Амвастан (40 Миллиграмм) (Аторвастатин)

МНН: Аторвастатина (в форме аторвастатина кальция тригидрата)
Производитель: "Уорлд Медицин Илач Сан. ве Тидж. А.Ш."
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Atorvastatin
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№026437
Информация о регистрации в РК: 13.01.2025 - 13.01.2030

Инструкция

Саудалық атауы

Амвастан

Халықаралық патенттелмеген атауы

Аторвастатин

Дәрілік түрі, дозалануы

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 40 мг

Фармакотерапиялық тобы

Жүрек-қантамыр жүйесі. Липид-модификациялайтын препараттар.

Липид-модификациялайтын препараттар, қарапайымдар. HMG CoA-редуктаза тежегіштері. Аторвастатин

АТХ коды: С10АА05

Қолданылуы

Гиперхолестеринемияны емдеу

- отбасылық гиперхолестеринемияны (гетерозиготалы нұсқасы) немесе біріктірілген (аралас) гиперлипидемияны (Фредриксон жіктемесі бойынша тиісінше IIa типі және IIb типі) қоса, алғашқы гиперхолестеринемиясы бар ересектерде, жасөспірімдерде және 10 жастағы және одан үлкен балаларда жалпы холестерин (жалпы ХС), тығыздығы төмен липопротеиндер холестерині (ХС-ТТЛП), қандағы аполипопротеин В (ApoB) және триглицеридтер (ТГ) деңгейін төмендету үшін диетаға қосымша ретінде, диетаның және басқа дәрі-дәрмектік емес әдістердің тиімділігі жеткіліксіз болған кезде;

- гомозиготалы отбасылық гиперхолестеринемиясы бар ересектерде қандағы жалпы ХС және ХС-ТТЛП деңгейлерін төмендету үшін қандағы липидтер деңгейін төмендетуге бағытталған емдеудің басқа әдістеріне (мысалы, ТТЛП аферезі) қосымша ретінде, немесе мұндай әдістерді пайдалану мүмкіндігі болмаған жағдайларда.

Жүрек-қантамырлық асқынулардың профилактикасы

Алғашқы жүрек-қантамырлық асқыну дамуының жоғары қаупі бар ересек пациенттерде жүрек-қантамырлық асқынулардың профилактикасында, басқа қауіп факторларын түзету аясындағы қосымша шара ретінде.

Қолданудың басталуына дейінгі қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- белсенді затқа немесе препараттың қосымша заттарының кез келгеніне аса жоғары сезімталдық;

- белсенді фазадағы бауыр аурулары немесе қандағы бауыр ферменттері деңгейлерінің этиологиясы анық емес жоғарылауы (көрсеткіштері қалыпты мәндердің жоғарғы шегінен (ҚМЖШ) 3 еседен астам асып кететін жағдайларда);

- С гепатитін емдеу үшін элбасвир/гразопревир біріктірілімін бір мезгілде қолдану;

- жүктілік және емшек емізу кезеңдері.

Контрацепцияның сенімді әдістерін пайдаланбайтын, бала туатын жастағы әйелдерде Амвастанды пайдалануға болмайды.

Қолдану кезінде қажетті сақтандыру шаралары

Бауырға әсері

Емді бастар алдында және емдеу кезіндегі тұрақты уақыт аралықтарында пациенттерде бауыр функциясының көрсеткіштерін бақылау қажет. Бауырдың зақымдану белгілері мен симптомдары дамыған пациенттерде бауырдың функционалдық көрсеткіштеріне бағалау жүргізу керек. Қандағы трансаминазалар деңгейінің жоғарылауы байқалған пациенттер көрсеткіштердің қалыпты мәндеріне жеткен сәтіне дейін бақылауда болуға тиіс. Қандағы трансаминазалардың деңгейлері ҚМЖШ 3 еседен астам жоғарылаған жағдайларда дозаны азайту немесе дәрілік затты қолдануды тоқтату ұсынылады.

Амвастанды алкогольді шамадан тыс мөлшерде тұтынатын және/немесе анамнезінде бауыр аурулары болған пациенттерде сақтықпен пайдалану керек.

Қандағы холестерин деңгейінің қарқынды төмендеуі аясында инсульттің профилактикасы (SPARCL зерттеуі)

Жақында инсульт немесе транзиторлы ишемиялық шабуылды бастан өткерген, жүректің ишемиялық ауруы бар пациенттерде инсульттің қосалқы түрлерінің апостериорлық талдауында бастапқыда 80 мг дозада аторвастатинмен ем қабылдаған пациенттерде геморрагиялық инсульттің жиілігі плацебо алған пациенттермен салыстырғанда жоғарырақ болды. Зерттеуге енгізілген сәтте геморрагиялық инсультті немесе мидың лакунарлы инфарктісін бастан өткерген пациенттерде қауіп елеулі дәрежеде жоғарылады. Геморрагиялық инсультті немесе мидың лакунарлы инфарктісін бастан өткерген пациенттер үшін 80 мг дозада аторвастатинмен емдеу кезіндегі қауіп/пайда арақатынасы белгісіз, сондықтан дәрілік затпен емді бастар алдында геморрагиялық инсульттің әлеуетті туындау қаупіне мұқият бағалау қажет.

Қаңқа-бұлшықет тініне әсері

3-гидрокси-3-метилглютарил-кофермент А редуктазаның (ГМГ-КоА-редуктаза) басқа да тежегіштерін қолданған кездегідей, аторвастатинді пайдаланған кезде сирек жағдайларда миалгияның, миозиттің және миопатияның дамуымен қаңқа бұлшықеттеріне теріс әсері байқалуы мүмкін, бұл рабдомиолизбен (қандағы креатинфосфокиназа (КФК) деңгейінің елеулі жоғарылауымен (ҚМЖШ 10 еседен астам жоғары), бүйрек жеткіліксіздігіне әкеліп соғуы мүмкін миоглобинемиямен және миоглобинуриямен сипатталатын, пациенттің өміріне қауіп төндіруі ықтимал жай-күй) қатар жүруі мүмкін.

Өте сирек жағдайларда, статиндермен ем кезінде де, емді тоқтатқаннан кейін де, пациенттерде иммунитетке байланысты некроздаушы миопатия (ИБНМ) дамыған. ИБНМ клиникалық тұрғыда аяқ-қолдардың проксимальді бұлшықеттерінің тұрақты әлсіздігімен және қан сарысуында КФК деңгейінің жоғарылауымен білінеді, олар статиндермен, 3-гидрокси-3-метилглутарил-кофермент А редуктазаға оң антиденелермен емді тоқтатуға қарамастан сақталады; иммунодепрессанттарды қабылдау аясында клиникалық жақсару байқалады.

Емдеуді бастар алдында

Аторвастатинді рабдомиолиздің дамуына бейімділігі бар пациенттерде сақтықпен пайдалану керек. Статиндермен емді бастар алдында келесі қауіп факторлары немесе аурулары бар пациенттерде қандағы КФК концентрациясын анықтау керек:

- бүйрек функциясының бұзылулары;

- гипотиреоз;

- анамнездегі, оның ішінде отбасылық анамнездегі тұқым қуалаған бұлшықет аурулары;

- анамнезде басқа статиндерді немесе фибраттарды қолданумен байланысты бұлшықет тініне уытты әсері;

- анамнездегі бауыр аурулары және/немесе алкогольді шамадан тыс мөлшерлерде тұтыну;

- 70 жастан асқандар (рабдомиолиздің дамуына бейімдейтін басқа да факторлар бар болғанда);

- дәрілік заттың қан плазмасындағы концентрациясы жоғарылауы мүмкін жағдайлар, мысалы, дәрілік өзара әрекеттесу жағдайларында және спецификалық генотипі бар субпопуляцияларды қоса, пациенттердің жекелеген топтарында қолданғанда.

Жоғарыда көрсетілген пациенттерде пайда/қауіп арақатынасын мұқият бағалау қажет; сондай-ақ мұндай пациенттердің мұқият клиникалық мониторингін қамтамасыз ету ұсынылады. Қандағы КФК концентрациясы елеулі дәрежеде жоғарылаған жағдайларда (ҚМЖШ 5 еседен астам жоғары), Амвастанмен емді бастамаған жөн.

Қандағы КФК концентрациясын өлшеу

Қандағы КФК концентрациясын қарқынды дене жүктемесінен кейін немесе қандағы КФК деңгейінің жоғарылауына түрткі болуы мүмкін болжамды балама себептер бар болғанда өлшеуге болмайды, өйткені бұл зерттеу нәтижелерін түсіндіруді қиындатуы мүмкін. Емдеуді бастар алдында қандағы КФК концентрациясы елеулі дәрежеде жоғарылаған жағдайларда (ҚМЖШ 5 еседен астам жоғары), 5-7 күннен кейін қайтадан бақылау зерттеуін жүргізу қажет.

Емдеу кезінде

- Пациенттер бұлшықеттердің ауыруы, бұлшықет түйілуі немесе бұлшықет әлсіздігі туралы, әсіресе егер олар дімкәстанумен немесе дене температурасының жоғарылауымен қатар жүрсе, дереу дәрігерге хабарлау керектігінен хабардар болуға тиіс.

- Мұндай пациенттерде қандағы КФК концентрациясын өлшеу керек. Қандағы КФК концентрациясы елеулі дәрежеде жоғарылаған жағдайларда (ҚМЖШ 5 еседен астам жоғары) аторвастатинмен емдеуді тоқтату қажет.

- Бұлшықет симптомдары ауыр сипатта болса және күнделікті жайсыздық туғызса, оның ішінде қандағы КФК концентрациясы ҚМЖШ 5 есе және одан азырақ жоғарыласа, аторвастатинмен емдеуді тоқтату қажет.

- Жоғарыда аталған симптомдар жойылғаннан кейін және қандағы КФК деңгейі қалыпты мәндерге дейін төмендегеннен кейін, аторвастатинмен немесе баламалы статинмен ең төмен дозаларда емді жалғастыру мәселесін қарастыру керек, бұл ретте пациенттің мұқият бақылануын қамтамасыз ету қажет.

- Егер қандағы КФК деңгейінің клиникалық маңызды жоғарылауы (ҚМЖШ 10 еседен астам жоғары) байқалса немесе рабдомиолиз диагнозы қойылса немесе оның дамуына күдік бар болса, аторвастатинді пайдалануды тоқтату қажет.

Басқа дәрілік заттармен біріктірілген ем

CYP3A4 күшті тежегіштері немесе тасымалдаушы-ақуыздар (мысалы, циклоспорин, телитромицин, кларитромицин, делавирдин, стирипентол, кетоконазол, вориконазол, итраконазол, позаконазол, летермовир және ритонавирді, лопинавирді, атазанавирді, индинавирді, дарунавирді, типранавир/ритонавирді және т.б. қоса, адамның иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) протеаза тежегіштері) сияқты аторвастатиннің қан плазмасындағы концентрациясын арттыруы мүмкін кейбір дәрілік заттармен аторвастатинді бір мезгілде қолданған кезде рабдомиолиздің даму қаупі жоғарылайды. Аторвастатинді гемфиброзилмен және басқа фиброй қышқылы туындыларымен, С гепатитін емдеуге пайдаланылатын вирусқа қарсы препараттармен (мысалы, боцепревир, телапревир, элбасвир/гразопревир, ледипасвир/софосбувир), эритромицинмен, ниацинмен, эзетимибпен бір мезгілде қолданған кезде де миопатияның даму қаупі жоғарылауы мүмкін. Ондай мүмкіндік бар болған жағдайда, аторвастатинмен өзара әрекеттесуге түспейтін баламалы дәрілік заттарды пайдаланған жөн.

Аторвастатинді жоғарыда көрсетілген дәрілік заттармен бірге пайдалану қажеттілігі туындаған жағдайларда пайда/қауіп арақатынасына мұқият баға беру керек. Пациенттер аторвастатиннің қан плазмасындағы концентрациясын арттыратын дәрілік заттармен бір мезгілде ем қабылдаған жағдайларда аторвастатинді төменірек тәуліктік дозада пайдалану ұсынылады. CYP3A4 күшті тежегіштерімен бір мезгілде қолдану жағдайларында аторвастатинді төменірек бастапқы дозада пайдалану мәселесін қарастыру, сондай-ақ пациенттерге клиникалық мониторинг жүргізу керек.

Амвастанды құрамында фузидий қышқылы бар жүйелі препараттармен бір мезгілде, немесе оларды қолдану тоқтатылғаннан кейін 7 күннің ішінде пайдаланбау керек. Құрамында фузидий қышқылы бар жүйелі препараттарды қолдану қажеттілігі туындаған жағдайларда, оларды пайдаланудың бүкіл кезеңінде статиндермен емдеу тоқтатылуы керек. Фузидий қышқылымен біріктіріп статиндермен ем қабылдаған пациенттерде рабдомиолиз (оның ішінде өліммен аяқталған) жағдайлары тіркелген. Пациенттер бұлшықет әлсіздігі, бұлшықеттердің ауыруы немесе олардың жоғары сезімталдығы сияқты симптомдар туралы дереу дәрігерге хабарлау қажеттілігінен хабардар болуға тиіс.

Статиндермен емді құрамында фузидий қышқылы бар препаратты соңғы рет қабылдаған соң 7 күннен кейін қайта жаңғыртуға болады. Құрамында фузидий қышқылы бар жүйелі препараттармен ұзақ ем жүргізу қажеттілігі туындайтын айрықша жағдайларда, мысалы ауыр инфекцияларда, Амвастанды бірге пайдалану туралы мәселені әркімге жеке түрде қарастыру керек; мұндай біріктірілімдерді қолдану кезінде пациенттер мұқият медициналық бақылауда болуға тиіс.

Интерстициальді өкпе ауруы

Кейбір статиндерді, әсіресе ұзақ уақыт кезеңі бойы қолданған кезде интерстициальді өкпе ауруы пайда болған бірлі-жарым жағдайлар туралы хабарланды, оның белгілері ентігуді, өнімсіз жөтелді және жалпы жай-күйдің нашарлауын (қажу, салмақтың төмендеуі және дене температурасының жоғарылауы) қамтуы мүмкін. Пациентте интерстициальді өкпе ауруы дамығанына күдік туындаған жағдайларда статиндермен емді тоқтату керек.

Қант диабеті

Қазіргі уақытта статиндерді қолданған кезде қандағы глюкоза деңгейі жоғарылайтынын (класс-әсер) айғақтайтын деректер бар. Қант диабетінің даму қаупі жоғары кейбір пациенттерде қандағы глюкоза концентрациясы қант диабетінің стандартты емін жүргізу қажеттілігі туындайтындай деңгейге жетуі мүмкін. Әйтсе де, гипергликемияның пайда болу қаупі жүрек-қантамырлық асқынулар қаупін азайтуға қатысты статиндерді пайдаланудың артықшылығынан басым түспейді және статиндермен емді тоқтатуға себеп болып табылмайды. Қауіп тобындағы пациенттерге (қандағы глюкоза деңгейі ашқарында 5,6-6,9 ммоль/л құрайды, дене салмағының индексі (ДСИ) 30 кг/м2 астамды құрайды, қандағы ТГ деңгейлері жоғары, артериялық гипертензия) бекітілген нұсқауларға сәйкес клиникалық және зертханалық мониторинг жүргізу қажет.

Статиндерді қолдану арқылы туындаған миастения гравистің басталуы немесе бұрыннан бар миастения гравистің немесе миастенияның көздегі түрінің өршуінің бірнеше жағдайлары туралы хабарланды (4.8 бөлімді қараңыз)

Симптомдар нашарласа, Амвастанды қолдануды тоқтату керек. Бір немесе басқа статинді қайталап қолданғанда миастения грависінің қайталануы туралы хабарланған.

Қосымша заттар

Амвастан препаратының құрамында лактоза бар, сондықтан галактоза жақпаушылығымен, лактаза тапшылығымен немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясымен сипатталатын сирек тұқым қуалайтын аурулары бар пациенттер бұл препаратты қабылдауына болмайды.

Амвастан препаратының құрамында сахароза бар, сондықтан фруктоза жақпаушылығымен, глюкоза-галактоза мальабсорбциясымен немесе сахараза-изомальтаза жеткіліксіздігімен сипатталатын сирек тұқым қуалайтын аурулары бар пациенттер бұл препаратты қабылдауына болмайды.

Амвастан препаратының құрамында бір таблеткада 1 ммоль мөлшерінен аз натрий (23 мг) бар, яғни, «құрамында натрий жоқ» дерліктей.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Дәрілік заттардың аторвастатинге әсері

Аторвастатиннің метаболизміне Р450 3А4 (CYP3A4) цитохром жүйесінің изоферменті қатысады; аторвастатин 1B1 және 1B3 типтегі органикалық аниондардың тасымалдаушы ақуыздарының (сәйкесінше, OATP1B1 және OATP1B3) субстраты болып табылады. Аторвастатиннің метаболиттері OATP1B1 субстраттары болып табылады. Аторвастатин Р-гликопротеиннің эффлюкстік тасымалдаушыларының және сүт безі обырының резистенттілік ақуызының (BCRP) да субстраты болып табылатыны анықталған, олар дәрілік заттың ішекте сіңуін және өтпен шығарылуын шектеуі мүмкін. CYP3A4 немесе тасымалдаушы ақуыздардың тежегіштері болып табылатын препараттармен бірге қолданған кезде аторвастатиннің қан плазмасындағы концентрациясы жоғарылауы мүмкін, мұндайда миопатияның даму қаупі артады. Миопатияның даму қаупі аторвастатинді миопатияның дамуына түрткі болуы мүмкін фибраттар және эзетимиб сияқты басқа дәрілік заттармен бір мезгілде қолданғанда да артуы мүмкін.

CYP3A4 тежегіштері

CYP3A4 күшті тежегіштерімен біріктіріп қолданған кезде аторвастатиннің қандағы концентрациясының елеулі жоғарылауы байқалады (төмендегі 1-кестені қараңыз).

Ондай мүмкіндік бар болған жағдайда, аторвастатинді CYP3A4 күшті тежегіштерімен (мысалы, циклоспорин, телитромицин, кларитромицин, делавиридин, стирипентол, кетоконазол, вориконазол, итраконазол, позаконазол, С гепатитін емдеуге арналған кейбір вирусқа қарсы препараттармен (мысалы, элбасвир/гразопревир) және ритонавир, лопинавир, атазанавир, индинавир, дарунавирді және басқаларын қоса, кейбір АИТВ протеаза тежегіштерімен) бірге қолданудан аулақ болу керек. Жоғарыда көрсетілген дәрілік заттармен біріктіріп емдеу қажеттілігі туындаған жағдайларда, аторвастатинді төменірек бастапқы және ең жоғарғы дозаларда пайдалану туралы мәселені қарастыру керек, бұл ретте пациенттерге мұқият клиникалық мониторинг жүргізу ұсынылады (1-кестені қараңыз).

CYP3A4 орташа тежегіштерімен (мысалы, эритромицин, дилтиазем, верапамил және флуконазол) бір мезгілде пайдаланған кезде аторвастатиннің қан плазмасындағы концентрациясы жоғарылауы мүмкін (1-кестені қараңыз). Эритромицинді статиндермен бірге қолданған кезде миопатияның даму қаупі жоғарылады. Амиодаронның немесе верапамилдің аторвастатинмен өзара әрекеттесуін зерттеулер жүргізілген жоқ. Амиодарон және верапамил CYP3A4 тежегіштеріне жатады, сондықтан оларды аторвастатинмен бір мезгілде қолданған кезде соңғысының жүйелі әсері жоғарылауы мүмкін. Сондықтан CYP3A4 орташа тежегіштерімен біріктірілген ем кезінде аторвастатинді төменірек ең жоғарғы дозада пайдалану мәселесін қарастыру керек, бұл ретте пациенттерге тиісті клиникалық мониторинг жүргізу ұсынылады. Пациенттерге тиісті клиникалық мониторинг жүргізу CYP3A4 тежегіштерімен емдеуді бастағаннан кейін немесе олардың дозаларын түзеткеннен кейін ұсынылады.

CYP3A4 индукторлары

P450 3A4 цитохром жүйесі изоферментінің индукторларымен (мысалы, эфавиренз, рифампин, құрамында шайқурай бар препараттар) бірге қолданған кезде аторвастатиннің қан плазмасындағы концентрациясы әртүрлі дәрежеде төмендеуі мүмкін. Өзара әрекеттесудің қосарлы механизміне орай, аторвастатин мен рифампинді бір мезгілде қабылдау ұсынылады (рифампин P450 3A4 цитохром жүйесі изоферментінің индукторы және бауырда шоғырланатын OATP1B1 тасымалдаушы ақуызының тежегіші болып табылады), өйткені рифампин қабылдаудан кейін аторвастатинді кешеуілдетіп қолданған кезде аторвастатиннің қан плазмасындағы концентрациясының елеулі төмендегені байқалды. Алайда, рифампин аторвастатиннің гепатоциттердегі концентрациясына қандай әсерін тигізетіні белгісіз. Біріктіріп пайдалану қажеттілігі туындаған жағдайларда емнің тиімділігін мұқият бақылау керек.

Тасымалдаушы ақуыздардың тежегіштері

Тасымалдаушы ақуыздардың тежегіштерімен бір мезгілде қолданған кезде аторвастатиннің жүйелі әсері ұлғаюы мүмкін.

Циклоспорин сияқты, летермовир де аторвастатинді тасымалдау үдерістеріне қатысатын, мысалы OATP1B1/1B3, P-гликопротеин және BCRP тасымалдаушы ақуыздардың тежегіштеріне жатады, сондықтан жоғарыда көрсетілген дәрілік заттармен бірге пайдалану кезінде аторвастатиннің жүйелі әсері жоғарылайды (1-кестені қараңыз). Тасымалдаушы ақуыздардың тежелуі аторвастатиннің гепатоциттердегі концентрациясына қандай әсерін тигізетіні белгісіз. Біріктіріп пайдалану қажеттілігі туындаған жағдайларда аторвастатиннің дозасын азайту және пациенттерге емнің тиімділігіне қатысты мұқият мониторинг жүргізу ұсынылады (1-кестені қараңыз).

Летермовирмен және циклоспоринмен біріктірілген ем қабылдап жүрген пациенттерде аторвастатинді пайдалану ұсынылмайды.

Гемфиброзил/ фиброй қышқылының туындылары

Рабдомиолизді қоса, бұлшықет жүйесі тарапынан бұзылулар кейде фибраттарды пайдалану кезінде байқалады. Фибраттар мен аторвастатинді бірге қолдану кезінде мұндай бұзылыстардың туындау қаупі жоғарылауы мүмкін. Фибраттармен біріктіріп пайдалану қажеттілігі туындаған жағдайларда, аторвастатинді емдік мақсатқа жету үшін қажетті ең төмен тиімді дозада пайдалану керек, бұл ретте пациенттерге тиісті мониторинг жүргізген жөн.

Эзетимиб

Эзетимибпен монотерапия рабдомиолизді қоса, бұлшықет жүйесі тарапынан бұзылулардың туындауымен байланысты, сондықтан эзетимиб пен аторвастатинді бір мезгілде қолданған кезде мұндай бұзылыстардың туындау қаупі жоғарылауы мүмкін. Дәрілік заттарды біріктіріп пайдаланған кезде пациенттерге тиісті клиникалық мониторинг жүргізу ұсынылады.

Колестипол

Колестиполмен бірге қолданған кезде аторвастатиннің және оның белсенді метаболиттерінің қан плазмасындағы концентрациясы азайды (аторвастатин концентрациясының арақатынасы 0,74 құрады). Алайда біріктіріп пайдаланған кездегі гиполипидемиялық әсері дәрілік заттарды бөлек-бөлек қолданған кездегі осындайдан басым түсті.

Фузидий қышқылы

Құрамында фузидий қышқылы бар жүйелі препараттарды статиндермен бір мезгілде қолданғанда рабдомиолизді қоса, миопатияның қаупі жоғарылауы мүмкін. Дәрілік заттардың өзара әрекеттесу механизмі (фармакодинамикалық, фармакокинетикалық немесе біріккен) белгісіз. Осындай біріктірілімдерді қабылдаған пациенттерде рабдомиолиз (оның ішінде өліммен аяқталған) жағдайлары байқалды.

Құрамында фузидий қышқылы бар жүйелі препараттарды қолдану қажеттілігі туындаған жағдайларда олардың пайдаланудың бүкіл кезеңінде Амвастанмен емдеуді тоқтату керек.

Колхицин

Аторвастатин мен колхициннің өзара әрекеттесуіне зерттеулер жүргізілмеген, әйтсе де дәрілік заттарды біріктіріп қолданған кезде миопатияның дамыған жағдайлары туралы хабарланды. Аторвастатинді колхицинмен бірге ерекше сақтықпен пайдалану керек.

Аторвастатиннің дәрілік заттарға әсер

Дигоксин

Аторвастатинмен (10 мг) бір мезгілде қолданған кезде дигоксиннің қан плазмасындағы тепе-тең концентрациясы аздап жоғарылады, сондықтан біріктірілген ем алатын пациенттер тиісті бақылауға алынуға тиіс.

Пероральді контрацептивтер

Аторвастатинді пероральді контрацептивтермен бірге пайдаланған кезде норэтистеронның және этинилэстрадиолдың қан плазмасындағы концентрациялары жоғарылады.

Варфарин

Клиникалық зерттеуде варфаринмен ұзақ ем қабылдаған пациенттерде 80 мг дозадағы аторвастатинді күнделікті бір мезгілде қолданғанда емнің алғашқы 4 күні ішінде протромбин уақытының аздап азаюы (шамамен 1,7 секунд) байқалды, протромбин уақытының көрсеткіші 15 күннен кейін қалыпты мәндерінің шегіне оралды. Кумарин туындылары тобындағы антикоагулянттарды қабылдаған пациенттерде клиникалық маңызды өзара әрекеттесулер туралы сирек жағдайларда хабарланғанына қарамастан, протромбин уақыты көрсеткішінің елеулі өзгерістері болып жатқанын растау үшін, протромбин уақытының көрсеткішін аторвастатинді қолдану басталғанға дейін және біріктірілген емнің бастапқы сатысында барынша жиі анықтау қажет. Протромбин уақытының көрсеткіші тұрақты мәндерге жеткен жағдайларда, келесі бақылауды кумарин туындылары тобындағы антикоагулянттармен ем қабылдаған пациенттер үшін стандартты аралықтар бойынша жүргізуге болады. Аторвастатиннің дозасын өзгерткенде немесе оны қолдануды тоқтатқанда жоғарыда сипатталған емшараны қайталау керек. Антикоагулянттармен ем қабылдамаған пациенттерде, аторвастатинді қолдану аясында қан кету оқиғалары немесе протромбин уақытының өзгеруі байқалған жоқ.

Балалар мен жасөспірімдер

Дәрілік өзара әрекеттесуін зерттеулер ересектерде ғана жүргізілді, балаларда Амвастанның дәрілік заттармен өзара әрекеттесу дәрежесі белгісіз. Жоғарыда көрсетілген ересектердегі өзара әрекеттесулер және ескертулер де препаратты балаларға қолдану кезінде ескерілуі тиіс.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

1-кесте. Бірге пайдаланылатын дәрілік заттардың аторвастатинның фармакокинетикасына әсері концентрация-уақыт» қисығы астындағы ауданының (AUC) мәндерін бағалау)

Бірге пайдаланылатын дәрілік заттың дозалану режимі

Аторвастатин

Доза (мг)

AUC* арақатынасы

Клиникалық ұсынымдар#

Глекапревир 400 мг тәулігіне 1 рет/пибрентасвир 120 мг тәулігіне 1 рет 7 күн бойы

10 мг тәулігіне 1 рет 7 күн бойы

8,3

Құрамында глекапревир немесе пибрентасвир бар препараттармен бір мезгілде қолдануға болмайды.

Типранавир 500 мг тәулігіне 2 рет /ритонавир 200 мг тәулігіне 2 рет, 8 күн (14-тен 21-ші күнге дейін)

40 мг 1-ші күні, 10 мг 20-шы күні

9,4

Бір мезгілде қолдану қажет болған жағдайларда аторвастатиннің дозасы тәулігіне 10 мг-ден аспауға тиіс. Пациенттерге клиникалық мониторинг жүргізу ұсынылады.

Телапревир 750 мг әр 8 сағат сайын, 10 күн

20 мг (бір реттік доза)

7,9

Циклоспорин тәулігіне 5,2 мг/кг в (өзгермейтін доза)

10 мг тәулігіне 1 рет 28 күн бойы

8,7

Лопинавир 400 мг тәулігіне 2 рет /ритонавир 100 мг тәулігіне 2 рет, 14 күн

20 мг тәулігіне 1 рет 4 күн бойы

5,9

Бір мезгілде қолдану қажеттілігі туындаған жағдайларда аторвастатинді ең төменгі демеуші дозада пайдалану ұсынылады. Аторвастатинді 20 мг-ден асатын дозаларда пайдаланған кезде пациенттерге клиникалық мониторинг жүргізу ұсынылады.

Кларитромицин 500 мг тәулігіне 2 рет, 9 күн

80 мг тәулігіне 1 рет 8 күн бойы

4,5

Саквинавир 400 мг тәулігіне 2 рет /ритонавир (300 мг тәулігіне 2 рет, 5-тен 7-ші күнге дейін, 8-ші күні дозаны тәулігіне 2 рет 400 мг дейін арттыру), 4-тен 18-ші күнге дейін, аторвастатинді қабылдаудан кейін 30 минут өткенде

40 мг тәулігіне 1 рет 4 күн бойы

3,9

Аторвастатинмен бір мезгілде қолдану қажеттілігі туындаған жағдайларда аторвастатиннің неғұрлым төмен демеуші дозалары ұсынылады. Аторвастатинді 40 мг-ден асатын дозаларда пайдаланған кезде пациенттерге клиникалық мониторинг жүргізу ұсынылады.

Дарунавир 300 мг тәулігіне 2 рет /ритонавир 100 мг тәулігіне 2 рет, 9 күн

10 мг тәулігіне 1 рет 4 күн бойы

3,4

Итраконазол 200 мг тәулігіне 1 рет, 4 күн

40 мг (бір реттік доза)

3,3

Фосампренавир 700 мг тәулігіне 2 рет /ритонавир 100 тәулігіне 2 рет, 14 күн

10 мг тәулігіне 1 рет 4 күн бойы

2,5

Фосампренавир 1400 мг тәулігіне 2 рет, 14 күн

10 мг тәулігіне 1 рет 4 күн бойы

2,3

Эльбасвир 50 мг тәулігіне 1 рет /гразопревир 200 мг тәулігіне 1 рет, 13 күн

10 мг (бір реттік доза)

1,95

Құрамында элбасвир немесе гразопревир бар препараттармен бір мезгілде қолданған кезде аторвастатиннің дозасы тәулігіне 20 мг-ден аспауы тиіс.

Летермовир 480 мг тәулігіне 1 рет, 10 күн

20 мг (бір реттік доза)

3,29

Құрамында летермовир бар препараттармен бірге қолданған кезде аторвастатиннің дозасы тәулігіне 20 мг-ден аспауы тиіс.

Нелфинавир 1250 мг тәулігіне 2 рет, 14 күн

10 мг тәулігіне 1 рет 28 күн бойы

1,74

Арнайы нұсқаулар жоқ.

Грейпфрут шырыны 240 мл тәулігіне 1 рет &

40 мг (бір реттік доза)

1,37

Грейпфрут шырынын елеулі мөлшерде және аторвастатинді бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды.

Дилтиазем 240 мг тәулігіне 1 рет, 28 күн

40 мг (бір реттік доза)

1,51

Біріктірілген ем басталғаннан кейін немесе дилтиазем дозасын түзеткеннен кейін пациенттерге тиісті клиникалық мониторинг жүргізу ұсынылады.

Эритромицин 500 мг тәулігіне 4 рет, 7 күн

10 мг (бір реттік доза)

1,33

Аторвастатинді неғұрлым төмен ең жоғары дозада пайдалану, сондай-ақ пациенттерге клиникалық мониторинг жүргізу ұсынылады.

Амлодипин 10 мг (бір реттік доза)

80 мг (бір реттік доза)

1,18

Арнайы нұсқаулар жоқ.

Циметидин 300 мг тәулігіне 4 рет, 2 апта

10 мг тәулігіне 1 рет 2 апта бойы

1,00

Арнайы нұсқаулар жоқ.

Колестипол 10 г тәулігіне 2 рет, 24 апта

40 мг тәулігіне 1 рет 8 апта бойы

0,74^

Арнайы нұсқаулар жоқ.

Антацидтер магний гидроксиді және алюминий гидроксиді суспензиясы 30 мл тәулігіне 4 рет, 17 күн

10 мг тәулігіне 1 рет 15 күн бойы

0,66

Арнайы нұсқаулар жоқ.

Эфавиренз 600 мг тәулігіне 1 рет, 14 күн

10 мг 3 күн бойы

0,59

Арнайы нұсқаулар жоқ.

Рифампицин 600 мг тәулігіне 1 рет, 7 күн (бір мезгілде қабылдау)

40 мг (бір реттік доза)

1,12

Бір мезгілде қолдану қажеттілігі туындаған жағдайларда, пациенттерге клиникалық мониторинг жүргізу ұсынылады.

Рифампицин 600 мг тәулігіне 1 рет, 5 күн (бөлек қабылдау)

40 мг (бір реттік доза)

0,20

Гемфиброзил 600 мг тәулігіне 2 рет, 7 күн

40 мг (бір реттік доза)

1,35

Аторвастатинді неғұрлым төмен бастапқы дозада пайдалану және пациенттерге клиникалық мониторинг жүргізу ұсынылады.

Фенофибрат 160 мг тәулігіне 1 рет, 7 күн

40 мг (бір реттік доза)

1,03

Аторвастатинді неғұрлым төмен бастапқы дозада пайдалану және пациенттерге клиникалық мониторинг жүргізу ұсынылады.

Боцепревир 800 мг тәулігіне 3 рет, 7 күн

40 мг (бір реттік доза)

2,3

Аторвастатинді неғұрлым төмен бастапқы дозада пайдалану және пациенттерге клиникалық мониторинг жүргізу ұсынылады. Боцепревирмен бірге қолданған кезде аторвастатиннің дозасы тәулігіне 20 мг-ден аспауы тиіс.

* Деректер аторвастатинді дәрілік заттармен бірге пайдаланған кездегі AUC мәндері мен монотерапияның арақатынасы түрінде келтірілген.

& Грейпфрут шырынының құрамында CYP3A4 тежейтін және қан плазмасында метаболизміне CYP3A4 қатысатын дәрілік заттардың концентрациясын ұлғайтуы мүмкін бір немесе бірнеше компонент бар. Бір стақан грейпфрут шырынын (240 мл) пайдаланған кезде аторвастатиннің белсенді орто-гидроксиметаболиті үшін AUC мәні 20,4%-ға төмендеді. Грейпфрут шырынын елеулі мөлшерде (5 күн бойы тәулігіне 1,2 л астам) пайдаланған кезде аторвастатин үшін AUC мәні 2,5 есе жоғарылады, ал ГМГ-КоА-редуктазаның белсенді тежегіштері (аторвастатин және оның метаболиттері) үшін AUC мәні 1,3 есе жоғарылады.

^ Көрсеткіш дәрілік затты қабылдаудан кейін 8-16 сағат өткенде бір рет өлшеу кезінде алынған деректердің негізінде есептелген.

2-кесте. Аторвастатиннің бірге қолданылатын дәрілік заттардың фармакокинетикасына әсері

Аторвастатиннің дозалану режимі

Бірге қолданылатын дәрілік зат

Доза (мг)

AUC* арақатынасы

Клиникалық

ұсынымдар

80 мг тәулігіне 1 рет 10 күн бойы

Дигоксин 0,25 мг тәулігіне 1 рет, 20 күн

1,15

Пациенттерге тиісті клиникалық мониторинг жүргізу керек.

40 мг тәулігіне 1 рет 22 күн бойы

Пероральді контрацептивтер тәулігіне 1 рет, 2 ай

  • Норэтистерон 1 мг

  • Этинилэстрадиол 35 мкг

1,28

1,19

Арнайы нұсқаулар жоқ.

80 мг тәулігіне 1 рет 15 күн бойы

Феназон# 600 мг (бір реттік доза)

1,03

Арнайы нұсқаулар жоқ.

10 мг (бір реттік доза)

Типранавир 500 мг тәулігіне 2 рет /ритонавир 200 мг тәулігіне 2 рет 7 күн бойы

1,08

Арнайы нұсқаулар жоқ.

10 мг тәулігіне 1 рет 4 күн бойы

Фосампренавир 1400 мг тәулігіне 2 рет, 14 күн

0,73

Арнайы нұсқаулар жоқ.

10 мг тәулігіне 1 рет 4 күн бойы

Фосампренавир 700 мг тәулігіне 2 рет /ритонавир 100 мг тәулігіне 2 рет, 14 күн

0,99

Арнайы нұсқаулар жоқ.

* Деректер аторвастатинді дәрілік заттармен бірге пайдаланған кездегі AUC мәндері мен монотерапияның арақатынасы түрінде келтірілген.

# Бір мезгілде көп рет қолданған кезде аторвастатин феназонның клиренсіне ықпал етпейді немесе елеусіз ықпал етеді.

Арнайы сақтандырулар

Педиатрияда қолданылуы

Үш жылдық зерттеу деректеріне сәйкес, Таннер шкаласы бойынша көрсеткіштерді және бойы мен дене салмағының көрсеткіштерін бағалау нәтижелерін ескере отырып, аторвастатин физикалық және жыныстық дамуға клиникалық мәні бар ықпалын тигізген жоқ.

Жүктілік және лактация кезінде қолданылуы

Амвастанды әйелдерге жүктілік кезеңінде пайдалануға болмайды. Препаратты әйелдерде жүктілік кезінде қолдану қауіпсіздігі анықталған жоқ. Аторвастатинді әйелдерде жүктілік кезінде қолдануға бақыланатын клиникалық зерттеулер жүргізілген жоқ. ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерінің жатырішілік кезеңде әсер етуінен кейін дамудағы туа біткен кемістіктердің туындауы туралы сирек хабарламалар бар. Жануарлардағы зерттеулерден алынған деректер ұрпақ өрбітуге уыттылығын айғақтайды.

Аторвастатинді әйелдерде жүктілік кезінде қолдану шаранада холестериннің ізашары болып табылатын мевалонат деңгейінің төмендеуімен қатар жүруі мүмкін. Атеросклероз созылмалы үдеріс болып табылады және, әдетте, жүктілік кезеңінде гиполипидемиялық дәрілермен емді тоқтату бастапқы гиперхолестеринемиямен байланысты ұзақ мерзімді қауіпке елеусіз ықпал етеді.

Осыған байланысты, Амвастанды жүктілік кезеңіндегі әйелдерде, жүктілікті жоспарлаған немесе жүктілік бар деп болжанған әйелдерде пайдаланбаған жөн. Әйелдерде жүктілік кезеңінде немесе жүктіліктің жоқ екені анықталғанға дейін Амвастанмен емді тоқтату керек.

Аторвастатин немесе оның метаболиттері емшек сүтімен бөлінетіні белгісіз. Егеуқұйрықтардағы зерттеуде аторвастатин мен оның белсенді метаболиттерінің емшек сүтіндегі концентрациясы қан плазмасындағы концентрациясымен салыстырымды екені анықталды. Ауыр жағымсыз реакциялардың даму қаупіне байланысты, Амвастанмен ем қабылдайтын әйелдер балаға емшек емізбеуі керек. Препаратты емшек емізу кезеңінде әйелдерге пайдалануға болмайды.

Препаратты көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Аторвастатин автокөлікті жүргізу және механизмдерді басқару қабілетіне елеусіз әсер етеді.

Қолдану жөніндегі нұсқаулар

Дозалану режимі

Амвастанмен емдеу басталғанға дейін пациент холестерин мөлшері төмен стандартты диетаға көшірілуге тиіс, оны емнің курсы бойы сақтап отыру қажет.

Препараттың дозасын қандағы ХС-ТТЛП бастапқы деңгейін, емнің мақсатын және пациенттің емдеуге жауабын ескере отырып, әркімге жеке таңдау қажет.

Бастапқы доза, әдетте, тәулігіне 1 рет 10 мг аторвастатинді құрайды. Дозаны түзетуді 4 апта және одан көбірек аралықпен жүргізу керек. Аторвастатиннің ең жоғарғы дозасы тәулігіне 1 рет 80 мг құрайды.

Алғашқы гиперхолестеринемия және біріктірілген (аралас) гиперлипидемия

Пациенттердің көпшілігінде қанағаттанарлық жауап аторвастатинді тәулігіне 1 рет 10 мг дозада қолданған кезде байқалады. Емдік әсері 2 аптаның ішінде білінуі мүмкін; ең жоғары емдік әсері, әдетте, 4 аптадан кейін дамиды. Қол жеткізілген әсері ұзақ ем жүргізу кезінде сақталады.

Гетерозиготалы отбасылық гиперхолестеринемия

Бастапқы доза тәулігіне 1 рет 10 мг аторвастатинді құрайды. Препараттың дозасын 4 апта аралықпен тәулігіне 40 мг дейін әркімге жеке түрде түзету қажет. Ақырында дәрілік заттың дозасын ең жоғарғы тәуліктік доза 80 мг дейін арттыруға немесе тәулігіне 1 рет 40 мг дозада аторвастатинмен және өт қышылдарының секвестранттарымен (ион алмастырғыш шайырлар) біріктірілген емдеу жүргізуге болады.

Гомозиготалы отбасылық гиперхолестеринемия

Қазіргі уақытта шектеулі деректер бар.

Гомозиготалы отбасылық гиперхолестеринемиясы бар пациенттерде аторвастатиннің дозасы тәулігіне 10-80 мг құрайды . Мұндай пациенттерде аторвастатинді қандағы липидтер деңгейін төмендетуге бағытталған емдеудің басқа әдістеріне (мысалы, ТТЛП аферезі) қосымша ретінде, немесе мұндай әдістерді пайдалану мүмкіндігі болмаған жағдайларда қолдану керек.

Жүрек-қантамырлық асқынулардың профилактикасы

Клиникалық зерттеулерде жүрек-қантамырлық асқынулардың бастапқы профилактикасы үшін аторвастатин тәулігіне 10 мг дозада пайдаланылды. Қанда қазіргі уақытта бар ұсынымдарға сәйкес келетін ХС-ТТЛП деңгейіне жету үшін, дәрілік затты неғұрлым жоғары дозаларда пайдалану қажеттілігі туындауы мүмкін.

Пациенттердің ерекше тобы

Балалар

Гиперхолестеринемия

Амвастанмен емдеуді балалардағы гиперлипидемияны емдеуде тәжірибесі бар дәрігер жүргізуге тиіс. Емдеудің тиімділігіне баға беру үшін пациенттерге тұрақты мониторинг жүргізу қажет.

Гетерозиготалы отбасылық гиперхолестеринемиясы бар 10 жастағы және одан үлкен пациенттерде аторвастатиннің ұсынылған бастапқы дозасы тәулігіне 10 мг құрайды. Емге жауабын және дәрілік заттың жағымдылығын ескере отырып, аторвастатиннің дозасы тәулігіне 80 мг дейін арттырылуы мүмкін.

Аторвастатиннің дозасын емнің мақсатын ескере отырып әркімге жеке таңдау керек, дозаны түзетуді 4 апта және одан көбірек аралықпен жүргізген жөн. Гетерозиготалы отбасылық гиперхолестеринемиясы бар ересектердегі клиникалық зерттеулер деректерінің және балалардағы клиникалық зерттеулердің шектеулі деректерінің негізінде дәрілік заттың дозасын тәулігіне 80 мг дейін арттыруға болады.

Гетерозиготалы отбасылық гиперхолестеринемиясы бар 6-10 жастағы балаларда препаратты қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы шектеулі деректер бар. Аторвастатин 10 жасқа толмаған балаларға қолдануға арналмаған, дәрілік заттың дозалануы жөнінде қандай да бір ұсынымдар жоқ.

Пациенттердің бұл санатында дәрілік заттың басқа дәрілік түрлерін/дозалану режимдерін пайдалану мақсатқа сай болуы мүмкін.

Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер

Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерде Амвастанды сақтықпен пайдалану керек. Белсенді фазадағы бауыр аурулары бар пациенттерде препаратты қолдануға болмайды.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер

Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде дозаны түзетудің қажеті жоқ.

Егде жастағы пациенттер

Ұсынылған дозаларда қолданған кезде жасы 70-тен асқан пациенттерде препараттың тиімділігі мен жағымдылығы жалпы популяциядағы пациенттердегі осындайлармен салыстырымды.

Басқа препараттармен біріктірілген емдеу

С гепатитін емдеу үшін элбасвир/гразопревир біріктірілімімен немесе цитомегаловирустық инфекцияның профилактикасы үшін летермовирмен ем қабылдайтын пациенттерде аторвастатиннің дозасы тәулігіне 20 мг-ден аспауға тиіс.

Летермовирмен және циклоспоринмен біріктірілген ем алып жүрген пациенттерде аторвастатинді пайдалану ұсынылмайды.

Енгізу әдісі және жолы

Таблеткаларды ішке қабылдайды (таблеткаларды тәуліктің кез келген уақытында тамақ ішуге байланыссыз қабылдауға болады). Аторвастатиннің тәуліктік дозасын бірден қабылдау керек.

Артық дозалану жағдайында қабылдау қажет болатын шаралар

Аторвастатин артық дозаланған жағдайларда қажет болса симптоматикалық және демеуші емдеу жүргізу керек (арнайы антидоты белгісіз); сондай-ақ бауыр функциясын және қан сарысуындағы КФК концентрациясын бақылау қажет. Аторвастатин қан плазмасы ақуыздарымен елеулі дәрежеде байланысатындықтан, гемодиализ кезінде дәрілік заттың клиренсі айтарлықтай ұлғаяды деп күтілмейді.

Дәрілік препаратты стандартты қолдану кезінде көрініс табатын жағымсыз реакциялардың сипаттамасы және осы жағдайда қабылдануы керек шаралар

Инфекциялық және паразиттік аурулар: жиі - назофарингит.

Қан және лимфа жүйесі тарапынан: сирек - тромбоцитопения.

Иммундық жүйе тарапынан: жиі – аллергиялық реакциялар; өте сирек - анафилаксия.

Зат алмасуы және тамақтану тарапынан: жиі - гипергликемия; жиі емес - гипогликемия, дене салмағының жоғарылауы, анорексия.

Психиканың бұзылулары: жиі еместүнгі қорқынышты түстер, ұйқысыздық.

Жүйке жүйесі тарапынан: жиібас ауыруы; жиі емесбас айналу, парестезия, гипестезия, дисгевзия, амнезия; сирек - шеткері нейропатия; жиілігі белгісіз – гравис миастениясі.

Көру мүшесі тарапынан: жиі емесанық көрудің бұзылуы; сиреккөрудің бұзылулары; жиілігі белгісіз – миастенияның көздегі түрі.

Есту мүшесі және лабиринттік бұзылулар: жиі емесқұлақтың шуылдауы; өте сирекестімей қалу.

Тыныс алу жүйесі, кеуде қуысы мен көкірек ортасы: жиі – фаринголарингеальді ауыру, мұрыннан қан кету.

Асқазан-ішек жолдары тарапынан: жиі – іш қату, метеоризм, диспепсия, жүрек айну, диарея; жиі емес - құсу, іштің жоғарғы және төменгі бөлігінде ауыру, кекіру, панкреатит.

Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан: жиі емес - гепатит; сирек - холестаз; өте сирек – бауыр жеткіліксіздігі.

Тері және тері асты тіндері тарапынан: жиі емес - есекжем, тері бөртпесі, қышыну, алопеция; сирек – ангионевроздық ісіну, мультиформалы эритеманы қоса, буллездік дерматит, Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермалық некролиз.

Қаңқа-бұлшықет және дәнекер тін тарапынан: жиі - миалгия, артралгия, аяқ-қол ауыруы, бұлшықет түйілуі, буын ісінуі, арқаның ауыруы; жиі емес – мойын ауыруы, бұлшықет әлсіздігі; сирек - миопатия, миозит, рабдомиолиз, бұлшықет жыртылуы, кейде сіңірдің үзілумен қатар жүретін тендинопатия; өте сирек – жегі тәрізді синдром; жиілігі белгісіз – иммунитетке байланысты некроздаушы миопатия (ИБНМ) .

Жыныс ағзалары және сүт безі тарапынан: өте сирек - гинекомастия.

Жалпы бұзылыстар және енгізген жердегі бұзылулар: жиі емес - әлсіздік, астения, кеуде қуысының ауыруы, шеткері ісінулер, шаршау, дене температурасының жоғарылауы.

Зертханалық және аспаптық зерттеулердің нәтижелеріне әсері: жиі – бауырдың функционалдық көрсеткіштерінің бұзылуы, қандағы креатинкиназа деңгейінің жоғарылауы; жиі емес – несептегі лейкоциттерді анықтау кезіндегі зерттеудің оң нәтижесі.

ГМГ-КоА редуктазаның басқа тежегіштерін пайдаланған кездегідей, аторвастатинді қолданған кезде пациенттерде қан сарысуындағы трансаминазалар деңгейінің жоғарылауы байқалды. Жоғарыда аталған өзгерістер, әдетте, айқындығы елеусіз, өтпелі сипатта болды және емді тоқтатумен қатар жүрген жоқ. Қан сарысуындағы трансаминазалар деңгейінің клиникалық маңызды жоғарылауы (ҚМЖШ 3 еседен астам жоғары) аторвастатинмен ем алған 0,8% пациенттерде тіркелді. Барлық пациенттерде жоғарыда көрсетілген өзгерістер дозаға тәуелді сипатта әрі қайтымды болды.

Аторвастатинмен ем алған 2,5% пациенттерде қан арысуындағы КФК концентрациясы ҚМЖШ 3 еседен астам жоғары болды; ГМГ-КоА-редуктазаның басқа тежегіштерін қолданған кездегі клиникалық зерттеулерде ұқсас нәтижелер алынды. Аторвастатинді қабылдаған 0,4% пациенттерде қан арысуындағы КФК концентрациясы ҚМЖШ 10 еседен астам жоғары болды.

Балалар мен жасөспірімдер

Аторвастатинді қабылдаған 10-17 жастағы балалар мен жасөспірімдерде, жағымсыз реакциялар бейіні жалпы алғанда плацебо қабылдаған пациенттердегі осындайлармен салыстырымды болды; пайда болу себебіне қарамастан, екі топта да тіркелген ең жиі жағымсыз реакциялар инфекциялар болды. Үш жылдық зерттеу барысында Таннер шкаласы бойынша көрсеткіштерді, сондай-ақ бойы мен дене салмағының көрсеткіштерін бағалау нәтижелеріне сәйкес, физикалық және жыныстық дамуға клиникалық мәні бар ықпалы байқалған жоқ. Аторвастатиннің балалар мен жасөспірімдердегі қауіпсіздік пен жағымдылық бейіні ересек пациенттердегі осындайлармен салыстырымды болды.

Аторвастатинді қолданудың клиникалық қауіпсіздігі жөніндегі деректер базасы бала жастағы 520 пациент туралы мәліметтерді қамтиды (7 пациент 6 жасқа толмағандар, 121 пациент 6-9 жаста, 392 пациент 10-17 жаста). Қолда бар деректерге сәйкес балаларда жағымсыз реакциялардың пайда болу жиілігі, типі және ауырлық дәрежесі ересектердегі осындайлармен салыстырымды.

Кейбір статиндерді қолданған кезде мынадай жағымсыз реакциялар байқалды: сексуалдық дисфункция, депрессия, интерстициальді өкпе ауруы (сирек жағдайларда), атап айтқанда ұзақ емдеу кезінде, қант диабеті (жиілігі қауіп факторларының бар-жоғына байланысты болады: ашқарында қандағы глюкоза деңгейі 5,6 ммоль/л және одан көбірек, ДСИ 30 кг/м2 астамды құрайды, қандағы ТГ деңгейлерінің жоғарылауы, анамнездегі артериялық гипертензия).

Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе, дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға болатын жағымсыз реакциялар (әсерлер) жөніндегі ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласу керек:

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препарат құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат: аторвастатин (кальций аторвастатині тригидраты түрінде) 40 мг;

қосымша заттар: кальций карбонаты, лактоза моногидраты, микрокристалды целлюлоза, натрий кроскармеллозасы, сахароза стеараты, магний стеараты.

Қабықтың құрамы: Опадри® ақ Y-1-7000 (гипромеллоза, полиэтиленгликоль, титанның қостотығы).

Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы

Ұзын, екі беті дөңес, ақ түсті үлбірлі қабықпен қапталған, бір жағында бөлу сызығы бар таблеткалар.

Шығарылу түрі және қаптамасы

10 таблеткадан полиамидті/алюминий үлбірден және баспалы алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады.

3 пішінді қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынады.

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!

Сақтау шарттары

25ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші туралы мәліметтер

«Уорлд Медицин Илач Сан. ве Тидж. А.Ш.», Түркия

15 Теммуз Мах., Джами Йолу Джад, № 50, Гюнешли, Багджылар, Стамбул

Тел: +90 (212) 474 70 50

факс: +90 (212) 474 09 01

е-mail: info@worldmedicine.com.tr

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

«Уорлд Медицин Илач Сан. ве Тидж. А.Ш.», Түркия

15 Теммуз Мах., Джами Йолу Джад, № 50, Гюнешли, Багджылар, Стамбул

Тел: +90 (212) 474 70 50

факс: +90 (212) 474 09 01

е-mail: info@worldmedicine.com.tr

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттар сапасына қатысты шағымдар (ұсыныстар) қабылдайтын ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электрондық пошта)

«RIN Pharm» (РИН Фарм) ЖШС, ҚР, Алматы, Сүйінбай даңғ., 222 Б

Тел/факс: 8 (7272) 529090

е-mail: rin_pharma@mail.ru

Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электрондық пошта)

«RIN Parm» (РИН Фарм) ЖШС, ҚР, Алматы, Сүйінбай даңғ., 222 Б

Ұялы тел +7 701 786 33 98.

е-mail: pvpharma@worldmedicine.kz

Прикрепленные файлы

Амвастан_ЛВ_каз._._._.docx 0.08 кб
Инструкция_ЛВ_рус_cor.docx 0.08 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту