Клопацин

МНН: Клопидогрел
Производитель: Ацино Фарма АГ
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Clopidogrel
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№122020
Информация о регистрации в РК: 21.01.2016 - 21.01.2021

Инструкция

Саудалық атауы

Клопацин 75 мг

Халықаралық патенттелмеген атауы

Клопидогрел

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.

Құрамы

Бір таблетка құрамында

белсенді зат - 111.85 мг клопидогрел бесилаты (75.00 мг клопидогрел негізі мөлшеріне баламалы).

қосымша заттар: макрогол 6000, микрокристалды целлюлоза, кросповидон, гидрогенизделген майсана майы, этилцеллюлоза, титанның қостотығы.

Сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, беткейі сәл дөңес, ақ немесе ақ дерлік түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, мәрмәрлігіне жол беріледі.

Фармакотерапиялық тобы

Антикоагулянттар. Тромбоциттер агрегациясының тежегіштері. Клопидогрел

АТХ коды В01АС04

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі

Күніне 75 мг дозада клопидогрел ішу арқылы бір рет және қайталап қабылдаудан кейін тез сіңеді. Өзгермеген клопидогрелдің (75 мг дозада ішу арқылы бір рет қабылдаудан кейін шамамен 2,2-2,5 нг/мл) орташа ең жоғары плазмалық концентрациялары қабылдаудан кейін шамамен 45 минуттан соң білінген. Несеппен бөлінетін клопидогрел метаболитін алып қарағанда, сіңуі 50%-дан кем емес.

Таралуы

Клопидогрел және қан ағымында болатын негізгі (белсенді емес) метаболит адам плазмасы протеиндерімен қайтымды байланыс түзеді (тиісінше, 98% және 94%). Байланысуы концентрациялардың кең диапазонында қанықпаған күйде болады.

Метаболизмі

Клопидогрел бауырда белсенді метаболизмге ұшырайды. Клопидогрел екі негізгі жолмен метаболизденеді: бірі эстеразалар арқылы және карбон қышқылының белсенді емес туындысы (қан ағымында болатын негізгі 85% метаболит) түзілетін гидролизге әкеледі, екіншісі әртүрлі Р450 цитохромдарымен жүзеге асады. Әуелі клопидогрел аралық метаболит – 2-оксо-клопидогрелге дейін метаболизденеді. Аралық 2-оксо-клопидогрел метаболитінің кейінгі метаболизмі белсенді метаболит – клопидогрелдің тиол туындысының түзілуіне алып келеді. Осы метаболизм жолы CYP3А4, CYP2С19, CYP1А2 және CYP2В6 арқылы жүреді. Белсенді тиол метаболиті тромбоциттер рецепторларымен тез және қайтымсыз байланысып, сол арқылы тромбоциттер агрегациясын бәсеңдетеді.

Белсенді метаболиттің Cmax мәні клопидогрелдің бір реттік 300 мг жүктеме дозасынан соң да, 75 мг демеуші дозасын қабылдаудан кейін де 4 апта ішінде 2 есе артады. Cmax қабылдаудан кейін шамамен 30-60 минуттан соң байқалады.

Шығарылуы

Клопидогрел қабылдаудан кейін шамамен 50% несеппен және енгізуден кейін 120 сағат ішінде шамамен 46% нәжіспен бөлініп шығады. Ішуге арналған бір реттік 75 мг дозадан соң клопидогрелдің жартылай шығарылу кезеңі шамамен 6 сағат құрайды. Қанда айналатын негізгі (белсенді емес) метаболиттің жартылай шығарылу кезеңі бір рет және қайталап қабылдаудан кейін 8 сағат құрайды.

Фармакогенетикасы

CYP2С19 белсенді метаболит ретінде де, аралық 2-оксо-клопидогрел метаболиті ретінде де түзілуге қатысады. Клопидогрел белсенді метаболитінің фармакокинетикасы және тромбоцитке қарсы әсерлері CYP2С19 генотипіне қарай өзгереді.

CYP2С19*1 аллель функционалдық метаболизмге толық сәйкес келеді, ал CYP2С19*2 және CYP2С19*3 аллельдері функционалдық емес болып табылады. CYP2С19*2 және CYP2С19*3 аллельдері еуропалық (85%) және азиялық (99%) баяу метаболизаторларда функциясы төмендеген аллельдердің көп бөлігін кепілдейді. Метаболизмнің болмауымен немесе төмендеуімен астасқан басқа аллельдер азырақ кездеседі және CYP2С19*4, *5, *6, *7 және *8 қамтылады. Баяу метаболизатор статусы бар пациентте, жоғарыда сипатталғандай, функциясын жоғалтқан екі аллель болады.

CYP2С19 баяу метаболизаторы генотиптерінің жиілігі еуропалықтар үшін 2%, африкалық нәсілдер үшін 4% және қытай тектестер үшін 14% шамасына сәйкес келеді. Пациенттің CYP2С19 генотипін анықтайтын тестілер бар.

Ультра жылдам, жылдам және орташа метаболизаторлар арасында белсенді метаболит экспозициясында және тромбоциттер агрегациясының орташа бәсеңдеуінде (ТАБ) елеулі айырмашылықтар байқалмаған. Баяу метаболизаторларда белсенді метаболит экспозициясы, жылдам метаболизаторлармен салыстырғанда, 63-71% төмен болды. Баяу метаболизаторларда 300 мг/75 мг дозалық режимін қолданудан кейін тромбоцитке қарсы жауап реакциясы төмен болды, осы орайда, жылдам метаболизаторлардағы 39% (24 сағат) және 58% (5 күн) және орташа метаболизаторлардағы 37% (24 сағат) және 60% (5 күн) ТАБ-мен салыстырғанда, орташа ТАБ (5 мкМ АДФ) 24% (24 сағат) және 37 % (5 күн) құрады. Баяу метаболизаторлар 600 мг/150 мг режимінде болса, белсенді метаболитпен экспозиция 300 мг/75 мг режиміндегіден көбірек болды. Бұдан басқа, ТАБ 32% (24 часа) және 61% (5 күн) құрады, бұл 300 мг/75 мг режимінде жүрген баяу метаболизаторлардағыдан көбірек болып, 300 мг/75 мг режимінде жүрген CYP2С19 метаболизаторлар топтарына ұқсас болды. Науқастардың осы қауымына тиісті дозалық режим белгіленбеген.

Белсенді метаболитпен экспозиция, жылдам метаболизаторлармен салыстырғанда, тромбоциттер агрегациясы (5 мкМ АДФ), тиісінше, 5,9% және 21,4% ТАБ айырмасымен төмендегенде, орташа метаболизаторларда 28% және баяу метаболизаторларда 72% төмендеді.

Ерекше қауымдар

Осы ерекше қауымдардағы клопидогрел белсенді метаболитінің фармакокинетикасы (бауыр және бүйрек функциясының бұзылуымен) белгісіз.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Күніне 75 мг клопидогрелдің қайталама дозаларынан соң бүйрек ауруы ауыр пациенттердегі (креатинин клиренсі 5-тен 15 мл/мин дейін) АДФ (аденозиндифосфат) туындатқан тромбоциттер агрегациясының бәсеңдеуі дені сау тұлғалардағыдан әлсіздеу (25%) болып, бірақ қан кету уақытының ұзаруы күніне 75 мг клопидогрел алған дені сау тұлғаларда байқалуына ұқсас болды. Бұдан басқа, науқастардың бәрінде клиникалық көтерімділігі жақсы болды.

Бауыр функциясының бұзылуы

Бауыр функциясының бұзылуы ауыр науқастарда 10 күн бойына күніне 75 мг клопидогрелдің қайталама дозаларынан соң АДФ туындатуымен тромбоциттер агрегациясының бәсеңдеуі дені сау тұлғаларда байқалуына ұқсас болды. Екі топта да қан кету уақытының орташа ұзаруы ұқсас болды.

Клопидогрел метаболизмінің орташа және баяу статусы бар пациенттер

Этникалық тегіне қарай, CYP2С19 орташа және баяу метаболизмінің нәтижесінде болатын CYP2С19 аллельдерінің басымдылығы әртүрлі болды. Әдебиетте клиникалық нәтиже құбылыстарына аталған CYP генотиптелуінің клиникалық көріністерін бағалауға болатындай азиялық халықтар өкілдеріне қатысты деректер саны шектеліп берілген.

Фармакодинамикасы

Клопидогрел – әсер етуші зат ізашары, метаболиттерінің бірі тромбоциттер агрегациясының тежегіші болып табылады. Клопидогрел CYP450 энзимдері арқылы метаболизмге ұшырайды, нәтижесінде тромбоциттер агрегациясын бәсеңдететін белсенді метаболит түзіледі. Клопидогрел белсенді метаболиті оның Р2Y12 тромбоцитарлық рецепторымен аденозиндифосфаттың (АДФ) байланысуын және кейіннен АДФ туындататын GPIIb/IIIa гликопротеин кешенінің белсенділенуін селективті тежеп, сол арқылы тромбоциттер агрегациясын бәсеңдетеді. Әсерге ұшыраған тромбоциттер қайтымсыз байланысу салдарынан өз тіршілігінің бүкіл қалған мерзімінде зақымданады (шамамен, 7-10 күн), ал тромбоциттердің қалыпты функциясына оралуы тиісті тромбоцитарлық циклға сәйкес жылдамдықпен жүзеге асады. АДФ-тан өзгеше агонистер туындататын тромбоциттер агрегациясы да босап шыққан АДФ әсерімен жүзеге асатын тромбоциттер белсенділенуінің күшеюін бөгеу жолымен бәсеңдейді.

Белсенді метаболит кейбіреуі полиморфты немесе басқа дәрілік қосылыстармен бәсеңдейтін CYP450 энзимдерінің көмегімен түзілетіндіктен, тромбоциттердің бәсеңдеу дәрежесі науқастардың бәрінде бірдей жеткілікті болмайды.

Күніне 75 мг қайталама дозалары бірінші күннен-ақ АДФ туындатуымен тромбоциттер агрегациясының елеулі бәсеңдеуіне әкелді. Тежеу әсері үдемелі күшейіп, тепе-тең жағдайға 3-7 күннен соң жетті. Тепе-тең жағдай сатысында күніне 75 мг дозасында байқалған орташа тежеліс деңгейі 40%-тан 60% дейін құрады. Тромбоциттер агрегациясы және қан кету уақыты емдеуді тоқтатудан кейін, әдетте, 5 күннен соң, біртіндеп бастапқы деңгейге оралды.

Қолданылуы

Атеротромбоздық оқиғалар профилактикасы

- миокард инфарктісінен (бірнеше күннен бастап 35 күннен аз уақытқа дейін), ишемиялық инсульттен (7 күннен 6 айдан аз уақытқа дейін) зардап шегетін ересек науқастар немесе шеткергі артериялар ауруы диагностикаланған науқастар

- жедел коронарлық жеткіліксіздік синдромынан зардап шегетін ересек науқастар:

- ST сегментінің көтерілуінсіз жедел коронарлық жеткіліксіздік синдромы (тұрақсыз стенокардия немесе Q тісінсіз миокард инфарктісі), соның ішінде коронарлық тамырларға тері арқылы араласу барысында коронарлық стент орнатылған науқастарға, ацетилсалицил қышқылымен (АСҚ) біріктіріп;

- тромболизистік ем жүргізуге жарамды, дәрі-дәрмектік емде жүрген науқастарда ST сегментінің көтерілуімен жедел миокард инфарктісінде АСҚ-мен біріктіріп;

Жыпылықтағыш аритмия кезіндегі атеротромбоздық және тромбоэмболиялық оқиғалар профилактикасы

- тамыр ауруының, ең болмаса, бір қауіп факторы бар жыпылықтағыш аритмиямен науқастар, К витамині антагонистерін (АВК) көтере алмаушылығы бар және қан кету қаупі жоғары емес науқастарда, ми инсультін қоса, атеротромбоздық және тромбоэмболиялық оқиғалардан сақтану үшін, АСҚ-мен біріктіріп.

 

Қолдану тәсілі және дозалары

Ішке қабылдауға.

Ересектер және егде жастағы науқастар

Клопидогрел тәулігіне бір рет 75 мг-ден қабылдану керек. Ас ішуге байланыссыз қабылдауға болады.

Жедел коронарлық жеткіліксіздік синдромынан зардап шегетін науқастарда:

- ST сегментінің көтерілуінсіз жедел коронарлық жеткіліксіздік синдромы (тұрақсыз стенокардия немесе Q тісінсіз миокард инфарктісі): клопидогрелмен емдеу бір реттік 300 мг жүктеме дозадан басталып, артынан тәулігіне бір рет 75 мг дозамен (тәулігіне 75-325 мг дозада ацетилсалицил қышқылымен) жалғастырылуы тиіс. Аса жоғары АСҚ дозалары жоғары қан кету қаупімен қатар жүретіндіктен, АСҚ дозасын 100 мг-ден асырмау ұсынылады. Оңтайлы емдеу ұзақтығы ресми белгіленбеген. Клиникалық зерттеу деректері препаратты 12 айға дейін қолдануға негіз бола алады, ең жоғары оң әсері 3 ай емделген соң байқалады.

- ST сегментінің көтерілуімен жедел миокард инфарктісі: клопидогрел АСҚ және басқа да тромболизистік дәрілермен біріктіріліп немесе оларсыз 300 мг жүктеме дозасынан бастап, тәуліктік 75 мг тең бір реттік дозада қабылдану керек. Клопидогрелмен емдеуді 75 жастан асқан науқастарда жүктеме дозасыз бастау керек. Біріктірілген емді симптомдар білінген соң мүмкіндігінше ертерек бастап, кем дегенде, 4 апта бойы жалғастырған жөн. Осы ауру кезінде клопидогрелдің АСҚ-мен біріктірілімімен емдеудің 4 аптадан кейінгі әсері зерттелмеген («Фармакодинамикасын» қараңыз).

Жыпылықтағыш аритмиямен науқастарға клопидогрел бір реттік 75 мг тең тәуліктік дозада тағайындалу керек. АСҚ (тәулігіне 75-325 мг) қабылдауды бастап, оны клопидогрелмен біріктіріп қолдануды жалғастырған жөн («Фармакодинамикасын» қараңыз).

Егер дозаны өткізіп алса:

- дәрі қабылдаудың әдетте жоспарланған уақытынан соң 12 сағаттан аз өтсе: науқастарға дозаны дереу қабылдап, одан кейін келесі дозаны дәрі қабылдаудың әдетте жоспарланған уақытында қабылдау керек

- 12 сағаттан көп өтсе: науқастарға келесі дозаны дәрі қабылдаудың әдетте жоспарланған уақытында қабылдау керек, бірақ екі есе дозаны қабылдауға болмайды.

Педиатрияда қолдану

Клопидогрелді балаларда қолдануға болмайды, өйткені препаратты балаларда қолданудың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы ақпарат жоқ.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Бүйрек функциясы бұзылған науқастарды емдеу тәжірибесі шектеулі («Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

Бауыр функциясының бұзылуы

Препаратты қолданудың емдік тәжірибесі геморрагиялық диатез дамуы мүмкін бауыр жеткіліксіздігі орташа пациенттермен шектеледі.

Жағымсыз әсерлері

Қан кету клиникалық зерттеулерде де, постмаркетингтік кезеңде де тіркелген ең жиі реакция болып табылады.

Туындау жиілігіне сәйкес мына санаттарға бөлінген: өте жиі (≥ 1/10), жиі (≥ 1/100-ден < 1/10 дейін), жиі емес (≥ 1/1 000-нан < 1/100 дейін); сирек (≥ 1/10 000-нан < 1/1 000 дейін), өте сирек (< 1/10 000), жиілігі белгісіз (қолда бар деректер бойынша қолайсыз құбылыстың даму жиілігін анықтау мүмкін емес).

Төменде жүйе-ағза класына және олардың туындау жиілігіне сәйкес қолайсыз әсерлері берілген:

Гематологиялық бұзылулар

Жиі емес: тромбоцитопения, лейкопения, эозинофилия.

Сирек: нейтропения, ауыр нейтропенияны қоса.

Өте сирек: тромбоздық тромбоцитопениялық пурпура (ТТП), апластикалық анемия, панцитопения, агранулоцитоз, ауыр тромбоцитопения, жүре пайда болған А гемофилиясы, гранулоцитопения, анемия.

Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар

Өте сирек: сарысу құю ауруы, анафилактоидтық реакциялар.

Жиілігі белгісіз: басқа тиенопиридиндерге (мысалы, тиклопидинге, прасугрелге) айқаспалы аса жоғары сезімталдық.

Психикалық бұзылулар

Өте сирек: елестеулер, сананың шатасуы.

Орталық және шеткергі жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар

Жиі емес: бассүйекішілік қан кету (өліммен аяқталған кейбір жағдайлар хабарланған), бас ауыру, парестезия, бас айналу.

Өте сирек: дәм сезудің нашарлауы.

Көз/көру ағзалары тарапынан бұзылыстар

Жиі емес: көзге қан құйылу (конъюнктивалық, көзішілік, торқабыққа қан құйылу)

Құлақ/есту ағзалары және құлақ лабиринті тарапынан бұзылыстар

Сирек: вертиго (вестибулярлы бас айналу)

Тамыр бұзылулары

Жиі: гематома

Өте сирек: күрделі қан кету жағдайлары, операциядан кейінгі жарақаттан қан кету, васкулит, артериялық гипотония.

Тыныс алу жүйесі тарапынан бұзылулар

Жиі: мұрыннан қан кету

Өте сирек: респираторлық жолдан қан кету (қан түкіру, өкпеден қан кету), бронх түйілу, интерстициальді пневмонит, эозинофильді пневмония.

Асқазан-ішек бұзылулары

Жиі: асқазан-ішектен қан кету, диарея, іштің ауыруы және диспепсия.

Жиі емес: асқазанның немесе он екі елі ішектің ойық жарасы, гастрит, жүрек айну, құсу, іш қату, метеоризм.

Сирек: ретроперитонеальді қан кетулер.

Өте сирек: өліммен аяқталатын асқазан-ішектен және ретроперитонеальді қан кетулер, панкреатит, колит (соның ішінде, ойық жаралы және лимфоциттік), стоматит.

Гепатобилиарлы бұзылулар

Өте сирек: жедел бауыр жеткіліксіздігі, гепатит, бауыр функциясы талдауларының патологиялық көрсеткіштері.

Тері және тері асты тіндері тарапынан бұзылулар

Жиі: жарақатты соғылу.

Жиі емес: бөртпе, қышыну, терішілік қан құйылу (пурпура)

Өте сирек: буллезді дерматит (уытты эпидермалық некролиз, Стивенс-Джонсон синдромы, многоформалы эритема), ангиоэдема, аса жоғары сезімталдық синдромының дамуы, эозинофилиямен және жүйелік симптомдармен (DRESS-синдром) болатын дәрілік бөртпені қоса, эритематозды бөртпе, есекжем, экзема, қызыл жалпақ теміреткі.

Тірек-қимыл аппараты тарапынан бұзылулар

Өте сирек: қаңқа-бұлшықеттерге қан құйылу (гемартроз), артрит, артралгия, миалгия.

Несеп бөлу жүйесі тарапынан бұзылулар

Жиі емес: гематурия

Өте сирек: гломерулонефрит, қандағы креатинин деңгейінің көтерілуі.

Жалпы бұзылулар

Жиі: пункция орнынан қан кету

Өте сирек: қызба.

Зерттеулер

Жиі емес: қан кетудің ұзаққа созылуы, қандағы нейтрофильдер мен тромбоциттер санының азаюы

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- әсер етуші затқа немесе қосымша заттардың кез келгеніне жоғары сезімталдық

- бауыр функциясының ауыр бұзылуы

- пептидтік ойық жарадан қан кету сияқты жедел қан кету немесе бассүйекішілік қан құйылу

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Ішуге арналған антикоагулянттар: клопидогрелді ішуге арналған антикоагулянттармен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды, өйткені аталған біріктірілім қан кетуді күшейтуі мүмкін («Айрықша нұсқауларын» қараңыз). Тәулігіне 75 мг клопидогрел қабылдаудың S-варфарин фармакокинетикасы мен халықаралық қалыптасқан қатынасты (ХҚҚ) өзгертпегеніне қарамастан, варфаринмен емді ұзақ уақыт қабылдаған науқастарда клопидогрел мен варфаринді бір мезгілде қолдану екі препараттың да гемостазға көрсететін әсерлері салдарынан қан кету қаупін арттырады.

IIb/IIIа гликопротеин тежегіштері: клопидогрел IIb/IIIа гликопротеин тежегіштерін бір мезгілде алатын науқастар жағдайында сақтықпен қолданылу керек («Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

Ацетилсалицил қышқылы (АСҚ): АСҚ клопидогрелден болатын АДФ индукциялаған тромбоциттер агрегациясын өзгертпейді, алайда клопидогрел коллагенмен индукцияланған тромбоциттер агрегациясына АСҚ әсерін күшейтеді. Дегенмен де, бір мезгілде тәулік бойына күніне екі рет 500 мг АСҚ қабылдау клопидогрел қабылдаудан болатын қан кету уақытының елеулі ұзаруын туындатпаған. Клопидогрел мен ацетилсалицил қышқылының арасында қан кету қаупінің артуына апаратын фармакодинамикалық өзара әрекеттесу болуы мүмкін. Демек, бұл препараттарды бір мезгілде абайлап қолдану керек («Айрықша нұсқауларын» қараңыз). Дегенмен де, клопидогрел мен АСҚ тура бір жылға дейін бірге тағайындалған («Фармакодинамикасын» қараңыз).

Гепарин: клопидогрел гепарин дозасын өзгертуді қажет етпеген немесе гепариннің қан ұюына тигізетін әсеріне ықпал етпеген. Бір мезгілде гепарин қолдану клопидогрелден болатын тромбоциттер агрегациясының бәсеңдеуіне ықпал етпейді. Клопидогрел мен гепарин арасында қан кету қаупінің жоғарылауына апаратын фармакодинамикалық өзара әрекеттесу болуы мүмкін. Демек, бұл препараттар бір мезгілде абайлап қолданылуы тиіс («Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

Тромболизистік дәрілер: жедел миокард инфарктісімен науқастарға клопидогрелді фибринспецификалық және фибринспецификалық емес тромболизистік дәрілермен және гепариндермен бірге қолдану қауіпсіздігі зерттелмеген. Клиникалық мәнді қан кетулер жиілігі тромболизистік дәрілер мен гепаринді АСҚ-мен бірге қолдану кезінде байқалуына ұқсас болды («Жағымсыз әсерлерін» қараңыз).

Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер (ҚҚСД): клопидогрел мен напроксенді бірге қолдану асқазан-ішек жолынан жасырын қан жоғалтуын арттырды. Алайда, басқа ҚҚСД-мен өзара әрекеттесуіне қатысты жеткілікті клиникалық зерттеулердің болмауына орай, қазіргі уақытта барлық ҚҚСД үшін асқазан-ішектен жоғары қан кету қаупінің тән екені-еместігі анық емес. Демек, бір мезгілде ҚҚСД (соның ішінде ЦОГ-2 тежегіштерін) және клопидогрел қолдану сақтануды талап етеді («Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

СККСТ: Серотонинді кері қармаудың селективті тежегіштері (СККСТ) тромбоциттер агрегациясына ықпал етіп, қан кету қаупін арттыратындықтан, СККСТ және клопидогрел біріктірілімін абайлап қолдану қажет.

Бір мезгілде жүргізілген басқа ем: клопидогрел өзінің белсенді метаболитіне дейін ішінара CYP2С19 арқылы метаболизденетіндіктен, осы энзим белсенділігін бәсеңдететін дәрілік заттар қолдану клопидогрел белсенді метаболитінің дәрілік концентрацияларының төмендеуіне әкелуі күтіледі. Осы өзара әрекеттесудің клиникалық мәні түсініксіз. Алдын ала сақтану шарасы ретінде CYP2С19 бәсеңдететін дәрілік заттарды бір мезгілде қолданудан бас тарту керек.

CYP2С19 бәсеңдететін дәрілік препараттарға омепразол және эзомепразол, флувоксамин, флуоксетин, моклобемид, вориконазол, флуконазол, тиклопидин, ципрофлоксацин, циметидин, карбамазепин, окскарбазепин және хлорамфеникол жатады.

Протон помпасы тежегіштері (ППТ): клопидогрелмен бір мезгілде немесе екі дәрілік препаратты қабылдау арасында 12-сағаттық аралықты сақтаумен қабылданған тәулігіне бір рет 80 мг дозадағы омепразол белсенді метаболит экспозициясын 45% (жүктеме доза) және 40% (демеуші доза) төмендетті. Төмендеу тромбоциттер агрегациясының 39% (жүктеме доза) және 21% (демеуші доза) бәсеңдеуін төмендетумен байланысты болды. Клопидогрелмен бір мезгілде қабылданған эзомепразолдың белсенді метаболит экспозициясының төмендеуіне де әкелуі күтіледі.

Маңызды кардиоваскулярлық оқиғаларда көрініс беретін осы фармакокинетикалық (ФК)/фармакодинамикалық (ФД) өзара әрекеттесудің клиникалық мәні туралы қарама-қайшы деректер әрі бақылау, әрі клиникалық зерттеулерде де ұсынылды. Алдын ала сақтану шаралары ретінде клопидогрелмен бір мезгілде омепразол немесе эзомепразол қолдануға болмайды («Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

Пантопразол және лансопразол жағдайында метаболит экспозициясының айқындылығы аз төмендеулері байқалды.

Күніне бір рет 80 мг дозадағы пантопразолмен емделу кезінде белсенді метаболиттің плазмалық концентрациялары 20% (жүктеме доза) және 14% (демеуші доза) төмендеді. Бұл тромбоциттер агрегациясы орташа тежелісінің, тиісінше, 15% және 11% төмендеуімен қатар жүрген. Бұл нәтижелер клопидогрелді пантопразолмен бірге қолдануға болатынын білдіреді.

Н2-рецепторлар блокаторлары (CYP2С19 тежегіші болып табылатын циметидинді қоспағанда) мен антацидтер сияқты, асқазандағы қышқылдылықты төмендететін басқа дәрілік заттардың клопидогрелдің тромбоцитке қарсы белсенділігіне ықпал етуінің дәлелдері жоқ.

Басқа да дәрілік препараттар: клопидогрелді атенололмен немесе нифедипинмен немесе осы екі затпен де бірге қолдану кезінде клиникалық маңызды фармакодинамикалық өзара әрекеттесу байқалмаған. Бір мезгілде фенобарбитал немесе эстроген қолдану клопидогрелдің фармакодинамикалық белсенділігіне елеулі ықпалын тигізбеген.

Дигоксин мен теофиллин фармакокинетикасы клопидогрел бір мезгілде қолданылғанда өзгермеген.

Антацидті дәрілер клопидогрелдің сіңірілу дәрежесін өзгертпеген.

CYP2С9 арқылы метаболизденетін фенитоин мен толбутамидті клопидогрелмен бір мезгілде қауіпсіз қолдануға болады.

Жоғарыда аталған дәрілік заттармен өзара әрекеттесуіне қатысты ақпараттан басқа, әдетте, атеротромбоздық аурулары бар пациенттерде қолданылатын дәрілік заттармен бір мезгілде клопидогрел қолдану кезіндегі өзара әрекеттесуіне қосымша зерттеулер жүргізілмеген. Алайда, клиникалық сынақтарға қатысатын пациенттер клопидогрелмен бір мезгілде диуретиктер, бета-блокаторлар, АӨФ (ангиотензин өзгертуші фермент) тежегіштері, кальций антагонистері, холестерин мөлшерін төмендететін дәрілер, коронарлық тамыр кеңейтетін дәрілер, диабетке қарсы дәрілер (инсулинді қоса), эпилепсияға қарсы дәрілер және GPIIb/IIIa антагонистері қамтылатын басқа да әртүрлі дәрілік заттарды алды. Бұл пациенттерде клиникалық мәнді қолайсыз өзара әрекеттесулер байқалмаған.

Айрықша нұсқаулар

Қан кетулер және гематологиялық бұзылулар

Емделу кезіндегі қан кету және гематологиялық қолайсыз реакциялар қаупіне орай, қан кетуін көрсететін клиникалық симптомдар білінгенде бірден жалпы қан талдауын жасау және/немесе басқа да тиісті талдаулар өткізу керек («Жағымсыз әсерлерін» қараңыз). Басқа да тромбоцитке қарсы дәрілер сияқты, клопидогрел жарақаттанумен, хирургиялық немесе басқа да патологиялық жай-күйлермен байланысты қатты қан кету қаупіне ұшырауы мүмкін науқастар жағдайында, сондай-ақ АСҚ, гепарин, IIb/IIIа гликопротеин тежегіштерімен немесе ЦОГ-2 тежегіштерін қоса, қабынуға қарсы стероидты емес дәрілермен (ҚҚСД) емделіп жүрген науқастар жағдайында абайлап қолданылу керек. Науқастарда, әсіресе, емдеудің алғашқы апталарында және/немесе жүрекке жасалатын инвазиялық емшаралардан немесе хирургиялық араласудан соң, жасырын қан кетуді қоса, қан кетудің кез келген белгілерінің бар-жоғын мұқият бақылау қажет. Клопидогрелді ішуге арналған антикоагулянттармен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды, өйткені бұл қан кетуді күшейтуі мүмкін («Дәрілермен өзара әрекеттесуін» қараңыз).

Егер науқасқа элективті хирургиялық араласу жасалатын болса, әрі тромбоцитке қарсы әсер уақытша қалаусыз болса, клопидогрел қабылдауды операцияға дейін 7 күн бұрын тоқтату керек. Кез келген жоспарланған операцияның және кез келген жаңа дәрілік препаратты қабылдаудың алдында науқастар терапевттер мен стоматологтарға өздерінің клопидогрел қабылдап жүргенін ескертуі тиіс.

Клопидогрел қан кетуге (әсіресе, асқазан-ішектен және көзішілік) бейімдейтін патологиялық өзгерістері бар науқастарда қан кету уақытын ұзартады және сақтықпен қолданылуы тиіс.

Науқастарды Клопацин (өзін немесе АСҚ-мен біріктіріп) қабылдау кезінде қан кетуді тоқтату үшін көп уақыт қажет екенінен, ал егер оларда болжанбаған қан кету (орналасуы немесе ұзақтығы бойынша) туындаса, өз емдеуші дәрігеріне мәлімдеу керектігінен хабардар ету керек.

Тромбоздық тромбоцитопениялық пурпура (ТТП)

Өте сирек, Клопацин қолданудан кейін, ал кейде ұзаққа созылмаған экспозициядан соң да тромбоздық тромбоцитопениялық пурпура (ТТП) жағдайлары болды. Ол неврологиялық өзгерістермен, бүйрек дисфункциясымен немесе қызбамен қатар жүретін тромбоцитопениямен және микроангиопатиялық гемолиздік анемиямен сипатталады. ТТП, плазмаферезді қоса, шұғыл емдеуді талап ететін өмірге қатерлі жағдай болып табылады.

Жүре пайда болған гемофилия

Клопидогрел қолданудан кейін жүре пайда болған гемофилия дамыған жағдайлар болды. Қан кетумен бірге немесе онсыз ішінара белсенділенген тромбопластин уақытының (іБТУ) оқшау ұзаруы расталған жағдайда жүре пайда болған гемофилияның болу мүмкіндігін қарастыру қажет. «Жүре пайда болған гемофилия» диагнозы расталған пациенттерді емдеуді маман-дәрігерлер атқаруы тиіс. Бұл жағдайда клопидогрел қолдану тоқтатылу керек.

Жедел ишемиялық инсульт

Деректердің болмауына орай, Клопацинді жедел ишемиялық инсульттен кейінгі алғашқы 7 күнде ұсынуға болмайды.

Р450 2С19 цитохромы (CYP2С19)

Фармакогенетикасы: CYP2С19 баяу метаболизаторлары болып табылатын науқастар жағдайында, клопидогрелде ұсынылған дозаларында белсенді метаболиттер аз түзіледі, ал ол тромбоциттер функциясына аз әсер көрсетеді. Науқастарда CYP2С19 генотипін анықтауға арналған тестілер бар.

Белсенді метаболит түзілетін клопидогрел метаболизмі ішінара CYP2C19 арқылы жүретіндіктен, осы ферментті тежейтін дәрілік заттарды қолдану, бәрінен ықтималды түрде, белсенді метаболит концентрациясының төмендеуіне әкеледі. Осы өзара әрекеттесудің клиникалық мәні белгісіз. Алдын ала сақтану шарасы ретінде, CYP2C19 күшті немесе орташа тежегіштерін бір мезгілде қолданбау қажет.

Басқа тиенопиридиндермен айқаспалы реактивтілік

Клопидогрел қолданар алдында пациенттің сыртартқысында тиенопиридиндерге (клопидогрел, тиклопидин, прасугрел сияқты) жоғары сезімталдығының бар-жоғын тексеру қажет. Өйткені осы топ препараттары арасындағы айқаспалы реактивтілік жағдайлары белгілі. Тиенопиридиндер ауырлығы жеңілден ауыр дәрежеге дейінгі бөртпе, ангионевроздық ісіну сияқты аллергиялық реакциялар немесе тромбоцитопения мен нейтропения сияқты гематологиялық айқаспалы реакциялар туындатуы мүмкін. Тиенопиридиндердің біріне аллергиялық және/немесе гематологиялық реакциясы бұрын байқалған пациенттер басқа тиенопиридинге деген осындай немесе басқа да аллергиялық реакциялардың жоғары даму қаупіне бейім келеді. Сыртартқысында тиенопиридиндерге аллергиясы бар пациенттерде жоғары сезімталдық симптомдарының білінуі тұрғысынан мониторинг өткізу қажет.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Бүйрек функциясы бұзылған науқастарды Клопацинмен емдеу тәжірибесі шектеулі. Демек, осындай науқастар жағдайында Клопацин сақтықпен қолданылу керек.

Бауыр функциясының бұзылуы

Геморрагиялық диатезге бейім ауырлығы орташа дәрежедегі бауыр функциясының бұзылуы бар науқастарда препаратты қолдану тәжірибесі шектеулі. Осыған орай, бұл қауымда Клопацин абайлап қолданылуы тиіс.

Қосымша заттар

Бұл дәрілік препарат құрамында асқазан бұзылысы мен диареяны туғызуы мүмкін гидрогенделген майсана майы бар.

Педиатрияда қолдану

Клопацинді балалар мен 18 жасқа толмаған жасөспірімдерде қолдану қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Жүктілік және лактация кезеңі

Жүктілік кезіндегі клопидогрел әсері туралы клиникалық деректердің болмауына орай, алдын ала сақтану шарасы ретінде жүктілік кезінде клопидогрел қолданбаған дұрыс.

Клопидогрелдің адамның емшек сүтіне өтуі белгісіз. Клиникаға дейінгі зерттеулер клопидогрелдің адамның емшек сүтіне өтетінін көрсеткен. Алдын ала сақтану шарасы ретінде, Клопацинмен емделу кезінде бала емізуді жалғастыруға болмайды.

Фертильділік

Клиникаға дейінгі зерттеулерде клопидогрелдің фертильділікке ықпал етпейтіні дәлелденген.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Клопидогрел көлік құралын немесе аса қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал етпейді немесе өте мардымсыз ықпал етеді.

Артық дозалануы

Симптомдары: клопидогрел қабылдаудан кейін артық дозалану қан кету уақытының ұзаруына және кейінгі қан кету асқынуларына әкелуі мүмкін.

Емі: қан кету жағдайында тиісті ем қажет болуы мүмкін. Клопидогрел фармакологиялық белсенділігінің у қайтарғысы табылмаған. Егер қан кету уақытының ұзаруын тез түзету қажет болса, тромбоциттер трансфузиясы клопидогрел әсерлерін тоқтатуы мүмкін.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Екі қабатты алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты блистерлерге

14 таблеткадан салады.

Медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге пішінді 2 (28) немесе 6 (84) қаптамадан картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Ылғалдан қорғау үшін түпнұсқалық қаптамада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Ацино Фарма АГ, Бирсвег 2, 4253 г. Лисберг, Швейцария.

Тіркеу куәлігінің иесі

Ацино Фарма АГ, Бирсвег 2, 4253 г. Лисберг, Швейцария.

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

ҚР өкілдігі: «Медиал Ди энд Пи ЛТД» Мекенжайы:  050050 Алматы қ.,

Темекі зауыты к-сі, 20, тел. +77273307552/13, факс – +77273307512.

 

Прикрепленные файлы

346668181477976300_ru.doc 115.5 кб
353901771477977544_kz.doc 153 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники