Инфорин (суспензия, 100 мг/5 мл)

МНН: Ибупрофен
Производитель: Реплек Фарм Лтд Скопье
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Ibuprofen
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№022413
Информация о регистрации в РК: 06.10.2016 - 06.10.2021

Инструкция

Саудалық атауы

Инфорин

Халықаралық патенттелмеген атауы

Ибупрофен

Дәрілік түрі

100 мг / 5 мл инфорин суспензиясы

Құрамы

100 мл препараттың құрамында

белсенді зат – ибупрофен 2, 00,

қосымша заттар: глицерин, натрий бензоаты, сұйық кристалданбаған сорбитол 70 %, натрий сахарині, лимон қышқылының моногидраты, натрий цитраты, полисорбат 60, натрий хлориді, натрий кармеллозасы/ микрокристалды целлюлоза, ксантан шайыры (Xanthan gum), құлпынай хош иістендіргіші 17584 В/10, тазартылған су

Сипаттамасы

Өзіне тән құлпынай жемісінің иісі бар және ашқылтым-тәтті дәмді ақ түсті жұқа дисперсиялық суспензия

Фармакотерапиялық тобы

Қабынуға қарсы және ревматизмге қарсы препараттар. Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар. Пропион қышқылының туындылары. Ибупрофен

АТХ коды М01АЕ01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ішке қабылдағаннан кейін ибупрофен организмде тез сіңіріледі және таралады. Ибупрофеннің сіңірілуі – жоғары, қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы - 90%. Буын қуыстарына баяу өтеді, синовиальді сұйықтықта іркіледі, мұнда плазмадағыға қарағанда жоғары концентрация түзеді.

Сіңірілгеннен кейін фармакологиялық тұрғыда белсенді емес R-түрінің 60% жуығы белсенді S-түрге баяу айналады.

Қан плазмасындағы ең жоғарғы концентрациясына аш қарынға қабылдағаннан кейін 45 минуттан соң жетеді. Препаратты тамақпен бірге қабылдаған кезде плазмадағы ең жоғарғы концентрациясына 1-2 сағаттан соң жетеді.

Бауырда метаболизмге ұшырайды. Препарат организмнен бүйрекпен тез және толық (өзгермеген күйде 1%-дан көп емес) және аз дәрежеде өтпен шығарылады. Жартылай шығарылу кезеңі шамамен 2 сағатты құрайды.

Фармакодинамикасы

Инфорин қабынуға қарсы стероидты емес дәрі.

Қабынуға қарсы, ауыруды басатын және ыстық түсіретін әсер береді. Әсер ету механизмі арахидон қышқылының циклооксигеназа белсенділігін тежеуімен жүреді, бұл простагландиндер синтезінің бәсеңдеуіне әкеледі және қабыну медиаторларының босап шығуына кедергі келтіреді. Инфорин® қабынудан болатын ауыруды, ісінуді және температура жоғарылауын азайтады. Бұдан басқа ибупрофен тромбоциттер агрегациясын қайтымды тежейді.

Қолданылуы

- жедел респираторлық ауруларда, тұмауда, дене температурасы жоғарылауы бар басқа да инфекциялық қабыну ауруларында , егуден кейінгі реакцияларда ыстық түсіретін дәрі ретінде

- әлсіз немесе қарқынды ауыру синдромында, оның ішінде бас ауыруы, тіс ауыруы, бас сақинасы, невралгияларда, құлақ және тамақтың ауыруларында, созылулардағы ауыруларда ауыруды басатын дәрі ретінде

Қолдану тәсілі және дозалары

Препарат ішу арқылы қабылдауға арналған. Ибупрофеннің тәуліктік дозасы бірнеше рет қабылдауға бөлінген дене салмағына қарай 20-30 мг/кг құрайды, бір реттік дозасы 5-10 мг/кг. Ең жоғары бір реттік дозасы дене салмағына қарай 10 мг/кг құрайды. Дозалағанда дозалайтын шприц пайдалану керек. Препараттың тәуліктік дозасы баланың жасына және салмағына тәуелді.

3 - 6 айлық балалар (дене салмағы 5 кг астам): 2,5 мл-ден (50 мг) күніне 3 рет, тәулігіне 150 мг аспайтын.

6 - 8 айлық балалар: 2,5 мл-ден (50 мг) күніне 3 рет, тәулігіне 150 мг аспайтын.

9-12 айлық балалар: 2,5 мл-ден (50 мг) күніне 3-4 рет, тәулігіне 200 мг аспайтын.

1-3 жастағы балалар: 5 мл-ден (100 мг) күніне 3 рет, тәулігіне 300 мг аспайтын.

 4-6 жастағы балалар: 7.5 мл-ден (150 мг) күніне 3 рет, тәулігіне 450 мг аспайтын.

7-9 жастағы балалар: 10 мл-ден (200 мг) күніне 3 рет, тәулігіне 600 мг аспайтын.

10-12 жастағы балалар: 15 мл-ден (300 мг) күніне 3 рет, тәулігіне 900 мг аспайтын.

Доза қабылдау аралығы 6-8 сағатты құрауы тиіс (ол қажет болғанда 4 сағатқа дейін азайтылуы мүмкін).

Вакцинациядан кейінгі қызба

Бір рет 2,5 мл (50 мг) суспензия береді, қажет болған жағдайда дозаны 6 сағаттан кейін қайталауға болады. 24 сағат ішінде суспензияның 2,5 мл-ден (50 мг-ден) екі дозадан астамын қабылдауға болмайды. Егер температура төмендемесе, дәрігерге қаралу керек.

Препарат 3-айлыққа дейінгі балаларға тағайындалмайды, бір жасқа дейінгі балаларға препаратты тек дәрігердің ұсынысымен ғана беруге болады. Егер балада (6 айға дейінгі жаста) бұрыннан бар симптомдар препаратты қабылдағаннан кейін (3 доза қабылдағаннан кейін) 24 сағат бойы сақталса, дәрігерге қаралу керек. Егер 6 айдан асқан балада бұрыннан бар симптомдар препаратты 3 күн бойы қабылдау аясында сақталса, дәрігерге қаралу керек.

Қолайсыз жағымсыз реакциялар даму қаупі ең төмен тиімді дозасын қабылдағанда азаюы мүмкін. Емнің ұзақтығы: ыстықты түсіретін дәрі ретінде 3 күннен асырмайды және ауыруды басатын дәрі ретінде 5 күннен асырмайды.

Жағымсыз әсерлері

Қолайсыз жағымсыз реакциялар, кездесу жиілігі бойынша бөлінеді: өте жиі ( 1/10), жиі (≥1/100 және ≤1/10), жиі емес (1/1000 және ≤ 1/100), сирек (1/10000 және ≤ 1/1000), өте сирек (≤ 1/10000).

Өте жиі

- жүрек айнуы, құсу, диарея, метеоризм, іш қатуы, диспепсия, іштің ауыруы, мелена, қанды құсық, ойық жаралы стоматит, асқазан-ішектен қан кетулер, колит асқынуы және Крон ауруы

- спецификалық емес аллергиялық реакциялар және анафилаксия түріндегі аса жоғары сезімталдық реакциялары

- демікпені, демікпе өршуін, бронх түйілуін, диспноэні қоса, тыныс алу жолдарының реактивтілігі

- бөртпе, қышыну, есекжем, пурпураны, ангионевроздық ісінуді қоса әртүрлі тері білінулері

Жиі

- гастрит, он екі елі ішектің ойық жарасы, асқазан ойық жарасы, асқазан-ішектің тесілуі

Өте сирек

- панкреатит

- буллезді дерматоз (оның ішінде Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермальді некролиз және мультиформалы эритема)

- тері инфекциясы және желшешекте инфекцияланған тері білінулерінің аясындағы жұмсақ тіндер тарапынан бұзылулар.

Клиникалық және эпидемиологиялық зерттеулер деректері ибупрофен қолданудың (атап айтқанда жоғары дозада тәулігіне 2 400 мг), оның ішінде ұзақ емдегенде, артериялық тромбоздық асқынулар (мысалы, миокард инфарктісі немесе инсульт) даму қаупінің аздап жоғарылауымен байланысты болуы мүмкіндігі туралы айғақтайды.

ҚҚСП қолданғанда инфекциялардан туындаған қабынулардың өршу (мысалы, некроздайтын фасциит дамуы) жағдайлары анықталды.

Ибупрофенмен емдегенде ісінулер дамығаны және қажығандық пайда болғаны туралы хабарланған.

Басқа, азырақ таралған қолайсыз жағымсыз реакциялар және препарат қабылдаумен байланысы анықталмаған реакциялар төменде әрбір жүйе немесе ағза шегіндегі кездесу жиілігі азаюының тәртібімен аталған.

Жиі

- диспепсия, диарея, жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы, метеоризм, іш қатуы, мелена, қанды құсулар, асқазан-ішек қан кетулері

- бөртпе

- қажу

Жиі емес

- ринит

- ұйқысыздық, мазасыздық

- парестезия, ұйқышылдық

- көрудің нашарлауы

- естудің төмендеуі, құлақтағы шу немесе шуыл, вертиго

- демікпе, бронх түйілуі, ентігу

- гастрит, он екі елі ішектің ойық жарасы, асқазан ойық жарасы, ойық жаралы стоматит, асқазан-ішектің тесілуі

- гепатит, сарғаю, бауыр функциясының бұзылуы

- әртүрлі формадағы уытты нефропатия, оның ішінде интерстициальді нефрит, нефроздық синдром, бүйрек жеткіліксіздігі

- есекжем, қышыну, пурпура, ангионевроздық ісіну, фотосезімталдық

Сирек

- асептикалық менингит

- лейкопения, тромбоцитопения, апластикалық анемия, нейтропения, агранулоцитоз және гемолиздік анемия

- анафилаксиялық шок

- депрессия және сананың шатасуы

- ретробульбарлық неврит

- көру жүйкесінің уытты невропатиясы

- ісіну

Өте сирек

- панкреатит

- бауыр жеткіліксіздігі

- ауыр тері реакциялары, мысалы, мультиформалы эритема, буллезді реакциялар, оның ішінде Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз

- жүрек жеткіліксіздігі, миокард инфарктісі

- артериялық гипертензия

Жиілігі белгісіз

- колит және Крон ауруы

Егер препаратты қолданғанда пациентте инфекция белгілері туындаса немесе нашарласа дереу дәрігерге қаралу керек.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- ибупрофенге немесе препараттың компоненттерінің кез келгеніне жоғары сезімталдық

- ацетил­салицил қышқылын немесе басқа да қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды қабылдаумен болған анамнезіндегі аса жоғары сезімталдық реакциялары (атап айтқанда, бронх демікпесі, ринит, Квинке ісінуі немесе есекжем)

- асқыну сатысындағы ойық жара ауруы/ойық жарадан қан кету немесе ойық жара ауруының/ анамнезінде ойық жарадан қан кету көріністерінің болуына нұсқаулар (ойық жара ауруының екі немесе одан да көп расталған көріністері немесе ойық жарадан қан кету)

- ҚҚСП қолданумен болған асқазан-ішектен қан кету немесе тесілуі, оның ішінде анамнезіндегі

- бауырдың ауыр жеткіліксіздігі

- ауыр бүйрек жеткіліксіздігі

- ауыр жүрек жеткіліксіздігі

- туа біткен фруктоза жақпаушылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы, сукраза-изомальтаза ферментінің тапшылығы

- қанағыштыққа қатты бейімділік (геморрагиялық васкулит, гипокоагуляция, лейкопения, гемофилия)

- естудің төмендеуі

- жүктіліктің үшінші триместрі

- лактация кезеңі

- 3 айға дейінгі балалық жас.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Ибупрофенді (және басқа ҚҚСП) келесі препараттармен бір мезгілде қолдануды болдырмау керек:

Аспирин: дәрігер тағайындаған аспириннің төменгі дозаларын қоспағанда (тәулігіне 75 мг-ден көп емес), себебі бірге қолдану жағымсыз әсерлерінің даму қаупін арттыруы мүмкін.

Тәжірибелік деректер осы препараттарды бір мезгілде тағайындағанда ибупрофеннің аспириннің агрегациясыз әсерін төмендетуі мүмкін екенін байқатты. Алайда, осы деректердің шектеулілігі және клиникалық жағдайға ex vivo зерттеу нәтижелерінің экстраполяциясы туралы ақпараттың болмауы ибупрофенді ұдайы қолданғанда осы әсердің туындау сенімсіздігін білдіреді, ал препаратты эпизодтық қолданғанда аспириннің агрегациясыз қабілетіне клиникалық релеванттық әсер етуі байқалмайды.

Басқа ҚҚСП, атап айтқанда, циклооксигеназа-2 селективті тежегіштері: жағымсыз әсерлерінің даму қаупінің ықтималды артуына байланысты бір мезгілде екі және одан да көп ҚҚСП тобының препараттарын қолдануға болмайды.

Келесі препараттармен бір мезгілде сақтықпен тағайындау керек

Глюкокортикостероидтар: асқазан-ішектің ойық жарасы немесе қан кету даму қаупі жоғары.

Гипотензиялық препараттар және диуретиктер: ҚҚСП осы топтағы препараттардың тиімділігін төмендетуі мүмкін. Диуретиктермен бір мезгілде қолдану ҚҚСП нефроуыттылығының жоғарылауына әкелуі мүмкін.

Антикоагулянттар: ҚҚСП антикоагулянттар, атап айтқанда варфариннің әсерін күшейтуі мүмкін.

Антиагреганттар және серотонинді кері қармау селективті тежегіштері (СКҚСТ): асқазан-ішектен қан кету дамуының қаупі жоғары.

Жүрек гликозидтері: ҚҚСП мен жүрек гликозидтерін бір мезгілде тағайындау жүрек жеткіліксіздігінің ушығуына, шумақтық сүзіліс жылдамдығының төмендеуіне және қан плазмасында жүрек гликозидтері концентрациясының артуына әкелуі мүмкін.

Литий препараттары: ҚҚСП қолдану аясында қан плазмасында литий концентрациясының арту мүмкіндігі туралы деректер бар.

Сульфонилмочевина: ҚҚСП сульфонилмочевина препараттарының әсерін күшейтуі мүмкін. Инфорин® тағайындағанда сульфонилмочевина қабылдаған пациенттерде гипогликемия дамығаны туралы сирек хабарланған.

Метотрексат: ҚҚСП қолдану аясында қан плазмасында метотрексат концентрациясының жоғарылауы мүмкіндігі туралы деректер бар.

Циклоспорин: ҚҚСП мен циклоспоринді бір мезгілде тағайындағанда нефроуыттылық қаупі жоғары.

Мифепристон: ҚҚСП мифепристон тиімділігін төмендетуі мүмкін, ҚҚСП қабылдауды мифепристон қабылдағаннан кейін кемінде 8-12 күн өткен соң бастау керек.

Такролимус: ҚҚСП мен такролимусты бір мезгілде тағайындағанда нефроуыттылық қаупі артуы мүмкін.

Зидовудин: ҚҚСП мен зидовудинді бір мезгілде қолдану гематологиялық уыттылықтың жоғарылауына әкелуі мүмкін. Зидовудинмен және ибупрофенмен емді бір мезгілде қабылдаған гемофилиясы бар АИТВ-оң пациенттерде гемартроз және гематома даму қаупі жоғарылағаны туралы деректер бар.

Хинолонды қатардағы антибиотиктер: ҚҚСП және хинолонды қатардағы антибиотиктермен бір мезгілде қабылдайтын пациенттерде құрысулар даму қаупі жоғары болуы мүмкін.

Шөп сығындылары: Гинкго билоба ҚҚСП байланысты болатын қан кету қаупін күшейтуі мүмкін.

Холестирамин: Инфорин және холестираминді бір мезгілде тағайындағанда АІЖ-да Инфорин® сіңуін төмендетуі мүмкін. Алайда бұның клиникалық мәні белгісіз.

Айрықша нұсқаулар

Егер препаратты қысқа уақыт аралығында, симптомдарды басуға қажетті ең төменгі тиімді дозада қабылдаса, жағымсыз әсерлерді азайтуға болады.

Егде жастағы адамдарда әсіресе кейбір жағдайларда өліммен аяқталатын асқазан-ішектен қан кету және тесілуінде ҚҚСП қолдану аясында жағымсыз реакциялар жиілігінің жоғарылауы байқалған.

Гематологиялық реакциялар: басқа да ҚҚСП сияқты, ибупрофен дені сау адамдарда қан кету уақытын ұзарта отырып, тромбоциттер агрегациясына әсер етуі мүмкін.

Тыныс алу мүшелеріне әсері: бронх демікпесі немесе асқыну сатысындағы аллергиялық ауруы бар пациенттерде, сондай-ақ анамнезінде бронх демікпесі/аллергиялық ауруы бар пациенттерде препарат бронх түйілуіне түрткі болуы мүмкін.

Басқа ҚҚСП-мен бірге пайдалану: ибупрофенді басқа ҚҚСП-мен, атап айтқанда циклооксигеназа-2 селективті тежегіштерімен бір мезгілде қолдануға болмайды.

Жүйелі қызыл жегі және дәнекер тіннің аралас ауруы: препаратты жүйелі қызыл жегісі немесе дәнекер тіннің аралас ауруы бар пациенттерде қолдану асептикалық менингиттің даму қаупінің жоғарылауымен байланысты.

Бүйрекке әсері: препарат бүйрек жеткіліксіздігі дамуымен бірге бүйрек функциясының нашарлауын туғызуы мүмкін. Айқын сусыздануы бар пациенттерге ибупрофенді сақтықпен қолдану керек. Басқа да ҚҚСП сияқты, ибупрофенді ұзақ қолдану бүйректің папиллярлық некрозына және басқа да патологиялық өзгерістерге әкелді. Сондай-ақ бүйрекке уытты әсері бүйрек простагландиндері бүйректегі қан ағынын демеуде компенсациялық рөл атқаратын пациенттерде байқалды. Бұл науқастарда ҚҚСП қолдану простагландиндердің дозаға тәуелді төмендеуін, ашық бүйрек жеткіліксіздігіне түрткі болуы мүмкін бүйректегі қан ағынының нашарлауын туындатуы мүмкін. Бұндай реакциялар болуының көбірек қаупі бүйрек функциясы бұзылуы, жүрек жеткіліксіздігі, бауыр дисфункциясы бар, несеп айдайтын дәрілер және АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде және егде адамдарда болады. ҚҚСП қолдануды тоқтату әдетте бұзылған функциялардың қалпына келуімен бірге жүреді.

Бауырға әсері: препарат бауыр функциясының нашарлауын туғызуы мүмкін.

Жүрек-қантамыр жүйесіне және ми қан айналымына әсері: ҚҚСП қолдану аясында сұйықтықтың іркілуі, артериялық қысымның жоғарылауы және ісінулердің пайда болуы туралы қолда бар хабарламаларға байланысты артериялық гипертензиясы және/немесе жүрек жеткіліксіздігі (қолданар алдында дәрігермен кеңесу керек) бар пациенттерде препаратты сақтықпен қолдану ұсынылады.

Клиникалық және эпидемиологиялық зерттеу деректеріне және эпидемиологиялық деректерге сәйкес ибупрофенді әсіресе жоғары дозада (тәулігіне 2400 мг) ұзақ қолдану тромбоздық асқынулардың даму қаупінің елеусіз жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін (мысалы, миокард инфаркті немесе инсульт). Жалпы алғанда, эпидемиологиялық зерттеулер миокард инфаркті дамуының жоғарғы қаупімен ибупрофеннің төмен дозасын (яғни, тәулігіне 1200 мг және одан аз) қабылдау аралығында тәуелділікті көрсетпейді.

Бақыланбайтын артериялық гипертензиясы, іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, жүректің анықталған ишемиялық ауруы, шеткері артериялардың аурулары және /немесе цереброваскулярлық аурулары бар пациенттерге ибупрофен тек мұқият тексерулерден кейін ғана тағайындалуы мүмкін. Гипертонияға, гиперлипидемияға, қант диабетіне, шылым шегуге байланысты жүрек-тамырлық қауіп факторының біліністері бар науқастарды зерттеу ұзақ мерзімдік ем басталғанға дейін жүргізілуі тиіс.

Асқазан-ішек жолына әсері: анамнезінде асқазан-ішек жолының ауруы (спецификалық емес ойық жаралы колит, Крон ауруы) бар пациенттерде препаратты сақтықпен қолдану қажет, себебі аталған топтағы препараттарды пайдаланған кезде осы аурулар өршуі мүмкін.

Сақтандыру симптомдары болғанда немесе болмағанда немесе осы тектес асқынулар бұрын анамнезінде болғанда ҚҚСП тобының кез келген препаратын кез келген сәтте қолданудан асқазан-ішектен қан кету, ойық жарасы және тесілуінің туындау жағдайлары туралы хабарламалар бар.

Асқазан-ішектен қан кету немесе ойық жарасы/тесілу қаупінің жоғарылауы ҚҚСП жоғары дозаларын пайдаланумен, пациенттің анамнезінде әсіресе қан кетумен немесе тесілумен асқынған ойық жара ауруының болуымен, сондай-ақ препаратты егде жастағы адамдарда қолданумен байланысты. Атап көрсетілген пациенттер санатында емді препараттың өте аз тиімді дозасынан бастау керек.

Анамнезінде асқазан-ішек жолы тарапынан уыттылық көріністері бар пациенттер, әсіресе егде жастағы науқастар, әсіресе, емнің басында асқазан-ішек жолы тарапынан болған кез келген әдеттен тыс симптомдар (атап айтқанда, асқазан-ішектен қан кету жағдайында) туралы хабарлауы тиіс.

Ойық жара немесе қан кету туындау қаупін арттыруы мүмкін дәрілік заттармен, атап айтқанда, пероральді глюкокортикостероидтар, антикоагулянттар (варфарин), серотонинді кері қармау селективті тежегіштері немесе антиагреганттармен (аспирин) бір мезгілде ем қабылдайтын пациенттерде препаратты сақтықпен қолдану ұсынылады.

Асқазан-ішектен қан кету немесе ойық жарасы туындағанда ибупрофенмен ем қабылдайтын пациенттерде препаратты қабылдауды тоқтату керек.

Теріге әсері: сирек жағдайларда ҚҚСП қолданған кезде ауыр, соның ішінде өліммен аяқталған тері реакцияларының (эксфолиативті дерматит, Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз) дамуы туралы хабарланған. Осындай реакциялардың туындау қаупінің жоғарылауы емнің басында байқалады: көптеген жағдайларда реакция препаратты қабылдаған алғашқы айларда дамиды. Терідегі бөртпелердің, шырышты қабықтың зақымдануларының алғашқы белгілерінде немесе аса жоғары сезімталдықтың басқа да көріністерінде препаратты қабылдауды тоқтату керек.

Циклооксигеназа/простагландиндер синтезін тежейтін дәрілік препараттар овуляция үдерісіне әсер етуі салдарынан әйелдерде ұрпақ өрбіту функциясының бұзылуын туғызуы мүмкін екендігі туралы шектеулі деректер бар. Бұл әсер препаратты қабылдауды тоқтатқан кезде қайтады.

Инфорин препараты құрамында лактоза бар. Галактоза көтере алмайтын, Лапп лактаза немесе глюкоза-галактоза тапшылығы немесе мальабсорбция белгілері бар пациенттер бұл препаратты қабылдамауы тиіс.

Жүктілік және лактация кезеңі

Простагландиндер синтезінің бәсеңдеуі жүктіліктің барысына және/немесе эмбрион/шарананың дамуына жағымсыз әсер етуі мүмкін. Эпидемиологиялық зерттеулер деректері жүктілікті аяғына дейін жеткізе алмау қаупінің артуын және жүрек ақауы дамуын және жүктіліктің бастапқы кезеңінде простагландин синтезі тежегіштерін қолданудан кейінгі гастрошизисті болжауға мүмкіндік береді. Дозаның артуымен және емді ұзартумен бірге қаупі жоғарылайды деп болжанады. Аса қажет болмаса, жүктіліктің бірінші немесе екінші триместрінде Инфорин тағайындауға болмайды. Жүктілікті жоспарлаған немесе жүктіліктің бірінші немесе екінші триместріндегі әйелдерге Инфорин тағайындаған жағдайда мүмкіндігінше аз уақыт ішінде барынша аз дозаны қолдану керек. Простагландиннің кез келген тежегіштерін жүктіліктің үшінші триместрінде қолдану жүрек-өкпелік уыттылықты (артериялық түтіктің уақытынан бұрын жабылуы болатын және өкпелік гипертензиясы бар); олигогидрамнионмен бүйрек жеткіліксіздігіне дейін үдеуі мүмкін бүйрек дисфункциясы дамуын туындата отырып, шаранаға әсер етуі мүмкін. Жүктіліктің аяғында простагландин синтезінің тежегіштері босанудың іркілісі және әсер етуі ұзаққа созылуымен бірге жүруі мүмкін қан кету уақытының болжамды ұзаруы, жатыр жиырылуы бәсеңдеуі болатын анасының және жаңа туған нәрестенің жай-күйіне әсер етуі мүмкін, сондықтан жүктіліктің үшінші триместрінде Инфорин қолдану қарсы көрсетілімде.

Лактация кезеңіндегі қолданылуы

Саны шектеулі зерттеулер барысында ибупрофен емшек сүтінде өте төмен концентрацияларда анықталды, сондықтан оны бала емізетін әйелдерге тағайындау ұсынылмайды.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Болуы мүмкін жағымсыз әсерлерді ескере отырып, көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқарғанда сақтық шараларын ұстану қажет.

Артық дозалануы

Балаларда симптомдар дене салмағына 400 мг/кг-ден асатын дозаны қабылдағаннан кейін туындауы мүмкін. Ересектерде дозаға тәуелді әсерінің айқындылығы төмен. Препараттың жартылай шығарылу кезеңі артық дозаланғанда 1,5-3 сағатты құрайды.

Симптомдары: клиникалық маңызды ҚҚСП дозаларын қолданатын көптеген пациенттерде артық дозалану симптомдары жүрек айнуымен, құсумен, эпигастрий тұсының ауыруымен немесе сирек диареямен шектеледі. Құлақтағы шуыл, бас ауыруы және асқазан-ішектен қан кету сияқты симптомдар туындауы мүмкін. Барынша ауыр жағдайларда орталық жүйке жүйесі тарапынан уыттылық көріністері байқалады, атап айтқанда ұйқышылдық, сирек – қозу, сондай-ақ бағдардан жаңылу немесе кома, сирек жағдайларда құрысулар туындайды. Ауыр улану жағдайларында метаболизмдік ацидоз және протромбиндік уақыттың ұзаруы дамуы мүмкін, бұл препараттың өзара әрекеттесуімен және қан ұюының айналымдағы факторымен байланысты болуы мүмкін. Жедел бүйрек жеткіліксіздігі және бауырдың зақымдалуы туындауы мүмкін. Бронх демікпесі бар пациенттерде осы ауру асқынуы мүмкін.

Емі: асқазан шаю, белсендірілген көмірді ішу арқылы қабылдау, қажет болғанда тыныс алу жолдарының еркін өткізгіштігін міндетті қамтамасыз етумен, жүрек қызметін және пациенттің жай-күйі қалыпқа келгенше негізгі тіршілік көрсеткіштерін мониторингілеумен симптоматикалық және демеуші ем. Жиі немесе ұзаққа созылған құрысуларды диазепамды немесе лоразепамды вена ішіне енгізумен басуға болады. Бронх демікпесінде бронходилататорларды қолдану ұсынылады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

100 мл-ден балалардың ашуына бақылауы бар, пластик қақпақпен тығындалған пластик құтыға салынады.

1 құтыдан пластик градуирленген дозалағыш 5 мл шприцпен медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынған.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында, 250С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецептісіз

Өндіруші

REPLEK FARM Ltd. Skopje, Скопье, Македония Республикасы

Қаптаушы

REPLEK FARM Ltd. Skopje, Скопье, Македония Республикасы

Тіркеу куәлігінің иесі

Spey Medical Ltd, Лондон, Ұлыбритания

Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды поштасы):

«Cepheus Medical» (Цефей Медикал) ЖШС өкілдігі: 050000, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Панфилов к-сі 98, «OLD SQUARE» БО, 807 кеңсе, телефон: +7 (727) 300 69 71, эл. поштасы: cepheusmedical@gmail.com

Прикрепленные файлы

913604431477975725_ru.doc 103.5 кб
000188541477977436_kz.doc 113.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники