НовоНорм® (2 мг)

МНН: Репаглинид
Производитель: Ново Нордиск А/С
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Repaglinide
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№013005
Информация о регистрации в РК: 05.05.2014 - 05.05.2019
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 60.02 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

НовоНорм

Халықаралық патенттелмеген атауы

Репаглинид

Дәрілік түрі

Таблеткалар 0.5 мг, 1 мг, 2 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 0.5 мг, 1.0 мг, 2.0 мг репаглинид бар,

қосымша заттар: полоксамер 188, повидон, меглумин, жүгері крахмалы,

сусыз кальций гидрофосфаты, микрокристалды целлюлоза, глицерол 85%, калий полакрилині, магний стеараты, темірдің сары тотығы (Е 172) – 1 мг доза үшін және темірдің қызыл тотығы (Е 172) – 2 мг доза үшін

Сипаттамасы

Дөңгелек, ақ (0.5 мг доза үшін), сары (1.0 мг доза үшін) немесе қоңырлау-қызғылт түсті (2.0 мг доза үшін), диаметрі 6.0 мм, бір жағында «Ново Нордиск символы (Апис өгізі)» таңбаланған, екі беті дөңес таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Қант диабетін емдеуге арналған дәрілер. Қантты төмендететін пероральді қабылдауға арналған препараттар. Қантты төмендететін басқа да препараттар. Репаглинид.

АТХ коды A10ВХ02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңірілуі

Репаглинид асқазан-ішек жолынан тез сіңіріледі, бұл плазмадағы оның концентрациясының тез жоғарылауымен қатар жүреді. Плазмада Репаглинидтің ең жоғары концентрациясына оны қабылдаудан кейін бір сағат ішінде жетеді.

Репаглинид фармакокинетикасы арасындағы клиникалық мәнді айырмашылықтар оны тікелей тамақтанар алдында, 15 минут бұрын немесе тамақтануға дейін 30 минут бұрын немесе ашқарынға қабылдағанда айқындалмаған.

Репаглинидтің фармакокинетикасы 63% тең (ауытқушылық коэффициенті (CV) 11% тең) орташа абсолютті биожетімділікпен сипатталады.

Клиникалық зерттеулерде плазмадағы репаглинид концентрациясының әртүрлі адамдар арасындағы ауытқушылығының жоғары (60%) болатындығы анықталды. Жекеше ауытқушылығы төменнен орташаға (35%) дейінгі шекте болады. Репаглинид дозасының титрациясы емге емделушінің клиникалық жауабына байланысты жүргізілетін болғандықтан, адамдар арасындағы ауытқушылық емдеудің тиімділігіне әсер етпейді.

Таралуы

Репаглинид фармакокинетикасы таралудың төменгі 30 л (жасушаішілік сұйықтыққа таралуға сәйкес) көлемімен, сондай-ақ адамның плазма ақуыздарымен байланысу дәрежесінің жоғарылығымен (98% астам) сипатталады.

Шығарылуы

Ең жоғары концентрациясына (Сmax) жеткеннен кейін плазмада мөлшері тез төмендейді. Препараттың жартылай шығарылу кезеңі (t ½ ) шамамен бір сағатты құрайды. Репаглинид организмнен 4-6 сағаттың ішінде түгел шығарылады. Репаглинид, көбіне СҮР2С8 изоферментімен, сонымен қатар, аз дәрежеде болса да СҮР3А4 изоферментімен толық метаболизденеді, және бұл ретте клиникалық тұрғыдан маңызды гипогликемиялық әсер ететін метаболиттер идентификацияланған жоқ.

Репаглинид метаболиттері көбіне ішекпен шығарылады, бұл ретте 1%-дан кем препарат нәжісте өзгермеген түрінде анықталады. Енгізілген дозаның аздаған бөлігі (шамамен 8%-ы) несепте, көбіне метаболиттер түрінде анықталады.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Репаглинидтің фармакокинетикалық параметрлеріне 2 типті қант диабеті және ауырлық дәрежесі әртүрлі бүйрек функциясының бұзылуы бар емделушілерде бір реттік қабылдау кезінде және тепе-теңдік күйінде баға берілген. «Концентрация-уақыт» қисығы астындағы аудан (AUC) мен Cmax мәндері бүйрек қызметі қалыпты науқастар мен бүйрек жеткіліксіздігінің ауырлық дәрежесі жеңіл немесе орташа дәрежелі бұзылулары бар (орташа мәні 57.2 нг/мл  сағатпен салыстырғанда 56.7 нг/мл  сағ., және 37.7 нг/мл салыстырғанда 37.5 нг/мл құраған) емделушілерде бірдей болған. Бүйрек функциясының ауыр бұзылуы бар емделушілерде AUC және Cmax мәндерінің жоғарылығы (тиісінше, 98.0 нг/мл сағ. және 50.7 нг/мл) байқалған, алайда бұл зерттеу тек репаглинид концентрациясы мен креатинин клиренсі арасындағы өзара байланыстың әлсіз екендігін анықтады. Бүйрек функциясы бұзылған емделушілерде бастапқы дозаны түзетудің қажеттілігі жоқ деп шамаланады. Алайда гемодиализдің жүргізілуін қажет ететін, бүйрек функциясының ауыр бұзылуымен қатар жүретін 2 типті қант диабетіне шалдыққан емделушілерде кейін дозаны арттырған кезде сақ болған жөн.

Бауыр жеткіліксіздігі

Репаглинидті дені сау 12 еріктінің, сондай-ақ Child-Pugh шкаласы, сондай-ақ кофеин клиренсінің мәні бойынша жіктелген созылмалы бауыр ауруы бар (СБА) 12 емделушінің бір рет қабылдауын көздейтін ашық зерттеу жүргізілді. Бауыр қызметінің ауырлығы орташа және ауыр бұзылулары бар емделушілерде дені сау адамдардағыларға қарағанда, сарысудағы жалпы және байланыспаған репаглинидтің өте жоғары және ұзақ уақыт бойы сақталатын концентрациясы байқалды (дені сау адамдарда AUC = 91.6 нг/мл • сағ.; СБА бар емделушілерде AUC = 368.9 нг/мл • сағ.; дені сау адамдарда Cmax = 46.7 нг/мл, СБА бар емделушілерде Cmax = 105,4 нг/мл). AUC мәні кофеин клиренсімен статистикалық тұрғыдан өзара байланысты. Бұл топтар арасындағы глюкоза концентрациясында айырмашылықтар байқалған жоқ. Осылайша, репаглинидтің әдеттегі дозаларын қабылдағанда, бауыр қызметі қалыпты емделушілерге қарағанда, бауыр функциясы бұзылған емделушілерде репаглинид пен оның метаболиттері өте жоғары концентрацияға жетеді. Демек, бауыр қызметі бұзылған емделушілерге репаглинидті сақтықпен қолдану керек. Сондай-ақ емге жауапты нақтырақ бағалау үшін, дозаны түзету аралықтарын арттырған жөн.

Қауіпсіздік жөніндегі клиникаға дейінгі деректер

Фармакологиялық қауіпсіздік, қайталанатын дозалар уыттылығы, геноуыттылық пен канцерогендік потенциал зерттеулеріне негізделген клиникаға дейінгі деректер адам үшін қандай да бір қауіптілігін анықтамаған. Жануарларға зерттеу

репаглинидтің тератогенді әсер етпейтіндігін көрсеткен. Тератогендік емес аяқ-қол дамуы аномалиясы жүктіліктің соңғы үшіншілігінде және лактация кезеңінде репаглинидтің жоғары дозасын алған ұрғашы егеуқұйрықтан туған эмбриондар мен жаңа туған егеуқұйрықтарда байқалған.

Репаглинид жануарлар сүтінде анықталған.

Фармакодинамикасы

Әсер ету механизмі

НовоНорм - әсері қысқа, ішу арқылы қабылданатын гипогликемиялық препарат. Ұйқы безінен инсулиннің бөлініп шығуын көтермелей отырып, қандағы глюкоза мөлшерін төмендетеді. ß-жасушалары жарғақшасында осы препаратқа тән ерекше ақуыз-рецептормен байланысады. Бұл АТФ-тәуелді калий өзекшелерінің бөгелуі мен жасуша жарғақшасының деполяризациясына әкеледі, ол өз кезегінде кальций өзекшелерінің ашылуына ықпалын тигізеді. Кальцийдің ß-жасушаларының ішіне өтуі инсулин секрециясын ынталандырады.

2 типті қант диабетіне шалдыққан науқастарда инсулинотропты реакция препаратты ішке қабылдағаннан кейін 30 минуттың ішінде байқалады. Бұл бүкіл ас қабылдау кезеңі ішінде қандағы глюкоза деңгейінің төмендеуін қамтамасыз етеді. Мұндайда плазмадағы репаглинид деңгейі тез төмендейді, және препаратты қабылдағаннан кейін 4 сағаттан соң 2 типті қант диабетіне шалдыққан науқастардың плазмасында препараттың төмен концентрациялары анықталады.

Клиникалық тиімділігі мен қауіпсіздігі

Қандағы глюкоза деңгейінің дозаға байланысты төмендеуі 2 типті қант диабетіне шалдыққан емделушілерде репаглинидті 0,5 мг-нан 4 мг-ға дейінгі дозалар аралығында тағайындағанда байқалады. Клиникалық зерттеулердің нәтижелері репаглинидті тамақ ішер алдында (препрандиальді дозалау) қабылдаудың дұрыстығын көрсеткен.

Қолданылуы

  • 2 типті қант диабетінде, емдәммен емдеу, дене салмағын және дене жүктемесін азайту тиімсіз болғанда

  • 2 типті қант диабетінде, НовоНормның® метформиннің немесе тиазолидиндиондардың монотерапиясы көмегімен емдеу арқылы гликемияны қанағаттанарлықтай бақылауға қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайларда НовоНорм® тиазолидиндионмен немесе метформинмен біріктірілімде

Қолдану тәсілі және дозалары

НовоНорм® қандағы глюкоза концентрациясын төмендету үшін емдәм және дене жүктемесіне қосымша ретінде тағайындалады, оның енгізілуі ас қабылдайтын уақытқа сәйкестендірілуі тиіс.

Препаратты негізгі тамақтанудың алдында (яғни препрандиальді, күніне 2, 3 немесе 4 рет) қабылдайды. Препаратты негізгі тамақтануға дейін 15 минут бұрын қабылдау ұсынылады. Препаратты 0-ден 30 минутқа дейінгі аралықта қабылдауға болады. Тамақтануды (немесе қосымша тамақтанулар) өткізіп алуы мүмкін емделушілер препараттың дозасын (немесе қосымша қабылдауды) ұмытып өткізіп алу тұрғысында нұсқаулықты алуы тиіс.

Дозаны қандағы глюкоза деңгейіне байланысты әрбір емделушіге жекелей таңдайды. Қандағы және/немесе несептегі глюкозаның концентрациясын емделушінің өзінің бақылауымен қоса, дәрігердің де қандағы глюкоза концентрациясын мезгіл-мезгіл анықтап отыруы қажет, бұл емделушіге ең аз, тиімді дозаны анықтауға мүмкіндік береді. Гликозилденген гемоглобин концентрациясы да емделушінің емге жауабының көрсеткіші болып табылады. Емделушіге репаглинидті ұсынылатын ең жоғары дозада (емделушіде «алғашқы төзімділік» болғанда) бірінші тағайындаған кезде қандағы глюкоза концентрациясының талапқа сай емес төмендеуін анықтау үшін, сондай-ақ бұрын жүргізілген тиімді емнен кейін осы препаратқа гипогликемиялық жауаптың әлсіреуін анықтау мақсатында (яғни, емделушіде «салдарды төзімділік» болуын) глюкоза концентрациясына мезгіл-мезгіл бақылау жүргізіп отыру қажет.

Әдетте емдәмнің көмегімен қант диабеті жақсы бақыланатын 2 типті қант диабетіне шалдыққан емделушілерде гликемиялық бақылауды уақытша жоғалту кезеңінде репаглинидпен қысқа емдеу курсын жүргізу жеткілікті болуы мүмкін.

Басқа дәрілік заттармен бір мезгілде қолданған жағдайда – «Басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі» және «Айрықша нұсқаулар» бөлімдерін қараңыз.

Бастапқы доза

Қандағы глюкоза деңгейіне қарай препараттың дозасын дәрігер анықтайды.

Бұрын ешқашан басқа пероральді гипоглиемиялық препараттарды қабылдамаған емделушілер үшін негізгі асты қабылдар алдындағы ұсынылатын бастапқы реттік доза 0,5 мг құрайды. Дозаны түзету аптасына 1 рет немесе 2 аптада 1 рет жүргізіледі (емге жауап көрсеткіші ретінде қандағы глюкозаның концентрациясына көңіл бөлінеді). Егер емделуші ішу арқылы қабылданатын басқа гипогликемиялық дәрілерден НовоНорм препаратымен емдеуге көшсе, онда негізгі асты қабылдау алдындағы ұсынылатын бастапқы бір реттік доза 1 мг болуы тиіс.

Ең жоғары дозалар

Негізгі асты қабылдау алдындағы ұсынылатын ең жоғары бір реттік доза 4 мг құрайды. Тәуліктік ең жоғары жиынтық доза 16 мг аспауы тиіс.

Бұрын басқа гипогликемиялық препараттарды ішу арқылы қабылдаған емделушілер

Ішу арқылы қабылданатын гипогликемиялық басқа препаратпен емдеуден емделушілерді репаглинидпен емдеуге ауыстыруды бірден жүзеге асыруға болады. Онымен қоса, репаглинид пен басқа гипогликемиялық препараттың дозалары арасында нақты арақатынас анықталмаған. Репаглинидке көшірілетін емделушілер үшін ұсынылатын бастапқы ең жоғарғы доза әр негізгі асты қабылдар алдында 1 мг құрайды.

Біріктірілген ем

Метформинмен немесе тиазолидиндиондармен немесе репаглинидпен монотерапия кезінде қандағы глюкоза концентрациясын бақылау талапқа сай болмаған жағдайда репаглинид метформинмен немесе тиазолидиндиондармен біріктірілімде тағайындалуы мүмкін. Мұндайда репаглинидтің монотерапия кезіндегідей бастапқы дозасы қолданылады. Содан кейін әрбір препараттың дозасын, қандағы глюкозаның қол жеткізілген концентрациясына қарай, түзетіп отырады.

Балалар және жасөспірімдер

18 жастан кіші тұлғаларды репаглинидпен емдеудің тиімділігі мен қауіпсіздігі зерттелмеген. Деректер жоқ.

Жағымсыз әсерлері

Барынша жиі кездесетін жағымсыз әсерлері қандағы глюкоза концентрациясының өзгеруі, яғни гипогликемия) болып табылады. Қант диабетін емдеудің кез келген түрін қолданудағы сияқты мұндай реакциялардың жиілігі тағамға қатысты әдеттер, препарат дозасы, дене жүктемесі және стресс секілді жеке факторларға байланысты болады.

Репаглинидті және басқа да пероральді гипогликемиялық дәрілерді қолданғанда байқалған жағымсыз әсерлер төменде келтірілген. Барлық жағымсыз әсерлер даму жиілігіне сәйкес былайша белгіленіп, топқа бөлінген: жиі (≥1/100 <1/10 дейін); жиі емес (≥1/1,000 <1/100 дейін); сирек (≥1/10,000 <1/1,000 дейін); өте сирек (<1/10,000) және белгісіз (қолда бар деректер негізінде бағалау мүмкін емес).

Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар

Өте сирек

- аллергиялық реакциялар

Таралған аса жоғары сезімталдық реакциялары (мысалы, анафилактикалық реакция) немесе васкулит секілді иммунологиялық реакциялар байқалуы мүмкін.

Зат алмасу және тамақтану тарапынан бұзылулар

- гипогликемия

Белгісіз

- гипогликемиялық кома, естен тануы мүмкін гипогликемия

Басқа гипогликемиялық дәрілерді қолданған кездегідей, репаглинидті қолданғанда гипогликемия дамуы мүмкін. Гипогликемия мынадай симптомдармен байқалуы мүмкін: үрейлену сезімі, бас айналу, қатты тершеңдік, тремор, ашығу сезімі, зейінді жұмылдырудың қиындауы. Бұл реакциялар көптеген жағдайларда ауыр болмайды және оларды көмірсу қабылдаумен жоюға болады. Ауыр реакциялар кезінде медициналық жәрдем қажет болуы мүмкін, атап айтқанда, декстрозаны (глюкозаны) көктамыр ішіне енгізу. Гипогликемияның даму қаупі репаглинидтің басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі кезінде артуы мүмкін («Басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуін» қараңыз).

Көру мүшесі тарапынан бұзылулар

Өте сирек

  • көрудің бұзылуы

Қанда глюкоза концентрациясының, әсіресе гипогликемиялық препараттармен емдеудің бастапқы кезеңінде өзгеруі, көру бұзылыстарына әкелуі мүмкін. Алайда, бұл өзгерістер әдетте өткінші сипатта болады.

Ас қорыту жүйесі тарапынан бұзылулар

Жиі

- іштің ауыруы, диарея

Өте сирек

- құсу, іш қату

Белгісіз

- жүрек айну

Ас қорыту жүйесі тарапынан бұзылулар – іштің ауыруы, диарея, жүрек айнуы, құсу және іш қатуға шағымдар клиникалық зерттеулер барысында байқалған. Алайда бұл симптомдардың жиілігі мен ауырлығының инсулин секрециясын көтермелейтін басқа пероральді препараттарды қолданғандағыдан айырмасы болмаған.

Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар

Өте сирек

- бауыр функциясының бұзылуы

Өте сирек жағдайда, бауыр функциясының ауыр бұзылуы хабарланған, алайда репаглинидпен себеп-салдарлы байланысы анықталған жоқ.

- «бауыр ферменттері» белсенділігінің артуы.

Көптеген жағдайларда бұл мардымсыз және өткінші сипатта болған, емделушілердің тек өте аз бөлігі ғана «бауыр ферменттері» белсенділігінің арту себебіне байланысты емді тоқтатқан.

Тері және тері асты тіндері тарапынан бұзылулар

Белгісіз

- аса жоғары сезімталдық

Қызару, қышыну, бөртпе және есекжем сияқты аса жоғары сезімталдық реакциялары байқалуы мүмкін.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • репаглинидке немесе препарат компоненттерінің кез келгеніне белгілі болған жоғары сезімталдық

  • 1 типті қант диабеті

  • диабеттік кетоацидоз; диабеттік прекома және кома

  • жұқпалы аурулар, үлкен хирургиялық араласулар және инсулинмен ем жүргізуді қажет ететін басқа да жай-күйлерде

  • бауыр функциясының ауыр бұзылуы

  • гемфиброзилді бір мезгілде тағайындау («Басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуін» қараңыз)

  • 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге

  • жүктілік және лактация кезеңі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Репаглинид клиренсіне әсер ететін бірқатар препараттар бар. Дәрігер ықтимал өзара әрекеттесулерін ескеруі тиіс.

Іn vitro: Репаглинид көбіне CYP2С8 және CYP3А4 изоферменттерінің ықпал етуімен метаболизденеді. Дені сау адамдардың қатысуымен клиникалық зерттеулер репаглинидтің метаболизміне қатысатын ең маңызды изофермент CYP2С8 болып табылатындығын, ал CYP3А4 атқаратын рзлінің аздығын, алайда оның салыстырмалы үлесі CYP2С8 изоферменті тежелген жағдайларда артуы мүмкін екендігін көрсеткен. Демек, метаболизмі, және де осылайша, репаглинидтің клиренсі Р-450 цитохромы изоферменттерін тежей немесе үдете отырып әсер ететін препараттардың ықпалымен өзгеруі мүмкін. Репаглинидпен бір мезгілде CYP2С8 және CYP3А4 изоферменттері тежегіштерін қолданғанда аса сақ болған жөн.

Репаглинид іn vitro және in vivo деректері негізінде бауырмен (анион-тасымалдаушы ақуыз ОАТР1В1) белсенді түрде сіңіріледі. ОАТР1В1 тежегіштері де (мысалы, циклоспорин) плазмада репаглинидтің концентрациясын жоғарылатуы мүмкін.

Төмендегі дәрілік заттар репаглинидтің гипогликемиялық әсерін күшейтуі және/немесе ұзартуы мүмкін:

гемфиброзил, триметоприм, рифампицин, кларитромицин, кетоконазол, итраконазол, циклоспорин, басқа гипогликемиялық препараттар, моноаминооксидаза тежегіштері, селективті емес бета-адреноблокаторлар, ангиотензин-өзгертуші фермент тежегіштері, салицилаттар, қабынуға қарсы стероидты емес препараттар, октреотид, алкоголь және анаболикалық стероидтар.

Дәрілердің өзара әрекеттесуіне дені сау еріктілерде жүргізілген зерттеулер гемфиброзилді (600 мг-ден тәулігіне 2 рет) - CYP2С8 изоферменті және ОАТР1В1 тежегішін, және репаглинидті (бір реттік 0.25 мг дозада) бір мезгілде қолдану репаглинид AUC мәнінің 8.1 есе, Cmax мәнінің 2.4 есе артуына, сондай-ақ t½ 1.3-тен 3.7 сағатқа дейін артуына әкелетіндігін көрсетті, бұл репаглинид гипогликемиялық әсерінің күшеюіне және ұзара түсуіне әкеліп соғуы мүмкін еді. Осыған байланысты гемфиброзил мен репаглинидті бір мезгілде қолдануға болмайды, өйткені қан плазмасында репаглинид концентрациясы едәуір жоғарылайды.

Репаглинидтің фенофибратпен дәрілік өзара әрекеттесуі бойынша зерттеулер жүргізілген жоқ.

Триметопримді (160 мг-ден тәулігіне 2 рет) – СҮР2С8 изоферменті әлсіз тежегішін, және репаглинидті (бір рет, 0.25 мг дозада) бір мезгілде қолданғанда AUC, Cmax пен t½ мардымсыз артқаны (тиісінше, 1.6 есе, 1.4 есе және 1.2 есе) байқалған, бірақ мұндайда қандағы глюкозаның деңгейіне статистикалық тұрғыдан маңызды ықпалы тіркелген жоқ. Алайда репаглинидтің субтерапиялық дозаларында осындай фармакодинамикалық әсердің жоқ болатындығы анықталды. Репаглинидтің 0.25 мг-ден және триметопримнің 320 мг асатын дозаларында мұндай біріктірулердің қауіпсіздік профиліне баға берілмегендіктен, осы препараттарды бір мезгілде қолданғанда сақ болған жөн. Егер бұл препараттарды бір мезгілде тағайындау қажеттілігі бәрібір туындайтын болса, қандағы глюкоза концентрациясына мұқият бақылау, сондай-ақ клиникалық бақылау жүргізген жөн.

СҮР3А4 изоферментінің, сондай-ақ СҮР2С8 изоферментінің күшті индукторы болып табылатын рифампицин бір мезгілде репаглинидтің индукторы және тежегіші болып табылады. Зерттеу барысында емделушілер алдымен 7 күн бойы рифампицин (600 мг), сонан соң 7-ші күні емге репаглинидті (бір рет 4 мг) қосқанда AUC-тің 50%-ға төмендегені тіркелген (индукция мен тежеудің бірігуінің салдары). Репаглинид рифампициннің соңғы дозасынан кейін 24 сағаттан соң тағайындалған жағдайда репаглинид AUC-нің 80%-ға төмендегені тіркелген (яғни тек индукциялаушы әсері ғана байқалған).

Рифампицин мен репаглинидті бір мезгілде тағайындағанда репаглинид дозасын түзету қажет етілуі мүмкін, ол қандағы глюкоза концентрациясын мұқият бақылау нәтижелеріне негізделуі тиіс; бақылау рифампицинмен емдеудің бас кезінде (жедел тежелу); дозаны енгізгеннен кейін (аралас әсері – тежелу және индукция); сосын рифампицинді тоқтатқан кезде (тек индукция) және соңында, рифампицинді тоқтатқаннан кейін шамамен бір аптадан соң, рифампициннің индукциялаушы әсері енді байқалмайтын кезде жүргізілуі тиіс.

CYP3А4 изоферменті күшті тежегіштерінің прототипі болып табылатын кетоконазолдың репаглинид фармакокинетикасына әсері дені сау еріктілерде зерттелді. Кетоконазолды (тәулігіне 200 мг) репаглинидпен (4 мг дозада бір рет) бір мезгілде тағайындағанда репаглинидтің орташа жүйелік әсерінің 1.2 есе (AUC және Cmax) артуы тіркелді, бұл ретте қандағы глюкоза концентрациясы 8%-дан төменге өзгерген.

Итраконазолмен (CYP3А4 изоферменті тежегішімен) 100 мг дозада өзара әрекеттесу, сонымен қатар дені сау еріктілерде де зерттелді, онда AUC 1.4 есеге артқаны көрінді. Бұл ретте дені сау еріктілерде глюкоза концентрациясына қаншалықты мәнді әсер ететіні байқалмаған.

Әсер ету механизмінің нәтижесінде CYP3А4 изоферментінің күшті тежегіші болып табылатын 250 мг кларитромицинді бірге қолдануды дені сау еріктілерде зерттеу кезінде репаглинид жүйелік әсерінің аздап артуы байқалды (AUC 1.4 есе, ал Cmax – 1.7 есе артқан), бұл ретте сарысудағы инсулиннің AUC орташа мәні 1.5 есе, ал Cmax – 1.6 есе артқан. Бұл өзара әрекеттесудің нақты механизмі айқын емес.

Циклоспорин (100 мг), CYP3А4 изоферментінің тежегіші және ОАТР1В1 күшті тежегіші, дені сау еріктілерде зерттеу кезінде репаглинидтің Cmax (0.25 мг бір рет) 1.8 есе және AUC 2.5 есе ұлғайтқан.

Препараттардың өзара әрекеттесуі репаглинидтің 0.25 мг аспайтын дозасында бағаланбағандықтан, циклоспорин мен репаглинидті бір мезгілде тағайындаудан аулақ болу ұсынылады. Бұл препараттарды бір мезгілде тағайындау қажеттілігі туындаған болса, қандағы глюкоза концентрациясын мұқият бағалау, сондай-ақ емделушілерге клиникалық бақылау жүргізген жөн («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).

Дені сау еріктілерде өзара әрекеттесулерді зерттеу CYP2C8 және CYP3A4 әлсіз тежегіштері болып табылатын деферазироксты (күніне 30 мг/кг, 4 күн), және де репаглинидті бір мезгілде тағайындау (бір мәрте, 0.5 мг) репаглинидтің жүйелік өзара әсер етуінің (AUC 2.3 есе, ал Cmax – 62%-ға ұлғайған) ұлғаюына әкелген; бұл ретте қандағы глюкоза концентрациясы аздап, бірақ едәуір төмендеген. Деферазирокс пен репаглинидті бір мезгілде тағайындағанда репаглинид дозасының азаюын қарастырып, қандағы глюкоза концентрациясын мұқият бақылау қажет.

β-Адреноблокаторлар гипогликемия симптомдарын бүркемелеуі мүмкін.

Циметидинді, нифедипинді, эстрогендер немесе симвастатинді (бұл препараттардың барлығы CYP3А4 изоферменті субстраттары болып табылады) репаглинидпен бір мезгілде қолдану репаглинидтің фармакокинетикалық параметрлеріне маңызды қолайсыз әсерін тигізген жоқ.

Репаглинид тұрақты жағдайда дені сау еріктілерге қолданған кезде дигоксиннің, теофиллин немесе варфариннің фармакокинетикалық қасиеттеріне клиникалық тұрғыдан елеулі әсер етпейді. Осыған байланысты репаглинидпен бірге қолданғанда бұл препараттардың дозасын түзету қажет емес.

Келесі заттар репаглинидтің гипогликемиялық әсерін әлсіретуі мүмкін:

пероральді контрацептивтер, рифампицин, барбитураттар, карбамазепин, тиазид туындылары, глюкокортикостероидтар, даназол, қалқанша без гормондары және симпатомиметиктер.

Репаглинид ең жоғары концентрациясына ерте жетсе де, пероральді контрацептивтерді (этинилэстрадиол/левоноргестрел) бірге қолдану репаглинидтің жалпы биожетімділігінің клиникалық мәнді өзгеруіне әкелмейді. Репаглинид левоноргестрел биожетімділігіне клиникалық мәнді әсер етпейді, бірақ оның этинилэстрадиол биожетімділігіне әсер етуін жоққа шығаруға болмайды.

Осыған байланысты, осы препараттарды қолдану немесе тоқтату кезеңінде, репаглинидті қабылдап жүрген емделушілер, гипогликемиялық бақылаудың бұзылуын дер кезінде анықтау үшін, мұқият бақылауда болулары тиіс.

Айрықша нұсқаулар

Репаглинидті гипогликемияны бақылау қанағаттанғысыз болғанда және емдәммен емдеу, дене жаттығулары мен дене салмағын азайту аясында қант диабетінің симптомдары сақталғанда тағайындайды.

Репаглинид инсулин секрециясын көтермелейтін препарат болат табылатындықтан, гипогликемияны тудыруы мүмкін. Біріктірілген ем кезінде гипогликемия қаупі артады.

Қант диабетін тұрақтандыруға қандай да бір гипогликемиялық препараттың көмегімен қол жеткізген емделушіде қандай да болсын күйзеліс факторының, мысалы, қызбаның, жарақаттың, жұқпаның, немесе хирургиялық араласымның әсері гликемияны бақылауды нашарлатуы мүмкін. Мұндай жағдайларда репаглинидті тоқтату және инсулинмен уақытша ем тағайындау қажет етілуі мүмкін.

Ішу арқылы қабылданатын гипогликемиялық препараттардың гипогликемиялық әсері көптеген емделушілерде уақыт өте келе бәсеңдеуі мүмкін. Бұл қант диабеті барысы ауырлығының өршуімен, сондай-ақ препаратқа жауаптың бәсеңдеуімен байланысты болуы мүмкін. Осы құбылыс «салдарлы төзімділік» деген атпен белгілі, және оны «алғашқы төзімділіктен» ажырата білу керек, ондайда нақты бір науқасқа алғаш тағайындағанда-ақ, препарат тиімсіз болып шығады. Емделушіде жағдайды «салдарлы төзімділік» ретінде бағаламас бұрын дозаны түзету, сондай-ақ науқастың емдәм және дене жүктемесі бойынша нұсқауларды орындау нақтылығын тексеру қажет.

Жүдеген емделушілерде, сондай-ақ толыққанды тамақтанбайтын науқастарда гипогликемиялық реакцияларды болдырмау үшін, бастапқы және демеуші дозаны таңдауда және оны титрлеуде сақ болу қажет («Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімін қараңыз).

18 жасқа толмаған және 75 жастан асқан адамдарда клиникалық зерттеулер жүргізілген жоқ.

Емделушілердің ерекше топтары

Бауыр жеткіліксіздігі. Бауыр функциясы бұзылған емделушілерге репаглинидтің әдеттегі дозаларын тағайындау, бауыр функциясы қалыпты науқастармен салыстырғанда, репаглинидтің және оның метаболиттерінің концентрациясының анағұрлым артуына әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты, бауыр функциясы ауыр бұзылған емделушілерге репаглинидті тағайындамаған жөн («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз), ал бауыр функциясының басқа да бұзылулар бар емделушілерге репаглинидті сақтықпен тағайындау керек. Емге жауапты толық бағалау үшін дозаны түзету аралықтарын ұзартқан жөн («Фармакокинетикасы» бөлімін қараңыз).

Бүйрек жеткіліксіздігі

Репаглинид концентрациясы мен креатинин клиренсі арасында әлсіз байланыс қана байқалғанымен, бүйректің ауыр зақымдануы бар емделушілердің плазмасында препараттардың жалпы клиренсі төмендейді. Қант диабетіне шалдыққан және бүйрегі зақымданған емделушілерде инсулинге сезімталдық жоғары болғандықтан, мұндай науқастарға доза таңдау аса мұқияттылықпен жүргізілуі керек («Фармакокинетикасы» бөлімін қараңыз).

Жүктілік және лактация кезеңі

Жүкті және бала емізетін кезеңде әйелдерде зерттеу жүргізілмеген. Сондықтан жүкті және бала емізу кезеңінде әйелдерде репаглинидті қолдану қауіпсіздігі зерттелмеген.

Жануарларға жүргізілген репаглинидтің репродуктивтік уыттылығын зерттеу туралы ақпараттар Фармакокинетика бөлімінде берілген.

Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Гипогликемия кезінде емделушілердің реакция жылдамдығы және зейінді шоғырландыру қабілеті бұзылуы мүмкін, бұл осы қабілет ерекше қажет болатын жағдайларда қауіпті болуы мүмкін (мысалы, көлік құралдары немесе механизмдермен жұмыс істегенде). Емделушілерге көлік жүргізгенде және механизмдермен жұмыс жасағанда гипогликемияның алдын алу шараларын қолдану қажет. Бұл әсіресе гипогликемияның ізашар симптомдарының жоқ немесе бәсеңдеген, немесе гипогликемия көріністері жиі пайда болатын емделушілер үшін аса маңызды. Мұндай жағдайларда осындай жұмыстарды жасаудың керек-керексіздігін екшеген жөн.

Артық дозалануы

Симптомдары: бас айналу, тершеңдік, тремор, бас ауыруы болатын гипогликемия белгілері.

Емі: осындай симптомдар пайда болған кезде қанда глюкозаның мөлшерін қалыпқа келтіру үшін көмірсулар қабылдаған жөн. Естен тандыратын, құрысу немесе кома болатын ауыр гипогликемия кезінде көктамыр ішіне декстроза (глюкоза) ерітіндісін енгізген жөн. Ауыр гипогликемия дамыған жағдайда науқасты шұғыл түрде ауруханаға жатқызу керек.

Шығарылу түрі және қаптамасы

0.5 мг, 1 мг, 2 мг таблеткалар

15 таблеткадан баспалы алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.

2 пішінді қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынады.

Сақтау шарттары

15оС - 25оС температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

5 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Өндіруші ұйымның атауы мен елі

Ново Нордиск А/C

Ново Алле, DK-2880

Багсваерд, Дания

Тіркеу куәлігі иесінің атауы мен елі

Ново Нордиск А/С, Дания

Қаптаушы ұйымның атауы мен елі

Каталент Германия Шорндорф ГмбХ, Германия

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

Ново Нордиск А/С компаниясының Орталық Азия мен Қазақстандағы өкілдігі

Мекенжайы: 050022, Алматы қ., Сейфуллин д-лы 534, 29 пәтер.

Телефон нөмірі: +7 (727) 261 56 06

Факс нөмірі: +7 (727) 261 08 04

Электронды поштасы: roa-td@novonordisk.com

2014

НовоНорм - Ново Нордиск А/С, Дания меншігі болып табылатын саудалық таңба

 

Прикрепленные файлы

708705261477976724_ru.doc 106 кб
919935971477977879_kz.doc 149 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники