Абакавир и ламивудин

МНН: Абакавир, Ламивудин
Производитель: Aurobindo Pharma Limited
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Lamivudine and abacavir
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020716
Информация о регистрации в РК: 27.11.2019 - бессрочно
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 988.75 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Абакавир және ламивудин

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 600 мг/300 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді заттар – абакавир сульфаты 702.78 мг (600.00 мг абакавирге баламалы), ламивудин 300 мг,

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза (Ceolus KG-802), натрий крахмалының гликоляты (А типті), тазартылған су, магний стеараты,

қабықтың құрамы: қабық Опадрай YS-1-13065-А Қызыл сары: гидроксипропилметилцеллюлоза 2910/гипромеллоза 6 сP, гидроксипро-пилметилцеллюлоза 2910/гипромеллоза 3 сP, титанның қостотығы (Е 171), макрогол/ПЭГ 400, FD&C Сары #6/Сансет сары FCF Алюминий лагы (5 % - 18 %) (Е 110), полисорбат 80, FD&C Сары #6/Сансет сары FCF Алюминий лагы (38 % - 42 %) (Е 110).

Сипаттамасы

Қызыл сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған, бір жағында "Н" және басқа жағында "27" өрнегі бар, модификацияланған капсула пішінді таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі қолдануға арналған вирусқа қарсы препараттар. АИВ жұқпаларын емдеуге арналған вирусқа қарсы препараттар, біріктірілімдер. Ламивудин және абакавир.

АТХ коды J05AR02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңірілуі

Абакавир және ламивудин ішке қабылдағаннан кейін тез және жақсы сіңіріледі. Абакавир мен ламивудиннің ересектердегі абсолютті биожетімділігі тиісінше 83% және 80-85 % құрайды. Қан сарысуындағы ең жоғары концентрациясы тиісінше 1,5 сағ және 1,0 сағ кейін байқалады. 600 мг абакавирді бір рет пероральді қолданудан кейін Cmaxмәні 4.26 мкг/мл (28 %), ал AUC∞ мәні - 11.95 мкг·сағ/мл (21 %) тең болады. 300 мг ламивудинді 7 күн бойына көп рет пероральді қолданудан кейін Cmax мәні 2.04 мкг/мл (26 %), ал AUC∞ - 8.87 мкг·сағ/мл (21 %) тең болады. Тамақ ішу препарат әсеріне елеулі ықпал етпейді, сондықтан Абакавир мен ламивудинді ас қабылдауға қарамай-ақ қабылдай беруге болады.

Таралуы

Орташа болжамды таралу көлемі тиісінше 0,8 және 1,3 л/кг құрайды. Абакавир емдік концентрацияларында адам плазмасы ақуыздарымен елеусіз немесе орташа дәрежеде (49% жуық) байланысады. Ламивудин емдік концентрациясынан жоғары диапазонда дозаға байланысты фармакокинетикасын көрсетеді және плазма ақуыздарымен байланысуының төмен дәрежесі (36% төмен) анықталады, бұл басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуінің ықтималдығы аздығын білдіреді. Абакавир және ламивудин орталық жүйке жүйесіне және жұлын сұйықтығына өтеді.

Жұлын сұйықтығындағы және қан плазмасындағы AUC ара қатынасы

30-44% құрайды. Абакавирді тәулігіне 2 рет 600 мг-ден қолданғанда абакавирдің IC50 салыстырғанда (0.08 мкг/мл немесе 0.26 мкмоль) шыңдық концентрациясының бақыланатын мәні 9 есе үлкен. Препаратты қабылдағаннан кейін 2-4 сағат ішінде ламивудин концентрациясының жұлын ми сұйықтығындағы/сарысудағы орташа арақатынасы 12 % жуықты құрайды.

Метаболизмі

Абакавир метаболизмі көбіне бауырда жүреді. Қабылданған дозаның 2% жуығы өзгермеген түрде несеппен бірге шығарылады. Адам организміндегі абакавир метаболизмі алкогольдегидрогеназаның әсерімен және глюкуронидтік конюганттардың 5’-карбон қышқылы және 5’-глюкуронидтің түзілуімен байланысты. Олардың мөлшері қабылданған дозаның 66%-на жуығын құрайды және несеппен бірге шығарылады.

Ламивудин бауыр метаболизміне елеусіз (5 - 10%) ұшырайды және көбіне өзгермеген түрде несеппен бірге шығарылады.

Элиминациясы

Абакавирдің жартылай шығарылу кезеңі 1,5 сағатты құрайды. Препаратты ішке тәулігіне 2 рет 300 мг дозада көп рет қабылдағаннан кейін препараттың айтарлықтай жиналып қалуы байқалмайды. Абакавирдің шығарылуы бауыр метаболизмі арқылы жүзеге асады, ол соңынан метаболиттердің несеппен экскрециялануына ұласады. Қабылданған дозаның 83%-ға жуығы метаболиттер түрінде және өзгермеген препарат түрінде несеппен шығарылады, қалған бөлігі нәжіспен бірге шығарылады.

Ламивудиннің жартылай шығарылу кезеңі 5-7 сағатты құрайды. Ламивудиннің жалпы орташа клиренсі шамамен 0,32 л/сағ/кг құрайды, бұл көбіне органикалық катиондық тасымал жүйесі арқылы жүретін бүйрек клиренсі (70 % астам).

Бауыр функциясының бұзылуы бар емделушілер

Абакавир көбіне бауырда метаболизденеді. Бауыр функциясы аздап бұзылған емделушілерде (Child-Pugh шкаласы бойынша 5-6 балл) абакавир AUC-ы орташа алғанда 1,89 есе, ал жартылай шығарылу кезеңі 1,58 есе ұлғайған. Бауыр функциясының аздап бұзылуы абакавир метаболиттерінің AUC-на әсер еткен жоқ, бірақ метаболиттердің түзілу және элиминациясының жылдамдығы төмендеді.

Бауыр функциясының елеусіз дәрежелі бұзылуы бар емделушілер деректері қол жетімсіз. Бауыр функциясының орташа немесе ауыр дәрежелі бұзылуы бар емделушілерде абакавирдің фармакокинетикасы зерттелмеген. Бұндай емделушілерде абакавирдің плазмадағы концентрациясы айнымалы, және көп жағдайларда жоғары болуы күтіледі, осыған байланысты препаратты емделушілердің бұл категориясына тағайындауға болмайды.

Бауырдың орташа немесе ауыр дәрежелі патологиясы ламивудин фармакокинетикасына елеулі әсер етпейді.

Бүйрек функциясының бұзылуы бар емделушілер

Терминальді сатыдағы бүйрек жеткіліксіздігі бар және бүйрек функциясы қалыпты емделушілерде абакавирдің фармакокинетикалық көрсетілімдері бірдей. Бүйрек дисфункциясы бар емделушілерде төмендеген клиренс салдарынан ламивудин концентрациясы мен (AUC) уақытының арақатынасы артады. Доза төмендету қажеттігіне байланысты креатинин клиренсі 50 мл/мин аз емделушілерге ламивудин монопрепаратын тағайындау керек.

Фармакодинамикасы

Абакавир және ламивудин – құрамында абакавир мен ламивудин бар біріктірілген препарат және вирусқа қарсы әсер етеді.

Абакавир және ламивудин АИВ-1 мен АИВ-2 кері транскриптазасының нуклеозидты тежегіштері тобына жатады. Абакавир мен ламивудин жасушаішілік киназалармен препараттың тиісті белсенді түрлеріне трифосфаттарға (ТФ) бірізді метаболизденеді. Ламивудин трифосфаты және карбовир трифосфаты (абакавир трифосфатының белсенді түрі) АИВ кері транскриптазасының субстраты және бәсекелес тежегіші болып табылады. Олардың негізгі антивирустық әсері тізбектің кейін үзілуіне алып келетін монофосфатты түрдің ДНҚ вирустық тізбегіне қайта түзілуімен сипатталады. Абакавир және ламивудин трифосфат қожайын жасушалар полимеразалары ДНҚ-мен елеусіз ұқсастық көрсетеді.

Ламивудин зидовудинмен біріктірілімде синергизм анықталады және жасушалық өсіріндіде адамның иммунитет тапшылығы вирусының (АИВ) репликациясын бәсеңдетеді. Абакавир ампренавирмен, невирапинмен және зидовудинмен біріктірілімде синергизм анықталады және диданозинмен, зальцитабинмен, ставудинмен, ламивудинмен біріктірілімде аддитивті әсерге ие.

АИВ-1 ламивудинге резистенттілігі вирустық кері транскриптазаның белсенді бөлігіне жақын орналасқан M184V аминқышқылдарының өзгерістері дамуына ұшыратады. M184V мутациялар ламивудинге сезімталдықты төмендетеді. Зидовудинге резистентті вирустық штаммдар ламивудинге төзімділікке бір уақытта ие болғанда зидовудинге сезімтал болуы мүмкін. Абакавирге резистенттілік дамуы кері транскриптазаның белгілі бір кодондық аумағындағы (M184V, K65R, L74V және Y115F кодондары) арнайы генотиптік өзгерістерге байланысты. Абакавирге вирустық резистенттілік салыстырмалы түрде баяу дамиды, клиникалық елеулі болуы мүмкін вирустың «жабайы» штаммдарымен салыстырғанда IC50 концентрациясы 8 есе ұлғаюы үшін көптеген мутациялар керек. Абакавирге резистентті штаммдарда ламивудинге, зальцитабинге, тенофовирге, эмтрицитабинге және/немесе диданозинге сезімталдық төмендеуі мүмкін, алайда зидовудин мен ставудинге сезімталдық сақталады. Абакавирмен немесе ламивудинмен және басқа кластың антиретровирустық препараттары, мысалы, протеаза тежегіштері немесе кері транскриптазаның нуклеозидты емес тежегіштері арасында айқаспалы резистенттілік дамуының ықтималдығы аз.

Вирустардың репликациясы бақыланбайтын, бұрын ем қабылдаған және басқа нуклеозидті тежегіштерге резистентті емделушілерде клиникалық бөлінген штаммдарда абакавирге сезімталдықтың азаюы анықталды. Нуклеозидтар тобының кері транскриптазасының тежегіштеріне байланысты үш немесе одан да көп мутациялармен клиникалық бөлінген штаммдардың абакавирге сезімтал болуының ықтималдығы белгісіз.

M184V RT қатысты айқаспалы резистенттілік антиретровирусты дәрілер– нуклеозидты тежегіштері класы шегінде шектеледі. Зидовудин, ставудин, абакавир және тенофовир құрамында тек M184V мутация бар, ламивудин-резистентті АИВ-1 қарсы өзінің антиретровирустық әсерін сақтайды.

Қолданылуы

- ересектердегі біріктірілген антиретровирусты емнің құрамында АИВ-жұқпасында

Қолдану тәсілі және дозалары

Абакавир мен ламивудинді АИВ-жұқпасын емдеу тәжірибесі бар маман тағайындауы тиіс.

Дене салмағы 40 кг астам ересектер Абакавир және ламивудин препаратын ас қабылдауға қарамай-ақ қабылдай беруге болады. Тәуліктік ең жоғары доза - 1 таблетка (600 мг/300 мг) күніне 1 рет, күн сайын.

Егде емделушілер

65 жастан асқан емделушілерде абакавир мен ламивудин фармакокинетикасы зерттелмеген. Егде емделушілерді емдеуде бауыр, бүйрек, жүрек жұмысы бұзылуының және басқа қатарлас аурулардың, сондай-ақ басқа дәрілік препараттарды қолдану жиілігі жоғарылығын еске ұстау керек.

Бүйрек жеткіліксіздігінен зардап шегуші емделушілер

Абакавир және ламивудинді креатинин клиренсі 50 мл/мин аз емделушілерде қолдануға ұсынылмайды.

Бауыр жеткіліксіздігінен зардап шегуші емделушілер

Бауыр функциясының бұзылуы елеусіз дәрежедегі емделушілерге (Чайлд-Пью шкаласы бойынша А дәрежесі) абакавир дозасын төмендету талап етілуі мүмкін. Препарат құрамындағы жеке дара компоненттердің төмендеуі мүмкін болмағандықтан абакавир мен ламивудин препаратын жеке дара тағайындау керек. Бұл препаратты бауыр жеткіліксіздігінің орташа немесе ауыр дәрежесі (Чайлд-Пью шкаласы бойынша В және С дәрежесі) бар емделушілерге тағайындауға болмайды.

Жағымсыз әсерлері

Бұл препараттың құрамында екі белсенді компонент – абакавир және ламивудин бар, және төменде оларды қолданғанда кездесуі мүмкін жағымсыз реакциялар көрсетілген. Аталған реакциялар дәрілік заттар қабылдауға, қатарлас емге байланысты екені немесе жалпы аурудың салдары болып табылатыны белгісіз.

Кездесу жиілігі: өте жиі (>1/10), жиі (>1/100, <1/10), жиі емес (>1/1,000, <1/100), сирек (>1/10,000, <1/1000), өте сирек (<1/10,000).

Төменде көрсетілген реакциялардың көбі жиі кездеседі (жүрек айнуы, құсу, диарея, қызба, ұйқышылдық,бөртпе) және бұл асқын сезімталдық реакцияларының барын айғақтауы мүмкін. Осылайша, бұл симптомдардың кез келгені туындағанда емделушілерде берілген реакцияны олардың асқын сезімталдық реакцияларымен өзара байланысы бар-жоғына мұқият тексеру керек. Егер препарат аталған симптомдардың кез келгені дамуына байланысты тоқтатылса, бірақ соңынан ем жаңғыртылуы туралы шешім қабылданса, Абакавир мен ламивудин қабылдау медициналық қатаң бақылаумен жүргізілуі тиіс.

Абакавирге реакция

Жиі

- асқын сезімталдық реакциялары

- анорексия

- бас ауруы

- жүрек айнуы, құсу, диарея

- қызба, ұйқышылдық, қажу

Ламивудинге реакциялар

Жиі

- бас ауруы

- жүрек айнуы, құсу, іштің жоғарғы аумағының ауыруы, диарея

- әлсіздік, шаршағыштық, қызба

- бөртпе

Жиі емес

- бауыр ферменттерінің белсенділігінің транзиторлы жоғарылауы (АСТ, АЛТ)

- анемия, нейтропения, тромбоцитопения

Постмаркетингтік деректер

Абакавирге реакциялар

Жиі

- гиперлактатемия

- бөртпе (жүйелі көріністерсіз)

Сирек

- панкреатит, бірақ абакавир қабылдауға байланысы анықталмаған

Өте сирек

- мультиформалы эритема, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермальді некролиз

Ламивудинге реакциялар

Жиі

- гиперлактатемия

- алопеция

- артралгия, бұлшықет бұзылуы

Сирек

- сүт қышқылды ацидоз (май жиналуының қайта таралуы/ұлғаюы антиретровирусты ем қабылдаушы емделушілерде анықталған. Бұл патологияның мультифакторлық этиологиясы болады, антиретровирусты препараттарды біріктіріп қолдануды қоса)

- сарысулық амилаза деңгейі жоғарылауы, панкреатит, ламивудин қабылдауға байланысы анықталмаса да

- рабдомиолиз

Өте сирек

- шеткергі нейропатия, парестезия, ламивудин қабылдауға байланысы анықталмаса да

Абакавирге асқын сезімталдық реакциялары

Клиникалық зерттеулердегі скрининг үдерісінде шамамен зерттелушілердің 5%-да HLA B*5701 аллелінің бары анықталды, бұл сирек жағдайларда өлімен аяқталған абакавирге асқын сезімталдық реакцияларының елеулі даму қаупімен астасты. Бұл реакциялар полиорганды зақымдануды дәлелдейтін симптомдармен байқалады. Көптеген жағдайларда аса жоғары сезімталдық реакцияларының байқалуының бір көрінісі қызба немесе бөртпе (макула-папулезді немесе есекжем) болған, алайда аса жоғары сезімталдық реакциялары мұндай симптомдар болмағанда да байқалуы мүмкін.

Асқын сезімталдық симптомдары абакавир қабылдаудың аясында кез келген уақытта пайда болуы мүмкін, бірақ бұл көбіне емнің бастапқы алғашқы 6 аптасы (орташа алғанда – емнің 11 күні) ішінде болады. Асқын сезімталдықтың бұл реакцияларының белгілері мен симптомдары төменде берілген. Емделушілердің кем дегенде 10 %-да кездескен белгілер қою шрифтімен бөліп көрсетілген:

- бөртпе (әдетте макула-папулезді немесе уртикарлы)

- ауыз қуысы шырышты қабығының ойық жаралануы, іштің ауыруы, жүрек айнуы, құсу, диарея

- ентігу, жөтел, тамақтың ауыруы, тыныс алу жеткіліксіздігі, респираторлық дистресс синдромы

- қызба, шаршағыштық, дімкәстік, ісінулер, лимфоаденопатия, гипотензия, конъюнктивит, анафилаксия

- бас ауыруы, парестезиялар

- лимфопения

- бауыр сынамалары функционалдық көрсеткіштерінің жоғарылауы, бауыр жеткіліксіздігі

- креатинин деңгейінің жоғарылауы, бүйрек жеткіліксіздігі

- миалгия, миолиз, артралгия, креатинфосфокиназа деңгейінің жоғарылауы

Кейбір жағдайларда асқын сезімталдық реакциялары респираторлық жүйе аурулары (пневмония, бронхит, фарингит), тұмау тәрізді аурулар, гастроэнтерит немесе басқа дәрілік препараттарға реакциялар ретінде түсіндірілуі мүмкін. Асқын сезімталдық реакциялары диагностикасындағы кідіру абакавир қабылдауды жалғастыруға және, сәйкесінше, қабылдау аясында анағұрлым ауыр асқын сезімталдық реакциялары дамуына әкелуі ықтимал. Сонымен, асқын сезімталдық реакцияларына күдіктенгенде, тіптен басқа диагноз болу мүмкіндігі жоққа шығарылмаған жағдайларда да, барлық аталған симптомдар асқын сезімталдық реакциясымен өзара байланыс болу мүмкіндігіне мұқият қарастырылуы тиіс. Егер асқын сезімталдық реакцияларын жоққа шығару мүмкін болмаса, препаратты және құрамында абакавир бар басқа да өнімдер қабылдау тоқтатылуы және алдағы уақытта ешқашан тағайындалмауы тиіс.

Асқын сезімталдық реакцияларымен байланысты симптомдар емдеуді жалғастырған кезде нашарлайды, ал абакавир және құрамында абакавир бар басқа да препараттар қабылдауды тоқтатқаннан кейін әдетте жоғалады.

Асқын сезімталдық реакциялары аясында абакавир қабылдауды жаңғырту бірнеше сағат ішінде симптомдардың қайтып оралуына алып келеді.

Абакавир және ламивудин дәрілік заттарын қабылдауды жалғастыру аясында дамитын симптомдар препаратты бірінші рет қабылдау аясында пайда болатын симптомдарға қарағанда біршама күрделі болуы мүмкін және өмірге қауіп төндіретін гипотонияға және өлім жағдайына алып келуі мүмкін.

Емделушінің HLA B*5701 статусына қарамастан асқын сезімталдықтың кез келген симптомдары дамығанда препарат қабылдауды дереу тоқтату керек. Асқын сезімталдық реакциялары дамыған жағдайда Абакавир және ламивудин препараттарын және басқа да құрамында абакавир бар кез келген өнімді кейін ешқашан тағайындауға болмайды.

Асқын сезімталдықтың қандай да бір симптомының (бөртпе, қызба, дімкәстік/шаршағыштық, гастроинтестинальді немесе респираторлық симптомдар) даму аясында ол тоқтатылғаннан кейін абакавирді қабылдау жаңғыртылған кезде аса жоғары сезімталдық реакциялары дамуының бірнеше жағдайлары анықталған.

Абакавирмен емдеу жаңғыртылған кезде аса жоғары сезімталдық дамуының алдыңғы белгілері мен симптомдары болмағанда, сирек жағдайларда аса жоғары сезімталдық реакцияларының дамуы мүмкін.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- абакавирге, ламивудинге немесе препараттың кез келген компонентіне жоғары сезімталдық

- орташа және ауыр дәрежелі бауыр жеткіліксіздігі

- креатинин клиренсі 50 мл/мин төмен бүйрек жеткіліксіздігі

- жүктілік және лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар және жасөспірімдер

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Бұл препараттың құрамында абакавир және ламивудин бар болғандықтан бұл агенттермен жеке дара сәйкестендірілген кез келген өзара әрекеттесулер туындауы мүмкін. Абакавир және ламивудин P450 цитохромының (мысалы, СYP3A4, CYP2C9 немесе CYP2D6 сияқты) ферменттерімен елеусіз метаболизденеді және осы ферменттік жүйені тежейтін немесе индукциялайтын әсер бермейді. Сондықтан, препараттың антиретровирустық протеаза тежегіштерімен, нуклеозидты емес және басқа да Р450 негізгі ферменттері арқылы метаболизденетін дәрілік препараттармен өзара әрекеттесу ықтималдығы төмен.

Метаболизмі шектеулі болуына және плазма протеиндерімен байланысуы төмендігіне және бүйрек клиренсі арқылы іс жүзінде толық шығарылуына байланысты ламивудин қатысуымен өзара әрекеттесулер ықтималдығы өте төмен. Бүйрек механизмі арқылы дәл солай шығарылатын препараттарды қатарлас тағайындауда сақ болу керек.

Абакавирмен өзара әрекеттесулер

Этанолмен

Абакавир метаболизмі этанолмен бірге қолданғанда бұзылады, бұл AUC көрсеткішінің 41 %-ға артуымен бірге жүреді және оның клиникалық мәні жоқ. Абакавир этанол метаболизміне әсер етпейді.

Метадонмен

Метадонды және абакавирді 600 мг дозада тәулігіне 2 рет бір уақытта қолданғанда абакавирдің Сmax 35 %-ға төмендеген, ал Тmax1 сағатқа артқан,

AUC көрсеткіші өзгермеген. Бұл деректердің клиникалық маңызы жоқ. Абакавир метадонны жүйелік клиренсін 22 %-ға ұлғайтады, сондықтан кейде метадонның дозасын қайта түзету талап етілуі мүмкін.

Ретиноидтармен

Ретиноидтық қосылыстар ағзадан алкогольдегидрогеназа ферменті көмегімен шығарылады. Абакавирмен өзара әрекеттесулер болуы мүмкін, бірақ ол зерттелмеген.

Ламивудинмен өзара әрекеттесулер

Триметоприммен

Триметоприм/сульфаметоксазолды 160 мг/800 мг (ко-тримоксазол) дозада тағайындау ламивудин экспозициясының 40 %-ға жоғарылауын туындатады. Егер бүйрек функциясы бұзылмаса, ламивудин дозасын еш түзету талап етілмейді. Ламивудин триметопримнің немесе сульфаметоксазолдың фармакокинетикасына әсер етпейді. Ламивудинді ко-тримоксазолдың жоғары дозаларымен пневмоцистік пневмония мен токсоплазмозды емдеу үшін қолдану тиімділігі зерттелмеген.

Зальцитабинмен

Ламивудин зальцитабиннің жасушаішілік фосфорлануын бәсеңдетуі мүмкін. Препаратты зальцитабинмен бірге қолдану ұсынылмайды.

Эмтрицитабинмен

Бұл препараттарды бірге қолданғанда ламивудин эмтрицитабиннің жасушаішілік фосфорлануын бәсеңдетуі мүмкін. Сондай-ақ екі препарат үшін де вирустық резистенттілік даму механизмі вирустық транскриптаза (М184V) генінің бірдей бөліктерінің мутациясы арқылы жүреді, тиісінше оларды біріктіріп пайдаланғанда бұл өнімдердің емдік тиімділігі шектеулі болуы мүмкін. Ламивудинді эмтрицитабинмен немесе құрамында эмтрицитабиннің бекітілген дозасы бар препараттармен бірге қолдану ұсынылмайды

Айрықша нұсқаулар

Абакавирге аса жоғары сезімталдық

Клиникалық зерттеулерде емделушілерде HLA B* 5701 болуы сирек жағдайларда өліммен аяқталуға алып келетін, абакавирге (зерттелушілердің 5%-да) аса жоғары сезімталдық реакциялары дамуының елеулі қаупімен астасқаны анықталды.

Клиникалық зерттеулер HLA B*5701 аллелі тасымалдаушылығы абакавирге аса жоғары сезімталдықтың реакциялары дамуы қаупі елеулі жоғарылауымен астасқанын көрсетті. Емделушілерде HLA B*5701 аллелі бар болуына скрининг қолданылған зерттеулерде ем бастар алдында абакавирге аса жоғары сезімталдықтың клиникалық болжамды реакцияларының мөлшері 7.8 %-дан (847 емделушінің 66) 3.4 %-ға дейін (803 емделушінің 27); ал тері тесттері арқылы расталған аса жоғары сезімталдықтың реакциялары жағдайы - 2.7 %-ден (842 емделушінің 23) 0 %-ға дейін (802-ден 0 жағдай) төмендеген. Осы зерттеулерді негізге ала отырып, абакавир қабылдау уақытында HLA B*5701 аллелі тасымалдаушылығы бар емделушілердің 48 – 61 %-да HLA B*5701 аллелі жоқ емделушілермен салыстырғанда (0-4 %) аса жоғары сезімталдықтың реакциялары дамығаны расталды.

Емдеуші дәрігер Абакавир және ламивудин препаратымен ем бастар алдында емделушілерде HLA B*5701 аллелінің болуына скрининг жүргізудің маңызын назарда ұстауы тиіс. Сондай-ақ HLA B*5701 статусы белгісіз, аталған препаратты бұрын қабылдаған және абакавирге толеранттығы барын көрсеткен емделушілерде препаратты қабылдауды жаңғыртар алдында скрининг жүргізу ұсынылады. HLA B*5701 аллелдерін тасымалдаушылық жағдайында абакавир қолдану ұсынылмайды; құрамында абакавир бар препараттар тек қатаң медициналық бақылаумен және потенциалды пайдасы болуы мүмкін барлық қауіптен артық болған жағдайда ғана тағайындалуы мүмкін.

Абакавир және ламивудин қолданатын емделушілерде аса жоғары сезімталдықтың реакциялары дамуы мүмкіндігі туралы кез келген шешім дәрілік заттарды тағайындау туралы шешім қабылдарда басты негізге алынуы тиістігін есте ұстау керек. Тіпті HLA B*5701аллелдерін тасымалдаушылық болмаған жағдайда да, қолда бар клиникалық деректер негізінде аса жоғары сезімталдық реакциялары дамуын жоққа шығару мүмкін болмаған жағдайда препаратты тоқтату қажеттігі және соңынан өліммен аяқталудың потенциалды мүмкіндігіне байланысты құрамында абакавир бар препараттар тағайындамау керектігі туралы есте ұстау маңызды.

Аса жоғары сезімталдық реакциялары көптеген ағзалардың зақымданғанын көрсететін симптомдармен білінеді. Көптеген жағдайларда аса жоғары сезімталдық синдромы көріністерінің бірі қызба немесе бөртпе болып табылады, алайда аса жоғары сезімталдық реакциялары басқа да симптомдармен (қажу, дімкәстік, жүрек айнуы, құсу, диарея, іш аумағы ауырулары сияқты гастро-интестинальді симптомдар; диспноэ, тамақ жыбырлауы, жөтелу, кеуде қуысының инфильтраттары сияқты респираторлық симптомдар) қатар жүруі мүмкін.

Абакавир және ламивудин препаратымен емдеудің кез келген сатысында аса жоғары сезімталдық реакциялары дамуы мүмкін, бірақ әдетте препаратты қабылдаудың алғашқы 6 аптасының ішінде білінеді. Препаратты тоқтатқанда аса жоғары сезімталдық симптомдары әдетте жойылған. Емдеуді жалғастырған кезде симптомдар күшейеді, бұл емделушінің өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

HLA B*5701 статусына қарамастан, емделуші кез келген аса жоғары сезімталдық симптомдары дамуында бұл туралы емдеуші дәрігеріне дереу хабарлауы тиіс. Аса жоғары сезімталдық реакциялары диагнозы расталғанда Абакавир және ламивудин препаратын қабылдауды дереу тоқтату керек. Аса жоғары сезімталдық реакциялары дамуында Абакавир және ламивудин препаратын және құрамында абакавир бар кез келген басқа өнімдерді кейін ешқашан тағайындауға болмайды, өйткені өмірге қауіп төндіретін артериялық гипотонияны қоса, ауыр симптомдар бірнеше сағат ішінде жаңарады және өлімге соқтыруы мүмкін.

Диагноз қоюда кідіруді болдырмау және өмірге қауіп төндіретін реакциялардың даму қаупін төмендету үшін, тіпті басқа диагноздың (мысалы, тыныс алу ағзалары аурулары, тұмау тәрізді аурулар, гастроэнтерит немесе басқа да дәрілік препараттарға реакциялар) болуы жоққа шығарылмайтын жағдайларда да аталған дәрілік затты қабылдауды тоқтату қажет.

Препаратты және басқа құрамында абакавир бар өнімдерді, егер альтернативті ем тағайындағанда аса жоғары сезімталдық симптомдары

дамитын болса да, жаңғыртылмауы тиіс.

HLA B*5701 аллелдері тасымалдағыштығына байланыссыз, егер Абакавир және ламивудин препаратымен емдеу тоқтатылса және оны жалғастыру туралы шешім қабылданып жатса, аса жоғары сезімталдық реакциялары симптомдары байқалуы мүмкіндігін жоққа шығару үшін препаратты тоқтатудың себептері мұқият талдануы тиіс. Егер аса жоғары сезімталдық реакциялары жоққа шығарылмайтын болса, препаратты немесе құрамында абакавир бар басқа да өнімдер қабылдау жаңғыртылмауы тиіс.

Абакавир және ламивудинді қабылдауды уақытша тоқтатқан емделушілерде емді жаңғырту туралы шешім қабылданған жағдайда ол тиісті медициналық мекемде жүргізілуі тиіс және емделушінің шұғыл медициналық көмек алу мүмкіндігі болуы тиіс.

Кейбір жағдайларда аса жоғары сезімталдықтың алдыңғы белгілері мен симптомдары болмағанда абакавирмен емдеуді жаңғыртқан кезде аса жоғары сезімталдық реакциясының дамуы мүмкін. Егер емдеуді қайта жалғастыруға шешім қабылданса, препарат емделушіге шұғыл медициналық жәрдем көрсете алатындай мүмкіндік болғанда ғана қабылдануы тиіс.

Статусы белгісіз және абакавирмен бұрынғы емге толерантты болған емделушілерде HLA B*5701 тасымалдаушылығына скрининг жүргізу ұсынылады. HLA B*5701 аллелі тасымалдаушылығы жағдайында абакавир қолдану ұсынылмайды; құрамында абакавир бар препараттар тек қатаң медициналық бақылаумен ғана және тек потенциалды пайдасы болжамды барлық қауіптен астам болған жағдайда ғана тағайындалуы мүмкін.

Дәрігер препаратты тағайындағанда емделушінің аса жоғары сезімталдық реакциялары жөніндегі келесі деректерден хабардар екендігіне сенімді болуы керек:

-емделуші Абакавир және ламивудинге болуы мүмкін аса жоғары сезімталдық реакциялары туралы, ондай реакциялар өмірге қауіп төндіріп немесе өлімге әкелуі мүмкін екендігін, сондай-ақ HLA B*5701 аллелдері тасымалдаушылығы жағдайында аса жоғары сезімталдық реакциялары даму қаупі ұлғаятыны туралы білуі керек

- емделуші тіпті HLA B*5701 аллелдері болмаған жағдайда да берілген дәрілік затты қабылдауға аса жоғары сезімталдық реакциялары дамуы мүмкіндігі барын білуі тиіс. Егер емделушіде асқын сезімталдыққа байланысты симптомдар байқалса, ол тез арада емдеуші дәрігеріне қаралуы тиіс

- абакавир және ламивудинге аса жоғары сезімталдығы бар емделушілер, HLA B*5701 статусына қарамастан, оны немесе құрамында абакавир бар басқа препаратты бұдан былай ешқашан қабылдауға болмайтынын білуі тиіс

- аса жоғары сезімталдық реакциясы дамығаннан кейін емделуші өз бетімен Абакавир және ламивудинмен ем жүргізуді қайтадан бастамас үшін қалған таблеткаларды дәрігерге қайтарғаны жөн.

- қандай да бір себептермен препаратты қабылдауды тоқтатқан емделушілер препарат қабылдауды жаңғыртар алдында дәрігермен кеңесуі тиіс

- емделушілер берілген дәрілік затты қолдану жөніндегі нұсқаулығын мұқият оқып шығуы тиіс

Стеатозы бар айқын гепатомегалия/сүтқышқылды ацидоз

АИВ жұқпасын жұқтырған, монотерапия ретінде немесе кешенді емнің құрамында нуклеозидтердің аналогы ретінде антиретровирусты препараттарды қабылдап жүрген емделушілерде (көбінесе әйелдерде) сүтқышқылды ацидоз және бауырдың майлы дистрофиясымен гепатомегалия жағдайлары (оның ішінде өліммен аяқталған) болғаны айтылған.

Сүтқышқылды ацидоздың дамуын көрсететін клиникалық ерекшеліктерге жалпы әлсіздік, анорексия және ешқандай себепсіз күрт салмақ жоғалту, асқазан-ішек және тыныс алу ағзаларының симптомдары (ентігу және тыныстың жиілеуі) жатады.

Абакавир және ламивудин препаратымен емдегенде, әсіресе емделушілерде бауыр ауруларының даму қаупі факторлары болғанда сақ болған жөн. Егер гепатит белгілерімен немесе онсыз сүтқышқылды ацидоздың клиникалық немесе зертханалық белгілері пайда болған жағдайда (гепатомегалия және стеатоз қосылуы мүмкін, тіпті трансаминазалар деңгейінің жоғарылауы болмағанда да) препаратты қабылдауды тоқтатқан жөн.

Липодистрофия

Біріктірілген антиретровирустық ем жүргізілген кейбір емделушілерде жалпы семіздік, дорсоцервикальді семіздікті (Буффал өркеші) қоса, организмде майдың қайта таралуы/жиналып қалуы, шеткергі май қатпарлары мөлшерінің азаюы, сүт бездерінің үлкеюі, сарысуда глюкоза мен липидтер деңгейінің жоғарылауы байқалған.

Протеаза тежегіштері класының немесе кері транскриптазаның нуклеозидты тежегіштерінің кез келген препараттарын қабылдағанда липодистрофияға қатысты жағымсыз әсерлер дамуы мүмкін. Алайда қолда бар деректер көрсетілген кластардың әртүрлі препараттарын қабылдағанда бұл жағымсыз әсерлер даму қаупінің бірдей еместігін айғақтайды.

Бұған қоса, липодистрофия дамуына көптеген факторлар ықпал етеді.

АИВ жұқпасы болуы, егде жас және антиретровирусты емді ұзақ жүргізу

маңызды рөл атқарады және өзара потенциялаушы болуы да мүмкін.

Қазіргі кезде бұл деректердің кейіннен білінетін зардаптары белгісіз. Клиникалық тексерістер кезінде организмде майдың қайта таралу белгілеріне көңіл аударған жөн. Сарысудағы липидтердің және қандағы глюкоза деңгейлерін мұқият бақылау керек. Қажет болғанда май алмасудың бұзылуына тиісінше емдеу жүргізіледі.

Иммундық қалпына келу синдромы

Күрделі иммунитет тапшылығы бар АИВ жұқтырған емделушілерде антиретровирустық ем басында (АРЕ) асимптомдық немесе шартты-патогенді қалдық жұқпаларға қабыну реакциялары қатарлас жүретін аурулардың клиникалық симптомдарының нашарлауын туындатуы мүмкін. Әдетте АРЕ басталғаннан кейінгі бастапқы бірнеше апта немесе ай бойына цитомегаловирусты ринит, жайылған және/немесе ошақтық микобактериялық жұқпалар және пневмоцистті пневмония бақыланған. Кез келген қабыну симптомдары өз уақытында анықталуы тиіс, және қажет болуына қарай тиісті қабынуға қарсы ем жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ Абакавир және ламивудин препаратын қабылдағанда аутоиммундық бұзылулар (полимиозит, Джуллиан-Барр синдромы, диффуздық уытты зоб) да кездесті, дегенмен ауру ұстамаларының уақыты жеткілікті түрде ауытқымалы және емді бастағаннан кейін көп айдан соң да басталуы мүмкін.

Қатарлас В вирустық гепатиті бар емделушілер

Қатарлас В вирустық гепатиті (HBV) бар кейбір емделушілерде ламивудин қабылдауды тоқтатқаннан кейін гепатит қайталануының клиникалық немесе зертханалық белгілері білінуі мүмкін, бұл өз кезегінде бауырдың қалпына келмейтін аурулары бар емделушілерде аса ауыр салдарларға алып келуі мүмкін. Егер Абакавир және ламивудин препараты қатарлас В вирустық гепатиті бар емделушілерде тоқтатылған болса, функционалдық бауыр сынамалары көрсеткіштерін бақылау керек және HBV репликациясы маркерлері деңгейін ұдайы анықтау керек.

Шартты - патогенді жұқпалар

Абакавир және ламивудинді немесе басқа антиретровирустық препараттарды қолданатын емделушілерде шартты - патогенді микроорганизмдерден туындайтын жұқпалар және АИВ жұқпасының басқа да асқынулары дамуы мүмкін, сондықтан емделушілер АИВ жұқпасын емдеу тәжірибесі бар дәрігерлердің ұдайы бақылауында болуы тиіс.

Жұқпа берілуі

Осы заманғы антиретровирустық емдеу, аталған препаратты қоса алғанда, АИВ-тің басқа адамдарға жыныстық қатынас немесе қан құю арқылы жұғуына кедергі бола алмайтынынан хабардар болулары тиіс. Тиісті қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін есте сақтаған жөн.

Жүрек-қантамыр аурулары

Біріктірілген антретровирустық емде жүрген емделушілерде миокард инфарктісі дамуының жиілігін анықтауға бағытталған зерттеулерде абакавирді 6 ай бойына қолдану миокард инфарктісі дамуының қаупі артуымен өзара байланысты болды. Клиникалық зерттеулердің талдауы абакавир қабылдау аясында миокард инфарктісі дамуының қаупі ұлғайғанын растамады. Миокард инфарктісі жағдайларының потенциалды артуының биологиялық механизмі белгісіз. Осылайша, абакавир қабылдау мен миокард инфарктісінің жағдайлары артуының арасындағы байланыс белгісіз болып қалып отыр.

Абакавир және ламивудин препаратын қоса, антиретровирусты ем тағайындағанда жүректің ишемиялық ауруының алдын алу үшін барлық қауіпті, мысалы гипертония, гиперлипидемия, қант диабеті және шылым шегу сияқты факторларды азайтуға бағытталған сақтық шаралары қолданылуы тиіс.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Ламивудин мен абакавирдің автокөлікті/механизмдерді басқарғанда зейін шоғырландыруға ықпалына арнайы зерттеулер жүргізілмеген. Препараттың зейін шоғырландыруды талап ететін моторлық немесе когнитивтік дағдыларды, міндеттерді орындау қабілетіне теріс әсер ету ықтималдығы аз. Дегенмен, емделушінің зейін шоғырландыру қабілетін бағалауда оның жалпы жай-күйін, сондай-ақ Абакавир және ламивудин препаратын қабылдау аясында пайда болуы мүмкін жағымсыз әсерлер сипатын ескеру керек.

Артық дозалануы

Симптомдары: жағымсыз құбылыстардың күшеюі.

Емі: артық дозаланған жағдайда емделуші дәрігер бақылауында болуы тиіс (препараттың уыттылық әсерінің белгілерін анықтау мақсатында). Қажет болғанда стандартты демеуші ем жүргізеді. Ламивудин организмнен диализ арқылы шығарылуы мүмкіндігіне байланысты артық дозаланудың еміне үзіліссіз гемодиализ де қосылуы тиіс. Қазіргі уақытта абакавирдің организмнен шығарылуына перитонеальді диализдің және гемодиализдің ықпалы бар-жоғы белгісіз.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Үлбірлі қабықпен қапталған 600 мг/300 мг таблеткалар.

Тығыздығы жоғары полиэтилен контейнерге 30 таблеткадан салынған.

1 контейнерден медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 300С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Aurobindo Pharma Limited

Unit III, Survey No. 313, Bacupally Village, Quthubullapur Mandal, Ranga Reddy District, (A. P.), Үндістан.

Тіркеу куәлігінің иесі

Aurobindo Pharma Limited, Үндістан

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

050046, Алматы қ., Солодовников к-сі, 21/289

Тел. (727) 392-74-05

 

Прикрепленные файлы

179870461477976721_ru.doc 127 кб
001482071477977880_kz.doc 149.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники