Паклитаксел Эбеве (150 мг/25 мл)

МНН: Паклитаксел
Производитель: ЭБЕВЕ Фарма Гес.м.б.Х. Нфг. КГ
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Paclitaxel
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№000398
Информация о регистрации в РК: 17.08.2015 - 17.08.2020

Инструкция

Саудалық атауы

Паклитаксел Эбеве

Халықаралық патенттелмеген атауы

Паклитаксел

Дәрілік түрі

Инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған концентрат, 30 мг/5 мл, 100 мг/16.7 мл, 150 мг/25 мл, 210 мг/35 мл, 300 мг/50 мл

Құрамы

1 мл концентраттың құрамында

белсенді зат 6.00 мг паклитаксел,

қосымша заттар: 522.396 мг полиоксил майсана майы (макроголглицерол риценолеат), 401.664 мг сусыз этанол.

Сипаттамасы

Мөлдір, түссіз немесе ашық-сары түсті, көзге көрінетін механикалық қоспалары жоқ ерітінді.

Фармакотерапиялық тобы

Ісікке қарсы препараттар. Өсімдік текті алкалоидтар. Таксандар. Паклитаксел.

ATX коды L01CD01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Вена ішіне енгізгеннен кейін қан плазмасында паклитаксел концентрациясының екі сатылы төмендеуі байқалады.

Паклитакселдің фармакокинетикасы препаратпен 135 мг/м2 және 175 мг/м2 дозаларда 3 сағат және 24 сағат бойына инфузия жасағаннан кейін зерттелді. Жартылай шығарылуының орташа ұзақтығы терминальді сатыда 3,0–52,7 сағатты, ал организмнен орташа жалпы клиренсі 11.6 - 24.0 л/сағ./м2 құрады. Қан плазмасындағы концентрациясын жоғарылатқанда паклитакселдің жалпы клиренсінің төмендеу үрдісі байқалды. Паклитакселдің орташа тепе-тең таралуы көлемі 198–688 л/м2 құрады, бұл қантамырлардан тыс кең таралатынын және/немесе тіндермен байланысатынын айғақтайды. 3 сағаттық инфузиядан кейін паклитакселдің фармакокинетикасы дозаға байланысты сипатқа ие болды. Дозаны 30%-ға, 135 мг/м2-ден 175 мг/м2-ге дейін арттырғанда қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясы (Cmax) 75%-ға, сондай-ақ "концентрация-уақыт" тәуелділігі қисығы астындағы аудан (AUC0-∞) 81%-ға жоғарылады.

Емдеудің әртүрлі курстары кезінде паклитакселдің жүйелік экспозициясы деңгейлерінің ауытқуы өте төмен болды. Көп реттік емдеу курстарында паклитакселдің жинақталуы тіркелген жоқ.

Паклитакселдің шамамен 89–98%-ы қан палзмасы ақуыздарымен байланысады. Циметидиннің, ранитидиннің, дексаметазонның немесе дифенгидраминнің болуы паклитакселдің ақуыздармен байланысуына ықпалын тигізбейді.

Паклитакселдің енгізілген дозасының 1,3-тен 12,6%-ға дейіні несеппен бірге өзгермеген түрде шығарылады, бұл бүйректен тыс экстенсивтік клиренсінің болатынын айғақтайды. Паклитаксел көбіне бауырда метаболизденеді және негізінен өтпен бірге шығарылады. Паклитакселдің метаболизмі Р450 цитохромының изоферменттерінің қатысуымен жүруі мүмкін. Радиоактивті изотоппен таңбаланған паклитакселді енгізуден кейін, 26; 2; 6% радиоактивтілігі нәжіспен бірге 6α-гидроксипаклитаксел, 3′-р-дигидроксипаклитаксел және 6α-3′-р-гидроксипаклитаксел түрінде шықты. Осы гидроксилденген метаболиттердің түзілуі, сәйкесінше, CYP 2C8, CYP 3A4 және CYP 2C8 және CYP 3A4 изоферменттерімен катализденеді.

Паклитакселді цисплатинмен, доксорубицинмен немесе трастузумабпен біріктіріп қолданғанда пайдалануы жөнінде ақпарат алу үшін олардың медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтарымен танысып шығу қажет.

Фармакодинамикасы

Паклитаксел өсімдік текті антимитоген болып табылады, ол жасушаның микротүтікшелі аппаратына әсерін тигізеді. Тубулиннің димерлерінен микротүтікшелердің құрастырылуын стимуляциялайды және деполимеризацияны басу есебінен микротүтікшелерді тұрақтандырады. Мұндай тұрақтылық интерфаза және митоз сатысында жасушалық функция үшін маңызды мәні бар микротүтікшелер тізбегінің қалыпты динамикалық қайта құрылуына кедергі жасайды. Бұдан басқа, паклитаксел барлық жасушалық цикл ішінде микротүтікшелер тобының немесе шоғырының және митоз кезінде микротүтікшелердің көптеген жұлдыздарының зақымдануына кедергі жасайды.

Қолданылуы

аналық бездердің обыры

- Паклитаксел Эбеве лапаротомиядан кейін аналық бездер обырының таралған түрі немесе қалдық ісіктері (1 см-ден астам) бар пациенттерде бірінші желілі ем ретінде тағайындалады. Паклитаксел Эбеве цисплатинмен біріктіріп тағайындалады

- Паклитаксел Эбеве оң нәтиже бермеген стандартты емнен кейінгі метастаздарда екінші желілі ем ретінде тағайындалады

сүт бездерінің обыры

- Паклитаксел Эбеве антрациклинмен және циклофосфамидпен (АЦ-терапия) біріктірілген стандартты емнен кейін зақымданған лимфалық түйіндерді емдеу үшін адъювантты ем ретінде тағайындалады. Паклитаксел Эбеве препараты қолданылатын адъювантты ем антрациклинмен және циклофосфамидпен (АЦ-терапия) біріктірілген стандартты емге баламалы ем болып табылады. Паклитаксел Эбеве 3+ деңгейдегі шамадан тыс экспрессияланған HER-2 бар (иммуногистохимия жәрдемімен анықталған) пациенттерге, сондай-ақ антрациклинмен емдеуге келмейтін пациенттерге сүт безінің метастаздық обырында бірінші желілі ем ретінде немесе оның үдеуінде трастузумабпен біріктірілімі тағайындалады.

Антрациклиндерді қолданып жүргізілген стандартты ем тиімді болмағаннан кейін, сүт безінің метастаздық обыры бар пациенттерге немесе антрациклинмен емдеуге келмейтін пациенттерге Паклитаксел Эбеве монотерапия ретінде тағайындалады.

кеш сатыдағы өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры

- хирургиялық ем және/немесе сәулелендіру емін жүргізу жоспарланбаған пациенттерге Паклитаксел Эбеве өкпенің ұсақ жасушалы емес обырын емдеу үшін цисплатинмен біріктіріп тағайындалады

ЖИТС-ке шалдыққан пациенттердегі Капоши саркомасы

- ЖИТС-ке шалдыққан пациенттерге липосомальді антрациклиндермен ем жүргізу тиімді болмағаннан кейін, Паклитаксел Эбеве Капоши саркомасын емдеу үшін тағайындалады.

Қолдану тәсілі және дозалары

Жоғары сезімталдықтың ауыр реакцияларына жол бермеу үшін барлық пациенттерге глюкокортикостероидтарды, антигистаминдік препараттарды және Н2 гистаминдік рецепторлардың антагонистерін пайдаланып, премедикация жүргізілуі тиіс. Мысалы, Паклитаксел Эбевені енгізуден шамамен 12 және 6 сағат бұрын (немесе вена ішіне Паклитаксел Эбеве препаратын енгізуден 30-60 минут бұрын) ішке 20 мг дексаметазонды*, вена ішіне 50 мг дифенгидраминді** және вена ішіне Паклитаксел Эбеве препаратын енгізуден 30-60 минут бұрын 300 мг циметидинді (немесе 50 мг ранитидинді).

* - Капоши саркомасында 8-20 мг;

** - немесе антигистаминнің баламасы, мысалы, хлорфенирамин.

Паклитакселді жарғақшаның өте ұсақ тесігі ≤ 0.22 микрон болатын сүзгіні (қондырылған сүзгі) пайдалана отырып, енгізген жөн.

Паклитаксел Эбеве препаратын қатаң түрде вена ішіне инфузия үшін қолданады.

Паклитаксел Эбеве препаратын сұйылтқаннан кейін ғана қолдану керек.

Тек жаңадан дайындалған ерітіндіні және тек бір рет қолдану керек!

Паклитаксел Эбеве препаратын мамандандырылған стационарларда дәрігердің бақылауымен қолдану керек.

Паклитаксел Эбеве ерітіндісін тура енгізер алдында дайындайды, ол үшін Паклитаксел Эбеве концентратын 0,9% натрий хлоридінің ерітіндісімен, немесе 5% декстроза ерітіндісімен, немесе инъекцияға арналған 0,9% натрий хлоридіндегі 5% декстроза ерітіндісімен 0,3-тен 1,2 мг/мл ақырғы концентрацияға дейін сұйылтады. Дайындалған ерітінді дәрілік түрдің құрамында тасымалдаушы-негіздің болуына байланысты бозаңдануы мүмкін, сонымен қатар сүзуден кейін ерітіндінің бозаңдануы сақталады.

Паклитаксел Эбеве препаратын дайындағанда, сақтағанда және енгізгенде құрамында ПВХ-ден жасалған бөлшегі жоқ құрал-жабдықты пайдаланған жөн.

Аналық бездің обырында бірінші желілі ем ретінде

Паклитаксел Эбеве препаратын цисплатинмен біріктіріп қолдану ұсынылады. Инфузияның ұзақтығына байланысты емделу кезінде әртүрлі екі дозаны пайдалану ұсынылады: дене бетінің ауданына шаққанда 175 мг/м2 Паклитаксел Эбеве вена ішіне 3 сағаттық инфузия түрінде енгізіледі, әрі қарай дене бетінің ауданына шаққанда 75 мг/м2 цисплатинді немесе 135 мг/м2 Паклитаксел Эбеве препаратын вена ішіне 24 сағаттық инфузия түрінде, кейіннен емдеу курстарының арасында 3 апта аралықпен 75 мг/м2 цисплатин енгізіледі.

Аналық бездің обырында екінші желілі ем

Паклитаксел Эбеве препаратының ұсынылатын дозасы дене бетінің ауданына шаққанда 175 мг/м2 құрайды, 75 мг/м2 цисплатин емдеу курстарының арасында 3 апта аралықпен вена ішіне 3 сағаттық инфузия түрінде енгізіледі.

Сүт безінің обырындағы адъювантты ем

Паклитаксел Эбеве препаратының ұсынылатын дозасы дене бетінің ауданына шаққанда 175 мг/м2 құрайды, емдеу курстарының арасында 3 апта аралықпен вена ішіне 3 сағаттық инфузия түрінде енгізіледі. Кейіннен АЦ-терапияға ұласатын, барлығы төрт курс жүргізу қажет.

Сүт безінің обырындағы бірінші желілі ем

Доксорубицинмен (50 мг/м2) біріктіріп пайдаланғанда, Паклитаксел Эбеве препараты доксорубицинді енгізгеннен кейін 24 сағаттан соң енгізіледі. Паклитаксел Эбеве препаратының ұсынылатын дозасы дене бетінің ауданына шаққанда 220 мг/м2 құрайды, емдеу курстарының арасында 3 апта аралықпен вена ішіне 3 сағаттық инфузия түрінде енгізіледі.

Трастузумабпен біріктіріп пайдаланғанда, Паклитаксел Эбеве препаратының ұсынылатын дозасы дене бетінің ауданына шаққанда 175 мг/м2  құрайды, ол емдеу курстарының арасында 3 апта аралықпен вена ішіне 3 сағаттық инфузия түрінде енгізіледі. Паклитаксел Эбеве препаратын қолдануды, егер пациентке трастузумабтың алдын ала берілген дозасының жағымдылығы жақсы болса, трастузумабты алғаш дозалаудан кейін келесі күні немесе трастузумабтың кейінгі дозаларын енгізгеннен кейін бірден бастауға болады (қолдану жөніндегі өте нақты ақпаратты трастузумаб дәрілік затының нұсқаулығынан білген жөн).

Сүт безінің обырындағы екінші желілі ем

Паклитаксел Эбеве препаратының ұсынылатын дозасы дене бетінің ауданына шаққанда 175 мг/м2 құрайды, емдеу курстарының арасында 3 апта аралықпен вена ішіне 3 сағаттық инфузия түрінде енгізіледі.

Кеш сатыдағы өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры

Паклитаксел Эбеве препаратының ұсынылатын дозасы дене бетінің ауданынан шаққанда 175 мг/м2 құрайды, вена ішіне 3 сағаттық инфузия түрінде енгізіледі, кейіннен емдеу курстарының арасында 3 апталық аралықпен 80 мг/м2 доза цисплатинді енгізуге ұласады.

ЖИТС-ке шалдыққан пациенттердегі Капоши саркомасы

Паклитаксел Эбеве препаратының ұсынылатын дозасы дене бетінің ауданына шаққанда 100 мг/м² құрайды, емдеу курстарының арасында 2 апта аралықпен вена ішіне 3 сағаттық инфузиямен енгізіледі.

Кейінгі дозаларды Паклитаксел Эбеве препаратының пациентке жекелей жағымдылығына сәйкес енгізген жөн. 

Паклитаксел Эбеве препаратын нейтрофилдер мөлшері, ең кемінде, 1500/мм3 (Капоши саркомасында >1,000/мм3), ал тромбоциттер мөлшері, ең кемінде, 100,000/мм3 (Капоши саркомасында >75,000/мм3) болмайынша, қайталап енгізбеген жөн. Паклитаксел Эбеве препаратын енгізгеннен кейін айқын нейтропения (7 немесе одан көп күн ішінде нейтрофилдер мөлшері 500/мм3–ден төмен) немесе шеткері нейропатияның ауыр түрі байқалған пациенттерде кейінгі емдеу курстарының барысында Паклитаксел Эбеве препаратының дозасын 20%-ға дейін (Капоши саркомасында 25%) төмендеткен жөн.

Жағымсыз әсерлері

Аналық бездің обыры, сүт безінің обыры және өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры бар пациенттерде жағымсыз әсерлердің жиілігі мен қарқындылығының айтарлықтай айырмашылықтары жоқ. Уыттылықтың пайда болу жағдайлары мен пациенттің жасы арасында айқын тәуелділік жоқ.

Жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары: гипотензия (емдік араласымды қажет ететін), ангионевроздық ісіну және тыныс алу функциясының бұзылуы (бронходилататорларды қолдануды қажет ететін), жайылған есекжем). Қан кернеулер және тері бөртпесі сияқты аса жоғары сезімталдықтың жеңіл реакциялары емдік араласымды және паклитакселді тоқтатуды қажет етпейді.

Неғұрлым көп таралған жағымсыз әсерлері: сүйек кемігі функциясының бәсеңдеуі, ауыр (бірақ фебрильді емес) нейтропения (500/мм3-ден төмен), тромбоцитопения, анемия, артралгия немесе миалгия. Ауыр нейтропенияның ұзақтығы 7 күннен асады. Анемия жағдайларының жиілігі және ауырлығы гемоглобиннің бастапқы деңгейлеріне байланысты.

Паклитаксел алған > 80% пациенттерде алопеция тіркелді. Паклитакселді қабылдағаннан кейін бір айдан аз уақыт ішінде пациенттерде шаштың түсуі байқалды. Шаштың айқын түрде ≥ 50% түсуі шаш түсуіне ұшыраған пациенттердің басым бөлігінде болуы мүмкін.

Инъекцияны енгізген жердегі реакциялар: жергілікті ісіну, ауыру, эритема, индурация, кездейсоқ экстравазация флегмонаның дамуын, тері пигментациясының өзгерулерін, паклитакселді әрі қарай енгізуден кейін бұдан бұрынғы экстравазациясының орнында тері реакцияларының қайталануын туындатуы мүмкін. Қазіргі таңда экстравазация себеп болатын жағымсыз әсерлерді емдеудің спецификалық әдістері белгісіз. Кейбір жағдайларда инъекция жасалған жердегі реакциялар не ұзақ құюдан кейін, не инфузиядан соң 7-10 күннен кейін пайда болады.

Жағымсыз әсерлердің пайда болу жиілігінің жіктеуі: өте жиі (>1/10); жиі (>1/100, <1/10); жиі емес (>1/1000, <1/100); сирек (>1/10,000, <1/1000); өте сирек (<1/10,000).

Өте жиі (> 1/10)

- инфекциялар (негізінен несеп шығару және жоғарғы тыныс жолдарының инфекциялары) өліммен аяқталғанға дейін

- миелосупрессия, нейтропения, анемия, тромбоцитопения, лейкопения,

қан кетулер

- аса жоғары сезімталдықтың жеңіл реакциялары (негізінен, қан кернеулер және бөртпелер)

- шеткері нейропатия

- гипотензия

- жүректің айнуы, құсу, диарея, мукозиттер

- алопеция

- артралгия, миалгия

Жиі (> 1/100, < 1/10)

- брадикардия

- тырнақтардың және терінің өткінші орташа айқын өзгерулері

- енгізген жерде реакциялар (ісіну, ауыру, эритема, қатаю, теріастылық шелдің қабынуының (целлюлит) дамуын, тері фиброзын және некрозын қамтуы мүмкін экстравазация)

- АСТ, сілтілік фосфатазаның айқын жоғарылауы

Жиі емес (> 1/1,000, < 1/100)

- сепсистік шок

- емдеуді қажет ететін аса жоғары сезімталдықтың айқын реакциялары (гипотензия, ангионевроздық ісіну, респираторлы дистресс синдром, жайылған есекжем, қалтырау, арқаның, кеуденің ауыруы, тахикардия, абдоминальді ауырулар, аяқ-қолдың ауырулары, терлеу және гипертензия)

- кардиомиопатия, симптомсыз қарыншалық тахикардия, бигемениялы тахикардия, атриовентрикулярлы блокада, синкопальді жағдайлар, миокард инфарктісі

- гипертензия, тромбоз, тромбофлебит

- ішек бітелісі, ішектің тесілуі, ишемиялық колит, панкреатит

- қанда билирубин деңгейінің айқын жоғарылауы

Сирек (>1/10000, <1/1000)

- сепсис, перитонит, пневмония

- фебрильді нейтропения

- анафилактикалық реакциялар

- моторлы нейропатия (аздаған дистальді әлсіздікке ауысатын)

- жүрек функциясының жеткіліксіздігі

- диспноэ, плевральді жалқық, интерстициальді пневмония, өкпе фиброзы, өкпе артерияларының эмболиясы, тыныс алу функциясының жеткіліксіздігі

- илеус, ішектің тесілуі, панкреатит

- қышыну, бөртпе, эритема

- астения, қызба, дегидратация, ісіну, дімкәстік

- қан креатининінің жоғарылауы

- тіндерге жасалған кездейсоқ инъекциядан кейінгі қабыну

Өте сирек (< 1/10,000)

- жедел миелоидты лейкоз, миелодиспластикалық синдром

- анафилактикалық шок

- анорексия

- сананың шатасуы

- автономды нейропатия (салданған ішек бітелісіне және ортостаздық гипотензияға өтетін), үлкен құрысу ұстамалары, конвульсиялар, энцефалопатия, бас айналу, бас ауыру, атаксия

- көру жүйкесінің зақымдануы және/немесе көру бұзылыстары (жыпылықтағыш скотома), әсіресе ұсынылғаннан артық дозаларды қабылдап жүрген пациенттерде

- отоуыттылық, естімей қалу, құлақтың шыңылдауы, бас айналу

- жүрекшелердің фибрилляциясы, суправентрикулярлы тахикардия

- шок

- жөтел

- мезентеральді тромбоз, жалған жарғақшалы колит, эзофагит, іш қату, асцит, нейтропениялық колит

- бауыр некрозы, бауыр энцефалопатиясы (екеуінің де өліммен аяқталғаны мәлімделді)

- Стивенс-Джонсон синдромы, эпидермальді некролиз, мультиформалы эритема, эксфолиативті дерматит, везикулярлы бөртпе, онихолизис (емдеу кезінде пациенттерге қолына және табанына күннен қорғайтын заттар жағу ұсынылады)

Жиілігі белгісіз:

- ісіктің ыдырау синдромы

- макулярлы ісіну, фотопсия, шыны тәріздес денеде жүзіп жүрген қоспалар

- флебит

- склеродермия

- жүйелік қызыл жегі

- жайылған тромбогеморрагиялық синдром

Қан және лимфалық жүйе үшін уыттылық: сүйек кемігі функциясының бәсеңдеуі дозаны шектейтін негізгі жағымсыз әсер болып табылады. Нейтропения гематологиялық уыттылық саласында күрделі жағымсыз әсер болып табылады. Нейтропениялық қызба, өліммен аяқталатын сепсис, тромбоцитопения, қан кетулер, анемия (гемоглобин <11 г/дл).

Біріктірілген ем

Паклитаксел және цисплатин

Нейроуыттылық жағдайлары, негізінен, шеткері нейропатия байқалды. Шеткері нейропатия емдеудің алғашқы курсынан кейін көрініс беруі және паклитакселді әрі қарай енгізгенде нашарлауы мүмкін. Кейбір жағдайларда шеткері нейропатия паклитакселді қолдануды тоқтатуға себеп болды. Әдеттегідей, паклитакселді қолдануды тоқтатқаннан кейін бірнеше ай ішінде жағдай жақсарды немесе симптомдар жоғалды. Емдеу курсының ерте сатыларындағы нейропатия паклитакселді қолдану үшін қарсы көрсетілім болып табылмайды.

Паклитакселді цисплатинмен біріктіріп қабылдаған пациенттерде гинекологиялық ісіктерді емдеу кезінде цисплатинмен монотерапиямен салыстырғанда бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің даму қаупі ұлғаяды.

Жиі және ауыр жағымсыз әсерлер: нейроуыттылық, артралгия/миалгия, паклитаксел енгізуді кейіннен цисплатинге ұластырып қабылдаған пациенттерде, кейіннен цисплатинді енгізуге ұласатын циклофосфамид қабылдаған пациенттермен салыстырғанда, жоғары сезімталдық. Паклитакселді 3 сағаттық инфузия түрінде кейіннен цисплатинді енгізумен ұластырып қабылдаған пациенттерде, циклофосфамидті кейіннен цисплатин енгізумен ұластырып қолданумен салыстырғанда, миелосупрессия жағдайлары сирек пайда болды және айқын болған жоқ.

Нейтропения, анемия, шеткері нейропатия, артралгия/миалгия, астения, қызба, диарея, жүректің айнуы, құсу сияқты жағымсыз әсерлер байқалды.

Паклитаксел және трастузумаб

Келесі жағымсыз әсерлер жиі пайда болады: жүрек функциясының жеткіліксіздігі, инфекциялар, қалтырау, қызба, жөтел, бөртпе, буындардың ауыруы, тахикардия, диарея, гипертония, мұрыннан қан кетулер, акне, қарапайым герпес вирусы, кездейсоқ жарақаттар, ұйқысыздық, ринит, синусит, инъекция енгізген жерде реакциялар.

Паклитаксел және доксорубицин

Жүректің жиырылуы тарапынан бұзылулар (сол жақ қарыншаның лықсу фракциясының 20%-ға және одан көпке төмендеуі), жүрек функциясының жеткіліксіздігі байқалды.

Пациенттердің айрықша топтары

Радиациялық пневмония бір мезгілде сәуле емін қабылдап жүрген пациенттерде байқалды.

ЖИТС-ке шалдыққан пациенттердегі Капоши саркомасы

Қан түзу және бауыр тарапынан жағымсыз әсерлерді қоспағанда, олардың жиілігі мен айқындылығының дәрежесі, әдеттегідей, Капоши саркомасы бар пациенттер мен басқа ауқымды ісіктерде паклитакселмен монотерапия қабылдап жүрген пациенттер арасында ұқсас.

Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар

Билирубин, сілтілік фосфатаза, АСТ деңгейлерінің жоғарылауы.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- Паклитаксел Эбеве препаратына және оның қосымша заттарына, сондай-ақ дәрілік түріне майсана майының полиоксилі енетін басқа да дәрілік заттарға жоғары сезімталдық

- ауқымды ісіктері бар пациенттерде нейтрофилдердің бастапқы мөлшері 1500/мкл-ден төмен, тромбоциттер мөлшері 100000/мкл-ден төмен

- ЖИТС-ке шалдыққан пациенттерде Капоши саркомасында бастапқы (немесе емдеу үдерісінде тіркелген) нейтрофилдердің мөлшері 1000/мкл-ден аз, тромбоциттер мөлшері 75000/мкл-ден аз

- жедел инфекциялық аурулар (соның ішінде белдемелі теміреткі, желшешек, герпес)

- жүректің ишемиялық ауруының ауыр өтуі, миокард инфарктісі (сыртартқыда), аритмиялар

- бауыр функциясының ауыр бұзылулары

- жеңіл, орташа немесе ауыр бауыр жеткіліксіздігі

- Капоши саркомасында қатар жүретін ауыр инфекциялық аурулар

- жүктілік және лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөсірімдер

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Цисплатин

Аналық бездер обырының бірінші желілі емін жүргізген кезде паклитакселді цисплатиннің алдында енгізу ұсынылады. Мұндай жағдайда паклитакселдің қауіпсіздік бейіні паклитакселдің жеке затына қатысты алынған деректерге сәйкес келеді. Егер паклитакселді цисплатиннен кейін енгізсе, онда бұл миелосупрессияның артуына және паклитаксел клиренсінің шамамен 20%-ға төмендеуіне әкеледі.

Паклитаксел мен цисплатинді қабылдап жүрген пациенттерде, гинекологиялық ісіктерді емдеу үшін цисплатинді бөлек қолданумен салыстырғанда бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің даму қаупі ұлғаюы мүмкін.

Доксорубицин

Сүт безінің метастаздық обырын емдеудің бас кезінде паклитаксел мен доксорубицинді бірінен кейін бірін енгізгенде доксорубициннің және оның белсенді метаболиттерінің шығарылуы төмендейтін болғандықтан, паклитаксел вена ішіне доксорубициннен кейін 24 сағаттық инфузия түрінде енгізіледі.

P450 цитохромы изоферменті үшін субстраттар

Паклитакселдің метаболизмі P450 (CYP450) цитохромының CYP 2C8 және 3А4 изоферменттерімен ішінара катализденеді. Паклитакселдің метаболизмдік трансформациясының негізгі жолы CYP 2C8 арқылы паклитакселдің 6α-гидроксипаклитакселге айналуы болып табылады. CYP 2C8 қоспағанда, басқа ферменттермен клиникалық тұрғыдан маңызды өзара әрекеттесулер күтілмейді. Кетоконазолды, CYP 3A4 күшті тежегішін, бір мезгілде қабылдау паклитакселдің организмнен шығарылуын баяулатпайды, сондықтан дозаларын түзетпей-ақ екі препаратты да бір мезгілде қолдануға болады. Паклитакселдің басқа субстраттармен, CYP 3A4 индукторларымен және тежегіштерімен өзара әрекеттесуіне қатысты деректер жеткіліксіз болғандықтан, осы препараттарды бір мезгілде қолданғанда сақтық таныту қажет.

Осылайша, паклитакселді CYP 2C8 және CYP 3A4-ке тежегіш әсері белгілі препараттармен (мысалы, эритромицин, флуоксетин, гемфиброзил) немесе CYP 2C8 немесе CYP 3A4 индукциясын туындатушы (мысалы, рифампицин, карбамазепин, фенитоин, фенобарбитал, эфавиренз, невирапин) препараттармен бір мезгілде қолданғанда сақтық танытқан жөн.

Циметидин

Циметидиннің премедикациясы паклитакселдің клиренсіне ықпалын тигізбейді.

Протеаза тежегіштері

Бірнеше препараттарды қатар қабылдаған, Капоши саркомасы бар пациенттерде паклитакселдің жүйелік клиренсінің нелфинавир мен ритонавирдің, бірақ индинавирдің емес, қатысуымен едәуір төмен болғаны байқалды. Паклитакселдің протеазаның басқа тежегіштерімен өзара әрекеттесуіне қатысты ақпарат шектеулі. Демек, паклитакселді қатар емдеу ретінде протеаза тежегіштерін қабылдап жүрген пациенттерге сақтықпен тағайындаған жөн.

Айрықша нұсқаулар

Паклитаксел Эбеве препаратын қолдану ісікке қарсы химиялық емдеу препараттарымен (цитостатиктермен) жұмыс істеу тәжірибесі бар дәрігердің бақылауымен жүзеге асырылуы тиіс. Паклитаксел Эбеве препараты цитоуытты зат болып табылады, онымен жұмыс жасаған кезде сақ болу, қолғап қолдану және оны тері немесе шырышты қабықтарға тигізіп алмау қажет. Теріге тиген кезде оны сабындап, сумен мұқият жуып-шаю қажет. Шырышты қабықтарға тигізіп алғанда – судың мол мөлшерімен.

Жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары дамыған жағдайда Паклитаксел Эбеве препаратын қолдануды дереу тоқтатқан және симптоматикалық ем жүргізген жөн, сонымен қатар препаратты қайталап енгізу керек емес.

Паклитаксел Эбеве дәрілік затының құрамына кіретін майсана майының полиоксилі пластификацияланған поливинилхлоридті (ПВХ) контейнерлерден ди-(2-гексил)фталат (ДЭГП) экстракциясын туындатуы мүмкін, сонымен қатар ДЭГП шайылу дәрежесі ерітіндінің концентрациясын арттырған кезде және уақыты ұзарғанда жоғарылайды. Сондықтан Паклитаксел Эбеве препаратын дайындағанда, сақтағанда және енгізгенде құрамында ПВХ бөлшектері жоқ құрал-жабдықтарды пайдаланған жөн.

Экстравазация мүмкін болатындықтан, препаратты енгізу кезінде инфильтраттың пайда болуы тұрғысынан инъекция енгізілген жерге мұқият тексеру жүргізу ұсынылады. Вена ішіне қолданғанда жергілікті ісіну, ауыру, эритема дамуы және қатаюы мүмкін. Кейде экстравазация теріасты шелінің қабынуына әкелуі мүмкін. Кейде экстравазациямен байланысты терінің түлеу жағдайлары тіркелді. Тері жабындарының депигментациясы орын алуы мүмкін. Бұрынғы экстравазация орнында дамыған тері реакциялары Паклитаксел Эбеве препаратын басқа жерлерге енгізгеннен кейін сирек сипатталды. Экстравазацияның спецификалық емі жоқ.

Кейде инъекция енгізілген жердегі реакциялар тіпті ұзақ енгізу кезінде басталған, сондай-ақ 7-10 күн өткеннен кейін де дамыған.

Диспноэ, гипотензия, ангионевроздық ісіну және жайылған есекжем түрінде өткен аса жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары сирек байқалады (талапқа сай премедикациядан өткен пациенттердің1%-ынан азында). Аса жоғары сезімталдық реакцияларының алғашқы белгілерінде Паклитаксел Эбеве препаратын қолдану дереу тоқтатылуы тиіс. Симптоматикалық емдеуді бастау қажет, мұндайда Паклитаксел Эбеве препаратын пациентке әрі қарай тағайындамаған жөн.

Миелосупрессия (бірінші кезекте нейтропения) дозаны шектейтін уыттылық болып табылады. Паклитаксел Эбеве препаратымен емдеу кезінде қан талдауын бақылау қажет. Пациенттер Паклитаксел Эбеве препаратын, нейтрофилдер деңгейі 1,5 х 109/л-ден көбірек (Капоши саркомасында 1х109/л-ден көбірек) және тромбоциттер деңгейі 100х109/л-ден көбірек болатын (Капоши саркомасында 75х109/л-ден көбірек) қалпына оралмайынша қабылдамауы тиіс. Анемияның даму айқындылығы мен жиілігінің гемоглобиннің бастапқы көрсеткіштерімен байланысы бар.

Бауыр функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде уыттылықтың, атап айтқанда, III-IV дәрежедегі миелоуыттылықтың даму қаупінің жоғары болатыны байқалады. Бауыр функциясының жеңіл бұзылулары бар пациенттерге 3 сағаттық инфузия түрінде тағайындағанда паклитакселдің уыттылығының жоғарылауын айғақтайтын деректер жоқ.

Паклитаксел Эбеве препаратын өте ұзақ инфузия түрінде тағайындағанда миелосупрессия бауыр функциясының орташа-айқын және айқын жеткіліксіздігі бар пациенттерде байқалуы мүмкін. Пациенттер терең миелосупрессияның дамуына мұқият бақылануы тиіс. Бауыр функциясының айқын жеткіліксіздігі бар пациенттер Паклитаксел Эбеве препаратымен ем қабылдамауы тиіс.

Жүрек өткізгіштігінің айқын бұзылулары Паклитаксел Эбеве препаратымен монотерапия түрінде емдеуден кейін сирек байқалады. Егер пациенттерде емделу кезінде жүрек өткізгіштігінің айқын бұзылулары дамыса, онда тиісті емді бастаған жөн, және Паклитаксел Эбеве препаратын кейіннен қолданғанда жүрек-қантамыр қызметін үнемі бақылап отыру қажет.

Гипотония немесе гипертония, брадикардия Паклитаксел Эбеве препаратын қолдану кезінде байқалуы мүмкін; әдетте олар симптомсыз өтеді және қандай да болсын емделуді қажет етпейді. Әсіресе Паклитаксел Эбеве препаратын енгізудің алғашқы сағаты кезінде өмірлік маңызды функциялардың көрсеткіштерін ұдайы бақылау ұсынылады. Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан айқын асқынулар, сүт безінің немесе аналық бездердің обыры бар пациенттерге қарағанда, өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры бар пациенттерде жиі байқалады. Паклитаксел Эбеве препаратын қабылдаумен байланысты жүрек функциясы жеткіліксіздігінің жеке жағдайы ЖИТС-ке шалдыққан пациенттерде Капоши саркомасын емдеген кездегі клиникалық зерттеулерде анықталды.

Паклитаксел Эбеве препаратын сүт безінің метастаздық обырының бірінші желілі емдеуде доксорубицинмен немесе трастузумабпен біріктіріп қолданғанда жүрек қызметіне ерекше бақылау жүргізу қажет. Осы біріктірілімде Паклитаксел Эбеве препаратымен ем жүргізу жоспарланған пациенттер, сыртартқысын қоса, жүрек қызметінің алдын ала тексерілуінен, клиникалық байқаудан, ЭКГ-ден, эхокардиографиядан және/немесе миокардты сканерлеуден өткізілуі тиіс. Жүрек қызметі емнің бүкіл кезеңі ішінде (мысалы, әрбір 3 ай сайын) бақылануы тиіс. Мониторинг жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан бұзылулар дамыған пациенттерді анықтауға жәрдемдеседі, және емдеуші дәрігер жүректің вентрикулярлы функциясын зерттеу жиілігіне қатысты шешім қабылдағанда антрациклиндердің жинақталу (мг/м2) дозасына мұқият баға беруі тиіс. Егер тексеру жүрек-қантамыр қызметінің нашарлағанын анықтаса, тіпті ол клиникалық тұрғыдан көрініс бермесе де, жүрек-қантамыр қызметінің, соның ішінде қайтымсыз, бұзылу қаупімен байланысты емдеуді әрі қарай жалғастырудың пайда/қаупі арақатынасына мұқият баға беруі тиіс. Егер емдеу жалғастырылса, онда жүрек-қантамыр қызметіне емделудің әрбір 1-2 курсы сайын ұдайы бақылау жүргізу қажет.

Шеткері нейропатия жиі білінсе де, айқын симптомдар сирек дамиды. Ауыр жағдайларда емдеудің кейінгі барлық курстары ішінде Паклитаксел Эбеве дозасын 20%-ға (ЖИТС-ке шалдыққан пациенттердегі Капоши саркомасында 25%-ға) төмендету ұсынылады. Айқын нейроуыттылық бірінші желілі химиялық ем ретінде Паклитаксел Эбеве препаратын 3 сағаттық инфузия түрінде цисплатинмен біріктіріп қабылдаған, өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры және аналық бездер обыры бар пациенттерде тек Паклитаксел Эбеве препаратын ғана немесе циклофосфамидті кейіннен цисплатинді енгізумен ұластырып қабылдаған пациенттерге қарағанда жиі дамиды. Жалпы алғанда, нейроуыттылық симптомдары, көбіне шеткері нейропатия Паклитаксел Эбеве препаратын цисплатинмен біріктіріп қолданған кезде, 135 мг/м2 Паклитаксел Эбеве препаратын 24 сағат бойы енгізумен салыстырғанда (сәйкесінше, 25% және 3%), 175 мг/м2 Паклитаксел Эбеве препаратымен 3 сағаттық инфузиядан кейін (85% пациенттер, 15% - ауыр патологиясы барлар) жиі байқалады және күшті білінеді. Шеткері нейропатия емдеудің алғашқы курсы ішінде пайда болуы және әрі қарай қолданғанда үдеуі мүмкін. Сирек жағдайларда шеткері нейропатия Паклитаксел Эбеве препаратымен емдеуді тоқтатуды қажет етеді. Әдетте Паклитаксел Эбеве препаратын тоқтатқаннан кейін бірнеше ай шегінде жағдай жақсарады және симптомдар жоғалады. Бұрын Паклитаксел Эбеве препаратымен емдеу салдарынан байқалған нейропатия осы препаратты тағайындауға қарсы көрсетілім болып табылмайды.

Паклитаксел Эбеве препаратының құрамында этанол (401.66 мг/мл) бар, ОЖЖ-ге ықтимал әсерін және ықпал етудің басқа да түрлерін ескерген жөн.

Ауыр тіндік реакцияларды туындататындықтан, Паклитаксел Эбеве препаратының артерия ішіне еніп кетуіне жол бермеу үшін сақтық таныту қажет.

Жалған жарғақшалы колит, бір мезгілде антибиотиктермен ем жүргізілмеген пациенттерді қоса, сирек байқалады. Мұны Паклитаксел Эбеве препаратымен ем жүргізу кезінде немесе ем жүргізуден кейін бірден пайда болатын айқын және персистерлейтін диарея жағдайында дифференциальді диагноз жүргізгенде ескеру қажет.

Паклитаксел Эбеве препаратын өкпені сәулелендірумен біріктіру, әсер етуінің бірізділігіне қарамай-ақ, интерстициальді пневмониттің дамуына мүмкіндік береді.

Капоши саркомасы бар пациенттерде мукозиттің ауыр түрлері сирек байқалады. Егер мукозит бәрібір дамыса, Паклитаксел Эбеве препаратының дозасын 25%-ға төмендету қажет.

Паклитаксел Эбеве препаратының құрамында майсана майының полиоксилі бар, ол күрделі аллергиялық реакцияларды туындатуы мүмкін.

Пациенттер Паклитаксел Эбеве препаратымен емделу кезінде қолына және аяғына күн сәулесінен қорғайтын заттарды жағуы тиіс.

Жүктілік және лактация кезеңі

Паклитакселді жүктілікте және лактация кезеңінде қолдануға болмайды.

Бала туа алатын жастағы әйелдер паклитакселмен емделу кезінде жүкті болуға жол бермегені жөн және, егер бұл орын алса, онда емдейтін дәрігерін бұдан бірден хабардар ету керек.

Паклитакселмен емделу кезінде бала туа алатын пациенттер (әйелдер және еркектер) емдеуді аяқтағаннан кейін, ең кемінде, 6 ай бойы контрацепцияның сенімді әдістерін пайдаланғандары жөн. Пациент-еркектер, белсіздік дамуы мүмкін болғандықтан, паклитакселмен емделуді бастамас бұрын спермасын криоконсервациялауға қатысты кеңес алуы тиіс.

Көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері

Паклитаксел Эбеве препаратының құрамында сусыз этанолдың болуы салдарынан, көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілеті төмендеуі мүмкін.

Артық дозалануы

Симптомдары: сүйек кемігінің аплазиясы, шеткері нейропатия, мукозиттер.

Емі: симптоматикалық ем жүргізіледі. Арнайы антидоты жоқ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Галобутилді каучуктен жасалған (ЕФ*) тығынмен тығындалған және алюминий қалпақшамен қаусырылып бұралған, көлемі 5 мл (5 мл үшін), 20 мл (16.7 мл үшін) немесе 50 мл (25 мл, 35 мл және 50 мл үшін), І типті түссіз шыны құтыға 5 мл, 16.7 мл, 25 мл, 35 мл немесе 50 мл концентраттан салынған.

Картон қорапшаға медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге 1 құтыдан салынған.

Сақтау шарттары

25°С-ден аспайтын, жарықтан қорғалған жерде сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Препаратты қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдаланбаған жөн.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші/Қаптаушы/Тіркеу куәлігінің иесі

ЭБЕВЕ Фарма Гес.м.б.Х. Нфг. КГ, Австрия

Mondseestraβe 11, A-4866 Unterach Austria

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын, дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы

Қазақстан Республикасындағы «Сандоз Фармасьютикалс д.д.» АҚ өкілдігі

Қазақстан Республикасы, 050051, Алматы қ., Луганский к-сі, 96, «Керуен» бизнес орталығы.

Тел +7 (727) 2581048  Факс: +7 (727) 2581047

e-mail: kzsdz.drugsafety@sandoz.com

8 800 080 0066 – Қазақстан бойынша ақысыз қоңырау шалатын нөмір.

Прикрепленные файлы

692324961477976390_ru.doc 144 кб
065007121477977585_kz.doc 63.42 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники