Имицил - Элеас

МНН: Имипенем, Циластатин
Производитель: Элеас ПФК ТОО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Imipenem в комбинации с ингибиторами бета-лактамаз
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-3№019980
Информация о регистрации в РК: 14.07.2016 - 14.07.2021
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 6 479.51 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Имицил-Элеас

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік атауы

Инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған ұнтақ, 500 мг/500 мг

Құрамы

Бір құтының ішінде:

белсенді заттар: 500.0 мг имипенем (сусыз имипенемге шаққанда),

500.0 мг циластатин натрий (циластатинге шаққанда),

қосымша зат - натрий гидрокарбонаты – 21.0 мг

Сипаттамасы

Ақ немесе ашық-сары түсті ұнтақ

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі пайдалануға арналған бактерияға қарсы препараттар.

Бактерияға қарсы басқа да бета-лактамды препараттар.

Карбапенемдер. Имипененем және дегидропептидаза тежегіші.

АТХ коды J01DH51

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Имипенем

Таралуы

Дені сау еріктілерде препараттың 20 минут ішіндегі көктамырішілік (к/і) инфузиясы 250 мг дозасында 12-20 мкг/мл, 500 мг дозасында 21-58 мкг/мл және 1 000 мг дозасында 41-83 мкг/мл диапазонымен қан плазмасында имипенемнің жоғары шекті концентрацияларына жетумен қатар жүреді. Қан плазмасындағы имипенемнің орташа ең жоғары концентрациясы 250, 500 және 1 000 мг дозаларда к/і енгізуден кейін, тиісінше, 17, 39 және 66 мкг/мл құрады. Осы дозаларда қан плазмасындағы имипенем концентрациясы 4-6 сағаттан соң 1 мкг/мл дейін төмендеді.

Препаратты 1 г дозада к/і енгізуден кейін имипенем концентрациясының мынадай орташа мәндері (өлшеу енгізуден кейін 1 сағаттан соң жүргізілді) адам организмінің келесі тіндері мен сұйықтықтарында анықталды:

Тін немесе сұйықтық

Орташа имипенем концентрациялары,

мкг/мл немесе мкг/г

Диапазон

Көз алмасының шыны тәрізді денесі

3.4 (енгізуден кейін 3.5 сағат)

2.88-3.6

Көзішілік сұйықтық

2.99 (енгізуден кейін 2 сағат)

2.4-3.9

Өкпе тіні

5.6 (орташа мәні)

3.5-15.5

Қақырық

2.1

-

Плевра сұйықтығы

22.0

-

Перитонеальді сұйықтық

23.9±5.3 (енгізуден кейін 2 сағат)

-

Өт

5.3 (енгізуден кейін 2.25 сағат)

4.6-6.0

Ликвор (қабынусыз)

1.0 (енгізуден кейін 4 сағат)

0.26-2.0

Ликвор (қабынумен)

2.6 (енгізуден кейін 2 сағат)

0.5-5.5

Фаллопий түтіктері

13.6

-

Эндометрий

11.1

-

Миометрий

5.0

-

Сүйек тіні

2.6

0.4-5.4

Интерстициальді сұйықтық

16.4

10.0-22.6

Тері

4.4

табылған жоқ

Дәнекер тін

4.4

т/ж

Имипенемнің адамда қан сарысуының протеиндерімен байланысуы 20% жуық құрайды.

Метаболизмі және шығарылуы

Циластатинсіз қолданғанда имипенем дегидропептидаза-1 арқылы бүйректе метаболизденеді. Бірнеше зерттеулер деректеріне сай, 15-20% орташа шығарылу көрсеткішімен әркімде несеппен шығарылуы 5-40% құрайды. Циластатин имипенемнің метаболизмін тиімді тежейтін дегидропептидаза-1 ферментінің спецификалық тежегіші болып табылады, сондықтан имипенем мен циластатинді бір мезгілде қолданғанда имипенем бактерияға қарсы емдік деңгейлеріне несепте де, қан плазмасында да жетеді.

Қан плазмасынан имипенемнің жартылай шығарылу кезеңі 1 сағат құрайды. Енгізілген препараттың 70% шамасы 10 сағат ішінде өзгеріссіз күйде несеппен шығарылады, одан кейін әріқарай имипенемнің несеппен шығарылуы байқалмайды. Имипенемнің несептегі ˃ 10 мкг/мл концентрациясы препаратты 500 мг дозада қолданудан кейін 8 сағат бойы сақталады. Енгізілген дозаның қалған бөлігі белсенді емес метаболиттер түрінде несеппен шығарылады. Имипенемнің нәжіспен шығарылуы іс жүзінде нөлге теңеседі. Бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде препаратты сызба бойынша әр 6 сағат сайын қолданғанда қан плазмасында немесе несепте имипенем жиналуы анықталмаған.

Циластатин

Препаратты к/і енгізуден кейін 20 минуттан соң плазмадағы циластатиннің жоғары шекті деңгейлері 250 мг/250 мг доза үшін 21-26 мкг/мл, 500 мг/500 мг доза үшін 21-55 мкг/мл және 1 000 мг/1 000 мг доза үшін 56-88 мкг/мл диапазонында болды. Циластатиннің жоғары шекті деңгейлерінің орташа мәні 250 мг/250 мг, 500 мг/500 мг және 1 000 мг/1 000 мг дозаларын енгізуден кейін, тиісінше, 22, 42 және 72 мкг/мл құрады.

Метаболизмі және шығарылуы

Циластатиннің плазмада жартылай ыдырау кезеңі шамамен 1 сағат құрады. Циластатин дозасының 70-80% шамасы препаратты енгізуден кейін 10 сағаттан соң өзгеріссіз күйде несеппен шығарылады. Дозаның 10% шамасы дегидропептидазаны тежейтін N-ацетил метаболитіне айналады. Бүйректегі дегидропептидаза-1 белсенділігі циластатин қан ағымынан шығарылған соң қысқа кезеңде қалыпты деңгейлеріне оралады.

Фармакокинетика ерекшеліктері

Бүйрек жеткіліксіздігі Имицил-Элеас препаратын 250 мг/250 мг дозада бір рет к/і енгізуден кейін бүйрек функциясының ауырлығы жеңіл дәрежедегі (креатинин клиренсі (КК) <50-80 мл/мин/1.73 м2), ауырлығы орташа дәрежедегі (КК <30-50 мл/мин/1.73 м2) және ауырлығы ауыр дәрежедегі (КК <30 мл/мин/1.73 м2) бұзылуы бар пациенттерде, бүйрек функциясы қалыпты (КК >80 мл/мин/1.73 м2) пациенттермен салыстырғанда, имипенемнің қисық астындағы аудан (AUC) көрсеткіші, тиісінше, 1.1, 1.9 және 2.7 есе артты, ал аталған пациенттерде циластатин AUC көрсеткіші, тиісінше, 1.6, 2.0 және 6.2 есе жоғарылады. Препараттың 250 мг/250 мг дозасын к/і енгізгенде гемодиализ жүргізуден кейін 24 сағат өткен соң имипенем мен циластатинге тән AUC көрсеткіштері, бүйрек функциясы қалыпты тұлғалардағымен салыстырғанда, тиісінше, 3.7 және 16.4 есе артты. Бүйрек функциясының бұзылуларында имипенем мен циластатинге тән плазма клиренсі және бүйрекпен шығарылуы төмендейді. Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін дозаны түзету қажет.

Бауыр жеткіліксіздігі Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерде имипенем фармакокинетикасы зерттелмеген. Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерде дозаны түзету қажет емес, өйткені бауырдағы имипенем метаболизмі шектеулі. Сондықтан бауыр жеткіліксіздігінің болуы имипинем фармакокинетикасына ықпал етпейді.

Педиатриялық пациенттер Педиатриялық пациенттерде (3 айдан 14 жасқа дейін), ересек пациенттер көрсеткіштерімен салыстырғанда, имипенемнің орташа шығарылу деңгейі (CL) мен таралу көлемі (Vdss) шамамен 45% жоғары. Балаларға Имицил-Элеас препаратын дене салмағына 15/15 мг/кг есебінен енгізуден кейінгі имипенем AUC көрсеткіші препаратты 500 мг/500 мг дозада алған ересектердегіден шамамен 30% жоғары. Имицил-Элеас препаратын 25/25 мг/кг дозада қолданғанда балалардағы препарат экспозициясы препаратты 1 000 мг/1 000 мг дозада алған ересектердегіден 9% жоғары болды.

Егде жастағы пациенттер Бүйрек функциясы қалыпты 65-75 жастағы дені сау волонтерлерде препараттың к/і енгізілген бір реттік 500 мг/500 мг дозасының фармакокинетикасы 20 минут өткенде бүйрек жеткіліксіздігінің жеңіл дәрежесіне тән көрсеткіштермен салыстырмалы болды; бұл орайда дозаны түзету қажет емес. Плазмадағы имипенем мен циластатиннің орташа жартылай ыдырау кезеңі, тиісінше, 91±7 минут және 69±15 минут құрады. Көп есе дозалау имипенем мен циластатин фармакокинетикасына ықпал етпеген; сондай-ақ, жинақталу әсері байқалмаған.

Фармакодинамикасы

Әсе ету механизмі

Имицил-Элеас препараты екі компоненттен: 1:1 арақатынасындағы имипенем мен циластатиннен тұрады.

Имипенем – бета-лактамды антибиотиктердің жаңа класы – тиенамициндер өкілі, бактериялардың жасушалық қабырға синтезінің жоғары тиімді тежегіші. Пенициллиндерді байланыстырушы ақуыздарды (ПБА) байланыстыру арқылы әрекет етіп, әрі аэробты, әрі анаэробты патогенді грамоң және грамтеріс микроорганизмдердің кең ауқымына қатысты бактерицидті әсер иеленеді.

Имипенем – продуценттерінің бірі Streptomyces cattleya филаментті бактериялары болып табылатын тиенамициннің жартылай синтетикалық туындысы.

Циластатин натрий дегидропептидазаның-1 (имипенемді метаболиздейтін және белсенділігін жоятын бүйрек ферменті) бәсекелі, қайтымды және спецификалық тежегіші болып табылады. Оның бактерияға қарсы өзіндік белсенділігі жоқ және имипенемнің бактерияға қарсы белсенділігіне ықпал етпейді.

Имипенемге төзімділікті дамытуға келесі механизмдер негіз бола алады:

• грамтеріс бактериялардың сыртқы жарғақша өткізгіштігінің төмендеуі (пориндердің аз өндірілу себебінен)

• имипенемді белсенді тасымал арқылы жасушадан көп шығаруға болады

• пенициллин байланыстырушы ақуыздардың (ПБА) имипенемге тектестігінің әлсіреуі

• имипенем, карбапенемдерді гидролиздейтін сирек бета-лактамазаларды қоспағанда, грамоң және грамтеріс бактериялардан өндірілетін пенициллиназа мен цефалоспориназаны қоса, көптеген бета-лактамазалар гидролизіне төзімді. Басқа карбапенемдерге төзімді штаммдар, әдетте, имипенемге де төзімді. Нысанасына қарамастан, имипенем мен хинолондар, аминогликозидтер, макролидтер және тетрациклиндер класының препараттары арасында айқаспалы төзімділіктің дамуы білінбейді.

Сезімталдық

Бактериялардың жекелеген штаммдарының жүре пайда болатын төзімділігінің таралуы әртүрлі географиялық аймақтарда құбылуы мүмкін.

Имипенемге сезімтал микроорганизмдер:

Грамоң аэробтар: Enterococcus faecalis, Staphylococcus aureus (метициллинге сезімтал)*, Staphylococcus coagulase negative (метициллинге сезімтал)*, Streptococcus agalactiae, Streptococcus pneumoniae, Streptococcus pyogenes, Streptococcus viridans group

Грамтеріс аэробтар: Citrobacter freundii, Enterobacter aerogenes, Enterobacter cloacae, Escherichia coli, Haemophilus influenzae, Klebsiella oxytoca, Klebsiella pneumoniae, Moraxella catarrhalis, Serratia marcescens

Грамоң анаэробтар: Clostridium perfringens, Peptostreptococcus spp.

Грамтеріс анаэробтар: Bacteroides fragilis, Bacteroides fragilis group, Fusobacterium spp., Porphyromonas asaccharolytica, Prevotella spp., Veillonella spp.

Имипенемге төзімділігі болуы мүмкін микроорганизмдер:

Грамтеріс аэробтар: Acinetobacter baumannii, Pseudomonas aeruginosa

Имипенем әсеріне төзімді микроорганизмдер:

Грамоң аэробтар: Enterococcus faecium

Грамтеріс аэробтар: кейбір Burkholderia cepacia (ескі атауы - Pseudomonas cepacia), Legionella spp., Stenotrophomonas maltophilia (ескі атаулары - Xanthomonas maltophilia, Pseudomonas maltophilia) штаммдары

Басқалары: Chlamydia spp., Chlamydophila spp., Mycoplasma spp., Ureoplasma urealyticum

* Метициллинге төзімді барлық штаммдар имипенемдерге сезімтал емес

Қолданылуы

Аралас аэробты/анаэробты инфекцияларда ересектер мен 12 жасқа дейінгі балаларда инфекциялық ауруларды емдеу, сондай-ақ қоздырғыш микроорганизмнің анықталуына дейінгі бастапқы ем үшін:

  • құрсақ қуысының асқынған инфекциялары

  • пневмонияның ауыр түрлері, нозокомиальді және өкпені жасанды желдетумен байланысты түрлерін қоса

  • интранатальді және постнатальді инфекциялар

  • гинекологиялық инфекциялар

  • несеп шығару жолдарының асқынған инфекциялары

  • cүйектер мен буындардың инфекциялары

  • септицемия

  • терінің және жұмсақ тіндердің асқынған инфекциялары

  • эндокардит

Жұқпа жұқтыру қаупі жоғары хирургиялық араласулар кезіндегі операциядан кейінгі асқынулар профилактикасы.

Қолдану тәсілі және дозалары

Имицил-Элеас препаратының жалпы тәуліктік дозасын есептеу инфекцияның типі мен ауырлық дәрежесін, бір немесе бірнеше патогенді микроорганизмдердің сезімталдық дәрежесін, пациенттің бүйрек функциясы мен дене салмағын ескерумен жүргізілуі тиіс.

Ересектер және жасөспірімдер

Бүйрек функциясы қалыпты пациенттерге (креатинин клиренсі ˃ 70 мл/мин/1.73 м2) ұсынылатын дозалау режимдері: әр 6 сағат сайын 500 мг/500 мг немесе әр 8 сағат немесе 6 сағат сайын 1 000 мг/1 000 мг құрайды.

Бактериялардың сезімталдығы аз штаммдары (мысалы, Pseudomonas aeruginosa) тудырған инфекциялар анықталғанда немесе олардың болуынан күдіктенгенде, сондай-ақ өте ауыр инфекцияларда (мысалы, қызбамен болатын нейтропениямен науқастарда) ұсынылатын дозалау режимі әр 6 сағат сайын 1 000 мг/1 000 мг құрайды.

Дозаны азайту мына жағдайларда көрсетілген:

  • креатинин клиренсі 70 мл/мин/1.73 м2 (1 кестені қараңыз) немесе

  • пациенттің <70 кг дене салмағы.

Дене салмағы <70 кг пациенттер үшін пропорционалды доза мына формула бойынша есептеледі:

дене салмағы (кг) х стандартты доза

70 (кг)

Ең жоғары жалпы тәуліктік дозасы тәулігіне 4 000 мг/4 000 мг-ден аспауы тиіс.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге ең жоғары жалпы тәуліктік дозасын есептеу үшін мыналар қажет:

1. Бүйрек функциясы қалыпты пациенттер үшін тәуліктік дозасын белгілеу (мысалы, 1 000/1 000, 2 000/2 000, 3 000/3 000 немесе 4 000/4 000 мг).

2. 1 кестеге сай пациенттің креатинин клиренсін есепке алып, дозаны тиісінше азайтуды таңдау. Препаратты енгізу жиілігі бойынша нұсқауларды «Қолдану тәсілі» бөлімінен қараңыз.

1 кесте: Бүйрек жеткіліксіздігі бар және дене салмағы ≥70 кг ересектерде дозаны азайту*

Бүйрек функциясы қалыпты пациенттерге арналған жалпы тәуліктік дозасы (мг/күн)

Креатинин клиренсі (мл/мин/1.73 м2)

41-70

21-40

6-20

Имипенем/циластатиннің мг дозасы (сағаттық аралық)

2 000/2 000

500/500 (8)

250/250 (6)

250/250 (12)

3 000/3 000

500/500 (6)

500/500 (8)

500/500 (12)**

4 000/4 000

750/750 (8)

500/500 (6)

500/500 (12)**

* Дене салмағы <70 кг пациенттер үшін дозаны қосымша азайту қажет. Дене салмағы <70 кг пациенттер үшін пропорционалды дозасын мына формула бойынша анықтау керек: 70-ке (кг) бөлінген және 1 кестеде көрсетілген тиісті ұсынылған дозасына көбейтілген пациенттің нақтылы дене салмағы (кг).

** Креатинин клиренсі 6-дан 20 мл/мин/1.73 м2 дейінгі пациенттерге 500 мг/500 мг дозаны тағайындағанда құрысулардың жоғары даму қаупі бар.

Креатинин клиренсі ≤5мл/мин/1.73 м2 пациенттер Имицил-Элеас препараты, гемодиализ инфузиядан кейін 48 сағаттан кешіктірілмей жүргізілетін жағдайларды қоспағанда, креатинин клиренсі ≤5 мл/мин/1.73 м2 пациенттерде қолдануға ұсынылмаған.

Гемодиализдегі пациенттер Гемодиализде жүрген креатинин клиренсі ≤5 мл/мин/1.73 м2 пациенттерді емдеуде креатинин клиренсі 6-дан 20 мл/мин/1.73 м2 дейінгі пациенттерге ұсынылатын дозасын тағайындау керек (1 кестені қараңыз).

Айрықша нұсқаулар

Қазіргі уақытта перитонеальді диализде жүрген пациенттерде Имицил-Элеас препаратын қолдану жөнінде бекітілген нұсқаулар жоқ.

Бауыр жеткіліксіздігі Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерде дозаны түзету қажет емес («Фармакокинетикасы» бөлімін қараңыз).

Егде жас Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде дозаны түзету қажет емес («Фармакокинетикасы» бөлімін қараңыз).

Қолдану тәсілі

ТЕК КӨКТАМЫР ІШІНЕ ЕНГІЗУГЕ АРНАЛҒАН!

Қолданар алдында Имицил-Элеас препаратын қалыпқа келтіріп алып, артынан сұйылту керек.

≤500 мг/500 мг дозасын 20-30 минут бойы к/і инфузия түрінде енгізген жөн. >500 мг/500 мг дозасын 40-60 минут бойы к/і инфузия түрінде енгізген жөн. Инфузия жүргізілгенде жүрек айнуы болатын пациенттерге инфузия жылдамдығын азайту керек.

Операциядан кейінгі инфекциялар профилактикасы: ересек пациенттер үшін дозалау режимі

Ересектерге Имицил-Элеас препаратын кіріспе анестезияда 1 000/1 000 мг, ал артынан 3 сағаттан соң 1 000/1 000 мг дозада енгізу керек. Қауіп дәрежесі жоғары хирургиялық араласу жағдайында (мысалы, жуан және тік ішекке жасалатын операцияларда) кіріспе наркоздан кейін 8 және 16 сағаттан соң 500 мг қосымша 2 дозасын енгізу керек.

Дене салмағы 40 кг және одан көп балаларға – ересектердегідей дозалары; дене салмағы 40 кг-ден аз балаларға – тәулігіне 4 рет 15 мг/кг; ең жоғары тәуліктік дозасы - 2 г.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар педиатриялық пациенттер

Бүйрек жеткіліксіздігі бар педиатриялық пациенттерге (сарысулық креатинин > 2 мг/дл) дозалар ұсыну үшін клиникалық деректер жеткіліксіз.

Менингитті емдеуге Имицил-Элеас тағайындау ұсынылмайды. Менингит анықталса, сәйкесті антибиотиктермен ем таңдалу керек. Менингитке күдік туындамаса, сепсисі бар балаларда Имицил-Элеас қолдануға болады.

Көктамырішілік инфузиялар үшін ерітінді дайындау

Көктамырішілік инфузияларға арналған Имицил-Элеасты басқа антибиотиктермен араластыруға немесе қосуға болмайды.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ: Көктамырішілік инфузияларға арналған Имицил-Элеас препаратының дәрілік түрі сүт қышқылымен (лактатпен) химиялық тұрғыда үйлеспейді және құрамында лактат бар еріткіштер негізінде әзірленуі тиіс. Алайда, Имицил-Элеасты көктамыр ішіне құрамында лактат бар ерітінді енгізілген инфузиялық жүйе арқылы енгізуге болады.

Еріткіш ретінде натрий хлоридінің 0.9% ерітіндісін пайдалану ұсынылады. Клиникалық себептермен натрий хлоридінің 0.9% ерітіндісін пайдалану мүмкін болмаса, 5% глюкоза ерітіндісін немесе құрамында лактат жоқ басқа еріткіштерді пайдалануға болады.

К/і инфузияларға арналған Имицил-Элеас препаратының ерітіндісі 2 кестеде көрсетілген нұсқаулықтарға сәйкес әзірленеді.

2 кесте. К/і инфузияларға арналған Имицил-Элеас препаратының ерітіндісін әзірлеу.

К/і инфузияға арналған Имицил-Элеас препаратының дозасы (имипенем мг)

Қосылатын еріткіш көлемі (мл)

К/і инфузияға арналған Имицил-Элеас препаратының еріткіштегі орташа концентрациясы (имипенем мг/мл)

500

100

5

Еріту: 20 мл құтының ішіндегісін сәйкесті 10 мл еріткіште алдын ала ерітіп алу қажет.

АЛЫНҒАН ЕРІТІНДІНІ ЕНГІЗУ ҮШІН ПАЙДАЛАНУҒА БОЛМАЙДЫ!

Алынған ерітіндіні ұнтақ толық еріп кеткенше және мөлдір сұйықтық түзілгенше сілку қажет. Ерітінді реңінің сарыдан түссізге дейінгі нұсқалары препарат белсенділігіне ықпал етпейді. Артынан ерітіндіні еріткіштің қалған бөлігімен (90 мл) құтыға немесе контейнерге аударып құяды. Еріткіштің жалпы көлемі – 100 мл.

Препаратты 20 мл құтыға түгел аударып құю үшін бұрын алынған 10 мл ерітіндіні қосып, тағы бір рет мұқият сілкиді, артынан алынған екі ерітіндіні де инфузияға арналған пакетке немесе құтыға аударып құяды.

Ерітіндінің жалпы көлемі – 100 мл.

Қалыпқа келтірілген ерітіндінің тұрақтылығы

3 кесте. К/і инфузияға арналған Имицил-Элеас қалыпқа келтірілген препаратының тұрақтылығы

Еріткіш

Тұрақтылық кезеңі

Бөлме температурасы (25 °С)

Тоңазытқыш

(4 °С)

0.9% NaCl ерітіндісі

4 сағат

24 сағат

декстрозаның 5% сулы ерітіндісі

4 сағат

24 сағат

декстрозаның 10% сулы ерітіндісі декстрозы

4 сағат

24 сағат

5% декстроза және 0.9% NaCl

4 сағат

24 сағат

5% декстроза және 0.45% NaCl

4 сағат

24 сағат

5% декстроза және 0.225% NaCl

4 сағат

24 сағат

5% декстроза және 0.15% KCl

4 сағат

24 сағат

5% және 10% маннитол

4 сағат

24 сағат

Жағымсыз әсерлері

Төменде клиникалық зерттеулер және постмаркетингтік бақылау барысында алынған жағымсыз әсерлер берілген.

Жиі (≥1/100, <1/10)

  • эозинофилия, экзантематозды бөртпе

  • тромбофлебит

  • диарея, құсу, жүрек айну (медициналық өніммен байланысты жүрек айну және/немесе құсу гранулоцитопениясы бар пациенттерде гранулоцитопениясыз пациенттердегіден жиірек туындады)

  • қан сарысуында трансаминаза, сілтілік фосфатаза деңгейінің жоғарылауы

Жиі емес (≥1/1 000, <1/100)

  • панцитопения, нейтропения, лейкопения, тромбоцитопения, тромбоцитоз

  • психикалық бұзылыстар, елестеулер мен сананың шатасуын қоса

  • құрысулар, миоклонустық құрысулар, бас айналу, ұйқышылдық

  • гипотония

  • есекжем, қышыну

  • қызба, ауыру, инфильтрат, инъекция орнындағы эритема

  • оң Кумбс реакциясы, протромбин уақытының ұзаруы, гемоглобин төмендеуі, қан сарысуында билирубин, креатинин деңгейлерінің жоғарылауы, қанда мочевина деңгейінің артуы

Сирек (≥1/10 000, <1/1 000)

  • жалған жарғақшалы колит, кандидоз

  • агранулоцитоз

  • анафилаксиялық реакциялар

  • энцефалопатия, парестезия, ажитация, дискинезия, фокальді тремор,

дәм сезудің бұрмалануы

  • естімей қалу

  • тістегі және/немесе тілдегі дақтар

  • уытты эпидермалық некролиз, ангионевроздық ісіну, Стивенс-Джонсон синдромы, көп түрлі эритема, эксфолиативті дерматит

  • бауыр жеткіліксіздігі, гепатит

  • жедел бүйрек жеткіліксіздігі, олигурия/анурия, полиурия, несеп түсінің өзгеруі (зиянсыз, гематуриямен шатастырмау керек)

Өте сирек (<1/10 000)

  • гастроэнтерит

  • гемолиздік анемия, сүйек кемігінің бәсеңдеуі

  • миастенияның үдеуі, бас ауыру

  • қатты бас айналу, құлақтың шуылдауы

  • цианоз, тахикардия, жүректің қатты соғуы

  • кенеттен ысынып кету

  • диспноэ, гипервентиляция, жұтқыншақтың ауыруы

  • геморрагиялық колит, абдоминальді ауыру, қыжыл, глоссит, тіл бүдірлерінің гипертрофиясы, гиперсаливация

  • фульминантты гепатит

  • гипергидроз, тері структурасының өзгеруі

  • полиартралгия, омыртқа бағаны кеуде бөлігінің ауыруы

  • генитальді қышыну

  • кеуденің жайсыздануы, астения/әлсіздік

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • препарат компоненттерінің кез келгеніне жоғары сезімталдық

  • басқа карбапенемдерге жоғары сезімталдық

  • басқа бета-лактамды антибиотиктерге (мысалы, пенициллиндерге немесе цефалоспориндерге) жоғары сезімталдық (мысалы, анафилаксиялық реакциялар, ауыр тері реакциялары)

  • 12 жасқа дейінгі балаларға

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Ганцикловир Имицил-Элеас препаратын ганцикловирмен бірге қолдану жайылған құрысулардың дамуына алып келеді, сондықтан ганцикловир Имицил-Элеас препаратымен бірге тағайындалмайды.

Пробенецид Имицил-Элеас препаратын пробенецидпен бірге қолдану қарсы көрсетілімді, өйткені қан плазмасындағы имипенем деңгейінің жоғарылауына және жартылай шығарылу кезеңінің ұзаруына алып келеді. Несепте белсенді метаболиттердің ~ 60% төмендеуі білінеді. Имицил-Элеас препаратын пробенецидпен бірге қолдану циластатиннің несеппен шығарылуына әсер етпейді.

Имицил-Элеасты басқа антибиотиктермен бір еккіште араластыруға болмайды, бұл орайда басқа антибиотиктермен (аминогликозидтермен) бір мезгілде (оқшауланған) енгізуге рұқсат етілген.

Вальпрой қышқылы Имицил-Элеас препаратын енгізу құрысу белсенділігінің жоғарылау қаупімен астасқан вальпрой қышқылының сарысулық концентрациясының төмендеуімен қатар жүреді (клиникалық тәжірибеде тіркелген жағдайлар), сондықтан Имицил-Элеас препаратымен емделу кезеңінде вальпрой қышқылының сарысулық концентрациясына мониторинг жасау ұсынылады.

Ішу арқылы қолдануға арналған антикоагулянттар

Антибиотиктер мен варфаринді бір мезгілде қолдану соңғысының антикоагулянттық қасиеттерін күшейтуі мүмкін. Бір мезгілде антибиотиктер алатын пациенттерде антикоагулянттарды (варфаринді қоса) ішу арқылы қолданғанда антикоагулянттық әсерлерінің күшеюі туралы хабарламалар бар. Бұл қауіп қатарлас инфекциялық ауруға, пациенттің жасы мен жалпы жай-күйіне байланысты болуы мүмкін, сондықтан ХҚҚ (халықаралық қалыптасқан қатынас) көрсеткішінің артуында бактерияға қарсы препараттың рөлін бағалау қиын. Антибиотиктер мен ішуге арналған антикоагулянттарды бірге қолдану кезінде және одан кейін бірден ХҚҚ көрсеткішін мүмкіндігінше жиірек тексеру керек.

Айрықша нұсқаулар

Имицил-Элеас препаратымен емдеуді инфекцияның ауырлық дәрежесі, басқа да бактерияға қарсы агенттерге төзімділік деңгейі және карбапенемдерге төзімді қоздырғыш микроорганизмнің болу қаупі сияқты факторларды негізге ала отырып, карбапенемдер қолданудың мақсатқа сай болуын бағалаудан соң бастау керек.

Аса жоғары сезімталдық Бета-лактамды антибиотиктер қолданумен ем алған пациенттерде ауыр және кейде өлімге соқтыратын аса жоғары сезімталдық реакциялары (анафилаксиялық реакциялар) туралы хабарланды. Бұл реакциялар сыртартқысында әртүрлі аллергендерге сезімталдығы бар пациенттерде зор ықтималдықпен туындауы мүмкін. Имицил-Элеас препаратымен емдеуді бастар алдында бұрын туындаған карбапенемдерге, пенициллиндерге, цефалоспориндерге, басқа бета-лактамды антибиотиктерге және басқа аллергендерге аса жоғары сезімталдық реакциясына қатысты сыртартқы жинаған жөн. Имицил-Элеасқа аллергиялық реакция көрініс бергенде емдеуді дереу тоқтату керек. Күрделі анафилаксиялық реакциялар шұғыл медициналық көмек көрсетілуін талап етеді.

Бауыр функциясы Имицил-Элеас препаратымен емдеу барысында гепатоуыттылық реакциясының (трансаминазалар деңгейлерінің жоғарылауы, бауыр жеткіліксіздігі және фульминантты гепатит сияқты) даму қаупіне орай, бауыр функциясына мұқият мониторинг жасалуы тиіс. Бауыр функциясының бұзылулары бар пациенттерде Имицил-Элеас препаратымен емделу кезінде бауыр функциясына мұқият мониторинг жасау талап етіледі. Дозаларын түзету қажет емес.

Гематология Имицил-Элеас препаратымен ем жүргізу кезінде тікелей және тікелей емес Кумбс сынамасына оң реакция дамуы мүмкін.

Бактерияға қарсы өрісі Имицил-Элеас препаратының бактерияға қарсы өрісін, әсіресе, өмірге қатер төндіретін жағдайларда, қандай да бір эмпириялық ем жөнінде шешім қабылдар алдында ескеру керек. Оның үстіне, мысалы, терінің және жұмсақ тіндердің бактериялық инфекцияларымен астасқан спецификалық патогендердің Имицил-Элеас препаратына сезімталдығы шектеулі екендіктен, ерекше сақтану шараларын қадағалау керек. Имицил-Элеас препаратын тағайындау патогендердің препаратқа деген сезімталдығы дәлелденбеген немесе болжанатын инфекцияларды емдеуге қолданылмайды. Бекітілген көрсетілімдер құрамында метициллинге төзімді стафилококк инфекциясының Staphylococcus aureus (MRSA) бары күдік тудырса немесе болуы дәлелденсе, метициллинге төзімді стафилококкты бәсеңдету үшін сәйкесті антибиотикті бірге қолдану көрсетілген. Бекітілген көрсетілімдер құрамында Pseudomonas aeruginosa инфекциясының бары күдік тудырса немесе болуы дәлелденсе, аминогликозидтерді бірге қолдану көрсетілген.

Вальпрой қышқылымен бірге қолдану Имицил-Элеас препаратын және вальпрой қышқылы препараттарын бірге қолдану ұсынылмайды («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).

Clostridium difficile Имицил-Элеас препаратымен де, басқа антибиотиктермен де емделу кезінде дамыған ауырлығы жеңілден өмірге қатерлі дәрежеге дейінгі антибиотикпен астасқан колит пен жалған жарғақшалы колиттің дамуы жөнінде хабарламалар бар. Сондықтан Имицил-Элеас препаратымен ем кезінде немесе одан кейін туындаған диареясы бар пациенттерде бұл диагнозды дифференциациялау керек («Жағымсыз әсерлері» бөлімін қараңыз). Аталған жағдайда Имицил-Элеас препаратын тоқтату және сәйкесті Clostridium difficile емін тағайындау мәселесін қарастыру керек. Перистальтиканы тежейтін препараттарды қолдану ұсынылмайды.

Менингит Имицил-Элеас менингитті емдеуге ұсынылмайды.

Бүйрек жеткіліксіздігі Имицил-Элеас бүйрек функциясы төмендеген пациенттерде жинақталады, сондықтан осындай пациенттерде (дозаны дұрыс таңдамаған жағдайда) ОЖЖ тарапынан жағымсыз әсерлер дамуы мүмкін. «Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімін және осы бөлімдегі «Орталық жүйке жүйесі» қосалқы бөлімін қараңыз.

Орталық жүйке жүйесі Бүйрек функциясының жағдайы мен дене салмағына қарай ұсынылған дозаларын арттырғанда, миоклонустық белсенділікті, сананың шатасуын және құрысуларды қоса, ОЖЖ тарапынан болатын жағымсыз реакциялар туралы хабарламалар алынған. Осындай жағдайлар сыртартқыдағы ОЖЖ бұзылуларында (мысалы, мидың зақымдануы немесе құрысулар сыртартқысы) және/немесе препараттың белсенді компоненттері жиналып қалуы мүмкін бүйрек функциясының бұзылуларында ең көп жиі хабарланды. Сондықтан, ондай пациенттерде ұсынылған дозаны қатаң ұстану қажет. Сыртартқысында құрысу синдромы бар пациенттерде құрысуға қарсы ем жалғасуы тиіс.

Құрысуларды дамытатын қауіп факторлары болғанда немесе құрысу шегін төмендететін басқа препараттармен қатарлас ем кезінде балалардағы неврологиялық симптомдарға немесе құрысуларға ерекше көңіл бөлу керек.

Фокальді тремор, миоклонус немесе құрысу туындағанда пациент неврологиялық статусты айқындауды және, егер ол әлі қолданылмаған болса, құрысуға қарсы ем тағайындауды қажет етеді. ОЖЖ тарапынан болатын симптомдар жалғасқанда Имицил-Элеас препаратының дозасын азайту немесе препаратпен емдеуді тоқтату көрсетілген.

Креатинин клиренсі ≤5 мл/мин/1.73 м2 пациенттерге Имицил-Элеас инфузиядан кейін келесі 48 сағаттың ішінде гемодиализ тағайындалған жағдайда ғана тағайындалу керек. Гемодиализде жүрген пациенттерге Имицил-Элеас емнің артықшылықтары құрысулардың әлеуетті даму қаупінен басым болатын жағдайларда ғана ұсынылған.

Имицил-Элеас препаратының к/і инфузияларға арналған 500 мг/500 мг дәрілік түрінің құрамында 37.6 мг натрий (1.6 мЭкв) бар, бұл тұзсыз диета ұстанатын пациенттерде ескерілу керек.

Балаларда қолдану Қазіргі уақытта 3 айға дейінгі балаларда немесе бүйрек функциясы бұзылған (сарысулық креатинин ˃ 2 мг/дл) балаларда Имицил-Элеас препаратын қолдану жөнінде клиникалық деректер жеткіліксіз.

Фертильділік, жүктілік және лактация кезеңі

Имицил-Элеас жүктілік кезінде, егер емдеудің пайдасы шаранаға төнетін зор қауіпті ақтайтын жағдайда ғана, пайдаланылу керек.

Имицил-Элеас ананың емшек сүті арқылы аздаған мөлшерлерде бөлінеді. Сәбидің емізу кезінде препараттың елеулі дозаларының әсеріне ұшырау ықтималдығы аз. Егер Имицил-Элеас препаратын қолдану қажет болып саналса, емшекпен қоректендірудің артықшылығы мен сәбиге төнуі мүмкін қауіпті салыстыру керек. Егер Имицил-Элеас препаратын қолдану қажет болып саналса, баланы емізуді тоқтату керек.

Имицил-Элеас препаратымен емдеудің ерлер мен әйелдердің фертильділігіне әлеуетті ықпал етуін зерттеулердің деректері жеткіліксіз.

Дәрілік препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Автокөлікті басқару және механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне әсер ету мәселесі бойынша зерттеу жүргізілмеген. Дегенмен де, Имицил-Элеас препаратымен емдеу аясында жағымсыз әсерлер дамуы мүмкін екенін (елестеулер, бас айналу, ұйқышылдық, вертиго) ескеріп, автокөлік басқару және механизмдермен жұмыс істеу кезінде айрықша сақтық таныту керек.

Артық дозалануы

Симптомдары: препараттың жағымсыз әсерлерінің күшеюі.

Емі: препаратты тоқтату, симптоматикалық және демеуші ем тағайындау ұсынылады. Препарат гемодиализ жүргізу кезінде шығарылады, алайда препараттың артық дозалануында осы емшараның тиімділігі белгісіз.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Қорғағыш пластмасса қақпақтары бар алюминий қалпақшалармен қаусырылған немесе қорғағыш пластмасса қақпақтарсыз алюминий қалпақшалармен қаусырылған, резеңке тығындармен герметикалық тығындалған түссіз шыны құтыларға 1000 мг препараттан құйылады.

Әр құтыға өздігінен желімденетін заттаңба жапсырылады.

Медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге бір құтыдан картон қорапқа салынады.

40 құтыдан топтық қаптамаға салады.

Сақтау шарттары

Жарықтан қорғалған жерде, 25 0С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Элеас ӨФК» ЖШC, Қазақстан Республикасы

Тіркеу куәлігінің иесі

«Элеас ӨФК» ЖШC, Қазақстан Республикасы

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы

«Элеас ӨФК» ЖШС, 040707, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай кенті, тел. 8 (727) 3980430, факс. 8 (727) 3711900,

e-mail: pfkeleas@gmail.com

Прикрепленные файлы

831955011477976218_ru.doc 180.5 кб
429610541477977484_kz.doc 203 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники