Войти

Солу-Медрол® (500 мг) Метилпреднизолон

Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Производитель: Пфайзер Мануфактуринг Бельгия Н.В.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Methylprednisolone
Номер регистрации: № РК-ЛС-5№014909
Дата регистрации: 12.12.2014 - 12.12.2019

Инструкция

Саудалық атауы

СОЛУ-МЕДРОЛ

Халықаралық патенттелмеген атауы

Метилпреднизолон

Дәрілік түрі

Инъекция үшін ерітінді дайындауға арналған 250 мг, 500 мг және 1000 мг лиофилизат еріткішпен жиынтықта

Құрамы

Бір екі ыдысты ACT-O-VIAL құтының ішінде

белсенді зат - метилпреднизолон гемисукцинаты 250 мг, метилпреднизолон натрий сукцинатына баламалы, 250 мг,

Бір құтының ішінде

белсенді зат - метилпреднизолон гемисукцинаты 500 мг және 1000 мг, метилпреднизолон натрий сукцинатына баламалы, 500 мг немесе 1000 мг,

қосымша заттар: натрий дигидрофосфатының моногидраты, сусыз натрий гидрофосфаты, рН дейін натрий гидроксидінің 10 % ерітіндісі,

еріткіш: бензил спирті, инъекцияға арналған су.

Сипаттамасы

Ақ немесе ақ дерлік лиофилизацияланған масса.

Еріткіші: аздап безил спиртінің иісі бар мөлдір түссіз ерітінді.

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі қолдануға арналған горомондар (жыныс гормондарды және инсулиндерді қоспағанда). Жүйелі қолдануға арналған кортикостероидтар. Глюкокортикостероидтар. Метилпреднизолон.

АТХ коды Н02АВ04

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Метилпреднизолон фармакокинетикасы дозаға байланысты болады және енгізу тәсіліне тәуелденбейді.

Сіңірілуі

Дені сау ерікті ерлерге бұлшықет ішіне (б/і) енгізгеннен кейін 40 мг метилпреднизолон қан плазмасындағы 454 нг/мл тең ең жоғары концентрациясына (Сmax) 1 сағаттан соң (Tmax) жеткен. 12 сағаттан соң метилпреднизолон концентрациясы 31,9 нг/мл дейін төмендеген, ал 18 сағаттан соң метилпреднизолон қан плазмасынан табылмаған. AUC (концентрация/уақыт арақатынасының қисығы астындағы аудан) зерттеу нәтижелерін негізге алғанда, бұлшықет ішіне енгізгеннен кейін организмде сіңетін жалпы метилпреднизолон дозасы көктамыр ішіне (к/і) енгізілгеніне баламалы болды. Бос метилпреднизолонның сіңірілу деңгейі парентеральді енгізгенде (к/і және б/і енгізу) баламалы, бірақ метилпреднизолон таблеткаларын немесе ішуге арналған ерітіндісін ішке қабылдау кезіндегіден жоғары болды.

Зерттеулер нәтижелері қабылдау тәсіліне тәуелсіз метилпреднизолон күрделі эфирінің холинэстеразалар әсерімен тез және қарқынды гидролизденіп, бос метилпреднизолон (белсенді компонент) түзетінін көрсетеді. К/і және б/і енгізу кезінде сіңірілген метилпреднизолон деңгейінің баламалы болуына қарамастан, к/і енгізгенде гемисукцинат күрделі эфирінің концентрациясы жалпы қан ағымында жоғары болды. Қан плазмасындағы гемисукцинат күрделі эфирінің б/і енгізу кезіндегі концентрациясының көп төмен деңгейі оның тіндерде қайта түзіліп, әріқарай бос метилпреднизолон түрінде сіңірілуімен түсіндіріледі.

Таралуы

Метилпреднизолон тіндерде қарқынмен таралып, гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтеді де, емшек сүтімен бөлініп шығады. Оның болжамды таралу көлемі шамамен 1,4 л/кг құрайды. Метилпреднизолонның плазма ақуыздарымен байланысуы шамамен 77% тең.

Метаболизмі

Метилпреднизолон метаболизмі негізінен CYP3A4 арқылы бәсең метаболиттер түзумен бауырда жүзеге асады. Негізгі метаболиттері 20α-гидроксиметилпреднизолон, 20β-гидроксиметиппреднизолон және 20β-гидрокси-6α-метилпреднизон болып табылады.

Метилпреднизолон, көптеген CYP3A4 субстраттары сияқты, АТФ-байланыстыратын таспалық (АВС) тасымалдаушы Р-глюкопротеинге тән субстрат рөлін атқара алады, бұл оның тіндерде таралу және көп дәрілік препараттармен елеулі өзара әрекеттесу қабілетінің жоғары екенін түсіндіреді.

Шығарылуы

Метаболиттері көбіне бауырда және ішінара бүйректе түзіліп, байланыспаған күйде де, глюкуронидтер мен сульфаттар түрінде де негізінен несеппен шығарылады. Метилпреднизолонның жартылай шығарылу кезеңі 1,8-ден 5,2 сағатқа дейін ауытқиды. Жалпы клиренсі 5-6 мл/мин/кг тең. Бүйрек жеткіліксіздігінде дозаларға қандай да бір түзету қажет емес. Метилпреднизолон гемодиализге беріледі.

Фармакодинамикасы

СОЛУ-МЕДРОЛ б/і және к/і енгізуге арналған синтетикалық глюкокортикостероид (ГКС) - метилпреднизолонның инъекциялық түрі болып табылады. Бұл дәрілік түр алғашқы кезекте айқын және жылдам әсер алу қажет болатын патологиялық жай-күйлерді емдеуге арналған.

Метилпреднизолон - күшті әсер ететін қабынуға қарсы стероид болып табылады. Оның қабынуға қарсы қуаты преднизолоннан жоғары. Ол организмнен натрий мен судың шығарылуын да преднизолоннан аз кідіртеді. Метилпреднизолон, дәл метилпреднизолон сияқты, метаболикалық және қабынуға қарсы әсер көрсетеді. Тең молярлы дозаларда парентеральді қолданғанда препараттың екеуі де биологиялық белсенділігі жағынан бір-біріне баламалы болады. Метилпреднизолон мен гидрокортизон натрий сукцинатының эозинофильді эритроциттерді бәсеңдету қуатының арақатынасы, кем дегенде, 4:1 тең. 4 мг метилпреднизолон дозасы 20 мг гидрокортизонға баламалы. Егер метилпреднизолон мен гидрокортизон ішке қолданылса, дәл осындай арақатынас байқалады. Метилпреднизолон мардымсыз ғана минералокортикоидты белсенділікке ие (200 мг метилпреднизолон 1 мг дезоксикортикостеронға баламалы).

Метилпреднизолон жасушалық жарғақшалар арқылы өтіп, спецификалық цитоплазмалық рецепторлармен кешендер түзеді. Сосын бұл кешендер жасушалық ядроға еніп, ДНҚ-мен (хроматин) байланысады және мРНҚ транскрипциясын және әртүрлі ферменттердің кейінгі синтезін көтермелейді, олар жүйелі қолданылғанда СОЛУ-МЕДРОЛ фармакологиялық әсерлерін кепілдейді. СОЛУ-МЕДРОЛ мыналардың есебінен қабынуға қарсы, иммунодепрессиялық және аллергияға қарсы әсер көрсетеді:

  • фосфолипаза А2 белсенділігін бәсеңдету

  • лизосомалық жарғақшаларды тұрақтандыру

  • иммундық белсенді жасушалар санын азайту

  • вазодилатацияны кеміту

  • фагоцитозды тежеу

  • рецепторлардың санын және биологиялық белсенді заттарға (катехоламиндер, тиреоидты гормон және т.б.) сезімталдығын арттыру.

СОЛУ-МЕДРОЛ көмірсу, ақуыз, май алмасуларына ықпалын тигізеді. Глюкозаның жасушаға түсуін төмендетеді, неоглюкогенез бен гликогенолизді көтермелейді, бұлшықет ақуыздарының, шырышты қабықтар ақуыздарының катаболизмін жоғарылатады, кальций байланыстыратын ақуыздың, соматомединдердің түзілуін азайтады. Бауыр ферменттерінің, фибриноген, эритропоэтин, липомодулин, сурфактант синтезін арттырады. Аяқ-қолдарда липолизді арттырады және дененің жоғарғы бөлігіне және бетте май жиналуына ықпал етеді.

Қолданылуы

- Эндокриндік ауруларда

  • бүйрек үсті бездерінің алғашқы және салдарлы жеткіліксіздігі (қажет болса, минералокортикоидтармен бірге)

  • бүйрек үсті бездерінің жедел жеткіліксіздігі (қажет болса, минералокортикоидтармен бірге)

  • бүйрек үсті бездерінің жеткіліксіздігі салдарынан болатын шок, немесе бүйрек үсті бездері жеткіліксіздігінің болуы мүмкін кездерде әдеттегі әдістермен жасалатын ем дарымайтын шок (минералокортикоидтар белсенділігі қажет емес кезде)

  • бүйрек үсті бездерінің жеткіліксіздігі анықталған немесе күдік тудырған науқастарда операция алдындағы кезеңде, ауыр жарақат немесе қатты ауру жағдайында

  • бүйрек үсті бездерінің туа біткен гиперплазиясы

  • жеделге жуық тиреоидит

  • онкологиялық ауру аясындағы гиперкальциемия

- Қысқа мерзімді қосымша емдеу түрінде өршу кезіндегі ревматизм ауруларында

  • жарақаттанудан кейінгі остеоартрит

  • остеоартроз кезіндегі синовит

  • ревматоидты артрит, Стилл-Шоффар ауруы

  • жедел және жеделге жуық бурсит

  • эпикондилит

  • жедел спецификалық емес тендосиновит

  • жедел подагралық артрит

  • псориаздық артрит

  • шорбуынданатын спондилоартрит

- Дәнекер тіннің диффузиялық аурулары (коллагеноздар) және иммундық кешендер аурулары (өршу кезінде немесе демеуші ем ретінде)

  • жүйелі қызыл жегі және жегілі нефрит

  • жедел ревмокардит

  • дерматомиозит (полимиозит)

  • нодозды периартериит

  • Гудпасчер синдромы

- Дерматологиялық аурулар

  • пемфигус (күлбіреуік)

  • ауыр мультиформалы эритема (Стивенс-Джонсон синдромы)

  • эксфолиативті дерматит

  • ауыр псориаз

  • герпес тәрізді буллезді дерматит

  • ауыр себореялық дерматит

  • зең тәрізді микоз

- Аллергиялық аурулар (ауыр немесе мүгедектікке ұшырататын аллергиялық жай-күйлерді бақылау мақсатында, аллергияға қарсы дәстүрлі ем тиімсіз болғанда)

  • бронх демікпесі

  • жанаспалы дерматит

  • атопиялық дерматит

  • сарысу құю ауруы

  • маусымдық немесе жыл бойғы аллергиялық ринит

  • дәрілік препараттарға аса жоғары сезімталдық

  • қан құюдан кейінгі есекжем

  • көмейдің жедел жұқпалы емес ісінуі

- Көз аурулары (соның ішінде ауыр сипаттағы жедел және созылмалы аллергиялық/қабыну үдерістері)

  • көздің Herpes zoster түрі (көздің белдемелі ұшығы)

  • ирит, иридоциклит

  • хориоретинит

  • диффуздық артқы увеит және хориоидит

  • көру жүйкесінің невриті

  • симпатикалық офтальмия

  • алдыңғы сегмент қабынуы

  • аллергиялық конъюнктивит

  • мөлдір қабықтың аллергиялық шеткі ойық жарасы

  • кератит

- Асқазан-ішек жолының аурулары (аурудың қатерлі шектегі кезеңдерін бақылау мақсатында)

  • спецификалық емес ойық жаралы колит

  • жергілікті энтерит

- Респираторлық аурулар

  • симптоматикалық саркоидоз

  • бериллиоз

  • фульминантты немесе диссеминацияланған туберкулез (туберкулезге қарсы химиялық еммен біріктіріп)

  • басқа әдістермен емдеуге келмейтін Леффлер синдромы

  • аспирациялық пневмонит

  • АИВ жұқтырған емделушілердегі орташа немесе ауыр дәрежелі пневмоцистік пневмония (Pneumocystis jiroveci) (алғашқы 72 сағатта негізгі пневмонияға қарсы емдеуге қосымша ем ретінде)

  • өкпенің созылмалы тарылу ауруларының өршуі (ӨСТА)

- Қан аурулары

  • жүре пайда болған (аутоиммундық) гемолитикалық анемия

  • ересектердегі идиопатиялық тромбоцитопениялық пурпура (тек к/і енгізу; б/і енгізу қарсы көрсетілімді)

  • ересектердегі салдарлы тромбоцитопения

  • эритробластопения (эритроцитарлы анемия)

  • тұқым қуалайтын (эритроидты) гипопластикалық анемия

- Неопластикалық аурулар (паллиативті ем)

  • ересектердегі лейкоздар мен лимфомалар

  • балалардағы жедел лейкоз

  • обырдың терминалдық сатысындағы науқастарда өмір сүру сапасын жақсарту

- Ісіну синдромы

  • уремиясыз нефротикалық синдромы бар науқастарда диурезді көтермелеу және протеинурия ремиссиясына жету

- Жүйке жүйесінің аурулары

  • алғашқы немесе метастаздық ісіктен болатын немесе хирургиялық әлде сәулелі еммен байланысты ми ісінуі

  • жайылған склероз өршуі

  • жедел жұлын жарақаты: емдеу жарақат алғаннан кейін алғашқы 8 сағат ішінде басталу керек

  • субарахноидты бөгеті бар немесе бөгет қатер төндіретін туберкулез менингиті (туберкулезге қарсы тиісті химиялық еммен үйлестіріп)

- Басқа да көрсетілімдер

  • жүйке жүйесі немесе миокард зақымдалатын трихинеллез

  • ағзалар трансплантациясы

  • онкологиялық ауруларға орай жасалған химиялық еммен байланысты болатын жүрек айну мен құсудың алдын алу

Қолдану тәсілі және дозалары

СОЛУ-МЕДРОЛДЫ көктамырішілік (к/і), бұлшықетішілік (б/і) инъекция түрінде немесе к/і инфузия түрінде енгізуге болады. Кейін шегеруге болмайтын жай-күйлерде препаратты көктамыр ішіне енгізу ұсынылады. Ұсынылған дозалау жөніндегі деректер 1 кестеде көрсетілген.

Балаларға тәулігіне 0,5 мг/кг-ден аспайтын өте төмен дозалар, яғни әр 24 сағат сайын енгізген жөн, алайда дозаны таңдағанда алғашқы кезекте науқастың жасы мен дене салмағын емес, ахуал ауырлығын және емге жауап беру реакциясын есепке алады.

 

 

1 кесте. Ұсынылатын СОЛУ-МЕДРОЛ® дозалары

Көрсетілімдер

Дозалар

Өмірге қауіп төндіретін жағдайларда қосымша емдеу

Көктамыр ішіне тамшылатып 30 мг/кг, инфузия уақыты кемінде 30 минут. Аталған дозаны 2 тәулік ішінде (48 сағат) әр 4-6 сағат сайын қайталауға болады.

Стандартты ем тиімсіз болған кездегі (немесе өршу кезіндегі) ревматизм аурулары

Көктамыр ішіне тамшылатып 30 минуттан кем емес уақыт ішінде. 1-4 күн бойы 1г/тәулік немесе 6 ай бойы 1г/ай.

Егер апта бойы жүргізілген емнен кейін жақсару болмаса, немесе науқас ахуалы соны талап етсе, курсты қайталауға болады.

Стандартты ем тиімсіз болған кездегі (немесе өршу кезіндегі) жүйелі қызыл жегі

Көктамыр ішіне тамшылатып 3 күн бойы 1г/тәулік, инфузия уақыты кемінде 30 минут.

Егер апта бойы жүргізілген емнен кейін жақсару болмаса, немесе науқас ахуалы соны талап етсе, курсты қайталауға болады.

Стандартты ем тиімсіз болған кездегі (немесе өршу кезіндегі) жайылған склероз

Көктамыр ішіне тамшылатып 3-5 күн бойы 1г/тәулік, инфузия уақыты кемінде 30 минут.

Егер апта бойы жүргізілген емнен кейін жақсару болмаса, немесе науқас ахуалы соны талап етсе, курсты қайталауға болады.

Стандартты ем тиімсіз болған кездегі (немесе өршу кезіндегі) ісіну синдромы (гломерулонефритте немесе жегілі нефритте)

Көктамыр ішіне тамшылатып күнара 30 мг/кг, төрт инфузия немесе 3,5 әлде 7 күн бойы 1г/тәулік.

Инфузия уақыты кемінде 30 минут.

Егер апта бойы жүргізілген емнен кейін жақсару болмаса, немесе науқас ахуалы соны талап етсе, курсты қайталауға болады.

Терминалдық сатыдағы онкологиялық аурулар (науқастардың тіршілік сапасын жақсарту үшін)

Көктамыр ішіне 8 апта бойы 125 мг/тәулік.

Онкологиялық ауруларға орай жасалған химиялық еммен байланысты болатын жүрек айну мен құсудың алдын алу

Болымсыз және орташа эметогенді (яғни құстыратын әсері бар) химиялық емде:

Көктамыр ішіне кемінде 5 минут бойы 250 мг – химиялық ем препаратын енгізуге дейін 1 сағат бұрын, тура химиялық емнің өзінің алдында, сондай-ақ ол аяқталғаннан кейін. СОЛУ-МЕДРОЛ® препаратының алғашқы дозасының тиімділігін күшейту үшін хлорланған фенотиазин туындыларын енгізуге болады.

Айқын эметогенді химиялық емде:

Көктамыр ішіне кемінде 5 минут бойы 250 мг метоклопрамидтің немесе бутирофенонның тиісті дозаларымен үйлестірілген химиялық ем препаратын енгізуге дейін бір сағат бұрын, сосын химиялық ем басында немесе ол аяқталғаннан кейін к/і 250 мг.

Жедел жұлын жарақаттары

Емді жарақаттанудан кейін алғашқы 8 сағат ішінде бастау қажет.

Емдеудің басында жарақат алғаннан кейін 3 сағаттан кешіктірмей дозалау:

15 минут бойы дене салмағына 30 мг/кг есебінен к/і болюсті енгізу, сосын 45 минут үзіліс жасап, әріқарай 23 сағат ішінде 5,4 мг/кг/сағат дозада үздіксіз инфузия жасау ұсынылады.

Препаратты емдеудің басында жарақат алғаннан кейін 3-8 сағат аралығындағы кезеңде дозалау:

Көктамыр ішіне 15 минут бойы 30 мг/кг болюсті құю. Әріқарай 45 минуттық үзіліс және 47 сағат ішінде 5,4 мг/кг/сағат дозада қайта к/і құю.

Препаратты катетер арқылы оқшау алынған көктамырға инфузиялық сорғы арқылы енгізген жөн.

АИВ бар емделушілердегі пневмоцистік пневмония

Препаратпен емдеу пневмонияға қарсы ем басталғанша 72 сағат ішінде жүргізіледі.

Мүмкін болатын енгізу режимдерінің бірі: біртіндеп азайтумен әр 6-12 сағат сайын көктамыр ішіне 40 мг. Препаратпен емдеу курсы көп дегенде 21 күн немесе пневмонияға қарсы негізгі ем аяқталғанша созылады.

АИВ бар емделушілерде туберкулездің жедел қайта белсенділенуі ескеріліп, кортикостероидтармен қоса бір мезгілде микобактерияға қарсы ем тағайындалады. Осы қауіп тобы басқа да жасырын жұқпалардың болуы тұрғысынан бақылануы тиіс.

Өкпенің созылмалы тарылу ауруының өршуі

Препарат қолданудың екі режимі ұсынылады:

- Көктамыр ішіне 3 тәулік бойы әр 6 сағат сайын 0,5 мг/кг немесе

- Көктамыр ішіне 3 тәулік бойы әр 6 сағат сайын 125 мг, кортикостероидтар (ішке) қосумен және дозаны біртіндеп азайтумен. Емдеу ұзақтығы –

2 аптадан кем емес.

Басқа да қолданылуы –

қосымша ем

Бастапқы көктамырішілік доза, науқастың ахуалына қарай, әдетте, 10-150 мг шегінде ауытқиды. Ауыр сипатты және жедел ағымды ауруларда қысқа мерзімді ем жүргізілгенде (пульс-терапия) одан жоғары дозалары да қажет болуы мүмкін. 250 мг көлемінен аз бастапқы дозалары көктамыр ішіне тағайындалады және кемінде 5 минут бойы енгізіледі. Жоғарылау дозаларда (250 мг және одан көп) – кемінде 30 минут бойы инфузиялық енгізу. Кейінгі дозалары, науқас ахуалына және оның препаратқа реакциясына қарай, көктамыр ішіне немесе бұлшықет ішіне тағайындалады.

Ерітінділер әзірлеу

Парентеральді енгізуге арналған препараттарды, мүмкіндігінше, түсінің өзгеруі немесе бөлшектерінің пайда болуы тұрғысынан көзбен қарап тексеру керек.

Құтылардың екі типін пайдалану жөнінде нұсқау (біріншісі – препараттың өзін және сұйылтқышын бөлек сақтауға арналған екі жеке бөлікті құты; екіншісі – оған тікелей ине және онымен бірге сұйылтқыш салынады):

а) Екі ыдысты Act-O-Vial құтысы

  • Қорғағыш қалпақшасын алып, жүріс шектегішін тоқсан градусқа бұрыңыз да, қысыңыз. Әріқарай сұйықтық құтының төменгі бөлігіне ағады.

  • Құтыны ішіндегі ұнтақ ерігенше абайлап шайқаңыз.

  • Тығынның ортасын жауып тұрған пластик дискіні алып тастаңыз.

  • Тығынның бетін тиісті антисептикпен өңдеңіз.

  • Инемен тығынның ортасын иненің ұшы көрініп тұратындай етіп тесіңіз.

    Құтыны айналдырып, ерітіндінің қажетті мөлшерін еккішпен тартып алыңыз.

    б) Құты

    Асептиканы сақтаумен, лиофилизаты бар құтыға еріткіш енгізіңіз. Арнайы еріткішті ғана пайдаланыңыз.

    в) Көктамырішілік инфузияға арналған ерітінділер дайындау

    Ерітіндіні жоғарыда көрсетілгендей етіп әзірлеңіз. Препаратты, сондай-ақ, препараттың бастапқы ерітіндісін 5  сулы декстроза ерітіндісімен, физиологиялық ерітіндімен, 0,45  немесе 0,9  натрий хлориді ерітіндісіндегі 5 декстроза ерітіндісімен араластыру арқылы алынған сұйылтылған ерітінділер түрінде енгізуге де болады. Дайындалған ерітінділер 48 сағат бойы физикалық және химиялық тұрғыдан тұрақты.

    Метилпреднизолонның басқа дәрілік заттармен үйлесімсіздігіне жол бермеу, сондай-ақ, оның тұрақтылығын сақтау үшін, мүмкіндігінше препаратты бөлек пайдалану ұсынылады. К/і енгізуге арналған пакетті немесе к/і енгізуге арналған «пегги-бэк» типіндегі пакетті орналастыру үшін жеке бөлік қажет болады.

Жағымсыз әсерлері

Төменде аталған препарат енгізудің қарсы көрсетілімді жолдарын пайдалану кезінде мынадай қолайсыз реакциялар туралы хабарламалар алынған: интратекальді немесе эпидуральді енгізу: арахноидит, асқазан-ішек жолы тарапынан функционалдық бұзылу/қуық дисфункциясы, бас ауыру, менингит, парапарез/параплегия, құрысулар және сенсорлы бұзылулар. Осы қолайсыз реакциялардың пайда болу жиілігі белгісіз.

- жұқпалар, оппортунистік жұқпаларды қоса

- лейкоцитоз

- дәрілерге аса жоғары сезімталдық, анафилактоидтық және анафилактикалық реакцияларды қоса

- кушингоид, гипопитуитаризм және препарат қолдануды тоқтатқан кездегі асқынулар – «стероидты синдром»

- глюкозаға төзімділіктің төмендеуі, дислипидемия, гипокалиемиялық алкалоз, диабетпен науқастарда инсулинге немесе ішуге арналған қант төмендететін препараттарға қажеттіліктің артуы, организмдегі натрий мен сұйықтық іркілісі, теріс азоттық теңгерім (ақуыздық катаболизммен байланысты), қанда мочевинаның көбеюі, тәбет арту (салмақ қосуға ұласатын), липоматоз

- аффектілі психикалық бұзылыстар (аффектілі құбылу, депрессиялық көңіл-күй, эйфория, дәріге тәуелділік, суицидтік ойларды қоса), психоздар (мания, сандырақтау, елестеулер, шизофренияны қоса, сананың тұмандануы, ментальді бұзылыстар, үрейлену, тұлғалық өзгеру, эмоциялық құбылу, қалыпсыз мінез-құлық, ұйқысыздық, ашушаңдық)

- бассүйекішілік қысымның көтерілуі (көру жүйкесі дискісінің ісінуімен, қатерсіз бассүйекішілік гипертензия), құрысулар, амнезия, когнитивті бұзылыстар, бас айналу, бас ауыру, эпидуральді липоматоз

- экзофтальм, глаукома, катаракта, көзішілік қысымның көтерілуі, орталық серозды хориоретинопатия

- вертиго (тепе-теңдік сезімінің бұзылуы)

- іркілісті жүрек жеткіліксіздігі (қауіп тобы емделушілерінде), аритмия

- гипертония, гипотония

- ықылықтау

- асқазаннан қан кету, ішектің тесілуі, пептидтік ойық жара (пептидтік ойық жараның тесілу мүмкіндігімен және қан кетумен), панкреатит, перитонит, эрозиялы эзофагит, эзофагит, іштің ауырулары, іштің керуі, диарея, диспепсия, жүрек айну

- ангионевротикалық ісіну, шеткергі ісіну, экхимоз, геморрагиялар, тері атрофиясы, тері стриялары, терінің гипопигментациясы, гирсутизм, бөртпе, эритема, қышыну, есекжем, безеу, гипергидроз

- остеонекроз, патологиялық сыну, бой өсу кідірісі, бұлшықеттер атрофиясы, миопатия, остеопороз, нейропатиялық артропатия, артралгия, миалгия, бұлшықет әлсіздігі, сіңірлердің жарылуы, омыртқаның компрессиялық сынуы

- етеккір оралымының бұзылуы

- жаралардың баяу жазылуы, препарат енгізген жердегі реакциялар

- шаршау, дімкәстану

- аланинаминотрансаминазаның, аспартатаминотрансаминазаның жоғарылауы, қанда сілтілік фосфатазаның ұлғаюы, көзішілік қысымның көтерілуі, карбогидраттарға төзімділіктің төмендеуі, қанда калийдің кемуі, несепте кальций мөлшерінің көбеюі, теріге жасалатын тестілерде баяулаған реакциялар

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- метилпреднизолонға немесе препараттың кез келген компонентіне жоғары сезімталдық

- жүйелі зеңді жұқпалар

- жедел және жеделге жуық миокард инфарктісі

- 3 жасқа дейінгі сәбилер (осы препарат құрамында шала жаңа туған нәрестелерде өліммен аяқталатын «тұншығу синдромын», 3 жасқа дейінгі сәбилерде уытты және аллергиялық реакциялар туындататын бензил спирті бар)

- интратекальді (қабықішілік) қолдану

- эпидуральді енгізу жолы

- тірі немесе әлсіретілген вакциналарды және кортикостероидтардың иммуносупрессорлық дозаларын бір мезгілде қолдану

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Метилпреднизолон CYP Р450 цитохромы ферменттерінің субстраты саналып, ең алдымен, CYP3A4 ферментімен метаболизденеді. CYP3A4 ферменті ересек адамдардың бауырында, CYP тектестігінің басқа ферменттерімен салыстырғанда, өндірілу көлемі жағынан басым түседі. Ол өз кезегінде эндогенді де, синтетикалық та кортикостероидтар үшін метаболикалық үдерістің маңызды алғашқы фазасы болатын стероидтардың 6β-гидроксилденуін катализдейді. Басқа көп компонентті заттар да CYP3A4 субстраттары болып табылады. Олардың кейбіреулері, басқа да дәрілік препараттар сияқты, CYP3A4 ферментін индукциялау (жоғары реттелу) немесе тежеу жолымен глюкокортикоидтар метаболизмінің түрін өзгертуге қабілетті.

CYP3A4 ТЕЖЕГІШТЕРІ – бұл CYP3A4 субстраттары саналатын дәрілердің қан плазмасындағы концентрациясын арттыру және бауыр клиренсін төмендету арқылы CYP3A4 белсенділігін бәсеңдететін дәрілер. Метилпреднизолон да мысал бола алады. CYP3A4 тежегішінің қатысуымен стероидты уыттануға жол бермеу үшін метилпреднизолон дозасын титрлеу керек.

CYP3A4 ИНДУКТОРЛАРЫ – бұл CYP3A4 субстраттары саналатын дәрілердің қан плазмасындағы концентрациясын төмендету және бауыр клиренсін арттыру арқылы CYP3A4 белсенділігін жоғарылататын дәрілер. Олар бірге қолданылған кезде қалаулы емдік нәтижеге жету үшін метилпреднизолон дозасын көбейту қажет болуы мүмкін.

CYP3A4 СУБСТРАТТАРЫ – басқа CYP3A4 субстраттарының қатысуымен метилпреднизолонның бауырдағы клиренсі бұзылуы мүмкін, сондықтан метилпреднизолон дозасын түзету қажет.

Метилпреднизолонды басқа дәрілік препараттармен бірге қолданғанда жағымсыз әсерлердің пайда болу ықтималдығы артады.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

CYP3A4-пен байланыссыз дәрілік өзара әрекеттесулер, бірақ метилпреднизолон басқа препараттармен қолданылғанда пайда болатын ең көп таралған және клиникалық тұрғыда маңызды әрекеттесулері төменде 2 кестеде көрсетілген.

2 кесте. Метипреднизолонмен ең маңызды дәрілердің немесе белсенді заттардың өзара әрекеттесулері

Дәрі/белсенді зат

Өзара әрекеттесуі/Тиімділігі

Бактерияға қарсы дәрі

- ИЗОНИАЗИД

CYP3A4 ТЕЖЕГІШІ. Метилпреднизолон ацетилдену жылдамдығын және изониазид клиренсін әлеуетті арттыруға қабілетті.

Антибиотик, туберкулезге қарсы дәрі - РИФАМПИН

CYP3A4 ИНДУКТОРЫ.

Антикоагулянттар

(ішуге арналған)

Метилдпреднизолонның антикоагулянттар белсенділігіне әсер етуі оларды ішу арқылы қолданған кезде әртүрлі. Кортикостероидтармен біріктіріп қолданғанда антикоагулянттар белсенділігінің әрі жоғарылайтыны, әрі төмендейтіні туралы деректер алынған. Соған сай межелі антикоагулянттық әсерлерге жету үшін қанның ұю көрсеткіштерін бақылау керек.

Конвульсияға қарсы дәрілер

- КАРБАМАЗЕПИН

CYP3A4 ИНДУКТОРЫ және СУБСТРАТЫ

Конвульсияға қарсы дәрілер

- ФЕНОБАРБИТАЛ

- ФЕНИТОИН

CYP3A4 ИНДУКТОРЛАРЫ

Антихолинергиялық дәрілер

- ЖҮЙКЕ-БҰЛШЫҚЕТ БЛОКАТОРЛАРЫ

Кортикостероидтар антихолинергиялық дәрілер белсенділігіне әсерін тигізуге қабілетті.

  • Кортикостероидтар мен нейро-бұлшықет блокаторлары сияқты антихолинергиялық дәрілердің жоғары дозаларын біріктіріп қолданғанда жедел миопатияның пайда болуы жөнінде хабарламалар түскен (Толық ақпаратты «Айрықша нұсқаулар» бөлімінің «Тірек-қимыл аппаратына әсер етуі» тармағынан қараңыз)

  • Сонымен қатар, кортикостероидтарды панкуроний мен векуроний сияқты нейро-бұлшықет блокаторларымен біріктіріп қолданғанда оларда үйлеспеушіліктің байқалуы жөнінде хабарламалар алынды. Препараттың осындай үйлесімсіздігі, бүкіл көрінісі бойынша, осы кластың барлық препараттарымен болатыны күтіледі.

Антихолинэстеразалық дәрілер

Стероидтар ауыр миастенияны емдегенде антихолинэстеразалық дәрілер тиімділігін төмендетуі мүмкін.

Диабетке қарсы дәрілер

Кортикостероидтар қандағы глюкоза концентрациясын арттыруға қабілетті екендіктен, диабетке қарсы дәрілер дозаларын түзету қажет болуы мүмкін.

Құсуға қарсы дәрілер

- АПРЕПИТАНТ

- ФОСАПРЕПИТАНТ

CYP3A4 ТЕЖЕГІШТЕРІ және СУБСТРАТТАРЫ

Зеңге қарсы дәрілер

- ИНТРАКОНАЗОЛ

- КЕТОКОНАЗОЛ

CYP3A4 ТЕЖЕГІШТЕРІ және СУБСТРАТТАРЫ

Вирустарға қарсы дәрілер

- АИВ ПРОТЕАЗА ТЕЖЕГІШТЕРІ

CYP3A4 ТЕЖЕГІШТЕРІ және СУБСТРАТТАРЫ.

  • Индинавир мен ритонавир сияқты протеаза тежегіштері плазмадағы кортикостероидтар концентрациясын арттыруға қабілетті.

  • Кортикостероидтар АИВ протеаза тежегіштерінің метаболизмін күшейтіп, олардың қан плазмасындағы концентрациясының төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Ароматаза тежегіштері -АМИНОГЛЮТЕТИМИД

Аминоглютетимидпен индукцияланған бүйрек үсті бездерінің супрессиясы глюкокортикоидтармен ұзақ уақыт қолданғанда эндокринді өзгерістерді өршітуі мүмкін.

Кальций өзектерінің блокаторы

- ДИЛТИАЗЕМ

CYP3A4 ТЕЖЕГІШІ және СУБСТРАТЫ

Контрацептивтер

(ішуге арналған)

- ЭТИНИЛЭСТРАДИОЛ

- НОРЭТИНДРОН

CYP3A4 ТЕЖЕГІШІ және СУБСТРАТЫ

- ГРЕЙПФРУТ ШЫРЫНЫ

CYP3A4 ТЕЖЕГІШІ

Иммунодепрессанттар

- ЦИКЛОСПОРИН

CYP3A4 ТЕЖЕГІШІ және СУБСТРАТЫ

  • Циклоспорин мен метипреднизолон метаболизмді тежеуге қабілетті, сондықтан олардың қан плазмасындағы концентрациялары жоғарылайды. Соған сай, оларды біріктіріп қолданғанда сол немесе өзге препараттың жағымсыз әсерінің қаупі артады.

  • Метилпреднизолонды циклоспоринмен бір мезгілде қолданғанда құрысулардың пайда болуы жөнінде хабарламалар алынған.

Иммунодепрессанттар

- ЦИКЛОФОСФАМИД

- ТАКРОЛИМУС

CYP3A4 СУБСТРАТТАРЫ

Бактерияға қарсы макролидтер

- КЛАРИТРОМИЦИН

- ЭРИТРОМИЦИН

CYP3A4 ТЕЖЕГІШТЕРІ және СУБСТРАТТАРЫ

Бактерияға қарсы макролидтер

- ТРОЛЕАНДОМИЦИН

CYP3A4 ТЕЖЕГІШІ

ҚҚСД (қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер)

- АСПИРИННІҢ (ацетилсалицил қышқылы)

жоғары дозалары

1) Кортикостероидтар ҚҚСД-мен бір мезгілде қолданылғанда асқазан-ішектен қан кету және ойық жаралардың пайда болу қаупі жоғарылайды.

2) Метилпреднизолон аспирин клиренсін арттыруға қабілетті, бұл қан сарысуындағы салицилаттар деңгейлерінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Метилпреднизолонмен емделуді тоқтату қан сарысуындағы салицилаттар мөлшерінің көбеюін туындатады, өз кезегінде, бұл олардың уытты әсер ету қатерін арттыруы мүмкін.

Калийді шығаратын дәрілер

Кортикостероидтарды калийді шығаратын дәрілік заттармен (яғни диуретиктер) біріктіріп қолданғанда гипокалиемия дамуы мүмкін, сондықтан емделушілер жүрек қызметі бұзылуынан дер мезгілінде сақтану үшін мұқият қадағалануы тиіс. Сондай-ақ, препаратты амфотерицин Б, ксантен және β2-агонистерімен біріктіргенде соңғы бұзылу дамуының үлкен қаупі ықтималды.

Үйлесімсіздігі

Үйлесімсіздігі мен тұрақсыздығын болдырмау үшін к/і енгізілетін қалған дәрілік заттардан метилпреднизолонды бөлек қолдану ұсынылады. Метилпреднизолонмен араластырғанда үйлеспейтін дәрілік препараттарға, басқалардан басқа кальций глюконаты, векуроний бромиді, рокуроний бромиді, цисатракурий безилаты, гликопирролат және пропофол жатады.

Айрықша нұсқаулар

Иммуносупрессия/жұқпаларға жоғары сезімталдық

Кортикостероидтар жұқпаларға сезімталдықты арттырады, жұқпаның жасырын ағымына (жұқпалы аурудың кейбір симптомдарын бүркемелеуі мүмкін) және олар қолданылған кезеңде жаңа жұқпалардың пайда болуына ықпал етеді. Кортикостероидтар қолданған кезде жұқпаларға төзімділік және организмнің жұқпа үдерісін оқшаулау қабілеті төмендеуі мүмкін. Вирустар, бактериялар, зеңдер, қарапайымдар және гельминттер туғызатын жұқпалардың алуан ошақтарының пайда болуы кортикостероидтардың өзін немесе жасушалық әлде гуморальді иммунитетті немесе нейтрофильдер функциясын бәсеңдетуге қабілетті басқа иммуносупрессорлық препараттармен біріктіріп қолданудан болуы мүмкін. Бұл жұқпалар орташа және ауыр түрлерде өтуі мүмкін, ал кейде өліммен аяқталуға әкелуге қабілетті. Кортикостероидтар дозасының арттырылуына сәйкес жұқпалы асқынулардың даму жиілігі де ұлғаяды.

Иммуносупрессорлық препараттар қабылдайтын тұлғалар, дені сау адамдардан гөрі, жұқпаларға көбірек сезімтал. Мысалы, кортикостероидтар қолдану нәтижесінде иммунитет тапшылығына ұшыраған балалар мен ересектердегі желшешек пен қызылша ауыр өтеді, ал кейде өліммен аяқталған жағдайлар да болуы ықтимал.

Тірі немесе аттенуирленген вакциналар енгізу кортикостероидтардың иммуносупрессиялық дозаларын алатын емделушілерге қарсы көрсетілімді. Мұндай емделушілерге тек өлтірілген немесе әлсіретілген вакциналар қолдануға рұқсат етіледі, дегенмен вакцинацияға иммундық жауап деңгейі төмен болуы мүмкін. Кортикостероидтардың иммуносупрессиялық емес дозаларын алатын емделушілерге аталған вакцинация түрлері рұқсат етіледі.

Белсенді туберкулезде кортикостероидтар қолдану негізгі туберкулезге қарсы емге қосымша дәрілік зат ретінде үдеріс ағымын бақылау үшін фульминантты немесе диссеминацияланған туберкулез кезінде пайдаланумен ғана шектеледі.

Егер де кортикостероидтар жасырын туберкулёзі немесе туберкулинді қайта белсенділенуі бар емделушілерге тағайындалса, аурудың қайта белсенділену қаупі ықтимал екендіктен, мұндай емделушілерді қатаң қадағалау талап етіледі. Кортикостероидтармен ұзақ емделу кезінде мұндай емделушілерге химиялық алдын алу емі тағайындалады.

Кортикостероидты емнен өтетін емделушілерде Капоши саркомасының анықталғаны жөнінде хабарламалар алынған. Кортикостероидтармен емдеуді үзу клиникалық ремиссияны туындатуы мүмкін.

Сепсистік шок дамуында кортикостероидтар атқаратын рөл таласты мәселе болып табылады, оның үстіне ертеректе жасалған зерттеулер нәтижелерінде олардың оң да, теріс те әсерлері жөнінде хабарланады. Таяудағы зерттеулер деректері бойынша, бүйрек үсті бездері функциясының жеткіліксіздігімен қатар жүретін сепсистік шок дамыған емделушілерде кортикостероидтармен қосымша ем оң әсер береді.

Соның өзінде оларды сепсистік шокты емдеудің стандартты сызбасында қолдану ұсынылмайды. Жоғары дозаларда кортикостероидтарды қысқа курстармен қолданудың жүйелі талдауында олардың пайдаланылуына қолдау көрсетілмейді. Алайда мета-талдаулар және бір шолу кортикостероидтардың төмен дозаларымен ұзаққа созылатын (5-11күн) курстарының емделушілердің, әсіресе, вазопрессорлар тағайындау талап етілетін сепсистік шокқа шалдыққан емделушілер өлімін азайтуы мүмкін екенін айғақтайды.

Иммундық жүйеге әсері

Аллергиялық реакциялардың даму қаупі ықтималды. Кортикостероидтар алатын емделушілерде анафилактикалық/анафилактоидтық және тері реакциялары туындаған сирек жағдайларға қарамастан, әсіресе, егер емделушінің сыртартқысында қандай да бір препаратқа аллергия болса, тура препарат енгізер алдында барлық сақтану шараларын қабылдау қажет.

Эндокриндік жүйеге әсері

Кортикостероидтар алатын және күшті стресс алуға бейім келетін емделушілерге стресс жағдайына дейін, сол тұста және одан кейін жылдам әсер ететін кортикостероидтардың арттырылған дозасы көрсетілген. Кортикостероидтардың емдік дозаларын ұзақ уақыт қолдану гипоталамус-гипофизарлық-бүйрек үсті безі (ГГББ) супрессиясына, яғни салдарлы адрено-кортикоид жеткіліксіздігіне себеп болуы мүмкін. Адрено-кортикоидты жеткіліксіздік ағымының ауырлығы мен ұзақтығы әртүрлі және глюкокортикоидты емнің дозасына, жиілігіне, мезгіліне және қолдану ұзақтығына байланысты болады. Препаратты күнара тағайындап, емнің осындай жағымсыз әсерін жоққа тән азайтуға болады.

Бұдан басқа, глюкокортикоидтар қабылдауды күрт тоқтату өліммен аяқталатын жедел адреналдық жеткіліксіздікке себеп болуы мүмкін. Сондықтан, дәрілермен индукцияланған салдарлы адренокортикоидты жеткіліксіздік симптомдарының айқындылығын азайта түсу үшін препарат дозасын біртіндеп азайту қажет. Осы салдарлы адренокортикоидты жеткіліксіздік ем аяқталғаннан кейін бірнеше ай бойы сақталуы мүмкін. Сондықтан осы кезең ішінде стресс жағдайлары туындағанда қайтадан гормональді ем тағайындауға болады.

Адренокортикоидты жеткіліксіздікке қатысы жоқ стероидты «тоқтату синдромы» глюкокортикостероидтар қолдануды кенет тоқтатқанда пайда болады. Мұндай синдром анорексия, жүрек айну, құсу, енжарлық, бас ауырулар, қызба, буындардың ауыруы, терінің түлеуі, бұлшықеттердің ауыруы, салмақ жоғалту және/немесе гипотония сияқты белгілерді қамтиды. Осындай симптоматика кортикостероидтар деңгейлерінің төмендеуінен емес, глюкокортикоидтар концентрацияларының күрт өзгеруінен болады.

Глюкокортикоидтар Иценко-Кушинг синдромын туғызуға немесе өршітуге қабілетті екендіктен, аталған ауруы бар емделушілерде қолдануға тыйым салынады.

Кортикостероидтар гипотиреозы бар емделушілерге күшейтілген әсер көрсетеді.

Метаболизм және қоректену

Кортикостероидтар, метилпреднизолонды қоса, қандағы глюкозы деңгейін арттыруға қабілетті, сонысымен бұрын анықталған диабетті өршітеді. Сондай-ақ, оларды ұзақ қолдану қант диабетінің дамуына әкеп соқтырады.

Психикалық өріске әсер етуі

Кортикостероидтар пайдаланған кезде эйфория, ұйқысыздық, көңіл-күй құбылуы, тұлғалық өзгеріс, психозға ұласатын ауыр депрессия қамтылатын психикалық бұзылыстар туындауы мүмкін. Оның үстіне, бұрыннан келе жатқан эмоциялық орнықсыздық немесе психикалық бұзылыстарға бой беру кортикостероидтар қабылдаумен ушыға түседі.

Психикаға ең ауыр жағымсыз әсер етуі стероидтарды жүйелі қолданумен байланысты болуы мүмкін. Типтік симптомдары, әдетте, емдеу басталғаннан кейін бірнеше күннен немесе аптадан соң білінеді. Реакциялардың көпшілігі өзінен өзі, немесе дозаны азайтудан соң әлде препарат қабылдауды тоқтатқаннан кейін басылады. Сонда да жекелеген жағдайларда осындай жағымсыз реакцияларды жоюға бағытталған тиісті ем қажет болады. Ауыр жағымсыз реакцияларға орай, кейбір емделушілердің кортикостероидтар қабылдауды тоқтатуына тура келгені туралы хабарламалар түсті, бірақ олардың жиілігі жөнінде деректер белгісіз. Психикалық симптомдар білінгенде, әсіресе, ауыр депрессия немесе суицидтік ойлар кезінде емделушілер немесе оларды күтімге алған тұлғалар медициналық жәрдемге жүгінуі тиіс. Емделушілер немесе оларды күтіп-бағатын тұлғалар психикалық бұзылыстардың жүйелі стероидтар дозасын азайтудан кейін бірден, сәл кешірек немесе оларды толық тоқтатқан соң туындауы немесе өршуі мүмкін екенін білуі тиіс.

Жүйке жүйесіне әсері

Кортикостероидтар құрысу синдромы бар емделушілерде абайлап қолданылуы тиіс.

Кортикостероидтар гравис миастениясы бар емделушілерде де сақтықпен қолданылуы тиіс (сүйек-бұлшықет жүйесіне әсері жөніндегі бөлімді қараңыз).

Бақыланатын клиникалық зерттеулерде кортикостероидтардың жайылған склероз өршулерін басуды жеделдетудегі тиімділігі жария болса да, оларда аурудың түпкілікті нәтижесіне немесе оның табиғи ағымына кортикостероидтар әсерінің расталуы анықталмаған. Зерттеу нәтижелері елеулі әсерінің көрініс беруі үшін кортикостероидтардың салыстырмалы жоғары дозаларының қажет екенін айтады.

Жағымсыз әсерлері

Кортикостероидтарды, әдетте, ұзақ уақыт және жоғары дозаларда қабылдайтын емделушілерде эпидуральді липоматоз дамуы жөнінде хабарламалар бар.

Көру аппаратына әсері

Кортикостероидтар көзінің герпестік жұқпасы бар емделушілерде абайлап қолданылуы тиіс, өйткені ол мөлдір қабықтың тесілуіне әкелуі мүмкін.

Кортикостероидтарды ұзақ уақыт қолдану артқы субкапсулярлы және ядролық катарактаның дамуына (әсіресе, балаларда), экзофтальмаға, көзішілік қысымның көтерілуіне әкелуі мүмкін, ол көру жүйкесін зақымдауы мүмкін глаукомаға себеп болады. Глюкокортикоидтар қолданғанда көздің салдарлы зеңдік және вирустық жұқпасының даму ықтималдығы артады.

Кортикостероидтармен емдеу кейбір жағдайларда торқабықтың ажырауына әкелуі мүмкін орталық серозды хориоретинопатияның дамуымен қатар жүреді.

Жүрек қызметіне әсері

Глюкокортикоидтардың жүрек-қантамыр жүйесіне жағымсыз әсері дислипидемия және артериялық гипертензия түрінде көрініс беруі мүмкін. Емдеу курстары ұзаққа созылғанда және жоғары дозаларын қолданғанда жүрек-қантамырлық қауіп факторлары бұрыннан бар емделушілерде басқа да жүрек-қантамыр асқынулары пайда болуы мүмкін. Сондықтан, мұндай емделушілерге кортикостероидтар болжамды қауіптің ескерілуімен, жүрек қызметі көрсеткіштерінің қажеттілігіне қарай жасалған қосымша мониторингке негізделе тағайындалуы тиіс. Емделушілердің аталған тобында асқынулар білінсе, төмендеу дозалары таңдалады немесе кортикостероидтармен ем күнара тағайындалады.

Метилпреднизолонның жоғары дозаларын көктамыр ішіне жылдам енгізгенде (10 минуттан аз уақытта 0,5 г-ден көп) жүрек аритмиясы, қантамырлық коллапс және/немесе жүрек өткізгіштігінің баяулауы жөнінде хабарламалар алынды.

Метилпреднизолонның жоғары дозаларын енгізу кезінде және одан кейін брадикардияның туындауы туралы хабарламалар түсті, дегенмен оның пайда болуының препарат инфузиясының жылдамдығымен немесе ұзақтығымен байланысы дәлелденбеген.

Іркілісті жүрек жеткіліксіздігінде жүйелі глюкокортикостероидтар сақтықпен және аса қажетті жағдайларда ғана пайдаланылуы тиіс.

Тамыр жүйесіне әсері

Стероидтар артериялық гипертензиясы бар емделушілерде сақтықпен қолданылуы тиіс.

Асқазан-ішек жолына әсері

Кортикостероидтардың ем кезінде пептидтік ойық жаралардың дамуын туғызу қабілеттілігіне қатысты ортақ пікір жоқ екеніне қарамастан, оның үстіне, глюкокортикоидты ем пептидтік ойық жара симптомдарын бүркемелеуі мүмкін, сондықтан да жараның тесілуі немесе одан қан кету айқын ауырсынумен қатар жүреді. Препарат ҚҚСД-мен қолданылғанда асқазан-ішек жолы ойық жараларының даму қаупі арта түседі.

Кортикостероидтар спецификалық емес ойық жаралы колиті бар емделушілерде, егер тесілу, абсцесс немесе басқа пиогенді жұқпаның туындау қаупі болса, сондай-ақ дивертикулиттерде, таяуда болған ішекаралық анастомоздарда, белсенді немесе жасырын пептидтік ойық жарада сақтықпен қолданылу керек.

Гепатобилиарлы жүйеге әсері

Глюкокортикостероидтардың жоғары дозалары жедел панкреатитке түрткі болуы мүмкін.

Сүйек-бұлшықет жүйесіне әсері

Глюкокортикостероидтардың жоғары дозаларын қолданғанда нейро-бұлшықет өткізгіштігі бұзылған емделушілерде (мысалы, гравис миастениясында) немесе нейро-бұлшықет өткізгіштігінің блокаторлары (мысалы, панкурониум) сияқты антихолинергиялық дәрілермен қатарлас ем алатын емделушілерде жиі кездескен жедел миопатияның туындауы туралы хабарламалар алынды. Осындай жедел миопатия көз бұлшықеттерін және тыныс алу бұлшықеттерін зақымдаумен жайылып кетіп, нәтижесінде тетрапарез пайда болуы мүмкін. Қанда креатинкиназа ферментінің деңгейі жоғарылауы да мүмкін. Хал-ахуалды жақсарту және организмді қалпына келтіру үшін кортикостероидтар қолданғаннан кейін бірнеше аптадан бірнеше жылға дейін уақыт қажет болуы мүмкін.

Остеопороз – барлық емделушілерде күтіледі, бірақ жоғары дозалардағы глюкокортикоидтарды ұзақ қолданғанда пайда болатын жағымсыз әсері жиі емес.

Уроренальді бұзылулар

Кортикостероидтар бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде абайлап қолданылуы тиіс.

Зертханалық-аспаптық зерттеулер деректері

Гидрокортизонның немесе кортизонның орташа және жоғары дозалары артериялық қысымның көтерілуіне, судың және тұздың іркілуіне, сондай-ақ организмнен калийдің көп шығарылуына себеп болуы мүмкін. Үлкен дозаларда қолданған жағдайда жоғарыда аталған синтетикалық препараттардың теріс әсері болуы ықтимал. Мұндай жағдайларда тұз тұтынуды шектейтін және калий қосымша қосылатын емдәм ұсынылады. Барлық кортикостероидтар организмнен кальцийді көп шығаруға қабілетті.

Жарақаттар, уыттанулар және жергілікті асқынулар

Көп орталықтанған зерттеулер нәтижелеріне сай, метилпреднизолонды бас жарақаттарын емдеуде жоспарлы ретпен пайдалану керек. Зерттеулер нәтижелері жарақат алғаннан кейін 2 аптадан 6 айға дейінгі кезеңде өлімге ұшыраудың метилпреднизолон қолданғанда плацебо пайдалану кезіндегіден жоғары екенін көрсетті. Дегенмен бұл дәйектің метилпреднизолон қолданумен себеп-салдарлы байланысы анықталмаған.

Басқа да сақтандырулар

Глюкокортикоидтар емінен болатын асқынулар дозаның шамасына және емдеу ұзақтығына байланысты, әр емделуші үшін жекеше дозаны және ем ұзақтығын, сондай-ақ препарат қолданудың күнделікті немесе интермиттирлеуші (үзік-үзік) режимін қауіп/пайда арақатынасының бағасын ескерумен таңдау қажет.

Демеуші ем үшін өз кезегінде осы немесе өзге емделуші үшін тиісті үлгіде сай болатын кортикостероидтың мүмкіндігінше көбірек төмен дозасын таңдау ұсынылады. Егер дозаны азайту мүмкіндігі туындаса, онда оны біртіндеп жүзеге асырады.

Кортикостероидтармен үйлестірілген ацетилсалицил қышқылы мен қабынуға қарсы стероидты емес дәрілерді сақтықпен қолдану қажет. Жүйелі кортикостероидтар қолданғаннан кейін өліммен аяқталуы ықтимал феохромоцитомалық криз жағдайлары хабарланды. Кортикостероидтарды қауіп пен пайдасы талапқа сай бағаланған соң феохромоцитомасы болжанатын немесе анықталған емделушілерге тағайындау керек.

Балаларда қолданылуы

Парентеральді жолмен енгізілетін құрамында бензил спирті бар дәрілік заттарды 3 жасқа толмаған сәбилерде қолдануға тыйым салынған. СОЛУ-МЕДРОЛ® препаратының құрамында бензил спирті бар, ол жаңа туған нәрестелердің тыныс жолдарының шырышты қабықтарын уытты тітіркендіреді және өліммен аяқталатын Гаспинг-синдромын («тұншығу синдромы») туғызуға қабілетті.

Препараттың стандартты емдік дозаларында бензил спирті «тұншығу синдромының» дамуы байқалатын дозасынан едәуір төмен мөлшерде болса да, бензил спиртінің уыттану реакциясын туғызуға қабілетті ең аз мөлшері белгісіз. Уыттылық реакциялардың даму қаупі безил спиртін қолданған кезде енгізген заттың мөлшеріне және бауырдың детоксикациялық қабілетіне байланысты. Уыттылық реакциялары шала туған нәрестелерде, төмен дене салмағымен туылған нәрестелерде, үлкен ықтималдықпен туындауы мүмкін.

Жаңа туған нәрестелердің және кортикостероидтармен ұзақ емдеуден өтетін балалардың өсу және даму параметрлері жіті қадағалануы тиіс. Бұл глюкокортикоидтармен ұзақ емдеудің және тәуліктік дозаларды бірнеше қабылдауға бөліп тастаудың (әдетте қабылдау реті – күніне 2 рет) балалардың өсуін тежеуге қабілетті екенімен байланысты. Сондықтан препаратпен емдеудің осындай режимдері ең амалсыз жағдайларда ғана тағайындалады. Препаратты күнара қолдану, әдетте, жағымсыз әсерді болдырмауға немесе оны жоққа тән азайтуға көмектеседі.

Жаңа туған нәрестелердің және кортикостероидты емнің ұзақ курстарын алатын балалар бассүйекішілік гипертензияның дамуына қатысты қауіп тобына кіреді.

Кортикостероидтардың жоғары дозалары балаларда панкреатит туғызуы мүмкін.

Жүктілік

Жануарлардағы зерттеулер метилпреднизолонның жоғары дозаларын қолданудың ұрғашыларда тұқым кемтарлығының дамуын тудыратынын көрсетті. Алайда жүкті әйелдерде кортикостероидтар қолданған кезде ондай нәтижелер байқалмаған. Десек те, адамдарда жасалған сынақтардың толық кепілдік бермеу дәйегін ескеріп, жүкті әйелдерге айрықша жағдайларда ғана нақты көрсетілімдер бойынша СОЛУ-МЕДРОЛ® қолдану ұсынылады.

Кейбір кортикостероидтар плацента арқылы өтуге қабілетті. Бір ретроспективті зерттеуде кортикостероидтар қабылдаған аналардан балалардың салмағы төмен боп туғаны анықталды. Жүктілік кезінде кортикостероидтардың елеулі дозаларын алған аналардан туылған жаңа туған нәрестелерде, анасының жатырында кортикостероидтардың үлкен дозалары әсеріне ұшыраған жаңа туған нәрестелерде бүйрек үсті бездері функциясының жеткіліксіздігі аса сирек кездескеніне қарамастан, олардың жағдайын бүйрек үсті бездері функциясының жеткіліксіздік белгілерінің болуы тұрғысынан мұқият бақылау және бағалау қажет.

Кортикостероидтар жатырдың жиырылу қызметіне және босану қабілетіне әсерін тигізбейді.

Аналарына жүкті кезде кортикостероидтардың ұзаққа созылатын курстары тағайындалған жаңа туған нәрестелерде көз бұршағының бұлыңғырлану жағдайлары анықталды.

Препарат құрамында бензил спирті бар. Бензил спирті плацента арқылы өтеді.

Лактация кезеңі

Кортикостероидтар ананың емшек сүтінен табылады.

Емшек сүтімен бірге бөлінетін кортикостероидтар еметін сәбилерде өсуді тежеуге және глюкокортикоидтардың эндогенді өндірілуіне теріс әсерін тигізуге қабілетті.

Бала емізетін аналарда глюкокортикоидтардың репродуктивтік уыттылығын тексеретін тиісті зерттеулер жүргізілмегендіктен, СОЛУ-МЕДРОЛ® тағайындау емдеудің ана үшін ықтималды пайдасы жаңа туған нәрестеге төнетін әлеуетті қатерлерден басым болатын жағдайларда ғана ұсынылады.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Кортикостероидтардың көлік құралдарын және механизмдерді басқару қабілетіне әсер етуі жүйелі зерттелмеген. Кортикостероидты емнен кейін бас айналу, тепе-теңдік сезімінің бұзылысы, көрудің нашарлауы және шаршау сияқты жағымсыз әсерлердің болуы әбден ықтимал. Ондай жайттар болғанда, емделушілер көлік құралын жүргізуді немесе қауіптілігі зор басқа механизмдер басқаруды қоя тұру керек.

Артық дозалануы

Кортикостероидтар қолданған кезде ауыр сипатты артық дозаланудың клиникалық синдромдары болмаған. Кортикостероидтармен жедел уыттану бойынша берілген есептер өте сирек кездеседі.

Емі: Артық дозаланған жағдайда қандай да бір нақты у қайтарғысы жоқ. Симптоматикалық стандартты ем жүргізіледі. Метилпреднизолон диализ арқылы шығарылады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

250 мг дозасы үшін: препарат пен еріткішті I класты гидролитикалық шыныдан жасалған, жоғарғы және орталық бутилді резеңке тығынмен бекітілген Act-О-Vial типті екі ыдысты құтыға салады. Орталық тығын үстінен (жоғарғы бөлігі) 4 мл еріткіш құйылады, орталық тығын астынан (төменгі бөлігі) 250 мг лиофилизат салынады. 1 екі ыдысты құтыны медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салады.

500 мг және 1000 мг дозасы үшін: 500 мг немесе 1000 мг препараттан I класты гидролитикалық шыныдан жасалған, бутилді резеңке тығынмен және алғашқы ашылуы бақыланатын қалпақшамен тығындалған құтыға салады. 7,8 мл (500 мг дозасы үшін) және 15,6 мл (1000 мг дозасы үшін) еріткіштен I класты гидролитикалық шыныдан жасалған, бутилді резеңке тығынмен тығындалған құтыға құяды. Препараттың 1 құтысы мен еріткіштің 1 құтысы медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

25 оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Дайындалған ерітіндіні бөлме температурасында 48 сағат ішінде сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

5 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші және қаптаушы

Пфайзер Мануфактуринг Бельгия Н.В.

Рийксвег 12

2870 Пюрс, Бельгия

Тіркеу куәлігінің иесі

Пфайзер Эйч Си Пи Корпорэйшн, АҚШ

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан осы өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«Пфайзер Эйч Си Пи Корпорэйшн» компаниясының өкілдігі (АҚШ)

Алматы қ., Абылай хан д-лы, 141

тел.: (727) 272-27-01, 250-09-16

факс: (727) 272-04-06

 

 

Прикрепленные файлы

208145661477976573_ru.doc 177 кб
589541251477977729_kz.doc 250 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники