Адуцил (100 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Адуцил
Халықаралық патенттелмеген атауы
Цилостазол
Дәрілік түрі
50 мг және 100 мг таблеткалар
Құрамы
50 мг 1 таблетка құрамында
белсенді зат – 50.00 мг цилостазол,
қосымша заттар: жүгері крахмалы, микрокристалды целлюлоза 101, гипромеллоза Е5, кальций кармеллозасы, микрокристалды целлюлоза 12, магний стеараты.
100 мг 1 таблетка құрамында
белсенді зат – 100.00 мг цилостазол,
қосымша заттар: жүгері крахмалы, микрокристалды целлюлоза 101, гипромеллоза Е5, кальций кармеллозасы, микрокристалды целлюлоза 12, магний стеараты.
Сипаттамасы
Ақ немесе ақ дерлік түсті, дөңгелек, жалпақ, бір жақ бетінде «50» өрнегі бар таблеткалар (50 мг доза үшін).
Ақ немесе ақ дерлік түсті, дөңгелек, жалпақ, бір жақ бетінде «100» өрнегі бар таблеткалар (100 мг доза үшін).
Фармакотерапиялық тобы
Антикоагулянттар. Тромбоциттер агрегациясының тежегіштері (гепаринді қоспағанда). Цилостазол.
АТХ коды B01AC23
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Цилостазолды тәулігіне 2 рет 100 мг дозада қабылдағанда шеткері артериялардың окклюзиялық аурулары бар пациенттерде препарат қанда тепе-тең концентрацияға 4 күннен кейін жетеді.
Цилостазолдың және оның негізгі метаболиттерінің ең жоғары концентрациясы (Cmax) дозаның артуына пропорционалдыға қарағанда, азырақ артады. Бұл кезде цилостазолдың және оның негізгі метаболиттерінің «концентрация-уақыт» қисығы астындағы ауданының (AUC) шамасы шамамен дозаның жоғарылауына пропорционалды түрде артады.
Цилостазолдың жартылай шығарылуының бақыланатын кезеңі 10.5 сағатты құрайды. Негізгі екі метаболиттің, дегидроцилостазолдың және 4’-транс-гидроксицилостазолдың, жартылай шығарылуының бақыланатын кезеңі ұқсас болды.
Плазмадағы дегидроцилостазол және 4’-транс-гидроксицилостазол концентрациялары (AUC негізінде баға берілген) өзгеруге ұшырамаған цилостазол концентрациясының, сәйкесінше, ~41%-ын және ~12%-ын құрайды. Цилостазол қан плазмасы ақуыздарымен, негізінен альбуминмен 95-98%-ға байланысады. Дегидроцилостазол және 4’-транс-гидроксицилостазол ақуыздармен, сәйкесінше, 97.4%-ға және 66%-ға байланысады.
Цилостазол организмнен көбіне бауырдағы метаболизм арқылы, кейіннен метаболиттердің несеппен бірге шығарылуымен элиминацияланады. Цилостазол, негізінен, CYP3А4 изоферментінің әсерімен, аз дәрежеде CYP2С19 изоферментінің және одан да аз дәрежеде CYP1A2 изоферментінің әсерімен метаболизденеді. Цилостазол асқын тотығатын бауырлық микросомальді ферменттердің индукторы болып табылмайды.
Цилостазол организмнен көбіне несеппен бірге (74%) шығарылады, қалған препарат нәжіспен бірге шығарылады. Өзгермеген цилостазол несептен іс жүзінде байқалмайды. Препараттың қабылданған дозасының 2%-дан азы несеппен бірге дегидроцилостазол түрінде шығарылады. Қабылданған дозаның шамамен 30%-ы несеппен бірге 4’-транс-гидроксицилостазол түрінде шығарылады. Қалған препарат әртүрлі метаболиттер түрінде шығарылады, олардың әрқайсысы қабылданған дозаның ең көп дегенде 5%-ын құрайды.
Дені сау 50-80 жастағылардың қатысуымен жүргізілген зерттеулерде цилостазолдың фармакокинетикасына жас пен жыныстың айтарлықтай ықпалын тигізбейтіндігі анықталды.
Пациенттердің ерекше топтары
Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі
Бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде, бүйрек функциясы қалыпты адамдарға қарағанда, цилостазолдың бос фракциясы 27%-ға жоғары, ал өзгермеген цилостазолдың Cmax және AUC көрсеткіштері, сәйкесінше, 29%-ға және 39%-ға төмен болатындығы анықталды. Бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде, бүйрек функциясы қалыпты пациенттерге қарағанда, дегидроцилостазолдың Cmax және AUC көрсеткіштері, сәйкесінше, 41%-ға және 47%-ға төмен болады. Мұндайда бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде, бүйрек функциясы бұзылмаған пациенттермен салыстырғанда, 4’-транс-гидроксицилостазолдың (негізінен несеппен бірге экскрецияланатын метаболит) Cmax және AUC көрсеткіштері, сәйкесінше, 173%-ға және 209%-ға артады. Цилостазолды бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар (креатинин клиренсі ≤ 25 мл/мин) пациенттерде қолдануға болмайды.
Бауыр функциясының жеткіліксіздігі
Бауыр функциясының орташа жеткіліксіздігі бар пациенттерде, дені сау адамдармен салыстырғанда, плазмадағы концентрацияның жоғары шегі және AUC, сәйкесінше, 25%-ға және 10%-ға артты. Бүйрек функциясының орташа жеткіліксіздігі бар пациенттерде, дені сау адамдармен салыстырғанда, плазмадағы концентрацияның жоғары шегі және AUC, сәйкесінше, 50%-ға және 16%%-ға артты. Бауыр функциясының орташа және ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде цилостазолды қолдану жөнінде деректер жоқ. Цилостазол микросомальді тотығудың бауырлық ферменттерімен елеулі дәрежеде метаболизденетін болғандықтан, бауыр функциясының орташа немесе ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде қолдануға болмайды.
Фармакодинамикасы
Цилостазолдың фармакологиялық әсерінің негізгі механизмі 3 типті фосфодиэстеразаның тежелуі және, демек, әртүрлі ағзаларда және тіндерде циклді аденозинмонофосфаттың (цАМФ) жасушаішілік мөлшерінің жоғарылауы болып табылады.
Іс-тәжірибелік және клиникалық зерттеулерде цилостазолдың вазодилатациялық әсерінің бар екендігі анықталды.
Іс-тәжірибелік және клиникалық зерттеулерде in vivo және ex vivo жағдайларында тромбоциттерде цАМФ мөлшерін цилостазолдың арттыратындығы және қайтымды антиагреганттық әсерді туындататыны анықталды. Бұдан басқа, цилостазол тромбоцитарлық өсу факторының және тромбоцитарлық 4 (PF-4) фактордың адам тромбоциттерімен босап шығуын бөгейді.
Зерттеулер кезінде байқалған цилостазолдың қосымша, потенциалды пайдалы әсерлері триглицеридтердің сарысулық деңгейінің төмендеуі және тығыздығы жоғары липопротеидтер (ТЖЛП) құрамындағы холестерин концентрациясының жоғарылауы болды.
Цилостазолдың оң инотроптық әсері бар. Клиникалық зерттеулерде мезгіл-мезгіл ақсақтықпен пациенттерде цилостазолдың тиімділігі айғақталды. 24 апта бойы тәулігіне 2 рет 100 мг дозадағы цилостазолмен емдеу жүрудің ең жоғары арақашықтығын шамамен екі есе арттыратыны анықталды. Қант диабеті бар пациенттердегі препараттың тиімділігі, көмірсудың алмасуы бұзылмаған адамдарға қарағанда, төмен болып шықты. Клиникалық зерттеулерде цилостазолдың мезгіл-мезгіл ақсақтықпен пациенттердің өлімге ұшырауын арттырмайтыны анықталды.
Қолданылуы
- тыныш кезде ауырмайтын және шеткері тіндер некрозының белгілері (Фонтейн жіктеуі бойынша ІІ сатыдағы шеткері артериялар аурулары) жоқ, мезгіл-мезгіл ақсақтықпен пациенттерде жүретін ең жоғары арақашықтықты және ауырмай жүретін арақашықтықты арттыру үшін
- өмір салтын өзгертуі (шылым шегуді тоқтату және, бақылаумен жүргізілетін физикалық реабилитация бағдарламасы) және мезгіл-мезгіл ақсақтық симптомдарын жеңілдету үшін басқа да араласымдар жеткіліксіз болған, мезгіл-мезгіл ақсақтықпен пациенттерде екінші қатардағы ем ретінде
Қолдану тәсілі және дозалары
Цилостазолдың ұсынылатын дозасы тәулігіне екі рет 100 мг құрайды.
Цилостазолды тамақ ішуден 30 минут бұрын қабылдаған жөн. Тамақтану кезінде цилостазолды қабылдағанда қан плазмасындағы препараттың ең жоғары концентрациясының (Cmax) артатындығы байқалады, ол жағымсыз құбылыстар санының артуымен астасуы мүмкін.
Цилостазолмен емдеуді мезгіл-мезгіл ақсақтықты емдеу тәжірибесі бар дәрігердің бақылауымен бастаған жөн.
Дәрігер пациенттің жағдайын 3 ай емдегеннен кейін қайтадан бағалап отыруы тиіс. Егер цилостазолмен емдеу адекватты әсер бермесе, немесе мезгіл-мезгіл ақсақтық симптомдарының айқындылығының азаюы байқалмаса, цилостазол қабылдауды тоқтату және басқа емдеу тәсілдерін қарастыру керек.
Цилостазолмен ем қабылдап жүрген пациенттер өмір сүру салтын өзгерту нұсқауларын (шылымнан бас тарту, дене жаттығулары) және жүрек-қантамыр асқынуларының қаупін азайтуға бағытталған дәрі-дәрмектік емді (гиполипидемиялық және антиагреганттық дәрілік заттарды қабылдауды) қолдануды жалғастырулары тиіс. Цилостазол аталған емді алмастырушы болып табылмайды.
Цилостазолды пациенттердің ерекше топтарында қолдану
Егде жас
Егде жастағы адамдарда цилостазолдың дозасын өзгертуге арнайы талаптар жоқ.
Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі
Креатинин клиренсі > 25 мл/мин болатын пациенттерде дозаны өзгерту қажет емес. Цилостазолды креатинин клиренсі < 25 мл/мин болатын пациенттерге қолдануға болмайды.
Бауыр функциясының жеткіліксіздігі
Бауыр функциясының жеңіл жеткіліксіздігі бар пациенттерде дозаны өзгерту қажет емес. Бауыр функциясының орташа және ауыр дәрежедегі жеткіліксіздігі бар пациенттерде цилостазолды қолдану жөнінде деректер жоқ. Цилостазол елеулі дәрежеде бауырдың микросомальді тотығу ферменттерімен метаболизденетін болғандықтан, препаратты бауыр функциясының орташа және ауыр дәрежедегі жеткіліксіздігі бар пациенттерге қолдануға болмайды.
CYP3A4 немесе CYP2C19 күшті тежегіштерін бір мезгілде қабылдау
CYP3A4-ті күшті бөгейтін әсер беретін препараттарды (мысалы, кейбір макролидтерді), немесе CYP2C19-ті күшті бөгейтін әсер беретін препараттарды (мысалы, омепразолды) қабылдап жүрген пациенттерде цилостазолдың дозасын тәулігіне екі рет 50 мг-ге дейін азайтқан жөн.
Жағымсыз әсерлері
Клиникалық зерттеулерде өте жиі кездесетін жағымсыз реакциялар бас ауыру (30%), диарея (15%), және нәжістің бұзылуы (15%) болды. Бұл жағымсыз әсерлер әдетте аздаған немесе орташа қарқындылығымен ерекшеленді, және кейде олардың айқындылығы препарат дозасын төмендеткен кезде азайды.
Клиникалық зерттеулерде және цилостазол препараттарын постмаркетингтік қолданғанда тіркелген басқа да жағымсыз әсерлер төменде берілген.
Пайда болу жиілігі бойынша жағымсыз реакциялар былайша жіктелген:
Өте жиі: (≥1/10)
Жиі: (≥1/100-ден <1/10 дейін)
Жиі емес: (≥1/1,000-нан <1/100 дейін)
Сирек: (≥1/10,000-нан <1/1,000 дейін)
Өте сирек: (<1/10,000)
Жиілігі белгісіз: (қолда бар деректер негізінде анықтау мүмкін емес).
Цилостазол препараттарын постмаркетингтік қолдану кезінде байқалған жағымсыз реакциялар жиілігі белгісіз жағымсыз әсерлер (жиілігін қолда бар деректермен анықтау мүмкін емес) ретінде жіктеледі.
Өте жиі
- бас ауыру
- диарея, нәжістің бұзылуы
Жиі
- экхимоз
- ісінулер (шеткері ісінулер, беттің ісінуі), анорексия
- бас айналу
- жүректің қағуы, тахикардия, стенокардия, аритмия, қарыншалық экстрасистолалар
- көзге қан құйылулар, асқазан-ішектік қан кетулер
- ринит, фарингит
- бөртпе, қышыну
- кеуденің ауыруы, астения
- жүректің айнуы, құсу, диспепсия, метеоризм, іштің ауыруы
Жиі емес
- анемия
- аллергиялық реакциялар
- гипергликемия, қант диабеті
- мазасыздық, ұйқысыздық, ұйқының бұзылуы (әдеттен тыс түс көрулер)
-миокард инфарктісі, жүрекшелердің фибрилляциясы, жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі, қарыншаүстілік тахикардия, қарыншалық тахикардия, синкопальді жай-күй
- ысынулар, артериялық гипертензия, артериялық гипотензия, бассүйекішілік қан құйылу, өкпелік қан кету, бұлшықетішілік гематомалар, тыныс алу жолдарынан қан кету, теріастылық қан құйылу
- ентігу (диспноэ), пневмония, жөтел
- гастрит
- экзема, тері бөртпелері, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермальді некролиз, есекжем
- миалгия
- қалтырау, дімкәстік
Сирек
- қан кету уақытының артуы, тромбоцитоз
- бүйрек функциясының жеткіліксіздігі, бүйрек функциясының бұзылуы
Жиілігі белгісіз
- қан кетулерге бейімділік, тромбоцитопения, гранулоцитопения,
агранулоцитоз, лейкопения, панцитопения, апластикалық анемия
- парез, гипестезия
- конъюнктивит
- құлақтың шуылдауы
- интерстициальді пневмония
- гепатит, бауыр функциясы көрсеткіштерінің қалыпты мәннен ауытқуы, сарғаю
- гематурия, поллакиурия
- гипертермия, ауыру
- қандағы несеп қышқылы мөлшерінің жоғарылауы, қандағы мочевина мөлшерінің жоғарылауы, қандағы креатинин мөлшерінің жоғарылауы
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- цилостазолға немесе препараттың кез келген басқа компонентіне жоғары сезімталдық
- бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі ≤ 25 мл/мин)
- бауыр функциясының орташа немесе ауыр жеткіліксіздігі
- қан кетулерге бейімділік (мысалы, асқазанның немесе он екі елі ішектің ойық жара ауруының өршу сатысы, жақын арада бастан кешкен (соңғы 6 ай ішінде) геморрагиялық инсульт, пролиферативті диабеттік ретинопатия, нашар бақыланатын артериялық гипертензия)
- жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі
- анамнезде қарыншалық тахикардияның, қарыншалар фибрилляциясының немесе политопты қарыншалық экстрасистолияның болуы (аритмияға қарсы адекватты емнің болуымен немесе болмауымен байланысынан тыс)
- QT аралығының ұзаруы
- анамнезде ауыр тахиаритмияның болуы
- тұрақсыз стенокардия немесе миокард инфарктісі (соңғы 6 ай ішінде), коронарлы артериялардағы инвазивтік араласым (соңғы 6 ай ішінде)
- екі немесе одан көбірек қосымша антиагреганттық немесе антикоагулянттық дәрілік заттарды (мысалы, ацетилсалицил қышқылын, клопидогрелді, гепаринді, варфаринді, аценокумаролды, дабигатранды, ривароксабанды немесе апиксабанды) бір мезгілде қабылдау
- жүктілік және лактация кезеңі
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер
Сақтықпен
- бауыр функциясының орташа жеткіліксіздігі бар пациенттерге («Фармакокинетикасы» бөлімін қараңыз)
- жүректің созылмалы ишемиялық аурулары бар пациенттерге (атап айтқанда тұрақты кернеулі стенокардияда) («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз)
- жүрекшелік немесе қарыншалық экстрасистолиясы, жүрекшелердің фибрилляциясы немесе жүрекшелердің дірілдеуі бар пациенттерге
- қант диабеті бар пациенттерге (көзішілік қан құйылулар қаупі жоғары)
- CYP3A4 немесе CYP2C19 күшті блокаторларын қабылдап жүрген пациенттерге («Басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).
Мұндай жағдайларда цилостазолдың дозасын тәулігіне екі рет 50 мг-ге дейін азайту қажет («Қолдану тәсілі және дозалар» бөлімін қараңыз)
- артериялық қысымды төмендететін дәрілік препараттарды қабылдап жүрген пациенттерге
- қанның ұйығыштығын төмендететін дәрілік препараттарды қабылдап жүрген пациенттерге.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Ацетилсалицил қышқылы
Цилостазолды және ацетилсалицил қышқылын қысқа мерзімдік (≤ 4 күн бойы) бір мезгілде қолдану, ацетилсалицил қышқылымен монотерапиямен салыстырғанда, ex vivo жағдайларда тромбоциттердің АДФ-индукцияланған агрегациясының 23-25%-ға бөгелуінің артуына әкелді.
Клопидогрел және басқа да антиагреганттық дәрілік заттар
Дені сау еріктілерге жүргізілген зерттеулерде цилостазолды клопидогрелмен бір мезгілде қолдану тромбоциттердің санына, протромбин уақытына (ПУ) және белсендірілген ішінара тромбопластин уақытына (БІТУ) ешқандай да ықпалын тигізген жоқ. Клопидогрелді монотерапия ретінде де, сонымен қатар цилостазолмен біріктіріп те қолданғанда дені сау еріктілерде қан кетулер уақыты артты. Цилостазолды қабылдау қан кетулер уақытының қосымша маңызды ұзаруына әкелген жоқ. Дегенмен, цилостазолды тромбоциттер агрегациясын тежейтін кез келген препаратпен бір мезгілде қолданғанда сақтық таныту ұсынылады. Қан кетулер уақытын ұдайы бақылап отыру ұсынылады. Цилостазолды бір мезгілде екі немесе одан көбірек антиагреганттық және/немесе антикоагулянттық дәрілік заттарды бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерге қолдануға болмайды.
Пероральді антикоагулянттар
Клиникалық зерттеулерде цилостазолды бір реттік қабылдау варфариннің метаболизмін тежеген жоқ және қанның ұйығыштығының (ПУ, БІТУ, қан кету уақыты) көрсеткіштеріне ықпалын тигізген жоқ. Дегенмен, цилостазолды кез келген антикоагулянтты препаратпен бір мезгілде қолданғанда сақтық таныту ұсынылады. Цилостазолды бір мезгілде екі немесе одан көбірек антиагреганттық және/немесе антикоагулянттық дәрілік заттарды қабылдап жүрген пациенттерге қолдануға болмайды.
Р-450 цитохромы изоферменттерінің тежегіштері
Бауырда цилостазол, негізінен, Р-450 цитохромының ферментттерінің, көбіне CYP3А4 және CYP2С19 және, аз дәрежеде, CYP1A2 ферменттерінің әсер етуімен метаболизденеді. Тромбоциттердің агрегациясын тежеу қабілеті бойынша цилостазолдан 4-7 есе асып түсетін дегидроцилостазол, негізінен, CYP3А4 қатысуымен түзіледі деп есептеледі. Тромбоциттердің агрегациясын айқын тежеу қабілеті бес есе азырақ болатын 4`-транс-гидроксицилостазол, негізінен, CYP2С19 әсер етуімен түзіледі. Сәйкесінше, CYP3А4 тежейтін препараттар (мысалы, кейбір макролидтер [эритромицин, кларитромицин], зеңге қарсы азольді препараттар [кетоконазол, итраконазол], протеаза тежегіштері) және CYP2С19 (мысалы, протонды помпа тежегіштері [омепразол, эзомепразол]) цилостазолдың жалпы фармакологиялық белсенділігін арттырады және оның жағымсыз әсерлерінің күшеюіне мүмкіндік беруі мүмкін. Сәйкесінше, CYP3А4 немесе CYP2С19 күшті тежегіштерін қабылдап жүрген пациенттерге цилостазолды тәулігіне 2 рет 50 мг дозада тағайындау ұсынылады.
Цилостазолды эритромицинмен (CYP3А4 күшті тежегіші) бір мезгілде қолданғанда цилостазолдың, дегидроцилостазолдың және 4`-транс-гидроксицилостазолдың AUC көрсеткіштері, сәйкесінше, 72%-ға, 6%-ға және 119%-ға артады. AUC көрсеткіштерінің өзгеруі негізінде, эритромицинмен бір мезгілде қолданғанда цилостазолдың жалпы фармакологиялық белсенділігі 34%-ға артатыны анықталды.
Цилостазолды кетоконазолмен (CYP3А4 күшті тежегіші) бір мезгілде қабылдағанда цилостазолдың AUC көрсеткіші 117%-ға артады, дегидроцилостазолдың AUC көрсеткіші 15%-ға азаяды, 4`-транс-гидроксицилостазолдың AUC көрсеткіші 87%-ға артады. AUC көрсеткіштерінің өзгеруі негізінде, кетоконазолмен бір мезгілде қолданғанда цилостазолдың жалпы фармакологиялық белсенділігі 34%-ға артатыны анықталды.
Цилостазолды дилтиаземмен (CYP3А4 әлсіз тежегіші) бір мезгілде қабылдағанда цилостазолдың, дегидроцилостазолдың және 4`-транс-гидроксицилостазолдың AUC көрсеткіштері, сәйкесінше, 44%-ға, 4%-ға және 43%-ға артады. AUC көрсеткіштерінің өзгерулері негізінде, дилтиаземмен бір мезгілде қолданғанда цилостазолдың жалпы фармакологиялық белсенділігі 19%-ға артатыны анықталды. Дилтиаземмен бір мезгілде қолданғанда цилостазолдың дозасын түзету қажет емес.
100 мг цилостазолды 240 мл грейпфрут шырынымен (ішектік CYP3А4 тежегіші) бір мезгілде қабылдағанда цилостазолдың фармакокинетикалық көрсеткіштерінде елеулі өзгерулер байқалған жоқ. Цилостазолдың дозасын түзету қажет емес. Дегенмен, грейпфрут шырынын көп мөлшерде қабылдау цилостазолдың фармакокинетикасына ықпалын тигізуі мүмкін.
Цилостазолды омепразолмен (CYP2С19 күшті тежегіші) бір мезгілде қолданғанда цилостазолдың және дегидроцилостазолдың AUC көрсеткіштері, сәйкесінше, 22%-ға және 68%-ға артады, мұндайда 4`-транс-гидроксицилостазолдың AUC көрсеткіші 36%-ға азаяды. AUC көрсеткіштерінің өзгеруі негізінде, омепразолмен бір мезгілде қолданғанда цилостазолдың фармакологиялық белсенділігі 47%-ға артатыны анықталды. Омепразолмен бір мезгілде қолданғанда цилостазолдың дозасын тәулігіне 2 рет 50 мг-ге дейін азайту ұсынылады.
Р-450 цитохромы изоферменттерінің субстраттары
Цилостазол ловастатиннің (CYP3A4 субстраты) және оның бета-гидроксильді метаболитінің AUC көрсеткіштерін 70%-ға арттырады. Цилостазолды емдік ауқымы тар CYP3A4 субстраттарымен (цизаприд, галофантрин, пимозид, қастауыш алкалоидтары сияқты) бір мезгілде қолданғанда сақ болу ұсынылады.
Сондай-ақ цилостазолды CYP3A4 (симвастатин, аторвастатин және ловастатин) қатысуымен метаболизденетін ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерімен (статиндермен) бір мезгілде қолданғанда сақтық таныту ұсынылады.
Р-450 цитохромы изоферменттерінің индукторлары
CYP3A4 және CYP2C19 белсенділігін арттыратын препараттардың (карбамазепин, фенитоин, рифампицин, шілтерлі шайқурай препараттары сияқты) циластазолдың фармакокинетикасына ықпалы зерттелген жоқ. Бір мезгілде қабылдағанда цилостазолдың антиагреганттық әсері төмендеуі мүмкін, сондықтан қан кету уақытын ұдайы бақылап отыру қажет. Клиникалық зерттеулерде шылым шегу (CYP1A2 белсенділігін арттыратын фактор) қан плазмасындағы цилостазолдың концентрациясын 18%-ға азайтатыны анықталды.
Басқа да дәрілік заттар
Цилостазолды артериялық қысымды төмендететін кез келген препараттармен бір мезгілде қолданғанда сақтық таныту қажет, өйткені рефлекторлы тахикардияның дамуымен бірге аддитивті гипотензиялық әсер болуы мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
Цилостазолмен емдеуді бастар алдында емдеудің хирургиялық реваскуляризация немесе консервативтік ем сияқты басқа емдеу әдістерін тағайындау мүмкіндігіне баға берген жөн.
Фармакологиялық әсер ету механизмі есебінен цилостазол тахикардияны, жүректің қағуын, тахиаритмияны және/немесе артериялық гипотензияны туындатуы мүмкін. Цилостазолды қабылдаған кезде жүректің жиырылу жиілігі минутына 5-7 соғуға артуы мүмкін. Қауіп тобындағы пациенттерде (мысалы, тұрақты стенокардиясы бар пациенттерде) жүректің жиырылу жиілігінің жиілеуі стенокардия ұстамасын өршітуі мүмкін. Мұндай пациенттердің жағдайын мұқият бақылау қажет.
Цилостазолды жүрекшелік немесе қарыншалық экстрасистолиясы бар пациенттерге, сондай-ақ жүрекшелер фибрилляциясы немесе жүрекшелердің дірілдеуі бар пациенттерге тағайындағанда сақтық таныту қажет.
Пациенттерге қан кетудің кез келген жағдайы немесе аздаған соққыда (көгеру» (теріасты гематомасы) пайда болғаны жөнінде мәлімдеп отыру қажет екендігін алдын ала ескерту қажет. Көздің торқабығына қан құйылу пайда болған жағдайда цилостазол қабылдауды тоқтату қажет.
Цилостазол тромбоциттер агрегациясының тежегіші болып табылатындықтан, хирургиялық араласымдарда (тісті жұлу сияқты кіші инвазиялық емшараларды қоса) қан кетулер қаупі ұлғаяды.
Жоспарлы хирургиялық араласымдарда (егер антиагреганттық әсер қажет емес болса) цилостазол қабылдауды операциядан 5 күн бұрын тоқтатқан жөн.
Тромбоцитопенияны, лейкопенияны, агранулоцитозды, панцитопенияны немесе апластикалық анемияны қоса, гематологиялық бұзылулардың сирек немесе өте сирек жағдайлары жөнінде мәлімделді. Көптеген жағдайларда бұл бұзылулар цилостазол қабылдауды тоқтатқаннан кейін қайтты. Алайда бірнеше жағдайларда панцитопения және апластикалық анемия өліммен аяқталуға әкеп соқты.
Пациентке гематологиялық асқынулардың ерте көріністері болуы мүмкін жоғары қызба (пирексия) және баспа сияқты кез келген симптомдар туралы дәрігерге дереу мәлімдеу керектігін алдын ала ескерткен жөн. Инфекцияға күмәнданғанда немесе гематологиялық асқынулардың клиникалық симптомдары пайда болғанда қанға толық талдау жасау керек. Гематологиялық асқынулардың клиникалық симптомдары немесе зертханалық белгілері пайда болған жағдайда цилостазол қабылдауды дереу тоқтатқан жөн.
Цилостазолды артериялық қысымды төмендететін (рефлекторлы тахикардияны дамытатын аддитивті гипотензиялық әсер ету мүмкіндігі бар), сондай-ақ қанның ұйығыштығын азайтатын немесе тромбоциттердің агрегациясын төмендететін дәрілік препараттармен бір мезгілде қолданғанда сақтық танытқан жөн.
Педиатрияда қолдану
Осы препараттың қауіпсіздігі және тиімділігі бала жастағы пациенттерде анықталған жоқ.
Жүктілік
Жүкті әйелдерге цилостазолды қолдану жөнінде деректер жоқ.
Жануарларға жүргізілген іс-тәжірибелік зерттеулерде цилостазолдың ұрпақ өрбіту уыттылығының бар екендігі анықталды. Жүктілік кезінде цилостазолды қолдануға болмайды.
Лактация
Жануарларға жүргізілген іс-тәжірибелік зерттеулерде цилостазолдың сүтке өтетіндігі анықталған. Адамның емшек сүтіне цилостазолдың өтетін-өтпейтіндігі белгісіз. Жаңа туған нәрестеге жағымсыз ықпалын тигізуі мүмкін болғандықтан, емшек емізу кезеңінде цилостазолды қолдануға болмайды.
Көлік құралын басқарған кездегі немесе потенциалды қауіпті механизмдермен жұмыс жасаған кездегі дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері
Цилостазол бас айналуды туындатуы мүмкін. Емделу кезеңінде көлік құралын басқарғанда немесе механизмдермен жұмыс жасағанда сақтық таныту ұсынылады.
Артық дозалануы
Симптомдары: бастың қатты ауыруы, диарея, тахикардия және, жүрек ырғағының бұзылуы ықтимал.
Емі: симптоматикалық ем
Шығарылу түрі және қаптамасы
ПВХ/ ПВДХ үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді үяшықты қаптамаға 10 таблеткадан салынған.
Пішінді ұяшықты 3 немесе 6 қаптама медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қодануға болмайды!
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші/Қаптаушы
Пабяницкий Фармацевтикалық зауыты Польфа АҚ
Маршал Ю. Пилсудский 5, 95-200, Пабянице, Польша
Тіркеу куәлігінің иесі
СЭМ Фармасьютикалс Лимитед
Кеннеди Авеню 89/201, 1077 Никосия, Кипр
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасы жөніндегі шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және тіркеуден кейін дәрілік заттың қауіпсіздігін бақылауға жауапты ұйымның мекенжайы:
«Jetcross» (Джеткросс) ЖШС
Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Тимирязев к-сі, 42, павильон 15/1,
офис 1
Телефон: + 7 (727) 269-72-13
Электронды поштасы: elmira_tavieva@mail.ru