Аминазин® (таблетки, 50 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Аминазин®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Хлорпромазин
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған 25 мг, 50 мг, 100 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат: хлорпромазин гидрохлориді 100% затқа шаққанда – 25 мг, 50 мг немесе 100 мг
Қосымша заттар: картоп крахмалы, микрокристалды целлюлоза, лактоза моногидраты, коповидон, натрий кроскармеллозасы, магний стеараты
қабықтың құрамы:
25 мг дозасы үшін – Опадрай II 85F38209: ішінара гидролизденген поливинил спирті, макрогол-3350, тальк, титанның қостотығы Е 171, бояғыш темірдің сары тотығы Е 172;
50 мг дозасы үшін – Опадрай II 85F240048: ішінара гидролизденген поливинил спирті, макрогол-3350, тальк, титанның қостотығы Е 171, бояғыш темірдің қызыл тотығы Е 172, бояғыш темірдің сары тотығы Е 172, бояғыш темірдің қара тотығы Е 172;
100 мг дозасы үшін – Опадрай II 85F25509: ішінара гидролизденген поливинил спирті, макрогол-3350, тальк, бояғыш темірдің қызыл тотығы Е 172, бояғыш темірдің қара тотығы Е 172, бояғыш темірдің сары тотығы Е 172.
Сипаттамасы
Дөңгелек, екі жағы дөңес, сарғыш реңді ақ түсті (25 мг дозасы үшін), қоңыр-қызғылт түсті (50 мг дозасы үшін), қызғылт-қоңырдан қоңыр түске дейінгі (100 мг дозасы үшін) үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар. Көлденең қимасында ядросы ақ немесе ақ дерлік түсті.
Фармакотерапиялық тобы
Жүйке жүйесі. Психолептиктер. Антипсихотиктер. Алифаттық бүйірлі тізбегі бар фенотиазиндер. Хлорпромазин
АТХ коды N05AA01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Хлорпромазин ішке қабылдаған кезде жақсы әрі жылдам сіңеді. Ішке қабылдағаннан кейінгі биожетімділігі – 50%. 90%-дан астамы қан плазмасы ақуыздарымен байланысады, сондықтан іс жүзінде гемодиализге ұшырамайды. Қан айналу жүйесінен тез шығарылады және әртүрлі ағзаларда жиналуы біркелкі емес. Гематоэнцефалдық бөгет арқылы оңай өтеді, мұндайда оның мидағы концентрациясы плазмадағы концентрациядан асып кетеді. Қан плазмасындағы хлорпромазиннің және оның метаболиттерінің концентрациялары мен емдік әсері арасында тікелей өзара байланыс жоқ. Бауырдан "алғаш өту" әсері бар, онда препарат тотығу (30%), гидроксилдену (30%) және дезаметилдену (20%) нәтижесінде қарқынды түрде метаболизденеді. Глюкурон қышқылымен байланысу жолымен, немесе әрі қарай тотығып, белсенді емес сульфоксидтер түзе отырып, белсенділігін төмендету арқылы тотыққан гидроксилденген метаболиттер фармакологиялық белсенділікке ие. Бүйрек және өт арқылы шығарылады. Дозаның 1-6%-ы несеппен бірге өзгермеген күйінде бөлініп шығады. Хлорпромазиннің жартылай шығарылу кезеңі (Т1/2) орта есеппен 30 сағатты құрайды. Тәулігіне қабылданған дозаның 20%-ға жуығы шығарылады. Емдеуді тоқтатқаннан хлорпромазин метаболиттерінің қалдық іздерін 12 айдан соң және одан да кейінірек несептен табуға болады.
Фармакодинамикасы
Хлорпромазин фенотиазиннің диметиламинді туындысы болып табылады. Хлорпромазиннің емдік әсерлерінің нақты механизмі белгісіз екеніне қарамастан, оның негізгі әсері психоздық симптомдардың төмендеуіне әкелетін нейролептикалық әсер болып табылады. Хлорпромазин тыныштандыратын және құсуға қарсы әсер көрсетеді. Альфа-адренорецепторларды бөгейді және әлсіз антихолинергиялық әсері білінеді. Хлорпромазин дофамин антагонисіне жатады және пролактиннің босап шығуын стимуляциялайды. Хлорпромазин серотониндік рецепторларды бөгейді және әлсіз антигистаминдік қасиетке ие. Ол жылу реттеу орталығын бәсеңдетеді, бұл қоршаған орта температурасының дене температурасын түзетуіне организмнің қарсылығын бұзады.
Қолданылуы
- жедел және созылмалы, әсіресе параноидальді психоздық бұзылыстар, шизофрения, маниакальді бұзылыстар, органикалық психоздар және басқалар кезінде.
- үрейлі бұзылыстар кезіндегі психомоторлық қозу (ажитация)
- озбырлықпен қатар жүретін және пациент үшін әрі айналадағылар үшін әлеуетті қауіпті мінез-құлық бұзылыстары
- балалардағы шизофрения, аутизм
- гипотермия индукциясы
- ұдайы ықылық ату
- ауыр аурулардың терминальді сатыларындағы басылмайтын жүрек айну және құсу.
Қолдану тәсілі және дозалары
Аминазин® таблеткаларын ішке (тамақтан кейін), шайнамай, судың жеткілікті мөлшерімен ішуге тағайындайды.
Қолайлы дозаны жекелей таңдап алған дұрыс. Егер пациенттің клиникалық жай-күйі мүмкіндік берсе, емдеуді мүмкіндігінше ең аз дозадан бастап, оны біртіндеп арттыру керек.
Шизофрения, басқа психоздар, ажитация, аутизм, гипотермия индукциясы
Ересектер:
Ішке қабылдауға арналған бастапқы тәуліктік доза тәулігіне 1-4 рет 25-100 мг құрайды, содан кейін тиімді емдік әсерге жеткенше, жағымдылығын ескеріп, әрбір 3-4 күн сайын дозаны біртіндеп 25-50 мг-ге арттырады. Аминазин® препаратының орташа дозасының тиімділігі аз болған жағдайда дозаны тәулігіне 700-1000 мг-ге дейін арттырады, кейбір соматикалық қарсы көрсетілімдерсіз өте төзімді жағдайларда дозаны тәулігіне 1200-1500 мг-ге дейін арттыруға болады.
Жоғары дозалармен емдеген кезде, тәуліктік дозаны 4 бөлікке бөледі (соңғысын – ұйқыға жатар алдында).
Үлкен дозалармен емдеу курсының ұзақтығы 1-1,5 айдан аспауы тиіс, әсері жоқ болған кезде басқа препараттармен емдеуге көшкен жөн.
Аминазин® препаратының ересектерге арналған ішке қабылданатын жоғары дозалары: бір реттік – 300 мг, тәуліктік –1500 мг.
Әлсіреген және егде науқастарға емді ересектерге арналған ⅓-½ әдеттегі дозалардан бастайды да бірте-бірте арттырып отырады; ұсынылатын тәуліктік доза тәулігіне 300 мг дейін.
Балалар:
12 жасқа дейінгі балаларға Аминазин® препаратын қажет болса 550 мкг/кг-ден (0,55 мг/кг) немесе 1 м2 дене беткейіне 15 мг-ден әрбір 6-8 сағат сайын тағайындайды. 46 кг дейінгі дене салмағында Аминазин® препаратын тәулігіне 75 мг-ден артық тағайындамау керек.
Ұдайы ықылық ату
Ересектер:
Әр 4-6 сағат сайын 25 мг-ден.
Балалар:
Балалардағы ұдайы ықылық ату кезінде дозалау тәсілі анықталмаған.
Ауыр аурулардың терминальді сатыларындағы басылмайтын жүрек айну және құсу
Ересектер:
Әр 4-6 сағат сайын 25 мг-ден.
Балалар:
12 жастан асқан балаларға Аминазин® препаратын қажет болғанда 4-6 сағат сайын 550 мкг/кг-ден (0,55 мг/кг) немесе 1 м2 дене беткейіне 15 мг-ден тағайындайды. Дене салмағы 46 кг-ден аз болған жағдайда Аминазин® препаратын тәулігіне 75 мг-ден артық дозада тағайындамау керек.
Жағымсыз әсерлері
Орталық жүйке жүйесі тарапынан: экстрапирамидті бұзылыстар (дистониялық реакциялар, акинеторигидті құбылыстар, акатизия, гиперкинездер, тремор, вегетативті бұзылыстар, дәрілік индукцияланған паркинсонизм симптомдары (гипокинезия, бұлшықет сіресуі, постуральді тұрақсыздық), ерте дискинезиялар (мойын, тіл, ауыз қуысы түбіндегі бұлшықеттерінің пароксизмальді туындайтын құрысулары, окулогирлі криздер), ұзақ емдеген кезде – кеш дискинезия («Айрықша нұсқаулар» бөліміндегі кеш дискинезия профилактикасының тактикасын қараңыз)), қатерлі нейролептикалық синдром (бұлшықет сіресуі, гипертермия, вегетативтік жүйке жүйесінің дисфункциясынан туындаған соматикалық бұзылыстар, психикалық бұзылыстар), ұйқышылдық, бас айналу, ұйқының бұзылуы, психикалық индифференттілік құбылыстары, сыртқы тітіркендіргіштерге кешігіп реакция беру, мазасыздық, пациенттің көңіл күйіндегі өзгерістер, ажитация, ұйқысыздық, нейролептикалық депрессия.
Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан: ортостаздық гипотензия, тахикардия, жүрек ырғағының бұзылуы (қарыншалық аритмиялар, оның ішінде «пируэт» типті; бастапқы брадикардияның, гипокалиемияның, QT аралығы ұзаруының, анамнездегі жүрек ауруларының, трициклдік антидепрессанттарды бір мезгілде қабылдау аясындағы, егде жастағы ырғақтың жоғарылау арқылы қарыншалық бұзылыстарының даму қаупі), QT аралығының ұзаруы, Т және U тісшелерінің өзгеруі, веналық тромбоэмболия (оның ішінде өкпе тромбоэмболиясы және тереңдегі веналар тромбозы).
Тыныс алу жүйесі тарапынан: тыныс алудың бәсеңдеуі, мұрынның бітелуі.
Ас қорыту жүйесі тарапынан: жүрек айну, құсу, диарея, ауыздың құрғауы, анорексия, іш қату немесе ішек бітелісі.
Гепатобилиарлы жүйе тарапынан: холестаздық сарғаю және бауырдың зақымдануы (негізінен холестаздық, гепатоцеллюлярлық немесе аралас); сарғаю пайда болған кезде хлорпромазинді тоқтату керек.
Несеп-жыныс жүйесі тарапынан: несеп шығарудың қиындауы, аменорея, олигоменорея, белсіздік, жыныстық салқындық, олигурия, приапизм.
Эндокриндік жүйе тарапынан: гиперпролактинемия, галакторея, гинекомастия.
Қан түзу ағзалары тарапынан: қан ұйығыштығының артуы, лимфо- және лейкопения, анемия, агранулоцитоз (қан көрінісін тұрақты тұрде тексеру ұсынылады («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз)).
Сезім ағзалары тарапынан: көз бұршағы мен мөлдір қабықтың көмескіленуі, аккомодацияның бұзылуы.
Тері жабындары тарапынан: тері фотосенсибилизациясы, тері пигментациясы, меланоз.
Иммундық жүйе тарапынан: тері және шырышты қабықтар тарапынан аллергиялық реакциялар, ангионевроздық ісіну, беттің ісінуі, бронх түйілуі, есекжем, анафилаксиялық реакциялар, жүйелі қызыл жегі.
Басқа да ықтимал әсерлер: фенотиазин туындыларын қолдану глюкоза жақпаушылығына, гипергликемияға, гиперхолестеринемияға, нәжіспен бітелуге, ауыр ішек бітелісіне, мегаколонға әкеліп соғуы мүмкін.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препараттың компоненттеріне жеке жоғары сезімталдық;
- лактоза жақпаушылығы;
- тұқым қуалайтын фруктоза жақпаушылығы, Lapp-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар тұлғалар;
- орталық жүйке жүйесінің (ОЖЖ) функциясын бәсеңдететін заттардан улану;
- кез келген этиологиядағы коматоздық жағдайлар;
- сүйек кемігінің қан түзуінің бәсеңдеуі;
- жүктілік, емшек емізу кезеңі;
- 12 жасқа дейінгі балалар (осы дәрілік түрі үшін).
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Қолдануға болмайтын біріктірілімдер
Хлорпромазинды циталопрам және эсциталопраммен бір мезгілде қолдануға болмайды.
Ұсынылмайтын біріктірілімдер
Анальгетиктермен және антипиретиктермен ұзақ біріктірмеген дұрыс – гипертермия дамуы мүмкін.
Фенотиазин туындылары эпинефриннің және басқа симпатомиметиктердің, эпилепсияға қарсы препараттар әсерінің антагонистері болып табылады (құрысуға дайындық шегінің төмендеуі).
Аминазин® препаратымен емдеген кезде эпинефринді енгізуден аулақ болу керек, өйткені эпинефриннің әсері бұзылуы мүмкін, ол АҚ төмендеуіне әкеліп соғуы мүмкін. Артық дозалану кезінде эпинефринді қолдануға жол берілмейді.
Хлорпромазинді QT аралығын ұзартатын препараттармен бір мезгілде қолдану қарыншалық, оның ішінде «пируэт» типті аритмия даму қаупін арттыруы мүмкін. Хлорпромазинді IА класс (хинидин, дизопирамид, прокинамид) және III класс (мысалы, амиодарон, соталол, дофетилид) аритмияға қарсы дәрілермен, кейбір микробқа қарсы препараттармен (спарфлоксацин, моксифлоксацин, эритромицин), трициклді антидепрессанттармен (амитриптилин сияқты), тетрациклді антидепрессанттармен (мапротилин сияқты), басқа нейролептиктермен (мысалы, фенотиазиндер, пимозид, сертиндол), антигистаминдік препараттармен (мысалы, терфенадин), цизаприд, бретилий тозилаты, безгекке қарсы препараттармен (хинин және мефлокин сияқты) бірге қолдану ұсынылмайды.
Хлорпромазинді бромокриптинмен бір мезгілде қолдану плазмадағы пролактин концентрациясын жоғарылатады және бромокриптиннің әсеріне кедергі жасайды.
Хлорпромазин леводопаның паркинсонға қарсы әсерін (дофамин рецепторлары блокадасын туындатуына байланысты) төмендетеді.
Аминазин® препаратын ОЖЖ-ні бәсеңдететін ықпалы бар басқа да препараттармен (жалпы анестезияға арналған дәрілер, есірткілік анальгетиктер, этанол (алкоголь) және құрамында сол бар препараттар, барбитураттар, транквилизаторлар және т.б.) бір мезгілде қолданғанда ОЖЖ депрессиясын күшейтуі, сондай-ақ тынысты тарылтуы мүмкін.
Хлорпромазин литийдің бүйректік экскрециясын жоғарылатады, сонымен қатар, литий препараттарымен біріктіру экстрапирамидті асқынулардың қаупін арттырады.
Сақтандыру шараларын қажет ететін біріктірілімдер
Хлорпромазинді аритмияға қарсы Iа және III класты ДЗ-мен, бета-блокаторлармен, кальций өзекшелерінің кейбір блокаторларымен, оймақгүл ДЗ-мен, пилокарпинмен, антихолинэстеразалық ДЗ-мен бір мезгілде қолдану, брадикардиямен және «пируэтті» қоса қарыншалық аритмияның даму қаупімен қатар жүруі мүмкін. Аталған ДЗ хлорпромазинмен біріктірген кезде ЭКГ-мониторинг ұсынылады.
Гипогликемиялық препараттармен хлорпромазинді жоғары дозаларда (тәулігіне 100 мг) бірге қолданған кезде инсулин сөлінісін төмендету және қандағы глюкоза деңгейін арттыру есебінен гипогликемиялық әсерді әлсіретеді («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).
Антацидтер, паркинсонға қарсы препараттар және литий тұздары хлорпромазиннің сіңуін төмендетуі мүмкін. Антацидтер Аминазин® препаратын қолдануға дейінгі және кейінгі екі сағат ішінде қолданылмауы тиіс.
Назарға алынуы қажет біріктірілімдер
Барбитураттар қан сарысуындағы хлорпромазин концентрациясын төмендетуі мүмкін.
Хлорпромазинді трициклдік антидепрессанттармен, мапротилинмен немесе моноаминоксидаза (МАО) тежегіштерімен бірге тағайындау нейролептикалық қатерлі синдромның даму қаупін арттырады;
Хлорпромазинді гипертиреозды емдеуге арналған препараттармен бірге қолданғанда агранулоцитоздың даму қаупі жоғарылайды.
Хлорпромазинді экстрапирамидті реакцияларды тудыратын препараттармен бірге қолданған кезде экстрапирамидті бұзылулардың жиілігі және ауырлығы артуы мүмкін.
Фенотиазин туындылары анестезияға арналған дәрілердің, «баяу» кальций өзекшелері блокаторларының және басқа гипотензиялық дәрілердің және тразодонның гипотензиялық әсерін арттырады. Хлорпромазин гуанетидин сияқты нейрондық адреноблокаторлардың гипотензиялық әсерін, амфетаминдердің, клонидиннің әсерлерін төмендетеді.
Хлорпромазин мен ангиотензин өзгертуші ферменттің (АӨФ) тежегіштерін бір мезгілде қолданғанда ауыр ортостаздық гипотензия туындайды.
Бета-адреноблокаторларды және хлорпромазинді бір мезгілде қолдану хлорпромазиннің тамырды кеңейтетін әсерінің жиынтығы және бета-адреноблокаторлардан туындайтын жүректің лықсытуының азаюы салдарынан артериялық гипотензияның, оның ішінде ортостаздық қаупін арттырады.
Бета-адреноблокаторларды және хлорпромазинді бір мезгілде қолдану қайтымсыз ретинопатияның, кеш дискинезияның даму қаупін арттырады.
Хлорпромазинді нитраттармен бір мезгілде қолдану вазодилаторлық әсердің күшеюі салдарынан ортостаздық гипотензияның даму қаупін арттырады.
Хлорпромазинді тиазидті диуретиктермен бір мезгілде қолдану гипонатриемияның күшеюіне жағдай жасайды.
Мускаринге қарсы ДЗ-мен бір мезгілде қолдану антихолинергиялық жағымсыз әсерлердің (несеп іркілісі, глаукоманың жедел ұстамасын туындату, ауыздың құрғауы, іш қату және т.с.с.) дамуын өршітуі мүмкін. Антихолинергиялық қасиеттерге әртүрлі атропин ДЗ, трициклдік антидепрессанттар, H1-гистаминоблокаторлары, мускаринге қарсы, паркинсонға қарсы антихолинергиялық спазмолитиктер, дизопирамид, фенотиазинді нейролептиктер және клозапин ие болады.
Хлорпромазинді эфедринмен бірге қолданған кезде эфедриннің тамырларды тарылтатын әсері бәсеңдеуі мүмкін.
Хлорпромазин орташа антихолинергиялық белсенділікке ие, оны басқа антихолинергиялық препараттар жоғарылатуы мүмкін. Аминазин® сонымен қатар басқа дәрілік заттардың антихолинергиялық әсерлерін күшейтеді, мұндайда оның өзінің психозға қарсы әсері азаюы мүмкін.
Хлорпромазин отоуытты әсер ететін дәрілік заттардың (мысалы, отоуытты әсері бар антибиотиктер) кейбір отоуыттылық көріністерін (құлақтың шыңылдауы, бас айналу) бүркемелеуі мүмкін.
Басқа гепатоуытты препараттар гепатоуыттылықтың пайда болу қаупін арттырады.
Сүйек кемігінің қан түзуін бәсеңдететін дәрілер миелосупрессия қаупін арттырады.
Хлорпромазинді безгекке қарсы препараттармен бір мезгілде қолданған кезде қан плазмасындағы хлорпромазин концентрациясы уытты әсердің даму қаупімен жоғарылайды.
Хлорпромазинді циметидинмен бір мезгілде қолданған кезде қан плазмасындағы хлорпромазин концентрациясы өзгеруі (артуы немесе кемуі) мүмкін.
Хлорпромазинді химиялық құрылымы бойынша ұқсас прохлорперазинмен бір мезгілде қолданғанда 48-ден 72 сағатқа дейін есінен танумен сипатталатын өтпелі матеболизмдік энцефалопатия туындауы мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
Мынадай жағдайларда препаратты сақтықпен қолданады:
Паркинсон ауруы, белсенді алкоголизм (гепатоуытты әсерлердің пайда болу қаупі бар), сүт безінің обыры, эпилепсия, тыныс алудың бұзылуымен қатар жүретін созылмалы аурулар (әсіресе балаларда), Рейе синдромы, кахексия, егде жас, құсу (фенотиазиндердің құсуға қарсы әсері басқа препараттардың артық дозалануымен байланысты құсуды бүркемелеуі мүмкін).
Емдеу кезінде АҚ, тамыр соғысын, бауыр мен бүйрек функцияларын тұрақты бақылап отыру қажет. Сондай-ақ қан көрінісіне бақылау жасау қажет (басында апта сайын, содан кейін әрбір 3-4 айда); егер ем барысында лейкоциттер саны 3,0 – 3,5х109/л дейін төмендесе, ал нейтрофилдер саны 1,5 – 2,0х109/л дейін төмендесе, бұл көрсеткіштерге аптасына 2 рет бақылау жүргізу керек; лейкоцитоз және гранулоцитопения пайда болған жағдайда емдеуді үзіліс жасау қажет. Әрбір пациент температурасы көтерілгенде, тамақ ауырғанда немесе инфекциялық аурулардың басқа көріністерінде бұл туралы емдеуші дәрігерге дереу мәлімдеуі тиіс екені жөнінде хабардар етілуі қажет. Қатерлі нейролептикалық синдромның симптомдарының бірі болуы мүмкін гипертермия пайда болған жағдайда (бозару, гипертермия, вегетативті дисфункциялар, сананың өзгеруі, бұлшықет сіресуі) Аминазин® препаратын дереу тоқтату керек. Гипертермияның басталуын аңғартатын ерте көріністерге қатты терлеу және артериялық қысымның (АҚ) тұрақсыздығы сияқты жағымсыз әсерлер жатуы мүмкін. Мұндай жағымсыз әсерлердің нейролептиктерге тәуелділігінің этиологиясы көбінесе белгісіз болса да, бірқатар қауіп факторлары бар: жеке бейімділік, сусыздану, мидың органикалық зақымдануы. Қатерлі нейролептикалық синдром нейролептиктермен емдеу барысында кез келген уақытта туындауы және өліммен аяқталуы мүмкін.
Кеш дискинезия белгілері мен симптомдары туындаған жағдайда, барлық психозға қарсы дәрілік заттардың дозасын азайту немесе тоқтату мәселесін қарастыру керек. Кеш дискинезия кейде нейролептикті тоқтатқаннан кейін орын алады және қайталап қабылдағанда немесе дозаны арттырған кезде жойылады. Кеш дискинезия дамыған кезде паркинсонға қарсы және антихолинергиялық дәрілік заттарды тағайындауға болмайды (жағдайдың нашарлауы мүмкін).
Аминазин® препаратын қолданған кезде туындауы мүмкін экстрапирамидтік бұзылыстарды түзетуші ретінде паркинсонға қарсы дәрілерді - тригексифенидил және басқаларын қолданады.
Аминазин® дозасына байланысты QТ аралығының ұзаруын күшейтуі мүмкін, бұл қарыншалық аритмияның, оның ішінде «пируэт» типінің қаупін арттырады. Сондай-ақ брадикардия, гипокалиемия, туа біткен немесе жүре пайда болған ұзақ QT-кезең күшейеді. Сондықтан емдеуді бастар алдында мыналардың жоқ екеніне көз жеткізу керек:
- минутына 55 қағыстан төмен брадикардия;
- гипокалиемия;
- QT аралығының туа біткен ұзаруы.
Төтенше жағдайларды қоспағанда, нейролептикпен емдеуді қажет ететін науқастарды алдын ала тексеру кезінде ЭКГ жасау ұсынылады.
Нейролептиктермен емдеген кезде веналық тромбоэмболияның (ВТЭ) туындау қаупі бар. Психозға қарсы ДЗ қабылдаған, әсіресе ВТЭ жүре пайда болған қауіп факторлары бар пациенттерде, Аминазин® препаратымен емдегенге дейін және емдеу кезінде профилактика шаралары қабылдануы және ВТЭ кез келген әлеуетті қауіп факторына баға берілуі тиіс.
Ерекше жағдайларды қоспағанда, Аминазинді® Паркинсон ауруы кезінде қолданбау керек.
Іштің ауыруы және кебуі бойынша анықталуы мүмкін ішек бітелісінің туындауы шұғыл көмекті талап етеді. Аминазин® препаратын қабылдаған кездегі артмияның дамуына бейімдейтін факторларға жатады: гипокалиемия (оның ішінде гипокалиемияны туындататын диуретиктерді қолданған кезде), брадикардия (оның ішінде ДЗ-дан туындаған), QT аралығы ұзақтығының бұрыннан бар (туа біткен немесе жүре пайда болған) ұзаруы. Дофамин агонистерінің және нейролептиктердің өзара антагонизмі салдарынан хлорпромазинді дофаминергиялық паркинсонға қарсы емес ДЗ-мен (каберголинмен, квинаголидпен) бір мезгілде тағайындау ұсынылмайды. «Пируэт» типті аритмияны тудыруға қабілетті басқа нейролептиктермен (амисульприд, циамемазин, дроперидол, флуфеназин, проперициазин, галоперидол, левомепромазин, пимозид, пипамперон, пипотиазин, сертиндол, сульпирид, сультоприд, тиаприд) бір мезгілде қолдану ұсынылмайды. Паразиттерге қарсы дәрілермен (галофантринмен, люмефантринмен, пентамидинмен) бір мезгілде қолдану ұсынылмайды. Сондай-ақ азолдар тобындағы зеңге қарсы дәрілермен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды (аритмияның даму қаупі жоғарылайды). Егер жоғарыда аталған біріктірілімдерді бірге тағайындамау мүмкін болмаса, QT аралығының ұзақтығына мониторинг жасай отырып, тұрақты ЭКГ-бақылау жүргізу ұсынылады. Калий сақтағыш емес диуретиктерді қолданған кезде хлорпромазинмен емдеуді бастар алдында гипокалиемияны түзету және ЭКГ бақылау қажет.
Аминазин® препаратымен емдеу кезінде мониторингті күшейту керек:
- анамнезінде эпилепсиясы және құрысулары бар пациенттерде, құрысу шегінің төмендеуі мүмкін болғандықтан. Ұстамалардың пайда болуы емдеуді тоқтатуды қажет етеді.
- егде жастағы пациенттерде:
а) жоғары сезімталдықта және ортостаздық гипотензия әсерінде (шектен тыс тыныштандырғыш және гипотензиялық әсер қаупінің жоғарылауы),
б) созылмалы іш қатуда (салданған ішек бітелісінің туындау қаупі),
в) қуық асты безінің ықтимал гипертрофиясында;
- хинидин қабылдайтын жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттерде, гипотензиялық әсердің күшеюі мүмкін болғандықтан;
-бауыр жеткіліксіздігі және/немесе бауырдың ауыр жеткіліксіздігі жағдайында, жинақталу қаупіне байланысты.
Ұзақ емдеген кезде тұрақты офтальмологиялық бақылау ұсынылады.
Фенотиазин туындыларын қолдану гипергликемияға немесе глюкозаға төзімділіктің бұзылуына, қант диабетінің дамуына немесе өршуіне, гиперхолестеринемияға, нәжіспен бітелуге, ауыр ішек бітелісіне және мегаколонға әкеліп соғуы мүмкін екенін ескеру керек.
Хлорпромазин жоғары дозаларда (тәулігіне 100 мг) инсулин сөлінісін азайту есебінен қандағы глюкоза деңгейін жоғарылатуы мүмкін болғандықтан, қант диабетімен ауыратындарда емдеу курсын аяқтауға дейін және кейін инсулин дозаларын түзету қажет. Қажет болған жағдайда сульфонилмочевина туындыларын қабылдайтын пациентерде де нейролептиктің дозасын түзету керек.
Хлорпромазин депрессия басым болған кезде монотерапияда қолданылмауы тиіс.
Аминазинді® фенотиазин қатарындағы басқа препараттарға жоғары сезімталдық кезінде, ауыр респираторлық ауруларда сақтықпен қолданады.
Фотосенсибилизация қаупіне байланысты ультракүлгін сәулеленуден аулақ болу қажет.
Аминазин® латентті gravis миастениясының ағымын нашарлатуы немесе пайда болуына жағдай жасауы, сондай-ақ миастениялық синдромды туындатуы мүмкін.
"Тоқтату" синдромының дамуын болдырмау үшін Аминазин® препаратымен емдеуді біртіндеп тоқтату керек.
Леводопаның және нейролептиктердің өзара антагонизмін ескеру қажет. Допамин психоздық бұзылыстарды тудыруы немесе күшейтуі мүмкін. Паркинсонизмнен зардап шегетін пациенттерді емдеу үшін екі ДЗ-ның да ең аз тиімді дозаларын пайдалану қажет. Паркинсонизмі бар, допамин қабылдаған пациенттерді нейролептиктермен емдеу қажет болған жағдайда, соңғысының дозасы біртіндеп ең азына дейін азайтылуы тиіс (допаминді күрт тоқтату "қатерлі нейролептикалық синдромның" даму қаупін арттыруы мүмкін).
Феохромацитомамен ауыратын, Аминазин® қабылдайтын науқастарда қандағы катехоламиндер деңгейінің жалған оң нәтижелері бақылануы мүмкін.
Ем кезінде алкоголь қабылдаудан бас тарту қажет, өйткені хлорпромазин алкогольдің орталық жүйке жүйесіне бәсеңдеткіш әсерін күшейтеді.
Жүктілік және лактация кезеңі
Жүктілік кезінде қолдануға болмайды.
Хлорпромазин плацентарлық бөгет арқылы өтеді, емшек сүтімен бөлініп шығады, босануды ұзартады. Аналары жүктіліктің үшінші триместрі кезінде дәрілік затты қабылдаған жаңа туған сәбилерде экстрапирамидтік бұзылыстардың және/немесе тоқтату синдромының әлеуетті даму қаупі туралы ақпарат бар. Жүктілік кезінде хлорпромазинді жоғары дозаларда қолданған кезде, жаңа туған сәбилерде кейбір жағдайларда дәрілік заттың (ДЗ) атропин тәрізді әсеріне байланысты ас қорытудың бұзылулары байқалған.
Препаратты лактация кезеңінде қолдану қажет болған жағдайда емдеу уақытында емшек емізуді тоқтату керек.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Емдеу кезеңінде зейін қоюды және психомоторлы реакциялардың шапшаңдығын қажет ететін қауіптілігі зор қызмет түрілерімен айналысуды тоқтата тұру қажет.
Артық дозалануы
Симптомдары: арефлексия немесе гиперрефлексия, көрудің көмескіленуі, кардиоуытты әсерлер (аритмия, жүрек жеткіліксіздігі, артериялық қысымның (АҚ) төмендеуі, шок, тахикардия, QRS тісшесінің өзгеруі, қарыншалар фибрилляциясы, жүректің тоқтап қалуы), нейроуытты әсерлер, ажитацияны, сананың шатасуын, құрысуларды, бағыттан адасуды, ұйқышылдықты, мелшиюді немесе команы қоса есептегенде; ауыздың құрғауы, гиперпирексия немесе гипотермия, бұлшықеттердің сіресуі, құсу, өкпенің ісінуі немесе тыныстың тарылуы.
Емі: асқазанды шаю, белсенділендірілген көмір тағайындау (құсуды индукцияламау керек, өйткені артық дозалану әсерінен сананың бұзылуы және мойын мен бас бұлшықеттері тарапынан дистониялық реакциялар құсықтың аспирациясына әкеліп соғуы мүмкін). Симптоматикалық емдеу: коллаптоидты жай-күйлерде кордиамин, кофеин, мезатон енгізу ұсынылады; тыныс алу орталығы функциясының бұзылуынсыз орталық жүйке жүйесі бәсеңдеген кезде – фенаминнің, первитиннің, кофеин-натрий бензоатының орташа дозаларын енгізу (тыныс алу орталығы бәсеңдеген кезде аналептиктерді қолдануға болмайды); неврологиялық асқынулар әдетте хлорпромазин дозасын төмендеткен кезде азаяды, оларды сондай-ақ тригексифенидил тағайындаумен де азайтуға болады, нейролептикалық депрессияны азайту үшін антидепрессанттар және психостимуляторлар пайдаланылады; аритмия кезінде – ұзақ әсер ететін дәрілік препараттарды енгізу, жүрек жеткіліксіздігінде – жүрек гликозидтері, АҚ айқын төмендегенде – сұйықтықты немесе норэпинефрин, фенилэфрин сияқты вазопрессорлы дәрілерді вена ішіне енгізу (альфа- және бета-адреномиметиктері, мысалы эпинефринді, тағайындауға болмайды, өйткені альфа-адренорецепторлардың хлорпромазин арқылы бөгелуі есебінен, АҚ парадоксты төмендеуі мүмкін), құрысуларда – диазепам (кейіннен болатын ОЖЖ депрессиясы және тыныстың тарылуы салдарынан барбитураттарды тағайындауға болмайды); қатерлі нейролептикалық синдромның бір симптомына жататын гипертермия жағдайында – дантроленді енгізу. Жүрек-қантамыр жүйесінің қызметін кем дегенде 5 тәулік бойы, ОЖЖ қызметін, тыныс алуды бақылап отыру, дене температурасын өлшеу, психиатрдың кеңесін алу қажет. Диализдің тиімділігі аз.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Үлбірлі қабықпен қапталған 25 мг, 50 мг, 100 мг таблеткалар.
10 таблеткадан поливинилхлоридті үлбірден және лакталған баспалы алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.
1 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Дәріханадан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Валента Фарм» АҚ, Ресей Федерациясы 141101, Щелково қ., Мәскеу обл., Фабричная к-сі, 2
Тіркеу куәлігінің иесі
«Валента Фарм» АҚ, Ресей Федерациясы 141101, Щелково қ., Мәскеу обл., Фабричная к-сі, 2
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері
«Валента Азия» ЖШС
Қазақстан Республикасы, 050009, Алматы қ., Абай даңғ., Радостовец көш. қиыл., 151/115, «Алатау» бизнес орталығы, № 1102 кеңсе
Телефон/факс 8 (727) 334-15-51
Электрондық пошта: asia@valentapharm.com