Энап® Л Комби (10 мг/10 мг)

МНН: Лерканидипин, Эналаприл
Производитель: КРКА, д.д., Ново Место
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Эналаприл в комбинации с лерканидипином
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№121832
Информация о регистрации в РК: 10.12.2015 - 10.12.2020

Инструкция

Саудалық атауы

Энап® Л Комби

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 10 мг/10 мг және 10 мг/20 мг таблеткалар

Құрамы

10 мг/10 мг доза үшін:

Бір таблетканың құрамында

белсенді заттар: 10,00 мг эналаприл малеаты

10,00 мг лерканидипин гидрохлориді

қосымша заттар: повидон К30, малеин қышқылы, натрий крахмалы гликоляты (А типі), лактоза моногидраты, натрий стеарилфумараты

үлбірлі қабықтың материалы: Opadry ақ 00F280002 (құрамы:

гипромеллоза 2910 3 сР, титанның қостотығы (Е171), тальк, макрогол 6000)

10 мг/10 мг доза үшін:

Бір таблетканың құрамында

белсенді заттар: 20,00 мг эналаприл малеаты

10,00 мг лерканидипин гидрохлориді

қосымша заттар: повидон К30, малеин қышқылы, натрий крахмалы гликоляты (А типі), лактоза моногидраты, натрий стеарилфумараты,

құрамы

Сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, екі жақ беті сәл дөңес, ойығы бар, ақ түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар (10 мг/10 мг доза үшін).

Дөңгелек пішінді, екі жақ беті сәл дөңес, ойығы бар, сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар (10 мг/20 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Ренин-ангиотензин жүйесіне әсер ететін препараттар. Басқа препараттармен біріктірілген АКФ тежегіштері. «Баяу» кальций өзекшелері блокаторларымен біріктірілген АКФ тежегіштері. Эналаприл және лерканидипин.

АТХ коды C09BB02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Эналаприл мен лерканидипинді бір мезгілде қолданғанда фармакокинетикалық өзара әрекеттесуі байқалмаған.

Эналаприл ішу арқылы қабылдағанда тез сіңеді, қан плазмасындағы эналаприл концентрациясы жоғары шегіне бір сағат ішінде жетеді. Эналаприл сіңірілуі 60% жуық құрайды және ас ішуге байланысты емес.

Ішу арқылы қабылдаудан кейін ангиотензин конвертациялаушы фермент (АКФ) тежегішінің әсер етуімен эналаприл эналаприлатқа дейін тез гидролизденеді. Эналаприлат қан плазмасындағы концентрациясының жоғары шегіне 3-4 сағат ішінде жетеді. Қан плазмасы ақуыздарымен эналаприлдің байланысуы 60%-дан аспайды.

Эналаприлдің 40% жуығы эналаприлат түрінде несеппен, 20% жуығы өзгеріссіз күйде шығарылады.

Бүйрек жеткіліксіздігі жеңіл және орташа пациенттерде (креатинин клиренсі (КК) 40-60 мл/мин) эналаприлат AUC («концентрация-уақыт» қисығы астындағы ауданы) күніне бір рет 5 мг препарат енгізуден соң бүйрек функциясы қалыпты пациенттердегіден шамамен екі есе жоғары.

Бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр дәрежесінде (КК≤ 30 мл/мин) AUC шамамен 8 есе артады. Бұл жағдайда да эналаприлаттың жартылай шығарылу кезеңі ұзарады.

Эналаприлатты жалпы айналымнан гемодиализбен шығаруға болады.

Диализ жылдамдығы 62 мл/мин құрайды.

Лерканидипин ішке қабылдағаннан кейін толық сіңеді, қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясына шамамен 1,5-3 сағат өткенде жетеді. Лерканидипин (S)-энантиомерінің плазмадағы ең жоғары концентрациясы мен AUC мәні, орта есеппен, 1,2 есе жоғары. Екі энантиомердің жартылай шығарылу кезеңі бірдей.

Лерканидипин биожетімділігі әдеттегі жағдайларда ішу арқылы қабылдағанда 10% жуық құрайды. Алайда аш қарынға ішу арқылы қабылдағанда биожетімділігі 1/3 құрады. Май мөлшері жоғары ас ішуден кейін 2 сағаттан соң қабылдағанда организмде лерканидипин концентрациясы 4 есе ұлғаяды. Сондықтан препаратты тамақтану алдында қабылдау керек.

Лерканидипин плазмадан тіндер мен ағзаларға тез сіңеді. Лерканидипиннің қан плазмасы ақуыздарымен байланысу дәрежесі 98%-дан асады. Бүйрек немесе бауырдың ауыр дисфункциясы бар пациенттерде қан плазмасындағы ақуыз деңгейі төмен екендіктен, препараттың бос фракциясы артуы мүмкін.

Лерканидипин CYP3A4 ферментімен метаболизденеді, негізінен, белсенді емес метаболиттерге айнала отырып, қабылданған дозаның 50% шамасы несеппен шығарылады.

Адамның бауыр микросомаларына жасалған іn-vitro тәжірибелері лерканидипиннің 20 мг енгізілуінен кейінгіден 160 және 40 есе жоғары концентрацияларда CYP3A4 және CYP2D6 ферменттерінің әсерін бәсеңдететінін көрсетті.

Лерканидипиннің қан плазмасындағы CYP3A4 типтік субстраты – мидазоламның немесе CYP2D6 типтік субстраты – метопрололдың концентрациясын өзгертпейтіні іn-vivo анықталды. Осылайша, лерканидипин емдік дозаларында CYP3A4 немесе CYP2D6 ферменттерімен метаболизденетін препараттардың биотрансформациясын бәсеңдетеді.

Жартылай шығарылу кезеңінің орташа мәні 8-10 сағат құрайды және липидтік жарғақшамен жоғары тектестігіне байланысты емдік белсенділік ұзақтығы 24 сағат құрайды.

Лерканидипинді ішу арқылы қолданғанда қан плазмасын талдау нәтижелері дозаға байланыссыз кинетиканы көрсетті. 10 мг, 20 мг немесе 40 мг қабылдаудан кейін қан плазмасындағы концентрациясының жоғары шектері 1:03:08 арақатынасында, плазма – уақыт концентрациясына тәуелділік кестесінде 1:04:18 арақатынасында болды. Тиісінше, жетімділігі дозасының көбеюімен артады.

Егде жастағы пациенттер мен жеңіл және орташа бүйрек немесе бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде лерканидипин фармакокинетикасы пациенттердің жалпы тобындағы өзгерістерге ұқсас.

Бүйрек жеткіліксіздігі ауыр немесе диализде жүрген пациенттерде препарат концентрациялары (70% жуық) жоғарырақ болды.

Бауыр жеткіліксіздігі орташа және ауыр пациенттерде препарат негізінен бауырда метаболизденетіндіктен лерканидипиннің жүйелі биожетімділігінің артуы ықтимал.

Фармакодинамикасы

Энап® Л Комби – біріктірілген препарат, гипертензияға қарсы әсер көрсетеді.

Эналаприл малеаты екі амин қышқылының: L-аланин және L-пролин туындысы - эналаприл тұзы болып табылады. Ішке қабылдаудан кейін эналаприл АКФ тежейтін эналаприлатқа дейін гидролизденеді. АКФ тежелісі қан плазмасында ангиотензин II деңгейінің төмендеуін туындатады, бұл плазма ренині белсенділігінің жоғарылауына (ренин-релиз кері байланысының бәсеңдеуіне байланысты) және альдостерон секрециясының төмендеуіне әкеледі. Эналаприлдің әсер ету механизмі ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесін бәсеңдетумен байланысты болса да, қан қысымының төмендеуі тіпті ренин деңгейі төмен пациенттерде де жүреді. Артериялық гипертониясы бар пациенттерде эналаприл қабылдағанда жүректің жиырылу жиілігінің елеулі жоғарылауынсыз артериялық қысым төмендейді. Кейбір пациенттерге артериялық қысымның оңтайлы деңгейіне жеткенше бірнеше апта емделу қажет болуы мүмкін. АКФ белсенділігінің тежелісі препараттың бір реттік дозасын ішке қабылдаудан кейін, әдетте, 2-4 сағат ішінде болады. Қысым, әдетте, бір сағат өткенде төмендейді, артериялық қысымның барынша төмендеуі препаратты қабылдағаннан кейін 4-тен 6 сағатқа дейін байқалады. Препараттың әсер ету ұзақтығы дозаға байланысты, бірақ ұсынылатын дозаларда қабылдағанда гипертензияға қарсы және гемодинамикалық әсерлері 24 сағат бойы сақталады.

Артериялық қысымның төмендеуі шеткергі артериялар кедергісінің азаюымен және жүректің жиырылу жиілігінің өзгеруінсіз жүрек лықсытудың артуымен байланысты. Эналаприл қабылдаудан кейін бүйрек қан ағымы ұлғаяды, ал осы тұста шумақтық сүзіліс жылдамдығы өзгеріссіз қалады. Қант диабеті және бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде эналаприл қабылдаудан кейін альбуминурия мен IgG және жалпы ақуыздың несеппен экскрециясының төмендеуі байқалды.

Лерканидипин дигидропиридин тобына жататын кальций антагонисі болып табылады. Гипертензияға қарсы әсер ету механизмі тегіс бұлшықеттер тамырларын тікелей босаңсытатын әсеріне негізделген, бұл жүрекке және тегіс бұлшықеттерге кальцийдің жарғақша арқылы ағып келуінің тежелісімен байланысты. Лерканидипин гипертензияға қарсы ұзаққа созылатын әсер көрсетеді, оның жоғары қантамырлық селективтілігіне орай, теріс инотропты әсері жоқ. Лерканидипин қолданатын гипертониялық аурумен науқастарда рефлекторлы тахикардиямен болатын жедел гипотензия сирек байқалады. Басқа да 1,4-дигидропиридиннің асимметриялық туындылары сияқты, негізінен, лерканидипин (S)-энантиомері гипертензияға қарсы белсенділік иеленеді.

Қолданылуы

- артериялық қысымды түзетуге 20 мг эналаприл немесе 10 мг лерканидипин жеткіліксіз болғанда артериялық гипертензияны емдеу

Қолдану тәсілі және дозалары

Күніне 1 рет 1 таблеткадан (10 мг/10 мг), дұрысы, таңертең ас ішуден кемінде 15 минут бұрын. Жекеше әсеріне қарай дозаны 10 мг/20 мг дейін арттыруға болады.

Әр науқасқа жеке дозалануын таңдау қажет.

Егде жастағы пациенттер: доза бүйрек функциясының жағдайына байланысты («Бүйрек функциясының бұзылуында қолданылуын» қараңыз).

Педиатрияда қолдану

Энап® Л Комби, дәрілік заттың тиімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты клиникалық деректердің болмауына орай, 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерде қолданылмайды.

Бүйрек функциясының бұзылуында қолдану

Бүйрек жеткіліксіздігінің жеңіл және орташа дәрежесіндегі пациенттерді емдеудің бастапқы сатыларында ерекше сақтық шарасын қадағалау керек. Бүйрек функциясының бұзылуы айқын пациенттерге (КК<30 мл/мин.) және диализде жүрген пациенттерге Энап® Л Комби қарсы көрсетілімді.

Бауыр функциясының бұзылуында қолдану

Бауыр функциясы жеткіліксіздігінің айқындылық дәрежесі жеңіл және орташа пациенттерді емдеудің бастапқы сатыларында ерекше сақ болу керек.

Жағымсыз әсерлері

Эналаприл туғызған жағымсыз әсерлері

Өте жиі

- бас айналу

- анық көрмеу

- естудің нашарлауы

- жөтел

- жүрек айну

- астения

Жиі

- диспноэ

- депрессиялар

- бас ауыру

- миокард инфарктісі, жоғары қауіп топтарында гипотензия салдарлы дамуы мүмкін, аритмия, стенокардия, тахикардия

- артериялық гипотензия, естен тану, ми қан айналымының бұзылуы, жоғары қауіп топтарында гипотензия салдарлы дамуы мүмкін,

- дәм сезудің бұрмалануы, диарея, абдоминальді ауырулар

- бөртпе

- шаршау, кеуденің ауыруы

- қандағы калий, креатинин деңгейінің жоғарылауы

Жиі емес

- анемия (соның ішінде апластикалық және гемолиздік түрлері)

- аса жоғары сезімталдық, ісінулер (бет, аяқ-қол, ерін, тіл, тамақ және/немесе көмейдің ангионевроздық ісінуі)

- сананың шатасуы, ұйқышылдық, ұйқысыздық, күйгелектік

- парестезиялар

- көру бұзылыстары

- вертиго, құлақтың шыңылдауы

- жүрек қағу

- тамырлық бұзылулар

- «қан кернеулер», ортостатикалық гипотензия

- ринорея, фаринголареальді ауырулар, дисфония, бронх түйілуі, демікпе

- ауыздың кеберсуі, құсу, диспепсия, іш қату, іш аумағының жайсыздануы, ойық жара ауруы, панкреатит, ішек бітелісі

- гипергидроз, қышыну, есекжем, алопеция

- бұлшықеттердің түйілуі

- бүйрек жеткіліксіздігі, протеинурия

- эректильді дисфункция

- дімкәстану

- қандағы мочевина деңгейінің жоғарылауы, гипонатриемия

Сирек

- нейтропения, тромбоцитопения, агранулоцитоз, сүйек кемігінің аурулары, панцитопения, лимфаденопатия

- аутоиммундық аурулар

- метаболизм мен зат алмасудың бұзылуы

- гипогликемия, анорексия

- психикалық бұзылыстар

- жүйке жүйесінің бұзылыстары, ұйқының және түс көрудің бұзылуы

- Рейно синдромы

- өкпе инфильтрациясы, аллергиялық альвеолит, эозинофильді пневмония

- стоматит, соның ішінде афтозды түрі, глоссит

- холестаз (соның ішінде сарғаю), бауыр жеткіліксіздігі, холестазды гепатит, бауыр некрозы

- мультиформалы эритема, эксфолиативті дерматит, уытты эпидермалық некроз, сулы бөртпе, фотосезімталдық

- сүйек-бұлшықет жүйесі және дәнекер тін тарапынан бұзылулар (қызба, серозит, васкулит, миалгиялар/миозит, артралгиялар/артрит)

- олигурия

- репродуктивтік жүйе және сүт бездері тарапынан өзгерістер, гинекомастия

- гемоглобин деңгейінің азаюы, гемотокрит деңгейінің азаюы, бауыр ферменттері деңгейінің жоғарылауы, қандағы билирубин деңгейінің жоғарылауы

- қан және лимфа жүйелерінің бұзылуы

- оң антинуклеарлы антиденелер, эритроциттердің шөгу жылдамдығының жоғарылауы, эозинофилия, лейкоцитоз

Өте сирек

- ішек эритемасы

- гепатобилиарлы бұзылулар

Лерканидипин туғызған жағымсыз әсерлері

Жиі

- бөртпе

- сүйек-бұлшықет жүйесі және дәнекер тін тарапынан бұзылулар

Жиі емес

- бас ауыру, бас айналу

- тахикардия, жүрек қағу

- қан кернеулер, естен танулар

- асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар

- шеткергі ісінулер

Сирек

- ұйқышылдық

- жүйке жүйесінің бұзылыстары

- стенокардия, кеуденің ауыруы

- жүрек айну, құсу, диспепсия, диарея, абдоминальді ауырулар, бауыр тарапынан бұзылулар

- миалгиялар

- полиурия

- астения, шаршау

Өте сирек

- аса жоғары сезімталдық

- психикалық бұзылыстар

- стенокардиясы бұрыннан бар пациенттер ауру жиілігінің, ұзақтығының және ауырлығының артуын сезінуі мүмкін. Жекелеген жағдайларда миокард инфарктісі болуы мүмкін

- артериялық гипотензия

- қан сарысуында бауыр трансаминазалары деңгейінің қайтымды жоғарылауы

- терінің және тері асты тіндерінің бұзылуы

- несеп шығарудың жиілеуі

- жалпы жай-күй өзгерістері

- қызыл иектер гипертрофиясы

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • препарат компоненттеріне жоғары сезімталдық

  • АКФ тежегіштеріне және кальций өзекшелерінің дигидропиридинді блокаторларына жоғары сезімталдық

  • сол жақ қарыншадан ағып шығудың бұзылуы, қолқа сағасының стенозын қоса

  • түзетілмейтін жүрек жеткіліксіздігі

  • тұрақсыз стенокардия

  • миокард инфарктісін бастан өткеруден кейінгі алғашқы ай

  • ауыр бүйрек жеткіліксіздігі (КК<30 мл/мин), гемодиализде жүрген пациенттерді қоса

  • бүйрек трансплантациясы

  • бауырдың ауыр жеткіліксіздігі

  • бір мезгілде циклоспориндер, CYP3A4 тежегіштерін және грейпфрут шырынын қабылдау

  • сыртартқыда ісіну көріністерінің болуы (идиопатиялық, тұқым қуалайтын)

  • тұқым қуалайтын галактозаны көтере алмаушылық синдромы, мальабсорбция синдромы

  • 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге

  • сенімді контрацепцияны пайдаланбайтын бала туу жасындағы әйелдер

  • жүктілік және лактация кезеңі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Энап® Л Комбидің гипертензияға қарсы әсері диуретиктер, бета-блокаторлар, альфа-блокаторлар және т.б. сияқты қан қысымын түсіретін басқа препараттармен күшеюі мүмкін.

Бұдан басқа, өзге препараттармен бір мезгілде қолданғанда препараттың белсенді компоненттерімен (эналаприл малеаты және лерканидипин) өзара әрекеттесу әсерлерін байқауға болады.

Эналаприл малеаты

Кейбір препараттар гиперкалиемияның дамуына ықпал етеді: калий тұздары, калий сақтаушы диуретиктер, АКФ тежегіштері, ангиотензин II тежегіштері, қабынуға қарсы стероидты емес препараттары, гепариндер (төмен молекулалық немесе фракцияланбаған), циклоспорин, такролимус, триметоприм.

Гиперкалиемия қатарлас жоғары қауіп факторларымен де байланысты болуы мүмкін.

Энап® Л Комбидің жоғарыда аталған препараттармен біріктірілімі жағымсыз реакциялардың пайда болу қаупін арттырады.

Ұсынылмайтын препараттар біріктірілімдері

АКФ тежегіштері диуретиктер қолданудан болатын калий жоғалтуды азайтады. Калий сақтаушы диуретиктер (спиронолактон, триамтерен, амилорид), құрамында калий бар тағамдық қоспалар және калий тұздары жоғары мөлшерде қосылған өнімдер қан плазмасында калий мөлшерінің елеулі жоғарылауына алып келеді. Егер айқын гипокалиемияға байланысты қандай да бір калий препараттарын қолдану қажет болса, қан плазмасындағы калий деңгейін тұрақты тексеріп, оны абайлап атқару керек.

Қан плазмасындағы литий концентрациясының қайтымды жоғарылауы және оның уытты әсерлері АКФ тежегіштері мен литий препараттарын бірге қолданғанда білінген. Энап® Л Комби мен тиазидті диуретиктерді бірге қолдану қан сарысуындағы литий мөлшерінің артуына және уытты әсерлер көрінісіне әкелуі мүмкін. Энап® Л Комби мен литийді бір мезгілде қолдану ұсынылмайды, бірақ егер ондай біріктірілім қажет болса, оны қан плазмасындағы литий деңгейін тұрақты бақылаумен атқару керек.

Бір мезгілде эстрамустин қолданылғанда ангионевроздық ісінудің пайда болу қаупі артады.

Ерекше сақтануды талап ететін препараттар біріктірілімдері Энап® Л Комби мен диабетке қарсы дәрілерді (ішуге арналғандарын да, инсулиндерді де) бір мезгілде қолдану қандағы глюкоза деңгейінің төмендеуінің күшеюін (гипогликемия) туындатуы мүмкін. Бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарда және емделудің алғашқы аптасында осындай әсерінің көрініс беру ықтималдығы зор.

Осының алдында диуретиктердің үлкен дозаларымен емдеу айналымдағы қан көлемінің азаюын туындатуы және Энап® Л Комбимен емделгенде гипотензияның даму қаупін арттыруы мүмкін. Гипотензиялық әсерді диуретиктер қолдануды тоқтатумен, айналымдағы қан көлемін реттеумен және тұз ерітінділерін қолданумен төмендетуге болады. Осындай жағдайларда емдеуді эналаприлдің төмен дозаларынан бастау керек.

Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілерді (ҚҚСД) ұзақ уақыт қолдану АКФ тежегіштерінің гипертензияға қарсы әсерін төмендетуі мүмкін. ҚҚСД да, АКФ тежегіштері де қан плазмасында калий мөлшерінің көбеюіне ықпал етеді, бұл бүйрек функциясының бұзылуына әкелуі мүмкін. Бұл өзгерістер, әдетте, қайтымды. Сирек жағдайларда, әсіресе, бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде, мысалы, егде жастағы адамдарда немесе айқын дегидратацияда жедел бүйрек жеткіліксіздігі туындауы мүмкін.

Баклофен гипертензияға қарсы әсерді күшейтеді. Артериялық қан қысымын тұрақты бақылау және Энап® Л Комби дозасын түзету қажет.

Циклоспорин АКФ тежегіштерімен бір мезгілде қолданғанда гиперкалиемия қаупін арттырады.

Алкоголь АКФ тежегіштерінің гипотензиялық әсерін күшейтеді.

Назар аудару керек біріктірілімдер

Амифостин гипертензияға қарсы әсерді күшейтеді.

Анестетиктер, үш циклды антидепрессанттар және нейролептиктерді АКФ тежегіштерімен бір мезгілде қолдану артериялық қысымның әріқарай төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Кортикостероидтар, тетракозактид (жүйелі қолдану) (Аддисон ауруында орын басушы ем ретінде пайдаланылған гидрокортизоннан басқа) гипертензияға қарсы әсерді төмендетеді (организмдегі сұйықтық іркілісімен және айналымдағы қан көлемін көбейтумен байланысты).

Басқа да гипертензияға қарсы дәрілермен бір мезгілде қолдану эналаприлдің гипотензиялық әсерін күшейте алады. Үш нитроглицеринмен және басқа нитраттармен немесе вазодилятаторлармен бірге қолдану қысымның одан да айқын төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Аллопуринол, цитостатиктер, иммуносупрессорлар, жүйелі кортикостероидтар немесе прокаинамид: АКФ тежегіштерімен бір мезгілде қабылдау лейкопения туындау қаупінің жоғарылауына әкелуі мүмкін.

Антацидтер АКФ тежегіштері биожетімділігінің төмендеуіне ықпал етеді.

Симпатомиметиктер прессорлы аминдерге (мысалы, адреналин) жауаптың төмендеуі мүмкін екенімен байланысты, АКФ тежегіштерінің гипертензияға қарсы әсерін төмендетуі мүмкін. Бірақ, бұл симпатомиметиктер қолданудың тоқтатылуын талап етпейді.

Энап® Л Комби ацетилсалицил қышқылымен (кардиоваскулярлық асқынулар профилактикасына арналған профилактикалық дозаларда) және тромболитиктермен бір мезгілде қолдануға болады.

Инъекция түріндегі алтын препараттарын (натрий ауротиомалаты) және, Энап® Л Комбиді қоса, АКФ тежегіштерін бір мезгілде қабылдайтын пациенттерде беттің қызаруы, жүрек айну, құсу және гипотензия болуы мүмкін.

Лерканидипин

Ұсынылмайтын препараттар біріктірілімдері

Лерканидипин CYP3A4 ферментімен метаболизденетіндіктен, CYP3A4 тежегіштері мен индукторларын бір мезгілде қабылдау лерканидипин метаболизмі мен экскрециясының өнімдерімен өзара әрекеттесуі мүмкін.

Энап® Л Комби мен CYP3A4 күшті тежегіштерін (мысалы, кетоконазол, итраконазол, ритонавир, эритромицин, тролеандомицин) біріктіру қарсы көрсетілімді.

CYP3А4 күшті тежегіштерінің кетоконазолмен өзара әрекеттесуін зерттеу қан плазмасында лерканидипин концентрациясының байқалымды ұлғаюын (концентрация – уақыт қисығындағы ауданының 15-есе ұлғаюы және S-лерканидипин изомерінен Cmax 8-есе артуы) көрсеткен.

Циклоспорин және Энап® Л Комби бір мезгілде қолданылмауы тиіс, өйткені бұл жағдайда екі заттың да плазмасындағы концентрацияның жоғарылауы білінеді. Лерканидипин қабылдаудан кейін 3 сағаттан соң циклоспорин қабылдағанда қандағы лерканидипин мөлшерінің деңгейінде өзгерістер білінбеген, дегенмен циклоспорин АUС 27% ұлғаяды. Осы препараттарды бір мезгілде қабылдау лерканидипин деңгейінің 3-есе жоғарылауын және циклоспорин АUС 21% артуын туындатады.

Энап® Л Комби грейпфрут шырынымен бірге қолданылмауы тиіс.

Лерканидипин метаболизмін, басқа да барлық дигидропиридиндер сияқты, грейпфрут шырыны бәсеңдетуі мүмкін, бұл жүйелі қан ағымында препарат концентрациясының жоғарылауына және оның гипотензиялық әсерінің артуына алып келеді.

Ерекше сақтануды талап ететін біріктірілімдер

Алкоголь тұтынудан аулақ болу керек, өйткені ол гипертензияға қарсы препараттардың вазодилатациялаушы әсерін күшейтуі мүмкін.

Энап® Л Комби мен бета-метилдигоксинді бір мезгілде ұзақ уақыт қолданғанда дәрілік өзара әрекеттесу болмаған. 20 мг лерканидипин қабылдаудан кейін дигоксин қабылдау дигоксин Смах 33% орташа артуын туындатты, ал осы тұста АUС та, бүйрек клиренсі де қандай да бір өзгерістерге ұшырамаған. Бұл препараттарды бір мезгілде қолданатын пациенттерге дигоксиннің уытты әсерлері тұрғысынан мұқият мониторинг жасалуы тиіс.

Ескерілуі қажет біріктірілімдер

Егде жастағы еріктілерде 20 мг мидазоламды бір мезгілде ішу арқылы қолдану лерканидипин сіңірілуін (40% жуық) күшейткен (Tmax 1,75-ден 3 сағатқа дейін кідірген). Мидазолам концентрациясында ешқандай өзгеріс білінбеген.

Энап® Л Комби метопрололмен – негізінен бауыр арқылы элиминацияланатын бета-блокатормен бір мезгілде қолданылғанда метопролол биожетімділігі өзгермеген, осы тұста лерканидипин биожетімділігі 50% азайған. Осы әсері бета-блокаторлардан туындайтын бауыр қан ағымының төмендеуінен болуы мүмкін. Дегенмен де, Энап® Л Комбиді препараттармен бір мезгілде қолдануға болады.

Энап® Л Комби мен күніне 800 мг дозадағы циметидинді бірге қолдану қан сарысуындағы лерканидипин деңгейінің елеулі өзгерістеріне әкелмейді, дегенмен осындай біріктірілімде ерекше сақтану талап етіледі, өйткені циметидиннің аса жоғары дозаларында лерканидипин биожетімділігі, соған сәйкес, оның гипотензиялық әсері артуы мүмкін.

Энап® Л Комби мен флуоксетинді 65+7 жастағы пациенттерде бірге қолдану лерканидипин фармакокинетикасына қандай да бір әсерін көрсетпеген.

Энап® Л Комби 10 мг/20 мг таблеткалары 40 мг симваститинмен бірге қайта қолданылған жағдайларда симвастатин АUС 56%, ал оның негізгі белсенді метаболиті – бета-гидроксиацидтікі 28% ұлғайған уақытта лерканидипин АUС өзгермеген. Егер осы препараттардың нұсқаулықтарында көрсетілгендей, Энап® Л Комби таңертеңгілік, ал симвастатин кешкілік қолданылса, ондай әсерлерінен сақтануға болады.

Жас дені сау еріктілерде Энап® Л Комби 10 мг/20 мг таблеткаларын варфаринмен бір мезгілде қолдану варфарин фармакокинетикасына ықпал етпеген.

Айрықша нұсқаулар

Гипертонияны емдегенде:

- систолалық қысымы 90 мм сын. бағ. аз айқын гипотониясы,

- декомпенсацияланған жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттер ерекше көңіл бөлуді талап етеді.

Симптоматикалық гипотония диуретикалық препараттар қабылдаудан болатын айналымдағы қан көлемінің азаюымен, тұтынылатын тұз мөлшерінің шектелуімен, диализбен, диареямен немесе құсумен байланысты болуы бәрінен ықтималды. Бүйрек функциясының жеткіліксіздігімен немесе онсыз жүрек жеткіліксіздігінен зардап шегетін пациенттерде де гипотонияны байқауға болады. Осы тұста ол жүрек жеткіліксіздігі ауыр дәрежелі пациенттерде көбіне жиі білінеді, бұл ілмекті диуретиктердің үлкен дозаларын қабылдаумен, гипонатриемиямен немесе бүйрек функциясының бұзылуымен байланысты. Мұндай пациенттерде, егер тіпті Энап® Л Комби мен диуретик дозалары тиянақты таңдалған болса да, емді өте жіті медициналық қадағалаумен ғана бастауға болады. Осындай өзгерістерді артериялық қысымының айқын түсіп кетуі миокард инфарктісіне немесе цереброваскулярлық инсультке әкелуі мүмкін ишемиялық жүрек ауруы немесе цереброваскулярлы бұзылулары бар пациенттерден де байқауға болады.

Гипотония туындаған жағдайда пациентті шалқасынан жатқызып, қажет болса, көктамыр ішіне натрий хлоридінің изотониялық ерітіндісін енгізу қажет. Транзиторлы гипотония емді жалғастыруға қарсы көрсетілім болып табылмайды, өйткені айналымдағы қан көлемін толықтырудан кейін препарат қабылдауға талапқа сай жауап күтуге болады.

Жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан немесе артериялық қысымы қалыпты немесе төмен пациенттерде Энап® Л Комби қысымның одан да айқын төмендеуін туындатуы мүмкін. Бұл күтілетін әсер, әдетте, ол емдеуді тоқтатуға алып келмейді. Егер де гипотензия сақталса, препарат дозасын азайту немесе екі препараттың бірін (Энап® Л Комби немесе диуретик) қабылдауды тоқтату қажет.

Синустық түйін ырғағы бұзылған пациенттер

Синустық ырғақ бұзылулары бар пациенттерде (кардиостимуляторсыз) препаратты ерекше сақтықпен қолдану керек.

Сол жақ қарынша жеткіліксіздігі және ишемиялық жүрек ауруы

Гемодинамиканың бақыланатын зерттеулерінде сол жақ қарынша функциясы тарапынан бұзылудың анықталмауына қарамастан, сол жақ қарыншаның жеткіліксіздік белгілері бар пациенттерді кальций өзекшелерінің блокаторларымен емдеу айрықша сақтықпен жүргізілуі тиіс. Қысқа әсер ететін дигидропиридиндер алатын ишемиялық жүрек ауруы бар пациенттер кардиоваскулярлық жүйе аурулары бойынша жоғары қауіп тобын құрайды деген пікір де бар. Сирек жағдайларда кейбір дигидропиридиндер төс артындағы ауыру мен стенокардияны туғызуы мүмкін. Өте сирек жағдайларда стенокардиядан зардап шегетін пациенттер ауырулардың жиілеуін, ұзақтығының артуын және күшеюін атап өтеді. Миокард инфарктісі туындаған жекелеген жағдайлар болған.

Бүйрек жеткіліксіздігінде қолдану

Бүйрек жеткіліксіздігі жеңіл немесе орташа дәрежелі пациенттерге ерекше сақтану қажет болады. Бұл жағдайда әдеттегі тәжірибе қан сарысуындағы калий мөлшеріне және креатинин деңгейіне мониторинг жасау болып табылады. Препарат қабылдау барысында туындаған бүйрек жеткіліксіздігінің барлық жағдайлары, бүйрек артериясының стенозын қоса, ауыр жүрек жеткіліксіздігі немесе алдыңғы бүйрек аурулары болған пациенттерде аталған. Препарат қабылдау барысында туындаған уақытында анықталған және талапқа сай емделген бүйрек жеткіліксіздігінің белгілері, әдетте, қайтымды болады.

Бүйрек ауруларынан зардап шекпейтін кейбір пациенттерде Энап® Л Комби мен диуретиктер біріктірілімі қанда мочевина мен креатинин мөлшерінің жоғарылауын туындатуы мүмкін. Бұл жағдайларда препарат дозасын азайту және/немесе диуретиктер қабылдауды тоқтату қажет болуы мүмкін, сондай-ақ бүйрек артериясы стенозының болуы мүмкін екенін ескеру керек.

Реноваскулярлы гипертония

Бүйрек артерияларының екі жақты стенозы немесе жалғыз жұмыс істейтін бүйректің бүйрек артериясының стенозы бар пациенттер препаратты қолдану кезінде гипотензияның немесе бүйрек жеткіліксіздігінің туындауына қатысты қауіп тобын құрайды. Ондай пациенттерді емдеуді медициналық бақылаумен, төмен дозалардан және оларды тиянақты таңдап алып бастау қажет. Емдеуді бастар алдында бүйрек функциясын бағалау және емдеу үдерісінде тұрақты мониторинг жасау қажет.

Бауыр жеткіліксіздігі

Энап® Л Комбидің гипертензияға қарсы әсері бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде әлеуеттенуі мүмкін. Сирек жағдайларда холестаздық сарғаюдан басталып, гепатоциттердің шұғыл типті некрозымен (кейде өлімге ұшырататын) аяқталатын синдром білінеді. Осы синдромның пайда болу механизмі түсініксіз. Сарғаю пайда болғанда және бауыр ферменттерінің деңгейі едәуір жоғарылағанда препарат қабылдауды шұғыл тоқтатып, науқасқа тиісті ем тағайындау қажет.

Нейтропения, агранулоцитоз

Энап® Л Комби қабылдаған пациенттерде туындаған нейтропения, агранулоцитоз, тромбоцитопения және анемия туралы хабарламалар бар. Нейтропения бүйрек функциясы қалыпты және қатарлас қауіп факторлары жоқ пациенттерде сирек туындайды. Препаратты иммунодепрессанттар, аллопуринол, прокаинамид қабылдайтын коллагеноздары бар пациенттерде, әсіресе, егер бұл факторлар бүйрек функциясының жеткіліксіздігімен біріксе, абайлап қолдану керек. Осы пациенттерде көбіне негізгі ауру кейбір жағдайларда антибиотиктермен емдеуге берілмейтін инфекциялық аурулармен асқынады. Бұл жағдайда Энап® Л Комби қабылдау кезінде қандағы лейкоциттер мөлшерінің деңгейін бақылау қажет, ал пациенттердің өздері оларда инфекциялық аурулар туындаған жағдайлардың бәрін дәрігерге хабарлауы тиіс.

Аса жоғары сезімталдық, ангионевроздық ісіну

Энап® Л Комби қабылдайтын пациенттерде бет, ерін, тіл, жұтқыншақ және/немесе көмей мен аяқ-қолды қамтитын ангионевроздық ісінуді байқауға болады. Осы құбылыстар емдеудің кез келген сатысында пайда болуы мүмкін. Бұл жағдайда емдеуді дереу тоқтату керек. Стационардан шығару сәтінде барлық құбылыстардың толық жойылғанына көз жеткізу үшін пациентті мұқият қадағалау қажет болады. Ісіп кету бет және ерін аумағымен шектелетін жағдайларда, әдетте, емдеу қажет болмайды, алайда антигистаминді препараттарды қолдануға болады.

Көмейдің ангионевроздық ісінуі өліммен аяқталуға әкелуі мүмкін. Тіл, жұтқыншақ және көмейдің ісінуі респираторлық жолдың обструкциясын туындатады және ондай жағдайда медициналық жәрдем (тері астына 1:1000 сұйылтылған адреналин) немесе қалыпты тыныс алу үдерісін қалпына келтіретін басқа да шаралар шұғыл көрсетілуі тиіс.

Қара нәсілді пациенттерде Энап® Л Комби қолдану кезінде, ақ нәсілге жататын пациенттермен салыстырғанда, ангионевроздық ісіну жиілігінің жоғарырақ екені білінеді.

Сыртартқысында Энап® Л Комби қолданумен байланысты емес ангионевроздық ісіну көріністері бар пациенттер осы класс препараттарымен емделу кезінде жоғары қауіп тобын құрайды.

Жәндіктер уларымен десенсибилизациялаушы ем үдерісінде анафилактоидтық реакциялар

Бір мезгілде Энап® Л Комби қабылдағанда және жәндіктердің уларымен десенсибилизациялаушы ем жүргізілгенде аракідік өмірге қатерлі анафилактоидтық реакциялар туындайды. Осыған ұқсас реакциялардан десенсибилизациялаушы емнің әр сатысының алдында Энап® Л Комби қабылдауды тоқтату арқылы сақтануға болады.

ТТЛП (тығыздығы төмен липопротеин)-аферез кезіндегі анафилактоидтық реакциялар

Декстран сульфаты қолданылатын бір мезгілдегі ТТЛП-аферезі кезінде аракідік өмірге қатерлі анафилактоидтық реакциялар туындайды. Осындай реакциялардан әр аферез алдында Энап® Л Комби қабылдауды уақытша тоқтатумен сақтануға болады.

Диабет

Ішу арқылы диабетке қарсы препараттар немесе инсулин қабылдайтын пациенттерде Энап® Л Комби қабылдаған алғашқы айларда қандағы глюкоза мөлшеріне мұқият мониторинг жасау қажет.

Жөтел

Кейбір пациенттерде Энап® Л Комби қабылдау кезінде жөтел туындағаны туралы хабарламалар бар. Бұл жөтел, әдетте өнімсіз және препарат қолдануды тоқтатқанда басылады. Дифференциациялық диагностика жасалғанда осындай жөтелдің пайда болуы мүмкін екенін ескеру керек.

Операциялық араласулар және анестезия

Операциялық араласу және анестезия жасалатын пациенттерде артериялық қысымды төмендететін препараттар қолданылғанда эналаприл ангиотензин II түзілуін бәсеңдетеді, бұл рениннің компенсаторлық өндірілуіне реакция болып табылады. Егер гипотензияға осы механизм түрткі болса, оны айналымдағы қан көлемін көбейтумен толықтыруға болады.

Гиперкалиемия

Энап® Л Комби қабылдайтын кейбір пациенттерде қан сарысуындағы калий мөлшерінің көбеюі білінген. Гиперкалиемияны туындататын қауіп факторлары бүйрек жеткіліксіздігі, қант диабеті, калий сақтаушы диуретиктермен қатарлас емделу, құрамында калий бар тағамдық қоспалар және калий тұздарының мөлшері жоғары өнімдер, сондай-ақ қан сарысуындағы калий мөлшерінің жоғарылауына әкелетін (мысалы, гепарин) кез келген дәрі-дәрмекті қабылдау болып табылады. Егер жоғарыда аталған заттардың біреуі пациенттерде Энап® Л Комбимен бір мезгілде қолданылса, қандағы калий мөлшеріне мониторинг жасау қажет.

CYP3A4 индукторлары

Құрысуға қарсы препараттар (мысалы, фенитоин, карбамазепин) сияқты CYP3A4 индукторлары мен рифампицин қан плазмасында лерканидипин деңгейін азайтуы мүмкін, бұл препарат тиімділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Бір мезгілде қолдануға ұсынылмайтын басқа да препараттар

Препаратты литий тұздарымен, калий сақтаушы диуретиктермен және эстрамустинмен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.

Этникалық ерекшеліктері

Препараттың қара нәсілді пациенттерде, ақ нәсіл өкілдеріне қарағанда, тиімділігі аз, өйткені гипертониядан зардап шегетін қара нәсілді пациенттерде қандағы ренин деңгейі, әдетте, ақ нәсілділерден төмен болуы мүмкін.

Алкоголь

Емделу кезінде алкоголь тұтынудан аулақ болу керек, өйткені ол вазодилататорлар әсерінің күшеюін туындатады.

Қосымша заттар туралы арнайы ақпарат

Энап® Л Комби құрамында лактоза моногидраты бар, сондықтан да сирек тұқым қуалайтын галактозаны көтере алмаушылық аурулары, Lapp лактаза тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттер бұл дәріні қабылдамауы тиіс.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Энап® Л Комби қолданудың техникамен жұмыс істеуге ықпал ету ықтималдығы өте аз. Алайда кейбір пациенттерде бас айналу, әлсіздік, шаршау және өте сирек ұйқышылдық туындауы мүмкін екендіктен, белгілі бір сақтық шарасын қадағалау қажет.

Артық дозалануы

Симптомдары: ангиотензин-ренин жүйесінің блокадасымен бір мезгілдегі гипотензия (препарат қабылдаудан кейін шамамен алты сағат өткеннен бастап), ауыр миокард ишемиясымен кардиогенді шок, мелшию, қан айналудың бұзылуы, электролитті бұзылулар, бүйрек жеткіліксіздігі, асқын желдетілу, тахикардия, жүрек қағу, брадикардия, бас айналу, мазасыздық, құсу, жөтел.

Емі: көктамыр ішіне физиологиялық ерітінді қолдану, ангиотензин II инфузиясын қолдану, катехоламиндерді инфузиялау және/немесе көктамыр ішіне енгізу.

Ауыр гипотензия, брадикардия және естен тану дамыған жағдайда жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысын демеу мақсатында брадикардияны жою үшін көктамыр ішіне атропин енгізу қажет.

Егер препарат таяуда қабылданған болса, организмнен препаратты шығару шаралары қабылдануы тиіс (мысалы, асқазанды шаю, абсорбенттер немесе натрий сульфатын қабылдау, ішекті шаю). Гемодиализ жасауға да болады.

Тұрақты брадикардия туындағанда кардиостимуляция жүргізу қажет. Қанның, сарысулық электролиттер мен креатининнің негізгі көрсеткіштері тұрақты бақылауда болуы тиіс.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Ламинацияланған полиамидті/алюминий/поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 10 таблеткадан салады.

Медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге 3 немесе 6 пішінді ұяшықты қаптамадан картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында, 25 ºС-ден аспайтын температурада.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

КРКА, д.д. Ново место, Словения

Шмарьешка 6, 8501 Ново место, Словения

Тіркеу куәлігінің иесі

КРКА, д.д., Ново место, Словения

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«КРКА Қазақстан» ЖШС, ҚР, 050059, Алматы қ., Әл-Фараби д-лы 19,

1 б корпус, 2-ші қабат, 207 кеңсе

тел.: +7 (727) 311 08 09

факс: +7 (727) 311 08 12

info.kz@krka.biz

 

Прикрепленные файлы

619676611477976299_ru.doc 138.5 кб
984252271477977546_kz.doc 196 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники