Аллергостоп® (4%) (Капли глазные и назальные)
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
АЛЛЕРГОСТОП®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Кромоглиций қышқылы
Дәрілік түрі
4% көз және мұрын тамшылары
Құрамы
100 мл ерітіндінің құрамында
белсенді зат - 4.00 г натрий кромогликаты,
қосымша заттар: бензалконий хлориді, инъекцияға арналған су.
Сипаттамасы
Мөлдір немесе сәл бозаңданатын, түссізден сарғыш түске дейінгі сұйықтық.
Фармакотерапиялық тобы
Деконгестанттар және аллергияға қарсы препараттар.
АТЖ коды S01GХ01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Көздің шырышты қабығы арқылы сіңірілуі болымсыз. Ең жоғары аллергияға қарсы әсері қолданғаннан кейін алғашқы 2 сағат ішінде, әсер ету ұзақтығы 4-6 сағатқа дейін білінеді.
Жүйелі биожетімділігі - 0,03%-дан аз. Жартылай шығарылу кезеңі - 5-10 минут. Қан плазмасының ақуыздарымен байланысы – 65%.
Мұрын ішіне қолданғаннан кейін <7% доза мұрын қуысынан сіңіріліп, жүйелі қан ағымына түседі. Препараттың емдік әсерін қамтамасыз етудің негізгі факторы жергілікті қолданғаннан кейін нысана-мүшеде қол жеткізілетін натрий кромогликатының концентрациясы болып табылады. Жартылай шығарылу кезеңі (T1/2) - 80 мин.
Натрий кромогликаты метаболизденбейді. Препарат ағзадан несеппен және өтпен тең мөлшерлерде 24 сағат ішінде өзгермеген күйде шығарылады.
Фармакодинамикасы
Жасушалық жарғақшаны тұрақтандыру жолымен жуан жасушалардың түйіршіксізденуін бәсеңдете отырып, натрий кромогликаты аллергия медиаторлары - гистаминнің, брадикининнің, простагландиндердің, лейкотриендердің, соның ішінде «баяу белгі беретін субстанциялардың» және басқа биологиялық белсенді заттардың бөлініп шығуын болдырмайды. Фосфодиэстеразаның белсенділігін бәсеңдетеді және жасуша ішіндегі цАМФ концентрациясын арттырып, кальций иондарының цитозолдарға енуін бөгейді. Бұл әсер ету механизмі барлық шырышты қабықтар (мұрын, көз) үшін әмбебап болып табылады.
Ең көп емдік тиімділігіне тамшыларды алдын ала қолданғанда қол жеткізіледі. Сондықтан оны аллергия нышандары білінуінен біраз бұрын (бұл маусымдық аллергия жағдайларына қатысты) қолдана бастаған дұрыс.
Клиникалық әсері бірнеше күннен кейін, ал ең жоғары әсері – қабылдағаннан кейін 15 күн өткен соң байқала бастайды.
Аллергостоп® көз аллергиялары белгілерінің көп бөлігін тиімді жеңілдетеді немесе толықтай басады, маусымдық аллергиялық жедел конъюнктивиттерде, пішен қызбасында, вернальді және гиганттық папиллярлық кератоконъюнктивиттерде едәуір белсенділік танытады.
Аллергостоп® шырышты қабық тамырларының жоғары өткізгіштігін де азайтып, аллергеннің және айрықша белгісі жоқ стимулдардың жуан жасушаларға жетуін шектеуі мүмкін.
Қолданылуы
- аллергиялық этиологиядағы жедел және созылмалы конъюнктивиттердің алдын алу және емдеу
- аллергиялық этиологиядағы маусымдық немесе жыл бойғы риниттің, поллиноздың («пішен қызбасының») алдын алу және емдеу
- ластанған қоршаған ортаға және тұрмыстық химия заттарына, түтін, тозаңдану, еріткіштердің және басқа химия заттардың булары сияқты кәсіби зиянды заттарға, косметикалық заттарға және көздің дәрілік препараттарына, өсімдіктерге және үй жануарларына аллергиялық реакциялармен байланысты көздің шырышты қабығының тітіркенуін жеңілдету және басу үшін
Қолдану тәсілі және дозалары
Ересектерге және 8 жастан асқан балаларға:
- көз тамшылары түрінде бірдей уақыт аралықтарында тәулігіне 4 рет конъюнктивальді қапшыққа тамызады (әсер еткеннен кейін қолданулар арасындағы аралықтарды біртіндеп арттырады). Қажет болғанда, тәуліктік дозаны 6-8 тамызуға дейін арттыруға болады.
- ринитте мұрын тамшылары түрінде әр танауға тәулігіне 3-4 рет препараттың 1-2 тамшысын тамызады. Тамызулар жиілігін тәулігіне 6 ретке дейін арттыруға болады.
Аллергостоп® ұзақ уақыт емдеуге арналған. Жеделге жуық және созылмалы үдерістерді алдын ала емдеуді аллергенмен жанасуға дейін бастау керек. Емдеуді науқас аллергендердің әсеріне (тозаңдар, үй тозаңы, зең споралары, тағамдық аллергендер) ұшыраған кезең бойына жалғастыру қажет. Созылмалы ауруларда қолдану ұзақтығы сырқаттың клиникалық өтуіне қарай белгіленеді. Тиімді ем әсерін ұдайы бағалаған жөн, қажет жағдайда, дозаны азайту ұсынылады.
Тамшылатқыш-құты ұшының басқа заттармен немесе беткейлермен жанаспауын қадағалау қажет. Тамызғаннан кейін тамшылатқыш-құтыны қалпақшамен жабады.
Жағымсыз әсерлері
Жиі
- гиперемия, ашыту сезімі, көздің жергілікті тітіркенуі (1-3 минуттан соң өз бетінше кетеді)
Сирек
- тамызғаннан кейін көрудің уақытша тұмандануы
- көзде басқа текті денені сезіну
- көзден жас ағудың артуы немесе оның құрғауы
- мейбомит (теріскен)
- қасаң қабық эпителийінің беткейлі зақымдануы
- мұрынның шырышты қабығының тітіркенуі немесе ашытуы, эпистаз, түшкіру, жөтелу, ринорея
- тамақтың жеңіл кеберсуі, мұрыннан қан кету
- бас ауыруы, бас айналуы, бас сақинасы
Өте сирек
- ентігу, бронх түйілуі, беттің, еріннің, тілдің, қабақтың ангионевротикалық ісінуі, анафилактикалық реакциялар, артралгия, бөрту, есекжем, терінің қышынуы, тыныс алудың қиындауы, экзантема
- дәм сезудің өзгеруі, дисфагия, жүрек айнуы, іштің ауыруы
- артериялық гипотензия
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препаратқа және оның құрамдас бөліктеріне жекеше жоғары сезімталдықта
- мұрын қуысындағы полиптерде (мұрынішілік түрлеріне арналған)
- 8 жасқа дейінгі балалық кезеңде
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Көз тамшылары түріндегі препарат үшін — тұжырымдалмаған.
Басқа көз тамшыларын қолданған жағдайда оларды 5 минуттық аралықпен пайдалану керек.
Мұрын тамшылары түріндегі натрий кромогликатын басқа препараттармен бір мезгілде қолданған кездегі теріс дәрілік өзара әрекеттесулер жөнінде деректер жоқ.
Аллергостоп® гистаминге қарсы препараттардың, β-адреномиметиктердің, глюкокортикостероидтар мен теофиллиннің әсерін күшейтуі мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
Құтының бүтіндігіне нұқсан келсе, сондай-ақ ерітінді тұманданса, препаратты пайдалануға болмайды.
Аллергостоп® құрамында көздің тітіркенуін туғызатын бензалконий хлориді бар. Бензалконий хлориді жұмсақ жанаспалы линзалар түсінің өзгеруіне әкелуі мүмкін. Препаратты қолдану алдында линзаларды (кез келген) алып тастаған және оларды қайта кимес бұрын кемінде 15 минут күте тұрған дұрыс. Жедел қабынуда және созылмалы үдерістің асқыну кезеңінде препаратты гистаминге қарсы дәрілермен немесе кортикостероидтармен қосып қолдану керек. Емделуші препаратты ұдайы қолдану қажет екені жөнінде ескертілуге тиіс. Емдеуді аллергенмен жанасуға дейін бастайды және аллерген әсерінің бүкіл кезеңінде жалғастырады.
Мұрын тамшылары түріндегі Аллергостопты® қолдануға дейін 2-3 күн бойы әсерді жеделдету үшін ісінуге қарсы дәрілерді қолдануға болады.
Педиатрияда қолданылуы
8 жасқа дейінгі балалардағы дәрілік заттың тиімділігі мен қауіпсіздігі жөнінде деректер жоқ.
Жүктілік және лактация кезеңі
Натрий кромогликаты емшек сүтімен болымсыз мөлшерде бөлініп шығады, сондықтан препаратты емшек емізу кезеңінде қолданғанда жас балаларға зиянды әсер ету қаупі тым аз немесе мүлде жоқ.
Препаратты жүктілік кезінде немесе лактация кезеңінде қолдану емнен күтілетін пайда ұрыққа немесе сәбиге төнетін зор қатерден артық болған жағдайларда ғана ұсынылады.
Дәрілік заттың автокөлікті және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препарат көру мүшесіне препаратты тікелей қолданғаннан кейін бірнеше минут ішінде әсер етеді. Сондықтан емделуші көлік құралын басқарудан немесе басқа қауіптілігі зор механизмдермен жұмыс істеуден бұрын көрудің тұмандануы басылғанша күте тұруға тиіс.
Артық дозаланғанда
Препаратты жергілікті қолданған кезде артық дозалану жағдайларының ықтималдығы аз және сипатталмаған.
Шығарылу түрі және қаптамасы
10 мл-ден алғашқы ашылуы бақыланатын бұралатын қақпақтармен тұмшалана тығындалған полиэтиленді тамшылатқыш-құтыларда.
1 құтыдан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеде.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде, 15 оС-ден 25 оС-ге дейінгі температурада сақтау керек.
Ашылғаннан кейін тығыз жабылған қаптамада сақтап, 4 апта ішінде пайдалану керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші
«ЛеКос» ЖШС
050000, Алматы қ., Қабанбай батыр к-сі, 114-13.
Тіркеу куәлігінің иегері
«ЛеКос» ЖШС, Қазақстан
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
050000, Алматы қ., Қабанбай батыр к-сі, 114-13, тел./факс: 223-13-62.
e-mail: lecos1@mail.ru