Войти

Апотель Парацетамол

Производитель: UNI-PHARMA KLEON TSETIS PHARMACEUTICAL LABORATORIES S. A.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Paracetamol
Номер регистрации: № РК-ЛС-5№021120
Дата регистрации: 30.12.2014 - 30.12.2019

Инструкция

Саудалық атауы

АПОТЕЛЬ

Халықаралық патенттелмеген атауы

Парацетамол

Дәрілік түрі

Инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған концентрат 1 г/6.7 мл, 6.7 мл

Құрамы

1 мл препараттың құрамында:

белсенді зат: микронизирленген парацетамол – 150 мг;

қосымша заттар: динатрий эдетаты, натрий метабисульфиті, динатрий гидрофосфат додекагидраты, этанол, глицерол FORMAL, инъекцияға арналған су

Сипаттамасы

Түссізден ақшыл-сары түске дейінгі мөлдір ерітінді.

Фармакотерапиялық тобы

Анальгетиктер. Анальгетиктер, басқа да антипиретиктер. Анилидтер. Парацетамол

АТХ коды N02BE01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Парацетамолды 24 сағат ішінде 2 г-ге дейінгі дозаларда бір рет және көп рет енгізген кезде оның фармакокинетикасы дозаға байланысты сипатқа ие болады.

Парацетамолды инфузия түрінде 1 г дозада енгізген кездегі биожетімділігінің 2 г пропацетамолдың биожетімділігінен айырмашылығы жоқ (құрамында 1 г парацетамол бар).

Қан плазмасында парацетамол ең жоғары концентрацияға 1 г дозада көктамырішілік инфузиядан кейін 15 минуттан соң жетеді және 30 мкг/мл құрайды. Ересектерде таралу көлемі 1 л/кг құрайды. Парацетамол қан плазмасы ақуыздарымен әлсіз байланысады. Гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтеді; 1 г препаратпен көктамырішілік инфузиядан кейін 20 минуттан соң жұлын-ми сұйықтығында парацетамол жоғары (1,5 мкмоль/мл-ге жуық) концентрацияда табылады.

Ересектерде парацетамол негізінен бауырда метаболизденіп, глюкуронидтер және сульфаттар түзеді. Парацетамолдың аздаған бөлігі (4 %) Р450 цитохромымен метаболизденіп, аралық белсенді метаболит (N-ацетилбензохинонимин) түзеді, ол қалыпты жағдайда қалпына келген глутатионмен тез залалсызданып, цистеинмен және меркаптур қышқылымен байланысқаннан кейін несеппен шығарылады. Алайда ауқымды артық дозаланғанда осы уытты метаболиттің мөлшері өседі. Ересектерде жартылай шығарылу кезеңі 2,7 сағатты, балаларда 1,5–2 сағатты құрайды, жалпы клиренсі — сағатына 18 л. Парацетамол негізінен несеппен бірге шығарылады; қабылданған дозаның 90%-ы бүйрек арқылы 24 сағат ішінде, негізінен, глюкуронид (60–80 %) және сульфат (20–30 %) түрінде шығарылады. 5%-дан азы өзгермеген күйінде шығарылады. Бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігінде (креатинин клиренсі <10–30 мл/мин) парацетамолдың шығарылуы біршама баяулайды, ал жартылай шығарылу кезеңі 2–5,3 сағатты құрайды.

Бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде глюкуронидтің және сульфаттың шығарылу жылдамдығы дені сау еріктілердегіден 3 есе төмен.

Егде жастағы емделушілерде парацетамолдың фармакокинетикасы өзгермейді; балаларда плазмадан жартылай шығарылу кезеңі ересектердікімен (1,5–2 сағ.) салыстырғанда біршама қысқалығымен ғана ерекшеленеді. Бұдан басқа, 10 жасқа дейінгі балаларда парацетамол глюкуронид түрінде емес, сульфат түрінде үлкен дәрежеде шығарылады, бұл ересек емделушілерге тән. Мұндайда парацетамолдың және оның метаболиттерінің жалпы экскрециясы барлық жас тобындағы емделушілерде бірдей.

Фармакодинамикасы

Парацетамолдың ауыруды басатын, ыстықты түсіретін әсерлері бар.

Парацетамолдың ауыруды басатын әсері инфузияны бастағаннан кейін 5-10 минут ішінде басталады және ең жоғары шегіне 1 сағаттан соң жетеді; әсер ету ұзақтығы – 4-6 сағат.

Парацетамолдың ыстықты түсіретін әсері инфузияны бастағаннан кейін 30 минут ішінде басталады; әсер ету ұзақтығы 6 сағаттан кем емес.

Парацетамолдың I және II циклооксигеназаны көбіне ОЖЖ-де бөгеп, ауыру және жылуды реттеу орталықтарына әсер ететіні белгілі. Қабынған тіндерде жасушалық пероксидазалар парацетамолдың циклооксигеназаға ықпалын бейтараптандырады, бұл онда қабынуға қарсы әсердің іс жүзінде толық жоқтығын түсіндіреді. Шеткергі тіндерде простагландиндер синтезіне ықпалының болмауы оларда су-тұз алмасуға (натрийдің және судың іркілуі) және асқазан-ішек жолының шырышты қабығына теріс ықпалының жоқтығымен жүзеге асады.

Қолданылуы

  • айқындылығы орташа дәрежелі ауыруды қысқа мерзімдік емдеуде (әсіресе операциядан кейінгі кезеңде)

  • егер көктамырішілік енгізу клиникалық тұрғыдан өзін ақтаса немесе басқа жолдармен енгізу мүмкін болмағанда, қызбаны қысқа мерзімдік басуда

Қолдану тәсілі және дозалары

Дозалау режимі

Препарат тек аурухана жағдайларында қолданылады.

Ұсынылған дозалардың абайсыз арттырылуы бауыр функциясының ауыр бұзылуына, соның ішінде өліммен аяқталуға әкеп соғуы мүмкін. Дозаны белгілеген кезде емделушідегі гепатоуыттылық қаупінің жекелеген факторларын да, соның ішінде бауыр функциясының жеткіліксіздігін, созылмалы маскүнемдікті, тамақтанудың созылмалы бұзылуларын, сусыздануды ескерген жөн.

Дозаларды есептеу емделушінің дене салмағы бойынша жүргізіледі.

Емделуші денесінің салмағы

Бір реттік доза

Енгізілетін көлемі

Ең жоғары рұқсат етілген енгізу көлемі***

Ең жоғары доза**

Дене салмағы кем дегенде 50 кг, гепатоуыттылықтың қауіпті факторлары

бар ересектерде

0,5 – 1,0 г

100 мл

100 мл

1,5 – 2,0 г

Дене салмағы 50 кг-ден астам болатын, гепатоуыттылықтың қауіпті факторлары жоқ ересектерде

1 г

100 мл

100 мл

3,0 г

**  Құрамында парацетамол немесе пропацетамол бар дәрілік препараттарды қолдану ескерілген ең жоғары тәуліктік доза.

*** Дене салмағы аз болғанда препараттың төмен көлемін енгізуге ұсыныс жасалады. Енгізу арасындағы аралық 4 сағаттан төмен болуы тиіс. Тәулігіне 3 енгізуден артыққа жол берілмейді. Бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігінде енгізу арасындағы аралық 6 сағаттан төмен болуы тиіс.

Емделушілердің ерекше топтары

Бүйрек функциясының ауыр бұзылуларында (креатинин клиренсі <30 мл/мин) препаратты енгізу арасындағы аралық кем дегенде 6 сағатты құрауы тиіс, мұндайда енгізу жиілігі күніне 2-3 ретті құрайды.

Бауыр функциясы бұзылған ересектерде және созылмалы маскүнемдікке шалдыққан, тамақтануы бұзылған немесе сусыздану орын алған емделушілерде тәуліктік доза 2,0 г-ден аспауы тиіс. Емдеу ұзақтығы екі аптадан аспайды.

Егде жастағы емделушілерде дозаны түзету қажет емес.

Енгізу тәсілі

15 минут бойы көктамырішілік (к/і) бір реттік инфузия. Ампуланың ішіндегіні (6,7 мл) 0,9% натрий хлориді ерітіндісінің 100 мл-де сұйылтады.

Препаратты бір құтыда инфузияға арналған басқа дәрілік препараттармен араластыруға болмайды.

Инфузияны ампуланы ашқаннан кейін бірден жүргізген жөн; препараттың пайдаланылмаған қалдығын жояды. Инфузияны бастар алдында ішінде препараты бар ампулада көзге көрінетін механикалық бөлшектердің бар-жоқтығын және түсінің өзгерген-өзгермегендігін мұқият қарап көрген жөн.

Препаратты дереу енгізу керек, әйтпесе сақтау мерзімі және шарттары пайдаланушының жауапкершілігінде болады.

Бастапқы көлемнің 1/10 бөлігіне қосымша, 0,9% натрий хлориді ерітіндісімен немесе 5% декстроза ерітіндісімен қосымша сұйылтуға рұқсат етіледі. Сұйылтылған ерітіндіні, инфузия уақытын қоса, дайындалғаннан кейін бір сағат ішінде пайдаланған жөн.

Инфузия үшін диаметрі 0,8 мм инені қолданады, оны құтыны қатаң түрде тік ұстап, резеңке тығында белгіленген жерінен енгізеді. Шыны ыдыстармен сатылатын инфузияға арналған басқа ерітінділер жағдайындағы сияқты, әсіресе инфузия соңында ауа эмболиясына жол бермеу үшін, препараттың қандай көктамырға енгізілгеніне қарамай-ақ, аса сақтық танытқан жөн. Емдеу ұзақтығы екі аптадан аспайды.

Жағымсыз әсерлері

Жағымсыз әсерлер жиілігі келесі шкалаға сәйкес берілген: өте жиі >10%; жиі >1% және <10%; жиі емес > 0,1% және <1%; сирек >0,01% және <0,1%; өте сирек <0,01%.

  • тері жабындары тарапынан: өте сирек – терінің қызаруы, қышыну, теріде және шырышты қабықтарда бөртпе (әдетте эритематозды немесе уртикарлы).

  • бауыр және өт шығару жолдары тарапынан: сирек – «бауыр» ферменттері белсенділігінің жоғарылауы, әдетте, сарғаюдың дамуынсыз.

  • жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан: сирек – артериялық қысымның төмендеуі; өте сирек – тахикардия.

  • қан түзу ағзалары тарапынан: өте сирек – тромбоцитопения, анемия, панцитопения, метгелюглобанемия, агранулоцитоз.

  • жалпы сипатта: сирек – дімкәстік.

Төменде берілген жағымсыз әсерлер де препаратты тіркеуден кейін қолданғанда байқалған, алайда олардың жиілігі анықталған жоқ:

  • аллергиялық реакциялар: аса жоғары сезімталдық реакциялары, анафилактикалық шок, анафилаксия, Квинке ісінуі.

  • бауыр және өт шығару жолдары тарапынан: шұғыл дамитын гепатит, бауыр некрозы, бауыр функциясының жеткіліксіздігі, «бауыр» ферменттері белсендіңлігінің жоғарылауы.

  • асқазан-ішек жолы тарапынан: жүректің айнуы, құсу.

  • жергілікті реакциялар: препаратты енгізген жерде ауырсыну және күйдіру сезімі.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • бауыр аурулары ауыр болатын емделушілер;

  • парацетамолға немесе пропацетамол гидрохлоридіне (парацетамолдың ізашар дәрісі) немесе препараттың кез келген компонентіне аса жоғары сезімталдық.

  • бауыр функциясының ауыр жеткіліксіздігі.

  • бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі <30 мл/мин), қатерсіз гипербилирубинемия (соның ішінде Жильбер синдромы, вирусты гепатит, бауырдың алкогольден зақымдануы), созылмалы маскүнемдік

  • 18 жасқа дейінгі балаларға.

Сақтықпен

  • Егер дене салмағы 50 кг-ден аз болса (созылмалы тойып тамақтанбау, анорексия, булимия, кахексия, гиповолемия, сусыздану, егде жас, глюкозо-6-фосфатдегидрогеназа тапшылығы).

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Фенитоин парацетамолдың белсенділігін төмендетеді және гепатоуыттылықтың даму қаупін арттырады. Фенитоин қабылдап жүрген емделушілер парацетамолды жоғары дозаларда және (немесе) ұзақ уақытқа қолданбаған жөн. Мұндай емделушілердің жағдайын гепатоуыттылықтың дамуы тұрғысынан бақылау қажет.

Пробенецид парацетамол клиренсін екі есе дерлік төмендетіп, оның глюкурон қышқылымен конъюгациялану үдерісін тежейді. Бір мезгілде тағайындаған кезде парацетамолдың дозасын төмендету жөніндегі мәселені қарастырған жөн.

Бауырдың микросомальді ферменттерінің индукторлары (мысалы, этанол, барбитураттар, изониазид, рифампицин, антикоагулянттар, зидовудин, амоксициллин + клавулан қышқылы) гидроксилденген белсенді метаболиттердің өндірілуін арттырады, бұл аздаған артық дозалануда ауыр уыттанулардың даму мүмкіндігіне себеп болады.

Этанол жедел панкреатиттің дамуына мүмкіндік береді.

Бауырдың микросомальді ферменттерінің тежегіштері (соның ішінде циметидин) гепатоуытты әсер ету қаупін төмендетеді.

Барбитураттарды ұзақ қолдану парацетамолдың тиімділігін төмендетеді.

Парацетамолды және қабынуға қарсы стероидты емес басқа препараттарды (салициламид) ұзақ уақыт бір мезгілде қолдану анальгетиктік нефропатияның және бүйректік папиллярлы некроздың даму, бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің терминальді сатысының басталу қаупін арттырады.

Парацетамолды жоғары дозаларда және салицилаттарды бір мезгілде ұзақ уақыт қолдану бүйрек немесе қуық обырының даму қаупін арттырады. Салициламид парацетамолдың жартылай шығарылу кезеңін арттырады.

Парацетамолды инфузиялар түрінде (тәулігіне 4 г кем дегенде 4 тәулік) және әсері тікелей емес антикоагулянттарды бір мезгілде қолдану халықаралық қалыптасқан қатынастың (ХҚҚ) елеусіз өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін. Емдеу кезінде және парацетамолмен инфузияны тоқтатқаннан кейін апта ішінде ХҚҚ бақылаған жөн.

Құрамында алкоголь бар препараттар мен сусындарды қолданғанда гепатоуытты әсер ету қаупі едәуір жоғарылайды.

Анальгетиктерді қолданған кезде ауыруды басатын әсері күшейеді.

Апиындық анальгетиктерді қолданған кезде есірткілік әсері күшейеді.

Антацидтерді қолданған кезде парацетамол тиімділігінің төмендеуі байқалады.

Бауыр функциясы бұзылған науқастарда антигистаминдік препараттарды қолданған кезде мәңгіру байқалады.

Антидепрессанттарды қолданғанда седативтік әсер күшейеді.

Антитромбоздық дәрілерді және К витаминінің агонистерін қолданғанда олардың ықпал ету әсері күшейеді.

Барбитураттарды қолданғанда гепатоуытты әсер ету қаупі едәуір жоғарылайды, парацетамолдың ыстықты түсіретін белсенділігі байқалады.

Парацетамолды жоғары дозаларда және β-адренорецепторлардың блокаторларын қолданғанда коронарлы артериялардың тарылуы байқалады.

Верапомилді қолданғанда уыттылық қаупі жоғарылайды.

Гепатоуытты дәрілерді қолданғанда бауырдың зақымдану ықтималдылығы ұлғаяды.

Зидовудинді қолданғанда екі препараттың да уыттылығы күшейеді.

Изониозидті қолданғанда бауырдың зақымдану қаупі артады.

Моноаминоксидаза тежегіштерін қолданғанда артериялық қысым кенеттен жоғарылауы мүмкін.

Карбамазепинді қолданғанда парацетамолдың гепатоуытты әсері артады.

Кортикостероидтерді жүйелі қолданғанда олардың әсері күшейеді, сондай-ақ асқазанда ойық жараның түзілу және қан кету қаупі ұлғаяды.

Лизиноприлді қолданғанда оның әсерінің төмендеуі байқалады.

Метоклопрамид парацетамолдың сіңу жылдамдығын арттырады.

Метотрексатты қолданғанда оның әсерінің күшеюі байқалады.

М-холиноблокаторларды қолданғанда антихолинергиялық әсері күшейеді.

Никотин парацетамолдың тиімділігін күшейтеді.

ҚҚСДЗ қолданғанда асқазанда ойық жараның түзілу және қан кету қаупі артады. Ұзақ уақыт (3 жыл және одан ұзағырақ) бірге қолдану бүйректің, соның ішінде қатерлі зақымдану ықтималдылығын арттырады.

Органикалық нитраттар артериялық қысымды едәуір төмендетеді.

Пероральді гипогликемиялық препараттарды қолданғанда қандағы қант деңгейінің төмендеуі байқалады.

Несепті сілтілендіретін препараттарды қолданғанда уыттылық қаупінің күшеюі білінеді.

Примедонды, эпилепсияға қарсы дәрілерді, рифампицинді қолданғанда гепатоуыттылық қаупі артады.

Психотроптық дәрілерді қолданғанда олардың есірткілік әсерінің күшеюі байқалады.

Салицил қышқылын және оның туындыларын және парацетамолды жоғары дозаларда ұзақ қолдану бүйректің зақымдануына әкеп соғуы мүмкін.

Спиронолактонды, сульфинпиразонды қолданғанда олардың әсерінің төмендеуі байқалады.

Тетрациклинді қолданғанда олардың сіңуі нашарлауы мүмкін. Препараттарды қабылдау арасындағы аралық 2 сағатты құрауы тиіс. Фенобарбиталды қолданғанда парацетамолдың әсері, оның шығарылуының жеделдеуіне байланысты, төмендейді.

Холестираминді қолданғанда парацетамолдың сіңу жылдамдығы төмендейді.

Айрықша нұсқаулар

Емделушіні, мүмкіндік болу бойына, ауыруды басатын препараттарды пероральді қабылдауға ауыстыру керек.

Бауыр зақымының даму қаупі ұсынылған дозаны арттырған кезде (соның ішінде Парацетамол препаратын және құрамында парацетамол бар басқа препараттарды бір мезгілде қолданған кезде), сондай-ақ созылмалы маскүнемдікке шалдыққан емделушілерде өседі.

Артық дозалану қаупіне жол бермеу үшін препаратты және құрамында парацетамолы бар басқа дәрілік препараттарды бір мезгілде қабылдауға кеңес берілмейді.

Плазмада несеп қышқылының мөлшерін сандық анықтау нәтижелерін бұрмалайды.

Жүктілік және лактация кезеңі

Жүктілік

Парацетамолды көктамырішілік енгізудің клиникалық тәжірибесі шектеулі. Алайда парацетамолды емдік дозаларда ішке қабылдау жөніндегі эпидемиологиялық деректерге сәйкес, жүктілік барысына немесе ұрық пен жаңа туған нәрестенің денсаулығына жағымсыз ықпалы білінген жоқ.

Жануарларда репродукциялық уыттылыққа парацетамолдың көктамырішілік дәрілік түрімен зерттеулер жүргізілген жоқ. Парацетамолды ішке қабылдаумен жүргізілген зерттеулерде тератогендік немесе фетоуыттық потенциал байқалған жоқ.

Осыған байланысты препаратты жүктілік кезінде қолданбаған жөн, егер күтілетін пайдасы ана мен ұрық үшін ықтимал қаупінен басым болса ғана, дозалау режимін және емдеу мерзімін қатаң сақтай отырып, қолданылуы мүмкін.

Лактация

Парацетамолды ішке қабылдаудан кейін ол аздаған мөлшерде емшек сүтіне өтеді. Нәрестеге қандай да болсын жағымсыз әсері жөнінде мәлімделген жоқ. Егер ана үшін күтілетін пайдасы нәресте үшін қаупінен басым болса, парацетамолды бала емізу кезеңінде қолдануға жол беріледі.

Көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Препарат стационар жағдайында қолданылады.

Артық дозалануы

Артық дозаланған кезде, әсіресе егде жастағы емделушілерде, балаларда, бауыр аурулары бар (созылмалы маскүнемдіктен болған) емделушілерде, сондай-ақ бауырдың микросомальді ферменттерінің индукторларын қабылдап жүрген емделушілерде уыттану болуы ықтимал, мұндайда шұғыл дамитын гепатит, бауыр функциясының жеткіліксіздігі, холестаздық сарғаю, цитолитикалық гепатит дамиды, жоғарыда көрсетілген жағдайларда кейде өліммен аяқталу орын алуы мүмкін.

Жедел артық дозаланудың клиникалық көрінісі парацетамолды қабылдағаннан кейін 24 сағат ішінде дамиды.

Симптомдары: асқазан-ішек бұзылыстары (жүректің айнуы, құсу, тәбеттің нашарлауы, құрсақ қуысында жайсыздық сезімі және/немесе абдоминальді ауыру), тері жабындарының бозаруы. Ересектерге 7,5 г және одан көбірек және балаларға 140 мг/кг астам бір мезетте енгізгенде бауырдың толық және қайтымсыз некрозымен, бауыр функциясының жеткіліксіздігімен гепатоциттердің цитолизі, метаболикалық ацидоз және энцефалопатия болады, олар комаға және өліммен аяқталуға әкеп соғуы мүмкін. Парацетамолды енгізгеннен кейін 12–48 сағаттан соң «бауыр» трансаминазалары, лактатдегидрогеназа белсенділігінің, билирубин концентрациясының жоғарылауы және протромбин мөлшерінің төмендеуі байқалады.

Бауыр зақымының клиникалық симптомдары препаратпен артық дозаланғаннан кейін 2 тәуліктен соң білінеді және ең жоғары шегіне 4–6 күні жетеді.

Емі:

  • Дереу ауруханаға жатқызу.

  • Артық дозаланғаннан кейін мүмкіндігінше ертерек мерзімде ем алдында қан плазмасындағы парацетамолдың сандық мөлшерін анықтау;

  • SH-тобының донаторларын және глутатион синтезінің ізашарларын — метионинді және ацетилцистеинді — артық дозаланудан кейін 10 сағат ішінде енгізу.

  • Қосымша емдік шаралар жүргізу қажеттілігі (әрі қарай метионинді енгізу, ацетилцистеинді к/і енгізу) қандағы парацетамол концентрациясына, сондай-ақ оны енгізгеннен кейінгі уақытқа байланысты анықталады.

  • Симптоматикалық емдеу.

  • Бауыр тестілерін емнің басында және әрі қарай әрбір 24 сағат сайын жүргізген жөн.

Көптеген жағдайларда бауыр трансаминазалары белсенділігі 1–2 апта ішінде қалыпқа келеді. Өте ауыр жағдайларда бауырды алмастырып салу қажет болуы мүмкін.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Қара-қоңыр шыны ампулаларға 6.7 мл препараттан құйылған. Ампулаға өздігінен желімденетін заттаңбалар жапсырылған.

Пішінді ұяшықты қаптамаға 3 ампуладан салынады, пішінді ұяшықты бір қаптамадан медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханадан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

UNI-PHARMA ΚLEON ΤSETIS PHARMACEUTICAL LABORATORIES S.A.,

14th km National Road 1, GR-145 64 Kifissia, Греция

Телефон: +30 210-80 72 512, 80 72 534

Факс: +30 210-80 78 907

Тіркеу куәлігінің иесі

UNI-PHARMA ΚLEON ΤSETIS PHARMACEUTICAL LABORATORIES S.A.,

14th km National Road 1, GR-145 64 Kifissia, Греция

Телефон: +30 210-80 72 512, 80 72 534

Факс: +30 210-80 78 907

Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«VIVATEK LTD» ЖШС

Телефон: +7 727 261 37 98

Факс: +7727 261-37-98

Электронды поштасы: vivatekltd@mail.ru

 

с. 10 из 10

 

Прикрепленные файлы

513646211477976541_ru.doc 93 кб
927165761477977703_kz.doc 117.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники