Розалид

МНН: Азитромицин
Производитель: RAFARM S.A.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Azithromycin
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020728
Информация о регистрации в РК: 05.08.2014 - 05.08.2019

Инструкция

Саудалық атауы

Розалид

Халықаралық патенттелмеген атауы

Азитромицин

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 500 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді заттар - 524.00 мг азитромицин дигидраты (500 мг азитромицинге баламалы),

қосымша заттар: желатинделген жүгері крахмалы, кросповидон, сусыз кальций гидрофосфаты, натрий лаурилсульфаты, магний стеараты,

қабықтың құрамы опадрай II ақ Y-30-18037: гидроксипропилметил-целлюлоза, титанның қостотығы Е171, лактоза моногидраты, глицерин триацетаты.

Сипаттамасы

Қалыңдығы 7.0 мм-ге жуық және диаметрі 17.1 мм, ақ түсті қабықпен қапталған ұзынша пішінді, екі жақ беті дөңес таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Микробтарға қарсы жүйелік пайдалануға арналған препараттар. Макролидтер, линкозамидтер және стрептограминдер. Макролидтер. Азитромицин.

ATХ коды J01FA10

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі:

Ішке қабылдағаннан кейін азитромициннің биожетімділігі 37% құрайды. Қан плазмасында ең жоғары шыңына 2-3 сағаттан кейін жетеді. Азитромицинді 500 мг дозада ішке қабылдағаннан кейін азитромициннің Cmax 0.4 мг/л құрайды.

Таралуы:

Пероральді түрде енгізілген азитромицин дененің бүкіл жеріне кең таралады.

Фармакокинетикалық зерттеулер азитромициннің тіндерге және биологиялық сұйықтықтарға тез таралып, тіндерде плазмадағыдан 50 есеге дейін артық концентрация түзетінін көрсетті (таралу көлемі 31 л/кг құрайды).

Ұсынылған дозада қан сарысуында жиналмайды. Жасушалар ішінде жиналады, соның есебінен препараттардың тіндердегі концентрациясы плазмадағыдан едәуір жоғары. Препараттың бір реттік 500 мг дозасын қабылдағаннан кейін үш күннен соң немесе концентрациясы 1,3-4,8 мкг/г, 0,6-2,3 мкг/г, 2,0-2,8 мкг/г және 0-0,3 мкг/мл дозаларда ішінара қабылдағанда өкпелерде, қуық асты безінде, бадамша бездерінде және сарысуларда өзгерістер жүреді.

Экспериментальді in vitro және in vivo зерттеулерде азитромициннің фагоциттерде жиналатындығы дәлелденді. Фагоциттер препаратты қабынған жерге тасымалдайды. Бұл үдеріс азитромициннің тіндерге жиналуына мүмкіндік береді.

Азитромициннің қан сарысуы ақуыздарымен байланысуы – 0,05 мг/л концентрацияда 52%-дан бастап және 0.5 мг/л концентрацияда 18%-ға дейін төмендейтін концентрацияға тәуелді үдеріс.

Бөлініп шығуы:

Азитромициннің жартылай шығарылу кезеңі 2-ден 4 тәулікке дейінгі аралықта болады.

Азитромициннің к/і дозасының 12%-ға жуығы келесі 3 күн бойы өзгермеген күйінде несеппен бірге шығарылады. Негізгі меншікті салмағы алғашқы 24 сағатта болады.

Арнайы топтардың фармакокинетикасы:

Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі:

Бүйрек функциясының айқын бұзылулары (СКФ < 10 мл/мин) бар емделушілерде азитромицинді 1 г дозада қабылдағанда Сmax және AUC 0-120 мәндерінің тиісінше 61%-ға және 35%-ға жоғарылағаны байқалды, бүйрек функциясының жеңіл және орташа бұзылуында (СКФ минутына 10 мл-ден минутына 80 мл-ге дейін) Сmax және AUC 0-120 мәндері тиісінше 5,1%-ға және 4,2%-ға артты.

Бауыр қызметінің жеткіліксіздігі:

Бауыр қызметінің жеңіл және орташа жеткіліксіздігі бар емделушілерде азитромициннің сарысулық концентрацияларында, бауыр функциясы өзгермеген емделушілермен салыстырғанда, өзгерулер байқалған жоқ, бұл бүйректік клиренсінің компенсаторлы жоғарылауымен түсіндірілуі мүмкін.

Егде жастағы емделушілер:

Егде жастағы еркектерде фармакокинетика параметрлері өзгермейді, әйелдерде – қан плазмасындағы ең жоғары концентрация препараттың жиналып қалуынсыз 30-50%-ға жоғарылайды.

Егде жастағы (65 жастан асқан) емделушілерде емді 5 күн бойы жүргізгенде, жасырақ (45 жасқа толмаған) емделушілермен салыстырғанда, AUC мәндері біршама жоғары (29%), бұл клиникалық тұрғыдан маңызды емес; дозаны өзгертудің қажеті жоқ.

Фармакодинамикасы

Әсер ету ауқымы кең антибиотик, макролидтік антибиотиктер тобы – азалидтердің өкілі. Әсер ету принципі 50S рибосомальді суббірліктермен байланысу және пептидтердің транслокациясына жол бермеу арқылы бактерияларда протеиндердің синтезін тежеуге негізделген. Азитромициннің әдеттегі әсері бактериостатикалық, бірақ қабыну ошағында жоғары концентрация түзгенде бактерицидтік әсер береді. Жасушалардан тыс және жасушаішілік қоздырғыштарға әсер етеді.

Азитромицинге мына грамоң кокктер сезімтал: Streptococcus pneumoniae, Streptococcus pyogenes, стрептококктің C, F және G топтары, Streptococcus viridans, Staphylococcus aureus; грамтеріс бактериялар: Haemophilus influenzae, Moraxella catarrhalis, Bordetella pertussis, Haemophilus ducreyi, Neisseria gonorrhoeae және Gardnerella vaginalis; кейбір анаэробтық микроорганизмдер: Bacteroides bivius, Clostridium perfringens; сондай-ақ Chlamydia trachomatis, Mycoplasma pneumoniae, Ureaplasma urealyticum, Treponema pallidum, Borrelia burgdoferi.

Кларитромицин мен азитромицин арасында Myco-bacterium avium кешеніне организмнің айқаспалы төзімділігі байқалды. Азитромицин эритромицинге төзімді грамоң бактерияларға қатысты белсенді емес.

Қолданылуы

Препаратқа сезімтал микроорганизмдерден туындаған мына жұқпалы-қабыну ауруларында:

- тыныс жолдарының жоғарғы бөлімдерінің және ЛОР-ағзаларының жұқпаларында (соның ішінде баспа, синусит, тонзиллит, ортаңғы отит)

- жәншауда

- тыныс жолдарының төменгі бөлімдерінің жұқпаларында (соның ішінде бактериялық және атипиялық пневмониялар, бронхит)

- тері мен жұмсақ тін жұқпаларында (соның ішінде тілме, импетиго, екінші қайтара жұқпаланған дерматоздар)

- урогенитальді жол жұқпаларында (соның ішінде уретрит және/немесе цервицит)

- Лайм ауруының (боррелиоз) бастапқы сатысында (erythema migrans)

- Helicobacter pylori-мен астасқан асқазан және он екі елі ішек ауруларында (біріктірілген ем құрамында)

Қолдану тәсілі және дозалары

Розалидті күн сайын бір реттік доза түрінде қабылдаған жөн. Таблеткаларды ½ стақан сумен қабылдау керек. Таблеткаларды аспен немесе онсыз қабылдауға болады.

Ересектерге және дене салмағы 45 кг-нан жоғары балаларға

Розалидтің 500 мг таблеткаларын күніне бір рет, тамақтанудан 1 сағат бұрын немесе тамақтан кейін 2 сағаттан соң қабылдайды.

Тыныс жолдарының жоғарғы және төменгі жолдарының жұқпаларында, тері мен жұмсақ тін жұқпаларында 3 күн бойы тәулігіне 500 мг-нан тағайындайды (курстық дозасы – 1,5 г).

Асқынбаған уретритте және/немесе цервицитте бір рет 1 г тағайындайды (500 мг 2 таблетка).

Лайм ауруында (бореллиозде) бастапқы сатысын (erythema migrans) емдеу үшін алғашқы күні 1 г (500 мг 2 таблетка) және 2-ші күннен бастап 5-ші күнді қоса күн сайын 500 мг тағайындайды (курстық дозасы – 3 г).

Helicobacter pylori-мен астасқан асқазан және он екі елі ішек ауруларында біріктірілген ем құрамында 3 күн бойы Розалидті 1 г-нан (500 мг 2 таблетка) тағайындайды.

Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі бар емделушілерге

Бүйрек қызметінің жеңіл және орташа жеткіліксіздігі бар емделушілерде дозаны түзету қажет емес. Бүйрек функциясы елеусіз ғана және орташа бұзылған емделушілерде (GFR 10-80 мл/мин) дозаны өзгертудің қажеті жоқ.

Бауыр функциясы бұзылған емделушілерге

Бауыр функциясы елеусіз ғана және орташа бұзылған емделушілерде дозаны өзгертудің қажеті жоқ.

Егде жастағы емделушілерге

Дозалау режимі ересек емделушілердегідей.

Балаларға

Препаратты дене салмағы 45 кг-нан жоғары болатын балаларға тағайындаған жөн. Дене салмағы 45 кг-нан төмен болғанда басқа дәрілік түрлер пайдаланылады.

Жағымсыз әсерлері

Жиі (>1/100, < 1/10)

- жүректің айнуы, құсу, диарея, іштің ауыруы

Жиі емес (>1/1000, < 1/100)

- сұйық нәжіс, метеоризм, ас қорытудың бұзылуы, тәбеттің жоғалуы

Сирек (>1/10 000, <1/1000)

- бас ауыру, бас айналу, ұйқышылдық, құрысулар, дисгевзия

- тромбоцитопения

- озбырлық, қозу, мазасыздық, ашушаңдық, ұйқысыздық

- парестезиялар және астения

- естудің нашарлауы, кереңдік және құлақтың шыңылдауы

- тахикардия, аритмия қарыншалық тахикардиямен бірге, torsade de pointes типі бойынша аритмияның пайда болуымен қатар жүретін QT-пируэт аралығының ұзаруы

- тіл түсінің өзгеруі, іш қату, жалған жарғақшалы колит

- бауыр аминотрансферазалары, билирубин деңгейлерінің транзиторлы түрде жоғарылауы, холестатикалық сарғаю, гепатит

- аса жоғары сезімталдық реакциялары (қызару, тері бөртпесі, қышыну, есекжем, ангионевротикалық ісіну, фотосезімталдық), мультиформалы эритема, Стивен-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз

- артралгия

Өте сирек (<1/10 000)

- интерстициальді нефрит, бүйрек қызметінің жедел жеткіліксіздігі

- шаршау, конвульсиялар

- дәм және иіс сезімінің өзгеруі

- артралгиялар

- вагиниттер, кандидоз, супержұқпа

- анафилактикалық шок, соның ішінде ісіну

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- макролидтер тобының антибиотиктеріне жоғары сезімталдық

- бауыр және бүйрек функцияларының ауыр бұзылулар

- жүктілік және лактация кезеңі

- 16 жасқа дейінгі балаларға

Сақтықпен:

- аритмияларда (қарыншалық аритмия, (QT) аралығы ұзаруы мүмкін)

- бауыр немесе бүйрек функциялары айқын бұзылған балаларға

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Антацидтер: Антацидтерді біріктіріп қолданудың азитромицин фармакокинетикасына ықпалын зерттегенде, плазмадағы азитромициннің жоғары шектегі концентрациялары 25%-ға дейін азайса да, биожетімділігінде өзгерістер байқалған жоқ. Азитромицинді антацидті қабылдаудан 1 сағат бұрын немесе қабылдағаннан кейін 2 сағаттан соң қабылдау қажет.

Цетиризин: Азитромицинді 20 мг цетиризинмен бірге 5 күн бойы бір мезгілде қолдану тепе-тең жағдайда фармакокинетикалық өзара әрекеттесуге әкелген жоқ, бірақ Q–T аралығын едәуір өзгертті.

Диданозиндер (Дидезоксиинозиндер): АИВ-оң емделушілерге тәулігіне 1200 мг азитромицинді тәулігіне 400 мг диданозинмен бір мезгілде қолдану, плацебомен салыстырғанда, тепе-тең жағдайдағы диданозиннің фармакокинетикасына ықпалын тигізген жоқ.

Дигоксин (Р-гликопротеин субстраттары): Макролидтік антибиотиктерді, азитромицинді қоса, дигоксин сияқты Р-гликопротеин субстраттарымен қатар қолдану қан сарысуында Р-гликопротеин субстраты деңгейінің жоғарылауына әкелді. Демек, азитромицин мен дигоксинді бір мезгілде қолданғанда қан сарысуында дигоксин концентрациясының жоғарылауы мүмкін екендігін ескеру қажет.

Зидовудин: Азитромициннің бір рет 1000 мг және көп рет 1200 немесе 600 мг дозаларын бір мезгілде қолдану зидовудиннің немесе оның глюкуронидтік метаболитінің плазмалық фармакокинетикасына немесе несеппен бірге шығарылуына аз ғана ықпалын тигізеді. Алайда азитромицинді қолдану мононуклеарлы шеткергі қанда фосфорланған зидовудиннің, клиникалық белсенді метаболитінің концентрацияларының жоғарылауына мүмкіндік берді. Осы фактінің клиникалық маңызы анықталған жоқ, бірақ ол емделушілер үшін пайдалы болуы мүмкін. Азитромицин Р450 цитохромының бауырлық жүйесімен айтарлықтай өзара әрекеттеспейді. Препаратты эритромицинмен және басқа да макролидтермен фармакокинетикалық тұрғыдан өзара әрекеттеспейді деп есептейді. Азитромицин цитохром-метаболикалық кешен арқылы Р450 цитохромы индукциясын тудырмайды немесе белсенділігін бәсеңдетпейді. 

Қастауыш туындылары: Эрготизмнің пайда болуының теориялық мүмкіндігі ескеріліп, азитромицинді қастауыш туындыларымен бір мезгілде қолдануға кеңес берілмейді. Азитромицинді және метаболизмі Р450 цитохромының қатысуымен жүретін препараттарды бір мезгілде қолдануға фармакокинетикалық зерттеулер жүргізілді.

Астемизол, альфентанил: Астемизолмен немесе альфентанилмен өзара әрекеттесуі жөнінде деректер жоқ. Эритромициннің макролидтік антибиотигіне оның әсерінің күшейетіндігі анықталғандықтан, оларды азитромицинмен бір мезгілде қолданғанда сақ болу қажет.

Аторвастатин: Аторвастатинді (тәулігіне 10 мг) және азитромицинді (тәулігіне 500 мг) бір мезгілде қолдану қан плазмасында аторвастатин концентрациясын өзгерткен жоқ (ГМГ-КоА-редуктазанының тежелуін талдау негізінде). Дегенмен постмаркетингтік кезеңде рабдомиоз жағдайлары тіркелген жоқ.

Карбамазепин: Азитромицинді бір мезіглде қабылдаған емделушілерде қан плазмасында карбамазепиннің және оның белсенді метаболитіне елеулі ықпалы байқалған жоқ.

Цизаприд: Цизаприд бауырда CYP 3A4 ферментінің жәрдемімен метаболизденеді. Макролидтер осы ферментті бәсеңдететін болғандықтан, цизапридті бір мезгілде қолдану Q–T аралығын ұзартуы, қарыншалық аритмияны және жүрекшелердің жыбырлауы/фибрилляциясы синдромын тудыруы мүмкін, сондықтан оларды бір мезгілде қолданбаған жөн.

Циметидин: Циметидиннің бір реттік дозасының азитромицин фармакокинетикасына ықпалына жүргізілген зерттеулерде, циметидинді азитромициннен 2 сағат бұрын қолданғанда, азитромициннің фармакокинетикасында өзгерулер байқалған жоқ.

Кумарин - пероральді антикоагулянттар: Азитромицин варфариннің бір реттік (15 мг) дозасының антикоагулянттық әсерін өзгерткен жоқ. Постмаркетингтік кезеңде азитромицинді және кумарин типті пероральді антикоагулянттарды бір мезгілде қолданғаннан кейін антикоагулянттық әсерінің потенцияланғаны мәлімделді. Себептік байланысы анықталмаса да, азитромицинді кумарин типті пероральді антикоагулянттарды қабылдап жүрген емделушілерге тағайындағанда жиі мониторинг жүргізу қажет екендігін ескерген жөн.

Циклоспорин: Азитромицинді 3 күн бойы тәулігіне 500 мг дозада пероральді түрде, ал содан кейін дене салмағының әр кг-на шаққанда циклоспориннің бір реттік 10 мг дозасын қабылдаған дені сау еріктілердің қатысуымен жүргізілген зерттеулерде циклоспориннің Cmax және AUC0-5 мәндерінің елеулі жоғарылағаны анықталды. Сондықтан осы препараттарды бір мезгілде тағайындауды қарастырғанда сақ болған жөн. Егер бір мезгілде қолдану қажет болса, циклоспорин деңгейіне мониторинг жүргізген және тиісінше дозаны түзеткен жөн.

Эфавиренз: Азитромициннің бір реттік 600 мг және эфавирездің 400 мг дозасын 7 күн бойы күн сайын бір мезгілде қолдану клиникалық тұрғыдан маңызды фармакокинетикалық өзара әрекеттесулерді тудырған жоқ.

Флуконазол: Азитромициннің бір реттік 1200 мг дозасын бір мезгілде қолдану флуконазолдың бір реттік 800 мг дозасының фармакокинетикасын өзгертпеді. Флуконазолмен бір мезгілде қолданғанда азитромициннің жалпы экспозициясы және жартылай шығарылу кезеңі өзгерген жоқ, алайда мұнда азитромициннің Cmax мәнінің (18%-ға) төмендегені байқалды, оның клиникалық маңызы жоқ.

Индинавир: Азитромициннің бір реттік 1200 мг дозасын бір мезгілде қолдану 5 күн бойы тәулігіне 3 рет 800 мг-нан тағайындалған индинавирдің фармакокинетикасына статистикалық тұрғыдан ықпалын тигізген жоқ.

Метилпреднизолон: Азитромицин метилпреднизолонның фармакокинетикасына елеулі ықпалын тигізбейді.

Мидазолам: 500 мг азитромицинді 3 күн бойы бір мезгілде қолдану 15 мг мидазоламның бір реттік дозасының фармакокинетикасында және фармакодинамикасында клиникалық тұрғыдан маңызды өзгерулер тудырған жоқ.

Нелфинавир: Азитромицин (1200 мг) мен нелфинавирді (750 мг күніне үш рет) бір мезгілде қолдану қан сарысуындағы азитромицин концентрациясын арттырды. Клиникалық тұрғыдан маңызды жағымсыз әсерлер байқалған жоқ және дозаны түзету қажет емес.

Рифабутин: Азитромицин мен рифабутинді бір мезгілде қолдану қан сарысуында осы препараттардың әрқайсысының концентрациясына ықпалын тигізбейді. Азитромицин мен рифабутинді бір мезгілде қолданғанда нейтропения жағдайлары байқалды. Нейтропения рифабутинді қолданумен астасса да, азитромицинмен біріктіріп қолданумен себептік байланысы анықталған жоқ.

Сильденафил: Азитромициннің (3 күн бойы күн сайын 500 мг) сильденафилдің және оның негізгі айналымдағы метаболитінің AUC және Cmax мәндеріне ықпалына дәлелдер табылған жоқ.

Терфенадин: Азитромицин мен терфенадин арасында өзара әрекеттесуге қатысты айғақтамалар жөнінде мәлімделген жоқ. Осындай өзара әрекеттесуді түгел жоққа шығаруға болмайтын жекелеген жағдайлар жөнінде мәлімделді, алайда өзара әрекеттесудің анықталғаны жөнінде нақты бір дәлелдер болған жоқ.

Теофиллин: Азитромицин мен теофиллинді бір мезгілде қолданғанда клиникалық тұрғыдан маңызды фармакокинетикалық өзара әрекеттесуіне дәлелдер табылған жоқ. Басқа макролидтермен өзара әрекеттескенде теофиллин деңгейі жоғарылауы мүмкін, сондықтан қан плазмасында теофиллин концентрациясын мұқият бақылап отыру қажет.

Триазолам: 1-ші күні 500 мг және 2-ші күні 250 мг азитромицинді 2-ші күні 0,125 мг триазоламмен бір мезгілде қолдану, триазолам мен плацебо қолданумен салыстырғанда, триазоламның фармакокинетикалық көрсеткіштеріне елеулі ықпалын тигізген жоқ.

Триметоприм/сульфаметоксазол: 7 күн бойы триметоприм/сульфаметоксазол (160 мг/800 мг) 1200 мг азитромицинмен бір мезгілде қолдану 7-ші күні ең жоғары шектегі концентрацияға, жалпы экспозицияға немесе триметопримның немесе сульфаметоксазолдың несеппен бірге шығарылуына елеулі ықпалын тигізген жоқ. Қан сарысуындағы азитромициннің концентрациялары басқа зерттеулерде байқалған концентрацияларға ұқсас болды. 

Айрықша нұсқаулар

Бауыр азитромицинді шығарудың негізгі жолы болып табылатындықтан, азитромицинді бауырдың ауыр сырқаттары бар емделушілерге абайлап тағайындаған жөн.

Бүйрек қызметінің ауыр жеткіліксіздігі бар (СКФ <10 мл/мин) емделушілерде азитромицинмен жүйелік шығарылудың 33% ұлғайғаны байқалды.

Азитромициннің осындай әсерін қарыншалық аритмиясы (соның ішінде пируэт) қаупі жоғарылаған емделушілерде толық жоққа шығаруға болмайды, сондықтан проаритмиялық жағдайда (әсіресе әйелдер және егде жастағы емделушілер), сондай-ақ мына емделушілерде емді абайлап тағайындаған жөн:

- Q-T аралығының ұзаруы іштен туа біткен немесе тіркелген

- Q-T аралығын ұзартатын басқа да дәрілік заттарды, мысалы аритмияға қарсы ІА класының (хинидин және прокаинамид) және III класының (дофетилид, амиодарон және соталол) препараттарын, цизаприд және терфенадин; мысалы, пимозид тәрізді психозға қарсы дәрілерді, циталопром сияқты антидепрессанттарды; және моксифлоксацин мен левофлоксацин сияқты фторхинолондарды қолданатын;

- электролиттік алмасуы бұзылған, әсіресе гипокалиемия және гипомагниемия жағдайында;

- клиникалық тұрғыдан релевантты брадикардиясы, жүрек аритмиясы немесе жүрек қызметінің ауыр бұзылулары бар.

Галактоза жақпаушылығы, Лапп лактаза жеткіліксіздігі немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы сияқты сирек тұқым қуалайтын аурулары бар емделушілерге бұл препаратты қолданбаған жөн.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Бас айналу, ұйқышылдық, көрудің нашарлауы және құрысу түріндегі ықтимал жағымсыз әсерлерді ескеріп, сақтық таныту қажет.

Артық дозалануы

Симптомдары: естудің қайтымды жоғалуы, жүректің айнуы, құсу және диарея.

Емі: симптоматикалық, организмнің тіршілік үшін маңызды функцияларын демеуге бағытталған

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті/ поливинилиденхлоридті үлбірден және лакталған баспалы алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 3 таблеткадан салынған.

Пішінді 1 қаптама медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.

Сақтау шарттары

25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханадан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

RAFARM S.A.

12 Korinthou str., 15451 N. Psihico, Афины, Греция

Тіркеу куәлігінің иесі

Welfar United LTD. Co.

Suite 2, 23-24 Great James Street, Лондон WC1N 3ES, Ұлыбритания

Тұтынушылардан өнім, тауар сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«WELFAR-KAZAKHSTAN» ЖШС

050026, Қазақстан Республикасы, Алматы қ-сы, Әйтеке би к-сі, 187

Телефон/Факс: +7 727 352 71 36

E-mail: info@welfar.kz

 

Прикрепленные файлы

046651511477976693_ru.doc 102.5 кб
754441251477977836_kz.doc 128 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники