Войти

Латаком Латанопрост, Тимолол

Производитель: S.C. Rompharm Company S.R.L.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Тимолол в комбинации с другими препаратами
Номер регистрации: № РК-ЛС-5№122087
Дата регистрации: 24.02.2016 - 24.02.2021

Инструкция

Саудалық атауы

Латаком

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Көз тамшылары

Құрамы

1 мл ерітіндінің құрамында

белсенді зат – 0,05 мг латанопрост, 6.83 мг тимолол малеаты

(5 мг тимололға баламалы)

қосымша заттар: натрий дигидрофосфат дигидраты, динатрий гидрофосфат додекагидраты, натрий хлориді, бензалконий хлориді, 1М натрий гидроксиді немесе 1М хлорсутек қышқылы, инъекцияға арналған су.

Сипаттамасы

Мөлдір түссіз сұйықтық

Фармакотерапиялық тобы

Көз ауруларын емдеуге арналған препараттар. Глаукомаға қарсы препараттар және миотиктер. Бета-адреноблокаторлар. Басқа препараттармен біріктірілген тимолол.

АТХ коды S01ED51

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Біріктірілген препаратты қолданудан кейін 1-4 сағаттан соң латанопрост қышқылының концентрациясы сулы ылғалда монотерапия кезіндегісінен шамамен екі есе жоғары болса да, латанопрост пен тимолол малеаты арасында фармакокинетикалық өзара әрекеттесу анықталмаған.

Латанопрост

Латанопрост, ізашар дәрілік түр бола отырып, мөлдір қабық арқылы сіңеді, онда оның биологиялық белсенді қышқылға дейінгі гидролизі жүреді. Сулы ылғалдағы концентрациясы жергілікті қолданудан кейін шамамен екі сағаттан соң жоғары шегіне жетеді.

Таралу көлемі 0,16  0,02 л/кг құрайды. Латанопрост қышқылы алғашқы 4 сағатта сулы ылғалда, ал қан плазмасында жергілікті қолданудан кейінгі алғашқы сағат ішінде ғана анықталады.

Латанопрост эстеразалардың әсер етуімен мөлдір қабықта гидролизге ұшырап, биологиялық белсенді қышқыл түзеді. Жүйелі қан ағымына түсетін латанопрост қышқылы, негізінен, бауырда май қышқылдарының бета-тотығуы арқылы метаболизденіп, 1,2-динор және 1,2,3,4-тетранор метаболиттерін түзеді.

Латанопрост қышқылы қан плазмасынан тез шығарылады (t1/2 =17 мин). Жүйелі клиренсі шамамен 7 мл/мин/кг құрайды. Метаболиттер, негізінен, бүйрекпен шығарылады: жергілікті қолданудан кейін енгізілген дозаның 88 % шамасы несеппен шығарылады. Қышқыл түріндегі латанопрост биожетімділігі 45 % құрайды.

Тимолол малеаты

Тимолол малеатының сулы ылғалдағы концентрациясы көз тамшыларын қолданудан кейін шамамен 1 сағаттан соң жоғары шегіне жетеді. Дозаның жартысы жүйелі сіңуге ұшырайды, ал қан плазмасындағы 1 нг/мл құрайтын ең жоғары концентрациясына препаратты тәулігіне бір рет әр көзге бір тамшыдан (300 мкг/тәулік) қолданудан кейін 10-20 минут өткенде жетеді. Тимолол малеатының плазмадан жартылай шығарылу кезеңі 6 сағатқа жуық құрайды. Тимолол малеаты бауырда белсенді метаболизденеді. Метаболиттері, сондай-ақ өзгермеген тимолол малеатының аздаған мөлшері несеппен шығарылады.

Фармакодинамикасы

Латаком препаратының құрамына екі белсенді компонент – латанопрост және тимолол малеаты кіреді. Бұл компоненттерде көтерілген көзішілік қысымның (КІҚ) төмендеу механизмі әртүрлі, бұл осы компоненттердің әрқайсысын қолдану кезінде жететін әсермен салыстырғанда, КІҚ қосымша төмендеуін қамтамасыз етеді.

Латанопрост – простагландин F2α аналогы FP простаноид рецепторларының іріктелген агонисі болып табылады және сулы ылғалдың көп ағып шығуы есебінен, ең алдымен, увеосклеральді жолмен, сондай-ақ трабекулярлы желі арқылы КІҚ төмендетеді. Латанопросттың сулы ылғал өніміне және гематоофтальмиялық бөгетке елеулі ықпал ететіні анықталған. Қысқа мерзімді емделу кезінде латанопрост жалған афакияда көздік артқы сегментіне флюоресцеиннің өтіп кетуін туындатпайды. Емдік дозаларда қолданғанда латанопрост жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйелеріне елеулі фармакологиялық әсер көрсетпейді.

Тимолол – елеулі ішкі симпатомиметикалық белсенділігі болмайтын, миокардқа тікелей депрессиялық ықпалын немесе жансыздандырушы (жарғақша тұрақтандырғыш) әсерін көрсетпейтін іріктелмеген бета-1 және бета-2 адреноблокаторы.

Дені сау адамдарда және жүрек ауруларымен науқастарда бета-адренорецепторлар бөгелісі жүрек лықсуының төмендеуін туындатпайды. Миокард функциясының бұзылуы ауыр науқастарда бета-адреноблокаторлар жүректің дұрыс жұмыс істеуіне қажетті симпатикалық жүйке жүйесінің көтермелегіш әсерін тежеуі мүмкін.

Бронхтарда және бронхиолаларда бета-адренорецепторлар бөгелісі парасимпатикалық жүйке жүйесінің ықпалымен тыныс алу жолдары кедергісінің артуына алып келеді. Осындай әсер демікпемен және басқа да бронх түйілу ауруларымен науқастар үшін қауіпті болуы мүмкін.

Көз тамшылары түрінде тимолол малеатын қолдану, глаукоманың болуына немесе болмауына қарамастан, жоғары және қалыпты КІҚ төмендеуін туындатады. КІҚ көтерілуі көру өрісінің глаукоматозды айналып кету қаупінің негізгі факторы болып табылады. КІҚ қанша жоғары болса, көру өрісінің глаукоматозды айналып кету және көру жүйкесінің зақымдану ықтималдығы сонша жоғары.

Тимолол малеатының әсер етуімен КІҚ төмендеуінің нақты механизмі анықталмаған. Тонография және флюрофотометрия нәтижелері негізгі әсер ету механизмінің сулы ылғал түзілуінің азаюымен байланысты екенін айғақтайды. Алайда, кейбір зерттеулерде ағып шығудың аздап артуы атап өтілген.

Латанопрост және тимолол малеаты біріктірілімінің әсері бір сағат ішінде басталады, ал ең жоғары әсері 6-8 сағат ішінде байқалады.

Көп рет қолдану кезінде КІҚ талапқа сай төмендеуі енгізуден соң 24 сағат бойы сақталады.

Қолданылуы

- ашық бұрышты глаукома немесе жоғары офтальмотонуспен пациенттерде жергілікті қолдануға арналған КІҚ төмендететін басқа да дәрілік заттар тиімділігі жеткіліксіз болғанда көзішілік қысымның (КІҚ) көтерілуін төмендетуде.

Қолдану тәсілі және дозалары

Ересектерге (соның ішінде егде жастағыларға) – күніне бір рет зақымданған көзге бір тамшыдан.

Егер дәрі қабылдауды өткізіп алса, кестеге сай келесі дозаны қолданумен емдеуді жалғастыру қажет. Зақымданған көзге тәулігіне бір тамшыдан көп тамызуға болмайды.

Көз тамшыларын тамызар алдында жанаспалы линзаларды шешіп, тамызудан кейін 15 минуттан соң оларды қайта тағуға болады.

Егер пациент жергілікті қолдануға арналған басқа да офтальмологиялық дәрілік заттарды бір мезгілде пайдаланса, оларды кемінде 5 минут аралықпен қолдану керек.

Мұрын-көз жасы өзегі жабылып қалғанда немесе қабақтар 2 минутқа жабылғанда жүйелі сіңуі төмендейді. Бұл жүйелі жағымсыз әсерлерінің әлсіреуіне және жергілікті белсенділігінің жоғарылауына әкелуі мүмкін.

Жағымсыз әсерлері

Өте жиі (≥ 1/10)

- нұрлы қабық пигментациясының күшеюі

Жиі (≥ 1/10, < 1/10)

- көздің тітіркенуі (шаншу, ашыту және қышынуды қоса), көздің ауыруы

Жиі емес (≥ 1/1000, < 1/100)

- көрудің бұзылуы, блефарит, катаракта, конъюнктивит, конъюнктиваның зақымдануы (фолликулдар, конъюнктиваның папиллярлы реакциялары, нүктелі қан құйылулар және т.б.), нұрлы қабық зақымданулары (эрозиялар, пигментация, нүктелі кератит және т.б.), рефракцияның бұзылуы, көз гиперемиясы, кератит, фотофобия, көру өрісінің айналып кетуі, анық көрмеу, көз жасының көп ағуы

- қант диабеті, гиперхолестеринемия

- бас ауыру

- гипертрихоз, бөртпе және терінің өзгерістері (тітіркену, дерматохалазион және т.б.)

Белгісіз

- синусит, тыныс алу жолдарының жоғарғы бөлімдерінің инфекциялары және басқа инфекциялар

- депрессия

- гипертензия

- артрит

Төменде Латаком препаратының жекелеген компоненттерімен монотерапия кезінде байқалған басқа да жағымсыз құбылыстар атап көрсетілген (жоғарыда көрсетілгендерінен тыс).

Латанопрост:

- көздің тітіркенуі (көздегі ашыту сезімі, қиыршық түскендей сезіну, қышыну, шаншу және бөгде денені сезіну); эпителийдің өтпелі нүктелі эрозиялары, қабақтың ісінуі, мөлдір қабықтың ісінуі мен эрозиялары; кірпіктер мен үлпек шаштардың ұзаруы, қатаюы, санының көбеюі және пигментациясының күшеюі; ирит/увеит; макулярлы, соның ішінде цистоидты ісіну (афакиясы бар пациенттерде, жалған афакиясы және көз бұршағының артқы капсуласының жыртылуы бар тұлғаларда, кистозды макулярлы ісінудің белгілі қауіп факторлары бар пациенттерде); кейде көздің тітіркенуін тудыратын кірпіктердің өсу бағытының өзгеруі; көрудің тұмандануы, герпестік кератит, фотофобия, нұрлы қабық кистасы, қабақ сызығының тереңдеуіне әкелетін көз айналасындағы және көз аумағындағы өзгерістер

- тері бөртпесі, қабақ терісінің күңгірттенуі және қабақтардағы жергілікті тері реакциялары

- бас айналу

- демікпе (соның ішінде, сыртартқысында бронх демікпесі бар пациенттердегі жедел ұстамалар немесе аурудың өршуі), ентігу

- бұлшықеттердің/буындардың ауыруы

- кеуденің спецификалық емес ауырулары

- ауруы бұрыннан бар пациенттердегі стенокардияның өршуі, жүректің жиі соғуы

Тимолол малеаты (көз тамшылары түрінде):

- жүйелі аллергиялық реакциялар, соның ішінде анафилаксия, ангионевроздық ісіну, есекжем, оқшауланған және жайылған бөртпе, қышыну, аллергиялық реакция

- анорексия, қант диабетімен науқастардағы гипогликемияның жасырын симптомдары

- мінез-құлық өзгерістері және психикалық бұзылыстар, соның ішінде сананың шатасуы, елестеулер, үрей, бағдардан жаңылу, күйгелектік, есте сақтай алмау, либидо төмендеуі, ұйқысыздық және түнгі шым-шытырық түстер, депрессия

- ми ишемиясы, ми қан айналымының жедел бұзылулары, бас айналу, myasthenia gravis симптомдарының күшеюі, парестезия, ұйқышылдық, естен тану, бас ауыру

- цистоидты макулярлы ісіну, мөлдір қабық эрозиясы және сезімталдығының төмендеуі; сүзілістік хирургиялық араласулардан соң тамыр қабығының ажырауы; птоз, көрудің бұзылуы, соның ішінде рефракцияның өзгеруі және диплопия, көздің құрғауы, блефарит, кератит, ашыту, шаншу, көз жасының ағуы, анық көрмеу.

- құлақтың шуылдауы

- аритмия, брадикардия, жүректің тоқтап қалуы, жүрек жеткіліксіздігі, іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, жүректің атриовентрикулярлы блокадасы, жүрек қағу, стенокардияның үдеуі

- мезгіл-мезгіл ақсаңдау, аяқ пен қолдың суынуы, гипотензия, Рейно синдромы

- бронх түйілуі (негізінен, алдыңғы бронх түйілу аурулары болған науқастарда), жөтел, ентігу, мұрын бітелісі, өкпенің ісінуі және тыныс алу жеткіліксіздігі

- диарея, ауыз кеберсуі, дисгевзия, диспепсия, жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, ретроперитонеальді фиброз

- алопеция, жалған пемфигоид, псориаз тәрізді бөртпе немесе псориаздың өршуі, тері бөртпесі

- жүйелі қызыл жегі

- миалгия

- сексуалдық бұзылыстар, либидоның төмендеуі, импотенция, Пейрони ауруы

- астения/қажу, кеуденің ауыруы, ісінулер

Өте сирек

- құрамында фосфат бар көз тамшыларын қолданумен байланысты мөлдір қабықтың кальцийленуі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- латанопростқа, тимолол малеатына немесе препараттың басқа компоненттеріне жоғары сезімталдық

- әуе ауруы, бронх демікпесі, сыртартқыдағы бронх демікпесін қоса, ауыр ағымдағы өкпенің созылмалы обструкциялық ауруы

- синустық брадикардия, синустық бұрыштың әлсіздік синдромы, синоаурикулярлы блокада, жұмыс істеп тұрған электрокардиостимулятор болмаған кездегі II-III дәрежелі атриовентрикулярлы блокада, клиникалық айқын жүрек жеткіліксіздігі, кардиогенді шок

- жүктілік және лактация кезеңі

Сақтықпен

Қабынған, неоваскулярлы, жабық бұрышты немесе туа біткен глаукома, жалған афакиямен біріккен ашық бұрышты глаукома, пигментті глаукома (препаратты қолдану тәжірибесінің жеткілікті болмауына орай); афакия, көз бұршағының артқы капсуласының жарылуымен болатын жалған афакия, макулярлы ісінудің белгілі қауіп факторлары бар пациенттер (латанопростпен емделгенде макулярлы, соның ішінде цистоидты ісінудің даму жағдайлары сипатталған).

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Басқа да β-адреноблокаторлық әсер ететін ішуге арналған препараттармен бір мезгілде енгізгенде Латаком көзішілік қысымның көтерілуіне, β-адренорецепторлар әсерінің төмендеуіне немесе жүйелі бөгелісіне әкелуі мүмкін. Латаком препаратын ішке бета-адреноблокаторлар алатын пациенттерге қолданғанда КІҚ айқынырақ төмендеуі немесе бета-адреноблокаторлардың жүйелі көріністері күшеюі мүмкін, сондықтан екі және одан да көп адреноблокаторды бір мезгілде жергілікті қолдану ұсынылмайды.

Простагландиндердің екі аналогын бір мезгілде көзге тамызғанда парадокстық КІҚ көтерілуі сипатталған, сондықтан екі және одан көп простагландинді, олардың аналогтарын немесе туындыларын бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.

Тимолол малеатын адреналинмен (эпинефрин) бір мезгілде қолданғанда кейде мидриаз дамыған.

Тимолол малеатын төменде атап көрсетілген препараттармен біріктіргенде жүйелі гипотензияның және/немесе айқын брадикардияның дамуымен аддитивті әсері болуы мүмкін:

  • кальций өзекшелерінің блокаторлары;

  • катехоламиндер деңгейінің төмендеуін туындататын дәрілер немесе бета-адреноблокаторлар;

  • аритмияға қарсы дәрілер (амиодаронды қоса);

  • парасимпатомиметикалық дәрілермен;

  • симпатолитикалық дәрілермен (гуанетидинді қоса);

  • жүрек гликозидтері.

Бета-адреноблокаторлар диабетке қарсы дәрілердің гипогликемиялық әсерін күшейтуі мүмкін.

CYP2D6 цитохромының тежегіштерімен (хинидин, флуоксетин, пароксетинді қоса) және томололмен біріктірілген ем кезінде бета-адренергиялық рецепторлардың жүйелі бөгелісінің күшеюі (жүректің жиырылу жиілігінің төмендеуі, депрессия) хабарланған.

Бета-адреноблокаторлар қабылдағанда клонидинді күрт тоқтатуға гипертензиялық реакция күшеюі мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Латаком препаратын, жиірек латанопрост енгізу КІҚ төмендету әсерінің әлсіреуіне әкелетіндіктен, күніне бір реттен жиі қолдануға болмайды.

Бір дозаны өткізіп алғанда, келесі доза әдеттегі уақытта енгізілу керек.

Егер пациент басқа да көз тамшыларын бір мезгілде пайдаланса, оларды кемінде 5 минут аралықпен қолдану керек.

Латаком препаратының құрамына офтальмологиялық препараттарда консервант ретінде жиі пайдаланылатын бензалконий хлориді кіреді. Бензалконий хлоридінің нүктелі кератопатия және/немесе уытты ойық жаралы кератопатияны туындататыны, көздің тітіркенуін туғызуы мүмкін екені және, белгілі болғандай, жұмсақ жанаспалы линзалардың түсін өзгертетіні хабарланған. Көздің құрғауы бар пациенттерде немесе мөлдір қабық аномалиясын тудыратын жай-күйлерде Латаком препаратын жиі және ұзақ қолдану кезінде мұқият мониторинг талап етіледі. Бензалконий хлориді жанаспалы линзалармен сіңірілуі мүмкін. Тамшыларды тамызар алдында жанаспалы линзаларды шешіп, оларды 15 минуттан соң қайта тағып алу қажет.

Латанопрост

Емдеу тағайындалар алдында пациентті көз түсінің өзгеруі мүмкін екенінен хабардар ету керек. Латанопрост нұрлы қабықтағы қоңыр пигмент мөлшерінің біртіндеп артуын туындатуы мүмкін. Көз түсінің өзгерісі нұрлы қабықтың стромальді меланоциттеріндегі меланин мөлшерінің көбеюінен болады. Дағдылы жағдайларда қарашықтың айналасынан қоңыр пигментация білініп, нұрлы қабық айналасына таралады. Бұл орайда бүкіл нұрлы қабық немесе оның бөліктері қоңыр түске боялады. Көпшілік жағдайларда түс өзгерісі болымсыз болады және клиникалық тұрғыда анықталмауы мүмкін. Бір немесе екі көздің де нұрлы қабық пигментациясының күшеюі, ең алдымен, негізінде қоңыр түс жататын нұрлы қабықтың түсі аралас пациенттерде байқалады.

Нұрлы қабықтың пигментация дәрежесі айқындалғанда 5 жылдан аса уақыт бойы тіпті латанопростпен емді жалғастырғанда да пигментация күшеюінің қолайсыз зардаптары анықталмаған. Пациенттерде нұрлы қабық пигментациясының болуына немесе болмауына байланыссыз КІҚ төмендеу дәрежесі бірдей болды. Демек, латанопростпен емдеуді нұрлы қабық пигментациясы күшейген жағдайларда да жалғастыруға болады. Ондай пациенттер, клиникалық жағдайға қарамастан, ұдайы қадағалауда болуы тиіс, емдеуді тоқтатуға болады.

Нұрлы қабық пигментациясының күшеюі, әдетте, емдеу басталған соң алғашқы жыл ішінде, сирек – екінші немесе үшінші жыл ішінде байқалады. Пигментацияның үдеу жылдамдығы уақыт өте төмендейді және 5 жылдан соң тұрақтанады. Емдеуді тоқтатқан соң нұрлы қабықтың қоңыр пигментациясының күшеюі білінбеген, дегенмен, көз түсінің өзгерісі қайтымсыз болуы мүмкін.

Латанопрост қолданумен байланысты қайтымды болуы мүмкін қабақ терісінің күңгірттену жағдайлары сипатталған.

Латанопрост кірпіктердің ұзаруы, қатаюы, пигментациясының күшеюі, қоюлана түсуі және өсу бағытының өзгеруі сияқты кірпіктер мен үлпек шаштардың біртіндеген өзгерістерін туындатуы мүмкін. Кірпіктердің өзгеруі қайтымды болады және емдеуді тоқтатудан кейін басылады.

Көз тамшыларын тек бір көзге қолданатын пациенттерде гетерохромия дамуы мүмкін.

Сыртартқысында герпестік кератиті бар пациенттерде латанопрост абайлап қолданылу керек. Қарапайым герпестен болатын белсенді кератит жағдайында, сондай-ақ сыртартқысында қайталамалы, әсіресе, простагландиндер аналогтары туындататын герпестік кератит болған пациенттерде Латанопрост қолдануға болмайды.

Латанопростпен емделу кезінде макулярлы ісіну, соның ішінде кистозды макулярлы ісіну жағдайлары хабарланған. Бұл құбылыстар, ең алдымен, афакиясы бар пациенттерде, жалған афакиясы және көз бұршағының артқы капсуласының жыртылуы болған тұлғаларда немесе кистозды макулярлы ісінудің белгілі қауіп факторлары бар пациенттерде туындаған. Осыған орай, Латаком ондай пациенттерде сақтықпен қолданылуы тиіс.

Жалған афакиялы көзбен пациенттердегі қабынған, неоваскулярлы немесе созылмалы жабық бұрышты глаукомада, ашық бұрышты глаукомада және пигментті глаукомада латанопрост қолдану жөнінде құжатты рәсімделген деректер жоқ.

Тимолол малеаты

Бета-адреноблокаторларды жергілікті қолданғанда оларды жүйелі қолдану кезіндегідей жағымсыз реакцияларды байқауға болады. Сыртартқысында ауыр жүрек аурулары бар пациенттерде жүрек жеткіліксіздігі симптомдарын дер мезгілінде анықтау мақсатында тұрақты қадағалау керек. Тимолол малеатын жергілікті қолданғанда жүрек және тыныс алу жүйесі тарапынан мына реакциялар туындауы мүмкін: ишемиялық жүрек ауруының үдеуі, Принцметалл стенокардиясы, сондай-ақ шеткергі (Рейно ауруының немесе Рейно синдромының ауыр түрі) және орталық айналымдық бұзылулар, гипотензия, өліммен аяқталатын жүрек жеткіліксіздігі, тыныс алу жүйесі тарапынан ауыр реакциялар, соның ішінде демікпемен науқастардағы өліммен аяқталатын бронх түйілуі, брадикардия. ӨСОА жеңіл және орташа дәрежесіндегі пациенттерде, егер де әлеуетті пайдасы ықтималды қауіптен артық болған жағдайда ғана сақтықпен қолданылады.

Жүрек бөгелісінің бірінші дәрежесіндегі пациенттерде, импульс өткізу уақытына тимолол малеатының теріс ықпал ететініне байланысты, бета-адреноблокаторлар абайлап қолданылу керек.

Ауқымды хирургиялық араласу жасалар алдында бета-адреноблокаторларды біртіндеп тоқтатудың мақсатқа сай келуін талқылап алу керек. Осы топ препараттары жүректің рефлекторлық бета-адренергиялық стимуляцияға жауап беру реакциясына қабілеттілігін бұзады, бұл жалпы наркоз кезіндегі қауіпті арттыруы мүмкін.

Бета-адреноблокаторлар диабетке қарсы дәрілердің гипогликемиялық әсерін күшейтіп, гипогликемия симптомдары мен көріністерін бүркемелеуі мүмкін. Оларды инсулин немесе ішуге арналған қант төмендететін дәрілер алатын өздігінен болатын гипогликемиямен немесе қант диабетімен (әсіресе, құбылмалы ағымдағы) науқастарда сақтықпен қолдану керек.

Бета-адреноблокаторлармен емдеу гипертиреоздың кейбір негізгі симптомдары мен көріністерін бүркемелеуі мүмкін. Емдеуді күрт тоқтату осы аурудың өршуін туғызуы мүмкін.

Сыртартқыдағы атопиямен немесе әртүрлі аллергендерге ауыр анафилаксиялық реакциялары бар науқастарда бета-адреноблокаторлармен емделу кезінде аллергендермен қайта жанасқанда жауаптың күшеюі болуы мүмкін. Осы орайда, анафилаксиялық реакцияларды басуға қолданылатын әдеттегі дозалардағы адреналин тиімсіз болуы мүмкін.

Сирек жағдайларда тимолол малеаты myasthenia gravis немесе миастения симптомдары (мысалы, диплопия, птоз, жайылған әлсіздік) бар пациенттерде бұлшықет әлсіздігінің күшеюін туындатуы мүмкін.

КІҚ төмендететін дәрілер қолданылғанда сүзу емшараларынан кейін тамыр қабығының ажырауы сипатталған.

Бета-адреноблокаторлар тобына жататын офтальмологиялық препараттар көздің құрғауын туғызуы мүмкін. Мөлдір қабық аурулары бар пациенттерде қолдану кезінде сақтық таныту керек.

Жергілікті қолдануға арналған екі бета-адреноблокатор немесе жергілікті қолдануға арналған екі простагландинді бір мезгілде пайдалану ұсынылмайды.

Балаларда қолданылуы

Балалардағы қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Жүктілік және лактация кезеңі

Жүкті әйелдерде талапқа сай бақыланатын зерттеулер жүргізілмеген. Жүктілік кезінде және лактация кезеңінде Латаком қолдануға болмайды.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Көз тамшыларын қолдану көрудің өткінші бұлыңғырлануын туындатуы мүмкін. Бұл әсер басылғанша, пациенттерге автокөлік басқаруға немесе күрделі техниканы пайдалануға болмайды.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Алғашқы ашылуы бақыланатын ПНД ақ бұрандалы қақпақпен және тамшылатқыш тығынмен тығындалған полиэтилен құтыларда 2.5 мл препараттан.

Медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге 1 құтыдан картон қорапшаға салады.

Сақтау шарттары

2 - 8 0С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл.

25 оC-ден аспайтын температурада сақталған кезде қолдану кезеңі қаптаманы алғаш ашқаннан кейін 28 күн.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Тапсырыс беруші

Adamed Limited Liability Company

Pienków 149, 05-152, Czosnów, Польша

Өндіруші

S.C. ROMPHARM COMPANY S.R.L.

1A Eroilor Street, 075100 Otopeni, Румыния

Тіркеу куәлігінің иесі

Adamed Limited Liability Company

Pieńków 149, 05-152, Czosnów, Польша

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«Пабьяницкий фармацевтикалық зауыты Польфа» АҚ ҚР өкілдігі,

059000, Алматы қ., Абай даңғылы, 109 В үй, «Глобус» бизнес орталығы,

13 қабат, 13-2 кеңсе. Тел/факс: +7(727) 2776977. E-mail: info.kz@adamed.com.pl

 

Прикрепленные файлы

121733671477976297_ru.doc 116 кб
596554341477977494_kz.doc 155 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники