Эднит® (10мг)

МНН: Эналаприл
Производитель: Гедеон Рихтер ОАО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Enalapril
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№004558
Информация о регистрации в РК: 09.09.2016 - бессрочно
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)

Инструкция

Саудалық атауы

Эднит®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Эналаприл

Дәрілік түрі

5 мг, 10 мг, 20 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 5 мг, 10 мг немесе 20 мг эналаприл малеаты

қосымша заттар: натрий гидроксиді, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты, повидон, тальк, кросповидон, микрокристалды целлюлоза 102, микрокристалды целлюлоза 101,

лактоза моногидраты.

Сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, жалпақ беткейлі, бір жағында ойығы, сызығы және екінші жағында «ED 5» (5 мг доза үшін), «ED 10» (10 мг доза үшін), «ED 20» (20 мг доза үшін) өрнегі бар, диаметрі 8 мм жуық ақ түсті таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Ренин-ангиотензин жүйесіне әсер ететін препараттар. Ангиотензин- конвертациялаушы фермент (АКФ) тежегіштері. АКФ тежегіштері. Эналаприл.

АТХ коды C09A A02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі

Ішу арқылы қабылдаудан кейін эналаприл тез сіңеді, плазмадағы жоғары шекті концентрациясына шамамен бір сағаттан соң жетеді. Эналаприл ішу арқылы қабылдаудан кейін несептен табылу дәрежесі бойынша анықталатын препараттың сіңуі шамамен 60 құрайды. Ас ішу сіңуіне әсер етпейді.

Эналаприл ішу арқылы енгізілгенде сіңуден кейін жылдам және көп дәрежеде ангиотензин өзгертуші ферменттің күшті тежегіші - эналаприлатқа дейін гидролизденеді. Эналаприлаттың сарысудағы ең жоғары концентрациясы эналаприл таблеткасын ішке қабылдаудан кейін 4 сағаттан соң байқалады. Ішу арқылы көп рет қабылдаудан кейін эналаприлат жартылай жиналатын тиімді уақыт 11 сағат құрайды. Бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде сарысудағы тұрақты концентрацияларына препаратты 4 күн қабылдаудан кейін жетеді.

Таралуы

Адамдағы емдік мәнді концентрациялар диапазонында эналаприлаттың плазма ақуыздарымен байланысуы 60-дан аспайды.

Биотрансформациясы

Эналаприлатқа айналуынан басқа, эналаприл малеаты метаболизмінің басқа маңызды жолдары жөнінде деректер жоқ.

Шығарылуы

Көбінесе бүйрекпен (несептен табылатын негізгі заттар үлесіне қабылданған дозаның 40 жуығы тиетін эналаприлат және өзгермеген эналаприл (20 жуық) болып табылады).

Бүйрек жеткіліксіздігі

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде эналаприл мен эналаприлат әсері ұлғаяды. Бүйрек жеткіліксіздігі жеңіл немесе орташа дәрежедегі (креатинин клиренсі 40-60 мл/мин) пациенттерде тепе-теңдік күйіндегі эналаприлат AUC күніне бір рет 5 мг доза қабылдаудан кейінгі бүйрек функциясы қалыпты пациенттердегіден шамамен екі есе жоғары. Ауыр бүйрек жеткіліксіздігінде (креатинин клиренсі  30 мл/мин) AUC шамамен 8 есе ұлғаяды. Бұдан бөлек, эналаприл малеатын ұзақ уақыт қабылдаудан кейін эналаприлаттың жартылай шығарылу кезеңі ұзарады және тепе-теңдік күйге жету уақыты ұзарады. Эналаприлатты жалпы қан ағымынан гемодиализ арқылы шығаруға болады. Диализ клиренсі 62 мл/мин құрайды.

Балалар мен жасөспірімдердегі фармакокинетикасы

Балалар мен ересектер арасындағы эналаприлат фармакокинетикасында елеулі айырмашылықтар анықталмаған.

Фармакодинамикасы

Эднит (эналаприл малеаты) – бұл малеин қышқылының және екі амин қышқылының (L-аланин және L-пролин) туындысы болып табылатын эналаприл тұзы. Ангиотензин өзгертуші фермент (АӨФ) ангиотензин I-дің вазоконстрикторлық әсері бар субстанция – ангиотензин II-ге айналуын катализдейтін пептидилдипептидаза түрінде болады. Сіңуден соң эналаприл АКФ тежейтін эналаприлатқа дейін гидролизденеді. Ангиотензин конвертациялаушы фермент (АКФ) – пептидилдипептидаза ангиотензин I-дің ангиотензин II тамыр тарылтатын затына айналуын катализдейді. АКФ тежелісі плазмада ангиотензин II деңгейін төмендетеді, бұл қан плазмасында ренин белсенділігінің ұлғаюын (теріс кері байланыс механизмі бойынша рениннің босап шығу бөгелісін тоқтату арқасында) және альдостерон секрециясының төмендеуін туындатады.

АКФ II кининазаға сәйкесті, сондықтан Эднит® тамыр тарылтатын әсері күшті пептид - брадикинин деградациясын бөгеуі мүмкін. Эднитпен® артериялық қысымды төмендету механизмі – бұл ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесін бәсеңдету болып саналатындықтан, Эднит® тіпті ренин деңгейі төмен артериялық гипертензиясы бар пациенттерде гипертензияға қарсы әсер көрсетеді.

Артериялық гипертензиясы бар пациенттерде Эднит® қабылдау жатқан қалыпта да, отырған күйде де жүректің жиырылу жиілігінің болымсыз ұлғаюымен қан қысымының төмендеуіне әкеледі.

Симптоматикалық постуральді артериялық гипотензияның байқалуы жиі емес. Кейбір пациенттер қан қысымының оңтайлы төмендеуіне бірнеше апта емделуден кейін жетеді. Эднит® препаратын күрт тоқтату артериялық қысымның тез көтерілуіне әкеп соқтырмайды.

АКФ белсенділігін тиімді тежеу, әдетте, Эднит® препаратының әркімге жеке таңдалған дозасын ішке қабылдаудан кейін 2-4 сағаттан соң басталады. Гипертензияға қарсы әсердің басталуы, әдетте, бір сағаттан соң, ал артериялық қысымның ең жоғары төмендеуі препаратты қабылдаудан кейін 4-6 сағаттан соң белгілі болады. Әсерінің ұзаққа созылуы дозаға байланысты. Алайда препаратты ұсынылатын дозаларда қабылдағанда гипертензияға қарсы және гемодинамикалық әсерінің 24 сағаттан кем емес сақталуы көрсетілді.

Эссенциальді артериялық гипертензиясы бар пациенттердің қатысуымен жүргізілген гемодинамика зерттеулерінде қан қысымының төмендеуі жүрек лықсытуының артуы және жүректің жиырылу жиілігінің аздаған немесе нөлдік өзгеруі болатын шеткері тамыр кедергісінің төмендеуімен қатар жүрді. Эднит® препаратын қабылдаудан кейін бүйрек қан ағымының ұлғаюы байқалды, гломерулалық cүзілу жылдамдығы өзгермеген. Натрийдің немесе судың іркілу белгілері байқалмаған. Алайда емдеуге дейін шумақтық сүзіліс жылдамдығы төмен пациенттерде ол, әдетте, ем барысында арту үстінде болды.

Қант диабетінен зардап шегетін және зардап шекпейтін бүйрек ауруы бар пациенттер қатысқан қысқа мерзімді клиникалық зерттеулерде Эднит® препаратын қабылдаудан кейін несептегі альбумин мен IgG, сондай-ақ несептегі жалпы ақуыз мөлшерінің төмендеуі байқалды.

Жүрек жеткіліксіздігінен зардап шегетін және жүрек гликозидтері мен диуретиктер қабылдайтын пациенттерде емдеу шеткері тамырлар кедергісінің және қан қысымының төмендеуімен астасқан. Жүрек лықсытуы жоғарылаған, ал жүректің жиырылу жиілігі (ол, әдетте, жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде жоғары) төмендеген. Өкпенің шеткі капиллярлар қысымы да төмендеген. Нью-Йорк Кардиологиялық қауымдастығы (NYHA) критерийлері бойынша дене жүктемесінің көтерімділігі және жүрек жеткіліксіздігінің ауырлық дәрежесі жақсарды. Ұзаққа созылатын ем барысында бұл әсерлер сақталған.

Жүрек жеткіліксіздігінің ауырлық дәрежесі жеңіл немесе орташа пациенттерде Эднит® жүрек дилятациясы/жүрек жеткіліксіздігінің үдеуін баяулатты, бұл сол жақ қарыншаның соңғы диастолалық және систолалық көлемінің төмендеуімен және лықсыту фракциясының ұлғаюымен расталады.

Қолданылуы

- артериялық гипертензия

- жүрек жеткіліксіздігі

- сол жақ қарыншаның симптомсыз дисфункциясы бар (фракция лықсытуы ≤ 35%) науқастардағы симптоматикалық жүрек жеткіліксіздігінің профилактикасы

Қолдану тәсілі және дозалары

Ас ішу Эднит® таблеткаларының сіңуіне әсер етпейтіндіктен, оларды тамақтануға дейін, тамақтану кезінде немесе одан кейін қабылдауға болады.

Препарат дозасы қатарлас аурулардың және емдеуге реакцияның (артериялық қысым деңгейінің төмендеу дәрежесі) ескерілуімен әркімге жеке таңдалуы тиіс. Артериялық гипертензия

Артериялық гипертензияның ауырлық дәрежесіне және пациенттің жағдайына қарай бастапқы доза - 5 мг, ең жоғарысы - 20 мг, күніне бір рет қабылдау. Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің айқын белсенділенуінде (мысалы, реноваскулярлы гипертензия, гипонатриемия, гиповолемия, жүрек жеткіліксіздігі декомпенсациясында немесе ауыр артериялық гипертензияда) препараттың алғашқы дозасын қабылдау артериялық қысым деңгейінің шектен тыс түсіп кетуіне әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда ұсынылатын бастапқы доза 5 мг немесе одан аз құрайды, емдеуді медициналық бақылаумен бастау керек.

Осының алдында диуретиктік препараттардың жоғары дозаларын қабылдау эналаприлмен емдеудің бастапқы сатысында гиповолемия мен гипотензияның даму қаупін арттырады. Бұл жағдайда препараттың ұсынылатын бастапқы дозасы 5 мг немесе одан аз құрайды. Мүмкіндігінше, диуретиктік препараттар қабылдауды Эднит® препаратын қабылдаудан 2-3 күн бұрын тоқтату керек. Бүйрек функциясының көрсеткіштерін және сарысудағы калий деңгейін бақылап отыру керек. Препараттың әдеттегі демеуші дозасы тәулігіне 20 мг, ең жоғары демеуші дозасы тәулігіне 40 мг құрайды.

Жүрек жеткіліксіздігінде/сол жақ қарыншаның симптомсыз дисфункциясында қолдану

Симптоматикалық жүрек жеткіліксіздігін емдеуде Эднит® диуретиктермен немесе бета-блокаторлармен біріктіріп тағайындалу керек. Эднит® препаратының бастапқы дозасы 2,5 мг құрайды. Препараттың артериялық қысымға бастапқы әсерін анықтау үшін бастапқы дозаны қабылдау дәрігердің қатаң бақылауымен жүруі тиіс. Эндит® препаратымен жүрек жеткіліксіздігін емдеуді бастау салдарынан туындайтын симптоматикалық артериялық гипотензия болмаған жағдайда (немесе оны сәтті емдегенде) пациенттегі препараттың жағымдылығына қарай дозаны бір немесе екі қабылдауға әдеттегі 20 мг демеуші дозаға дейін біртіндеп арттыру керек.

Ең жоғарғы рұқсат етілетін доза тәулігіне екі қабылдауға 40 мг құрайды.

Жүрек жеткіліксіздігі/сол жақ қарыншаның симптомсыз дисфункциясы бар пациенттерде Эднит® препаратының дозасын титрлеуге ұсынылатын сызба:

Апта

Доза, мг/тәулік

1 апта

1-ден 3 күнге дейін: бір рет қабылдауға

2,5 мг/тәулік*

4-тен 7 күнге дейін: екі рет қабылдауға

5 мг/тәулік

2 апта

бір немесе екі қабылдауға 10 мг/тәулік

3 және 4 апта

бір немесе екі қабылдауға 20 мг/ тәулік

*Бүйрек жеткіліксіздігі бар немесе диуретиктер қабылдайтын пациенттерді емдегенде айрықша сақтану шараларын қабылдау керек.

Эднит® препаратымен емдеуді бастауға дейін де, одан кейін артериялық қысым деңгейін және бүйрек функциясының көрсеткіштерін мұқият бақылап отыру керек, өйткені артериялық гипотензия және (едәуір сирек) бүйрек жеткіліксіздігінің даму жағдайлары тіркелген. Диуретиктік препаратпен қатарлас емделу кезінде оның дозасы, мүмкіндігінше, Эднит® препаратын қабылдау басталғанша азайтылуы тиіс. Эднит® препаратының бірінші дозасын қабылдаудан кейін транзиторлы артериялық гипотензияның дамуы, әдетте, өткінші құбылыс түрінде болады және емдеуді жалғастыруға қарсы көрсетілім болып табылмайды. Сарысудағы калий деңгейін және бүйрек функциясының көрсеткіштерін бақылап отыру керек.

Бүйрек жеткіліксіздігінде қолдану

Әдетте, бүйрек жеткіліксіздігінде эналаприл қабылдау аралықтарын ұзартады және дозасын азайтады.

Креатинин клиренсі (КК)

мл/мин

Бастапқы доза

мг/тәулік

30 < КК < 80 мл/мин

5 - 10 мг

10 < КК  30 мл/мин

2,5 мг

КК  10 мл/мин *

2,5 мг гемодиализ жасалатын күндері*

* Бұл пациенттер, әдетте, гемодиализде болады.

Эналаприл гемодиализ кезінде шығарылады. Гемодиализ жасалмайтын күндері дозаларын препараттың қан қысымына әсер етуіне қарай түзету керек.

Егде жастағы тұлғаларда қолдану

Егде жастағы пациенттерде бүйрек функциясы жиі нашарлайтындықтан доза бүйрек жеткіліксіздігі кезінде дозаны таңдау туралы нұсқауларға сай таңдалу керек.

Егер пациент таблетканы жұтуға қабілетті болса, препарат дозасы қатарлас аурулардың және артериялық қысым деңгейінің ескерілуімен әркімге жеке таңдалуы тиіс. Ұсынылатын бастапқы дозасы дене салмағы 25-50 кг пациенттерде 2,5 мг және дене салмағы > 50 кг пациенттерде 5 мг құрайды. Қабылдау жиілігі тәулігіне бір рет. Демеуші дозасы әркімге жеке белгіленеді және ең жоғарысы дене салмағы 25-50 кг пациенттерде тәулігіне 20 мг және дене салмағы > 50 кг балаларда тәулігіне 40 мг құрайды.

Клиникалық деректердің болмауы себепті, Эднит® препаратын 6 жасқа дейінгі балаларға және шумақтық сүзіліс жылдамдығы <30 мл/мин/1,73 м2 төмендеген балаларға тағайындау ұсынылмайды.

Жағымсыз әсерлері

Өте жиі (>1/10)

- бас айналу

- көрудің нашарлауы

- астения

- жөтел

- құсу

Жиі (>1/100-ден <1/10 дейін)

- бас ауыру

- депрессия

- гиперкалиемия

- дисгевзия (дәм сезудің бұрмалануы)

- стенокардия, кеуденің ауыруы, аритмия, тахикардия

- синкопе, артериялық гипотензия (соның ішінде, ортостатикалық гипотензия)

- диспноэ

- диарея, іштің ауыруы

- бөртпе, аса жоғары сезімталдық/ангионевроздық ісіну (бет, аяқ-қолдар, ерін, тіл, дауыс саңылауы және/немесе көмейдің)

- шаршау

- қандағы креатинин мөлшерінің көбеюі

Жиі емес (>1/1 000-нан <1/100 дейін)

- анемия (апластикалық және гемолиздік түрін қоса)

- гипогликемия, гипонатриемия

- жоғары қозушылық

- сананың шатасуы, ұйқышылдық, ұйқысыздық, парестезия, күйгелектену, бас айналу

- жүректің жиі соғуы, миокард инфарктісі (жоғары қауіп тобындағы пациенттерде айқын артериялық гипотензия салдарынан болуы мүмкін)

- ортостатикалық гипотензия, ми қан айналымының жедел бұзылуы (жоғары қауіп тобындағы пациенттерде айқын артериялық гипотензия салдарынан болуы мүмкін)

- ринорея, тамақтың ауыруы, сырылдау, бронх түйілуі/демікпе

- ішек бітелісі, панкреатит, құсу, диспепсия, іш қату, тәбеттің болмауы, асқазанның тітіркенуі, ауыздың кеберсуі, пептидтік ойық жара

- гипергидроз, қышыну, есекжем, алопеция

- бұлшықеттердің құрысуы, қан кернеулер, құлақтағы шуыл

- бүйрек функциясының бұзылуы, бүйрек жеткіліксіздігі, протеинурия

- импотенция

- дімкәстану, гипертермия

- қанда мочевина мөлшерінің артуы

Сирек (>1/10 000-нан <1/1 000 дейін)

- нейтропения, тромбоцитопения, агранулоцитоз, сүйек кемігі қызметінің бәсеңсуі, панцитопения, лимфаденопатия, аутоиммундық аурулар

- әдеттен тыс түстер көру, ұйқының бұзылуы

- Рейно синдромы

- өкпе инфильтраттары, ринит, аллергиялық альвеолит/эозинофильді пневмония

- стоматит/ұрттың шырышты қабығының афтозды ойық жаралары, глоссит

- бауыр жеткіліксіздігі, гепатит (гепато-целлюлярлы немесе холестаздық), гепатит (соның ішінде бауыр некрозы), холестаз (соның ішінде сарғаюмен)

- мультиформалы эритема, Стивенс-Джонсон синдромы, эксфолиативті дерматит, уытты эпидермалық некролиз, пемфигус, эритродермия

- олигурия

- гинекомастия

- гемоглобин мөлшерінің төмендеуі, гематокрит төмендеуі, «бауыр» ферменттері белсенділігінің жоғарылауы, қандағы билирубин мөлшерінің артуы

Өте сирек ( 1/10, 000)

- жіңішке ішектің ангионевроздық ісінуі

Жиілігі белгісіз

- диурезге қарсы гормонның талапқа сай емес секрециясы синдромы (SIADH)

- қызба, серозит, васкулит, миалгия, миозит, артралгия, артрит

- антинуклеарлы антиденелердің оң титрі, эритроциттердің шөгу жылдамдығының (ЭШЖ) жеделдеуі

- эозинофилия, лейкоцитоз

- бөртпе, фотосезімталдық, дерматиттер

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- белсенді затқа немесе кез келген басқа АКФ тежегішіне немесе қосымша заттардың кез келгеніне жоғары сезімталдық

- анамнездегі осының алдында АКФ тежегіштерін қолданумен байланысты ангионевроздық ісіну

- туа біткен немесе идиопатиялық ангионевроздық ісіну

- жүктілік және лактация кезеңі

- 6 жасқа дейінгі балаларға

- қант диабеті немесе бүйрек жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі  60 мл/мин) бар пациенттерде эналаприлді құрамында алискирен бар препараттармен бір мезгілде қабылдау

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Ренин-ангиотензин-алдестерон жүйесін (РААЖ) қосарлы бөгеу

Клиникалық зерттеулер деректері АКФ тежегіштерін, ангиотензин ІІ рецепторлары блокаторларын (АРБ ІІ) немесе алискиренді бірге қолдану жолымен ренин-ангиотензин-алдестерон жүйесін (РААЖ) қосарлы бөгеудің, монотерапиямен салыстырғанда, гипотония, гиперкалиемия және бүйрек функциясы төмендеуінің (жедел бүйрек жеткіліксіздігін қоса) жоғары қаупімен байланысты екенін көрсетті.

Алискирен мен эналаприл қант диабеті немесе бүйрек жеткіліксіздігі (ШСЖ 60 мл/мин/1,73 м2) бар пациенттерде бірге қолданылмауы тиіс, қарсы көрсетілімді.

Калий жинақтайтын диуретиктер немесе калиймен тағамдық қоспалар

АКФ тежегіштері диуретиктер қабылдаудан туындаған калий жоғалуын азайтады. Калий жинақтайтын диуретиктер (мысалы, спиронолактон, триамтерен немесе амилорид), калиймен тағамдық қоспалар немесе құрамында калий бар натрий хлоридін алмастырғыштар қан сарысуында калий мөлшерінің елеулі көбеюін туындатуы мүмкін. Егер айқын гипокалиемия себепті бұл препараттарды қатарлас қабылдау көрсетілсе, оларды абайлап тағайындап, қан сарысуындағы калий мөлшерін жиі бақылап отыру керек.

Диуретиктер (тиазидті немесе ілмекті)

Осының алдында диуретиктердің жоғары дозаларымен емдеу дегидратацияға және Эднит® препаратын қабылдаудың басында артериялық гипотензия қаупіне әкелуі мүмкін. Гипотензиялық әсерді диуретикті тоқтату, АҚК ұлғайту немесе тұз қабылдау немесе эналаприлмен емдеуді төменгі дозалардан бастау арқылы азайтуға болады.

Гипертензияға қарсы басқа дәрілер

Бұл дәрілерді бір мезгілде қабылдау эналаприлдің гипотензиялық әсерін күшейтуі мүмкін. Нитроглицерин мен басқа нитраттарды немесе басқа тамыр кеңейтетін дәрілерді бір мезгілде қабылдау артериялық қысымның одан да көп төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Литий препараттары

Литий препараттары мен АКФ тежегіштерін бір мезгілде қабылдағанда қан сарысуында литий концентрациясының қайтымды жоғарылауы және уытты әсерлері хабарланған. Диуретиктермен бір мезгілде қабылдау литий концентрациясының одан да көп ұлғаюына әкеліп, литийдің уытты әсер ету қаупін арттыруы мүмкін. Литий препараттары мен Эднит® препаратын бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды, бірақ ондай біріктірілім қажет болса, қан сарысуында литий мөлшерін мұқият бақылап отыру керек.

Үш циклды антидепрессанттар/нейролептиктер/анестетиктер/

есірткілік дәрілер

АКФ тежегіштерін және кейбір анестетиктерді, үш циклды антидепрессанттар мен нейролептиктерді бір мезгілде қабылдау артериялық қысымның одан да көп төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП), циклооксигеназа-2 (ЦОГ-2) іріктелген тежегіштерін қоса

Іріктелген тежегіштерді (ЦОГ-2) қоса, ұзақ уақыт ҚҚСП қабылдау диуретиктердің және басқа да гипертензияға қарсы препараттардың гипертензияға қарсы әсерін төмендетуі мүмкін.

Іріктелген тежегіштерді (ЦОГ-2) қоса, ұзақ уақыт ҚҚСП және АКФ тежегіштерін немесе АРБ ІІ бірге қолдану қан сарысуындағы калий мөлшерінің артуына аддитивті әсер көрсетеді, бұл бүйрек функциясын нашарлатуы мүмкін. Бұл әсерлер, әдетте, қайтымды. Сирек жағдайларда жедел бүйрек жеткіліксіздігі дамиды, әсіресе, бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде, мысалы, егде жастағы немесе сусызданудан зардап шегетін пациенттерде осындай реакция ықтималдығы зор. Сондықтан бүйрек функциясы бұзылған науқастарда бірге қолданғанда сақтық шарасын қадағалау талап етіледі. Қатарлас емдеу басталған соң және әріқарай талапқа сай су теңгерімін қамтамасыз етіп, бүйрек функциясының көрсеткіштерін бақылау керек.

Алтын препараттары

Инъекциялық алтын препараттарын (натрий ауротималат) және эналаприлді қоса, АКФ тежегіштерін алған науқастарда нитроидты реакциялардың (беттің қызаруын, жүрек айну, құсу және гипотензия симптомдарын қамтитын) дамуы білінді.

Симпатомиметиктер

Симпатомиметиктер АКФ тежегіштерінің гипертензияға қарсы әсерін төмендетуі мүмкін.

Диабетке қарсы дәрілер

Эпидемиологиялық зерттеулер нәтижелері АКФ тежегіштерін және диабетке қарсы дәрілерді (инсулиндер, ішу арқылы гипогликемиялық дәрілер) бір мезгілде қабылдау гипогликемия қаупі бар гипогликемиялық әсердің күшеюіне әкелуі мүмкін деп жорамалдауға мүмкіндік береді. Бұл әсердің біріктірілген емнің алғашқы апталарында, сондай-ақ бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде ықтималдығы зор.

Ацетилсалицил қышқылы, тромболитиктер және бета-блокаторлар

Эднитті® ацетилсалицил қышқылымен (кардиологияда пайдаланылатын дозаларда), тромболитиктермен және бета-блокаторлармен бір мезгілде қауіпсіз қабылдауға болады.

Айрықша нұсқаулар

Алкоголь

Алкоголь қабылдау АКФ тежегіштерінің гипотензиялық әсерін күшейтеді.

Симптоматикалық артериялық гипотензия

Симптоматикалық гипотензия артериялық гипертензияның асқынған ағымында сирек байқалады. Эднит® алатын артериялық гипертензиясы бар пациенттерде, егер пациентте АҚК төмен болса, мысалы, диуретиктер қабылдағанда, тамақпен тұз тұтыну шектелгенде, диареяда немесе құсуда симптоматикалық артериялық гипотензия жиірек байқалады.

Симптоматикалық артериялық гипотензия бүйрек жеткіліксіздігімен қатар жүретін (немесе онсыз) жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарда байқалды. Оның жоғары дозаларда ілмекті диуретиктер қабылдайтын жүрек жеткіліксіздігі ауыр пациенттерде туындау ықтималдығы зор, соның нәтижесінде гипонатриемия немесе функциялық бүйрек жеткіліксіздігі дамиды. Бұл пациенттерді емдеуді дәрігердің қадағалауымен бастап, сондай-ақ Эднит® препаратының және/немесе диуретик дозасын түзетуде олардың жағдайын мұқият бақылау керек.

Осыған ұқсас ұстанымды қан қысымының күрт төмендеуі миокард инфарктісіне немесе инсультке әкелуі мүмкін ишемиялық жүрек ауруы немесе ми қан айналымының ишемиялық бұзылулары бар пациенттерді емдеуде қолдану керек.

Артериялық гипотензия жағдайында пациентті шалқасынан жатқызып, қажет болса, вена ішіне физиологиялық ерітінді құю керек. Өтпелі артериялық гипотензия, егер айналымдағы қан көлемі қалыпқа түскен соң да қан қысымы көтеріле берсе, әдеттегі режимде жүргізуге болатын әріқарай емдеуге қарсы көрсетілімді емес.

Қан қысымы қалыпты немесе төмен болатын жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан пациенттерде Эднит® препаратын қабылдағанда жүйелі артериялық қысымның қосымша төмендеуін байқауға болады. Бұл әсері белгілі және, әдетте, емді тоқтатуға себеп бола алмайды. Артериялық гипотензияның клиникалық көріністері дамығанда диуретиктің және/немесе Эднит® препаратының дозасын азайту және/немесе тоқтату қажеттілігі туындауы мүмкін.

Қолқа немесе митральді клапан стенозы/гипертрофиялық кардиомиопатия

Барлық тамыр кеңейтетін дәрілер сияқты, АКФ тежегіштерін клапандарының немесе сол жақ қарыншаның шығару жолының обструкциясы бар пациенттерге сақтықпен тағайындап, кардиогенді шок және гемодинамикалық елеулі обструкция жағдайында оларды қабылдаудан бас тарту керек.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Бүйрек функциясы бұзылған жағдайда (креатинин клиренсі < 80 мл/мин) Эднит® препаратының бастапқы дозасын пациенттің креатинин клиренсіне сәйкес, ал артынан пациенттің емдеуге жауабына сәйкес түзету керек. Ондай пациенттерді емдеуде қан сарысуы креатинині мен калий мөлшерін жүйелі бақылау жалпы қабылданған тәжірибе болып табылады. Эднит® препаратымен ем кезінде бүйрек жеткіліксіздігі жағдайлары, негізінен, бүйрек жеткіліксіздігі ауыр немесе бүйрек ауруы бұрын диагностикаланған, соның ішінде бүйрек артерияларының стенозы бар пациенттерде болған. Ерте диагностикаланғанда және дұрыс емделгенде Эднит® препараты емімен астасқан бүйрек жеткіліксіздігі, әдетте, толық басылады.

Бұрын бүйрек ауруы диагностикаланбаған артериялық гипертензиясы бар кейбір пациенттерде Эднит® препаратын диуретикпен бір мезгілде тағайындағанда қан креатинині мен мочевина мөлшерінің артуы байқалды. Эднит® препаратының дозасын азайту және/немесе диуретикті тоқтату қажет болуы мүмкін. Бұл жағдайда науқаста қатар жүретін бүйрек артериялары стенозы болуынан күдіктенуге болады.

Реноваскулярлық гипертензия

АКФ тежегіштерін қабылдайтын бүйрек артерияларының билатеральді стенозы немесе жалғыз бүйрек артериясының стенозы бар пациенттерде артериялық гипотензия мен бүйрек жеткіліксіздігінің даму қаупі бар. Бүйрек функциясының нашарлауы креатинин клиренсінің аздаған өзгерістері аясында дамуы мүмкін. Бұл пациенттердегі емдеуді дәрігердің қатаң қадағалауымен, дозаны абайлап титрлеп, бүйрек функциясын бақылай отырып, төмен дозалардан бастау керек.

Бүйрек трансплантациясы

Таяуда бүйрек трансплантациясы жасалған пациенттерге эналаприл тағайындау тәжірибесі аз. Сол себепті ондай пациенттерге Эднит® тағайындау ұсынылмайды.

Бауыр жеткіліксіздігі

АКФ тежегіштерін қабылдау аясында сирек жағдайларда холестаздық сары аурудан басталып, шұғыл некрозды гепатитке ауысатын синдром дамиды және (кейде) өлімге соқтырады. Бұл синдром механизмі белгісіз. Егер АКФ тежегішін алатын пациентте сары ауру дамыса немесе «бауыр» ферменттерінің белсенділігі едәуір жоғарыласа АКФ тежегішін тоқтатып, тиісті ем тағайындау керек.

Нейтропения/агранулоцитоз, тромбоцитопения, анемия

АКФ тежегіштерін алған кейбір пациенттерде нейтропения/агранулоцитоз, тромбоцитопения және анемия білінді. Бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде басқа асқындырушы факторларсыз нейтропения сирек дамиды. Эднит® иммунодепрессанттар, аллопуринол немесе прокаинамид қабылдайтын коллагенозы немесе аталған асқындыратын факторлардың бірнешеуі бар пациенттерге, әсіресе, егер пациентте бүйрек функциясы бұзылған болса, үлкен сақтықпен тағайындалу керек.

Бұл пациенттердің кейбірінде бірқатар жағдайларда антибиотиктермен қарқынды емге берілмейтін күрделі инфекциялар дамыған. Ондай пациенттерге Эднит® препараты тағайындалғанда қандағы лейкоциттер санын мезгіл-мезгіл бақылау ұсынылады, ал пациент емдеуші дәрігеріне инфекцияның кез келген белгісі туралы хабарлауы тиіс.

Аса жоғары сезімталдық/ангионевроздық ісіну

Ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштерін алған пациенттерде бет, аяқ-қол, ерін, тіл, дауыс саңылауы және/немесе көмейдің ангионевроздық ісінуі байқалған. Ісіну кез келген емдеу сәтінде дамуы мүмкін. Ондай жағдайларда Эднитті® шұғыл тоқтатып, пациенттің жағдайын бақылау керек. Пациентті ауруханадан шығарар алдында барлық симптомдардың толық жойылғанына сенімділік болуы тиіс. Егер тіпті ангионевроздық ісіну тіл аумағынан тыс таралмаса және респираторлық бұзылу белгілері болмаса, пациентті ұзақ уақыт қадағалау керек болуы мүмкін, өйткені гистаминге қарсы препараттармен және кортикостероидтармен емдеу жеткіліксіз болуы мүмкін.

Көмейдің немесе тілдің ангионевротикалық ісінуі өліммен аяқталуға әкелуі мүмкін. Егер ісіну тіл, дауыс саңылауын немесе көмейді қамтыса, бұл тыныс алу жолдарының обструкциясына әкелуі мүмкін, сондықтан тиісті емді, мысалы, эпинефриннің 1:1000 (0,3 мл-0,5 мл) ерітіндісінің теріастылық инъекцияларын дереу бастап, тыныс алу жолдарының обструкциясын болдырмау шараларын қабылдау керек.

АКФ тежегіштерімен ем аясында ангионевроздық ісінудің даму жиілігі, басқа нәсілге жататын науқастарға қарағанда, қара нәсілді науқастарда жоғары.

Бұрын қандай да бір басқа себеппен ангионевроздық ісінуді өткерген пациенттерде АКФ тежегішін қабылдағанда ангионевроздық ісіну қаупі артуы мүмкін.

Жарғақ қанаттылар уына десенсибилизация жүргізу кезіндегі анафилаксиялық реакциялар

Сирек жағдайларда АКФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде жарғақ қанаттылар уына десенсибилизация жүргізу кезінде өмірге қауіпті анафилаксиялық реакциялар байқалды. Бұл реакцияларға десенсибилизация кезінде АКФ тежегішін уақытша тоқтату арқылы жол берілмеді.

ТТЛП-аферез барысындағы анафилаксиялық реакциялар

Сирек жағдайларда АКФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде декстран-сульфатқа сіңірілуі бар тығыздығы төмен липопротеидтер (ТТЛП) аферезі барысында өмірге қауіпті анафилаксиялық реакциялар байқалды. Бұл реакцияларға ТТЛП-аферез кезінде АКФ тежегіштерін уақытша тоқтату арқылы жол берілмеді.

Гемодиализдегі пациенттер

Анафилаксиялық реакциялар өткізгіштігі жоғары (AN 69® сияқты) жарғақшалар пайдаланылатын гемодиализде жүрген пациенттерде АКФ тежегішін қабылдау кезінде байқалған. Бұл пациенттерде басқа типті жарғақша немесе басқа кластың гипертензияға қарсы дәрілерін пайдалану мүмкіндігін қарастыру керек.

Қант диабеті бар науқастар

Диабетке қарсы ішуге арналған дәрілер немесе инсулин алатын қант диабетімен науқастарда АКФ тежегіштерімен емделудің бірінші айында гликемия деңгейін бақылау керек.

Жөтел

АКФ тежегіштерін қабылдаған кейбір пациенттерде жөтел байқалды. Жөтел, әдетте өнімсіз, тоқтаусыз және АКФ тежегіштерімен емдеуді тоқтатудан кейін өтпелі болды. Жөтелдің дифференциациялық диагностикасында АКФ тежегіштерін қабылдағанда туындайтын жөтел ескерілу керек.

Хирургиялық операциялар/анестезия

Ауқымды операциялық араласу жасалған немесе артериялық қысымды төмендететін дәрілерден туындаған анестезия әсеріне ұшыраған пациенттерде Эднит® рениннің компенсаторлық босап шығуы салдарынан ангиотензин ІІ түзілуін тежейді. Егер бұл механизмнен туындаған артериялық гипотензия дамыса, оны айналымдағы қан көлемін ұлғайту жолымен түзетуге болады.

Гиперкалиемия

АКФ тежегіштерін қабылдайтын кейбір пациенттерде қан сарысуында калий мөлшерінің көбеюі білінуі мүмкін. Гиперкалиемия дамитын қауіп тобында бүйрек жеткіліксіздігі, егде жастағы пациенттер (70 жастан асқан), қант диабеті бар пациенттер, сондай-ақ бір мезгілде калий жинақтайтын диуретиктер, калиймен тағамдық қоспалар немесе құрамында калий бар натрий хлориді алмастырғыштарын қабылдайтын пациенттер; немесе қан сарысуында калий мөлшерінің көбеюін туындататын басқа дәрілік препараттар (мысалы, гепарин) қабылдайтын пациенттер болады. Егер жоғарыда аталған дәрілерді бір мезгілде қабылдау мақсатқа сай саналса, онда қан сарысуында калий мөлшерін тұрақты бақылау ұсынылады. Гиперкалиемия ауыр, өлім қаупі зор жүрек аритмияларының дамуына себеп болуы мүмкін. Эналаприл мен жоғарыда аталған препараттардың кез келгенін бір мезгілде тағайындау қажет болса, қандағы калий деңгейін жиі бақылап отыру керек.

Литий препараттары

Көпшілік жағдайларда эналаприл мен литий препараттарын бір мезгілде тағайындау ұсынылмайды.

Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесін (РААЖ) қосарлы бөгеу.

Гипотония, синкопе, инсульт, гиперкалиемияның даму жағдайлары және бүйрек функциясының бұзылуы (жедел бүйрек жеткіліксіздігін қоса) осындай жай-күйлерге бейім пациенттерде, әсіресе, осы жүйеге әсер ететін препараттарды бірге қолдану кезінде хабарланған. АКФ тежегіштерін, АРБ II немесе алискиренді бірге қолданудың гипотония, гиперкалиемияның және бүйрек функциясының төмендеу (жедел бүйрек жеткіліксіздігін қоса) қаупін арттыратыны расталады. Сол себепті АКФ тежегіштерін, ангиотензин II рецепторлары блокаторларын (АРБ II) немесе алискиренді бірге қолдану жолымен РААЖ қосарлы бөгелісі ұсынылмайды.

Егер РААЖ қосарлы бөгелісі абсолютті көрсетілімді болса, мұқият маман қадағалауы және бүйрек функциясына, су-электролит теңгеріміне, артериялық қысымға міндетті түрде мониторинг өткізу қажет.

Диабеттік нефропатиясы бар пациенттерде АКФ және АРБ II тежегіштерін бірге қолданбау керек.

Эднит® препаратын құрамында алискирен бар препараттармен бір мезгілде қолдану қант диабеті немесе бүйрек жеткіліксіздігі (ШСЖ < 60 мл/мин/1,73 м2) бар пациенттерде қарсы көрсетілімді («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз).

Лактоза

Лактоза жақпаушылық жағдайында бір 2,5 мг таблеткада 102 мг лактоза моногидраты, 5 мг таблеткада 100 мг, 10 мг таблеткада 95 мг және 20 мг таблеткада 90 мг лактоза моногидраты барын ескеру керек.

Сондықтан сирек туа біткен патологиясы: галактоза жақпаушылығы, галактоза жақпаушылығы немесе глюкоза/галактозаның мальабсорбция синдромы бар пациенттер бұл препаратты қабылдамауы тиіс.

Педиатриялық қауым

АКФ тежегіштерін 6 жасқа дейінгі артериялық гипертензиясы бар балаларға тағайындау тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы деректер шектеулі.

Нәсілдік және этникалық ерекшеліктер

Басқа да АКФ тежегіштері сияқты, эналаприл қара нәсілді науқастар үшін тиімділігі аз гипотензиялық препарат болып табылады, бұл ренині төмен эссенциальді артериялық гипертензияның көбірек таралуынан болуы мүмкін.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Автокөлік жүргізу немесе механизмдерді басқару кезінде сирек жағдайларда АКФ тежегіштерін қабылдау аясында бас айналу мен қатты қажудың болуы мүмкін екенін ескеру керек.

Артық дозалануы

Симптомдары: ренин-ангиотензин-альдестерон жүйесі бөгелісінен туындайтын және таблеткалар қабылдаудан кейін алты сағат өткенде дамитын айқын гипотензия және мелшию. АӨФ тежегіштерінің артық дозалану симптомдары қан айналымының жедел жеткіліксіздігін (айналымдық шок), электролиттік бұзылуларды, бүйрек жеткіліксіздігін, асқын желдетілуді, тахикардия, жүрек қағу сезімін, брадикардия, бас айналу, мазасыздық және жөтелді қамтуы мүмкін.

Емі: вена ішіне физиологиялық ерітінді енгізу, гипотензия дамығанда науқасты шалқасынан жатқызып, аяғын көтеріп қою керек. Мүмкіндігінше, вена ішіне ангиотензин II құю және/немесе вена ішіне катехоламиндер енгізу, асқазанды шаю, адсорбенттер және натрий сульфатын қабылдау. Препаратты жалпы қан ағымынан гемодиализ жолымен шығаруға болады. Басқа емге берілмейтін брадикардияда кардиостимуляция көрсетілген, тіршілік қызметінің негізгі көрсеткіштерін, қан сарысуындағы электролиттер мен креатинин мөлшерін бақылау қажет.

Шығарылу түрі және қаптамасы

ПА/Ал/ПВХ үлбірінен және лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан.

Пішінді 2 қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

250С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл (5 мг доза үшін),

3 жыл (10 мг және 20 мг доза үшін).

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші ұйымның атауы және елі

«Гедеон Рихтер» ААҚ

1103 Будапешт, Дёмрёи к-сі, 19-21, Венгрия

Тіркеу куәлігі иесінің атауы және елі

«Гедеон Рихтер» ААҚ, Будапешт, Венгрия

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«Гедеон Рихтер» ААҚ ҚР өкілдігі

E-mail: info@richter.kz

Телефон: 8-(7272)-58-26-22, 8-(7272)-58-26-23

Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері:

«Гедеон Рихтер» ААҚ ҚР өкілдігі

E-mail: рv@richter.kz

Телефон: 8-(7272)-58-26-22, 8-(7272)-58-26-23, 8-701-787-47-01

Прикрепленные файлы

079293751477976127_ru.doc 136 кб
247952191477977459_kz.doc 179 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники