Амитрипсан (25 мг)

МНН: Амитриптилин
Производитель: Химфарм АО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Amitriptyline
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020147
Период регистрации: 28.08.2015 - 28.08.2020
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 4.54 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Амитрипсан

Халықаралық патенттелмеген атауы

Амитриптилин

Дәрілік түрі

Қабықпен қапталған таблеткалар, 25 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 28.400 мг амитриптилин гидрохлориді

(құрамының 100% шаққанда 25.000 мг амитриптилинге баламалы),

қосымша заттар: лактоза моногидраты, микрокристалды целлюлоза, натрий кaрмеллозасы, кросповидон, кальций стеараты,

қабықтың құрамы: гипромеллоза (гидроксипропилметилцеллюлоза), полисорбат 80, титанның қостотығы (E 171), вазелин майы, триацетин, бояғыш Понсо 4R (Е 124).

Сипаттамасы

Екі беті дөңес ашық-қызғылттан қызғылт түске дейінгі қабықпен қапталған таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Психоаналептиктер. Антидепрессанттар. Моноаминдерді кері қармайтын селективті емес тежегіштер. Амитриптилин

ATХ коды N06AA09

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ішу арқылы қабылдағаннан кейін амитриптилин асқазан-ішек жолынан тез сіңіп, шамамен 6 сағат ішінде жоғары шекті плазмалық концентрациясына жетеді.

Қан плазмасы ақуыздарымен 95% жуық байланысады, бүкіл организмде кеңінен таралады.

Белсенді екі метаболиттің (нортриптилин, 10-гидрокси-амитриптилин) түзілуімен гидроксилдену және глюкурон қышқылымен коньюгациялану арқылы бауырда қарқынды биотрансформацияға ұшырайды.

Гистогематикалық бөгеттер арқылы оңай өтеді, емшек сүтімен бөлініп шығады.

Қан плазмасынан амитриптилиннің жартылай шығарылу кезеңі 9-25 сағат құрайды.

Метаболиттер түрінде бүйрекпен шығарылады.

Депрессияға қарсы әсері 2-3 апта ішінде дамиды.Фармакодинамикасы

Амитриптилин – моноаминдерді нейрондық қармайтын таңдамалы емес тежегіштер тобына жататын үш циклды антидепрессант. Айқын тимолептиктік және тыныштандыратын әсері бар.

Амитриптилиннің депрессияға қарсы әсер ету механизмі орталық жүйке жүйесіндегі катехоламиндер (норадреналин, дофамин) мен серотонинді кері нейрондық қармауды бәсеңдетумен байланысты.

Амитриптилин орталық жүйке жүйесіндегі және шеткергілердегі мускариндік холинергиялық рецепторлар антагонисі болып табылады, антигистаминдік (Н1) және a1-адренолитиктік қасиеттер иеленген. Невралгияға қарсы (орталық анальгетикалық), ойық жараға қарсы және булимияға қарсы әсерлер туғызады. Қуықтың тегіс бұлшықеттер тонусының төмендеуіне, оның сыйымдылығының ұлғаюына және қуық сфинктер тонусының жоғарылауына ықпал етеді.

Қолданылуы

- биполярлық аффектілі бұзылыс, рекуррентті депрессиялық бұзылыс және органикалық аффектілі бұзылыс сияқты аффектілі бұзылыстардың барлық типтеріндегі психоздық белгілері бар немесе оларсыз ауырлығы жеңіл, орташа және ауыр дәрежедегі депрессиялық фазаларда

- бұрын реактивті және невроздық депрессиялар ретінде анықталған депрессияларда: дистимиялар, аралас үрейлі-депрессиялық бұзылыс, қатты стресс туғызған реакция ретінде туындайтын немесе дағдылану бұзылысының көрінісі болып табылатын депрессиялық бұзылыстарда

- түнгі энурезде (қуықтың органикалық патологиясы мен гипотониясы болмағанда)

Қолдану тәсілі және дозалары

Препарат қатаң түрде дәрігердің тағайындауымен ішке қолданылады.

Емдеу төмен дозадан басталып, клиникалық жауапқа және жекеше көтерімділігіне қарай біртіндеп арттырылуы тиіс. Амитрипсан тең дозалар (тәулігіне 2-4 рет) немесе ұйықтататын әсерінің ескерілуімен, әдетте, кешкілік, ұйықтар алдында қабылданатын бір реттік доза түрінде қабылданады.

Шығу тегі әртүрлі депрессиялар

Ересектер

Бастапқы доза

Бастапқы тәуліктік дозасы бірнеше қабылдауға бөлінген немесе кешкілік, дұрысы, ұйықтар алдында бір реттік доза түрінде қабылданатын 75 мг құрайды. Сосын дозаны емдік әсеріне жеткенше біртіндеп арттырады, амбулаторлық емделу кезінде қолданылатын ең жоғары дозасы тәулігіне 150 мг құрайды.

Демеуші доза

Депрессия қайталануларын болдырмау үшін демеуші ем үш немесе одан да көп ай ішінде жүргізілуі тиіс. Әдеттегі демеуші дозасы күніне 50-100 мг құрайды. Жалпы дозасын, дұрысы, кешкілік немесе ұйықтар алдында бір реттік доза түрінде беруге болады. Оң әсеріне жеткенде дозалануы емделушінің қанағаттанарлық жай-күйін сақтап тұратын ең төменіне дейін азайтылады.

Тыныштандыратын әсері, әдетте, мейлінше тез дамиды, сонымен қатар, депрессияға қарсы әсері ем басталған соң 1-4 апта ішінде басталуы мүмкін.

Ұсынылатын емдеу мерзімі 3-6 ай құрайды.

Егде жастағы емделушілер (65 жастан асқан)

Егде жастағы емделушілерге төменірек дозалары ұсынылады, өйткені олар жағымсыз әсерлердің, әсіресе, сананың шатасуы, агитация, ортостатикалық гипотензияның дамуына бейім болып келеді.

Емдеуді препараттың тәулігіне 25-тен 75 мг дейінгі дозасынан бастау керек. Қажетті дозасын бөлінген дозалар түрінде немесе бір реттік доза түрінде, дұрысы, кешкілік немесе ұйықтар алдында енгізген жөн.

Жағымсыз әсерлердің жоғары даму қаупін ескеріп, Амитрипсан дозасын дәрігерлік бақылаумен абайлап арттыру керек.

Тәуліктік 50 мг дозасын жоғары дозаларды көтере алмайтын егде жастағы емделушілерде қолдануға болады.

Балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер

Препарат клиникалық тәжірибенің болмауына орай, балалардағы депрессияны емдеуге ұсынылмайды.

Балалардағы түнгі энурезді емдеу

Энурезді емдеуде 6-10 жастағы балалар күніне 10-20 мг, 11-16 жастағылар күніне 25-50 мг препарат алуына болады.

Емдеу курсы 3 айдан көп болмауы тиіс.

Жағымсыз әсерлері

- бас айналу, бас ауыру

- ашушаңдық, мазасыздық, үрейлену, фобиялар

- ұйқысыздық, ұйқышылдық, шым-шытырық түстер көру

- сананың шатасуы, зейін шоғырландырудың бұзылуы, бағдардан жаңылу, елестеулер, психомоторлық қозу, психоз

- гипомания немесе мания (препаратты тоқтатудан кейінгі алғашқы аптада)

- тремор, дискинезиялар, атаксия, қозғалыс үйлесімінің бұзылуы, құрысулар,

экстрапирамидалық бұзылыстар

- электроэнцефалограммадағы патологиялық өзгерістер

- дизартрия, құлақтағы шуыл

- аяқтардың ұйып қалуы, шаншуы және парестезиялары, шеткергі нейропатия

- шаршау сезімі, әлсіздік

- анық көрмеу, аккомодацияның бұзылуы, қарашықтардың ұлғаюы, көзішілік қысымның көтерілуі

- артериялық гипотензия және гипертензия

- ортостатикалық гипотония, естен тану

- тахикардия, жүректің соғуы, жүрек ырғағының және өткізгіштігінің (АВ-блокадасы) бұзылуы, электрокардиограммадағы спецификалық емес өзгерістері, миокард инфарктісі, инсульт

- ауыздың кеберсуі

- тәбеттің болмауы, жүрек айну, құсу, эпигастрийдің ауыруы, диарея

- стоматит, тілдің қараюы, ауыздан шығатын жағымсыз иіс, дәм сезудің өзгеруі, құлақ маңы безінің ісінуі

- бауыр трансаминазалары деңгейінің жоғарылауы, гепатит, холестаздық сарғаю

- іш қатулар, салданған ішек бітелісі

- несеп шығару іркілісі (негізінен ерлерде), поллакиурия

- аталық бездің ісінуі, жыныс функциясының бұзылуы, либидо бұзылуы, импотенция

- гинекомастия, галакторея

- антидиуретикалық гормон секрециясының бұзылуы

- тәбеттің артуы және денеге салмақ қосу (препарат қабылдауға реакция ретінде), гипо- немесе гипергликемия, дене салмағының кемуі

- гипертермия, қатты терлеу

- аллопеция

- бет және тілдің ісінуі

- тері бөртпесі, есекжем, фотосенсибилизация

- агранулоцитозбен, лейкопениямен, эозинофилиямен, тромбоцитопениямен, геморрагиялық пурпурамен көрініс беретін сүйек кемігі функциясының бәсеңдеуі

- тоқтату синдромы (жүрек айну, бас ауыру, дімкәстану)

Амитриптилинмен емделу кезінде немесе емді тоқтатқаннан кейін суицидтік ойлар немесе мінез-құлық жағдайлары жөнінде хабарламалар бар.

Негізінен 50 жастан асқан және одан жоғары емделушілерде жүргізілген эпидемиологиялық зерттеулер серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштер мен үш циклды антидепрессанттарды бір мезгілде алатын емделушілерде сүйек сынуларының қаупі жоғары екенін көрсетеді.

Осы қауіпке апаратын механизм түсініксіз.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- амитриптилинге немесе препараттың қосымша заттарының кез келгеніне жоғары сезімталдық

- ишемиялық жүрек ауруы, таяуда өткерген миокард инфарктісі

- жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуы, іркілісті жүрек жеткіліксіздігі

- маниакальді психоз

- бауырдың ауыр жеткіліксіздігі

- порфирия

- глаукома

- эпилепсия

- МАО тежегіштерімен қатарлас емдеу (МАО тежегіштерін амитриптилинмен емдеу басталғанша кемінде 14 күн бұрын қабылдаудан алып тастау қажет)

- салданған ішек бітелісі, пилоростеноз

- жүктілік және лактация кезеңі

- депрессияны емдеу үшін балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге

- түнгі энурезді емдеу үшін 6 жасқа дейінгі балаларға

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Амитриптилин нейролептиктер, тыныштандыратын және ұйықтататын дәрілер сияқты препараттардың, құрысуға қарсы препараттардың, анальгетиктердің, наркозға арналған дәрілердің, алкогольдің ОЖЖ-не бәсеңдету әсерін күшейтеді; басқа антидепрессанттармен өзара әрекеттескенде синергизм танытады.

Нейролептиктер

Қарыншалық аритмиялардың даму қаупі жоғары болуы мүмкін.

Пимозид немесе тиоридазинді бір мезгілде тағайындауға болмайды, өйткені амитриптилин тиоридазиннің плазмалық деңгейлерін арттыруы мүмкін, бұл жүрек-қантамырлық жағымсыз әсерлердің даму қаупін арттырады.

Нейролептиктермен пайдалану үш циклды антидепрессанттардың плазмалық концентрацияларын және фенотиазиннің, мүмкін, клозапиннің антихолинергиялық жағымсыз әсерлерін арттыруы мүмкін.

Анестетиктер

Амитриптилинмен қатарлас емдеу аритмиялар мен гипотензияның даму қаупін арттыруы мүмкін.

Операциялық араласу қажет болғанда анестезиолог емделушінің қазіргі уақытта амитриптилин қабылдап жүргені жөнінде хабарлануы тиіс.

Эпилепсияға қарсы дәрілер

Эпилепсияға қарсы дәрілермен бір мезгілде қолдану құрысу шегінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Амитриптилиннің депрессияға қарсы әсерін барбитураттар мен карбамазепин азайтуы, ал метилфенидат арттыруы мүмкін.

Моноаминоксидаза тежегіштері

Моноаминоксидаза тежегіштері амитриптилин сияқты үш циклды антидепрессанттар әсерін күшейтуі мүмкін. Гипертермиялық криздер, ауыр құрысу ұстамалары дамыған, өліммен аяқталған жағдайлар тіркелген.

Амитриптилинді МАО тежегіштерін тоқтатудан кейін 2 апта өткен соң ғана тағайындауға болады.

Серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштер (СКҚСТ)

Кейбір үш циклды антидепрессанттардың плазмалық концентрациялары бір мезгілде СКҚСТ қабылдағанда ұлғаяды.

Флуоксетин үш циклды антидепрессанттар қатарының метаболизміне қатысатын Р450 II D6 цитохромын тежейді.

Флуоксетин бір мезгілде тағайындалғанда амитриптилиннің плазмалық деңгейлерін бақылау қажет.

Антихолинергиялық препараттар

Антихолинергиялық препараттармен бірге қолданғанда, әсіресе, егде жастағы емделушілерде несеп іркілісі, глаукома ұстамасы, ішек бітелісі сияқты антихолинергиялық жағымсыз әсерлердің күшеюі мүмкін.

Дисульфирам

Амитриптилинді дисульфираммен және ацетальдегидрогеназаның өзге тежегіштерімен бірге қолдану делирийге түрткі болуы мүмкін.

Миорелаксанттар

Баклофенмен қатарлас пайдалану оның миорелаксантты әсерін арттырады.

Антигистаминдік препараттар

Антигистаминдік препараттар тағайындау амитриптилиннің антихолинергиялық және тыныштандыратын әсерін арттыруы мүмкін.

Қарыншалық аритмияның жоғары даму қаупіне орай, терфенадинді бір мезгілде қолданбау керек.

Симпатомиметиктер

Амитриптилин адреналин, эфедрин, изопреналин, норадреналин, фенилэфрин, фенилпропаноламин сияқты симпатомиметикалық дәрілердің гипертензиялық әсерлерін әлеуеттендіреді, бұл аритмиялар, тахикардия, артериялық гипертензияның даму қаупін арттырады.

Аритмияға қарсы препараттар

Амиодарон, дизопирамид, прокаинамид, пропафенон және хинидинді қоса, QT аралығын ұзартатын препараттармен бір мезгілде тағайындағанда қарыншалық аритмияның жоғары даму қаупі бар. Осыған орай, дәрілік заттардың осы біріктірілімінен аулақ болу керек.

Гуанетидин, клофелин

Амитриптилин гуанетидин, клофелиннің гипертензияға қарсы әсерін азайтуы мүмкін. Үш циклды антидепрессанттар қабылдау кезінде гипертензияға қарсы препараттармен емді қайта қарау қажет.

Бактерияға қарсы препараттар

Рифампицин қабылдау кейбір үш циклды антидепрессанттардың плазмалық концентрацияларын, соған сәйкес, олардың депрессияға қарсы әсерін азайтады.

Линезолидпен бірге пайдалану орталық жүйке жүйесінің қозуына және артериялық гипертензияның дамуына әкелуі мүмкін.

Зеңге қарсы препараттар

Флуконазолмен бір мезгілде қабылдағанда қан сарысуындағы амитриптилин концентрациясы артуы мүмкін, сонымен байланысты күрделі жағымсыз әсерлері тіркелген.

Бета-блокаторлар

Бір мезгілде соталол пайдаланумен байланысты қарыншалық аритмияның даму қаупі жоғары болады.

Кальций өзектерінің блокаторлары

Дилтиазем мен верапамил амитриптилиннің плазмалық концентрациясын арттыруы мүмкін.

Нитраттар

Нитраттардың тіл астына салатын түрінің әсері төмендеуі мүмкін (ауыздың кеберсуі салдарынан).

Диуретиктер

Ортостатикалық гипотензияның жоғары даму қаупі байқалады.

Альфа-2-адреномиметиктер

Апраклонидин мен бримонидинді бір мезгілде пайдалану ұсынылмайды.

Ішуге арналған құрамында эстроген бар контрацептивтер

Ішуге арналған контрацептивтер амитриптилиннің депрессияға қарсы әсерін азайтады, бірақ препараттың жағымсыз әсерлері оның қан плазмасындағы концентрациясының ұлғаюы есебінен артуы мүмкін.

Циметидин

Циметидинмен бір мезгілде қабылдағанда уытты әсерлерінің даму қаупімен қан плазмасындағы амитриптилин концентрациясы жоғарылауы мүмкін.

Сибутрамин

ОЖЖ жоғары уыттану қаупіне орай, сибутраминмен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.

Шайқурай Шайқурай қан плазмасындағы амитриптилин деңгейін төмендетуі мүмкін.

Протеаза тежегіштері

Протеаза тежегіші - ритонавир амитриптилиннің плазмалық концентрацияларын арттыруы мүмкін.

Осыған орай, бұл препараттар бір мезгілде тағайындалғанда емдік және жағымсыз әсерлеріне мұқият мониторинг жасау қажет.

Айрықша нұсқаулар

Амитрипсанды мына жай-күйлерде тағайындау ұсынылмайды: ишемиялық жүрек ауруы, жүрек жеткіліксіздігі, қуық асты безінің гипертрофиясы, несеп шығару іркілісі, патологиялық қан өзгерістері, бауыр функциясының бұзылуы.

Амитрипсан тәулігіне 150 мг-ден жоғары дозаларда құрысу белсенділігінің шегін төмендетеді, сондықтан осыған бейім науқастарда құрысу ұстамаларының пайда болу мүмкіндігін ескеру керек.

Амитрипсан қабылдау кезінде алкогольді ішімдіктер ішуге тыйым салынады!

Амитрипсан қабылдау кезеңінде артериялық қысымды өлшеу, ЭКГ, жалпы қан талдауын, функционалдық бауыр сынамаларын мезгіл-мезгіл тексеруден өткізу мақсатқа сай.

Егде жастағы емделушілер

Амитрипсанмен егде жаста емдеу, делириозды бұзылыстар, гипомания, ортостатикалық гипотензия мен басқа да жағымсыз әсерлердің даму қаупін болдырмау үшін препараттың ең төмен дозаларын қолданып және оларды біртіндеп арттырып, дәрігердің тиянақты бақылауымен жүргізілуі тиіс.

Шизофрения

Шизофрениямен байланысты депрессиялық бұзылыстарды емдегенде Амитрипсан психоздық симптомдарды өршітуі мүмкін. Маниакальді-депрессиялық синдромның депрессиялық фазасындағы емделушілер маниакальді сатыға өтуі мүмкін.

Суицидтік әрекеттер/суицидтік ойлар

Депрессия суицидтік ойлар мен суицид әрекеттерінің пайда болу қаупінің артуымен байланысты. Қауіп тұрақты ремиссия басталғанша сақталады. Емделудің алғашқы немесе одан көп аптасында жай-күйдің жақсаруы байқалмауы мүмкін, сондықтан емделушілер жақсару белгілері білінгенше дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Жалпы клиникалық деректерге сәйкес, суицид қатері қалпына келу кезеңінің бастапқы сатысында арта түседі.

Амитрипсан тағайындалатын өзге психикалық жай-күйлер суицид қатерінің артуымен байланысты болуы да мүмкін. Сондықтан басқа психикалық бұзылыстары бар емделушілерді емдеу кезінде негізгі депрессиялық бұзылыстар кезіндегідей сол сақтандыру шаралары қадағалануы тиіс, нақтысы, емделушілер қатаң дәрігерлік бақылауда болуы тиіс.

Сыртартқысында суицид әрекеті орын алған немесе Амитрипсан қолдану басталғанша суицидтік ойларға берілу ықтималдығының дәрежесі жоғары емделушілер емделу кезеңінде мұқият қадағалауда болуы тиіс, өйткені оларда суицидтік ойлар немесе суицид әрекеттерінің пайда болу қаупі зор. Емделушілерге (әрі оларды күтіп-бағушылар) бақылаудың қажеттілігі және клиникалық нашарлау мүмкіндігі, ал суицидтік мінез-құлық әлде ойлар немесе болмысында әдеттен тыс өзгерістер пайда болғанда дереу дәрігерге қаралу керектігі ескертілуі тиіс.

Хирургиялық араласулар

Хирургиялық араласулар жоспарланғанда Амитрипсан операцияға дейін бірнеше күн бұрын тоқтатылуы тиіс. Егер операцияның кідіріссіз жасалуы тиіс болса, анестезиолог-дәрігерді Амитрипсан қабылдап жүргені жайында хабарландыру қажет.

Электрошок емі

Амитрипсанмен емделу кезінде, сол ем түрімен байланысты асқынулардың дамуы мүмкін екенін ескеріп, электрошок емін жүргізу ұсынылмайды.

Тоқтату синдромы

Ұзақ уақыт емделгенде, әсіресе, жоғары дозаларда, препаратты кенет тоқтатқанда бас ауырумен, жүрек айнумен, құсумен, диареямен, ашушаңдықпен, әдеттен тыс жарқын түстер көру болатын ұйқының бұзылуымен, қатты қозумен көрініс беретін «тоқтату» синдромы дамуы мүмкін.

Қосымша заттар

Құрамында лактозаның бар болуына орай, препарат тұқым қуалайтын лактоза көтере алмаушылығы, Lapp-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар емделушілерге ұсынылмайды.

Педиатрияда қолдану

Препарат, клиникалық тәжірибенің болмауына орай, балалардағы депрессияны емдеуге ұсынылмайды.

Амитрипсанмен балалардағы энурезді емдегенде препараттың жағымсыз әсерлері сирек кездеседі, өйткені терапияда төменірек дозалары пайдаланылады. Ұйқышылдық пен антихолинергиялық әсерлері ең жиі кездеседі.

Түнгі энурезді емдегенде үш циклды антидепрессанттар алатын балаларда мінез-құлық өзгерістері байқалады, осыған орай, препараттың ұсынылатын дозасы асырылмауы тиіс.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Амитрипсан қабылдау кезінде көлік құралдарын жүргізуге, механизмдер мен жоғары зейін шоғырландыруды талап ететін басқа жұмыс түрлерінің қызметін көрсетуге рұқсат етілмейді.

Артық дозалануы

Симптомдары: ауыздың кеберсуі, ұйқышылдық, бағдардан жаңылу, сананың шатасуы, комаға дейін түсіретін сананың көмескіленуі, қарашықтардың ұлғаюы, гипертермия, ентігу, дизартрия, қозу, елестеулер, құрысу ұстамалары, дискинезиялар, құсу, аритмия, артериялық гипотензия, жүрек жеткіліксіздігі, тыныстың тарылуы, метаболизмдік ацидоз.

Емі: Амитрипсанмен емдеуді тоқтату, асқазанды шаю, адсорбцияланған көмір қабылдау, сұйықтық инфузиясы, ½-2 сағат сайын көктамыр ішіне 1-3 мг физостигмин енгізу (физостигмин тыныстың тарылуы, эпилепсия ұстамалары, ауыр гипотензиясы, айқын аритмиясы бар комадағы науқастарға ғана қолданылу керек); құрысу синдромы дамуында – көктамыр ішіне диазепам енгізу; симптоматикалық ем, АҚ және су-электролит теңгерімін сақтау. 5 күн бойы жүрек-қантамыр қызметіне мониторинг (ЭКГ) жасау көрсетілген, өйткені қайталануы 48 сағаттан соң және кешірек болуы мүмкін. Гемодиализ және жеделдетілген диурездің тиімділігі аз.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан.

Медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдерінде бекітілген нұсқаулықпен бірге пішінді ұяшықты 1 немесе 5 қаптамадан картон қорапшаға салады.

Медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықтан алынған ақпаратты қорапшаға түсіруге болады.

Қорапшалар картон қораптарға салынады.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы

Шымкент қ., Рашидов к-сі, 81

Тіркеу куәлігінің иесі

«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«Химфарм» АҚ, Шымкент қ., Қазақстан Республикасы,

Рашидов к-сі, 81

Телефон нөмірі 7252 (561342)

Факс нөмірі 7252 (561342)

Электронды поштасы infomed@santo.kz

 

Прикрепленные файлы

418450951477976374_ru.doc 85.5 кб
095363401477977565_kz.doc 153.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники