Доцезен (80 мг/2,36 мл)

МНН: Доцетаксел
Производитель: ИЛДОНГ ФАРМАЦЕВТИКАЛС КО ЛТД
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Docetaxel
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020922
Информация о регистрации в РК: 31.10.2014 - 31.10.2019

Инструкция

Саудалық атауы

Доцезен

Халықаралық патенттелмеген атауы

Доцетаксел

Дәрілік түрі

Инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған 20 мг\0,61 мл және 80 мг \2,36 мл концентрат еріткішпен жиынтықта

Құрамы

Бір мл препарат құрамында

белсенді зат: 42, 68 мг доцетаксел тригидраты (сусыз доцетакселге баламалы) 40,00 мг,

қосымша заттар: полисорбат 80, азот.

Еріткіш: этанол, инъекцияға арналған су.

Сипаттамасы

Сарыдан сарғыш-қоңыр түске дейінгі мөлдіреген сұйықтық.

Фармакотерапиялық тобы

Ісікке қарсы препараттар. Таксандар. Доцетаксел.

АТХ коды L01CD02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Доцетакселдің фармакокинетикалық бейіні альфа бета және гамма фазаларына тән тиісінше 4 минут, 36 минут және 11.4 сағат жартылай шығарылу кезеңі (T1/2) бар үш фазалық үлгімен сипатталады. Қандағы концентрациясының бастапқы тез төмендеуі доцетакселдің қаннан тіндерге таралуын көріністейді, ал терминалдық фазасы шеткергі тіндерден салыстырмалы баяу босап шығумен жүзеге асады. Тепе-тең жағдайдағы жүйелі клиренсі мен таралу көлемінің орта шамалары – тиісінше, 21 л/сағат/м2 және 113 л. Іn vitro зерттеулерінде доцетакселдің ақуыздармен (көбінесе альфа1-қышқыл гликопротеинмен, альбуминмен, липопротеиндермен) 94% байланысуы көрсетілген. Обырға шалдыққан үш науқаста плазма ақуыздарымен in vitro байланысу 97% жуық. Дексаметазон доцетакселдің ақуыздармен байланысуына ықпал етпейді. Биотрансформациясы бауырда Р450 цитохромы изоферменттері жүйесінің қатысуымен жүреді.

Р450 цитохромы изоферменттері жүйесінің қатысуымен терт-бутил эфирлік тобының тотығуынан кейін доцетаксел 7 күн ішінде бүйрекпен және ішек арқылы шығарылады. Бүйрекпен шығарылуы 6% радиобелсенді дозаны құрайды, ішек арқылы - 75%. Ішек арқылы шығарылған шамамен 80% радиобелсенді препарат 48 сағат ішінде негізгі белсенді емес метаболит және үш мәні аз белсенді емес метаболит түрінде, өте мардымсыз мөлшерде, өзгеріссіз күйде табылған.

Доцетаксел фармакокинетикасы емделушінің жасы мен жынысына байланысты емес. Бауыр функциясының айқындылығы әлсіз бұзылуында (өз жоғарғы қалып шегінен (ЖҚШ) 1,5-тен аспайтын аланинаминотрансфераза (АЛТ) және аспартатаминотрансфераза (АСТ) белсенділігі ЖҚШ 2,5-нан көп емес сілтілік фосфатаза (СФ) белсенділігінің жоғарылауымен қосылған) доцетакселдің жалпы клиренсі, орташа көрсеткішпен салыстырғанда, 27% төмендейді. Доцетаксел клиренсі сұйықтық іркілісі жеңіл немесе орташа науқастарда өзгермеген. Сұйықтық іркілісі айқын емделушілердегі препарат клиренсі туралы деректер жоқ.

Фармакодинамикасы

Доцезен – ісікке қарсы препарат, ұсақ түтікшелерде тубулинді жинақтайды, олардың ыдырауын бөгейді, бұл ісік жасушаларындағы митоз фазасын және фазалар арасындағы үдерістерді бұзады. Доцетаксел ұзақ уақыт жасушаларда сақталады, онда концентрациясы жоғары мәндерге жетеді. Көптеген төзімділік генімен кодталатын шамадан тыс мөлшердегі р-гликопротеин өндіретін жасушалардың бәріне болмаса да, кейбіріне қатысты белсенді.

Қолданылуы

- сүт безінің обыры

Доксорубицинмен және циклофосфамидпен біріктірілген доцезен лимфа түйіндерінің зақымдануымен және зақымдануынсыз операция жасауға келетін сүт безі обырымен науқастарды адъювантты емдеуге арналған.

Лимфа түйіндерінің зақымдануынсыз операция жасауға келетін сүт безі обырымен науқастарда адъювантты емдеуді ерте сүт безі обырын бастапқы емдеудің халықаралық критерийлеріне сай химиялық ем ала алатын науқастарға ғана жүргізген жөн.

Доксорубицинмен біріктірілген доцезен бұрын осы жай-күйі жөнінен цитоуытты ем алмаған сүт безінің жергілікті таралған немесе метастазды обырымен науқастарды емдеуге арналған.

Доцезен монотерапия ретінде тиімсіз цитоуытты емнен кейін сүт безінің жергілікті таралған немесе метастазды обырымен науқастарды емдеуге арналған. Осының алдындағы химиялық ем антрациклин немесе алкилирлеуші препаратты қамтуы тиіс.

Доцезен трастузумабпен біріктіріліп бұрын метастаздарға орай химиялық ем алмаған НЕR-2 экспрессиясының жоғарылауымен сүт безінің метастазды обырымен науқастарды емдеуге арналған.

Доцезен капецитабинмен біріктіріліп тиімсіз цитоуытты емнен кейін сүт безінің жергілікті таралған немесе метастазды обырымен науқастарды емдеуге арналған. Осының алдындағы химиялық ем антрациклинді қамтуы тиіс.

- өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры

Доцезен алдыңғы тиімсіз химиялық емнен кейін өкпенің жергілікті таралған немесе метастазды ұсақ жасушалы емес обырымен науқастарды емдеуге арналған.

Доцезен цисплатинмен біріктіріліп осы жай-күйі жөнінен бұрын химиялық ем жүргізілмеген науқастарда өкпенің резекция жасауға келмейтін, жергілікті таралған немесе метастазды ұсақ жасушалы емес обырымен науқастарды емдеуге арналған.

- қуық асты безінің обыры

Доцезен преднизонмен немесе преднизолонмен біріктіріліп гормональді емге рефрактерлі қуық асты безінің метастазды обырымен науқастарды емдеуге арналған.

- асқазан аденокарциномасы

Доцезен цисплатинмен немесе 5-фторурацилмен біріктіріліп метастаздарға орай алдын ала химиялық ем алмаған асқазанның метастазды аденокарциномасымен, соның ішінде гастро-эзофагеальді бөлім аденокарциномасымен науқастарды емдеуге арналған.

- бас және мойын обыры

Доцезен цисплатинмен немесе 5-фторурацилмен біріктіріліп бас пен мойынның жергілікті таралған сквамозды-жасушалық карциномасымен науқастарды индукциялық емдеуге арналған.

Қолдану тәсілі және дозалары

Доцезен қолдану тек қана обырға қарсы химиялық ем қолдануда білікті терапевт қадағалауымен цитоуытты химиялық ем бөлімдерінде жүргізілуі тиіс.

Ұсынылатын доза

Сүт безінің обыры, өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры, асқазан обыры, бас және мойын обыры кезіндегі премедикация 3 күн бойы күніне 16 мг дозадағы (күніне 2 рет 8 мг) дексаметазон сияқты ішуге арналған кортикостероидты препарат тағайындаумен жүзеге асады. Премедикацияға, егер қарсы көрсетілімдері болмаса, Доцезен енгізілуіне дейін 1 күн бұрын кіріседі. Алдын алу мақсатында гематологиялық уыттылықтың даму қаупін жоққа тән азайту үшін гранулоцитарлық колониястимуляциялаушы фактор (Г-КСФ) қолдануға болады.

Простата обырында преднизон немесе преднизолонның бір мезгілде қолданылуына орай ұсынылатын премедикация режимі Доцезен инфузиясына дейін 12 сағат, 3 сағат және 1 сағат бұрын ішуге арналған 8 мг дексаметазонды қамтиды.

Доцетаксел әр 3 апта сайын бір сағаттық инфузиямен енгізіледі.

Сүт безінің обыры

Лимфа түйіндерінің зақымдануымен және зақымдануынсыз сүт безінің операциялық обырын адъювантты емдеу үшін ұсынылатын Доцезен дозасы 75 мг/м2 құрайды, 6 цикл бойы әр 3 апта сайын 50 мг/м2 доксорубицин мен 500 мг/м2 циклофосфамидтен кейін 1 сағаттан соң енгізіледі (ТАЦ режимі) (Емдеуге дейінгі дозаның түзетілуін қараңыз).

Сүт безінің жергілікті таралған немесе метастазды обырымен науқастарды емдеуге монотерапия ретінде ұсынылатын Доцезен дозасы 100 мг/м2 құрайды. Алғашқы желіде ем жүргізу үшін 75 мг/м2 Доцезенді доксорубицинмен (50 мг/м2) біріктіріп енгізеді.

Трастузумабпен біріктіріліп ұсынылатын Доцезен дозасы әр 3 аптада 100 мг/м2 құрайды, осы орайда трастузумаб апта сайын енгізіледі. Доцезеннің алғашқы инфузиясы трастузумабтың бірінші дозасынан кейінгі келесі күні тағайындалады. Доцезеннің кейінгі дозалары, егер трастузумабтың алдыңғы дозасы жақсы көтерімді болса, трастузумаб инфузиясы аяқталған соң бірден енгізіледі. Трастузумаб дозалары мен қолдану тәсілін трастузумабтың медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулықтан қараңыз.

Капецитабинмен біріктіріліп ұсынылатын Доцезен дозасы 2 апта бойы кейіннен апталық үзіліспен әр 3 апта сайын күніне екі рет 1250 мг/м2 капецитабинмен біріктірілген (ас ішуден соң 30 минут ішінде) 75 мг/м2 құрайды. Дене беткейінің ауданын ескерумен капецитабин дозасының есептелуін капецитабинді медицинада қолдану жөніндегі нұсқаулықтан қараңыз.

Өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры

Өкпенің ұсақ жасушалы емес обырына орай емделіп жүрген және бұрын химиялық ем алмаған науқастарға ұсынылатын дозалау режимі 75 мг/м2 Доцезенмен жүзеге асады, одан кейін бірден 30-60 минут бойы 75 мг/м2 цисплатинге ұласады. Алдын ала жүргізілген тиімсіз платинаға негізделген химиялық емнен кейін монотерапия ретінде емдеу үшін ұсынылатын доза 75 мг/м2 тең.

Қуық асты безінің обыры

Ұсынылатын Доцезен дозасы 75 мг/м2 құрайды. Преднизон немесе преднизолон үзіліссіз күніне 2 рет ішу арқылы 5 мг-ден тағайындалады.

Асқазан аденокарциномасы

Ұсынылатын Доцезен дозасы бір сағаттық инфузияда 75 мг/м2 құрап, кейіннен 1-3 сағаттық инфузияда 75 мг/м2 цисплатинге (екі инфузия да тек алғашқы күні), артынан цисплатин инфузиясы аяқталған сәттен бастап 5 күн бойы үздіксіз 24 сағаттық инфузияда күніне 750 мг/м2 5-фторурацилге ұласады. Ем әр 3 аптада қайталанады. Антиэметикалық дәрілермен премедикация және цисплатин енгізілуіне байланысты тиісті гидратация жасау қажет. Алдын алу мақсатында гематологиялық уыттылықтың даму қаупін төмендету үшін Г-КСФ қолдану керек (Емдеуге дейінгі дозаның түзетілуін қараңыз).

Бас және мойын обыры

Антиэметикалық препараттармен премедикация және тиісті гидратация (цисплатин енгізуге дейін және одан кейін) жасау қажет. Гематологиялық уыттылық қаупін азайту үшін алдын алуға арналған Г-КСФ пайдалануға болады. Алдын алу мақсатында Доцезен қолданатын науқастардың бәрі антибиотиктер алады.

- Радиоемге ұласатын индукциялық химиялық ем:

Бас пен мойынның операция жасауға келмейтін, жергілікті таралған сквамозды-жасушалы карциномасымен (БМСЖК) науқастарды индукциялық емдеу үшін ұсынылатын Доцезен дозасы бір сағаттық инфузияда 75 мг/м2 құрайды, одан кейін бірінші күні 1 сағат бойы 75 мг/м2 цисплатин енгізеді, артынан 5 күн бойы үздіксіз инфузиямен күніне 750 мг/м2 дозада 5-фторурацил енгізіледі. Бұл сызба 4 цикл бойы әр 3 аптада қайталанады. Химиялық ем соңынан сәулемен емдеу жүргізген жөн.

- Химиялық-радиоемге ұласатын индукциялық химиялық ем:

Бас пен мойынның жергілікті таралған (техникалық резекция жасауға келмейтін, хирургиялық емделу және ағзаны сақтап қалу ықтималдығы аз) сквамозды-жасушалы карциномасымен (БМСЖК) науқастарды индукциялық емдеу үшін ұсынылатын Доцезен дозасы алғашқы күні бір сағаттық көктамырішілік инфузияда 75 мг/м2 құрайды, оның соңынан 30 минуттан 3 сағатқа дейін 100 мг/м2 цисплатин енгізеді, артынан бірінші күннен төртінші күнге дейін үздіксіз инфузиямен күніне 1000 мг/м2 дозада 5-фторурацил енгізіледі. Бұл сызба 3 цикл бойы әр 3 аптада қайталанады. Химиялық ем соңынан химиялық-радиоем тағайындалуы тиіс.

Цисплатин мен 5-фторурацил дозаларының өзгертілуін препараттарды медицинада қолдану жөніндегі тиісті нұсқаулықтардан қараңыз.

Емдеу кезінде дозаны түзету:

Доцезен нейтрофильдер саны ≥ 1.500 жасуша/мм3 болған кезде қолданылу керек.

Доцезенмен емделу кезінде 1 аптадан көп уақыт бойы < 500 жасуша/мм3 нейтрофильдер санымен, ауыр немесе жинақталған тері реакцияларымен немесе ауыр шеткергі невропатиямен фебрильді нейтропения дамыған жағдайда Доцезен дозасын 100 мг/м2 бастап 75 мг/м2 дейін және/немесе 75 мг/м2 бастап 60 мг/м2 дейін азайтуға болады. Егер 60 мг/м2 дозасында жоғарыда аталған реакциялар басылмаса, емдеуді тоқтату керек.

Сүт безі обырының адъювантты емі

Сүт безі обырына орай Доцезенмен, доксорубицинмен және циклофосфамидпен (ТАЦ) адъювантты ем алған науқастар жағдайында Г-КСФ көмегімен бастапқы алдын алу емінің қажеттілігін таразылау керек. Фебрильді нетропенияға және/немесе нейтропениялық жұқпаға шалдыққан науқастар үшін Доцезен дозасын кейінгі циклдардың бәрінде 60 мг/м2 дейін азайту керек.

3 немесе 4 дәрежелі стоматит жағдайында дозаны 60 мг/м2 дейін азайту керек.

Цисплатинмен біріктірілімде

Алдыңғы ем курсы кезінде цисплатинмен біріктірілген Доцезеннің 75 мг/м2 тең бастапқы дозасындағы және 25.000 жасушадан/мм3 кем тромбоциттер саны ең аз науқастар үшін, сондай-ақ фебрильді нейтропениясы немесе гематологиялық емес ауыр уыттануы бар науқастар үшін Доцезен дозасын кейінгі циклдарда 65 мг/м2 дейін азайту керек. Цисплатин дозасының түзетілуін препаратты медицинада қолдану жөніндегі тиісті нұсқаулықтан қараңыз.

Капецитабинмен біріктірілімде

- капецитабин дозасының өзгертілуін капецитабинді медицинада қолдану жөніндегі нұсқаулықтан қараңыз.

- капецитабинмен біріктірілген Доцезен препаратымен келесі жолы емделу сәтінде персистирленетін 2 дәрежелі уыттылықтың алғашқы белгілерінде емдеуді уыттану 0-1 дәрежеге дейін төмендейтін сәтке дейін кейінге қалдыру керек; ем 100 % бастапқы дозаны қолданумен жаңғыртылады.

- емдеу циклының кез келген сатысында 2 дәрежелі уыттылық қайта дамығанда немесе 3 дәрежелі уыттылық алғаш білінгенде емдеуді уыттану 0-1 дәрежеге дейін төмендегенше кейінге қалдыру керек, артынан 55 мг/м2 дозасын қолданумен Доцезенмен емдеу жаңғыртылады.

- уыттанудың кез келген кейінгі көріністерінде немесе 4 дәрежелі уыттылықта Доцезен енгізу тоқтатылу керек.

Цисплатинмен және 5-фторурацилмен біріктірілімде

Егер, Г-КСФ қолдануға қарамастан, фебрильді нейтропения, созылмалы нейтропения немесе нейтропениямен байланысты жұқпа көрінісі орын алса, Доцезен дозасын 75 мг/м2 бастап 60 мг/м2 дейін азайту керек. Егер асқынған нейтропения көріністеріне ұласса, Доцезен дозасын 60-тан 45 мг/м2 дейін азайту керек. 4 дәрежелі тромбоцитопения жағдайында Доцезен дозасын 75-тен 60 мг/м2 дейін азайту керек. Нейтрофильдер саны > 1.500 жасуша/мм3 деңгейіне дейін қалпына келгеннен, ал тромбоциттер саны > 100.000 жасуша/мм3 деңгейіне дейін қалпына келгеннен кейін ғана Доцезеннің кейінгі циклдарымен емдеуді жалғастырған жөн. Егер осы уыттану симптомдары сақталса, емдеуді тоқтату керек.

Доцезенді цисплатинмен және 5-фторурацилмен (5-ФУ) біріктіріп алатын науқастардағы уыттану жағдайында ұсынылатын дозаларын өзгерту:

Уыттылығы

Дозаны түзету

3 дәрежелі диарея

Бірінші көрініс: 5-ФУ дозасын 20% азайту керек.

Екінші көрініс: артынан доцетаксел дозасын 20% азайту керек.

4 дәрежелі диарея

Бірінші көрініс: Доцезен және 5-ФУ дозасын 20% азайту керек.

Екінші көрініс: емдеуді тоқтату.

3 дәрежелі стоматит (мукозит)

Бірінші көрініс: 5-ФУ дозасын 20% азайту керек.

Екінші көрініс: кейінгі циклдардың бәрінен тек 5-ФУ алып тасталады.

Үшінші көрініс: Доцезен дозасын 20% азайту керек.

4 дәрежелі стоматит (мукозит)

Бірінші көрініс: кейінгі циклдардың бәрінен тек 5-ФУ алып тасталады.

Екінші көрініс: Доцезен дозасын 20% азайту керек.

Цисплатин мен 5-фторурацил дозаларының түзетілуін препараттарды медицинада қолдану жөніндегі тиісті нұсқаулықтардан қараңыз.

БМСЖК және асқынған нейтропениямен (созылмалы нейтропения, фебрильді нейтропения немесе жұқпаны қоса) науқастарда кейінгі циклдардың бәрінде алдын ала қорғануды қамтамасыз ету үшін Г-КСФ қолдану (мысалы, 6-15 күндері) ұсынылған.

Ерекше қауымдар:

Бауыр функциясы бұзылған науқастар

Трансаминазалар белсенділігі [АСТ және/немесе АЛТ] жоғарғы қалып шегінен (ЖҚШ) 1,5 есе артатын және сілтілік фосфатазасы ЖҚШ-нен 2,5 есе жоғары науқастарға арналған бірден-бір препарат ретіндегі Доцезеннің 100 мг/м2 дозасында алынған фармакокинетикалық деректер негізінде ұсынылатын Доцезен дозасы 75 мг/м2 құрайды. Сарысудағы билирубиннің ЖҚШ жоғары деңгейінде және/немесе сілтілік фосфатазаның ЖҚШ 6 есе жоғары деңгейімен қосылған ЖҚШ 3,5 еседен артық асып кететін АСТ және АЛТ деңгейлерінде дозаны азайту ұсынылмаған – Доцезенді қатаң көрсетілімдер болмаған жағдайда қолдануға болмайды.

Асқазан аденокарциномасын емдеу үшін цисплатинмен және 5-фторурацилмен біріктірілген жағдайда сілтілік фосфатазаның ЖҚШ 2,5 есе жоғары және ЖҚШ жоғары билирубин деңгейімен қосылған ЖҚШ 1,5 есе асып кететін АСТ және/немсе АЛТ бар науқастар үшін дозаны азайту ұсынылмаған – егер қатаң көрсетілімдер жоқ болса, Доцезен қолдануға болмайды.

Басқа көрсетілімдер бойынша доцетаксел біріктірілімімен емделген бауыр функциясы бұзылған науқастарды емдеу жөнінде деректер жоқ.

Педиатриялық қауым

Доцезен қауіпсіздігі мен тиімділігі 1 айдан < 18 жасқа дейінгі балалардағы назофарингеальді карциномада анықталмаған.

Педиатриялық қауымда, дифференциялануы аз назофарингеальді карциноманың II және III типтерін қоспағанда, сүт безі обырының, өкпенің ұсақ жасушалы емес обырының, простата обырының, асқазан карциномасының және бас пен мойын обырының көрсетілімдерінде Доцезен қолдану негізделмеген.

Егде жастағы науқастар

Қауымның фармакокинетикалық талдау деректеріне сүйенсек, егде жастағы науқастарда препаратты қолдануға арналған арнайы нұсқаулар жоқ.

Капецитабинмен біріктірген жағдайда 60 жастағы және одан асқан науқастар үшін капецитабиннің бастапқы дозасын 75% дозаға дейін азайту ұсынылады (капецитабинді медицинада қолдану жөніндегі нұсқаулықты қараңыз).

Қолданылуы жөніндегі айрықша сақтандырулар

Доцезен ісікке қарсы дәрі болып табылады, сондықтан да, уыттылығы зор басқа заттармен болған жағдайдағы сияқты, онымен жұмыс істегенде және Доцезен ерітінділерін дайындау кезінде сақтық таныту керек. Қолғап пайдалану ұсынылады.

Доцезен ерітіндісімен немесе инфузиялық ерітіндісімен алдын ала араластырылған концентрат теріге тиіп кеткенде дереу оларды теріден сабынмен және сумен мұқият жуып тастаған жөн. Доцезен концентраты, алдын ала араластырылған ерітіндісі немесе инфузиялық ерітіндісі шырышты қабықтарға түсіп кетсе, оларды дереу сумен мұқият жуып-шаю керек.

Көктамыр ішіне енгізуге дайындық

а) Доцезен алдын ала қоспасы ерітіндісін әзірлеу (10 мг доцетаксел/мл)

Егер құтылар тоңазытқышта сақталса, Доцезен қораптарының қажетті көлемін бөлме температурасында (25ºС-ден төмен) 5 минутқа қалдырыңыз.

Инемен жабдықталған еккішті пайдаланып, әрі құтыны түбіне дейін төңкермей тұрып, осы орайда асептика ережелерін қадағалаумен Доцезенге арналған құтыдан еріткіштің бүкіл мөлшерін еккішке сорып алыңыз.

Еккіш ішіндегісін түгел тиісті Доцезен құтысына енгізіңіз.

Еккішті инеден алып тастап және құтының ішіндегісін араластырып, оны қолмен кемінде 45 секундтай көп рет аударып-төңкеріңіз. Сілкімеңіз.

Алдын ала араластырылған ерітіндісі бар құтыны бөлме температурасында (25ºС-ден төмен) 5 минут бойы қалдырыңыз, артынан ерітіндінің гомогенділігі мен мөлдірлігін тексеріңіз (5 минут өткенше көбіктің болуы - полисорбат-80 құрамынан болатын қалыпты құбылыс).

Алдын ала әзірленген қоспа ерітіндісінде 10 мг/мл доцетаксел бар, дайындалғаннан кейін ол дереу пайдалануға жатады. Алайда, алдын ала әзірленген қоспа ерітіндісінің химиялық және физикалық тұрақтылығы 2ºС және 8ºС аралығындағы температурада немесе бөлме температурасында (25ºС-ден төмен) 8 сағат бойы сақталады.

б) Инфузиялық ерітіндіні әзірлеу

Науқасқа қажетті дозаны алу үшін алдын ала әзірленген ерітіндісімен біреуден көп құты қажет болуы мүмкін. Науқасқа қажетті мг өрнекті дозаға негіздеп, асептика ережелерін қадағалаумен инемен жабдықталған градуирленген еккіш көмегімен алдын ала дайындалған ерітінді құтыларының тиісті санынан құрамында 10 мг/мл доцетаксел бар алдын ала әзірленген ерітіндінің өзіне сәйкес көлемін алыңыз. Мысалы, алдын ала араластырылған 14 мл доцетаксел ерітіндісінің құрамында доцетакселдің 140 мг дозасы бар.

Алдын ала араластырылған ерітіндінің қажетті көлемін құрамында не 5% глюкоза ерітіндісі, не 9 мг/мл (0,9%) натрий хлориді ерітіндісі бар 250 мл инфузиялық қалтаға немесе инфузиялық бөтелкеге енгізіңіз.

Егер 200 мг-ден көп доцетаксел қажет болса, 0,74 мг/мл доцетаксел концентрациясынан аспайтындай еріткіштің үлкен көлемін пайдаланыңыз.

Инфузиялық қалтаның немесе бөтелкенің ішіндегісін қолыңызда шайқап араластырыңыз.

Доцезен инфузиялық ерітіндісі 4 сағат ішінде пайдаланылуы тиіс, оны бөлме температурасы ( 25ºС-ден төмен) және қалыпты жарықтану жағдайында асептика ережелерін қадағалаумен 1 сағаттық инфузиямен енгізу керек.

Парентеральді қолдануға арналған барлық басқа препараттар сияқты, Доцезеннің алдын ала араластырылған ерітіндісі мен инфузиялық ерітіндісі пайдаланар алдында қарап тексеруден өткізіледі. Шөгіндісі бар ерітінділер жарамсыздануы тиіс.

Кез келген пайдаланылмаған препарат немесе артық материал жергілікті талаптарға сай жойылуы тиіс.

Жағымсыз әсерлері

Доцезеннің жағымсыз реакцияларының ауырлығы оны басқа химиялық-емдік дәрілермен біріктіріп тағайындағанда арта түсуі мүмкін. Төменде монотерапия кезінде, сондай-ақ Доцезенді доксорубицин, цисплатин, трастузумаб, капецитабин, преднизон немесе преднизолонмен (емдеумен байланысты маңызды жағымсыз реакциялар берілген), доксорубицинмен және циклофосфамидпен (емдеумен байланысты маңызды жағымсыз реакциялар), 5-фторурацилмен (емдеумен байланысты маңызды жағымсыз реакциялар) біріктіргенде байқалған барлық жағымсыз әсерлер сипатталған.

Монотерапия ретіндегі 100 мг/м2 дозадағы Доцезен

Өте жиі

- нейтропения (қайтымды және жинақталусыз, жасушалардың ең аз саны, орта есеппен, 7 күні байқалады, ауыр нейтропенияның орташа ұзақтығы, яғни < 500 жасуша/м3, 7 күн құрады), анемия, алопеция, жүрек айну, құсу, стоматит, іш өту және астения.

- парестезиямен, дизестезиямен және ауырулармен, соның ішінде ашытулармен сипатталатын ауырлығы жеңіл және орташа дәрежедегі жүйке сезімталдығының бұзылу белгілері. Нейромоториканың бұзылуы, ең алдымен, әлсіздікпен білінеді. Симптомдары 3 ай ішінде өздігінен басылады. Симптомдардың қайтымдылығы туралы деректер монотерапия ретінде 100 мг/м2 Доцезенмен емделуден кейін нейроуыттануы бар 35,3% науқасқа қатысты. Ауыр шеткергі нейроуыттылық дамығанда дозаны азайту қажет болады.

- жоғары сезімталдық реакциялары: гиперемия, қышынумен немесе онсыз бөртпе, кеудедегі қысылу сезімі, арқаның ауыруы, ентігу, жоғары температура немесе қалтырау, әдетте, доцетаксел инфузиясы басталғаннан кейін бірнеше минуттан соң дамиды және, әдетте, ауырлығы жеңіл немесе орташа дәрежеде болады. Ауыр реакциялар гипотензиямен және/немесе бронх түйілуімен немесе жайылған бөртпемен (эритема) өтеді.

- терінің, әдетте, айқындылығы жеңіл немесе орташа саналатын қайтымды реакциялары. Реакциялар, бөртпемен, соның ішінде, ең алдымен, аяқ пен қолдағы (соның ішінде алақан-табанның эритродизестезия синдромының ауыр түрі), сондай-ақ білектегі, бет пен кеудедегі қышынумен жиі қатар жүретін жергілікті бөртумен сипатталады. Бөрту, әдетте, доцетаксел инфузиясынан соң 1 апта ішінде білінеді.

- инфузия енгізген жердегі реакциялар, әдетте, жеңіл түрде болады және гиперпигментациямен, қабынумен, терінің қызаруы немесе құрғауымен, флебитпен немесе қанталаумен және көктамыр ісінуімен сипатталады.

- шеткергі ісінулер түрінде және сирегірек плевралық жалқық, перикардиальді жалқық, асцит және денеге салмақ қосу түрінде сұйықтықтың іркілуі. Шеткергі ісінулер, әдетте, аяқтарда басталады, дене салмағының 3 кг және одан көп артуымен жайылған түр иеленуі мүмкін. Сұйықтық іркілісінің жиілігі мен ауырлық дәрежесі жинақталу сипатында болады. Емдеу тоқтатылған сәттегі орташа жинақтаушы дозасы 1000 мг/м2 мөлшерінен асырылған, сұйықтық іркілісі қайтымдылығының орташа уақыты 16,4 апта (0-ден 42 аптаға дейін) құраған. Ауырлығы орташа және ауыр дәрежедегі сұйықтық іркілісі (орташа жинақтаушы доза: 818,9 мг/м2) премедикациядағы науқастарда, премедикациясыз науқастармен салыстырғанда (орташа жинақтаушы доза: 489,7 мг/м2) кешірек басталды; алайда, кейбір науқастарда ол емнің бастапқы курстарында білінді.

- жұқпалар (соның ішінде сепсис және пневмония, 1,7 % өліммен аяқталу)

- нейтропения, соның ішінде фебрильді, анемия

- жоғары сезімталдық

- анорексия

- шеткергі сенсорлық және шеткергі моторлық невропатия, дисгевзия

- ентігу

- стоматит, диарея, жүрек айну, құсу

- алопеция, тері реакциялары, тырнақтардың бұзылуы

- миалгия

- сұйықтық іркілісі, астения, ауыру

Жиі

- нейтропениямен байланысты жұқпалар

- тромбоцитопения

- аритмия

- гипотензия, гипертензия, геморрагия

- іш қату, іштің ауыруы, асқазан-ішектен қан кету (соның ішінде ауыр түрі)

- артралгия

- инфузия енгізген жердегі реакциялар, кеуденің жүректік емес ауыруы

- қандағы жоғары билирубин, қандағы сілтілік фосфатаза деңгейінің көтерілуі, АСТ және АЛТ жоғарылауы

Кейде

- жүрек жеткіліксіздігі

- эзофагит

Сирек

- сирек жағдайларда Доцезенмен емдеуді үзуге немесе тоқтатуға мәжбүрлейтін десквамацияға ұласатын бөртулер

- тырнақтардың гипопигментациямен немесе гиперпигментациямен, ал кейде ауырулармен және онихолизиспен сипатталатын ауыр өзгерістері.

- тромбоцитопениямен қатар жүретін қан кету көріністері

Өте сирек

- қайтымсыз алопеция

73% тері реакциялары 21 күн ішінде басылады

Монотерапия ретіндегі 75 мг/м2 дозадағы Доцезен

Өте жиі

- жұқпалар

- нейтропения, анемия, тромбоцитопения

- анорексия

- шеткергі сенсорлы невропатия

- жүрек айну, стоматит, құсу, диарея

- алопеция, тері реакциялары

- астения, сұйықтық іркілісі, ауыру

Жиі

- фебрильді нейтропения

- жоғары сезімталдық (ауыр емес)

- шеткергі моторлық невропатия

- аритмия (ауыр емес)

- гипотензия

- іш қату

- тырнақтардың бұзылуы (ауыр: 0,8%)

- миалгия

- қандағы билирубиннің жоғарылауы

Доксорубицинмен біріктірілген 75 мг/м2 Доцезен

Өте жиі

- жұқпалар

- нейтропения, соның ішінде фебрильді, анемия, тромбоцитопения

- шеткергі сенсорлық невропатия

- жүрек айну, стоматит, диарея, құсу, іш қату

- алопеция

- астения, сұйықтық іркілісі, ауыру, тырнақтардың бұзылуы, тері реакциялары

Жиі

- жоғары сезімталдық

- анорексия

- шеткергі моторлық невропатия

- жүрек жеткіліксіздігі, аритмия (ауыр емес)

- миалгия

- инфузия енгізген жердегі реакциялар

- қандағы билирубиннің, сілтілік фосфатазаның жоғарылауы

Кейде

- гипотензия

- АСТ және АЛТ жоғарылауы

Цисплатинмен біріктірілген 75 мг/м2 Доцезен

Өте жиі

- жұқпалар

- нейтропения, анемия, тромбоцитопения

- жоғары сезімталдық

- анорексия

- шеткергі сенсорлық және шеткергі моторлық невропатия

- жүрек айну, құсу, диарея, стоматит

- алопеция, тырнақтардың бұзылуы, тері реакциялары

- миалгия

- астения, сұйықтық іркілісі, қызба

Жиі

- фебрильді нейтропения

- аритмия

- гипотензия

- іш қату

- енгізген жердегі реакциялар, ауыру

- қанда билирубиннің жоғарылауы, АЛТ жоғарылауы

Кейде

- жүрек жеткіліксіздігі

- қандағы АСТ және сілтілік фосфатазаның жоғарылауы

Трастузумабпен біріктірілген 100 мг/м2 Доцезен

Өте жиі

- нейтропения, фебрильді нейтропения (соның ішінде антибиотиктер аясында қызбамен өтетін нейтропения) немесе нейтропениялық сепсис

- анорексия

- ұйқысыздық

- парестезия, бас ауыру, дисгевзия, гиперестезия

- көз жасының көп бөлінуі; конъюнктивит

- лимфа ісінуі

- эпистаксис, фаринголарингеальді ауыру, назофарингит, ентігу, жөтел, ринорея

- жүрек айну, диарея, құсу, іш қату, стоматит, диспепсия, іштің ауыруы

- алопеция, эритема, бөртпе, тырнақтардың бұзылуы

- миалгия, артралгия, аяқ-қолдың ауыруы, сүйектердің ауыруы, арқаның ауыруы

- астения, шеткергі ісіну, пирексия, шаршау, шырышты қабықтардың қабынуы, ауыру, тұмау тәрізді жай-күй, кеуде қуысының ауыруы, қалтырау

- денеге салмақ қосу

Жиі

- жүрек жеткіліксіздігі

- летаргия

Капецитабинмен біріктірілген 75 мг/м2 Доцезен

Өте жиі

- нейтропения, анемия

- анорексия, тәбеттің төмендеуі

- дисгевзия, парестезия

- көз жасының көп бөлінуі

- фаринголарингеальді ауыру

- стоматит, диарея, жүрек айну, құсу, іш қату, іштің ауыруы, диспепсия

- алақан-табанның эритродизестезия синдромы, алопеция, тырнақтардың бұзылуы

- миалгия, артралгия

- астения, пирексия, шаршау немесе әлсіздік, шеткергі ісінулер

Жиі

- ауыз қуысының кандидозы

- тромбоцитопения

- дегидратация

- бас айналу, бас ауыру, шеткергі невропатия

- ентігу, жөтел, эпистаксис

- іштің жоғарғы бөлімінің ауыруы, ауыздың кеберсуі

- дерматит, эритематозды бөртпе, тырнақтардың түссізденуі, онихолизис

- аяқ-қолдың ауыруы, арқаның ауыруы

- летаргия, ауыру

- дене салмағының кемуі, қанда билирубиннің жоғарылауы

Преднизонмен немесе преднизолонмен біріктірілген 75 мг/м2 Доцезен

Өте жиі

- жұқпалар

- нейтропения

- анемия

- анорексия

- шеткергі сенсорлық невропатия, дисгевзия

- жүрек айну, диарея, стоматит/фарингит, құсу

- алопеция, тырнақтардың бұзылуы (ауыр емес)

- шаршау, сұйықтық іркілісі (ауыр: 0,6%)

Жиі

- тромбоцитопения, фебрильді нейтропения

- жоғары сезімталдық

- шеткергі моторлық невропатия

- көз жасының көп бөлінуі

- сол жақ қарыншаның функционалдық қабілетінің төмендеуі

- эпистаксис, ентігу, жөтел

- экфолиативті бөртпе

- артралгия, миалгия

Лимфа түйіндерінің зақымдануымен және зақымдануынсыз сүт безі обырымен науқастарда доксорубицинмен және циклофосфамидпен біріктірілген 75 мг/м2 Доцезенмен адъювантты емдеу

Өте жиі

- жұқпалар, нейтропениялық жұқпа

- анемия, нейтропения, соның ішінде фебрильді, тромбоцитопения

- анорексия

- дисгевзия, шеткергі сенсорлық невропатия

- конъюнктивит

- ысынып кету

- жүрек айну, стоматит, құсу, диарея, іш қату

- алопеция, тері бұзылулары, тырнақтардың бұзылуы

- миалгия, артралгия

- аменорея

- астения, пирексия, шеткергі ісінулер

Жиі

- жоғары сезімталдық

- шеткергі моторлық невропатия

- көз жасының көп бөлінуі

- аритмия

- гипотензия, флебит

- жөтел

- іштің ауыруы

- дене салмағының артуы немесе төмендеуі

Кейде

- синкопе, нейроуыттылық, ұйқышылдық

- лимфа ісінуі

Сирек

- іркілісті жүрек жеткіліксіздігі

Асқазан аденокарциномасында цисплатинмен және 5-фторурацилмен біріктірілген 75 мг/м2 Доцезен

Өте жиі

- жұқпалар, соның ішінде нейтропениялық

- анемия, нейтропения, соның ішінде фебрильді, тромбоцитопения

- жоғары сезімталдық

- анорексия

- шеткергі сенсорлық невропатия

- диарея, жүрек айну, стоматит, құсу

- алопеция

- летаргия, қызба, сұйықтық іркілісі (ауыр/өмірге қатерлі)

Жиі

- бас айналу, шеткергі моторлық невропатия

- көз жасының көп бөлінуі

- естудің кемуі

- аритмия

- іш қату, асқазан-ішек ауырулары, эзофагит/дисфагия/одинофагия

- бөрпелі қышыну, тырнақтардың бұзылуы, терінің қабыршақтануы

Бас және мойын обырында цисплатинмен және 5-фторурацилмен біріктірілген 75 мг/м2 Доцезен

Радиоемге ұласатын индукциялық химиялық ем

Өте жиі

- жұқпалар, соның ішінде нейтропениялық

- нейтропения, анемия, тромбоцитопения

- анорексия

- дизгевзия/паросмия, шеткергі сенсорлық невропатия

- жүрек айну, стоматит, диарея, құсу

- алопеция

- летаргия, гипертермия, сұйықтық іркілісі, ісінулер

Жиі

- обыр ауырулары

- фебрильді нейтропения

- жоғары сезімталдық (ауыр емес)

- бас айналу

- көз жасының көп бөлінуі, конъюнктивит

- естудің кемуі

- миокард ишемиясы

- көктамыр өзгерістері

- іш қату, эзофагит/дисфагия/одинофагия, іштің ауыруы, диспепсия, асқазан-ішектен қан кету

- қышынулы бөртпе, терінің құрғауы, терінің түлеуі

- миалгия

- денеге салмақ қосу

Кейде

- аритмия

Химиялық-радиоемге ұласатын индукциялық химиялық ем

Өте жиі

- жұқпалар

- нейтропения, соның ішінде фебрильді, анемия, тромбоцитопения

- анорексия

- дизгезия/паросмия, шеткергі сенсорлық невропатия

- естудің кемуі

- жүрек айну, стоматит, құсу, диарея, эзофагит/дисфагия/одинофагия, іш қату

- алопеция, қышытатын бөртпе

- летаргия, пирексия, сұйықтық іркілісі, ісінулер, дене салмағының кемуі

Жиі

- нейтропениялық жұқпа

- обыр ауырулары

- бас айналу, шеткергі моторлық невропатия

- көз жасының көп бөлінуі

- аритмия

- диспепсия, асқазан-ішек ауырулары, асқазан-ішектен қан кету

- терінің құрғауы, терінің қабыршақтануы

- миалгия

Кейде

- жоғары сезімталдық

- конъюнктивит

- миокард ишемиясы

- көктамыр өзгерістері

- денеге салмақ қосу

Постмаркетингтік кезеңдегі тәжірибе

- сүйек кемігінің бәсеңдеуі және басқа да жағымсыз гематологиялық реакциялар

- сепсиспен немесе көп ағзалық жеткіліксіздікпен жиі байланысты диссеминацияланған тамырішілік коагуляция (ДТК)

- кейде өліммен аяқталатын анафилактикалық шок

Сирек

- оны басқа да химиялық-емдік дәрілермен және/немесе сәулелі еммен біріктіріп қолдану кезіндегі доцетакселмен байланысты жедел миелоидты лейкемия және миелодисплазия синдромы

- доцетаксел қолданумен байланысты конвульсиялар немесе уақытша естен тану. Кейде бұл реакциялар дәрілік препарат инфузиясы кезінде дамыған

- отоуыттылық, естудің кемуі және/немесе естімей қалу

- миокард инфарктісі

- көктамыр тромбоэмболиясы

- жедел респираторлық дистресс, интерстициальді пневмония және өкпе фиброзы синдромдары

- бір мезгілде сәулелі ем алған науқастардағы радиациялық пневмонит

- гастроинтестинальді өзгерістер, тесілулер, ишемиялық колит, колит және нейтропениялық энтероколит нәтижелеріндегі сусыздану

- ішектің бұралуы және ішек бітелісі

- сәулеленуге ретроспективті реакция

- жедел олигурия немесе гипотензия көріністерімен қатар жүрмейтін сұйықтық іркілісі

- сусыздану және өкпе ісінуі

Өте сирек

- дәрілік препарат инфузиясы кезінде және жоғары сезімталдық реакцияларымен бірге типтік түрде пайда болған көрудің уақытша нашарлауы (жарқ ете түсу, жарық теңбілдері, скотома). Олар инфузияны тоқтатқанда қайтымды сипатта болады.

- көз жасы бөлінісінің күшеюі, соның ішінде көз жасының шектен тыс түзілуіне әкелген көз жасы өзегінің тарылуы нәтижесіндегі конъюнктивитпен

- ең алдымен, осының алдында бұрыннан болған бауыр ауруы бар науқастардағы кейде өліммен аяқталатын гепатит

- терінің қызыл жегісі және көп пішінді эритема, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермалық некролиз сияқты буллёзді бөртулер. Осы әсерлер дамитын кейбір жағдайларда басқа да қатарлас факторлар рөл атқаруы мүмкін.

- әдетте, алдында шеткергі лимфа ісінуі болған доцетаксел қолданумен байланысты склеродермия тәрізді өзгерістер

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- препараттың әсер етуші затына немесе қосымша заттарының қандай да біріне жоғары сезімталдық

- нейтрофильдердің < 1.500 жасуша/мм3 бастапқы деңгейі

- деректердің болмауына байланысты бауыр функциясының ауыр бұзылуы

- басқа да дәрілік препараттардың қарсы көрсетілімдерін олармен біріктіріп тағайындаған жағдайда ескеру қажет

- жүктілік және лактация кезеңі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Іn vitro сынақтары Доцезен метаболизмінің Р450-3А цитохромын индукциялайтын, тежейтін немесе Р450-3А цитохромы арқылы метаболизденетін (әрі осылайша осы энзимді компетитивті жолмен бәсеңдетуге қабілетті) циклоспорин, терфенадин, кетоконазол, эритромицин және тролеандомицин сияқты бір мезгілде қабылданатын қосылыстардың әсер етуімен өзгеруі мүмкін екенін көрсетті. Соның салдарынан осы препараттармен бір мезгілде емделгенде сергектік таныту керек, өйткені олардың арасында елеулі өзара әрекеттесулер болуы мүмкін.

Доцетаксел ақуыздармен өте жақсы байланысады (> 95%). Доцетакселдің бір мезгілде тағайындалатын дәрілік заттармен in vivo өзара әрекеттесуінің, ақуыздармен берік байланыс түзетін препараттармен (эритромицин, дифенгидрамин, пропранолол, пропафенон, фенитоин, салицилат, сульфаметоксазол және натрий вальпроаты сияқты) in vitro өзара әрекеттесуінің ресми зерттеулерінің болмауына қарамастан, Доцезеннің ақуыздармен байланысына әсері болмаған. Бұдан басқа, дексаметазон доцетакселдің ақуыздармен байланысына ықпал етпеген. Доцезен дигитоксиннің байланысына ықпал етпейді.

Доцезен, доксорубицин және циклофосфамид фармакокинетикасы олар бір мезгілде тағайындалғанда өзгермеген. Бірден бір бақыланбаған зерттеудің шектеулі деректері Доцезен мен карбоплатин арасында өзара әрекеттесу барын көрсетеді. Доцезенмен біріктіріп тағайындағанда карбоплатин клиренсі карбоплатинмен монотерапия кезінде бұрын тіркелген клиренстен 50% жоғары.

Доцезен фармакокинетикасы преднизон қатысуымен қуық асты безінің метастазды обырымен науқастарда зерттелген. Доцетаксел СУР3А4 арқылы метаболизденеді; преднизонның СУР3А4 индукциялайтыны белгілі. Преднизонның Доцезен фармакокинетикасына статистикалық мәнді әсерлері байқалмаған.

Доцезен СУР3А4 күшті тежегіштерін (яғни, ритонавир тәрізді протеаза тежегіштері, кетоконазол немесе итраконазол тәрізді зеңге қарсы азолды дәрілер) бір мезгілде алатын науқастарға сақтықпен енгізу керек. Кетоконазол мен доцетаксел алған науқастардың қатысуымен жүргізілген дәрілік өзара әрекеттесулердің зерттеулері, сірә, доцетаксел метаболизміне негізгі (бірден-бір) метаболизм жолы ретінде СУР3А4 қатысатындықтан кетоконазолдың доцетаксел клиренсін елеулі, жартылай төмендеткенін көрсетті. Тіпті төмен дозалар тұсында доцетаксел төзімділігі төмендеуі мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Сүт безінің обыры және өкпенің ұсақ жасушалы емес обырының жағдайында ішуге арналған кортикостероидты гормон, мысалы, 3 күн бойы доцетаксел (егер қарсы көрсетілімдер жоқ болса) қолдануға дейін 1 күн бұрын бастап, күніне 16 мг дексаметазон (яғни, күніне екі рет 8 мг) қолданумен атқарылатын премедикация организмде сұйықтық іркілісінің даму жиілігі мен дәрежесін, сондай-ақ жоғары сезімталдық реакцияларының айқындылығын төмендетуі мүмкін. Простата обыры жағдайында премедикация доцетаксел инфузиясына дейін 12 сағат, 3 сағат және 1 сағат бұрын 8 мг дозада ішуге арналған дексаметазон қабылдаудан тұрады.

Гематология

Нейтропения – доцетакселдің ең жиі жағымсыз реакциясы. Нейтрофильдер саны, орта есеппен, 7 күні ең төмен деңгейіне жетеді, бірақ бұл мерзім алдын ала қарқынды емделген науқастарда қысқа болуы мүмкін. Доцетаксел алатын науқастардың бәріне қанның толық көрінісін жиі бақылап отыру керек. Доцезенмен емдеуді нейтрофильдер саны ≥ 1.500 жасуша/мм3 деңгейіне дейін қалпына келгенде жаңғыртқан жөн.

Доцезенмен емдеу курсы кезіндегі ауыр нейтропения жағдайында (7 күн бойы және одан көп < 500 жасуша/мм3) кейінгі емдеу курстарында дозаны азайту немесе тиісті симптоматикалық ем қолдану ұсынылады.

Доцезеннің цисплатинмен және 5-фторурацилмен (ТЦФ) біріктірілімімен емделген науқастарда, егер науқастар алдын алу мақсатында Г-КСФ алған болса, фебрильді нейтропения және нейтропениялық жұқпалар сирек дамыған. ТЦФ алатын науқастарға асқынған нейтропенияның (фебрильді нейтропения, созылмалы нейтропения немесе нейтропениялық жұқпа) даму қаупін төмендету үшін Г-КСФ алдын алу емін жүргізген жөн. ТЦФ емінде жүрген науқастарға қатаң түрде мониторинг өткізу керек.

Доксорубицинмен және циклофосфамидпен (ТАЦ) біріктірілген доцетакселмен емделген науқастарда фебрильді нейтропения мен нейтропениялық жұқпалар науқастарға Г-КСФ көмегімен бастапқы алдын алу емі жүргізілгенде сирек кездескен. Сүт безі обыры себепті ТАЦ адъювантты емін алатын науқастар жағдайында асқынған нейтропения (фебрильді нейтропения, ұзаққа созылған нейтропения немесе нейтропениялық жұқпа) қаупін төмендету үшін Г-КСФ көмегімен бастапқы алдын алу емінің қажеттілігі жөніндегі мәселе қарастырылу керек. ТАЦ алатын науқастарға тиянақты қадағалау жүргізген жөн.

Жоғары сезімталдық реакциялары

Науқастар, әсіресе, бірінші және екінші инфузия кезінде жоғары сезімталдық реакцияларын анықтау үшін қатаң қадағалануға жатады. Жоғары сезімталдық реакциялары доцетаксел инфузиясының алғашқы минуттарында пайда болуы мүмкін, сондықтан гипотензия мен бронх түйілуін емдеуге қажетті дәрілердің бәрі әзір тұруы тиіс. Жоғары сезімталдық реакциялары дамыған жағдайда гиперемия немесе шоғырланған тері реакциялары сияқты әлсіз білінетін симптомдар емдеуді тоқтатуды талап етпейді, ал ауыр реакциялар, мысалы, ауыр гипотензия, бронх түйілуі немесе жайылған бөртпе (эритема) доцетаксел енгізудің дереу тоқтатылуын және тиісті ем жүргізілуін талап етеді. Жоғары сезімталдықтың ауыр реакциясы орын алған науқастарды Доцезенмен қайтадан емдеуге болмайды.

Тері реакциялары

Ісінумен және кейінгі десквамациямен аяқ-қолға (қолдың алақандары мен табанның өкшелері) шоғырланған тері эритемасы байқалды. Доцетакселді үзуге немесе тоқтатуға ұласатын кейінгі десквамациямен бөртпе сияқты ауыр симптомдар тіркелген.

Сұйықтық іркілісі

Сұйықтық іркілісінің ауыр түрі, мысалы, плевралық жалқық, перикардиальді жалқық және асцит бар науқастарға қатаң қадағалау жүргізген жөн.

Бауыр функциясы бұзылған науқастар

Монотерапия ретіндегі доцетакселдің 100 мг/м2 дозасын алатын және сілтілік фосфатазаның ЖҚШ 2,5 еседен көп асып кететін деңгейімен қосылған қандағы трансаминазалар [АЛТ және/немесе АСТ] деңгейлері жоғарғы қалып шегінен (ЖҚШ) 1,5 есе асып түсетін науқастарда өлімге ұшыратуы мүмкін сепсис пен гастроинтестинальді қан кету, фебрильді нейтропения, жұқпалар, тромбоцитопения, стоматит және астенияны қамтитын уыттану нәтижесіндегі өлім сияқты ауыр жағымсыз реакциялардың даму қаупі жоғары. Осылайша, бауыр функциясының көрсеткіштері (БФК) жоғарылаған науқастарға ұсынылатын доцетаксел дозасы 75 мг/м2 құрайды. БФК бастапқы сатыда және әр кезекті циклдың алдында өзгерткен жөн.

Қандағы билирубиннің қалып шегінен жоғары және/немесе ЖҚШ 6 есе жоғары сілтілік фосфатаза деңгейімен қатар ЖҚШ 3,5 есе жоғары АЛС және АСТ тұсында дозаны түзету ұсынылмайды – егер қатаң көрсетілімдер жоқ болса, доцетаксел қолдануға болмайды.

Асқазан аденокарциномасын емдеу үшін цисплатинмен және 5-фторурацилмен біріктіру: жетекші клиникалық зерттеуден АЛТ және/немесе АСТ ЖҚШ 1,5 есе жоғары және сілтілік фосфатаза ЖҚШ 2,5 есе қатарлас жоғарылаған және билирубиннің қалып шегінен жоғары деңгейі бар науқастар шығарылды. Ондай науқастарға дозаны түзету ұсынылмаған – қатаң көрсетілімдер болмаса, доцетаксел тағайындалмайды. Басқа көрсетілімдер бойынша Доцезен біріктірілімімен емделген бауыр функциясы төмендеген науқастар туралы деректер жоқ.

Бүйрек функциясы бұзылған науқастар

Бүйрек функциясының ауыр бұзылуы бар науқастарды Доцезенмен емдеу жөнінде деректер жоқ.

Жүйке жүйесі

Ауыр шеткергі нейроуыттылық дамығанда дозаны азайту қажет.

Жүрек уыттануы

Жүрек жеткіліксіздігі, әсіресе, құрамында антрациклин (доксорубицин немесе эпирубицин) бар химиялық емнен кейін трастузумабпен біріктірілген Доцезен алған науқастарда байқалды. Жеткіліксіздіктің ауырлығы орташа немесе ауыр дәрежеде болып, өліммен аяқталуға әкелуі мүмкін.

Трастузумабпен біріктірілген Доцезенмен емдеу жоспарланғанда жүрек қызметінің бастапқы жағдайын бағалаған жөн. Кейіннен, емделу кезінде жүрек дисфункциясы дамуы мүмкін науқастарды анықтау мақсатында жүрек функциясын бақылау (мысалы, әр 3 айда) қажет. Толық мәліметті трастузумабтың медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулықтан қараңыз.

Басқалары

Емделу кезінде ерлер де, әйелдер де контрацепция қолдануы тиіс, ал ерлер үшін ол емді тоқтатқаннан кейін, кем дегенде, тағы 6 ай бойы қажет.

Сүт безі обырын адъювантты емдеу жағдайындағы қосымша сақтандырулар

Асқынған нейтропения

Асқынған нейтропения (созылмалы нейтропения, фебрильді нейтропения немесе жұқпа) жағдайында Г-КСФ қолдану және доцетаксел дозасын азайту қажет болуы мүмкін.

Асқазан-ішек жолы тарапынан болатын реакция

Бұрынғы іштің ауыруы және басқан кездегі сезімталдық, жоғары температура, нейтропениямен немесе онсыз іш өту сияқты симптомдар ауыр асқазан-ішек уыттануының бастапқы көріністері болуы мүмкін, олар тексерілуі және шұғыл емделуі тиіс.

Іркілісті жүрек жеткіліксіздігі

Емделу кезінде және одан кейін жалғасатын кезеңде іркілісті жүрек жеткіліксіздігі симптомдарын анықтау мақсатында бақылау жүргізген жөн.

Лейкемия

Доцезен, доксорубицин және циклофосфамид (ТДЦ) алған науқастарда баяу миелодисплазия немесе миелоидты лейкемия даму қаупіне орай гематологиялық көрсеткіштерге бақылау жасау талап етіледі.

Зақымданған 4 және одан көп лимфа түйндері бар науқастар

Аралық талдау барысында 4 және одан көп зақымданған лимфа түйіндері бар науқастарда ТДЦ сызбасының пайда және қауіп арақатынасы нақты анықталмаған.

Егде жастағы науқастар

70 жастан асқан науқастарда доксорубицинмен және циклофосфамидпен біріктірілген Доцезен қолдану жөніндегі деректер шектеулі.

ТЦФ қолданғанда егде жастағы науқастарды қатаң бақылаумен қамтамасыз ету керек.

Жүктілік және лактация кезеңі

Жүкті әйелдерде Доцезен қолдану жөнінде ақпарат жоқ. Клиникаға дейінгі зерттеулер барысында оның эмбриоуытты және фетоуытты әсер көрсететіні, сондай-ақ фертильділікті төмендететіні дәлелденген. Басқа да цитоуытты емдік препараттар сияқты, егер жүкті әйелдерге енгізілсе, доцетаксел ұрыққа зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан, нақты көрсетілімдер болмаса, жүктілік кезінде Доцезен қолдануға болмайды.

Доцетаксел - липофильді зат, бірақ оның ана сүтімен бөлінуі белгісіз. Сондықтан, емшектегі сәбилерде жағымсыз реакциялардың дамуы мүмкін екендіктен, Доцезенмен емделген бүкіл кезеңде бала емізуді тоқтату керек.

Бала туу жасындағы әйелдер/контрацепция

Доцезен алатын бала туу жасындағы әйелдерге жүкті болмауға кеңес беріліп, жүктілік жағдайында емдеуші дәрігерді шұғыл хабардар еткен дұрыс.

Емделу кезінде контрацепцияның тиімді әдісін пайдалану керек.

Клиникалық емес зерттеулерде доцетаксел геноуытты әсерлер көрсетеді және ерлерде фертильділікті төмендетуі мүмкін. Сондықтан, Доцезенмен емделіп жүрген ерлерге емделу кезінде және одан кейінгі 6 айда сәби ұрықтандыруды қоя тұру және емге дейін шәуһетті консервациялауға қатысты кеңес алу ұсынылады.

Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Автокөлік пен жұмыс механизмдерін басқару қабілетіне ықпал етуіне зерттеулер жүргізілмеген.

Артық дозалануы

Симптомдары: жағымсыз реакциялардың күшеюі мүмкін. Артық дозаланудың алғашқы асқыну ықтималдығы сүйек кемігінің бәсеңдеуімен, шеткергі нейроуыттану және мукозитпен көрініс береді.

Емі: Доцезеннің артық дозалануында у қайтарғы жоқ. Артық дозаланған жағдайда науқас арнайы мамандандырылған бөлімде бақыланады және организмнің өмірлік маңызды функцияларына мұқият мониторинг өткізіледі. Артық дозалануды нақтылаудан кейін Г-КСФ мүмкіндігінше ертерек тағайындалу керек. Басқа симптоматикалық емшаралар қажет болғанда қолданылады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

0.61 мл немесе 2.36 мл концентраттан түсті коды бар (20 мг/0.61 мл доза үшін жасыл немесе 80 мг/2.36 мл доза үшін қызыл) сындырылатын пластмасса қақпақпен жабдықталған алюминий қалпақшасы мен резеңке тығыны бар сыйымдылығы 7 мл немесе 15 мл мөлдір түссіз құтыда (I типті шыны).

1.98 мл немесе 7.33 мл еріткіштен түсті коды бар (еріткіш үшін түссіз) сындырылатын пластмасса қақпақпен жабдықталған алюминий қалпақшасы мен резеңке тығыны бар сыйымдылығы 7 мл немесе 15 мл мөлдір түссіз құтыда (I типті шыны).

1 құты концентраттан (20 мг/0.61 мл доза немесе 80 мг /2.36 мл доза) және 1 құты еріткіштен (20 мг/0.61 доза үшін 1.98 мл немесе 80 мг /2.36 мл доза үшін 7.33 мл) пішінді ұяшықты қаптамаға салады.

1 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салады.

Сақтау шарттары

Жарықтан қорғалған жерде, 25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек. Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.  

Сақтау мерзімі

2 жыл (20 мг/0.5 мл доза үшін), 3 жыл (80 мг /2.0 мл доза үшін).

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

ИЛДОНГ ФАРМАЦЕВТИКАЛС КО ЛТД, Корея Республикасы

60-1, Singeonji-dong, Anseong-si, Gyeonggi-do, Korea

Тіркеу куәлігінің иесі

ИЛДОНГ ФАРМАЦЕВТИКАЛС КО ЛТД, Корея Республикасы

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар)

сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«РОТО-ПРАЙМ» ЖШС

Қазақстан Республикасы,

Шымкент қ., Жансүгіров к-сі, 40

телефон: 8 (7252) 53-82-15

факс: 8 (7252) 56-94-29

e-mail: z.aimagambetov@roto-prime.kz

 

Прикрепленные файлы

073207181477976658_ru.doc 180 кб
001301181477977812_kz.doc 244 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники