Бонефос® (60 мг/мл)

МНН: Клодроновая кислота
Производитель: ЭВЕР Фарма Йена ГмбХ
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Clodronic acid
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№009506
Информация о регистрации в РК: 10.12.2015 - 10.12.2020

Инструкция

Саудалық атауы

Бонефос®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Клодрон қышқылы

Дәрілік түрі

Көктамыр ішіне енгізу үшін ерітінді дайындауға арналған 60 мг/мл концентрат

Құрамы

1 мл препараттың құрамында

белсенді зат - 75,0 мг динатрий клодронатының тетрагидраты (60,0 мг сусыз динатрий клодронатына сәйкес)

қосымша заттар: натрий гидроксиді, инъекцияға арналған су

Сипаттамасы

Көзге көрінетін бөлшектері жоқ мөлдір, түссіз ерітінді

Фармакотерапиялық тобы

Сүйектердің құрылымына және минералдануына әсер ететін препараттар. Бисфосфонаттар. Клодрон қышқылы.

АТХ коды  М05ВА02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Клодрон қышқылының қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы төмен. Таралу көлемі 20 - 50 л құрайды.

Клодрон қышқылының қан сарысуынан шығарылуы екі фазамен сипатталады: жартылай шығарылу кезеңі 2 сағатқа жуық болатын таралу фазасымен және өте баяу өтетін шығарылу фазасымен сипатталады, өйткені клодрон қышқылы сүйек тінімен берік байланысады. Клодрон қышқылы организмнен негізінен бүйрек арқылы шығарылады. Препаратты ішке қабылдағаннан кейін бірнеше күн ішінде несептен 80%-ға жуығы анықталады. Сүйек тінімен байланысқан клодрон қышқылы (сіңген дозаның 20% жуығы), организмнен баяуырақ шығарылады. Бүйректік клиренсі плазмалық клиренсінің шамамен 75% құрайды.

Қан плазмасындағы клодрон қышқылының концентрациясы мен емдік әсерінің немесе жағымсыз реакцияларының арасында айқын байланыс жоқ. Препараттың фармакотерапиялық бейіні, клодрон қышқылының бүйрек клиренсін төмендететін бүйрек жеткіліксіздігін қоспағанда, науқастың жасына, препараттың метаболизміне немесе функционалдық бұзылуларға байланысты емес.

Фармакодинамикасы

Клодрон қышқылы бисфосфонаттар тобына жатады және табиғи пирофосфаттың аналогы болып табылады. Бисфосфонаттардың сүйек тінінің минералды құрамдас бөліктеріне ұқсастығы жоғары. In vitro бисфосфонаттар кальций фосфатының преципитациясын бәсеңдетеді, оның гидроксиапатитке өзгеруін бөгейді, апатит кристалдарының ірірек кристалдарға бірігуін кідіртеді және осы кристалдардың еруін баяулатады. Клодрон қышқылының негізгі әсер ету механизмі остеокластар белсенділігін төмендету және олар арқылы сүйек тіні резорбциясын азайту болып табылады. Клодрон қышқылы сүйек резорбциясын бірнеше жолдармен басады.

Клодрон қышқылының адамдардағы сүйек тіні резорбциясын тежеу қабілеті гистологиялық, кинетикалық және биохимиялық зерттеулер үдерістерінде дәлелденген. Дегенмен, бұл үдерістің нақты механизмдері аяғына дейін зерттелмеген.

Клодрон қышқылы қан сарысуындағы кальцийдің концентрациясын, сондай-ақ кальций мен гидроксипролиннің несеппен бірге шығарылуын азайта отырып, остеокласттардың белсенділігін төмендетеді.

Клодрон қышқылы сүт бездері обырында менопауза алдындағы және кезіндегі әйелдерде сан сүйегі аймағы мен омыртқаның бел бөлігінде сүйек тінін жоғалтуды болдырмайды. Клодрон қышқылын монотерапияда сүйек тінінің резорбциясын тежеуге жеткілікті дозаларда қолданғанда адамда сүйектің қалыпты минералдануына ықпалы байқалған жоқ. Сүт безінің обыры және көптеген миеломасы бар науқастарда сүйектердің сыну ықтималдығының төмендегені байқалды.

Қолданылуы

- қатерлі ісіктерден болған сүйектегі гиперкальциемияны және остеолитикалық метастазаларды емдеуде

Қолдану тәсілі мен дозалары

Клодрон қышқылы негізінен бүйрек арқылы шығарылатын болғандықтан, Бонефоспен® ем жүргізу кезінде науқасқа сұйықтықтың жеткілікті мөлшерде жеткізілуін қамтамасыз ету қажет.

Көктамыр ішіне инфузия түрінде (қысқа емдеу курсы үшін ғана)

Емдеуді бастар алдында және емдеу үдерісінде науқасқа сұйықтықтың мол мөлшерде жеткізілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ емдеу үдерісінде бүйрек функциясын және қан сарысуындағы кальций концентрациясын бақылап отыру қажет.

Қанда кальцийдің клиникалық болжамды деңгейі сақталатын уақыттың ұзақтығы пациентке байланысты едәуір өзгеріп отырады. Қанда кальций деңгейін бақылап отыру қажет болған кезде препаратпен инфузия жасауды қайталауға немесе Бонефосты® ішке тағайындауға болады.

Бүйрек функциясы қалыпты ересек пациенттер

Инфузияға арналған ерітіндіні дайындау үшін 300 мг (ішінде 5 мл препараты бар 1 ампула) препаратты 500 мл 0,9% натрий хлоридінің ерітіндісіне немесе 5% (50 мг/мл) глюкоза ерітіндісінде ерітеді. Дайындалған ерітіндіні көктамыр ішіне, әдетте 5 күн ішінде болатын, қан сарысуындағы кальций қалыпты концентрацияға жеткенге дейін күн сайын 2 сағат бойы (одан кем емес) тамшылатып енгізеді. Мұндай емді 7 күннен артыққа созбаған жөн.

Немесе препаратты бір реттік 1500 мг дозада тағайындауға болады, оны жоғарыда ұсынылғандай, 500 мл ерітіндіде ерітеді және көктамыр ішіне, 4 сағат бойы тамшылатып енгізеді.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастар

Көктамыр ішіне енгізген кезде дозалар келесі нұсқауларға сай төмендетілуі тиіс:

Бүйрек жеткіліксіздігінің дәрежесі

Креатинин клиренсі,

мл/мин.

Дозаны азайту, %

Жеңіл

50-80

25%-ға

Орташа

12-50

25-50%-ға

Ауыр

<12

50%-ға

Гемодиализ жүргізер алдында Бонефос® инфузиясын 300 мг дозада жүргізу керек, ал гемодиализден бос күндері препарат дозасын 50%-ға төмендеткен және 5 күн емдеумен шектелген жөн. Перитонеальді диализ препаратты айналымнан нашар шығаратындығын ескеру керек.

Жағымсыз әсерлері

Препаратты ішке қабылдағанда өте жиі кездесетін жағымсыз реакция диарея болып табылады; бұл реакция әдетте жеңіл түрде білінеді және препаратты көбіне жоғары дозаларда қолданғанда пайда болады.

Төменде атап көрсетілген реакциялар препаратты ішке қабылдағанда да, сондай-ақ көктамыр ішіне енгізгенде де байқалуы мүмкін, сонда да бұл реакциялардың пайда болу жиіліктерінің арасында айырмашылық болуы мүмкін.

Жиі (≥1/100 , <1/10)

- симптомсыз гипокальциемия

- жүректің айнуы, құсу және диарея (көбінесе препаратты жоғары дозаларда пайдаланғанда) әдетте жеңіл түрде

- аминотрансферазалар деңгейінің жоғарылауы, әдеттегідей, қалыпты көрсеткіштер шегінде

Сирек (≥1/10000, <1/1000)

- клиникалық көріністерімен қатар жүретін гипокальциемия, сарысудағы паратиреоидтық  гормон концентрациясының жоғарылауы (әдетте, кальций деңгейінің төмендеуімен бірге), сарысудағы сілтілік фосфатаза концентрациясының жоғарылауы (метастаздары бар пациенттерде бауыр мен сүйектерде метастаздардардың болуынан, сілтілік фосфатаза деңгейі де жоғарылауы мүмкін)

- аминотрансферазалар деңгейінің, бауыр функциясы бұзылуымен қатар жүрмейтін, қалыпты көрсеткішінен екі есе артық жоғарылауы

- аса жоғары сезімталдықтың тері біліністері түріндегі реакциялары

Постмаркетингтік тәжірибе деректеріі

- увеит

Басқа бисфосфонаттарды қолданғанда

- конъюнктивит, эписклерит және склерит

Конъюнктивит Бонефосты® басқа бисфосфонаттармен бірге қабылдаған бір пациентте ғана байқалды.

Бонефосты® қолдану аясында эписклериттің және склериттің даму жағдайлары (бисфосфонаттардың жағымсыз реакциялары) күні бүгінге дейін байқалған жоқ.

- ацетилсалицил қышқылына сезімталдығы жоғары, бронх демікпесі бар науқастарда тыныс алу функциясының бұзылуы

- респираторлық бұзылулармен білінетін аса жоғары сезімталдық реакциялары

- бүйрек функциясының бұзылуы (сарысудағы креатинин құрамының жоғарылауы және протеинурия), бүйректің айқын зақымдануы, әсіресе Бонефостың® жоғары дозаларын көктамыр ішіне тез құйғаннан кейін. Қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды көбінесе диклофенакмен біріктіріп қолданғанда, фатальді жағдаймен аяқталуы сирек, бірлі-жарым бүйрек жеткіліксіздігі жағдайлары байқалған

- бұрын негізінен золендрон қышқылы және памидронат сияқты амино-бисфосфонаттарды қабылдаған пациенттерде бірлі-жарым жақ сүйек остеонекрозы жағдайлары байқалған («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз)

- Бонефосты® қабылдаған пациенттерде сүйектердің, буындардың және/немесе бұлшықеттердің қатты ауыруы. Алайда мұндай жағдайлар жиі байқалмаған, және рандомизацияланған бақыланатын зерттеулерде осы көрсеткіштер бойынша плацебо тобымен салыстырғанда маңызды айырмашылықтар анықталмаған. Симптомдардың басталуы Бонефосты® қабылдауды бастағаннан кейін бірнеше күннен бірнеше айға дейін ауытқып тұрған.

- ортан жіліктің атипиялық ұршықасты және диафизарлық сынулары (бисфосфонаттардың жағымсыз реакциялары).

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- клодрон қышқылына немесе препараттың кез келген ингредиентіне сезімталдық жоғары болғанда

- басқа бисфосфонаттармен қатар жүретін ем

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілерді, көбінесе диклофенакты бір мезгілде тағайындағанда, Бонефосты® қабылдау мен бүйрек қызметі бұзылуының арасындағы байланыс жөнінде мәліметтер бар.

Гипокальциемияның даму мүмкіндігі зор болғандықтан, Бонефосты® аминогликозидтермен бірге тағайындағанда сақ болған жөн.

Эстрамустин фосфатын Бонефоспен® бір мезгілде қабылдау қан сарысуында эстрамустин фосфаты концентрациясының 80% дейін артуына алып келгені жөнінде мәлімделген.

Клодронат екі валентті катиондармен нашар еритін кешендер түзеді. Сондықтан клодронатты құрамында екі валентті катиондары бар (мысалы, Рингер ерітіндісімен) ерітінділермен бірге енгізбеген жөн.

Айрықша нұсқаулар

Бонефоспен® ем жүргізу кезінде науқасқа сұйықтықтың мол мөлшерде жеткізілуін қамтамасыз ету қажет. Бұл әсіресе Бонефосты® көктамырішілік инфузия түрінде тағайындағанда, сондай-ақ гиперкальциемия және бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастар үшін маңызды.

Емдеуге дейін және емдеу кезінде қан сарысуында креатинин, кальций және фосфор деңгейіне мониторинг жүргізу қажет.

Клиникалық зерттеулер барысында бауырдың басқа функционалдық сынамаларында трансаминазалар деңгейінің өзгеріссіз асимптоматикалық қайтымды жоғарылауы анықталған («Жағымсыз әсерлері» бөлімін қараңыз). Бонефос препаратымен емдеген кезде қан сарысуында трансаминазалар деңгейін тұрақты бақылап отыру қажет.

Бонефос® препаратын бүйрек функциясы бұзылған науқастарға қолданғанда сақ болған жөн («Қолдану тәсілі мен дозалары» бөлімінен дозаны түзетуді қараңыз).

Бонефосты® ұсынылған дозадан едәуір артық дозаларда көктамыр ішіне енгізу, әсіресе инфузия жылдамдығы тым жоғары болған кезде, бүйректің ауыр зақымдануын тудыруы мүмкін.

Тістерді жұлғаннан кейін және/немесе ауыз қуысының жергілікті инфекцияларынан кейін (остеомиелитті қоса) бисфосфонаттарды көктамырішілік немесе ішу арқылы қабылдап жүрген қатерлі аурулары бар пациенттерде жақ сүйегінің остеонекрозы дамуының сирек жағдайлары мәлімделген. Бұл пациенттердің көпшілігі сондай-ақ химиялық ем мен кортикостероидтарды да қабылдаған.

Осыған байланысты кез келген бисфосфонаттармен емдеу басталғанға дейін, әсіресе қауіпті топтағы науқастарды емдеген кезде (мысалы, қатерлі онкологиялық аурулары бар, химиялық ем, сәулелік ем, кортикостероидтар қабылдап жүрген пациенттерде, ауыз қуысының гигиенасы жеткіліксіз деңгейде болғанда, анемияда және коагулопатияда) ауыз қуысының санациясына бағытталған превентивті стоматологиялық емшаралар жүргізу керек. Бисфосфонаттармен ем қабылдап жүрген науқастарда инвазивті стоматологиялық емшаралар жүргізбеген жөн.

Стоматологиялық операция бисфосфонаттармен емдеу кезінде жақ остеонекрозы басталатын пациенттердің жағдайын ушықтырып жіберуі мүмкін. Стоматологиялық операция қажет пациенттер бисфосфонаттар қабылдауды тоқтатқаннан кейін жақ остеонекрозы туындау қаупі азаюының мүмкіндігін көрсететін мәліметтер жоқ. Емдеуші дәрігердің клиникалық байымдауы әрбір пациенттің енгізу жоспарын жасау кезінде пайда/қауіп арақатынасын жекелей бағалауға негізделуі тиіс.

Бонефос®, көктамыр ішіне енгізу үшін ерітінді дайындауға арналған 60 мг/мл концентратының бір дозасының құрамында 53 мг натрий болады. Осыны натрий мөлшері бақыланатын емдәм ұстанып жүрген пациенттерге препаратты тағайындағанда ескерген жөн.

Бисфосфонаттарды қолдану аясында, негізінен, остеопорозға ұзақ уақыт ем қабылдап жүрген пациенттерде ортан жілік сүйегінің атипиялық ұршықасты және диафизарлы сынуларының даму жағдайлары жөнінде мәлімделген. Бонефоспен® емдегенде мұндай жағдайлар байқалған жоқ.

Көлденең және қиғаш көлденең сынықтар ортан жілік сүйегінің кішкентай ұршық деңгейінен айдаршыққүсті аймағына дейінгі кез келген жерінде болуы мүмкін.

Мұндай сынулар аздаған жарақаттардан кейін немесе жарақат жоқ кезде болады. Осындайда кейбір пациенттерде ортан жілік немесе шап аймақтарында ортан жілік сүйегінің стресс-сынығының (шаршаудан сынуы) рентгенологиялық белгілерімен үйлесуі ортан жілік сүйегінің толық сынуы дамығанға дейінгі апталар немесе айлар ішінде байқалды.

Сынықтар екі жақты болады, сондықтан бисфосфонаттармен ем қабылдап жүрген және ортан жілік сүйегінің сынуын бастан кешкен пациенттерде екінші аяқтың ортан жілік сүйегін де тексерген жөн.

Сондай-ақ мұндай сынықтардың бітуінің нашар болатындығы мәлімделген.

Ортан жіліктің атипиялық сынуына күдігі бар пациенттерде бисфосфонаттармен емдеуді тоқтатуды олардың пайда/қаупі арақатынасына баға берілгеннен кейін шешу қажет.

Бисфосфонаттармен емделу кезінде пациенттер ортан жілік аймағындағы, ұршық буындарындағы немесе шап аймағындағы кез келген ауыруға көңіл аударғаны және ол жөнінде дәрігерге айтқаны жөн. Мұндай пациенттерде ортан жілік сүйегінің толық сынған-сынбағандығын анықтау қажет.

Егде жастағы пациенттерде қолданылуы

Егде жастағы пациенттерде дозасын түзету жөнінде арнайы нұсқаулар жоқ. 65 жастан асқан пациенттер қамтылған клиникалық зерттеулерде, аталған топта ерекше жағымсыз әсерлер байқалған жоқ.

Педиатрияда қолданылуы

Бұл препараттың балаларға қолданылуының қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Жүктілік және лактация кезеңі

Клодронаттың плацентарлық бөгет арқылы өту-өтпеуі белгісіз. Сондай-ақ клодронаттың ұрық тарапынан бұзылулар тудыру немесе адамдағы ұрпақ өрбітуге ықпал ету мүмкіндігі туралы да мәліметтер жоқ. Осыған байланысты Бонефос® жүктілік кезінде қолданылмауы тиіс. Бала туатын жастағы әйелдер контрацепцияның тиімді әдістерін пайдаланулары қажет. Препаратты қабылдау кезінде емшекпен қоректендіру ұсынылмайды.

Дәрілік заттың көлік құралдарын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Белгісіз

Артық дозалануы

Симптомдары: клодрон қышқылының жоғары дозаларын көктамыр ішіне енгізген кезде қан сарысуында креатинин концентрацияларының артқаны және бүйрек функциясының бұзылғаны мәлімделген. 20 000 мг (50х400 мг) клодронатты кездейсоқ қабылдаудан кейінгі жедел бүйрек жеткіліксіздігі мен бауыр зақымдануының бір жағдайы туралы хабарланған.

Емі: артық дозаланған жағдайда симптоматикалық ем жүргізген жөн. Науқастың сұйықтықты мол мөлшерде қабылдауын қамтамасыз ету, сондай-ақ бүйрек пен бауыр функциясын және қан сарысуындағы кальций мөлшерін бақылап отыру қажет.

Шығарылу түрі мен қаптамасы

5 мл-ден түссіз мөлдір І типті шыны ампулада.

5 ампуладан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынады.

Сақтау шарттары

25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!

Инфузия үшін дайындалған ерітіндіні 24 сағаттан асырмай 2-8 оС температурада сақтауға болады.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші/Қаптаушы

ЭВЕР Фарма Йена ГмбХ, Германия

Otto-Schott Strasse 15, 07745 Jena

Тіркеу куәлігінің иесі

Байер Фарма АГ, Германия

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөнінде шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«Байер КАЗ» ЖШС

Тимирязев к-сі, 42, «Экспо-Сити» бизнес орталығы, 15 пав.

050057 Алматы, Қазақстан Республикасы

тел. +7 727 258 80 40, факс: +7 727 258 80 39

e-mail: kz.claims@bayer.com

Прикрепленные файлы

827714701477976330_ru.doc 68 кб
738141951477977584_kz.doc 93 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники