру қажет болса, ингаляторды тік ұстап, шамамен жарты минуттай күте тұрған жөн, сонан соң сатыларды 2-ден 6-ға дейін қайталайды. Ингаляциядан кейін мүштекке шаңнан қорғайтын қалпақша кигізеді.
Назар аударыңыз
4, 5 және 6 тармақтарда көрсетілген әрекеттерді орындағанда асықпаңыз. Ингаляторды қалыпты, терең дем ала бастағанда басу маңызды. Ингаляцияның дұрыс атқарылғанына сенімді болу үшін әуелі дәріні қолдану тәсілін айна алдында байқап көру қажет. Ингаляциялау кезінде пайда болатын ингалятордан, еріннен немесе мұрыннан байқалатын «түтін» ингаляция техникасының дұрыс болмағанын көрсетеді, сондықтан қайтадан, 2 тармақтан бастап ингаляторды қолдануға жаттығу керек.
Дәріні тек дәрігердің тағайындауымен қолданып, препаратты қабылдаумен байланысты кез келген қиындық туралы дәрігерді хабардар ету қажет.
Ингаляторды тазалау
Ингаляторды аптасына кемінде бір рет тазалау керек.
1. Металл контейнерді ингалятордың пластик корпусынан шығарады және мүштектің қақпақшасын алып тастайды. |
2. Бүріккішті жылы ағынды сумен жуып-шаяды. |
3. Бүріккішті сыртынан және ішінен мұқият кептіреді. |
4. Мүштектің контейнері мен қақпағын қайта орнына салу керек. МЕТАЛЛ КОНТЕЙНЕРДІ СУҒА БАТЫРМАҢЫЗ |
Жағымсыз әсерлері
Жиі
-
тремор, бас ауыруы, бас айналуы
-
қозғыштықтың жоғарылауы, үрейлену, ұйқының бұзылуы, ұйқысыздық
Жиі емес
-
ауыз қуысы мен жұтқыншақтың шырышты қабығының тітіркенуі
-
пальпитация
-
бұлшықет құрысулары
-
жүрек жиырылуы жиілігінің болымсыз компенсаторлық ұлғаюы, артериялық қан қысымының жоғарылауы
Сирек
-
жүрек айнуы, құсу, диспепсия
-
гипокалиемия, қандағы глюкоза концентрациясының ұлғаюы (ұзақ емдеуде)
-
шеткергі тамырлардың кеңеюі (бет терісінің гиперемиясы)
-
жыпылықтағыш аритмияны, суправентрикулярлы тахикардия және экстрасистолияны қоса алғандағы жүрек ырғағы бұзылуы
Өте сирек
-
есекжем, эритема, Квинке ісінуі, ангионевротикалық ісіну, мұрынның бітуі, бронх түйілуін қоса алғандағы аса жоғары сезімталдық реакциялары
-
гипотония, коллапс
-
парадоксальді бронх түйілуі
-
қозу, балаларда қозғалыстың жоғары белсенділігі
-
миокардиальді ишемия
-
кеуде қуысында ауыру сезімінің пайда болуы және жайсыздық, артралгия
Қолдануға болмайтын жағдайлар
-
препарат құрамына кіретін қандай да бір компонентіне аса жоғары сезімталдық
-
селективті емес бета-адреноблокаторларды бір мезгілде қабылдау
-
ырғақтың бұзылуы (пароксизмальді тахикардия, политопты қарыншалық экстрасистолия), тахиаритмия
-
миокардит, жүрек ақаулары, қолқа стенозы, жүректің ишемиялық ауруында, жүрек жеткіліксіздігі, артериялық гипертензия
-
гипертиреоз, феохромоцитома
-
декомпенсацияланған қант диабеті
-
глаукома
-
эпилепсиялық ұстамалар
-
пилородуоденальді тарылу
-
бүйрек немесе бауыр жеткіліксіздігі
-
жүктілік
-
4- жасқа дейінгі балалар
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Асталинмен бір мезгілде қабылдағанда теофиллин және басқа ксантиндер тахиаритмияның; ингаляциялық анестезияға арналған дәрілер, леводопа – ауыр қарыншалық аритмияның даму ықтималдығын арттырады.
Сальбутамолды пропранолол сияқты b-адренорецепторлардың селективті емес блокаторларымен бірге қолдану ұсынылмайды.
Ксантин туындыларын, гликокортикостероидтарды, диуретиктерді бір мезгілде қолданғанда гипокалиемия күшеюі мүмкін.
Галогенделген көмірсутекті анестетиктердің, мысалы галотанның, фторотанның, трихлорэтиленнің немесе энфлуранның ингаляциясы миокардты Асталин әсеріне сенсибилизациялайды, бұл аритмияның дамуына ықпал етеді.
Асталин орталық жүйке жүйесі көтермелегіштерінің, қалқанша без гормондары препараттарының кардитроптық әсерін күшейтеді. Бір мезгілде жүрек гликозидтерімен бірге қабылданғанда экстрасистолияның дамуы мүмкін және гликозидтік уланудың даму қаупі жоғарылайды.
Асталин гипотензивтік препараттардың, нитраттардың тиімділігін төмендетеді. Моноаминоксидаза (МАО) тежегіштері мен үшциклдық антидепрессанттар Асталиннің әсерін күшейтеді және артериялық қан қысымының күрт төмендеуіне алып келуі мүмкін.
Ксантин туындыларын, глюкокортикостероидтарды, диуретиктерді бір мезгілде қолдану нәтижесінде гипокалиемия күшеюі мүмкін.
Антихолинэнергиялық дәрілермен (оның ішінде, ингаляциялық) бір мезгілде тағайындау көзішілік қан қысымының артуына ықпал етуі мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
Демікпені емдеу әдетте сатылы жүргізіледі, бұл орайда емделушінің реакциясын клиникалық тұрғыда және өкпенің функционалдық тестілері бойынша бақылау керек. Ең жоғары дозаларды жиі қолдануды қажетсіну ауру ағымының нашарлап кеткенін айғақтайды.
Жай-күй кенеттен және үдемелі нашарлап кеткенде глюкокортикостероидтар дозасын тағайындау немесе арттыру туралы мәселені шешкен жөн.
Бронходилататорлар демікпенің ауыр немесе тұрақты емес түрлері бар емделушілерді емдеу үшін жалғыз немесе негізгі емдеу тәсілі болмау керек. Ауыр түрдегі демікпемен ауыратын емделушілер ауыр ұстамалар даму қаупіне немесе тіпті өліммен аяқталатын жағдайларға бейім болғандықтан өкпенің функционалдық қызметін тексеруді қоса, ұдайы медициналық бақылауды талап етеді. Дәрігерлер аталған топ емделушілеріне арналған ингаляциялық жолмен және/немесе ішке қабылданатын кортикостероидтардың ең жоғары ұсынылатын дозасын мұқият бағалаулары керек.
Егер Асталиннің әдеттегі дозасы әсерінің тиімділігі аз болса немесе ұзаққа жетпесе (препараттың әсері кем дегенде 3 сағат сақталуға тиіс), клиникалық жағдайды қайта бағалауға тура келеді.
Емделушілер олардың бұрын қолданған ингаляторларымен салыстырғанда Асталинмен ингаляциядан кейін дәм сезу өзгерістері болу мүмкіндігі туралы алдын ала хабардар болуы тиіс.
Асталинді қоса, симпатомиметикалық дәрілер жүрек-қан тамырлары жүйесіне әсер етуі мүмкін.
Сальбутамол қабылдауға байланысты миокардиалды ишемия туындауының сирек жағдайлары туралы бірнеше мәліметтер бар.
Асталинді қабылдайтын ауыр жүрек ауруларына бейім емделушілер (жүректің ишемиялық ауруы, аритмия немесе жедел жүрек жеткіліксіздігі) кеуде қуысында ауыру немесе жүрек ауруларының нашарлауынан хабар беретін басқа да белгілер пайда болғанда дәрігерге қаралу керектігі туралы ескертілуі тиіс. Әсіресе ентігу және кеудедегі ауыру сияқты белгілерге ерекше мән беру керек.
Препаратты құрысу бұзылыстары, гипертиреоз және қант диабеті бар емделушілерде абайлап қолданады.
β2-адренорецепторлардың агонистерімен емдеу, әсіресе олар парентеральді немесе небулайзердің көмегімен енгізілгенде гипокалиемияға әкелуі мүмкін. Бронх демікпесінің ауыр ұстамаларын емдегенде ерекше сақтық таныту ұсынылады, өйткені мұндай жағдайларда ксантин туындыларының, глюкокортикостероидтардың, диуретиктердің бір мезгілде қолданылуының нәтижесінде, сондай-ақ гипоксияның салдарынан гипокалиемия күшейіп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайларда қан сарысуындағы калий деңгейін бақылау қажет.
Асталин ингаляциясынан кейін жоғары сезімталдылықтың жедел типті реакциясы туындауы мүмкін, оны есекжем, ангионевротикалық ісіну, бөртпе, бронх түйілуі, анафилаксия және ауызжұтқыншақ ісінуі дәлелдейді.
Парадоксальді бронх түйілуі пайда болғанда басқа фармакологиялық топтағы жылдам әсер ететін ингаляциялық бронходилататордың көмегімен оны шұғыл басу талап етіледі. Асталинмен емдеуді дереу тоқтатып, емделуші ахуалын бағалап, жүргізіліп жатқан емді түзету керек.
Ұсынылған дозадан аспау керек!
Асталинді кезекті қабылдауды өткізіп алған жағдайдағы әрекет
Препараттың өткізіп алынған дозасын қабылдап (екі еселенген дозаны қабылдамау керек), сосын ұсынылған дозалау сызбасына сай емделуді жалғастырады.
Педиатрияда қолданылуы
Асталиннің 4 жасқа дейінгі балаларда жанама әсерлері жиі болуынан, препаратты 4 жасқа дейінгі балаларда қолдануға болмайды
Жүктілік және лактация кезеңі
Препаратты жүктілік және лактация кезеңінде қабылдау, ана үшін күтілетін пайда ұрық немесе нәресте үшін қауіптен асып түссе ғана мақұлданады.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Емдеу кезінде жоғары назар аударуды және психомоторлық реакциялардың жылдамдығын қажет ететін қауіптілігі зор қызмет түрлерімен айналыспаған жөн.
Артық дозалануы
Симптомдары: жүрек айнуы, құсу, жоғары қозғыштық, мазасыздық, жоғары белсенділік, бас ауруы, бас айналуы, тремор, гипокалиемия, артериялық қан қысымының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы (тахикардия).
Емі: препаратты тоқтату, кардиоселективті бета-адреноблокаторлар, симптоматикалық ем. Алайда β-адренорецепторлар блокаторларын сыртартқысында бронх түйілуі ұстамасы болған емделушілерге сақтықпен қолдану керек.
Шығарылу түрі және қаптамасы
200 дозадан дозалайтын клапанмен және бүріккіш қондырмамен жабдықталған алюминий контейнерге салынған.
1 контейнерден медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынады.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде, 30 оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Мұздатып қатыруға болмайды!
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Cipla Ltd.» (Ципла Лтд.), Үндістан
Plot № L-139 to L-146 Verna Industrial Estate, Verna Goa, India
Учаскесі № L-139 - L-146, Верна Индастриал Эстейт, Верна Гоа, Үндістан
Тіркеу куәлігінің иесі
«Cipla Ltd.» (Ципла Лтд.), Үндістан
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
«Авицена – Лтд» ЖШС, Алматы қ-сы, Жангелдин к-сі, 31, 416 кеңсе
Тел./факс: (727) 278 59 20, 278 59 21, 278 59 67
e-mail: reg@avitsena.kz