Симвастерол (20 мг)

МНН: Симвастатин
Производитель: Фармацевтический завод Польфарма АО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Simvastatin
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№004723
Информация о регистрации в РК: 13.10.2016 - 13.10.2021
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 52.93 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Симвастерол

Халықаралық патенттелмеген атауы

Симвастатин

Дәрілік түрі

Қабықпен қапталған 10 мг, 20 мг, 40 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 10 мг, 20 мг, 40 мг симвастатин,

қосымша заттар: лактоза моногидраты, микрокристалды целлюлоза, желатинделген крахмал, бутилгидроксианизол, аскорбин қышқылы, лимон қышқылы, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, тальк, магний стеараты

қабықтың құрамы: гипромеллоза (Pharmacoat 606), гипромеллоза (Methocel E15LV Premium); темірдің (III) қызыл тотығы Е172; темірдің (III) сары тотығы Е172; триэтилцитрат, титанның қостотығы Е171, тальк, повидон

Сипаттамасы

Сопақша пішінді, екі беті дөңес, бір жағында сызығы бар, қызғылт-сарғыш түсті қабықпен қапталған таблеткалар (10 мг доза үшін).

Сопақша пішінді, екі беті дөңес, қызғылт-сары түсті қабықпен қапталған таблеткалар (20 мг доза үшін).

Сопақша пішінді, екі беті дөңес, қызғылт түсті қабықпен қапталған таблеткалар (40 мг доза үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Гиполипидемиялық препараттар. Гипохолестеринемиялық және гипотриглицеридемиялық препараттар.

НМG CoA редуктаза тежегіштері. Симвастатин.

АТС коды С10АА01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Симвастатин – ГМГ-КоА редуктазаның қуатты тежегіші болып табылатын сәйкесті бета-гидроксил қышқылына дейін in vivo оңай гидролизденетін белсенді емес лактон. Гидролиз негізінен бауырда жүреді; адам плазмасында гидролиз жылдамдығы өте баяу.

Ересектердегі фармакокинетикалық қасиеттері бағаланған. Балалар мен жасөспірімдердегі фармакокинетикалық деректері қолжетімсіз.

Сіңуі

Симвастатин өте жақсы сіңеді және едәуір дәрежеде бауырда алғаш өту биотрансформациясына ұшырайды. Бауырда қармалуы бауырдағы қан ағымына байланысты. Бауыр белсенді метаболиттің негізгі әсер ету орны болып табылады. Симвастатинді ішке қабылдаудан кейін бета-гидроксиқышқылының 5%-дан азы жалпы қан ағымына түседі. Плазмадан тежегіштерінің ең жоғары концентрациясы симвастатин қабылдаудан кейін 1-ден 2 сағатқа дейінгі аралықта табылады. Бір мезгілде ас ішу сіңуіне ықпал етпейді.

Симвастатинді бір реттік және көп реттік дозалар түрінде енгізуден кейін жүргізілген фармакокинетикалық зерттеулерде дәрілік препараттың көп рет енгізуден кейін жинақталуы болмайтыны анықталды.

Таралуы

Симвастатин мен оның метаболиттерінің 95%-дан астамы ақуыздармен байланысады.

Шығарылуы

Симвастатин – CYP3A4 субстраты. Адам плазмасындағы симвастатиннің негізгі метаболиттері бета-гидроксиқышқылы және басқа белсенді төрт метаболиті болып табылады.

Адамда таңбаланған симвастатинді ішке қабылдаудан кейін 96 сағат ішінде радиациялық белсенділігінің 13% несептен, aл 60% нәжістен табылған. Нәжістен табылған радиобелсенділігі ішінара өтпен шығарылатын сіңірілген метаболиттерінен, ал ішінара сіңірілмеген әсер етуші затынан болады. Бета-гидроксиқышқылы метаболитін вена ішіне енгізуден кейін оның жартылай шығарылу кезеңі, орта есеппен, 1,9 сағат құрайды. Вена ішіндегі дозасының, орта есеппен, 0,3% ғана тежегіштер түрінде несеппен шығарылады.

Симвастатин OATP1B1 тасымалдаушы ақуыздарының қатысуымен гепатоциттермен белсенді қармалады.

Пациенттердің ерекше топтары

OATP1B1 тасымалдаушы ақуызының белсенділігі c.SLCO1B1 (c.521T>C) аллель тасымалдаушыларында азайған. Негізгі белсенді метаболиті – симвастатин қышқылының орташа экспозициясы (AUC) ең жиі білінетін генотипі (ТТ) бар пациенттерде С аллель гетерозиготалы тасымалдаушыларында (СТ) 120% және гомозиготалы тасымалдаушыларында (СС) 221% құрады. Еуропалық қауымда С аллель пайда болу жиілігі 18% құрайды. SLCO1B1 полиморфизмі бар пациенттерде симвастатиннің жоғары экспозиция қаупі басталады, бұл рабдомиолиздің жоғары даму қаупіне әкелуі мүмкін.

Ішу арқылы қабылдаудан кейін плазмадағы препараттың ең жоғары деңгейі 1,3-2,4 сағаттан соң байқалып, 12 сағат өткенде 10% дейін төмендейді. Ас ішу симвастатиннің плазмалық деңгейіне ықпал етпейді. Симвастатин белсенді метаболит - гидроксиқышқылды симвастатинге оңай гидролизденеді. Симвастатин бауырда метаболизденіп, өтпен экскрециялануға ұласады. Симвастатин мен оның гидроксиқышқылды метаболитінің плазма ақуыздарымен байланысуы 95% жуық. Симвастатиннің гематоэнцефалдық және плацентарлық бөгеттер арқылы өту-өтпеуі анықталмаған. Симвастатиннің негізгі белсенді метаболиттері: гидроксиқышқыл, 6-гидрокси, 6-гидроксиметил және 6-экзометилен туындылары.

Негізінен, метаболиттер түрінде нәжіспен (60%) шығарылады. Бүйрекпен 10-15% жуығы белсенді емес түрінде шығарылады.

Фармакодинамикасы

Ішке қабылдаудан кейін белсенді емес лактон болып табылатын симвастатин бауырда ГМГ-КоA-редуктазаның (3-гидрокси-3-метилглутарил-коэнзим А-редуктаза) қуатты тежегіші – сәйкесті белсенді бета-гидроксил қышқылына дейін гидролизденуге ұшырайды. Энзим ГМГ-КоА-ның мевалонатқа айналуын катализдейді. Бұл – холестериннің түзілуіне әкелетін бастапқы өзгеру сатысы. Осы үдерістің шектелуі холестерин биосинтезінің жылдамдығына ықпал етеді.

Симвастатиннің ТТЛП-холестериннің қалыпты да, жоғары да концентрациясын төмендететіні дәлелденген. ТТЛП фракциясы тығыздығы өте төмен липопротеиндерден (ТӨТЛП) түзіліп, көбінесе афинділігі жоғары ТТЛП-рецептор көмегімен катаболизденеді. Симвастатинмен ТТЛП-холестерин концентрациясын төмендету механизмі ТӨТЛП-холестерин (ТӨТЛП-Х) концентрациясын төмендетудің де, ТТЛП-рецептор индукциядануының да нәтижесі болуы мүмкін, бұл ТТЛП-Х өнімінің азаюына және катаболизмінің артуына алып келеді. Аполипопротеин B концентрациясы да симвастатинмен емделу кезінде едәуір төмендейді. Бұдан бөлек, симвастатин плазмада ТЖЛП-Х концентрациясын орташа арттырады және TГ концентрациясын төмендетеді. Осы өзгерістер нәтижесінде жалпы холестериннің ТЖЛП-холестерин концентрациясына және ТТЛП-Х концентрациясының ТЖЛП-Х концентрациясына қатынасы азаяды.

Қолданылуы

- гиперхолестеринемия

- диетамен ем және емдеудің басқа фармакологиялық емес тәсілдері (мысалы: дене жаттығулары) жеткіліксіз болғанда бастапқы гиперхолестеринемияны немесе аралас дислипидемияны емдеуде.

- липидтер деңгейін төмендететін емдеудің басқа түріне (мысалы: ТТЛП аферезі) толықтыру ретінде немесе егер ондай ем сәйкессіз немесе қолжетімсіз болғанда тұқым қуалайтын гомозиготалы гиперхолестеринемияны емдеуде.

- жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан болатын бұзылыстардың профилактикасы

Коронарлық артериялар атеросклерозының айқын түрі немесе қант диабеті бар пациенттерде ауруға шалдығу деңгейін және жүрек-қантамыр аурулары себебінен болатын өлімді төмендетуде, сонымен бірге холестериннің қалыпты және жоғары деңгейлерінде басқа қауіп факторларын түзететін емдеуді толықтыру ретінде немесе басқа кардиопротекторлық емді қолдану кезінде.

Қолдану тәсілі және дозалары

Препараттың ұсынылатын дозасы – бір рет кешкілік ішке тәулігіне 5-тен 80 мг дейін. Қажет болған жағдайда дозаны 4 аптадан кем емес аралықтармен тәулігіне бір рет кешкілік ең жоғары тәуліктік 80 мг дозаға дейін түзету керек. Тәулігіне 80 мг дозасы тек жедел гиперхолестеринемиясы бар және жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан асқынулардың даму қаупі жоғары пациенттерге аз дозалар қолданылғанда және егер күтілетін пайдасы ықтималды қауіптерден басым болғанда ұсынылады.

Гиперхолестеринемия

Пациент холестерині төмен стандартты диетаны қолдануы тиіс, ол симвастатинмен емделу кезінде қадағалану керек. Әдетте, бастапқы дозасы кешкілік тәулігіне 10-20 мг құрайды. ТТЛП-С (45%-дан аса) елеулі азайту қажет болатын пациенттер емдеуді тәулігіне бір рет кешкілік 20-40 мг дозадан бастай алады. Егер дозаны түзету қажет болса, ол жоғарыда сипатталғандай жасалу керек.

Тұқым қуалайтын гомозиготалы гиперхолестеринемия

Бақыланатын клиникалық зерттеулер нәтижелерін негізге алып, ұсынылатын симвастатиннің дозасы тәулігіне бір рет кешкілік 40 мг құрайды. Пациенттердің әр тобында симвастатин липидтер деңгейін төмендететін емдеудің басқа әдістерін (мысалы: ТТЛП аферезі) толықтыратын препарат ретінде немесе егер ондай ем қолжетімсіз немесе сәйкессіз болғанда қолданылу керек.

Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан болатын бұзылыстар профилактикасы

Коронарлық қан айналу бұзылуларының (гиперлипидемиямен/онсыз ишемиялық жүрек ауруы) даму қаупі жоғары пациенттерде ұсынылатын симвастатин дозасы кешкілік тәулігіне 20-дан 40 мг дейін.

Емдеуді диета тағайындаумен және дене жаттығуларымен бір мезгілде бастауға болады. Егер дозаны түзету қажет болса, оны жоғарыда сипатталғандай жүзеге асырған жөн.

Липидтер деңгейін төмендететін басқа препараттармен бір мезгілде қолдану

Симвастатин монотерапияда немесе өт қышқылдарын байланыстыратын препараттармен біріктірілімінде тиімді. Препаратты өт қышқылдарын байланыстыратын препараттарды қабылдауға дейін 2 сағаттан кешіктірмей немесе одан кейін 4 сағат өткен соң барып қолдану керек.

Симвастатинді фибраттармен (гемфиброзил мен фенофибрат бұған қосылмайды) бір мезгілде қабылдайтын пациенттер симвастатиннің тәуліктік дозасын 10 мг-ден артық қолданбау керек. Симвастатинді амиодарон, амлодипин, верапамил немесе дилтиаземмен қабылдайтын пациенттер үшін симвастатиннің тәуліктік дозасы 20 мг-ден асырылмауы тиіс.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Бүйрек жеткіліксіздігі жеңіл және орташа айқын дәрежедегі пациенттерде дозасын өзгерту қажет емес. Бүйрек функциясының бұзылуы ауыр (креатинин клиренсі < 30 мл/мин) пациенттерде тәулігіне 10 мг-ден асатын дозасын қолдану қажеттілігін ұқыпты бағалап, егер бұл қажет болса, ерекше сақтықпен емдеуді бастау керек.

Егде жастағы пациенттер

Дозаларын түзету қажет емес.

Балалар және жасөспірімдер (10-нан 17 жасқа дейінгі)

Отбасылық гетерозиготалы гиперхолестеринемиясы бар балалар мен 10-17 жас аралығындағы жасөспірімдерде (Таннер шкаласы бойынша II және одан жоғары сатыдағы ер балалар, сондай-ақ алғашқы етеккірінің келуінен кейін кемінде бір жыл өткен қыз балалар) ұсынылатын дозасы тәулігіне бір рет кешкілік 10 мг құрайды. Балалар мен жасөспірімдер холестерині төмен стандартты диетаны қолдану керек, ол симвастатинмен емделу кезінде қадағалану керек.

Ұсынылатын дозасы тәулігіне 10 мг-ден 40 мг дейін; ең жоғары ұсынылатын дозасы – тәулігіне 40 мг. Педиатриялық тәжірибе нұсқауларына сай күтілетін әсер алу ниетімен доза әркімге жеке таңдалу керек. Дозаларын арттыруды немесе азайтуды 4 апталық аралықпен жүргізген жөн.

Препубертаттық жастағы пациенттерде симвастатин қолдану тәжірибесі шектеулі.

Жағымсыз әсерлері

Төменде берілген клиникалық зерттеулер және (немесе) постмаркетингтік қолдану кезеңінде тіркелген жағымсыз құбылыстардың кездесу жиілігі олардың ауқымды, ұзаққа созылатын, плацебо-бақыланатын клиникалық зерттеулерде пайда болу жиілігін бағалау негізінде жіктелген.

Жағымсыз реакциялардың кездесу жиілігі келесі жіктеуге сәйкес көрсетілген: өте жиі (≥1/10), жиі (≥1/100, <1/10), жиі емес (≥1/1000, <1/100), сирек (≥1/10 000, <1/1000), өте сирек (<1/10 000), жиілігі белгісіз (қолжетімді деректер негізінде анықтау мүмкін емес).

Қан және лимфа жүйесі тарапынан бұзылулар

Сирек: анемия

Психикалық бұзылыстар

Өте сирек: ұйқысыздық

Жиілігі белгісіз: депрессия

Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар

Сирек: бас ауыру, парестезиялар, бас айналу, шеткері нейропатия

Өте сирек: есте сақтаудың нашарлауы

Тыныс алу жүйесі, кеуде қуысы және көкірек ортасы тарапынан бұзылулар

Жиілігі белгісіз: интерстициальді өкпе ауруы

Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар

Сирек: іш қату, іштің ауыруы, метеоризм, диспепсия, диарея, жүрек айну, құсу, панкреатит

Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар

Сирек: гепатит/сарғаю

Өте сирек: өлімге соқтыратын/соқтырмайтын бауыр жеткіліксіздігі

Тері және тері асты шелі тарапынан бұзылулар

Сирек: бөртпе, қышыну, алопеция

Тірек-қимыл жүйесі және дәнекер тін тарапынан бұзылулар

Сирек: миопатия* (миозитті қоса), жедел бүйрек жеткіліксіздігімен/онсыз рабдомиолиз, миалгия, бұлшықеттердің түйілуі

* Клиникалық зерттеулерде миопатия тәулігіне 80 мг қабылдаған науқастарда, 20 мг/тәулікпен салыстырғанда, жиірек байқалды (тиісінше, 1,0% және 0,2%).

Жиілігі белгісіз: тендинопатия, кейде сіңірлердің үзілуімен асқынған; иммунитетке байланысты некроздаушы миопатия

Ұрпақ өрбіту жүйесі және сүт бездері тарапынан бұзылулар

Өте сирек: эрекцияның бұзылуы

Жалпы бұзылулар және енгізген жердегі реакциялар

Сирек: астения

Келесі симптомдарды қамтитын аса жоғары сезімталдық синдромы сирек дамиды: ангионевроздық ісіну, жегі тәріздес синдром, ревматизмдік полимиалгия, дерматомиозит, васкулит, тромбоцитопения, эозинофилия, ЭШЖ жоғарылауы, артрит және артралгия, есекжем, фотосенсибилизация, қызба, ыстық кернеулер, тыныс алу бұзылысы және нашар хал-ахуал.

Диагностикалық зерттеулер

Сирек: қан сарысуында трансаминазалар (аланинаминотрансфераза, аспарагинаминотрансфераза, гаммаглутамил-транспептидаза) деңгейінің жоғарылауы

Симвастатинді қоса, статиндер қабылдайтын пациенттерде HbA1c концентрациясының және аш қарындағы сарысулық глюкозаның жоғарылау жағдайлары хабарланды.

Постмаркетингтік зерттеулерде статиндер, соның ішінде симвастатин қабылдайтын пациенттерде когнитивті бұзылулар (мысалы, есте сақтай алмау, нашар жады, амнезия, есте сақтаудың нашарлауы, сананың шатасуы) сирек хабарланды. Әдетте, жеңіл дәрежеде болған және статиндермен емдеуді тоқтатудан кейін басылған жағдайлар хабарланды. Симптомдар әртүрлі кезеңдерде білінетіні (1 күннен бірнеше жылға дейін) және басылатыны (орта есеппен, 3 апта) байқалды.

Сондай-ақ келесі жағымсыз реакциялар кейбір статиндерді қолдану кезінде хабарланды:

  • ұйқының бұзылуы, қорқынышты түстер көруді қоса

  • сексуалдық бұзылыстар

  • қант диабеті: жиілігі қауіп факторларының көрінісіне немесе болмауына байланысты (аш қарын қандағы глюкоза деңгейі ≥5,6 ммоль/л, дене салмағы индексі >30 кг/м2, триглицеридтердің жоғары деңгейі, анамнездегі артериялық гипертензия).

Балалар және жасөспірімдер (10-17 жас аралығындағы)

48 апталық зерттеуде отбасылық гетерозиготалы гиперхолестеринемиясы (n=175) бар балалар мен 10-17 жас аралығындағы жасөспірімдерде (Таннер шкаласы бойынша II және одан жоғары сатыдағы ер балалар және алғашқы етеккірінің келуінен кейін кемінде бір жыл өткен қыз балалар) симвастатинмен емдеу тобындағы қауіпсіздік бейіні мен жағымдылығы плацебо қабылдайтын топпен қағидатты түрде салыстырмалы болды. Дене, ақыл-ой және жыныс дамуына ұзақ уақыт әсер ету салдарлары белгісіз. Қазіргі уақытта бір жыл емделу кезеңінен асып кететін деректер жоқ.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • симвастатинге немесе қандай да бір қосымша затқа жоғары сезімталдық

  • белсенді фазадағы бауыр ауруы немесе этиологиясы белгісіз қан сарысуындағы трансаминазалар белсенділігінің тұрақты жоғарылауы

  • жүктілік және лактация кезеңі

  • CYP3A4 қуатты тежегіштерін (AUC мәнінің шамамен бес есе артуын туындататын заттар) бір мезгілде қолдану (мысалы, итраконазол, кетоконазол, посаконазол, вориконазол, АИТВ-протеаза тежегіштері (мысалы, нелфинавир), боцепревир, телапревир, эритромицин, кларитромицин, телитромицин және нефазодон)

  • гемфиброзил, циклоспорин немесе даназолды бір мезгілде қолдану

  • тұқым қуалайтын гомозиготалы гиперхолестеринемиясы бар пациенттерде 40 мг-ден аз дозалармен ломитапидті қатарлас қабылдау

  • 10 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге (тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталмаған).

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Дәрілік өзара әрекеттесуіне зерттеулер тек ересек пациенттердің қатысуымен жүргізілген.

Фармакодинамикалық өзара әрекеттесулері

Монотерапияда қолданылатын липидтер концентрациясын төмендететін дәрілік өнімдермен өзара әрекеттесуі миопатияны тудыруы мүмкін.

Рабдомиолизді қоса, миопатияның даму қаупі фибраттарды бір мезгілде қолданғанда артады. Бұдан бөлек, гемфиброзилмен фармакокинетикалық өзара әрекеттесуі плазмадағы симвастатин концентрациясының ұлғаюына алып келеді. Симвастатинді фенофибратпен бір мезгілде енгізудің миопатияның даму қаупін, бөлек алынған әр белсенді заттың жиынтық қаупіне қарағанда, көп дәрежеде арттыру дәлелі жоқ. Фармакотерапияның қауіпсіздік мониторингінің тиісті деректері және басқа фибраттар үшін фармакокинетикалық деректер жоқ. Симвастатинді ниацинмен липид модификациялаушы дозаларда (тәулігіне ≥1 г) бір мезгілде қолданғанда миопатия/рабдомиолиз дамыған сирек жағдайлар болды.

Фармакокинетикалық өзара әрекеттесуі

Төмендегі кестеде өзара әрекеттесуге түсетін белсенді заттарды қолдануға қатысты нұсқаулар берілген.

Дәрілік препараттaр арасындағы миопатия және (немесе) рабдомиолиздің жоғары даму қаупімен байланысты өзара әрекеттесулер

Симвастатинді CYP3A4 қуатты тежегіштерімен (итраконазол, кетоконазол, посаконазол, вориконазол, эритромицин, кларитромицин, телитромицин), АИТВ-протеаза тежегіштерімен (мысалы, нелфинавир), боцепревир, талапревир, нефазодон, циклоспорин, даназол, гемфиброзилмен бір мезгілде қолдану қарсы көрсетілімді.

Басқа фибраттармен (фенофибраттан басқа) симвастатинді тәулігіне 10 мг дозада асыру ұсынылмайды.

Симвастатинді фузид қышқылымен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.

Симвастатинді амиодаронмен, амлодипинмен, верапамилмен, дилтиаземмен тәулігіне 20 мг дозадан асыру ұсынылмайды.

Симвастатинмен емделу кезінде грейпфрут шырынын ішпеу керек.

Басқа дәрілік өнімдердің симвастатинге әсері

CYP3A4 тежегіштеріне қатысты өзара әрекеттесулер

Симвастатин – P450 3A4 цитохромының субстраты. P450 3A4 цитохромының күшті тежегіштері симвастатинмен емделу кезінде плазмада ГМГ-КоA-редуктаза тежегіштері концентрациясын ұлғайту арқылы миопатия мен рабдомиолиздің даму қаупін арттырады. Ондай тежегіштерге: итраконазол, кетоконазол, посаконазол, вориконазол, эритромицин, кларитромицин, телитромицин, АИТВ-протеаза тежегіштері (мысалы, нелфинавир), боцепревир, телапревир және нефазодон жатады. Итраконазолды бір мезгілде енгізу симвастатиннен туындайтын қышқыл (бета-гидроксиқышқыл белсенді метаболиті) экспозициясының 10 еседен көп ұлғаюын туындатады. Телитромицин симвастатиннен туындайтын қышқыл экспозициясының 11-есе ұлғаюын туындатады.

Симвастатинді итраконазол, кетоконазол, посаконазол, вориконазол, АИТВ-протеаза тежегіштерімен (мысалы, нелфинавир), эритромицин, кларитромицин, телитромицин, боцепревир, телапревир, нефазодон, сондай-ақ гемфиброзил, циклоспорин және даназолмен біріктіріп қолдану қарсы көрсетілімді. Егер CYP3A4 қуатты тежегіштерін (AUC мәнінің шамамен бес есе ұлғаюын туындататын заттар) бір мезгілде қолдану қажет болса, симвастатин қолдануды тоқтатып, статиндер тобынан басқа препарат туралы шешім қабылдау керек. CYP 3A4 қуаты аз тежегіштері: флуконазол, верапамил немесе дилтиаземмен бір мезгілде емделгенде симвастатинді абайлап қолдану қажет.

Флуконазол

Симвастатинмен және флуконазолмен бір мезгілде емделумен байланысты рабдомиолиз туындаған сирек жағдайлар хабарланған.

Циклоспорин

Жоғары дозалардағы симвастатинмен біріктірілген циклоспоринмен емделу кезінде миопатияның және (немесе) рабдомиолиздің даму қаупі артады, сондықтан біріктіріп қолдану қарсы көрсетілімді. Циклоспорин ГМГ-КоA-редуктаза тежегіштерінің AUC мәнін арттырады, бірақ реакция механизмі соңына дейін зерттелмеген. Симвастатин қышқылының AUC ұлғаюы жорамалды түрде CYP3A4 бәсеңдеуінен болады.

Даназол

Миопатия мен рабдомиолиздің даму қаупі симвастатинмен біріктірілген даназолмен емделу кезінде артады, сондықтан осы препараттарды біріктіріп қолдану қарсы көрсетілімді.

Гемфиброзил

Гемфиброзил симвастатин қышқылының AUC мәнін глюкурондану тежелісі есебінен 1,9 есе арттырады. Симвастатинді гемфиброзилмен біріктіріп қолдану қарсы көрсетілімді.

Фузид қышқылы

Миопатия, соның ішінде рабдомиолиз қаупі жүйелі фузид қышқылы мен статиндерді бірге қолдану кезінде артуы мүмкін. Осы өзара әрекеттесу механизмі (ол фармакодинамикалық немесе фармакокинетикалық немесе екеуі де бола ма) әлі күнге дейін белгісіз. Осы біріктірілімді алатын пациенттерде рабдомиолиздің дамуы (соның ішінде өліммен аяқталатын бірнеше жағдайлар) туралы хабарламалар бар.

Фузид қышқылы жүйелі препаратын қолдану қажет деп табылған пациенттерде фузид қышқылымен емделу кезеңінде розувастатинмен емдеу тоқтатылуы тиіс.

Амиодарон

Амиодарон симвастатинмен бір мезгілде тағайындалғанда миопатия мен рабдомиолиздің даму қаупі артады. Клиникалық зерттеуде 80 мг дозада симвастатин және амиодарон алатын пациенттердің 6%-да миопатияның пайда болуы білінген. Сондықтан бір мезгілде амиодарон алатын пациенттерде симвастатин дозасы тәулігіне 20 мг-ден аспауы тиіс.

Кальций өзекшесінің блокаторлары

  • Верапамил

Симвастатинмен 40 мг немесе 80 мг дозаларда біріктірілген верапамилмен емделу кезінде миопатия мен рабдомиолиздің даму қаупі артады. Фармакокинетикалық зерттеулерде верапамилмен бір мезгілде енгізу, жорамалды түрде, CYP3A4 бәсеңдету есебінен симвастатин қышқылы әсерінің 2,3 есе күшеюіне әкеледі. Сондықтан симвастатин мен верапамил біріктірілімін алатын пациенттерде симвастатин дозасы тәулігіне 20 мг-ден аспауы тиіс.

  • Дилтиазем

Миопатия және рабдомиолиздің даму қаупі дилтизем мен симвастатинді 80 мг дозада біріктіріп қолдану кезінде артады. Фармакокинетикалық зерттеулерде дилтиаземмен бір мезгілде енгізу, жорамалды түрде, CYP3A4 бәсеңдету есебінен симвастатин қышқылы әсерінің 2,7 есе күшеюіне әкеледі. Сондықтан симвастатин мен дилтиазем біріктірілімін алатын пациенттерде симвастатин дозасы тәулігіне 20 мг-ден аспауы тиіс.

  • Aмлодипин

Амлодипинді симвастатинмен бріктіріп қабылдайтын пациенттерде миопатияның даму қаупі артады. Фармакокинетикалық зерттеулерде амлодипинді бір мезгілде енгізу симвастатин қышқылы экспозициясының 1,6 есе ұлғаюына алып келген. Сондықтан амлодипин мен симвастатинді бір мезгілде алатын пациенттерде симвастатин дозасы тәулігіне 20 мг-ден аспауы тиіс.

Ломитапид

Ломитапидті симвастатинмен бір мезгілде қабылдау кезінде миопатия мен рабдомиолиз қаупі артуы мүмкін, сондықтан тұқым қуалайтын гомозиготалы гиперхолестеринемиясы бар пациенттерде симвастатин дозасы ломитапидпен қатарлас емделу кезінде күніне 40 мг-ден аспауы тиіс.

CYP3A4 орташа тежегіштері:

Симвастатинмен бір мезгілде, әсіресе, жоғары дозаларда CYP3A4 цитохромын орташа тежейтін басқа дәрілік өнімдерді қабылдайтын пациенттерде миопатияның жоғары даму қаупі болуы мүмкін.

Тасымалдаушы ақуыздар тежегіштері (OATP1B1)

Симвастатин қышқылы – OATP1B1 тасымалдаушы ақуызының субстраты. OATP1B1 тасымалдаушы ақуызының тежегіштері болып табылатын дәрілік заттарды бір мезгілде қабылдау оның концентрациясының симвастатин қышқылынан жоғарылауына және миопатия қаупінің артуына әкелуі мүмкін.

Ниацин (никотин қышқылы)

Симвастатинді ниацинмен (никотин қышқылы) бір мезгілде липид модификациялаушы дозаларда (тәулігіне ≥1 г) қолдану кезінде миопатия/рабдомиолиздің даму жағдайлары сирек байқалды. Фармакокинетикалық зерттеуде 2 г құрайтын босап шығуы модификацияланған никотин қышқылының бір реттік дозасы мен 20 мг дозадағы симвастатинді бір мезгілде қолданғанда симвастатин мен симвастатин қышқылының қисық астындағы беткей ауданы көрсеткіші (AUC) мен қан плазмасындағы симвастатин қышқылының Cmax мәнінің болымсыз жоғарылауы байқалды.

Грейпфрут шырыны

Грейпфрут шырыны – P450 3A4 цитохромының тежегіші. Симвастатинмен емделу барысында грейпфрут шырынын көп мөлшерде (күніне 1 л-ден жоғары) ішу симвастатин қышқылы әсерінің 7 есе күшеюіне әкелді. Симвастатинмен емделу кезінде грейпфрут шырынын ішу керек.

Колхицин

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде колхицин мен симвастатинді бір мезгілде қолданғанда миопатия мен рабдомиолиз туындаған жағдайлар хабарланған. Аталған препараттарды бір мезгілде қабылдайтын пациенттерде клиникалық мониторинг өткізу ұсынылады.

Рифампицин

Рифампицин P450 3A4 белсенділігінің қуатты индукторы екендіктен, рифампицинді (мысалы, туберкулезді емдеуде) симвастатинмен біріктіріп ұзақ уақыт қабылдайтын пациенттерде симвастатинмен емдеу тиімділігі төмендеуі мүмкін.

Симвастатиннің басқа дәрілік өнімдер фармакокинетикасына әсері

Симвастатин P450 3A4 цитохромына тежеу ықпалын тигізбейді. Сондықтан, симвастатин P450 3A4 цитохромымен биотрансформацияланатын басқа да заттардың плазмадағы концентрациясына ықпал етпейді.

Ішуге арналған антикоагулянттар

Кумарин туындылары – антикоагулянттар қабылдайтын пациенттерде симвастатинмен емделу басталғанша протромбин уақытын анықтап, протромбин уақытында елеулі өзгеріс болмауын бақылау мақсатында емнің барысында анықтауды барынша жиі қайталау керек. Протромбин уақытының тұрақтануына жетуден кейін кумариндік антикоагулянттармен ем алатын науқастар үшін оны әдеттегі мерзімділікпен бақылауға болады. Дозаны өзгерту немесе симвастатинмен емді тоқтату кезінде атап көрсетілген зерттеуді қайта жүргізу қажет.

Антикоагулянттар алатын пациенттерде симвастатинмен емделу қан кетудің пайда болуын немесе протромбин уақытының өзгеруін туындатпаған.

Айрықша нұсқаулар

Миопатия/Рабдомиолиз

Симвастатин және ГМГ-КоA-редуктазаның басқа тежегіштері кейде симптомдары бұлшықеттердің ауыруы мен әлсіреуі, сондай-ақ креатинкиназа белсенділігінің жоғарылауы (қалыптың жоғарғы шегінен 10 есе көп) болатын миопатияны туындатады. Миопатия кейде миоглобинурия себеп болатын немесе онсыз жедел бүйрек жеткіліксіздігі бар рабдомиолиз түрін иеленеді. Өліммен аяқталған өте сирек жағдайлар болған. Қан плазмасындағы ГМГ-КоA-редуктаза тежегіштерінің жоғары белсенділігі миопатияның даму қаупін арттырады.

ГМГ-КоA-редуктазаның басқа тежегіштері жағдайындағы сияқты миопатияның және (немесе) рабдомиолиздің даму қаупі доза шамасына байланысты.

ТТЛП холестерині деңгейін төмендету тиімділігі ұқсас статиндерге негізделген басқа емдеу тәсілдерімен салыстырғанда 80 мг дозадағы симвастатинмен емделген пациенттерде миопатияның даму қаупі жоғары. Сондықтан 80 мг дозадағы симвастатинді гиперхолестеринемияның ауыр түріне шалдыққан және аз дозалар тағайындалғанда холестеринді қажетті төмендетуге жете алмаған жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан асқынулардың пайда болу қаупі жоғары пациенттерде, сондай-ақ егер күтілетін пайдасы зор қаупінен басым болса ғана қолдану керек. Симвастатинді 80 мг дозада қабылдайтын, симвастатинмен дәрілік өзара әрекеттесуге түсетін препаратты тағайындау қажет болатын пациенттерде симвастатинді аз дозада қолдану немесе қолайсыз дәрілік өзара әрекеттесулердің даму қаупі аз статиндерге негізделген баламалы ем тағайындау керек (төменнен «Дәрілік препараттармен өзара әрекеттесу салдарынан миопатияның туындау қаупін төмендету шараларын» қараңыз).

Креатинкиназа (КK) белсенділігін анықтау

Қарқынды дене жүктемесінен кейін немесе КК белсенділігінің жоғарылауына ықпал ететін басқа факторлар болғанда креатинкиназаны анықтауға болмайды, өйткені бұл алынған нәтижелердің түсіндірілуін қиындатады. КК белсенділігінің елеулі жоғарылауында (қалыптың жоғарғы шегінен бес еседен аса жоғары) алынған нәтижелерді растау мақсатында 5-7 күн өткен соң КК белсенділігін қайта анықтау қажет.

Емдеуді бастар алдында

Симвастатинмен емделе бастаған, сондай-ақ симвастатин дозасы арттырылатын пациенттердің бәрін миопатияның басталуы мүмкін екенінен хабардар етіп, анықталмаған бұлшықет ауырулары, жоғары тактильді сезімталдық немесе әлсіздік білінген жағдайда дәрігерге шұғыл қаралуға кеңес беру керек.

Рабдомиолиздің дамуына бейімдеуші факторлар болатын пациенттерде сақ болу қажет. Бастапқы референтті мәндерді анықтау мақсатында емдеуді бастар алдында келесі жағдайларда КК белсенділігін анықтау керек:

  • егде жас (≥ 65 жас)

  • әйел жынысы

  • бүйрек функциясының бұзылуы

  • бақыланбайтын гипотиреоз

  • бұлшықет жүйесі тарапынан болатын тұқым қуалайтын бұзылуларды айғақтайтын жеке немесе отбасылық анамнез

  • анамнездегі статиндердің немесе фибраттардың бұлшықеттерге уытты әсер ету жағдайлары

  • шамадан тыс алкоголь тұтыну.

Бұл жағдайларда емдеуден күтілетін пайда мен онымен байланысты қауіп арақатынасын салыстыру қажет. Пациенттің жағдайына клиникалық мониторинг өткізу көрсетілімді. Егер бұрын пациентте статиндердің немесе фибраттардың бұлшықеттерге уытты әсер етуі білінсе, емдеуді өте абайлап бастау керек. Егер бастапқы КК белсенділігі едәуір жоғары (қалыптың жоғарғы шегінен бес еседен аса жоғары) болса, емдеуді бастауға болмайды.

Емделу кезінде

Егер емделу кезінде статиндер қабылдайтын пациентте миалгия, бұлшықеттердің ауырсынуы немесе құрысуы пайда болса, КК белсенділігін анықтау қажет. Егер пациентте анықталған КК белсенділігі қарқынды дене жүктемесі болмағанда едәуір жоғары болса (жоғарғы қалып шегінен бес еседен көп асып кетсе), симвастатин қабылдауды тоқтату керек. Егер бұлшықеттер тарапынан симптомдар күшейсе және күнделікті жайсыздануды туғызса, тіпті егер КК белсенділігі қалыптың жоғарғы шегінен бес есе асып кетсе, емдеуді тоқтатуды ойластыру қажет. Қандай да бір басқа себепке қатысты миопатия күдік тудырса, дәрілік препаратты тоқтату керек.

Егер бұлшықет жүйесі тарапынан болатын симптомдар басылса, ал КК көрсеткіші қылып шегіне оралса, пациенттің денсаулық жағдайын мұқият бақылау шартымен әріқарай ең аз тиімді дозада статин қабылдауды қарастыру керек.

Тәулігіне 80 мг дозада симвастатинмен емделген пациенттер жағдайында миопатияның көрініс беру жиілігі жоғары болды. Миопатияның субклиникалық жағдайларын анықтауға арналған зерттеу сапасы үшін КК белсенділігін мезгіл-мезгіл зерттеу ұсынылады. Алайда оның миопатия дамуын болдырмауға мүмкіндік беретініне сенімділік жоқ.

Жоспарлы күрделі операцияға дейін немесе терапиялық әлде хирургиялық емдеу қажет болған жағдайда бірнеше күн бұрын симвастатинмен емделуді тоқтату керек.

Дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі салдарынан миопатияның туындау қаупін төмендету шаралары

Симвастатинді CYP3A4 қуатты тежегіштерімен (итраконазол, кетоконазол, посаконазол, вориконазол, АИТВ-протеаза тежегіштері (мысалы, нелфинавир), боцепревир, телапревир, эритромицин, кларитромицин, телитромицин және нефазодон), сондай-ақ гемфиброзил, циклоспорин және даназолды бір мезгілде қолданғанда миопатия мен рабдомиолиз қаупі едәуір артады. Осы дәрілік өнімдерді қолдану қарсы көрсетілімді.

Амиодаронмен, амлодипинмен, верапамилмен немесе дилтиаземмен бір мезгілде симвастатиннің белгілі бір дозаларымен емделу кезінде миопатия мен рабдомиолиздің даму қаупі артады. Фузид қышқылы мен статиндерді бір мезгілде қолдану кезінде, рабдомиолизді қоса, миопатияның басталу қаупі артады. Тұқым қуалайтын гомозиготалы гиперхолестеринемиямен науқастарда қауіп симвастатинді ломитапидпен бір мезгілде қолданғанда артады.

Симвастатинді CYP3A4 тежегіштерімен: итраконазол, кетоконазол, позаконазол, вориконазол, АИТВ-протеаза тежегіштерімен (мысалы, нелфинавир), боцепревир, телапревир, эритромицин, кларитромицин, телитромицин және нефазодонмен және құрамында кобицистат бар өнімдермен бір мезгілде қолдану қарсы көрсетілімді. Егер CYP3A4 қуатты тежегіштерін (AUC мәнінің шамамен бес есе жоғарылауын тудыратын заттар) бір мезгілде қолдану қажет болса, симвастатин қолдануды тоқтату (және статиндер тобынан басқа препарат туралы шешім қабылдау) керек. Бұдан бөлек, басқа CYP3A4 тежегіштерін: флуконазол, циклоспорин, верапамил, дилтиаземді симвастатинмен бір мезгілде қолданғанда сақ болу қажет. Грейпфрут шырыны мен симвастатинді бір мезгілде қабылдамау керек.

Симвастатинді гемфибразилмен қолдану қарсы көрсетілімді. Басқа да фибраттарды (фенофибратты қоспағанда) қабылдайтын пациенттерде миопатия мен рабдомиолиздің жоғары даму қаупін ескеріп, симвастатин дозасын тәулігіне 10 мг-ден көп арттыруға болмайды. Фенофибратты симвастатинмен бір мезгілде қолданғанда сақ болу керек, өйткені монотерапия кезінде осы препараттардың әрқайсысы миопатияға әкелуі мүмкін.

Симвастатинді фузид қышқылымен бір мезгілде қабылдауға болмайды. Осындай біріктіріліммен емделген пациенттер арасында рабдомиолиз (өлімге ұшыратуын қоса) жағдайлары жөнінде хабарламалар бар. Фузид қышқылын жүйелі қолдану қажет болатын пациенттерде статиндермен емдеуді фузид қышқылымен емделген уақытта тоқтату керек. Пациентті бұлшықеттің әлсіреу, бұлшықеттердің ауыру немесе ауырсыну симптомдары білінген жағдайда дереу дәрігерге қаралу керегінен хабардар ету керек. Статиндермен емдеуді фузид қышқылының соңғы дозасын қабылдаудан кейін жеті күн өткен соң жаңғыртуға болады. Фузид қышқылының ұзаққа созылатын жүйелі емі, мысалы, ауыр инфекцияларды емдеуге қажет болатын айрықша жағдайларда симвастатин мен фузид қышқылын бір мезгілде қолдануды тек қана әркімде жекеше мұқият дәрігерлік бақылаумен қарастыруға болады.

Тәулігіне 20 мг-ден асатын дозаларда симвастатинді амиодарон, амлодипин, верапамил немесе дилтиаземмен бір мезгілде қолданудан аулақ болу керек.

Симвастатинмен бір мезгілде CYP3A4 орташа тежейтін басқа дәрілік өнімдерді, әсіресе, симвастатиннің жоғары дозаларын қабылдайтын пациенттерде миопатияның туындау қаупі жоғары болуы мүмкін. Симвастатинді CYP3A4 орташа тежегіштерімен (AUC мәнінің шамамен 2 еседен 5 есеге дейін артуына әкелетін зат) бір мезгілде қолданғанда дозаны түзету қажет болуы мүмкін. Егер CYP3A4 тежегіштерін орташа тежейтін әсері бар белгілі бір заттар, мысалы, дилитиазем қолданылса, симвастатинді 20 мг-ден аспайтын дозада енгізу ұсынылады.

ГМГ-КоА редуктаза тежегіштерін және монотерапияда қолданылғанда миопатияны туғызуы мүмкін ниацинді (никотин қышқылы) липидтер деңгейлеріне ықпал ететін дозаларда (≥1 г/тәулік) бір мезгілде қолданумен байланысты миопатия/рабдомиолиздің сирек жағдайлары хабарланады.

Симвастатинмен және ниацинмен липидтер деңгейін модификациялайтын дозаларда (≥1 г/тәулік) немесе құрамында ниацин бар басқа препараттармен біріктірілген емді қарастыратын дәрігерлер ықтималды пайдасы мен қатер арақатынасын тиянақты бағалауы, сондай-ақ бұлшықеттердің ауыруы, ауырсынуы немесе әлсіреуі сияқты белгілердің немесе симптомдардың білінуіне қатысты, әсіресе, емдеудің алғашқы айларында және екі препараттың да дозаларын арттыру кезінде пациентті мұқият қадағалауы тиіс.

Клиникалық нәтижелерді бағалауға қатысты жалғастырылатын клиникалық сынақтардан алынған деректердің уақытша талдауында емдеу қауіпсіздігін қадағалау мәселесі жөніндегі тәуелсіз комиссия симвастатинді 40 мг дозада және никотин қышқылының ларопипрантпен 2000 мг/40 мг дозадағы біріктірілген емін қабылдайтын қытай текті пациенттерде миопатияның көрініс беру жиілігінің, жорамалдануымен салыстырғанда, жоғары екенін атап өтті. Сондықтан қытай тектес тұлғаларда симвастатинді ниацинмен (никотин қышқылы) немесе липид модификациялаушы дозалардағы (≥1 г/тәулік) құрамында ниацин бар өнімдермен қолданғанда ерекше сақ болу керек. Статиндермен емделу кезінде миопатияның даму қаупі дозаға тәуелді екендіктен, қытай тектес тұлғаларда 80 мг дозадағы симвастатинді ниацинмен (никотин қышқылы) немесе липид модификациялаушы дозалардағы (≥1 г/тәулік) құрамында ниацин бар өнімдермен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды. Симвастатинді ниацинмен (никотин қышқылы) немесе липид модификациялаушы дозалардағы (≥1 г/тәулік) құрамында ниацин бар өнімдермен бір мезгілде қабылдайтын азиялық тектес басқа тұлғаларда миопатияның даму қаупінің қаншалықты жоғары екені белгісіз.

Фузид қышқылы

Симвастерол препаратын фузид қышқылының жүйелі дәрілік түрлерімен бірге немесе фузид қышқылымен емдеуді тоқтатудан кейін 7 күн ішінде тағайындауға болмайды. Фузид қышқылы препаратын жүйелі қолдану қажет болып табылған пациенттерде статинмен емдеу фузид қышқылымен емделу кезеңінде тоқтатылуы тиіс. Фузид қышқылымен және статиндермен біріктірілген ем алатын пациенттерде рабдомиолиздің дамуы (соның ішінде өліммен аяқталатын бірнеше жағдай) жөнінде хабарламалар бар. Пациентке бұлшықет әлсіздігінің, ауыруының немесе ауырсынуының кез келген симптомдары туындағанда кідіріссіз дәрігерге қаралуға кеңес беру керек.

Фузид қышқылының соңғы дозасынан кейін жеті күн өткенде статинмен емді жаңғыртуға болады.

Фузид қышқылын ұзақ уақыт жүйелі қолдану талап етілетін айрықша жағдайларда, мысалы, ауыр инфекцияларды емдеу үшін Симвастерол препараты мен фузид қышқылын бірге қолдану қажеттілігін әркімде жеке негізде және мұқият медициналық қадағалаумен ғана бағалаған дұрыс.

Бауырға әсері

Клиникалық зерттеулер кезінде симвастатин алатын бірнеше ересек пациентте қан сарысуында трансаминазалар белсенділігінің (қалыптың жоғарғы шегінен үш еседен көп асып кететін) тұрақты жоғарылауы білінген. Осы пациенттер симвастатин қабылдауды тоқтатқан немесе аяқтаған соң трансаминазалар белсенділігі, әдетте, емдеуге дейінгі бастапқы көрсеткіштеріне біртіндеп оралған.

Препаратты қолдану басталғанша, ал артынан клиникалық көрсетілімдер бойынша пациенттердің бәрінде бауыр функциясының жұмыс істеуіне зерттеу жүргізу ұсынылады. Симвастатин дозасын 80 мг дейін арттырған пациенттер арттырылған дозаны қабылдау басталғанша, дозаны 80 мг дейін арттырудан кейін үш айдан соң, ал артынан емнің бір жылы бойына мезгіл-мезгіл (мысалы, жарты жылда бір рет) бауыр функциясын қосымша тексеруден өткізу қажет. Қан сарысуында трансаминазалар белсенділігінің жоғарылауы расталатын пациенттерге ерекше көңіл бөлу керек. Тұлғалардың осы тобында кідіріссіз талдауларды қайталап, олардың соңғы анықталу жиілігін арттыру керек. Әріқарай трансаминазалар белсенділігінің жоғарылауында, әсіресе, қалыптың жоғарғы шегінен үш есе және одан көп артуында симвастатинмен емдеуді тоқтату қажет.

АЛТ энзимі бұлшықеттік шығу тегінде болуы мүмкін екенін есте сақтау керек, сондықтан КК-мен бір мезгілде АЛТ белсенділігінің жоғарылауы миопатияны көрсетуі мүмкін.

Клиникалық зерттеулерде симвастатин алатын ересек пациенттердің бірнешеуінде сарысудағы трансаминазалардың тұрақты жоғарылауы (ҚЖШ-мен салыстырмалы 3 еседен көп) болды. Симвастатин қабылдау тоқтатылған болса, әдетте, трансаминаза деңгейлері бастапқы деңгейге дейін баяу төмендеді.

Емдеуді бастар алдында және әріқарай бауыр функциясына зерттеу жүргізу ұсынылады. Дозаны 80 мг дейін арттыру қажет болса, дозаны арттырар алдында, арттырудан кейін 3 айдан соң, ал артынан емнің бір жылы бойына мезгіл-мезгіл (мысалы, 6 айда 1 рет) пациенттердің бауыр функциясын міндетті түрде тексеру керек. Сарысу трансаминазасының деңгейі жоғары пациенттерге ерекше назар аударылуы тиіс. Ондай пациенттерде трансаминаза деңгейін өлшеу кідіріссіз жүргізілуі тиіс және әріқарай әдеттегіден жиірек өткізілуі тиіс. Қан сарысуында трансаминаза деңгейінің қалыптың жоғарғы шегімен салыстырғанда 3 есе тұрақты үдемелі жоғарылауында симвастатинмен емдеу тоқтатылуы тиіс.

Постмаркетингтік зерттеулерде статиндер, соның ішінде симвастатин қабылдайтын пациенттерде өлімге ұшырататын және ұшыратпайтын бауыр жеткіліксіздігінің даму жағдайлары сирек хабарланды. Егер симвастатинмен емделу кезінде клиникалық симптомдарымен және (немесе) гипербилирубинемиямен немесе сарғаюмен бауырдың күрделі зақымдануы болса, емдеуді дереу тоқтату керек. Егер бауыр жеткіліксіздігінің басқа себептері анықталмаса, Симвастерол емін жаңғырту ұсынылмайды.

Шамадан тыс алкоголь тұтынатын тұлғаларда қолданғанда сақтық шарасын қадағалау керек.

Қан сарысуында липидтер деңгейлерін төмендететін басқа белсенді заттар жағдайындағы сияқты, симвастатин алатын пациенттердің сарысуында трансаминазалар белсенділігінің орташа (қалыптың жоғарғы шегінің үш есе мәнінен аспайтын) жоғарылауы білінді. Бұл өзгерістер симвастатинмен емдеу басталған соң тез арада білінді, көбіне транзиторлы сипатта болды, ешқандай басқа симптомдармен қатар жүрмеді және емдеуді тоқтатуды талап етпеді.

Тасымалдаушы ақуыздар белсенділігінің бәсеңдеуі

Бауырда тасымалдаушы ақуыздар (OATP) белсенділігінің бәсеңдеуі симвастатиннің жүйелі экспозициясының ұлғаюын туындатып, миопатия мен рабдомиолиздің даму қаупін арттыруы мүмкін. Осы ақуыздар белсенділігінің бәсеңдеуі өзара әрекеттесуге түсетін препараттардың (мысалы: циклоспорин) тежеу әсерінің нәтижесінде болуы немесе SLCO1B1 c.521T>C генотипін тасымалдаушы пациенттерде көрініс беруі мүмкін.

OATP1B1 белсенділігі аз ақуызын кодтайтын SLCO1B1 (c.521T>C) гені аллель тасымалдаушылары болып табылатын пациенттерде симвастатиннің жүйелі экспозициясының ұлғаюы және миопатияның жоғары даму қаупі білінеді. Симвастатиннің жоғары дозасын (80 мг) қолданумен байланысты миопатияның жалпы туындау қаупі 1% жуық құрайды, генетикалық тестілер орындалуынсыз анықталған. Егер мүмкін болса, СС генотипінің тасымалдаушыларында симвастатиннің 80 мг дозасын қолданар алдында пайда/қауіп арақатынасын бағалау элементі ретінде С аллельдің бар-жоғына зерттеу жүргізу қарастырылып, жоғары дозаларды қолданбау керек. Сонымен қатар, генотип зерттеуінде бұл геннің болмауы миопатияның туындау мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Қант диабеті

Кейбір деректер статиндер тобындағы барлық препараттардың қандағы глюкоза концентрациясын арттыратынын айғақтайды және қант диабетінің даму қаупі жоғары кейбір пациенттерде эндокринолог-дәрігердің қадағалауын талап ететін қарқынды гипергликемияны туындатуы мүмкін. Алайда, алынатын пайда аталған қауіптен тамыр ауруларын дамытатын қауіп дәрежесінің азаюы түрінде басым болады, соның өзінде статиндермен емдеуді тоқтатуға болмайды. Қауіп тобындағы пациенттерде (аш қарындағы глюкоза деңгейі 5,6-6,9 ммоль/л құрайды, дене салмағы индексі >30 кг/м2, триглицеридтердің жоғары деңгейі, артериялық гипертензия) жергілікті талаптарға сәйкес клиникалық және биохимиялық бақылау жүргізген жөн.

Өкпенің интерстициальді аурулары

Кейбір статиндер қолданылғанда, әсіресе, ұзаққа созылатын емде өкпенің интерстициальді зақымдануының бірлі-жарым жағдайлары жөнінде хабарламалар бар. Симптомдары тұншығу сезімі, өнімсіз жөтел және жалпы денсаулық жағдайының нашарлауы (шаршау, дене салмағының кемуі және жоғары дене температурасы) түрінде болуы мүмкін. Егер пациентте өкпенің интерстициальді ауруының көрініс беру күдігі болса, статиндермен емдеуді тоқтату керек.

Балалар мен жасөспірімдерде (10-нан 17 жасқа дейінгі аралықта) қолдану

Отбасылық гетерозиготалы гиперхолестеринемиясы бар 10-17 жас аралығындағы пациенттерде симвастатин қолдану қауіпсіздігі мен тиімділігі бақыланған клиникалық зерттеуде бағаланды. Симвастатинмен емделген пациенттердегі жағымсыз реакциялар бейіні плацебо тағайындалған пациенттердегі бейініне ұқсас болды.

Осы жас тобында 40 мг-ден жоғары дозалары зерттелмеген. <18 жастағы пациенттерде 48 аптадан көп уақыт емделудің қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеген және препараттың дене, ақыл-ой және жыныс дамуына әсерінің кейіннен білінетін зардаптары белгісіз.

Cимвастатинді қолдану 10 жасқа толмаған пациенттерде, сондай-ақ жыныстық жетілуге жетпеген пациенттерде және алғашқы етеккір келуіне дейінгі қыз балаларда зерттелмеген.

Иммунитетке байланысты некроздаушы миопатия

Кейбір статиндермен емделу кезінде немесе одан кейін иммунитет арқылы некроздаушы миопатия (ИАНМ) туралы өте сирек хабарламалар болды. Клиникалық тұрғыда ИАНМ статиндермен емдеуді тоқтатуға қарамастан сақталатын проксимальді бұлшықеттердің персистирлеу әлсіздігімен және креатинкиназаның жоғары сарысулық деңгейімен сипатталады.

Қосымша заттар

Симвастерол құрамында лактоза бар. Дәрілік препаратты сирек тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, лактаза (Лапп типіндегі) тапшылығы немесе глюкоза-галактозаның мальабсорбция синдромы бар пациенттерде қолдануға болмайды.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Препараттың жағымсыз әсерлерін ескеріп, автокөлікті және аса қауіпті механизмдерді басқару кезінде сақтық шарасын қадағалау керек.

Артық дозалануы

Бүгінге дейін артық дозаланудың бірнеше жағдайлары аталған; ең жоғары қабылданған доза 3,6 г құрады. Барлық пациенттер асқынуларсыз сауығып кетті. Артық дозаланған жағдайда жүргізілетін спецификалық емі жоқ. Симптоматикалық және демеуші ем жүргізу ұсынылады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті/поливинилдихлоридті (ПВХ/ПВДХ) үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 14 таблеткадан (10 мг және 20 мг доза үшін) және 7 таблеткадан (40 мг доза үшін) салады.

Медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге пішінді 2 (14 таблеткадан 10 мг, 20 мг доза үшін) және 4 (7 таблеткадан 40 мг доза үшін) қаптамадан картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25 0С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші/қаптаушы

«Польфарма» АҚ фармацевтикалық зауыты, Польша

Тіркеу куәлігінің иесі

«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы, Шымкент қ-сы.

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттар сапасына қатысты шағымдар (ұсыныстар) қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы, Шымкент қ-сы, Рашидов к-сі 81

Телефон нөмірі: (+7 725) 2561342 Факс нөмірі: (+7 725) 2561342

Электронды поштасы infomed@santo.kz

Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы

«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы, Шымкент қ-сы, Рашидов к-сі 81

Телефон нөмірі:7252 (561342) Факс нөмірі: 7252 (561342)

Электронды поштасы infomed@santo.kz

Прикрепленные файлы

972722171477975708_ru.doc 173.5 кб
083989371477977419_kz.doc 227.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники