Войти

Оксамп®-натрий Ампициллин, Оксациллин

Производитель: Биосинтез ОАО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Пиперациллин в комбинации с ингибиторами бета-лактамаз
Номер регистрации: № РК-ЛС-5№014359
Дата регистрации: 29.12.2014 - 29.12.2019

Инструкция

Саудалық атауы

ОКСАМП®-НАТРИЙ

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Инъекция үшін ерітінді дайындауға арналған 0,5 г ұнтақ

Құрамы

белсенді заттар: натрий ампициллині (ампициллинге шаққанда) –

0,3335 г,

натрий оксациллині (оксациллинге шаққанда) –

0,1665 г

Сипаттамасы

Сарғыш реңді ақ түсті ұнтақ

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелік пайдалануға арналған антибактериялық препараттар. Бета-лактамды антибактериялық препараттар. Бета-лактамаза тежегіштерімен біріктірілген пенициллиндер. Біріктірілген пенициллиндер.

АТХ коды J01CR50

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Бұлшықет ішіне енгізгеннен кейін қанда қос антибиотиктің ең жоғары концентрацияға (TСmax) жету уақыты – 0,5-1 сағат. Жартылай шығарылу кезеңі 1-2 сағат. Препарат әр түрлі ағзалар мен тіндерге жақсы енеді. Көктамыр ішіне енгізгенде қанда жылдам (5-10 минуттан соң) осындай көктамыр ішіне енгізуден асып түсетін препарат концентрациясы пайда болады. Антибиотик екеуі де бүйрекпен, ішінара өтпен шығарылады. Қайталап енгізген кезде жинақталмайды.

Фармакодинамикасы

Оксамп® -натрий - ампициллин және оксациллин әсер ету ауқымын біріктіретін біріктірілген антибиотик.

Ампициллин – жартылай синтетикалық пенициллин, бактерицидті әсер етеді, қышқылға төзімді. Грамоң, пенициллиназа түзбейтін (Staphylococcus spp., Streptococcus spp., Streptococcus pneumoniae) және грамтеріс (Neisseria gonorrhoeae, Neisseria meningitidis, Escherichia coli, Salmonella spp., Shigella spp., Proteus mirabilis, Haemophilus influenzae) микроорганизмдерге қатысты белсенді. Оксациллин – пенициллиндер тобының пенициллиназаға төзімді жартылай синтетикалық антибиотигі, қышқылға төзімді; грамоң микроорганизмдерге (Staphylococcus spp., Streptococcus spp., оның ішінде Streptococcus pneumoniae, Bacillus anthracis, Corynebacterium diphtheriae, анаэробты спора түзетін таяқшаларға, оның ішінде Clostridium), грамтеріс коктарға (Neisseria gonorrhoeae, Neisseria meningitidis), Escherichia coli, Proteus mirabilis, Haemophilus influenzae, Klebsiella pneumoniae, Actinomyces spp., Treponema spp. қатысты бактерицидті әсері бар.

Препараттың әсеріне Pseudomonas aeruginosa және басқа да Proteus vulgaris, Providencia rettgeri, Morganella morganii көптеген штамдарының ферменттемейтін грамтеріс бактериялары төзімді.

Қолданылуы

- сезімтал қоздырғыштар туындатқан бактериялық жұқпаларда: синусит, тонзиллит, ортаңғы отит, бронхит, пневмония; холангит, холецистит, пиелонефрит, пиелит, цистит, уретрит, гонорея, цервицит, тілме, импетиго, екінші қайтара жұқтырған дерматоздар және басқалар

- хирургиялық араласулар кезінде операциядан кейінгі асқынулардың (оның ішінде иммунитет тапшылығы аясында), жаңа туған нәрестелердегі жұқпалардың ((ұрық маңы сұйықтығының жұқпасы; жаңа туған нәресте тыныс алуының реанимация емшараларын қолдануды талап ететін бұзылуы; аспирациялық пневмония туындау қаупі) алдын алуда

- сепсисте, эндокардитте, менингитте, босанудан кейінгі жұқпада

Қолдану тәсілі және дозалары

Бұлшықет ішіне немесе көктамыр ішіне (сорғалатып немесе тамшылатып).

Төменде көрсетілген препарат дозалары ампициллин мен оксациллиннің (натрий тұздары) олардың белгіленген 2:1 арақатынасындағы дозалар жиынтығы (яғни төменде көрсетілген дозаларда 0,5 г препарат 333,5 мг ампициллин + 166,5 мг оксациллин қосындысына тең) болып табылады .

Ересектер және 14 жастан асқан балаларға тәуліктік доза - 3-6 г; жаңа туған нәрестелер, шала туған және 1 жасқа дейінгі балалар үшін – тәулігіне 100-200 мг/кг; 1-6 жаста - тәулігіне 100 мг/кг; 7-14 жаста - тәулігіне 50 мг/кг. Тәуліктік дозаны 6-8 сағаттық аралықпен 3-4 қабылдаумен енгізеді. Қажет болғанда көрсетілген дозалар 1,5-2 есеге арттырылады. Ересектер үшін ең жоғары тәуліктік доза – 8 г.

Емдеу ұзақтығы аурудың ауырлығына байланысты (5-7 күннен 10 күнге дейін, созылмалы үдерістерде – бірнеше ай бойы).

Бұлшықет ішіне енгізу үшін құтының ішіндегісін 333,5 мг + 166,5 мг инъекцияға арналған 5 мл суда ерітеді.

Көктамыр ішіне сорғалатып енгізу үшін ( 2-3 минут бойы) бір реттік дозаны инъекцияға арналған 10-15 мл суда немесе 0,9 % натрий хлориді ерітіндісінде ерітеді.

Көктамыр ішіне тамшылатып енгізу үшін ересектерге бір реттік дозаны 100-200 мл 0,9 % натрий хлориді ерітіндісінде немесе 5 % декстроза (глюкозы) ерітіндісінде ерітеді және минутына 60-80 тамшы жылдамдықпен енгізеді; балаларға еріткіш ретінде 30-100 мл 5-10 % декстроза (глюкоза) ерітіндісін пайдаланады. Көктамыр ішіне препаратты 5-7 күн енгізеді, одан әрі бұлшықет ішіне енгізуге көшеді.

Ерітіндіні дайындағаннан кейін бірден пайдаланады.

Жағымсыз әсерлері

Жиі

- енгізген жердің ауыруы

- қышыну және терінің қабыршықтануы

Кейде

- дисбактериоз, дәм сезудің өзгеруі, құсу, жүрек айнуы, диарея, «бауыр» трансаминазалары белсенділігінің орташа жоғарылауы

- бас ауыруы

- есекжем, конъюнктивит, ринит, тері гиперемиясы, ангионевротикалық ісіну

Сирек

- жалған жарғақшалы энтероколит

- лейкопения, нейтропения, анемия, гематурия, протеинурия

- қызба, артралгия, эозинофилия, эритематозды және макулопапулезді бөртпе, эксфолиативті дерматит, мультиформалы экссудативті эритема (оның ішінде Стивенс-Джонсон синдромы), сарысу құю ауруына ұқсас реакциялар

Өте сирек

  • анафилактикалық шок

  • флебит және перифлебит (көктамыр ішіне енгізгенде), бұлшықет ішіне енгізгенде – енгізген орындағы инфильтрат

- құрысулар

- басқалары: сирек – интерстициальді нефрит, нефропатия, асқын жұқпа (әсіресе созылмалы аурулары немесе организмнің төзімділігі төмендеген емделушілерде), қынаптық кандидоз

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- пенициллин тобының препараттарына және басқа да бета-лактамды антибиотиктерге аса жоғары сезімталдық

- жұқпалы мононуклеоз, лимфолейкоз

- бауыр функциясының ауыр бұзылуы

- жүктілік және лактация кезеңі

- сыртартқыдағы асқазан-ішек жолы аурулары (антибиотиктер қолдану салдарынан болған колит)

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Ампициллин. Аминогликозидтермен фармацевтикалық тұрғыда үйлесімсіз.

Бактерицидті антибиотиктер (оның ішінде аминогликозидтер, цефалоспориндер, циклосерин, ванкомицин, рифампицин) синергизмдік әсер етеді; бактериостатикалық препараттар (макролидтер, хлорамфеникол, линкозамидтер, тетрациклиндер, сульфаниламидтер) – антагонистік әсер етеді.

Тікелей емес антикоагулянттардың тиімділігін арттырады (ішек микрофлорасын бәсеңдете отырып, К витамині синтезі мен протромбин индексін төменетеді); парааминобензой қышқылы, этинилэстрадиол түзілетін метаболизм үдерісінде құрамында эстроген бар пероральді контрацептивтердің, дәрілік заттардың тиімділігін азайтады (соңғы жағдайда «лақылдап» қан кету қаупі жоғарылайды).

Диуретиктер, аллопуринол, оксифенбутазон, фенилбутазон, қабынуға қарсы стероидты емес препараттар және басқа да өзекшелік секрецияны бөгейтін дәрілік заттар плазмада ампициллиннің концентрациясын (өзекшелік секрецияның төмендеуі есебінен) арттырады.

Аллопурин тері бөртпесінің даму қаупін жоғарылатады.

Метотрексаттың клиренсін азайтады және уыттылығын жоғарылатады.

Оксациллин. Метотрексаттың уыттылығын жоғарылатады (өзекшелік секреция үшін бәсекелестік); кальций фолинаты (фолий қышқылы антагонистері у қайтарғысы) дозаларын арттыру және оны анағұрлым ұзақ қолдану қажет болуы мүмкін.

Гепатоуытты әсер беретін басқа да дәрілік заттармен біріктіріп қолдануды болдырмау қажет.

Бактериостатикалық антибиотиктермен бір мезгілде тағайындау ұсынылмайды (тиімділігі төмендейді).

Өзекшелік секрецияны бөгейтін дәрілік заттар қанда оксациллиннің концентрациясын жоғарылатады.

Айрықша нұсқаулар

Сақтықпен: пенициллиндерге аса жоғары сезімталдығы бар аналардан туған балаларға. Сыртартқыдағы аллергиялық реакциялар және/немесе бронх демікпесі, бүйрек жеткіліксіздігі, сыртартқыдағы қан кетулер, антибиотиктерді қолдану аясындағы энтероколит (сыртартқыда).

Курстық емдеу кезінде қан түзу ағзалары, бауыр мен бүйрек функциясының жағдайына бақылау жүргізу қажет.

Анафилактикалық шок белгілері пайда болғанда науқасты мұндай жағдайдан шығарып алу үшін шұғыл шаралар қабылдануы тиіс: эпинефрин (адреналин), глюкокортикостероидтар (гидрокортизон немесе преднизолон) және антигистаминдік дәрілерді енгізу, қажет болғанда өкпенің жасанды желдетілуі жүргізіледі.

Асқынжұқпаның даму мүмкіндігі (препаратқа сезімталдығы жоқ микрофлораның өсуі есебінен) антибактериялық емдеуді тиісінше өзгертуді талап етеді.

Пенициллинге жоғары сезімталдығы бар емделушілерде цефалоспоринді антибиотиктермен айқаспалы аллергиялық реакциялар болуы мүмкін.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарға жоғары дозада қолданғанда орталық жүйке жүйесіне уытты әсері болуы мүмкін.

Дәрілік заттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Оксамп®-натрий көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді сақтықпен басқару қабілетіне әсер етпейді.

Артық дозалануы

Симптомдары орталық жүйке жүйесіне уытты әсері (әсіресе бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарда); жүрек айну, құсу, диарея, су-электролиттік теңгерімнің бұзылуы.

Емі – симптоматикалық. Гемодиализдің көмегімен шығарылады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

0,5 г ұнтақтан резеңке тығынмен тұмшаланып тығындалған, пластмасса қақпағы бар алюминий қалпақшамен немесе біріктірілген алюминий қалпақшамен қаусырылған, сыйымдылығы 10 мл құтыда.

Пластмасса қақпаққа қысыммен құю әдісімен жасалған кәсіпорынның тауарлық белгісі жазылады.

50 құты медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі 5 нұсқаулықпен картон қорапқа салынады.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 20°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Синтез» ААҚ.

Ресей, 640008, Қорған қ., Конституция даңғылы, 7.

Тел./факс (3522) 48-16-89

E-mail: real@kurgansintez.ru

Интернет-сайт: http://www.kurgansintez.ru

Тіркеу куәлігінің иесі

«Синтез» ААҚ, Ресей Федерациясы

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«СТОФАРМ» ЖШС, 000100, Қазақстан Республикасы,

Қостанай облысы, Қостанай қ., Орал к-сі, 14

тел. 714 228 01 79

 

Прикрепленные файлы

909622941477976556_ru.doc 61 кб
321142631477977722_kz.doc 72 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники