АБИЗОЛ® (15 мг)

МНН: Арипипразол
Производитель: Компания "НОБЕЛ АЛМАТИНСКАЯ ФАРМАЦЕВТИЧЕСКАЯ ФАБРИКА"
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Aripiprazole
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-3№021040
Информация о регистрации в РК: 18.01.2018 - 18.01.2023
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Предельная цена закупа в РК: 1 232.14 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Абизол®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Арипипразол

Дәрілік түрі

5 мг, 10 мг, 15 мг, 20 мг және 30 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 5 мг, 10 мг, 15 мг, 20 мг және 30 мг арипипразол,

қосымша заттар: маннитол, коллидон CL-F, полипласдон XL 10, повидон К30, FD&Blue 2 индигокармины (E132) (5 мг доза үшін), темірдің (III) сары тотығы (Е172) (15 мг доза үшін), темірдің (III) қызыл тотығы (Е172) (10 мг және 30 мг дозалар үшін), магний стеараты.

Сипаттамасы

Сопақша пішінді, екі жақ беті дөңес, көгілдір түсті, бір жақ бетінде «5» таңбасы бар таблеткалар (5 мг доза үшін)

Сопақша пішінді, екі жақ беті дөңес, ашық-қызғылт түсті, бір жақ бетінде «10» таңбасы бар таблеткалар (10 мг доза үшін)

Сопақша пішінді, екі жақ беті дөңес, сарғыш түсті, бір жақ бетінде сызығы бар таблеткалар (15 мг доза үшін)

Дөңгелек пішінді, екі жақ беті дөңес ақ түсті таблеткалар (20 мг доза үшін)

Дөңгелек пішінді, беті тегіс, ашық-қызғылт түсті, екі жағында кертігі бар таблеткалар (30 мг доза үшін)

Фармакотерапиялық тобы

Психотропты препараттар. Басқа да нейролептиктер. Арипипразол.

АТХ коды N05AX12

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

АБИЗОЛ® препаратының белсенділігі негізінен бастапқы заты - арипи­празолдың болуымен жүзеге асады. Арипипразолдың орташа жартылай шығарылу кезеңі шамамен 75 сағатты құрайды. Тепе-тең концентрацияға 14 күннен кейін жетеді. Көп рет қабылдағанда препарат жиналып қалады деп жорамалданады. Арипипразолдың фармакокинетикасының көрсеткіштері тепе-тең жағдайда дозаға пропорционал. Арипипразолдың және оның метаболиті дегидроарипипразолдың тәуліктік таралу көлемінің өзгеруі байқалған жоқ. Адам плазмасында препараттың негізгі метаболиті дегидроарипипразолдың D2 дофаминді рецепторларға аффинділігі арипипразолдағыдай болатындығы анықталды.

Сіңуі. Арипипразол АБИЗОЛ® препаратын ішке қабылдағаннан кейін тез сіңеді, мұндайда препарат қан плазмасында ең жоғары концентрацияға 3-5 сағаттан соң жетеді. Абсолютті биожетімділігі 87% құрайды. Тамақ ішу арипипразолдың биожетімділігіне ықпалын тигізбейді.

Таралуы. Арипипразол тіндерде қарқынды түрде таралады, әрі шамамен алғандағы таралу көлемі 4,9 л/кг құрайды. Емдік концентрацияларда арипипразолдың 99%-дан астамы қан сарысуының ақуыздарымен, негізінен альбуминмен байланысады. Арипипразол варфариннің фармакокинетикасына және фармакодинамикасына ықпалын тигізбейді, яғни варфаринді қан ақуыздарынан ығыстырып шығармайды.

Метаболизмі және шығарылуы. Арипипразол жүйеалды метаболизміне тек азғантай дәрежеде ғана ұшырайды. Бауырда үш тәсілмен метаболизденеді: дегидратациялану, гидроксилдену және N‑дезалкилдену. Іn vitro эсперименттерінің деректері бойынша, арипипразолдың дегидатациялануы және гидроксилденуі CYP3A4 және CYP2D6 ферменттерінің әсерімен жүреді, ал N‑дезалкилдену CYP3A4 ферментімен катализденеді. Арипипразол қанда дәрінің негізгі компоненті болып табылады. Тепе-тең жағдайда дегидроарипипразолдың «дәрілік заттың концентрация–уақыт» қисығы астындағы ауданы (AUC) қан плазмасындағы арипипразолдың AUC мәнінің шамамен 39%-ын құрайды.

Таңбаланған [14C] арипипразолды бір рет қабылдағаннан кейін радиоактивтіліктің шамамен 27%-ы және 60%-ы, сәйкесінше, несептен және нәжістен табылады. Өзгеріске ұшырамаған арипипразолдың 1%-дан азы несептен табылады және қабылданған дозаның шамамен 18%-ы өзгермеген күйінде нәжіспен бірге шығарылады. Арипипразолдың жалпы клиренсі, негізінен бауыр арқылы шығарылу есебінен, 0.7 мл/мин/кг құрайды.

Фармакодинамикасы

Арипипразолдың емдік әсері шизофренияда D2 дофаминдік және 5HT1a серото­ниндік рецепторларға қатысты ішінара агонистік белсенділігі мен 5HT2 серотониндік рецепторларға қатысты антагонистік белсенділігінің бірігуімен жүзеге асады.

АБИЗОЛ® препараты D2 және D3 дофаминді рецепторларға, 5HT1a және 5HT2a серотонинді рецепторларға in vitro жоғары аффинділігі және D4 дофаминді, 5HT2c және 5HT7 серотонинді, альфа1-адренорецепторларға және H1 гистаминді рецепторларға орташа аффинділігі бар. АБИЗОЛ® препараты сондай-ақ серотонинді кері қармап қалатын аймаққа орташа аффинділігімен және мускаринді рецепторларға аффинділігінің жоқтығымен сипатталады.

Қолданылуы

- шизофренияның жедел ұстамаларында және демеуші ем үшін

- I типті биполярлы бұзылулардың жедел маниакальді көріністерінде және I типті биполярлы бұзылулары бар, жуық арада маниакальді немесе аралас көріністерді бастан кешкен пациенттерде демеуші ем ретінде

Қолдану тәсілі және дозалары

Шизофрения. АБИЗОЛ® препаратын, тамақ ішуге қарамай, күніне бір рет 10 мг немесе 15 мг бастапқы дозада тағайындау керек. Демеуші доза тәулігіне 15 мг құрайды. Клиникалық зерттеулерде препарат тәулігіне 10 мг-ден 30 мг-ге дейінгі дозаларда тиімділігін көрсетті.

Биполярлы бұзылыстағы маниакальді көріністер. Препараттың ұсынылатын бастапқы дозасы тамақ ішуге қарамай, күніне бір рет 15 мг құрайды. Қажет болғанда дозаны өзгертуді кем дегенде 24 сағат аралықпен жүргізу керек. Клиникалық зерттеулерде препараттың тәулігіне 15–30 мг дозалардағы тиімділігі көрсетілді. Клиникалық зерттеулерде тәулігіне 30 мг-ден жоғары дозалардың қауіпсіздігіне баға берілген жоқ.

Демеуші емді жалғастырудың қажеттілігін анықтау үшін пациенттерді мезгіл-мезгіл тексеріп отырған жөн. Емдеу курсын емдеуші дәрігер белгілейді. Препаратты бүйрек функциясының жеткіліксіздігі, бауыр функциясының жеткіліксіздігі (Чайлд-Пью жіктелімі бойынша А, В және С класы) бар пациенттерге тағайындағанда препараттың дозасын өзгерту қажет емес. 65 жастан асқан пациенттерде препаратты қолдану тәжірибесі шектеулі болса да, пациенттердің осы санаты үшін дозаны түзету қажет болмайды.

АБИЗОЛ® препаратын тамақтануға қарамай, пероральді түрде қабылдайды. Жадының бұзылуы мүмкін болғандықтан, пациенттің АБИЗОЛ® препаратын қабылдауын бақылап отыру ұсынылады.

Дозалануын аурудың сипатына, қатар жүрген ауруларға және жүргізілген емге байланысты белгілейді. 65 жастан асқан пациенттерде, сондай-ақ бауыр мен бүйрек функциялары бұзылған пациенттерде дозаны түзету қажет емес.

Шизофренияда дозалануы:

АБИЗОЛ® препаратының ең бастапқы дозасы тәулігіне 10-15 мг (арипипразолды тәулігіне 1 рет қабылдайды). Демеуші (орташа) дозасы – тәулігіне 15 мг. Дозаны дәрігер түзетуі мүмкін, клиникалық зерттеулерде тәулігіне 10-30 мг дозалар диапазонында арипипразолдың тиімділігі айғақталды.

Бірінші типті биполярлы бұзылыстар аясындағы маниакальді көріністерде дозалануы:

АБИЗОЛ® препаратын тәулігіне бастапқы 15 мг дозада тағайындайды (арипипразолды тәулігіне 1 рет қабылдайды). Препарат монотерапия немесе біріктірілген ем түрінде қолданылады. Дозаны өзгертуді 24 сағаттан басталатын аралықпен жүргізуге болады. Дозаны дәрігер титрлеуі мүмкін, зерттеулерде тәулігіне 15-30 мг дозалар шегінде тиімділігі айғақталды, курстық қабылдағанда оның ұзақтығын дәрігер белгілейді. Клиникалық зерттеулерде тәулігіне 30 мг-ден астам дозалардың тиімділігі мен қауіпсіздігіне баға берілген жоқ.

АБИЗОЛ® препаратын қабылдаудың 6 апталық курсы аясында (тәулігіне 15-30 мг) егер бірінші типті биполярлы бұзылыстары, сондай-ақ аралас көріністері немесе маниакальді көріністері бар пациенттерде симптомдар байқалмаса, мұндай демеуші емді тиімді деп есептейді. Әрі қарайғы демеуші емнің мақсатқа сәйкестігін анықтау үшін мезгіл-мезгіл диагностика жүргізу қажет.

Ең жоғары рұқсат етілген тәуліктік доза – тәулігіне 30 мг.

Жағымсыз әсерлері

Қауіпсіздік бейініне қысқаша сипаттама

Плацебо-бақыланатын клиникалық сынақтарда өте жиі мәлімделген жағымсыз реакциялар акатизия (қимыл-қозғалыс мазасыздығы) және жүректің айнуы болып табылады, олар арипипразолды пероральді түрде қабылдаған кезде пациенттердің 3%-нан астамында байқалған.

Жағымсыз реакциялар

Аталған жағымсыз құбылыстардың жиілігі келесі жіктеуінің жәрдемімен белгіленді: жиі (≥ 1/100-ден <1/10 дейін) және сирек (≥ 1/1000-нан <1/100 дейін).

Эндокриндік бұзылыстар

Жиі емес: гиперпролактинемия

Психикалық бұзылыстар

Жиі: мазасыздық, ұйқысыздық

Жиі емес: депрессия *, гиперсексуальділік

Жүйке жүйесі тарапынан

Жиі: экстрапирамидалық бұзылыстар, акатизия (қимыл-қозғалыс мазасыздығы), тремор, бас айналу, ұйқышылдық, седативті әсер, бас ауыру

Көру мүшелері тарапынан

Жиі: көрудің нашарлауы

Жиі емес: диплопия (көз алдындағының қосарланып көрінуі)

Жүрек тарапынан

Жиі емес: тахикардия *

Қантамырлық бұзылыстар

Жиі емес: ортостатикалық гипотензия *

Асқазан-ішек жолының ағзалары тарапынан

Жиі: диспепсия, құсу, жүректің айнуы, іш қату, сілекей бездерінің гиперсекрециясы (сілекей ағуы)

Жалпы бұзылулар

Жиі: қажығыштық

Жекелеген жағымсыз реакциялардың сипаттамасы

Экстрапирамидалық симптомдар (ЭПС)

Шизофрения:  52 апта бойы бақыланатын клиникалық зерттеулер жүргізу барысында арипипразол қабылдаған пациенттерде осы симптомның көрініс беру жиілігі 25,8%, галоперидол қабылдаған пациенттерде 57,3% құрады. ЭПС паркинсонизмді, акатизияны (қимыл-қозғалыс мазасыздығы), дистонияны (бұлшық еттің спазмалық тартылуы) және дискинезияны (бұлшық еттердің әртүрлі тобының еріксіз қимылдауы) қамтиды. 26 апта бойы жүргізілген плацебо-бақыланатын клиникалық зерттеулерде ЭПС жиілігі арипипразол қабылдаған пациенттер үшін 19% және плацебо қабылдаған пациенттер үшін 13,1% құрады. 26 апталық бақыланатын клиникалық зерттеулер барысында ЭПС жиілігі арипипразолмен емдеу тағайындалған пациенттер үшін 14,8%, және  оланзапин қабылдаған пациенттер үшін 15,1% құрады.

I типті биполярлы бұзылыстардың маниакальді көріністері: 12 апта бойы жүргізілген клиникалық зерттеулер барысында ЭПС жиілігі арипипразол қабылдаған пациенттер үшін 23,5% және галоперидол қабылдаған пациенттер үшін 53,3% құрады. 12 апталық басқа зерттеулер барысында ЭПС аурушаңдығы арипипразол қабылдаған пациенттерде 26,6%, және литий препараттарын қабылдаған пациенттерде 17,6% құрады. 26 апталық плацебо-бақыланатын зерттеулер барысында ЭПС жиілігі арипипразолмен емделген пациенттерде 18,2%, және плацебо қабылдаған пациенттерде 15,7% құрады.

Акатизия (қимыл-қозғалыс мазасыздығы)

Плацебо-бақыланатын зерттеулерде акатизия жиілігі биполярлы бұзылысы бар пациенттер популяциясында арипипразолмен емдегенде 12,1%-ды және плацебо тобында 3,2%-ды құрады. Шизофрениясы бар науқастарда акатизия жиілігі арипипразолды қабылдағанда 6,2%-ды және плацебо тобында 3,0%-ды құрады.

Дистония

Дистония симптомдары (бұлшық еттер тобының ұзақ аномальді тартылуы) сезімтал адамдарда емдеудің алғашқы бірнеше күні ішінде пайда болуы мүмкін. Дистониялық симптомдар өзіне мыналарды қамтиды: мойын бұлшық еттерінің түйілуі, ол кейде ентігумен, ауаның жетіспеу сезімімен, жұтынудың қиындауымен және/немесе тілдің салақтауымен көрініс береді. Сипатталған симптомдар препараттың төмен дозаларын қабылдаған кезде көрініс беруі мүмкін, бірақ психозға қарсы дәрілік заттардың алғашқы буынының өте жоғары дозаларында үлкен белсенділікпен пайда болады. Жедел дистонияның жоғары даму қаупі еркектерде және одан гөрі жасырақ топтарда байқалады.

Пролактин

Клиникалық және постмаркетингтік зерттеулерде қан сарысуындағы пролактиннің мөлшерінің бастапқы деңгеймен салыстырғанда артқаны да, сонымен қатар азайғаны да байқалды.

Зертханалық көрсеткіштер

Арипипразол және плацебо қабылдаған пациенттер тобында зертханалық және липидтік параметрлерді салыстырғанда потенциалды түрде клиникалық маңызды айырмашылықтар білінген жоқ. КФК (КФК) мөлшерінің артуы, әдеттегідей, уақытша және симптомсыз, плацебо қабылдаған пациенттердің 2,0%-ымен салыстырғанда, арипипразолмен емделген пациенттердің 3,5%-да байқалды.

Басқа да реакциялар

АБИЗОЛ® препаратымен емдеу барысында қатерлі нейролептикалық синдромды, кешеуілдеген дискинезияны, цереброваскулярлық құбылыстарды және деменциясы бар егде жастағы науқастарда өлімнің артуын, гипергликемияны және қант диабетін қамтитын жағымсыз реакциялардың пайда болу жөнінде мәлімдемелер бар.

Суицидтік әрекеттер:

Психозы бар пациенттерге суицид туралы ойлар және суицидтік әрекеттер тән, мұндай пациенттерді емдеген кезде арипипразолдың ең төмен дозаларын пайдалану және пациенттің жағдайы мен мінез-құлқын бақылау ұсынылады. Дәрі-дәрмектік емді психотерапиямен бір мезгілде жүргізген жөн.

Кешеуілдеген дискинезия:

Нейролептиктермен емдеу ұзақтығын арттырғанда кешеуілдеген дискинезияның пайда болу қаупі ұлғаяды. Осы жағдайдың симптомдары пайда болған кезде арипипразолдың дозасын азайту немесе оны қабылдауды тоқтату қажет.

АБИЗОЛ® препаратын тоқтатқаннан кейін кешеуілдеген дискинезия белгілері күшеюі мүмкін, жекелеген пациенттерде симптомдар АБИЗОЛ® таблеткасын қабылдауды тоқтатқаннан кейін алғаш рет пайда болады.

Қатерлі нейролептикалық синдром:

Арипипразолды қоса, нейролептиктермен ем қабылдаған пациенттерде нейролептикалық қатерлі синдромның пайда болу жағдайлары сипатталған, олар бұлшық еттің сіресуімен, психиканың бұзылуымен, гиперпирексиямен, қысымның және тамыр соғуының жүйесіздігімен, сондай-ақ тершеңдікпен, рабдомиолизбен, бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігімен және креатининфосфокиназа белсенділігінің жоғарылауымен қатар жүреді. Егер пациентте нейролептикалық қатерлі синдром симптомдары пайда болса, нейролептиктерді қабылдауды тоқтату қажет.

Гипергликемия:

Атипиялық нейролептиктерді қабылдаған пациенттерде кейбір жағдайларда гипергликемия (ол кетоацидозбен байланысты болуы мүмкін) және гиперосмолярлық кома (кейде өліммен аяқталатын) дамыды. Атипиялық нейролептиктермен емдеу мен гликемиялық типті бұзылу арасында тікелей байланыс нақты анықталған жоқ, алайда қант диабеті байқалған пациенттерде глюкоза деңгейіне мониторинг жүргізілуі тиіс. Глюкоза деңгейін бақылау қажеттілігі диабет қаупі бар пациенттерге де қатысты.

Пост-маркетингтік зерттеулер

Келесі жағымсыз реакциялар пост-маркетингтік бақылаулар кезінде тіркелді, олардың жиілігіне қолда бар деректермен баға беру мүмкін емес.

Қанға талдаулар және лимфалық жүйелер:

лейкопения, нейтропения, тромбоцитопения

Иммундық жүйе тарапынан:

аллергиялық реакциялар (мысалы, анафилаксиялық реакциялар, ангионевроздық ісіну, беттің ісінуін, қышынуды немесе есекжемді қоса)

Эндокриндік бұзылыстар:

гипергликемия, қант диабеті, диабеттік кетоацидоз, диабеттік кома

Зат алмасу бұзылулары:

дене салмағының артуы немесе кемуі, анорексия, гипонатриемия

Психикалық бұзылыстар:

қозу, күйгелектік, құмар ойындарға патологиялық бейімділік, озбырлық, суицидтік ойлар

Жүйке жүйесі тарапынан:

сөйлеу бұзылысы, нейролептикалық қатерлі синдром (NMS), жайылған құрысулар, серотонинді синдром

Жүрек тарапынан:

QT аралығының ұзаруы, қарыншалық аритмиялар, кенеттен болатын өлім, жүректің тоқтап қалуы, жүрекшелердің жыпылықтауы, брадикардия

Қантамырлық бұзылыстар:

естен танулар, артериялық гипертензия, тромбоэмболия соның ішінде өкпе артерияларының тромбоэмболиялары және тереңдегі веналар тромбозы)

Тыныс алу ағзалары тарапынан:

ларингоспазм, аспирациялық пневмония

Асқазан-ішек жолы ағзалары тарапынан:

панкреатит, дисфагия, іш тұсының жайсыздығы, диарея

Гепатобилиарлы жүйе тарапынан:

бауыр функциясының жеткіліксіздігі, сарғаю, гепатит, аланинаминотрансфераза (АЛТ) деңгейінің жоғарылауы, аспартатаминотрансферазаның (AST) жоғарылауы, гамма-глутамилтрансферазаның (GGT) артуы, сілтілік фосфатазаның артуы

Тері және жұмсақ тін тарапынан:

бөртпе, фотосезімталдық реакциялары, алопеция (таздану), гипергидроз

Тірек-қимыл аппараты тарапынан және дәнекер тіндер бұзылыстары:

рабдомиолиз, миалгия, бұлшық еттің сіресуі

Несеп шығару жүйесі тарапынан:

несепті ұстай алмау, несептің іркілуі

Жүктілік, босанғаннан кейінгі кезең және перинатальді кезең:

жаңа туған нәрестелерде препаратты тоқтату синдромы

Ұрпақ өрбіту жүйесі тарапынан:

приапизм

Жалпы бұзылулар:

температураны реттеудің бұзылуы (мысалы, салқындау, гипертермия) кеуденің ауыруы, шеткері ісінулер

Зертханалық көрсеткіштер:

креатинфосфокиназаның, қандағы глюкоза деңгейінің артуы, гликозилденген гемоглобиннің жоғарылауы және қандағы глюкоза деңгейінің ауытқулары

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- арипипразолға немесе препараттың құрамына кіретін кез келген басқа компонентіне жоғары сезімталдық

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

Сақтықпен - жүрек-қантамыр аурулары (жүректің ишемиялық ауруы немесе миокард инфарктісін бастан өткерген, жүрек функциясының жеткіліксіздігі бар және өткізгіштігі бұзылған), цереброваскулярлық аурулары бар және гипотензияға бейім жағдайлардағы (сусыздану, гиповолемия және гипотензиялық препараттарды қабылдау) пациенттерде ортостатикалық гипотензия пайда болуы мүмкін болғандықтан, құрысу ұстамалары бар немесе құрысулар болуы мүмкін ауруларға шалдыққан пациенттерде; гипертермия қаупі жоғарылаған, мысалы, қарқынды дене жүктемесінде, ыстық өткенде, антихолинергиялық препараттарды қабылдағанда, нейролептиктердің термореттеуді бұзуға қабілетті болуына байланысты сусызданғанда; өңештің моторлы функциясының бұзылуы салдарынан аспирациялық пневмония қаупі жоғарылаған пациенттерде; семіздіктен зардап шегіп жүрген пациенттерде және отбасында диабет бар болғанда.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

АБИЗОЛ® препараты α 1адренергиялық рецепторлардың антагонисі болып табылады және гипертензияға қарсы кейбір дәрілердің әсерін күшейту үшін потенциалы бар.

Препаратты QT аралығын ұзартатын басқа дәрілік заттармен, сондай-ақ орталық жүйке жүйесіне (ОЖЖ) ықпалын тигізетін препараттармен бір мезгілде қолданғанда сақтық танытқан жөн.

Фамотидин арипипразолдың фармакокинетикалық бейініне елеулі ықпалын тигізбейді.

Зерттеу барысында CYP2 D6 (хинидин) және CYP3 A4 (кетоконазол) күшті тежегіштері арипипразолдың клиренсін азайтты. АБИЗОЛ® препаратын осы изоферменттердің тежегіштерімен бірге қолдану қажет болғанда арипипразолдың дозасын түзету (азайту) қажет.

АБИЗОЛ® препараты CYP2 D6 және CYP3 A4 субстраттарының фармакокинетикасының елеулі өзгеруіне әкелген жоқ.

Зерттеулер барысында арипипразол қан плазмасы ақуыздарынан варфаринді ығыстырған жоқ. Асқазанды тұз қышқылының секрециясын күшті тежейтін фамотидиннің гистаминдік рецепторлары H2-блокаторының арипипразолдың фармакокинетикасына елеулі ықпалы байқалған жоқ.

Арипипразолдың метаболизмінің, соның ішінде CYP2D6 және CYP3A4 ферменттерінің қатысуымен жүретін әртүрлі жолдары белгілі. Зерттеулерде дені сау адамдарда CYP2D6 (хинидин) және CYP3A4 (кетоконазол) күшті тежегіштері ішке қабылдаған кезде арипипразолдың клиренсін, сәйкесінше, 52%-ға және 38%-ға азайтты. Сондықтан оны CYP3A4 және CYP2D6 тежегіштерімен біріктіріп пайдаланғанда препарат дозасын азайтқан жөн.

30 мг препаратты карбамазепинмен, CYP3A4 күшті индукторымен бірге қабылдау арипипразолдың Cmax және AUC мәндерінің, тиісінше, 68%-ға және 73%-ға төмендеуімен, және белсенді метаболит дегидроарипипразолдың Cmax және AUC мәндерінің, сәйкесінше, 69%-ға және 71%-ға төмендеуімен қатарласа жүрді. CYP3A4 және CYP2D6 басқа күшті индукторларынан да осыған ұқсас әсерлерді күтуге болады.

Арипипразолдың in vitro метаболизміне CYP1A1, CYP1A2, CYP2A6, CYP2B6, CYP2C8, CYP2C9, CYP2C19 және CYP2E1 ферменттері қатыспайды, осыған байланысты оның осы ферменттерді тежеуге немесе белсенді етуге қабілетті препараттармен және басқа да факторлармен (мысалы, темекі тарту) өзара әрекеттесуі екіталай.

Литийді немесе вальпроатты 30 мг АБИЗОЛ® препаратымен QD бір мезгілде қабылдау арипипразолдың фармакокинетикасына клиникалық тұрғыдан маңызды ықпалын тигізген жоқ.

Клиникалық зерттеулерде АБИЗОЛ® тәулігіне 10-30 мг дозаларда CYP2D6 (декстрометорфан), CYP2C9 (варфарин), CYP2C19 (омепразол, варфарин) және CYP3A4 (декстрометорфан) субстраттарының метаболизміне елеулі ықпалын тигізген жоқ. Бұдан басқа, арипипразол және оның негізгі метаболиті дегидроарипипразол CYP1A2 ферментінің қатысуымен in vitro метаболизмді өзгерткен жоқ. АБИЗОЛ® препаратының осы ферменттердің қатысуымен метаболизденетін дәрілерге клиникалық тұрғыдан маңызды әсер етуі екіталай.

Айрықша нұсқаулар

Суицидтік әрекеттер – суицидтік ойларға бейімділік және әрекет ету психоздарға тән, сондықтан дәрілермен емдеу медициналық жан-жақты бақылаумен бірге жүргізілуі тиіс. АБИЗОЛ® препараты пациентті емдеу үшін жеткілікті барынша аз мөлшерде тағайындалуы тиіс; бұл артық дозалану қаупін азайтады.

Жүрек-қантамырлық бұзылыстар

АБИЗОЛ® препаратын жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары (миокард инфарктісі немесе жүректің ишемиялық ауруы анамнезінде бар, жүрек функциясының жеткіліксіздігі, өткізгіштіктің бұзылуы), ми қантамырларының аурулары бар пациенттерде, қатерліні қоса, гипотонияны (сусыздану, гиповолемия, гипертензияға қарсы дәрілік заттарды қабылдау) немесе гипертонияны туындатуы мүмкін жағдайларда сақтықпен пайдаланған жөн. Психозға қарсы дәрілік заттармен ем жүргізген кезде веноздық тромбоэмболияның (ВТЭ) пайда болу жағдайлары жөнінде мәлімдемелер бар. Психозға қарсы ем қабылдап жүрген пациенттерде арипипразолмен емдеуге дейін ВТЭ қаупінің ықтимал факторлары анықталуы және профилактикалық шаралар қабылдануы тиіс.

QT аралығының ұзаруы

Клиникалық зерттеулерде АБИЗОЛ® препаратымен емделген топтағы QT аралығының ұзару жиілігі плацебо қабылдаған топпен ұқсас болды. Психозға қарсы басқа дәрілерді қабылдаған жағдайдағы сияқты, АБИЗОЛ® препаратын анамнезінде QT аралығы ұзарған пациенттерде сақтықпен пайдаланған жөн.

Кешеуілдеген дискинезия – кешеуілдеген дискинезияның даму қаупі нейролептиктермен ем ұзақтығының артуына қарай ұлғаяды, сондықтан АБИЗОЛ® препаратын қабылдау аясында кешеуілдеген дискинезия симптомдары пайда болған кезде осы препараттың дозасын азайтқан немесе оны тоқтатқан жөн. Емдеуді тоқтатқаннан кейін бұл симптомдар уақытша күшеюі немесе тіпті алғаш пайда болуы мүмкін.

Қатерлі нейролептикалық синдром - АБИЗОЛ® препаратымен емдеген кезде өмірге қауіп төндіретін «қатерлі нейролептикалық синдром» (ҚНС) деген атаумен белгілі симптомдар кешені сипатталған. Бұл синдром гиперпирексиямен (дене температурасының жоғарылауы), бұлшық еттің сіресуімен, психиканың бұзылуларымен және вегетативті жүйке жүйесінің тұрақсыздығымен (тамырдың жүйесіз соғуы және жүйесіз артериялық қысым, тахикардия, тершеңдік және жүрек аритмиясы) көрініс береді. Бұдан басқа, кейде қанда креатинфосфокиназа белсенділігінің артуы, миоглобинурия (рабдомиолиз) және бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігі пайда болады. ҚНС симптомдары немесе түсініксіз қызба пайда болған жағдайда препаратты қолдану тоқтатылуы тиіс.

Құрысулар

АБИЗОЛ® препаратын анамнезінде эпилепсия ұстамалары бар пациенттерде сақтықпен қолданған жөн.

Деменциясы бар егде жастағы пациенттер

Өлімнің ұлғаюы

Плацебо-бақыланатын үш зерттеуде (n = 938, орташа жас 82,4 жас, диапазон: 56-99 жас) арипипразол қабылдаған, Альцгеймер ауруымен байланысты психозы бар егде жастағы пациенттер, плацебо қабылдаған топпен салыстырғанда, өлімнің жоғары қаупіне ұшырады. Арипипразолмен емделген пациенттерде өлім деңгейі, плацебо тобындағы 1,7%-бен салыстырғанда, 3,5%-ды құрады.

Цереброваскулярлық жағымсыз реакциялар

Сол зерттеулерде цереброваскулярлық жағымсыз реакциялар (мысалы, инсульт, транзиторлы ишемиялық шабуыл), соның ішінде пациенттерде (орташа жасы 84 жас, диапазон: 78-88 жас) өліммен аяқталған жағдайлар жөнінде мәлімделді. Жалпы алғанда, цереброваскулярлық жағымсыз реакциялар жөнінде, плацебо тобындағы 0,6%-бен салыстырғанда, арипипразол қабылдаған пациенттердің 1,3%-ында мәлімделді. Бұл айырмашылық статистикалық тұрғыдан маңызды емес. Цереброваскулярлық жағымсыз реакциялардың препарат дозасына едәуір тәуелді болуы ықтимал. АБИЗОЛ® препараты деменцияны емдеу үшін қолдануға ұсынылмайды.

Гипергликемия және қант диабетіГипергликемия, жекелеген жағдайларда, жоғары санға жетуі және гиперосмолярлық комаға әкеп соғуы мүмкін. Қант диабеті диагностикаланған науқастар қандағы глюкоза деңгейін анықтауды жүйелі жүргізуі тиіс. Қант диабетінің пайда болуының қауіп факторлары (семіздік, отбасында диабеттің болуы) бар пациенттер емдеу курсын бастағанда және препаратты қабылдау үдерісінде мезгіл-мезгіл қандағы глюкоза деңгейін анықтатуы тиіс. АБИЗОЛ® препаратын қабылдап жүрген кез келген пациенттерде қатты шөлдеуді, несептің жиі шығарылуын, полифагияны, әлсіздікті қоса, гипергликемия симптомдарына ұдайы мониторинг жүргізу қажет.

Салмақтың артуы

АБИЗОЛ® препаратымен емделген пациенттерде салмақтың артуы постмаркетингтік зерттеулер жүргізу кезінде байқалды. Қауіп факторлары қант диабеті, қалқанша без аурулары, гипофиз аденомасы және басқалар болып табылады. Салмақ едәуір артқан кезде АБИЗОЛ® препаратының дозасын азайтуды қарастырған жөн.

Дисфагия

Арипипразолды және психозға қарсы басқа да дәрілік препараттарды аспирациялық пневмониясы қаупі бар пациенттерге сақтықпен қолданған жөн.

Жүктілік және лактация кезеңі

Жүкті әйелдерге адекватты және жақсы бақыланатын зерттеулер жүргізілген жоқ.

Жүктіліктің үшінші триместрі ішінде аналары психозға қарсы препараттарды (соның ішінде арипипразол) қабылдаған жаңа туған нәрестелер экстрапирамидалық синдромды және/немесе тоқтату синдромын қоса, ауырлығы және ұзақтығы бойынша өзгеріп отыруы мүмкін жағымсыз реакциялар (қозу, гипертония, гипотония, тремор, ұйқышылдық, респираторлы дистресс-синдром, тамақтану бұзылыстары) қаупіне ұшырайды. Жаңа туған нәрестелер дәрігердің қатаң бақылауында болуы тиіс.

АБИЗОЛ® жүктілік кезінде, егер қолданудың потенциалды пайдасы шарана үшін потеницалды қаупінен басым болса ғана, қабылдануы мүмкін. Препаратты қолданған кезде бала емізу ұсынылмайды.

Көлік құралын немесе потенциалды қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері

Препаратты тағайындаған кезде пациентке қозғалыстағы механизмдермен жұмыс жасаудың және көлік құралдарын басқарудың қауіптілігі алдын ала ескертілуі тиіс.

Артық дозалануы

Артық дозаланудың симптомдары жүректің айнуы, құсу, әлсіздік, іш өту және ұйқышылдық болып табылады. Ауруханаға жатқызылған пациенттерде негізгі физиологиялық көрсеткіштердің, зертханалық параметрлердің және ЭКГ-нің клиникалық тұрғыдан маңызды өзгерулері байқалған жоқ.

Ересек пациенттердің АБИЗОЛ® препаратын 450 мг-ге дейін бір реттік қабылдауының постмаркетингтік тәжірибесі тахикардияның ықтимал дамуын айғақтайды. Артық дозаланудың потенциалды қауіпті симптомдарына экстрапирамидалық бұзылыстар және есінен уақытша айырылу жатады.

Емі: артық дозаланған кезде демеуші ем, тыныс жолдарының адекватты өткізгіштігін қамтамасыз ету, оксигенация, өкпені тиімді вентиляциялау және симптомдық емдеу қажет болады. Аритмияны анықтау үшін ЭКГ тіркелімімен жүректің жұмыс жасау көрсеткіштеріне дереу мониторинг жүргізу басталуы тиіс. Артық дозалануы айғақталған немесе болжанған жағдайда барлық симптомдар жойылғанша мұқият медициналық бақылау жүргізу қажет.

АБИЗОЛ® препаратын қабылдағаннан кейін бір сағаттан соң енгізілген белсендірілген көмір (50 г) арипипразолдың AUC және Cmax мәндерін, сәйкесінше, на 51%-ға және 41%-ға азайтты, ол мұны артық дозаланған кезде қолдануға ұсынуға мүмкіндік береді.

Артық дозаланған кезде гемодиализді қолдану жөнінде жеткілікті деректер жоқ болса да, осы әдістің жағымсыз әсерінің болуы екіталай, өйткені препарат бүйрек арқылы өзгермеген күйінде шығарылмайды және қан плазмасы ақуыздарымен едәуір шамада байланысады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Пластмасса қақпағы бар және алғаш ашылғаны бақыланатын полиэтилен құтыда 14 немесе 28 таблеткадан.

1 құты медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған

Сақтау шарттары

250С-ден аспайтын температурада, құрғақ, жарықтан қорғалған жерде сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ

Қазақстан Республикасы,

Алматы қ., Шевченко к-сі 162 Е.

Тіркеу куәлігін ұстаушы

«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ

Қазақстан Республикасы

Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ

Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Шевченко к-сі 162 Е.

Телефон нөмірі: (+7 727) 399-50-50

Факс нөмірі: (+7 727) 399-60-60

Электронды поштасы nobel@nobel.kz

Қазақстан Республикасы аумағында тіркеуден кейін дәрілік заттың қауіпсіздігін бақылауға жауапты ұйымның мекенжайы:

«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ

Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Шевченко к-сі 162 Е.

Телефон нөмірі: (+7 727) 399-50-50

Факс нөмірі: (+7 727) 399-60-60

Электронды поштасы nobel@nobel.kz

Прикрепленные файлы

222643181477976584_ru.doc 131.5 кб
078558251477977738_kz.doc 164 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники